https://electroinfo.net

girniy.ru 1 ... 20 21 22 23 24 25 26

АШЫҚ ҚОҒАМ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК РАДИОСТАНЦИЯЛАР



  • Ашық қоғам және бүгінгі медианарық



  • «Ақпараттың еркін ағымы» және журналист рөлі



  • Шетелдік радиостанциялардың Қазақстанға хабар таратуы



Ашық қоғам және бүгінгі медианарық

Жаңа уақытқа ғалымдар берген анықтамалардан көз тұнады. Ағылшын әлеуметтанушылары С. Лэш пен Дж. Урри “ұйымдасқан капитализмнің ақыры” десе, Д. Шиллер “цифрлық капитализм” екендігін дәлелдейді. Канадалық зерттеуші Н. Бек “жаңа экономика” терминін аштым деп, патент те алған көрінеді. Неміс У. Бек қазіргі өркениеттің келеңсіз үрдістерін жалаңаштап “тәуекелдік қоғамы” (общество риска) деген түсінікті уағыздауда. Ал, көп әлеуметтанушылар Калифорния университетінің профессоры Мануэл Кастеллстің “ақпараттық қоғам” деген терминін мойындайды. “ХХ ғасыр мен екінші мыңжылдықтың басты қорытындысы – технологиялық төңкерістің дамуы, капиталистік экономика мен түрлі әлеуметтік қозғалыстардың қайта құрылуы барысында ақпараттық желілік қоғамның пайда болуы”,– дейді Кастеллс. Барлық шикізат көздерінен тауар өндіруді мақсат тұтқан индустриялықтан оның айырмашылығы – білім байлығында, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін жоғары дамыған техниканы пайдаланып, ақпараттық ресурстарды игеруінде деген ой айтады. Яғни, ақпаратты өңдеудің жоғары деңгейіне көтерілген қоғам жетекші мәнге ие болмақ. Ақпарат – тауар, құрал, қару деген ұғымдар, “ақпараттық кеңістік”, “ақпараттық орта”, тіпті “ақпараттық соғыс” деген ғылыми терминдер қолданысқа енді.

Осыған байланысты болар, “жаңа” журналистика”, “ақпараттық төңкеріс”, “глобальді медиа”, “электронды болашақ” деген пікірлер көрініс беріп жүр. Жаңа ақпараттық құралдар мен жүйелердің әлемдегі қазіргі өмірге әсерінің орасан ауқымын көрсету мақсатында зерттеуші М. Рил “Супермедиа” терминін қызғыштай қорғайды, үлкен монографиясын соған арнайды. Дәстүрлі журналистиканың күні қараң, болашағы бұлдыр деген сәуегейлік те айтылып қалуда.


МГУ-дің профессоры Я.Н. Засурский мынадай тұжырым айтады: “Ауқымды алатын болсақ, әлемде журналистика жаңа деңгейге көтерілуде. Ол бірнеше жағдайға: біріншіден, жаңа ақпараттық технологияның дамуына байланысты, өйткені, журналистің қызметінде кең мүмкіндіктерге жол ашады, бұқаралық ақпарат және қарым-қатынас құралдарының ұдайы дамуына жеткізеді; екіншіден, ғаламдастырудан туындайды”. Шын мәнінде, қазіргі ақпараттық технологиялар журналистиканы жаңа сапалық деңгейге көтерді, әрі журналистің шығармашылық мүмкіндігін арттырып, оқырманына өз ойын жеткізуде кең мүмкіндіктер ашты – ақпарат алу мен таратудың еркіндігі берік орнықты, оған тосқауыл болар күш әлсіреді. Көз алдымызда дәстүрлі БАҚ мүмкіндіктеріне жаңа ақпараттық тасқынды қосып біртұтастыққа қол жеткізген жаңа медиа қалыптасуда. ЮНЕСКО маманы Генрих Юшкявичус “ЮНЕСКО және жаңа ақпараттық қоғам” атты баяндамасында мынаған көңіл аударған еді: “Жаңа технологияларды пайдалану әртүрлі ақпараттық жүйе түрлері арасындағы шекараны шаяды”.

Қоғамда ақпарат туралы өзгеше пікір, бұқаралық ақпарат құралдарына деген жаңа көзқарас қалыптасуда. БАҚ эволюциясын ақпараттық қоғамдағы өскелең сұраныстырмен түсіндіруге болады. Ал, технологиялық төңкерістің қозғаушы күші Интернет желісінің дамып, кең тарауы және компьютерлердің есептеу қуаты шексіз өскендігі, бағдарламалардың кең ауқымдылығы болды. Интернет ақпарат өндіру, тарату мен тұтынудың құнын едәуір арзандатып, коммуникациялық ландшафтты түбегейлі өзгертті.

Сонымен қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде ақпараттық орта – медиаорта пайда болды, ақпараттық қоғамның өскелең талаптарына жауап беретін инфрақұрылымы түзілді.

Жаңа ақпараттық кеңістікте журналистика да қиын кезеңді бастан кешіруде. Бірінші кезекте оған қойылатын талаптар деңгейі де тым жоғарылап кетті. Жаңа ақпараттық технологиялар өзінің прогресшіл мұратымен қатар адамзат алдына жаңа күрделі міндеттерді қойып отыр, оның кейбірінің шешімі тым шатысып кеткен, әр түрлі мүдделер тұрғысынан сараланатындықтан ғалым-зерттеушілер арасында да пікір алшақтығы басым.


Мәскеулік ғалым Л. Землянова былай дейді: “Ең қауіпті үрдіс – ақпарат еркіндігі мен оның мазмұны және қоғам мен мәдениет үшін қандай салдары болатындығы үшін жауапкершілік арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы”.

Профессор Я. Н. Засурский ресейлік ақпарат құралдарында насихаттық сипат қайтадан бел ала бастады деп қауіптеніп, шыр-пыр болуда. Үлкен теоретиктің пікірінше, журналистиканың басты міндеті – ақпаратты дәл, жедел, әрі нақты тарату, оны боямалап жақсарту, не көмескілеу қауіпті, әрі зиянды.

Бұдан шығатын түйін, ақпараттық орта өзгергенімен, журналистиканың құндылықтары сол күйінде қалды, керісінше жауапкершілігі артты. “Жаңа журналистика” деген жаңсақ ұғым, БАҚ саласында ешқандай төңкеріс болған жоқ. Өйткені, журналистиканың функциялары, қоғамдық қатынастардағы рөлі мен орны бұрынғысынша қала береді. Маңызды коммуникация құралы ретінде БАҚ бұрынғыдан да пәрменді бола түсті және өркениеттің үздіксіз дамуы пен қоғамдық сана мен білім үшін жауапкершілігі өлшеусіз артты.

Конвергенциялық өзгерістер журналистиканың ішкі мазмұны мен үйлесімділігіне нұқсан келтіре алмайды, бірақ оның жаңа кеңістікке шығып орнығуына жол ашады. Интернеттің журналистиканы байытқан тұстары: суперұшқырлық, кең де шексіз, шекараны білмейтін аудитория, онымен кері байланыс және орасан ақпарат мұхиты. Әрине, бұған дейін БАҚ ақпаратты бір бағытта аудиторияға қарай таратып келсе, компьютерлік ашық желі кері де – екібағыттық интербелсенділікпен тың жол салып отыр. Енді ақпаратты өз қалауыңша іріктеп алатын мүмкіндік туды. Неміс зерттеушісі Гюнтер Рагер “кем дегенде жоғары білімді компьютерлік БАҚ-ты пайдаланушылар алда да ақпаратты мүмкін болған неғұрлым көп көздерден ала беретін болады. Интернеттің мәні де басқа БАҚ-пен өзара байланысынан ашылады” деген пікірін білдірген.

Тағы бір неміс әлеуметтанушысы Рихард Мюнхтың “Коммуникациялық қоғамның диалектикасы” кітабындағы тұжырымдары жіті назар аударуға тұрарлық. Ол журналистика күрделі кезеңді бастан кешіруде, оның қиындығы өте жоғары талап қоюшылықтан да туындайтынын айтады. Журналистиканы ақпараттық тасқын шайып кету қаупі күшті дей келіп, сценарийдің үш бағытта өрбуін болжалдайды.


1) Журналистика корпоративті мүдделердің шырмауында қалып қойып, қоғамдағы құралдардың біріне айналуы мүмкін. Бұл жағдайда ол қоғамдық сананы арнасынан бұрып жіберетін регресшіл күшке айналып, өз бастапқы мәні мен ұстанымдарынан айрылып қалуына жол ашады.

2) Журналистика ақпараттық тасқын жолында бақылаушы ғана болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол судың деңгейі мен арнасын реттеп отыратын гидрошлюз басындағы техник маман тәрізді рөл атқарады. Алайда, қоғамдық сана мен мәдениеттің өсуіне қалай әсер ететіндігі беймәлім, егінші-дихан рөлін басқа әлеуметтік күштер атқарады.

3) Журналистика ақпараттық тасқындарды сүзіп, тазартып отыратын “эмиссиялық банк” тәрізді рөлге ие болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол қоғамдық санаға кері әсер ететін ақпаратты іркіп отырады, тасқынның сапасын жақсартады, үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, прогресшіл күш ретінде танылады.

Бұл ойлар басқа да қоғамдық пікірлермен үндестік тауып отыр. Орасан ақпараттық тасқынның ішінде маңызды, мәнді ақпараттар ескерусіз қалып кетуі мүмкін, қойыртпақтың ішінен көзге не ілінеді, санаға қайсысы жетеді, кім жауапты болады деген сұрақтардың туындауы да заңды. Дәл ақпарат беру, ізгілікті тарату, жақсы мен жаңалықтың жанашыры болу – көбіне журналистің парасаттылығы мен пайымына, біліктілігі мен шеберлігіне тікелей байланысты болуы заңды. Журналистиканың қоғамда болып жатқан өзгерістер үшін жауапкершілігі өлшеусіз өсетіні осыдан-ақ түсінікті. Сөз бен ақпарат қоғамдық микроклиматтың барометрі ретінде жетекші мәнге көтеріледі.

“Жаңа” журналистиканы “ақпарат – билік көзі”, “әлемді ақпарат сақтап қалады” деген пікірлер толықтырып, отқа май құйғандай ойкөкпарын қыздыра түсуде. Оған американдық коммуникавистиканың аталары Уильям Риверс пен Уилбур Шрамның мына пікірлері де ұйтқы болды: “Жартылай өткізгіштердің, лазердің және сәулелі талшықтардың ашылуынан бұқаралық байланыс құралдарының дамуында сапалы өзгерістер жүзеге асты және қоғамдық-саяси өмірдегі салмағы артты, олардың экономикаға, тұрмысқа, демалысқа, білім алуға, саяси өмірге тигізер әсері күшейіп, жаңа дәуір – “медиакратия” орнығады да, билік демократиядан медиаға, яғни байланыс құралдары мен ақпаратқа көшеді”.


Әлемдік өркениет өрісі осындай – ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері адамзат мүддесіне қызмет етуі тиіс, сонымен бірге әр адамның жеке рухани сұраныстарын, ұлттың, этностардың, шағын топтардың мүддесіне де жауап беріп, олардың үйлесімді дамуына, өркендеп өсуіне жағдай туғызуы тиіс. Гуманизм мен жоғары жауапкершілік принциптері салтанат құруы үшін білім ең басты қару болып табылады. Сондай бұқаралық ақпарат құралы радио болып табылады, ол өзінің ерекшелігіне сай дамып, өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Жаңа ақпараттық технологиялар қысқа мерзімнің ішінде дүниежүзілік экономикалық, саяси және мәдени ортаға зор ықпал етіп, күрделі өзгерістерге бастау болды. Дамыған елдерде ақпараттық қоғам құрудың берік негіздері қаланып, барлық алғышарттары түзілді. Ауқымды технологиялық өзгерістер әсер етпеген мемлекеттер жоқтың қасы. Өтпелі кезеңді бастан кешіріп, егемендігін нығайтуға кіріскен Қазақстан да оған еркін араласып, өзінің ашық нарық саясатымен инвестициялар тартуда, жаңалықтардың өндіріске енуіне кең жол ашуда. Ғаламдастыру мен интеграцияның қиындықтары да жоқ емес. Әркелкі дамыған үлкен аумақта оларды бір күнде шеше салу да мүмкін емес. Оның үстіне ұзақ жылдар тоталитарлық режимнің қыспағында болып келген адамдар психологиясында өзгерістер болуы үшін уақыт керек. Жаңа үрдістер осындай ұлттық және аймақтық ерекшеліктерді ескеріп, дұрыс бағыт ұстанғанда ғана салтанат құратыны айқындалып келеді. Қазақстан өзінің стратегиялық басым міндеттері қатарында бұл факторларды ескеріп, ұлттық экономикалық және ақпараттық тәуелсіздігін нығайтуда кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Қазіргі ақпараттық технологиялар баспасөз бен электронды арналардың дамуына да игі әсерін тигізіп келеді және болашақта да шешуші мәнге ие болады. Сонымен қатар, газет-журнал редакциялары, телерадиоарналар менеджмент және маркетинг құралдарымен қатар қаруланса, әлемде жинақталған озық тәжірибелерді басшылыққа алса, мамандардың біліктілігі мен шеберлігін арттыруға көңіл аударып, осы мақсатқа жаңа технологияларды пайдаланса, оқырманы мен көрермені, тыңдарманы мен жанашырлары да ұтар еді, әрі табысты іс жүргізер еді.


Қазақстан соңғы жылдары бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында экономикалық даму қарқыны жағынан алдыңғы шепке шықты, реформаларды тиімді жүргізе білді. Соның нәтижесінде қоғамдық тұрақтылыққа да, барлық салада өркендеуге де қол жеткізді. Еліміздегі ерекше бір мақтан тұтар мәселе - ол ұлтаралық татулықтың орнығуы мен халықтар достығының дамуы. Көп ұлтты және көп дінді Қазақстан жағдайында ол білгір саясат пен ұстамдылық нәтижесінде мүмкін болды. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің дамуын қамтамасыз ететін кешенді мемлекеттік бағдарлама жүзеге асуда. Орыс тілі Ата заңда ресми тіл ретінде көрсетілген және оның дамуына еш тосқауыл болған емес. БАҚ-тың басым бөлігі ресми тілде таратылады, соның ішінде орыс тілінде хабар беретін радиостанциялардың үлес салмағы жоғары. Тілді дамыту жөніндегі бағдарламада эфирдегі мем-лекеттік тілдің үлесі 50 пайыздан кем болмауы қарастырылған және біртіндеп жүзеге асып келеді.

Орыс тілі Қазақстанды мекендеген барлық халықтарға ортақ қарым-қатынас тілі болып келді. Сонымен бірге басқа тілдердің де қолданысына еш кедергі қойылмаған. Мысалы, өзбек, ұйғыр, неміс тілінде оқытатын мектептер мемлекет тарапынан қолдау табуда. Кластан тыс сабақтарда еврей, поляк, татар және басқа да ондаған тілдер оқытылады. Ұлт өкілдеріне өз тілінде сөйлеу, салт-дәстүрін сақтауға және дамытуға жағдай жасалған. Қазақ радиосы ағылшын, неміс, кәріс, ұйғыр, азербайжан, татар және түрік тілдерінде аптасына 20 минуттан хабар таратады. Бұл, әрине, көп те емес. Болашақта олардың ұзақтығын созып, көрші мемлекеттерде тыңдалуын қамтамасыз етсе нұр үстіне нұр болар еді. Ағылшын тілінде хабар таратудың маңызы зор. Өйткені, ағылшын тілін меңгергендердің саны жыл өткен сайын еселеп өсе түсуде. Тіпті осы тілдерде хабар тарататын жеке радиостанция ашылса, өз тыңдарманын табар еді. Өйткені, дуниежүзіндегі хабар тарату үрдісі осылай дамуда, қазір шекарамен шектелуге болмайды, мүмкіндігінше ақпаратты еркін таратып, өз көзқарасың мен мүддеңді қорғауың қажет.



«Ақпараттың еркін ағымы» және журналист ролі


Қазір әлемдік ақпарат құралдарына қатысты "ақпараттың еркін ағымы ("свободный поток информации") деген теория дәуірлеп тұр. Ол қағиданың тоқ етері мынаған саяды: "Адам баласы – жарық дүниенің иесі. Сол себепті ол әлемдегі жаңалық атаулыдан хабардар болуы керек. Сондықтан ақпаратқа шекара қойылмауы тиіс". Бір қарағанда бұл теорияда мін жоқ секілді. Бірақ, сол ақпаратты таратуда жер шарындағы барлық елдің мүмкіндігі бірдей ме? Осы жағы бізді ойлантуы тиіс. Бұл тұжырым шындығында адамзатқа деген шынайы қамқорлықтан туған ба, әлде көкейінде өзге де пиғылы барлардың ойлап тапқаны ма? Мысалы, АҚШ пен Ауғанстанның, Ресей мен Чешенстанның ақпаратын өзге елге таратудағы мүмкіндігі бірдей емес қой. Тіпті салыстыруға келмейді. Гәп осында.

Осы жерде дүние жүзіне белгілі қолбасшы Наполеон Бонопарттың: «Төрт жүз мылтықтан төрт баспасөздің күші артық» деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Яғни ол әскербасы бола тұра қару-жарақтың күшінен бұқаралаық ақпарат құралдарының күшін 100 есе артық деп бағалап отыр. Олай болса алпауыт елдердің әртүрлі пиғылдағы ақпарат құралдарының басқа елге баса-көктеп еніп, жүргізіп отырған жұмысын қалай бағалауға болады? Оның үстіне өзге елге тікелей соғыс ашып, материалдық үлкен шығынға ұшырап, жауынгерлерінен айырылып, халықаралық қауымдастықтардың наразылығына қалудан гөрі, аз шығын жұмсап, көзге анық көріне бермейтін идеологиялық соғыс арқылы басып алу әлдеқайда тиімді емес пе. Ондай жағдайлар тарихта болған.

Мысалы, сонау 1960-жылдардағы Чехословакия мемлекетінің іргесін шайқалтқан жағдайды, немесе 1970-жылдардағы Чилидегі төңкерісті, сол сияқты, 1980 жылдардағы Польшадағы қоғамдық өзгерістердің қай-қайсысы да мемлекеттің БАҚ құралдарынан ажырап қалуынан болған. Олар өзге елді былай қойғанда өз елдерінің ақпарат құралдары қарсылығына тап болған. Сонда Чили президенті Сальвадор Альенде: "Мені тақтан тайдырған әскерилер емес. Менің қолымнан бұқаралық ақпарат құралдары кетіп қалды ғой. Түбіме жеткен солар", - деп еңірегенде етегі жасқа толған еді.


Атышулы американдық идеолог Збигнев Бзежинский жетпісінші жылдардың соңына қарай Польшаға жиі ұшып келіп, сол елдің бұқаралық ақпарат құралдарын өз мақсатына еркін пайдаланды. Ешқандай тосқауылсыз жүргізілген осындай БАҚ-тың қарсылығы әсерінен армияның күш-қуатына сенген социалистік Польшаның қалай құлағаны тарихтан белгілі.

Бұдан шығар қорытынды – егер ақпарат құралдарының алар орны мен атқарар қызметінің мәнін толық бағаламайтын болсақ, оның аса нәзік тұстары мен әрі өте күрделі құрылымын жете игермесек, қиын тосқауылдарға кезігеріміз анық.

Демократияға берілген көптеген анықтамалар ішінде Англияның премьер-министрі болған Уинстон Черчилльдің мына сөзі айрықша орын алады: "Демократияның көптеген кемшіліктері бар екендігін мойындай отырып, бір ғана артықшылығын ескерте кеткенді жөн көремін. Ол артықшылық мынада: бүгінге дейін ешкім де демократиядан асып түсетін ештеңе ойлап тапқан жоқ". Демек, оны да соқыр сенімге қабылдай беруге болмайды. Өйткені одан да кемшілік кетуі мүмкін екен. Не нәрсенің болсын шынайы келбетін айқындауда, әрбір оқиға-құбылыстың әлеуметтік тегін тануда сыни көзбен қараған дұрыс.

Сондықтан сөз бостандығын ұлтпен ойнауға пайдаланатын, елдің рухани-мәдени болмысына қайшы айқай-шуға тиісті тосқауылдың болмағы шарт. Сондай-ақ, бұл мылтықсыз майданда жауапкершілікті мемлекеттің мойнына алуы – жеңіске апарар жалқы жол.

Демократия, жариялылық туралы сөз бола қалған кезде еркіндік туралы айтылмай қалмайды. Бірақ ең дамыған деген АҚШ, Еуропадан да шексіз еркіндікті көре алмайсың. Жанымыздағы Ресейді алып қарасақ та сондай. Сондықтан да, ақпарат еркіндігі жөнінде айтқанда, әңгіме сол еркіндіктің не үшін, қандай нәрсеге берілетіндігінде болса керек.

Жасыратыны жоқ, бізде сөз бостандығы, БАҚ еркіндігі дегенді кейде әртүрлі жолмен өз пиғылдарына пайдаланушылық кездеседі. Біреулер мемлекеттілігімізге зияны тиіп, соған нұқсан келтіретіндей материалдар жариялап, хабарлар шығарып жатады. Көбіне ол білместіктен болуы мүмкін. Ал енді кейбіреулер әдейі қиямпұрыстықпен, біле тұрып, білмеген болып, көре тұрып, көрмеген болып, жаны ашымастың ісін істейді. Ұлттық мәселелерге келгенде бұра тартып, жарға итеріп жібергісі келіп тұратындар, өкінішке қарай кездеседі.


Бүгінгі өмірлік тәжірибе идеологиясыздануды ұсынатын пиғылдың артында үлкен идеология жатарын дәлелдеп берді. Көп ретте әрбір елдің өзіндік болмыс-бітімі боларын ұмытып кетіп жатамыз. Кейбір идеологтар бізді сол дайын қалыпқа салуға бейім тұрады. Осынау әрекет салдары жүргізілген біршама реформалардың сәтсіз болуына, аяқталмай қалуына, идеологиялық жұмыстарға немкетті қарауға әкеліп соқтырады.

Сексенінші жылдары Италияның кинотеатрларында ұлттық киносы із-түзсіз жоғалып, американдық фильмдер қаптап кетті. Сондағы қаны қызу италяндық режиссерлердің, актерлердің, драматургтердің, жалпы көрерменнің жанұшыра салған айқайының арқасында, ұлт болып ұйыған, ел болып қалыптасқан, қуатты державаның күшімен дерттің беті қайтты. Бұл жағдай басқа елдің басына түскенде қайтер еді?!

Енді сол мәселені саралап көрейікші. Тарихы Америка елінен арыда жатқан, мәдениеті мен өнері осал емес Италияның Америка шырмауында қалып қоюы неліктен? Оған өзге емес, өз идеологсымақтары кінәлі екен. «Ақпараттың еркін ағымы» деген дүниежүзілік теорияны малданып, шетелдік берілімдерге есік-терезені түгелдей ашып тастаған. Одан пайда көрушілер, табыс табатындар болды. Әлгі аталмыш қағиданың негізінде ақпаратты бетінен қақпай, өз еліне өзге жұрттың берілімдерін қаптатып жіберді. Елдің елдігін ойлаудан гөрі, қалтасының қалыңдығын ойлағандардың дегені болды. Аяғының немен тынғаны белгілі.

Қазіргі бейұлттаған ақпарат кеңістігіндегі ала-құлалық оған сүзгінің қажеттігін алға тартуда. Теледидардағы атыс-шабыстар, газет-журналдардағы кесапатқа толы дүниелер, диско-клубтардағы даңғырақ әуендер – бәрі-бәрі гуманистік тәрбиеден алшақ кетіп, алапес пиғылдардың алтын тамырымызды зиянкес жәндіктердей кеміріп жатуына себепкер болып отыр. Сапасы төмен, моральдық тұрғыдан ескірген кинофильмдер мен арзан мәтін, жеңіл әуенге құрылған концерттік бағдарламаларды қайталап көре беруден аллергия ұстайтын халге жеттік. Кешегі Гестапо штабында жазалаудың осындай психологиялық әдісі болған екен. Яғни, тұтқынға түскен адамдарды қараңғы бөлмеге қамап, бір музыканы қайталап қоя беру арқылы ақыл-есінен айырады, жадын ұмыттырады.


Сондықтан мемлекет үшін әрқашан жинақылық аса қажет. Әркім аузына келгенді көки бермей, ойланып сөйлейтін болсын. Осындай жауапкершілік жалғыз журналистикада ғана емес, бүкіл мемлекеттік құрылыстың өзінде де сезілуі керек. Бұл дегеніміз мемлекеттік реттеуші тетік жоқ елде берекенің кірмейтіндігінің нақты көрінісі.

Жалпы, әр нәрсеге сергек қарап үйренген дұрыс. Өздеріңізге мәлім, елімізде Сорос-Қазақстан, ИНТАС, Ұлыбританияның білім беру орталығы сияқты т.б. халықаралық қорлар жұмыс атқаруда. Олар білім-ғылымға, экономика мен саясатқа немесе ақпарат кеңістігіне қатысты кез келген бағдарлама-жобаларға гранттар бөліп жатады. Неге? Не үшін? Әрине, мұның артында түрлі мүдделер мен мақсаттар тұр. Бізге тиімді жақтары да, қауіп тудыратын тұстары да жоқ емес.

Біріншіден, аталмыш түрдегі инвестициялардың тартылуын қорғанысымыздың кепілі деп қарау қажет. Себебі, біздің территориямызға капиталын төккен алпауыттар бейбіт өмірдің қаймағы бүзылмауына мүдделілік танытады.

Екіншіден, күнкөріс төмендесе, бұрынғы социалистік құрылысты аңсаушылар қайтадан бір империяға топтаса кетуі мүмкін ғой. Ал, аталмыш қорлар қыруар қаржы бөлу арқылы батыс елдерінің артық тұстарын көрсетеді. Сөйтіп, әлгі қауіптің бетін қайтарары анық.

Үшіншіден, сол сан-салалы, түрлі бағыттағы жобалар арқылы өз идеяларын сіңіруді де ұмыт қалдырмайды. Міне, осы тұста ақпарат кеңістігіміздің қауіпсіздігі деген мәселе күн тәртібіне шығады. Ендеше, ақпарат кеңістігіміздің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

Мысалы АҚШ-та әртүрлі ұлт тұрады. Есі кірген баласынан еңкейген шалына дейін елдің мемлекеттік идеологиясын тәрк етпейді. Квартал сайын орналасқан стадиондарда өтіп жатқан спорттық ойындар басталар кезде бәрі бірдей қолын жүрегінің тұсына қойып, әнұран айтудан бір жалықпайды. Америкаға жаманатты ешқайсысы жолатқысы жоқ. Олардың Мемлекеттік мүддесіне сәл де болса нұқсан келтіре алмайсыз. Өйткені бәрін заңмен бекітіп тастаған. Заңды ешкім бұза алмайды. Міне, мемлекет құрылысының, оның идеологиясының күші. Бұл қалай орнады? Соған жауап іздеп көрелік.


Өткен ғасырдың ортасында «Америкаға қандай идеология қажет?» деген сұрақ тұрды. Мемлекеттің барлық мүмкіндігін, бүкіл ақыл-ойды, сананы соған тоғыстырды. Қаражатты да аяған жоқ. Пікір-сайыс 1940-1955 жылдарға дейін созылды. Соның нәтижесінде ел мойындайтын, даусыз қорытындыларға толы идеология өмірге келді. Енді соның жемісін жеп отыр. Сонда олардың өзгелерге идеологиясыздануды ұсынуын қалай түсінуге болады?

Идеология жоқ жерде тіпті байлық «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетеді. Ұйытқы болмаған жерде берекесіздік орын алады. Ал оның барлығының иесі – заң. Әйтпесе Американың асып бара жатқан түгі де жоқ, біздің ойлау қабілетіміз олардан артық болмаса, кем емес. Орташа ғалымдарымыз олардың мықты ғалымдарының қатарында тұр. Бізде оқу, оқыту, ғылыми жүйе дамымай қалған деуге ауыз бармайды. Бірақ, ашылған дүниелер, жаңалықтар іске аспай жатады. Теорияның тәжірибеге ұласу жағы өте нашар.

Ендігі жерде тәуелсіз Қазақстанның мұраты, идеологиясы қандай нәрсеге негізделеді деген мәселе ерте ме, кеш пе туындайтынына менің күмәнім жоқ. Өйткені мұратсыз ел болмайды.

Мысалға Түркияны алайық. «Мен түрік болып туғаныма бақыттымын!» – дейді әрбір түрік. Оны белгілі Ата Түрк – Мұстафа Кемал 1923 жылы мемлекет басына келгенде енгізіп кеткен. Ол сонымен қоса мұсылманшылықты ғылым, біліммен ұштастыруды жолға қойды. Соның арқасында Түркия өркениеті дамыған елдер қатарына қосылды.

Францияда, ескі Парижде кез келген тұрғын үйінің немесе ғимаратының ішкі қабырғаларын бұзып, қалай қоямын десе де өз еркі. Ал үйінің сыртқы келбетін өзгертуге құқы жоқ. Неге? Өйткені Париждің салтанатындай әлемде сән болмайды. Оны бүлдіруге ешкімнің хақысы жоқ. Көрдіңіз бе, кішкентай өзгешелігін қалай дәріптейді. Мұндай мысалдарды дамыған елдер тұрмысынан көптеп келтіруге болады. Сондықтан біз де қанымызда бар, жүрегіміз қалайтын дүниені мұрат етіп шығаруымыз керек. Бұл ел-жұрт мойындайтындай қажеттілікке айналуы тиіс.

Әлемдік тәжірибеден түйгеніміз, әр елдің идеологиялық қапшығы өз құндылықтарымен толып тұрмаса, оған әркім қалдығын, күл-қоқысын тастайтыны анық.


Рас, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламамыз бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ мұнда негізінен материалдық-экономикалық игіліктер көбірек қамтылған. Бағдарламадағы түйінді мәселелерді дамытып, өрбітуіміз керек.

Қазақстан тәуелсіздік алғанда елдің идеологиясы, мұраты қалай болуы керек деген мәселе туындады. Зиялы қауым ойлана бастады. Шерхан Мұртаза ұлттық идеологиямызды мұсылманшылыққа негіздейік деген ой айтты. «Шерханның ойына қосылуға болады. Бірақ дүние жүзінде осы жолды таңдаған мұсылман елдері көп қой. Ендеше, тәуелсіз Қазақстанның идеологиясы өзіне ғана тән болуы керек. Ол ұлттық тарихымызбен, әлеуметтік жағдайымызбен, экономикамызбен тамырлас болғаны абзал» деп, «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде Өзбекәлі Жәнібек пікірін білдірді. Сол стихиялы түрде басталған пікір-сайыс бүгінге дейін жалғасқанда идеология саласындағы Қазақстанның басым бағыттары анықталып қалған да болар еді.

Кеңес одағы кезінде "социалистік жеңістердің негізінде әне-міне коммунизм орнайды" деп, соған көпшілікті нандырды. Бұл сол кездегі шебер жасалған жасанды идеологияның түрі болатын. Қазақстанға да осы тектес, бірақ жалған негізге құрылмаған, халқымыздың арман-аңсарымен құндақталған елдік мұратын анықтап алу қажеттігі дәл қазіргі уақытта әлі күн тәртібінде тұр. Онда тәуелсіздігімізді дамытып, алдыңғы қатарлы елдермен иығымыз теңесетін межеге жеткізетін жол көрсетілуі керек. Ондай асыл идея көпшілікті бірден баурап алатындай, қысқа да нұсқа тұжырымға сыятын болса, нұр үстіне нұр. Бұл аса абыройлы іс болар еді.

Кейде «Егемен Қазақстанда» ылғи салмақты материалдар жарияланады, оқуға ауыр деген сияқты пікір естіліп қалады. Материалдың салмақтылығы — оның кемшілігі деу қалай болар екен? Өйткені «Егемен» мен «Казправданың» атқарып отырған салиқалы ісін басқа басылымдар ылғи «тартымды» материалдармен түпкілікті тындыра алмайды. Олардың алдына қойған мақсат-мүддесі де мүлде бөлек қой. Өмір салты да ұқсамайды. Әрберден соң бүгінгі журналистика сонысымен қызық, күрделі.


Бізде демократияшыл боламыз деп мемлекет пен ұлт мүддесін қолдайтынымызды ашық айтудан жасқаншақтау орын алатын секілді. Бекер іс. «Нью-Йорк таймс» пен «Вашингтон пост» мемлекеттік басылымдар екенін неге жасырмайды? Олардың таралымы «Нью-Йорк дейли ньюс», «Ю Эс Эй Тудей», «Уолл стрит жорнэл»-дерден төмен бола тұра беделі неге жоғары? Президенттен бастап кімде-кім «Нью-Иорк Таймс» пен «Вашингтон постта» сыналар болса, ондай сын қауіптілеу. Ал «Уолл стрит жорнэлдің» бетінде айтылған сынға соншалық мән берілмейді. Өйткені баспасөздің дүниежүзілік тәжірибесіне сүйенсек, олар сапалық және көпшілік қолды газеттер болып бөлінеді. Сапалық газеттердің таралымы аздау болғанмен беделі биік, нағыз ұлттың жанашыры деп бағаланады. Ал біз бұрын «желтая пресса» деп атап келген көптиражды басылымдарға ұшпалық мінез, желөкпелік пен жеңілтектік тән. Ондай газеттер бізде де бар.

Америка, Еуропа, Азияның біраз елдерінде мемлекеттік тұтастық, елдік бағыт-бағдар, ұлттық қауіпсіздік деген ауқымды мәселелер толығымен шешіліп, тұрғындардың әлеуметтік деңгейі бізбен салыстырғанда жаяудың қасындағы атты кісідей. Сондықтан да олардағы бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігі табиғи апаттарды, қылмыстық хроникаларды, ток-шоу бағдарламаларды, жұлдыздар өміріндегі шым-шытырық оқиғаларды, т.т. айту, көрсету, жазумен толады. Аудитория сұранысы көбінесе осыдан қанағат тауып, негізінен бар уақыттары соларды талқылаумен-ақ өтіп жатады. Өйткені мемлекеттік мәселелер баяғыда шешімін тапқан.

Мысалы, 1998-жылы Лас-Вегас қаласында америкалық телерадиокорпорациялары ассоциациясының ұйымдастыруымен үлкен конференция өтті. Сонда америкалық теледержавалар: Эн-Би-Си, Эй-Би-Си, Си-Би-Эс-тердің қожайындарына әртүрлі шоулар неге қаптап кетті деген сұрақ қойылды. Олардың президенттері бәрі бір кісідей «аудитория нені талап етсе, соны береміз» деді. Яғни тек қана көңіл көтеру, уақыт өткізу, демалуды қажетсінеді.

Ал бізде қалай? Біздегі жағдай мүлде бөлек. Себебі, жас мемлекетіміздің аяқтан тұру процесі жүруде. Бір қоғамдық формациядан екіншісіне өтіп, әр нәрсенің атын енді біле бастаған өмір кешіп жатырмыз. Елдік мұраттарымыздың барлығы дерлік қалыптасып біткен жоқ. Оның үстіне геосаяси жағдай, ішкі тұрақтылық, ұлтаралық татулық сияқты нәзік мәселелер тағы бар. Міне, осы сарындас ертеңімізді баянды етер факторлар ауызбіршілігімізді нығайту жолында күш қосып, бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірді осы бағытта қалыптастыруға жұмылу керектігін қазіргі уақыт анықтап берді.


АҚШ-та телеканалдар жетіп артылады. Тележурналистері әрқашан қайнаған оқиғаның ортасынан табылады. Америка құрлығының бүтін болмысын экранннан көріп, білуге мүмкіндік мол. Содан кейін бір таңғаларлығы, теледидар Сізді, яғни көрерменді күтіп отырады. Бұл не деген сөз? Мысалы, біз "Хабардан" республика көлеміндегі негізгі ақпаратты жаңалықтарды көру үшін кештің түсуін күтеміз. Ал АҚШ-та телеканалдардың көптігі әрі үйлесімділігі соншалық, әркім өзіне керекті дүниесін кез-келген уақытта оп-оңай тауып ала қояды. Телеканалдар арасында бәсекелестік орын алғанымен қалыпты реттілік жоқ деуге ауыз бармайды.

Кейінгі кездерде Қазақстан журналистикасының айналасында саяси капиталға байланысты да көп мәселелер айтылып жүр. Сондай-ақ БАҚ магнаттары пайда болуының алғышарттары және мұндай алпауыттардың қоғамға тигізетін қандай әсері бар деген секілді тақырыптар күн тәртібіне қойылып келеді. Шындығында, біз мұны қалайық, қаламайық, оларды қоғамның өзі туғызды. Оның үстіне, Қазақстан – жариялылық құндылықтарын құптаған ел. Яғни, ақпаратқа қысымшылық жоқ. Бірақ БАҚ магнаттарын мемлекеттік мүддеге жұмыс істеуге шақыру әсте дұрыс. Өйткені, олардың қолында үлкен идеологиялық құрал бар екенін естен бір сәт те шығаруға болмайды. Қайта БАҚ иесінің қайдан шыққанын, оның тәуелсіз елімізге қаншалықты дәрежеде жаны ашитынын, "қаражатын өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсай ма, жоқ көкейінде жүрген бір дара пиғылына шашады ма?" деген мәселелерді зерттеудің ешқандай артықшылығы жоқ. Несін жасырамыз, бізде осы жағы жетіспейді. Мұндай игілікті іс-шаралар мемлекеттік тұрғыда жасалынуға тиісті. Әрі тәуелсіз елімізді мұратына жеткізетін асыл құндылықтарды айқындауымыз керек. Себебі, тағы да айтам, дамыған елдердің тұрмыс-салтына көз жіберсек, олар әлдеқашан өздеріне лайықты идеологиялық негіз жасап алған. Мысалы, Оңтүстік Кореялықтар өздерін «Тау самалы елі» деп дәріптейді. Ал испандықтар ағылшын тілін білуге құштар емес. Испан тілінен сұлу тіл жоқ деп есептейді. Француздар өнер, білім, ғылымның ортасы екенін мақтаныш етеді.


1999 жылы Канаданың Монреал қаласында дүниежүзілік коммуникация мен журналистика ұйымы – ОРБИКОМ-ның үлкен конференциясы өтті. Әлемге аты тараған, аузымен құс тістеген небір жұлдыздар қатысты. Сол сыйлы қонақтарды қала мэрі бір ағаш үйде қабылдады. Сонда қонақасы берілді. Көкке бой тіреген небір зәулім ғимараттар тұрғанда бұнысы несі екен деп ойладық. Сөйтсек әлгі жайда кезінде үкімет үйі орналасқан екен. Міне сізге, елдің тарихын қастерлеудің үлгісі. Оның жанында біздің тарихымыз дария емес пе?

Қазақ – тарихы терең, табиғаты таза халық. Ғасырларға кететін тарихында біреудің алажібін аттамаған, көршілеріне көз алартпаған. Өзгенің жерін жаулап, біреудің қанын жүктемеген. Ол ақкөңіл, кеңпейіл, аса қонақжай дара халық. Ауыз әдебиеті өте бай, сөз қадірін түсінген, тарихын тасқа қашаған дана халық. Әлем өркениеті алдында беті ашық, жүзі жарқын. Сондықтан мақтан етер, үлгі тұтар қасиеттері жетіп-артылады. Сондай брэндтерді айқындап аламыз десек, ешкім қолымыздан қақпайды.

Біз технологиясы дамыған елдер шығарған заттардың сапасын мойындаймыз. "Проктер энд Гэмбл" фирмасының әтір-сабындары десе, немістің "Мерседес", "Ауди" көліктері десе ерекше қызығушылық танытып жататынымыз өтірік емес. Демек, ғаламдық деңгейдегі адамзат ойының жемісін пайдаланып келеміз. Алайда, бұл айтылғандар жаһанданудың бір жағы ғана.

Екінші жағынан, біз аталмыш үрдіске араласа отырып, ұлттық мүддемізге барынша адалдық танытпағымыз, елдік мұрат-ұстанымдарымызды қастерлеуіміз шарт. Сонда ғана жұтылып кету қаупінен құтыламыз.

Осыған қарсы амалды көршілеріміз бастап та кеткен тәрізді. Тіпті, Ресей мектептерінде православие дінін арнаулы пән ретінде оқыту қолға алынуда. Бізде ше?.. Бізде енді ғана шикілі-пісілі бірдеңені бастадық. Неге екенін қайдам, өскелең ұрпақ санасына салт-дәстүрімізді сіңіруден де тартыншақтай беретініміз бар. Ал, мұхиттың арғы жағынан ағылып келіп жатқан компьютерлік ойындарда Құранға құрметпен қарайтындардың қарақшылық бейнесі жасалып, оларды терроршылар ретінде көрсетуде. Мұндай әрекеттің нәтижесі өзін көп күттірмесі анық. Міне, бұл -жаһанданудың артында не жатқанын, оның өз наным-сенімдерін тықпалағыш үстем идеологиясы салтанат құрарын білдіріп тұр.


Өткен ғасырдың басында ірі державалар қару-жарақ шығаратын зауыттарды көптеп салып, соғыс қамына мықтап кірісті. Осы мақсатқа ұлттық қордағы қаржының жартысынан астам бөлігін жұмсап, бұл әрекет сырттан төнер қауіптен қорғану үшін керек болды деп ақталып жатты. Әйтсе де, одан соғыс қаупі өрши түспесе, басылған жоқ. Одан кейін барлық қаржыны халықаралық саясатты дамытуға төкті. Түрлі ұйымдар құрылды. Бірақ, әр ел өзіне ылайықтап саясат жасап алды. Бір байламға келу күн өткен сайын қиындай берді. Сондықтан өткен ғасырдың соңында Парижде ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен білім берудің дүниежүзілік бірінші конференциясы өтті. Екі жүзге тарта елдің білім министрлері мен түрлі делегациялар қатысқан осы салиқалы жиында адамзатты жақындастыратын тек қана олардың білімі мен рухани қазынасының бірлігі деген тұжырымға тоқтады. Яғни, білім беру жоспарының тең жартысы әр елдің өзіндік ерекшелігіне: тарихына, тіліне, діліне, дініне т.б. толып жатқан өзгешеліктерін орайластыра жасалып, қалған бөлігі жалпы адамзат ақыл-ойының озық үлгілерімен толығуы қажет деген бір байламға келді. Сонда бір стандартпен білім алғандардың рухани жақындығы артып, бірін-бірі тез түсінеді. Оның үстіне әр ел ұлт ретінде өзін-өзі сақтап қалады деп шешті. Бірақ, сонда да шортандардың майда шабақтарды жұтып қою қаупі әлі де күшті болып тұр.

Тәуелсіз еліміз іргесінің берік болуы – білімді мамандардың ғана емес, алдымен отаншыл, ұлтжанды, рухани дүниесі кемел азаматтардың қолында. Осы тұрғыда ұлы ұстаз әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген болатын. Ел боламыз десек, осыны естен шығармау лазым.

Шет мемлекеттерде өз тілшілерімізді ұстау, тілші қосындарын ашу, сөйтіп, ақпаратты өзіміз жинап, өзіміз әзірлеуіміз күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өйткені, ғаламдану жағдайында ұлттық мүдде мен көзқарас жойылып кету қаупі де жоқ емес. Қазіргі ақпараттық тасқын әлсізді шайып, жағаға ысырып тастауға бейім. Ақпарат тізгінінен айырылсақ, ұлттық қаймағымыз да бұзылады, рухани дүниеміз ойсырайды, қиялымыз «тобырлық мәдениет» қамауына түседі, тіліміз шұбарланады, діліміз азады, ажарымыз тозады.


Қазіргі қоғамдағы журналистің рөлі арта түсуінің де себебі осында жатыр. Түйткілді мәселе ақпарат арқылы шешіледі. Соған орай тілшінің жауапкершілігі де күшейеді. Жаңа заманның журналистері алғыр болуы шарт. Арпалысқан ортада өз дегенін дәлелдеп, айтқанын өткізетін, ойын батыл қорғай алатын қайсар мінез, ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік керек. Журналистің басты қаруы - білімі және ол ұдайы ізденуі, оқуы, білгенін жетілдіруі тиіс. Сөз иесі, қалам иесі еңбекқор болғаны ләзім. Журналистика тәжірибемен қалыптасып, шеберлігі уақыт тезінен өтіп шыңдалатын, шынығатын мамандық. Шабыт қаншалықты қолға ұстатпайтын сағым болса, шығармашылық та тұңғиық дүние, түбіне ешкім жеткен емес. Журналистік шығармашылықтың рахаты да мол, ол - тыңдарман, көрермен мен оқырман ықыласы, ойыңның өзгелердің көкейінен шыққаны, жақсылыққа жалау болғаның, артыңа ізгілік ізін қалдырғаның. "Мамандығым - мақтанышым" дегенді мұрат тұт, радио әлемін шарлаған СӨЗ ИЕСІ!



<< предыдущая страница   следующая страница >>