https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 ... 5 6

Казақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті


3деңгейлі СМЖ құжаты

ПОӘК


ПОӘК 042-14.5.03.01.20/03-2012

ПОӘКОқытушыға арналған «Лингвоелтану» пәнінің жұмыс оқу бағдарламасы

Басылым №___ _______2012ж.



«Лингвоелтану» пәні бойынша

050207 «Аударма ісі» мамандығына арналған


OҚУ -ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕН


ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР


Семей

2012

Мазмұны



1. Дәріс

2. Практикалық сабақтар


Модуль №1 Лингвоелтанудың теориялық негіздері.

Дәріс №1.. Лингвоелтану пәні.

Сұрақтар:

1. Лингвоелтану пәні, анықтамасы.

2. Лингвоелтанудың лингвистикалық аспектілері.

1 Лингвоелтану пәні.

1. Шет тілін оқытуда фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, стилистикалық білім берумен қатар әлеуметтік, мәдени және эстетикалық тұрғыда білім беру қажеттілігі туындайды. Мұндай қажеттілікті лингвоелтану компоненті іске асыра алады.

Лингвоелтану – бір жағынан тілге үйрету болса, екінші жағынан оқылатын тілдің елі жайында нақты мағлұматтар береді. Лингвоелтанудың басты мақсаты – мәдени аралық қарым-қатынаста тілдесуші адамның тілін адекватты түрде қабылдау, түпнұсқалы мәтіндерді түсіну арқылы коммуникативтілікпен қамтамасыз ету.

Кейбір сөздер мен фразаларды дұрыс қолдану олардың шығу тегін, қолдану аясын білуді талап етумен қатар, оқытылатын тілдің елінің тарихын, әдебиетін, саясатын білуді де талап етеді. Тілді үйренумен қатар сол елдің мәдениетін, тарихын, экономикасын, географиясын, тұрмысын, салт-дәстүрлерін, психологиясын да оқып үйрену қажет.


Лингвистиканың бұл саласының білімділік құндылығы оқылатын тілдің мәдениетімен танысу - алынған біліммен кейінгі алынған білімді үнемі салыстырып, оған баға беріп отыруында.

Лингвоелтанудың негізгі обьектісі В.Г.Томахин айтқандай белгілі бір тілдік және этникалық қоғамның фондық білімдері. Лингвоелтану оқылатын тіл елінің мәдениетінің ұлттық ерекшеліктерін және олардың тіршілік ету ортасын оқып үйренуге ерекше мән береді. Сөздің лингвоелтанулық теориясына сәйкес (В.Г.Костомаров, Е.М.Верещагин) лингвоелтанудың негізі - оқылатын тіл елінің мәдениетін бейнелеу үшін таңдап алынған тілдік материал.

Лингвоелтанудың мәні - оқылатын тіл елінің мәдениетінің ұлттық ерекшеліктерін:


  1. реалийлер (белгілі бір мәдениетке тән, басқа мәдениетте кездеспейтін затар мен құбылыстар);

  2. коннотативті лексика (негізгі мғынасы бір, бірақ мәдени және тарихи ассоциация жағынан еркекше сөздер);

  3. фондық лексика (салыстырып отырған мәдениеттерде кездесетін, бірақ қызметі, түрі және қолдану мақсаты жағынан ұлттық ерекшеліктерімен ерекшеленетін сөздер).

Мәдениеттілік және елтанымдылық құндылықтары, жалпытанымдылық және қазіргі таңдағы өмірге бейімделу шет тіліне үйретуде ұлттық-мәдени компоненттерді таңдауда басты талап болып табылады.


2 Лингвоелтанудың лингвистикалық аспектілері.

Тілді әлеуметтік танудағы лингвистикалық зерттеулерінің негізгі бағыттарының бірі: лингвоелтанулық бағыт.

Тілді әлеуметтік тануды зерттеушілер сөздің мағынасын зерттеуге ерекше назар салады. Олар сөзді қандай да бір құбылыстың немесе болымның белгісі немесе баламасы деп қарайды, сондықтан оның семантикасында мәдениетті тіл арқылы нақты көрсететін «экстралингвистикалық» мағынаны табуға болады деп тұжырымдайды. Сонымен мағына арқылы лексикалық бірліктің тілден тыс болыммен байланысы іске асады.

Бұл бағытты лингвоелтанулық деп атауға болады, себебі бір жағынан ол тіл мен мәдениеттің арақатынасындағы шешуге болатын мәселелердің әсерінен туындаса, екінші жағынан оқылатын тілге тиісті елдің мәдениетін тығыз байланыстыра отырып, шет тілін қарым-қатынас құралы ретінде оқыту негізінде құрылған.


Сөздің семантикалық мағынасының әлеуметтік қарастыруда және «тіл және мәдениет» мәселелерінің жалпы теоретикалық және методикалық аспектілерін қарастыруда Н.Г.Комилев, О.С.Ахманова, Е.М.Верещагин, В.Г.Костомаров, Т.Д.Томахин сияқты лингвист ғалымдар көп еңбек сіңірді.

Мысалы, Н.Г.Комилев лингвистикаға ең алғашқы болып мағынаның мәдени-тарихи компонентін енгізді. Ол: белгілі бір әлеуметтік ортадағы затты немесе құбылысты белгілейтін сөз оларды тек қана белгілеп қоймайды, сонымен қатар олардың пайда болуына ықпал етеді – деген тұжырымға келеді. Сондықтан оның семантикасында белгілі бір әлеуметтік фонда қолданылатын сөзді нақтылайтын компонент болуы тиіс.

Сөз-белгінің «ішкі» мағынасының бар екендігін, яғни сөз-белгі өз мағынасынан басқа да мағына ашатынын ескере отырып, біз мәдени компоненттің де бар екендігін есте ұстауымыз қажет.

...

Дәріс №1.Өзін-өзі тексеру сұрақтары


1. «Лингвоелтану» пәнінің басты мақсаты?

2. Лингвоелтану компоненті қандай қызмет атқарады?

3. Лингвистиканың бұл саласының білімділік құндылығы қандай?

4. Лингвоелтанудың негізгі обьектісі не?

5. Лингвоелтану оқылатын тіл елінің мәдениетінің қандай ұлттық ерекшеліктерін зерттейді?

6. Лингвоелтанудың лингвистикалық аспектілері қандай?


Дәріс №2. Лингвоелтанудың методологиялық негіздері

Сұрақтар:

1. Тіл - мәдени-тарихи мәліметтерді сақтау құралы

2. Қазіргі кездегі лингвистикадағы ауызша сөйлеудің ұлттық-мәдени ерекшеліктері.


1. Тіл - мәдени-тарихи мәліметтерді сақтау құралы

Қазіргі кезде ұлттық-мәдени ерекшеліктерді зерттеудің бағыттары айқындалған. Олар: физиологиялық, нейрофизиологиялық, психикалық, мәдени (философиялық, тарихи, лингвистикалық).

Ұлттық-мәдени зерттеулер Ю.Е.Прохоровтың айтуы бойынша мына сұрақтарға жауап беруі тиіс: 1. Бір ұлттық-мәдени ортаның келесі бір ұлттық-мәдени ортадан қарым-қатынас жасаудағы айырмашылық өлшемдері қандай? 2. Осы айырмашылықтардың сол ортаның бірінің тілінде қарым-қатынас жасауда алатын орны және қарым-қатынас жасайтын тілді таңдау маңыздылығы қандай? 3. Бұл айырмашылықтарды айқындау және бейнелеу қалай іске асады?


Лингвистика және психолингвистика салаларында соңғы он жылда ұлттық-мәдени ерекшеліктерді тілде және ауызекі сөйлеу барысында оқып-үйрену қалыптасқан.

Н.Л.Шамне тілдік бірліктің семантикасының ұлттық ерекшелігін оқытуды екі аспектіге бөледі: біріншісі - сөздің семантикалық құрылымындағы ұлттық ерекшелік семемасын оқумен байланысты. Бұл семемалар аудармада біраз ұқсастықтармеы болғанымен эквивалентсіз болады; екіншісі – лексикалық мағынада ұлттық ерекшелік компоненттерінің сәйкестіктері бар болуы зерттеледі.

А. Гудавичюс лексика семантикасында мәдениетті үстірт және терең деңгейлі деп екіге бөледі. Мәдениеттің үстірт деңгейіне ол лексиканың стилистикалық айырмашылықтарын, эквивалентсіз лексиканы жатқызса, мәдениеттің терең деңгейіне реалилердің ұлттық-мәдени ерекшеліктерін жатқызады.

Тілді этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеудің өкшесін баса өз бастауын алған жаңа бағыттардың бірі – тіл арқылы ел тану. Фразеология саласында бұл бағыттың алар орны ерекше, өйткені әр тілдің фразеологизмінде үлкен мазмұн – халық өмірі, мәдениеті бар. Фразеологизм мағынасындағы елтану потенциясының пайда болу принциптері тіл арқылы елтану бағытының еншісі болып табылады. Тіл арқылы елтану теориясының пайда болып дамуы фразеология саласын жаңа қырынан, яғни фразеологизмдерді кез келген халықтың ұлттық мәдени дамуының айнасы ретінде қарастыруға мол мүмкіндік береді.

Тіл мен мәдениет арақатынасын зерттейтін тіл білімінің жаңа бағыттарының бірі – лингвомәдениеттану. Лингвомәдениеттану – қазіргі тіл білімінде кеңінен қолданыс тауып келе жатқан антропоцентристік бағытпен, яғни сол тілдің иесі болып табылатын адаммен, тілдің функционалды қолданыс табатын әлеуметтік орта, тарих, мәдениет пен танымдық процестермен байланыстыра зерттеу үрдісінің нәтижесі болып табылатын тіл мен мәдениеттің өзара байланыс тетіктері мен жалпы ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениеттің тілдегі көрінісін зерттейді.

Лингвомәдениеттану ғылымының алғышарттары В.фон. Гумбольдтың тіл мен мәдениеттің өзара байланысы идеясы және Э.Сепир мен Б.Уорфтың «тілдік ықтималдылық болжамымен» ұштасып жатыр. Бұл ғылымның мақсаты тілдік бірліктің шығу тегін айқындау емес, әр түрлі тілдік бірліктерге (фразеологизмдерге) түсініктеме бере отырып, оның пайда болу шарттары мен жағдаяттарын анықтау болып табылады. Лингвомәдениеттану тіл мен мәдениеттің өзара байланысын, қатынасын қазіргі заманның ұлттық-мәдени сана сезімі тұрғысынан қарастырады және оның тілдегі көрінісін сипаттайды.



2. Қазіргі кездегі лингвистикадағы ауызша сөйлеудің ұлттық-мәдени ерекшеліктері.

... Тілдік қүұбылыстардың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін Д.О. Добровольский екі түрлі көзқарасқа бөледі. Бірінші көзқарас – ұлттық-мәдени компонент реали-сөздердің ғана мағынасында , ал екінші көзқарасы В.фон Гумбольдтың идеясына тілдің ішкі түріне және ана тілінің әсеріне пайда болатын тілдегі «халықтың рухына» сәйкес келеді.

Сонымен, әр түрлі тілдік қоғамдар, көптеген мүмкүндіктерді пайдалана отырып, ұлттық мәдениеттің негізі болатын әлемнің әртүрлі бейнелерін қалыптастырады. Бірінші көзқарасты зерттеуші салыстырмалы деп атаса, екіншісін интроспективті, яғни тілдік ерекшеліктер басқа тілдермен салыстырылмай жеке зерттеледі.

Тілдің коммуникативті қызметімен қатар жинақтау мен мәлімет беруі тілдік белгіге тән қасиеттер. Бұл қызмет кумулятивті қызмет деп аталады. Мұндай қызмет ұрпақтар арасын байланыстыратын, тілден тыс жиналған тәжірибені беруші, «сақтаушы» ретінде қолданылады.

Кумулятивті қызмет лексика саласында ерекше байқалады. Себебі, ол қоршаған ортаның құбылыстарымен және заттарымен тығыз байланысты. Лексикалық жүйе материалды әлеммен, әлеуметтік факторлармен сабақтасқан.

...

Дәріс №2.Өзін-өзі тексеру сұрақтары


  1. Ұлттық-мәдени ерекшеліктерді зерттеудің бағыттары қандай?

  2. Тілдің әлеуметтік құрылымы.

  3. Ұлттық мәдениет туралы мәліметтердің бастау алуы.

  4. Ұлттық-мәдени зерттеулермен қандай ғалымдар айналысқан?

  5. Тілдік қүұбылыстардың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін Д.О. Добровольский қандай екі түрлі көзқарасқа бөледі.

  6. Кумулятивті қызмет дегенді қалай түсінесіз?


Дәріс №3. Тіл және мәдениет.

Сұрақтар:

  1. Тіл және мәдениет.

  2. Ұлттық мәдени кеңістік.

3. Фондық білім туралы ұғым.

1 Тіл және мәдениет.


Тіл – мәдениеттің қайнар көзі, мәдениеттің құрастырушы бөлігі, сонымен қатар тіл мәдениетті танытудағы негізгі құрал, себебі біз сол арқылы мәдениетті меңгереміз. Тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады. Негізгі ақпаратты сақтайды, жинақтайды, таратады. Осыған сай тіл әрбір этникалық қоғамдастықта этностың мәдени ерекшелігін танытатын фактор ретінде, мәдениеттің тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетуін қамтамасыз етеді. Осылайша, ұлтты бір тұтастырып, бүтіндігін сақтайды. Мәдениет арқылы тілімізде этномәдени ақпараттар қалыптасады. Олар рухани мәдениет және материалдық мәдениет формасында таралады. Қандай да болмасын заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Ал тану белгілі бір халықтың тарихи даму жағдайы аясында іске асатын болғандықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әртүрлі болады. Ат қоюда өмір шындығы мен тұрмыс-тіршілігі, тәжірибесі, салт-дәстүрі, наным-сенімі, әртүрлі заттар түрінде тілде сөзбен аталып бейнеленеді. Осының негізінде ол затты танып, біліп, оны басқалардан ажыратып танығаннан кейін барып ат қояды. Мұндай ажырату белгілері ұжымдық ортада әртүрлі болуы мұмкін. Ұлттық атаулардың жасалуының бір жолы – ұқсату. Ол күнделікті өмірде, тұрмыс тәжірибесінде қалыптасады. Себебі адамдардың табиғаттағы ақиқат дүниені бақылап салыстыруы, оны өз іс-әрекетімен салыстыруы, әр түрлі дүниелердің ұқсас жақтарын салыстыруы негізінде санада бейнелер пайда болады. Сол бейнелер келе-келе белгілі бір ақиқат дүниенің атауына айналады. Тіл мен мәдениет екі түрлі семиотикалық жүйеде танылғанымен, бір бірін толықтыратын, өзара тығыз байланысты тұтас жүйе. Мәдениет – қоғамдық фактор, оның мәдени тұғырға көтерілуіне әлеуметтік фактордың ықпалы зор. Өйткені бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілдік таңбалары арқылы баяндалады. Демек, кез келген ұлттық тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпті тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан ғасырлық жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде орныққан мәдениетімен, ой танымымен тікелей байланысты. Мәдениет пен тілдің бастау бір бірімен тұспа - тұс келеді. Яғни, тіл – адами нақтылықты адамзаттың тіршілігі өтіп жатқан әлем ретінде жасайды. Ал адамзаттың тіршілігі – мәдениеттің әлемі екені белгілі. Әрине тіл физикалық нақтылықты қалыптастырады дей алмаймыз, өткені ол әлемнің бейнесін жасау барысында осы нақтылықты әлеуметке жеткізуші ғана. Дегенмен тілдің көмегінсіз болмысты толықтай тани аламыз немесе тіл қатынас пен ойлаудың кейбір мәселелерін шешудің қосымша құралы деп есептеу де қате болар еді. Шын мәнінде, нақтылы әлем бейсаналы түрде тілдік нормалар негізінде жасалады. Адамның қандай да бір құбылысты әрқалай көруі, естуі, қабылдауы тілдік нормалардың өз көрінісінің формасына сай болуымен байланысты.


Тіл – мәдениеттің өмір сүру формасы болса, мәдениет - оның ішкі мәні. Осы тұрғыдан алғанда тіл мен мәдениетті бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұтас бір дүние деуге болады. Тіл мен мәдениеттің байланысы, тілдің мәдениетті сақтау, сипаттау, жарыққа шығару қасиеттерін анықтайтын арнайы ғылым керек, ол - өзіндік зерттеу нысаны бар, зерттеу әдістері мен қағидалары бар лингвомәдениеттану саласы. Тіл - тек мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның (мәдениетінің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш. Лингвомәдениеттану негізінде ұлтқа тән мәдени-танымдық жүйенің қалыптасуын анықтауға болады. Ол бұндай зерттеулерге тілдің кумулятивтік қызметі негіз болады. Ал дүниенің тілдік бейнесіндегі ұлттық сипатты айқындаушы лингвомәдени көрсеткіштерді тіл, мәдениет, өркениет ұғымдарының өзара байланысы тұрғысында қарау қажет.


...

2 Ұлттық мәдени кеңістік.

Мәдениеттің өзі адамның сан-салалы әрекеті арқасында қалыптасқан жасанды орта, яғни адам үшін ол ақиқатқа айналған орта, адам сол «мәдениленген» контексте тіршілік етеді. Академик Ә. Қайдар: «Мәдениет» жеке адамның басына тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін түгел қамтитын өте күрделі ұғым», - деген ой айтады Ұлттық мәдени кеңістік – мәдениеттің адам санасында өмір сүру формасы, оның өзегін ұлттық когнитивтік база құрайды. Ұлттық когнитивтік базаны ұлттық санадағы материалдық және рухани феномендердің ықшамдалған жиынтығы ретінде түсінуге болады.

Ұлттық мәдени кеңістіктің тереңде жатқан қабаттарын мәдени тұрғыдан кодталған халықтың дүниетанымы, болмыс тіршілігінің үзіктері құрайды деуге болады. Осымен байланысты мәдени код деп мәдениетті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін қандай да бір түрде кодталған ақпаратты түсінеміз. В. Красных мәдени кодқа мынадай анықтама береді: «код культуры есть «сетка», которую культура «набрасывает» на окружающий мир, членит, категоризирует, структурирует и оценивает его».


Проф. Н. Уәли: «Белгілі бір тілдік таңбада екі түрлі мағына (білім) кодқа салынуы, соған сәйкес екі түрлі код болуы мүмкін. Біріншісі – тілдік код, екіншісі – мәдени код. Тілдік таңбалардың мәдени семантикасын зерттеуде осы екі түрлі мәнділікті ажырата білу қажет», - екендігін көрсетеді.

Мәдениет пен ұлттық менталитеттің тығыз байланыстылығын Р.Авакова: «Ұлттық мәдениеттің кілтін кез келген халық өкілі шеше алмайды, ол үшін ол сол тілде сөйлеп, сол тілде ойлап, сол халықтың топырағында аунап, суын ішіп, ауасымен демалу керек. Себебі мәдени кодты ашудың кілті сол атрибуттармен тікелей байланысты.

3 Фондық білім туралы ұғым.


Сөздің мәдени компонентін оқып үйрену - шет тілін үйренудің ең тиімді жолы. Бірақ бұл компонент әлеуметтік болымға сәйкес мәдени-тарихи ұғымның өте кең көлемін қамтиды. Мұның барлығын игеру – тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолдана алудың басты шарты. О.С.Ахманованың айтуы бойынша кез келген коммуникативті әрекетті іске асыру үшін «тілдік қарым-қатынастың негізі болатын реалийлерді сөйлеушінің де, тыңдаушының да білулері» тиіс. Бұл құбылыс лингвистикада «фондық білім» деген атқа ие болды.

Е.М.Верещагин мен В.Г.Костомаров өз еңбектерінде фондық білімді лингвоелтанудың маңызды объектісі ретінде қарастырады. Лингвоелтанудың өз бетінше ғылым болып танылуы бұл ғалымдардың атымен тығыз байланысты. Әрине қазіргі таңда лингвоелтану шет тілін үйретудің әдістемесінің барлық талаптарына сай деп және өте көп қолданылады деп айтуға келмейді. Бірақ лингвоелтанудың теоретикалық фундаменті құрылғаннан кейін әр түрлі саладағы ғалымдар: лингвистер, психологтар, әлеуметтанушылар Е.М.Верещагин мен В.Г.Костомаровтың көтерген мәселелерімен айналысуда. Мысалы, лингвоелтанушылар «фондық білімді» сөз семантикасының көп зерттелмеген бөлігі деп қарастыруда. Осыған байланысты зерттеулер лингвистикалық бағытты ұстанған.

Фондық білімді негізге алу әдісі ретінде психолингвистикада кеңінен қолданылатын ассоциативті эксперимент қолданылады.


В.Г. Томахинның тұжырымдамасы бойынша лингвоелтанудың негізгі объектісі белгілі бір тілдік және этникалық топтың фондық білімдері болып табылады. Сондықтан, бұл салада көтерілетін мәселелер әлеуметтік лингвистиканың кейбір міндеттерін қамтиды. Фондық білім белгілі бір қоғамда орын алған әлемдік көзқарастарды қамтитын болғандықтан, бұл ғылымды біз қоғамдық, әлеуметтік деп тануымыз қажет. Сонымен, зерттеудің біршама мәселелері лингвоелтанудың аумағын кеңейтіп, ғылымның бұл саласын толықтырады.

Е.М. Верещагин мен В.Г.Костомаров сөздің семантикасының тек бір ғана лексикалық мағынамен шектелмейтінін бірнеше мысалдармен көрсетті. Белгілі бір саладағы эквивалентті сөздер семантиканың келесі бір түрінде бір-біріне ұқсамайды.

Мысалы, «мектеп» және «school» сөздерін алайық. Бұл сөздер эквивалентті-түсінікті сөздерге жатады.

Мектеп - жалпы білім беретін және жасөспірімдерді тәрбиелейтін оқу орны.

School – Institution for educating children.

Бірақ, бұл сөз ағылшын және қазақ тілдерінде аталған жағдайға байланысты білімілікті қажет етеді.

Мектеп

Орта, жалпы білім беретін, спорт, музыкалық.

School

Grammar school - гуманитарлық бағыттағы орта мектеп,

day school – пансионы жоқ мектеп,

comprehensive school – жалпы орта мектеп (единая средняя школа),

junior school – бастауыш мектеп,

senior school – екінші сатыдағы мектеп (жоғарғы сыныптар),

modern school – жаңа мектеп.

...

Дәріс №3.Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1 Тілді әлеуметтік тануды зерттеушілер кімдер?

2.Лингвистикаға ең алғашқы болып мағынаның мәдени-тарихи компонентін енгізген ғалымдар.

3.Фондық білімнің лингвоелтануда алар орны.

4.Фондық білім нені анықтайды?

5. Бір ұлттық-мәдени ортаның келесі бір ұлттық-мәдени ортадан қарым-қатынас жасаудағы айырмашылық өлшемдері қандай?

6. «Тіл және мәдениет» мәселелерінің жалпы теоретикалық және методикалық аспектілерін қарастырушы лингвист ғалымдар.


...


следующая страница >>