https://electroinfo.net

girniy.ru 1 ... 22 23 24 25 26


Бай-өлке радиосы


1934 жылдың қыркүйегінде монғол халқы алғашқы радиохабарын тыңдады. Бұл жыл Монғол радиосының дүниеге келген уақыты болып тарихта қалды. Елуінші жылдардың ортасынан бастап монғол радиостанциялары орыс, қытай және қазақ тілдерінде хабарлар бере бастады. Қазақ тілінде берілген алғашқы хабардың уақыты он бес минут болды. Бұл кезде арнаулы штат болмағандықтан хабарларды астанада оқитын қазақ студенттері дайындады. Бұл кезеңнің негізгі міндеті оқу-ағарту, денсаулық сақтау ісін, ғылымды, әдебиет пен өнерді дамыта отырып, социализмді орнықтыру болатын. Осы мақсаттарды насихаттап, бұқараға жеткізуде радио үлкен роль атқарды. Он бес минуттық хабарда газеттен алынған дайын ақпараттар оқылды. Ел астанасы-Улан-Батордан қазақ тілінде хабар берілуі үлкен тарихи оқиға болды. Заман ағымына ілескен Монғолиядағы қазақ журналистерінің еңбегі нәтижесінде радиохабарлар редакциясы 1965 жылы Улан-Батордан Баян-өлгийге көшірілді. Осы жылы аймақта Чехословакияның көмегімен салынған радиостанция пайдалануға берілді. Қазақша хабарлар аймақтың жан-жағына тарады. Оны Баян-өлгийден басқа Ховда, Увс аймақтары да тыңдай алды. Бұл редакция алғашқы кезде жергілікті тұрғындарға отыз минут, Қытай қазақтарына осынша көлемде хабар таратты. Ол кезде хабар дайындайтын қызметкерлердің саны онға да жетпейтін. Бас редактор болып Мәлік Ғизатұлы тағайындалды. Редактор, екі тілші, режиссер, оператор, төрт техник хабардың мазмұнына, сапасына, техникалық жақтарына жауап берді. «Баян-өлгийден сөйлеп тұрмыз» деп басталған ең алғашқы хабар «Кеңес» күйімен ашылды. Партияның алда тұрған міндеттері түсіндірілді. Мерекелік салтанатпен берілген бұл тұңғыш радиохабарында «Монғолия – менің Отаным» атты мақала, Нацагдоржының «Менің Монғолиям» деген өлеңі, Шериязданның «Бүгінгі Бай-Улгей» деген суреттемесі әуе толқынына шықты. Хабар соңы концертке ұласты. Бұл концертте 1959 жылы ұйымдастырылған тұңғыш халықтық музыка аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ән-күйлер орындалды. Хабардың пердесі «Телқоңыр» күйімен жабылды. Аймақ жеріндегі алғашқы хабарын осылай бастаған бұл редакция өз бағдарламасын малшыға, жұмысшыға, мектеп оқушыларына арнады. Қазақстандық БАҚ үлгілерін бойына сіңіре білген Бай-өлкедегі қазақ радиосының жұмысын жүйелегенде мынадай кезеңдерге бөліп қарастырамыз:


1965–1975 жылдар – алғашқы кезең;

1975–1986 жылдар – екінші кезеңді қамтиды. Жиырма жылды қамтитын осы аралықта аймақ радиосы Монғолиядағы социалистік өмір салтын, социалистік жарысты, жалпы социализм мұраттарын насихаттады. Кеңес Одағы сияқты мұнда да «социализм сырқаты» меңдеді. Әрине, аймақ радиосы да өз заманына, қоғамына қызмет етті. Аймақ радиосы 70-жылдарға дейін газеттердегі дайын хабарларды оқып, ән–күй, салт–дәстүр жайлы әңгімелер айтумен шектелетін. Ақындар өлең оқып, елге деген cағынышын білдіретін. Ұрандарға қосылып ураласа да, социализмді жарыса жырласа да, шекара сыртындағы қазақтардың бұқаралық ақпарат құралдары әлемдік хабар-ошар жүйесіне өзіндік арна болып қосылды. Ұлттық ой-сананың толысуына ықпал етті. Үнемі болмаса да тыңдарман көңілінен шығатын хабарлар жасауға талаптанды. Қиындықтарға қарамастан тарихи Отандары –

Қазақстанмен рухани, мәдени байланысын үзбей, ұлттық басылымдар мен кітаптарды насихаттап тұрды. Алматыдан берілетін «Шалқар» бағдарламасын аймақ халқы тыңдай алды және ол жергілікті журналистердің үйрену мектебі болды. Тәжірибе жинақтай келе хабар түрлері көбейіп, бірнеше жаңа айдарлар ұйымдастырылды. «Ауыл өмірі», «Мәдениет және тұрмыс», «Жас қайрат» сияқты хабарлардың дүниеге келуі «Шалқар» бағдарламасының үлгісі деуге болады. Осылайша өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында радиохабарлардың сапасы жақсара түсті. Редакцияға арнаулы мамандықтары бар қызметкерлер келе бастады. Олар теорияны тәжірибемен ұштастырды. Радиохабарларының жанр жағынан толысқаны байқалды. Жиырмаға жуық айдармен түрлі сала бойынша хабарлар дайындалды. Басты науқандар – төл алу, шөп шабу, қысқа әзірлік сияқты жұмыстар кезінде радиоүндесу, радиорейд, радиобайқау жүргізумен қатар радио арқылы екпінді еңбек жарыстарын өткізу әдетке айналды. Осы кезеңде редакция белсенді тілшілер мен жергілікті авторларға көңіл бөліп, оларды радионың жұмысына тарта бастады. Осының нәтижесінде тілшілер мен жергілікті авторлар және тыңдаушылардан келетін хаттар көбейді. Соның негізінде редакцияның аудиториямен байланысы нығайып, халық көңілінен шығатын хабарлар көбейді. Олар негізінен «Радиоға хат келді», «Хат иесі – халық», «Еңбекші хаты» деген айдарлармен әуе толқынына шығып жатты. Сол кездегі зерттеулерге жүгінсек, хабардың алпыс пайызы саяси, қырық пайызы музыкалық хабарлар болған екен.


1986 жылдан басталған кезең жаңару дәуірі деп аталып жүр. Осы жылдары Мәскеуде басталған қайта құру процесі бейғам жатқан Монғолияны да шарпып, оны Кеңес Одағының идеологиялық бұғауынан босатты. Монғолия бұқаралық ақпарат құралдары елдегі өзгерістерді халыққа насихаттауға бет бұрды. Бұқараның тілеп отырған тақырыбын қолға алды. Ондай тақырыптар жеткілікті еді. Сондықтан Бай – өлке радиосы да бұл тілекті тез жүзеге асыруға ат салысып кетті. Монғолиядағы қазақтардың да тіл, дін, салт-дәстүр мәселесіне де бұлт төніп тұрған кез болатын. Олардың рухани сұранысын айтып, өз қажеттерін іздей бастауына біріншіден елдегі өзгерістер себеп болса, екіншіден тарихи Отандары – Қазақстандағы желтоқсан оқиғасынан басталған дүмпулер көңілдеріне сенім ұялатқан еді.

Аяқ астынан дүние дүр сілкінді. 1990 жылы монғол жерінде бұқарашыл бейбіт төңкеріс болды. Елде төртінші съезд шақырылды. Оның шешімдеріне орай МХР енді тек Монғолия деп аталатын болды. Осындай саяси өзгерістерден кейін бір партиялы коммунистік мемлекеттен көппартиялы парламенттік демократиялық елге айналды. Елдегі саяси өзгерістер, демократия мен жариялылық, экономикадағы жаңарулар, әлеуметтік жағдайлар – журналистерді жігерлендірді, олар ұлттық мәселелерді батыл айтып, радиохабарлар мазмұнды бола түсті. Тіпті тыңдаушылардың өзі радионы «Жаңа жол» дееп атасақ, бүгінгі жаңару арқасында нағыз әділдік болар еді деген тілектер білдірді. Осы кездегі хат-хабарды електен өткізген кезде оқушылардың, жастардың радиоға ден қоя бастағандығы байқалды.

1965 жылы эфирге шыққан ең алғашқы хабарында «Монғолия - Отаным менің» деп Нацагдоржының өлеңін оқыған қазақ енді жариялылық желі жеткенде, туған елі шын тәуелсіздік алғанда, өзінің Отаны бар екенін сезінді. Төрткүл дүниеге жалтақтамай "Отаным - Қазақстаным" деп жар салды. 1435 метрлік ұзын толқында хабар тарататын Бай-өлке радиостанциясы өз бағдарламасын басқаша бағытқа бұрды. Ол - ұлтының қамын ойлайтын, соның болашағы үшін күресетін, ұлтжанды, қазақ атын әлемге таныстыра алатын ұлы күшке, өткір құралға айналды. Бұрын жарты сағаттық хабарда уақыт аз болғандықтан кейбір маңызды материалдар бөлшектеніп бірнеше күнге жалғасатын. 1989 жылдан бастап әуе толқынындағы уақыт екі есеге өсіп, хабар бір сағатқа ұзарды, шетелге таратылатын хабар да осындай көлемге ие болды. Сонымен, Бай-өлке радиосы аптасына 14 сағат, жылына 730 сағат хабар беретін болды. «Бай-Өлке» радиоредакциясы ұлт мәселесін ашық айтып, қазақты толғандыратын жайларды өз хабарларының арқауы етті. Радио үнін естігелі талай уақыт өтсе де, соны хабарларды тыңдаушы қауымның құлағы шалмаған еді.


Әсіресе, мына тақырыптар радионың күн тәртібінен түспеді:

- Тіл мен көші-қон мәселелері;

- Салт-дәстүр, халыққа тән қасиеттер, тәрбие, мәдениет;

- Дін мәселелері;

- Нарықтық экономика;

-«Эсергу» (ақтаңдақтар)жылдары.

- Есімі ұмытылған соғыс батырлары (1939 жылғы Халхин-Гол
соғысы).

«Уақыт және оқиға» радиохабары шолу, репортаж, сұхбат түрінде беріледі. «Ауыл өмірі» хабары жарты айда бір рет - «Малшы және нарық», «Ел мен жер», «Атам қазақ қой баққан», «Сұраңыз, жауап береміз», «Айтар датым бар», «Біздің сұхбат» айдарымен жүргізіледі; «Адам және заң», «Редакция почтасы», «Мектеп - ата-ана», «Ауыл мәдениеті», «Әйелдер» сияқты хабарлардың көтерер өз жүгі болды. Ал мектеп оқушылары мен жастарға арналған «Жауқазын» және «Жас қайрат» радиожурналдарының қамтитын тақырыбы, атқаратын міндеті, мақсат-мұраты мол. Ол - болашақ үшін қызмет етеді.

«Жауқазын» радиожурналының «Халық педагогикасы» айдарына балаларға арналған ұлттық ойын-сауық түрлері, ырым-жосын-жоралғы, балаларды өмірге дайындау, халықтық тәрбие мектебі кіреді. Қарттардың, ұстаздардың, ғалымдардың ұлағатты әңгімелері эфирге шықты. «Оқушылар ой айтады» бұрышында мектеп, ұстаз, дос-жаран, оқу-тәрбие саласы, қоршаған орта, мәдени-рухани байлық, адамгершілік, әралуан тақырыпта балалардың өз ойы, пікірі, толғаныстары жарыққа шықты. Мұндағы мақсат - балалардың өмірге деген қөзқарастарын қалыптастыру, замандастарымен ой бөлісуіне мүмкіндік туғызу. «Өнерлі өрендерде» оқуда, еңбекте озат, үлгілі, талантты балалар, сондай-ақ айтыскер, термеші, жырау балалар насихатталады.

Бай-өлке радиосының ерекшелігі - жаңа мен ескіні астастырып отырады. Радиоға тән қазіргі әдіс-тәсілдерді меңгерумен қатар, салт-дәстүрдегі игі қасиеттерді де пішін ретінде пайдаланады. Мысалы, 1993 жылдың 1 наурызында радио толқыны арқылы жалпы жұртқа сауын айтылды. Қазақ салтында ас беруден бір жыл немесе бірнеше ай бұрын сауын айтып, жалпақ елге жар салады ғой. Айтылған сауын Қожаберген батырға ас беруге арналған еді.


Ал хабар берудің мына бір әдісі біз үшін, яғни қазақстандықтар үшін тосын құбылыс. Толқын арқылы аза тұту, жоқтау айту, қазаға ортақтасу - қай жағынан алып қарағанда да күтпеген оқиғадан туған іс-қимыл. 1993 жылғы көкек айының 23-де ұшақ апатынан мезгілсіз қазаға ұшыраған азаматтар аймақ халқының қабырғасын қайыстырды. Осы қаралы оқиғаға байланысты марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айту мен мекеме, жеке азаматтардың азалы хаттары редакцияға толассыз келіп түсті. Соған орай әуе толқынына шығарылған жұбату, көңіл айтулары жан-жүректі шымырлатты. 3 күнге созылған азалы хабар аймақ аспанын күңірентті. Осы апатта дарынды қазақ азаматы Кәкей Жаңжұңұлының да қаза болуы, қайғы бұлтын одан сайын қалыңдатты. Ақындар азалы жырларын оқып, радио толқыны арқылы шер тарқатты. Соның бірі - Тойлыбай Құрмандолдаұлының өлеңі.

Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ауыз әдебиетін жаңа түрге, мазмұнға көшіріп, өзіндік ерекшелігі бар жазба әдебиетін қалыптастыруда радио теңдессіз рөл атқарды. Әр жанрда белгілі қаламгерлер туын тікті. Әсіресе, дәстүрлі поэзия саласында кімнің алдында да ұялмайтын тамаша туындылар дүниеге келді. Бұл ретте халқымыздың қашаннан сүйіп тыңдайтын эпикалық поэмалары үлгі болды.

Журналистер бөгденің сөйлеген сөзін өзінің ой елегінен өткізіп, әсіресе тіл мәдениетін жетілдіру үшін үнемі ізденіп отырады. Өйткені жазу өнерінің негізгі құрамы да тіл, көркі де – тіл. Тіл – қоғамдық ойдың көркем киімі. Хабардың тілі, үлкен-кішілігіне қарамай, әрі таза, әрі дәл, әрі өткір болуы қажет. Біз Бай-өлке радиосының хабарларын сараптаған кезде олардың тіл тазалығын, ой дәлдігін, сөз әсерлілігін байқадық. Осы үш шарттың орындалуына тыңдаушы әр кез өзі мұрындық болып отырады. Тіл мәдениетін игеруге атсалысады.


Сұрақтар:


  1. Ғаламдану кезеңіндегі журналистің жауапкершілігін қалай түсінесіз?

  2. «Ақпараттың еркін ағымы» деген не?
  3. Ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігі жайында не білесіз?


  4. Жаһандануда жұтылып кетпес үшін не істеу керек?

  5. Шет елдерге хабар таратудың маңызы неде?

  6. Қай елдерде қазақ тілінде хабар тарайды?

  7. «Азаттық» радиосының алғашқы атауы қалай болды, олай аталуының себебін түсіндіріңіз?

  8. «Азаттық» радиосы қай елдерге хабар таратады?

  9. «Азаттық» радиосы бұрын қайда орналасты, қазір қай елдің территориясынан хабар таратады?

  10. Монғолияның астанасынан қазақша хабарлар қай уақыттан бастап берілді?

  11. "Азаттық " және Би-Би-Си қазақ қызметтерінің Интернет сайттарымен танысыңыз.

  12. Бай өлке радиосының хабар дайындаудағы ерекшеліктері?

  13. Радио тарихындағы "Шалқардың" орнына баға беріңіз.


Әдебиеттер:

  1. Баннов Б.Г., Вачнадзе Н. Чужие голоса в эфире. – М., 1981.

  2. Қазақ журналистикасы. 3 – том. Жалпы редакциясын басқарған Омашев Н. – Алматы, 2008.

  3. Нуриден Р.Ш. Қазіргі шетел журналситикасы. – Астана, 2007.


«РАДИОЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ТЕОРИЯСЫ

МЕН ТӘЖІРИБЕСІ»

пәні бойынша оқу бағдардамасы


Авторлар: ф.ғ.д., профессор Н.О. Омашев,

ф.ғ.к. А.А. Бейсенқұлов.

Пәнді оқытудың мақсаты: студенттерді радиожурналистиканың ерекшелік сипаттарымен, радионың пайда болу және хабар таратудың дамуымен, қазақ радиосының даму кезендерімен, жұмыс істеу әдістерімен, радиохабар әзірлеудің шығармашылық процесімен, жанрлары және пішіндерімен, радиожурналистің еңбек қарым-қатынастарын реттейтін кәсіби-этикалық ережелер және қағидалармен, радиожурналистиканың қазіргі теориялық мәселелерімен таныстыру.

Пәнді оқытудың міндеті: әртүрлі сипаттағы радио компаниялар үшін хабарлар даярлайтын, өңдейтін және тарата алатын мамандардың біліктілігін қалыптастыру.


Пәнді оқу барысында студент білуге тиісті жайлар мыналар:


  • БАҚ жүйесіндегі радионың өзіндік ерекшелігін;

  • радионың бейнелеуші құралдарын;

  • әлемдік және қазақстандық радиотарату ісінің тарихын;

  • радиожурналистиканың жанрлары мен пішіндерін;

  • радиожурналист қызметін реттеудің қазіргі заманғы құқықтық жүйесі;

  • радиотыңдарман психологиясын және оларды кеңінен тартудың әдіс-тәсілдерін.

Білуге міндетті жайлар мыналар: радиоарнада жұмыс істеуге; қажетті ақпаратын табуға; әртүрлі жанрлар мен стильдерді қолданып хабарлар жасауға; тікелей эфирде бағдарлама жүргізуге және радиоақпараттың сапасын бағалай білуге.

Оқыту барысында дәрістермен қатар тәжірибелік сабақтар қарастырылады, оларда БАҚ жүйесіндегі радионың ерекшелігін, ақпаратты беру тәсілдерін, радиоарналарды табысты жүргізудің принциптерін; ақпаратты жинау, өңдеу және таратудың негіздерін меңгеруіне көңіл бөлінеді.

Осы пәнге қатысты білім беретін сабақтас пәндер: журналистикаға кіріспе, тележурналистика, әдеби редакциялау, бұқаралық коммуникацияның тілі мен стилі.


ПӘННІҢ МАЗМҰНЫ


Кіріспе

Радио - журналистиканың бір саласы, бұқаралық ақпарат құралының бірі. Бағдарлама бойынша радионың ерекшеліктері, оны пайдаланудың маңызы мен қажеттігі, қазіргі қоғамдағы саяси, экономикалық, құкықтық, мәдени рөлі мен мәні ашылуға тиіс. Семестр бойы радиоға тән ерекшеліктер, Қазақстанда радиохабар таратудың даму кезеңдері, құрылымы, оның жанрлары мен пішіндері, радиохабарларды әзірлеу әдіс-тәсілдері, әуе толқынындағы ақпараттың мазмұны мен оны байытудың жолдары оқытылады.


НЕГІЗГІ БӨЛІМ


Радиохабар табиғаты және оның қоғамдағы рөлі мен орны.

Радио - хабар таратудың акустикалық табиғаты. Хабар тарату техникасының дамуы және радионың бейнелеуші құралдары. Мәтіннің оқылғанда адамға әсері. Радиотыңдарман аудиториясы. Дыбыстық журналистика тілі мен стилінің өзгешелігі. Радио ерекшелігіндегі оның таралу ауқымының шексіздігі мен жеделдігі. Оқиғаға қатыстылық пен соны сезіну ерекшелігі. Радио өзгешелігінің тарихи қалыптасуы.


Бұқаралық коммуникация жүйесіндегі радиохабар тарату. Бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі радионың ерекшелігі. Радиохабар таратудың міндеттерін талдау. Қоғамды біріктіру мен жұмылдыру, қоғамдық пікірді қалыптастыру, идеялық тәрбие, қоғам мүшелерінің саяси белсенділігін арттыру, мәдениетін көтеру, экономикалық сананы қалыптастыру, көңіл көтерудің алғышарттарын жасау - радиохабар таратудың негізгі міндеттері ретінде. Радионың қоғамның рухани өсуіне ықпалы. Радиохабар таратудың эстетикалық негіздері. Радио және әдебиет. Радио және театр. Радио және газет. Радио және кино. Радио және телевизия. Радио және Интернет.

Қазақстанда радиохабар тарату ісінің тарихы.

Радио пайда болуының алғышарттары. Форт-Александровск радиостанциясы - Қазақстандағы алғашқы радиостанция. Түркістан өлкесі үшін Ташкент радиостанциясының мәні. Радиотелеграф қызметінің алғашқы қарлығаштары. ТүркРОСТА, КирРОСТА жаршылары. Орынбор, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Павлодар, Өскемендегі қабылдау станциялары. Қазақстанның толыққанды алғашқы радиостанциялары. Радио Достары қоғамы. Ауызша газет. Алғашқы ақпараттарға қойылған талаптар. Қазақстанда радиохабар тарату ісінің қалыптасуы мен дамуының кезеңдері және олардың сипаты.

Радиожурналистика жанрлары мен пішіндері.

30-шы жылдар – радионың «алтын ғасыры». Радиожурналистикадағы "пішін" мен "жанр" ұғымы. Радиожурналистика пішіндері мен жанрлары эволюциясы. Қазақстандық радиогазеттер. Радиожурналистиканың жаңа пішіндерінің жетілуі мен радиогазеттердің жойылуы. Радиоға тән ерекшелігі бар хабарлардың көбеюі. Микрофон алдындағы көсемсөз, тікелей хабар тарату — радиожурналистиканың жаңа пішіндері. Алғашқы студиядан тыс хабарлар. Радиожиналыс, радиомитинг және басқа да кеңестік кезеңдегі радиохабар таратудың пішіндері мен жанрлары.

Радиокомпозицияның дүниеге келуі. Радиофильм, радиоүнқату, радиокөпір, радиомарафондар. Жанрлар мен пішіндердің түрлену себептері мен салдары. Жанрлар эволюциясының қозғаушы күштері. Авторлық бағдарламалар және оның түрлері. Тікелей эфирде жұмыс істеудің ерекшелігі. Радиохабар таратудағы пішін мен жанрларға қазіргі көзқарас.


Радиожурналистиканың ақпараттық жанрлары.

Ақпараттық хабардың жанрлық ерекшелігі - оқиғалығы, жеделдігі мен шынайылығы. Ақпараттық хабар мәтінінің ішкі құрылымы мен үйлесімі. Ілік - хабар дерегінің негізі, оның мағыналық орталығы. Ақпаратқа қойылатын маңызды талаптар - жеделдік, айқындылық, нақтылық, қысқалық, жүйелілік, объективтілік. Телевизия мен радиода ақпаратты берудің ерекшеліктері мен айырмашылықтары.

Репортаж - телевизиялық және радиожурналистикадағы жетекші және маңызды жанрлардың бірі. Репортажда деректі жедел тарату мен талдаудың қатар жүретіндігі. Репортаж жеке хабар ретінде. Репортаж күрделі хабардың құрамында. Репортаж композициясы. Репортаж - оқиғаға қатысты автордың көзқарас бағасына сүйенетін публицистік жанр. Динамикалық өрбу, көрнекілік, деректілік, образды талдау, баяндаудың эмоциялық бояуы мен репортердің жеке шеберлігі — репортаждың табиғи бейнелеуші элементтері ретінде. Тікелей репортаж бен студияда жазылған репортаждың өзгешелігі. Репортаж жүргізушінің шеберлік қырлары. Телевизия мен радиодағы репортаж.

Сұхбат. Жанрлық ерекшелігі. Баяндаудағы жеке көзқарас. Сөйлеушінің ойлау ерекшелігін танытатын жанды әңгімелесу - сұхбаттың негізі. Сұхбат түрлері. Сұхбат жеке хабар ретінде. Сұхбат басқа хабарлардың құрамдас бөлігі ретінде. Сұхбат алушы және оған жауап беруші. Тікелей эфирдегі сұхбат. Телевизиялық және радиосұхбаттың айырмашылығы. Сұхбатты жүргізу техникасы.

Радиодағы талдамалы жанрлар.

Журналистік талдау - оқиғаға қатысты жедел пікір білдіру. Талдау талдамалы жанр ретінде. Ақпараттық хабарды дамыту, оған қатысты әртүрлі көзқарастарды жинақтау. Жедел және проблемалық талдаудың айырмашылықтары. Талдаудағы субъективтілік. Дерекке немесе оқиғаға қатысты болжамдар айту.

Пікірталасқа құрылған радиохабарлар және оларға қойылатын талаптар. "Дөңгелек столды" ұйымдастыру және жүргізу.

Деректі-көркем жанрлар.

Радиоочерк публицистік жанр ретінде. Очерктің жанрлық табиғаты. Очеркте әлеуметтік, публицистік және көркемдік шешімдердің тоғысуы. Очерк құрылымы. Радиоочеркте кейіпкер бейнесін сомдау үшін көркем бейнелеу тәсілдерін қолданудың маңызы. Радиоочерк тілі мен стиліндегі өзгешеліктер. Радиоочерк пен телеочерк арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар.

Қазіргі хабар таратудағы очерк мәні. Телевизия мен радиодағы сатиралық жанрлардың орны мен маңызы. Радиофельетонның жанр ретінде қалыптасуы мен дамуы. "Көреген" сатиралық радиожурналы. Қазақ радиосының көркем жанрларды дамытудағы ізденістері. Суреттеме, эссе. Радиокомпозиция: құрылымы мен шығармашылық болмыс-бітімі.



<< предыдущая страница   следующая страница >>