https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 ... 25 26

НАМАЗАЛЫ ОМАШЕВ



РАДИОЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ

ТЕОРИЯСЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ


Оқулық


Астана, 2009


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ


Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ


РАДИОЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ

ТЕОРИЯСЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ


Оқулық


Астана, 2009


Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Ғылыми кеңесінің 2009 жылғы 9 қарашадағы (№ 3 хаттама)

шешімімен баспаға ұсынылды.


Омашев Н.

Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі: Оқулық. – Астана, 2009.


Бұл оқулық соңғы бекітілген типтік оқу бағдарламасына сәйкес радиохабардың БАҚ ретіндегі рөлі мен орны, қоғамдық міндеттері, тарихы және технологиясының даму кезеңдерін түгел қамтиды. Сол сияқты онда радиожурналистиканың жанрлары мен пішіндерінің қалыптасуы, эфир журналистикасының ерекшеліктері, оның көп жылғы тәжірибесі кеңінен қарастырылды.

Оқулық журналистика саласы бойынша маманданатын студенттерге, магистранттарға, докторанттарға арналған.


Пікір жазғандар: Ғ. Шалахметов, телерадио және қоғаммен

байланыс кафедрасының меңгерушісі

С. Негимов, филология ғылымдарыны

докторы, профессор.


Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институты ұсынды.


МАЗМҰНЫ


Алғы сөз


I тарау. Радиохабар табиғаты және оның қоғамдағы рөлі мен

орны.


II тарау. Қазақстанда радиохабар тарату ісінің тарихы.


III тарау Радиожурналистика жанрлары мен пішіндері.

IV тарау Радиохабар таратудың қазіргі түрлері.



V тарау. Радиохабар жасаудың технологиясы.


VI тарау. Радиохабардың бейнелеуші құралдары.


VIІ тарау. Радиожурналистің шығармашылық шеберханасы.


VIIІ тарау. Радио аудиториясы. Радиохабар таратудың

экономикалық негізі.


ІХ тарау. Ашық қоғам және шетелдік радиостанциялар.


ҚОСЫМШАЛАР


«Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі» пәні бойынша оқу бағдарламасы.


Курстық жобалардың тақырыптары.


Студиялық сабақтардың үлгісі.


Радиохабар технологиясын оқытудың әдіснамасы


Ұсынылатын әдебиеттер.




АЛҒЫ СӨЗ


Радионың ұйтқысы да, тірегі де, жүрегі де — мамандар, білікті кадрлар. Бұқаралық комуникация ретінде оның екі жағы бар: ақпарат жасаушы — шығармашылық ұжым және тыңдарманы. Міне, осы жағдайда радиохабар тарату жүйесі үшін болашақ маман даярлаудың маңызы арта бермек. Радиохабар тарату, жеткізудің жолдары, әдіс-тәсілдерін техникалық мамандық иелері — инженерлердің үлесіне қалдырып, сол ақпараттың ішкі мазмұнын жасаушы — радиожурналист үшін қажетті теориялық және тәжірибелік білімнің жиынтығы ретінде осы оқулық ұсынылып отыр. Қазір Қазақстанда журналистика мамандығы бойынша ондаған жоғары оқу орындарында білім беріледі, жыл сайын ондаған шәкірттер диплом алып, радиоұжымдарға жолдама алып жатады.

Радиожурналистика – бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде де, өзіндік ерекшелігі мен табиғаты, әдіс-тәсілдері мен қырлары бар ғылым саласы ретінде де мойындалған. Радиожурналистика бүгінде салааралық ғылым ретінде қарастырылады. Ол – тіл білімі мен сөйлеу мәдениетін, психология мен әлеуметтануды, тарихи шолу мен философияны және коммуникавистиканы бір арнаға біріктіретін күрделі де жанды организм, ұдайы даму, өзгеру үстіндегі құбылыс. Дегенмен, осы күрделі қарым-қатынастардың да негіздері, ортақ заңдылықтары мен принциптері бар және ол жеткілікті жүйеге түскен. Міне, сол әлемдік және отандық зерттеулер мен тәжірибе оқулық беттерінде көрініс табады.


90 жылға жуық тарихы бар Қазақ радиожурналистикасы жақсы зерттелген, жүйелі мектебі қалыптасқан ғылым деп те айта аламыз. Әр жылдары зерттеушілер: Р. Сағымбеков, М. Барманқұлов, С. Қозыбаев, Н. Омашев бұған өзіндік үлесін қосты. Қазақ журналистикасын зерттеушілер: Б. Кенжебаев, Қ. Бекхожин, Т. Амандосов, Т. Қожакеевтер радиоға қатысты да тұжырымдар айтқан. Әсіресе, осы оқулық авторы Қазақ радиожурналистикасын зерттеуде айтарлықтай еңбектенді. Ол радиофельетонды теориялық тұрғыда талдап, ғылыми айналымға алғаш рет қосты. “Қазақ радиожурналистикасы” атты монографиясында елімізде радиохабар тарату ісінің қалыптасуы мен дамуын тарихи деректер негізінде жүйелеп, кезеңдерін айқындап, жанрлар мен пішіндер эволюциясын көрсетіп береді. Бұл еңбек радиожурналистика ғылымындағы іргелі концептуальды дүние ретінде тиісті бағасын алды. Соңғы жылдары ол жаңа деректер негізінде Қазақ радиохабарын бұрынғыша 1931 жылдан емес, 1921 жылы хабар тарата бастаған Орынбордағы өлкелік радиостанциядан бастау алатындығын дәлелдеп шықты.

Тәуелсіздік жылдары радиожурналистиканы зерттеу ісі жаңаша сипатқа ие болды. Егемен Қазақстанда радио дамуында болған іргелі өзгерістермен қоса, оқулық авторының төрағалығымен 10.01.10-журналистика мамандығы бойынша Диссертациялық кеңестің ашылып, жұмыс істеуі де тың серпін берді. Радиожурналистика проблемалары, теориясы мен тәжірибесі тиянақты зерттеле бастады. Аталған ғалымның жетекшілігімен ізденушілер: А. Бейсенқұлов радиохабар таратудағы технологияның ықпалын, Р. Бегімтаева қазақ тілінде хабар тарататын шетелдік радиостанцияларды, К. Қабылғазина Қазақ радиосы тарихының бір кезеңін, С. Велитченко форматтық принциптерді, Т. Көпбаев Қазақ радиодраматургиясы табиғаты мен ұлттық сипатын, Ж. Әбдіжәділқызы тікелей эфир табиғаты мен кәсіби шеберлік мәселелерін, О. Ошанова әдеби-драмалық хабарлар дамуын зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Сөйтіп, ғылымда жаңа бағыттар дүниеге келіп, тың ойлар айтыла бастады, радиожурналистика ғылымы сала-сала бойынша дами түсті, болашақ зерттеулер үшін жаңа тақырыптар айқындалды.


Оның үстіне Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен Журналистика мәселелерін зерттейтін институттың ашылуы бұрын жеке дара еңбектеніп келген ғалымдардың жұмысын бір ізге, бір жүйеге түсіруге үлкен септігін тигізері сөзсіз. Мысалы, осы институтта дайындалған қолдарыңыздағы оқулықтың басты ерекшелігі – ол Қазақстан Республикасында жоғары кәсіби білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттарына сәйкес (2004 жылы бекітілген) типтік бағдарламаға сай радиожурналистиканың негізгі түйінді мәселелерін толық қамтып жазылып отыр. Осыған орай оқулықта радиожурналистика негіздері теориялық тұжырымдалып, бүгінгі хабар таратудағы тәжірибе жинақталады, радиожурналист үшін ақпарат жинаудан бастап, оны эфирге таратуға дейінгі іс-әрекеттерге талдау жасалады, радиоақпарат әсерлілігін арттыру жолдары қарастырылады, оның тыңдарманға ықпалы бағаланады. Яғни, радиожурналистикаға қатысты кешенді білім көздері жинақталады. Радиохабар тарату ісін тарихи-теориялық тұрғыдан жинақтау принципі басшылыққа алынды және ол қоғамдық дамумен бірлікте қарастырылды. Радионың бұқаралық ақпарат құралының бірі ретінде әлеуметтану, психология және эстетика тұрғысынан таразыға түсті. Осы міндеттерге сәйкес оқулықтың ішкі құрылымы да түзілді. Елімізде қолға алынған білім берудің көп сатылы жүйесіне сәйкес оқулықта қосарлық (кредиттік) технология талаптары ескерілген, қосымша мағлұматтар мен дерек көздері кеңінен көрсетіледі, яғни студенттің өз бетінше білім алуы мен шеберлігін шыңдауына жол ашатын сілтемелер қоса беріледі.

Оқулықтың тағы бір ерекшелігі — онда ұлттық тәжірибеге жете мән берілетіндігінде, әлемдік журналистиканың құрамдас бөлшегі ретінде Қазақ радиожурналистикасының ерекшелігі мен шығармашылық ізденістері басым сөз етіледі. Қазақ радиожурналистері мен дикторлары, режиссерлері мен сазгерлері шығармашылық ынтымақтастықта дүниеге әкелген көркем дүниелер уақыт өтсе де өзінің құндылығын жоғалтпайды, кейінгілер одан үлгі алады. Бір жылдары радио өнер ме, жоқ па деген де пікірталас өрбіген. Радионың құдіреті адам санасын сілкінтіп, көңілін шымырлататын қасиетінде, ол да шынайы өнер туындылары сияқты адамды қанаттандырып, шабыттандырып, рухани жан дүниесіне әсер ете алады. Өнерге тән белгілердің бәрі бір бойынан табылып жатса, оны жасанды шектеудің қажеті шамалы емес пе? Рас, көп хабарлар сол талғам дәрежесіне көтеріле алмай жатса, оның кемшілігін шығармашылық ұжымның әдіс-тәсілдерінен, алға қойған мақсат-мұраттарынан іздеу керек шығар.



* * *

Оқулық Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәселелерін зерттейтін институтта даярланды. Онда доценттер: А. Бейсенқұлов, Р. Нуриден, К. Кабылғазина, Ж. Әбдіжәділқызы, О. Ошановалардың оқулық авторы жетекшілігімен орындалған кейбір материалдары пайдаланылды.


І ТАРАУ


РАДИОХАБАР ТАБИҒАТЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ МЕН ОРНЫ


  • Радиохабардың қоғамдық мәні




  • Дыбыстың акустикалық табиғаты




  • Радиохабар таратудың міндеттері



Радиохабардың қоғамдық мәні


Радионы адамзат өркениетіндегі аса ірі ғылыми жетістік қана емес, қоғамның даму тегершігін жеделдеткен құбылыс ретінде орынды бағалағанымыз жөн сияқты. Сымсыз ақпарат жеткізуді меңгергелі бір ғасырдан асатын уақыт өтті, ал ғылыми-техникалық прогресс қарыштап дамып кетті. Соған тікелей жол ашқан “ақжолтайлардың” бірі де бірегейі — радио және оған қатысты технологиялар.

ХХІ ғасырда адамды және оның болашағын электронды есептеу машиналарынсыз, байланыс құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Соның бастауында тұрған ғылыми жаңалық — радио болса, ол күні бүгінге дейін жетілдірілу үстінде. Радио — ақпаратты жеткізу мен тасымалдаудың құралы ғана емес, оны басқару мен жүйелеудің де тетігіне айналды. Радио шекараны білмейтін, тосқауылсыз арнаға, жаһандық сипатқа ие болды. Шағын ғана, энергияны аз қажетсінетін құрылғылар тұрмысымыздан кең орын алып, адамға көмекшілікке жарады. Бүгінгі ақпараттық тасқынның да бастау бұлағы — радиотехнологиялар. Оның жетілдірілген түрі теледидар радио әдістерімен енді бейнені де жеткізетін болған, бүгінгі газет-журнал, кітабыңыз да радио туындыларсыз басылып шықпайтынын қайтерсіз. Қайда қарамаңыз, қайда бас сұқпаңыз “радио” деген жанды сөзден тарамданып кететін жаңалықтар алдыңыздан кесе көлденеңдеп шығады.


Адамды адам еткен еңбек және сөйлеу машығы дейді ғылымда. Сөзді тыңдарманына жеткізудің де қуатты құралы радио болып табылады. Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамға жетіп, қажетті ақпаратпен қаруландыра алады. Сөйтіп, радио техникалық құбылыстан бүгінде қоғамдық құбылысқа айналған. Ол миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды-экспрессивті ықпал ете алады.

Осы арада тарихи ретроспективалық аз-кем шолу жасауды жөн көріп отырмын. Радио қазақ даласына айтып жеткізілуі қиын өзгерістер ала келді. Өткен ғасырдың 30-жылдары оқыту жүйесі қалыптаспаған, оқулықтар мен ұстаздар жетіспейтін кезеңде “ұзынқұлақ” атауына ие болған радио халықтың жаппай сауаттануына, мәдениетінің өсіп-жетілуіне күшті ықпал етті. Табиғатынан зерек те зейінді далалық үшін жаңа мәдениет құнарлы топыраққа отырғызылған ағаштай тез көктеп, жеміс берді. Ол ел басына күн туған қиямет соғыс жылдары елдік рухты сақтап, жауға қарсы жұмылдыруда, жеңіске жетуде аса жасампаз рөл атқарды. Соғыс жарасынан емделіп, қайта өркендеуде де бірден-бір қуатты бұқаралық құрал радио болып табылды. Халықтық өнерді насихаттауда, оны жеткізуші таланттарды жарыққа шығаруда радио айрықша орын иемденді, сөйтіп бірегей ұлттық ән мен музыканың “Алтын қоры” дүниеге келді, өткен ғасырлар үнін болашаққа жеткізудің мүмкіндігі туды. Радио қазақ журналистикасының, өнері мен мәдениетінің бір топ көрнекті қайраткерлерін, ел таныған қаламгерлерді, сөзі дуалы зиялы қауымды қалыптастырды. Радиода жинақталған мол тәжірибе, қалыптасқан дәстүр, журналистік ізденіс пен шеберлік кейіннен Қазақ теледидарының да жедел дамып, өркендеуіне жол ашты.

Рас, кеңестік кезеңде радио идеологиялық құрал ретінде басқарылып, қатаң бақылауда болды, белгілі бір ұстанымдар мен талаптар шеңберінен шыға алмады. Дегенмен, радио табиғатынан демократияшыл, ашық құбылыс еді. Еңкейген қария алысқа көз тастап, радиодағы әдемі әуенге елітіп, жастық шағын сағына көз алдына келтіріп отыратын. Балқұрақ бүлдіршін радиокейіпкерлерді қиялмен шолып, армандайтын, жоспарлар құратын... Кез-келген адам әуе толқынынан өзіне қажетті ақпаратты ести алады.


Ал, бүгінгі егемендік, тәуелсіздік жағдайында радионың мүмкіндігі шексіз артты, бұл ортада да бәсекелестік күшейді, таңдау мүмкіндігі пайда болды, әртүрлі бағыт-бағдардағы, стиль мен мәнердегі радиостанциялар көбейді. Радиоарна өз қаржысын өзі тауып, дамитын жағдайға жетті, шығармашылық шексіз мүмкіндіктер ашылды. Радиожурналист эфирде еркін сөйлейтін, ойын бүкпесіз жеткізетін және оған өзі жауапкершілік жүктейтін жағдай туындады. Қазақстандағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының еркін дамуына жағдай жасайтын заңды-құқықтық актілер ұдайы жетілдірілу үстінде. БАҚ саласын дамытудағы егемен елдің жетістігі сарапшылар, соның ішінде әлемдегі озық сарапшылар тарапынан жоғары әділ бағасын алды.

Дегенмен, Қазақстандағы қазіргі радионың дамуы мен бағытына көпшіліктің көңілі толмайтын жағдайлар да жоқ емес. Ақпараттық жеделдік жолында іздене түсу қажет, сараптамалық терең хабарлардың үлес салмағы өте аз. Көп арналар жеңіл ойын-сауықтық, сазды форматты ғана қолдап келеді, шығармашылық ізденісі жұтаңдау. Сөйлеу мәдениеті мен тазалығы нашарлап кеткен жағдай да тыңдарман ашу-ызасын тудырады. Кәсіби біліктік пен жауапкершілік әркез сақтала бермейді. Кейбір радиостанцияларда мемлекеттік тілдің дамуына қамқорлық жасалмайды, ұлттық мүддеден коммерциялық мүддені жоғары қоятындығы аңғарылып қалады. Эфир уақыты бос әңгімемен толатыны да таңсық емес. Радиожарнама мәдениеті төмен, осылай кемшіліктер жалғасып кете береді.

Бұл Қазақстанда радионың болашағы бұлыңғыр деген пікір туғызбаса керек. Өтпелі кезеңнің қиындықтары тез артта қалып, радио қуатты ақпарат құралы ретінде дамитынына әлемдік тәжірибе көз жеткізіп отыр. Мысалы, дамыған ел АҚШ-та 8 мыңнан астам әртүрлі радиостанциялар жұмыс істейтін көрінеді және солардың бәрі дерлік жеке меншікте болып табылады. Яғни, өз тапқан табысы есебінен даму үстінде. Қазір Қазақстандағы радиостанциялар саны ондап қана саналады, көбіне, республикаға, ірі қалаларға хабар тарататын арналарды ғана білеміз. Ал, жергілікті радиостанциялар қатары өте сирек. Міне, болашақта солардың қатары еселеп өсіп, әр аймақта ондаған хабар тарату орталықтары қатар жұмыс істейтініне көзіміз жетеді.


Радио — өнер. Радио — ақпарат, шартараптан ең жедел хабар жеткізетін арна. Радио — бизнес көзі. Радио — мектеп. Радио — тарих, өмірдің өшпес шежірешісі. Оның үні сана сүзгісінен өтеді, мәнді хабарлар, ән мен саз қорда сақталып, кейін қайталана береді. Радио — өмірдің қиын сұрақтарына жауап беретін кеңесші, көмекші. Радио — ғұмыр, мыңдаған адамдардың тағдырына ықпал ететін күш-қуат. Радио — көңіл күй барометрі, өмірге құштарлық дәнін шашатын бастау бұлақ. Соңғы жылдары телевизияға қатысты да көп сын айтылып жүр. Соның ішіндегі ең қабырғаға бататыны — телеэкрандағы зорлық-зомбылықтың, қантөгіс пен арсыздықтың шектен шығып кеткендігі, ешқандай шектеу шараларының жоқтығынан ауа жайылып, көрермен санасын улап жатқандығы, жас жеткіншекке теріс тәрбие беретіндігі. Ал, радиода ондай белгілер байқалмайды, керісінше ізгілік пен жақындықты көбірек сезінеміз, адамның ең асыл қасиеттерінің бірі — сөйлесу мен жылы қарым-қатынас жасауға тартып тұрады, көңіліңді көтеріп, демейді, оптимистік қуат беріп, жігерлендіреді. Бүгінгі радиода кемшіліктер кетіп жатса, ол қоғамның да кемшілігі. Көп болып талап етуге, қажетінде қолдауға тиіспіз. Әуе толқынында еркін тарайтын ашық ақпарат ат төбеліндей азғантай топтың меншігі емес, ол қоғамдық өскелең талаптарға жауап беруге, онда қалыптасқан мәдени қатынастарды алға сүйреуге, жақсартуға міндетті.

Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сөйлеу мен естудің маңызы айрықша. Осы екі қабілеттің басын біріктіріп, ақпарат тасымалына жол салған, миллиондардың санасына бір мезгілде ықпал еткен радионың негізі де табиғаттан, жаратылыcтан, қоршаған ортадан бастау алады. Жапырақ сыбдыры, құстың сайрағаны, су сылдыры мен шолпылы, адам дауысы, доңғалақ сықыры, қоңырау үні, мотор шуы, музыка — мұның барлығы ауадағы табиғи тербелістердің адам құлағына жетуі, оны сана арқылы түйсіктеуіміз болып табылады. Дыбыс адамның өмір сүруін, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қоса көңіл-күй сыйлайды, рухани байытады, сана-сезімін өсіреді, жаңа межелерге жігерлендіреді, күш-қуат береді, немесе жұбатады, демалдырады, бір күйден екіншісіне көшуге көмек береді. Адам өз еркінен тыс табиғи ырғақтар (биоритм) жетегінде өмір сүреді, соған сәйкес жүрек соғысы, тыныстауы, қабілеті мен зейіні де құбылмалы болып келеді. Бүгінгі радио адамның биологиялық, физиологиялық қасиеттерімен қоса оның жан дүниесін, яғни психологиясын да ескеретін бұқаралық ақпарат құралдарының бірі де бірегейі.

Бұқаралық ақпарат құралы ретінде де радионың табиғаты осы табиғи заңдылықтар мен қарым-қатынастарға негізделеді. Жүз жылда радиожурналистика ғылымы дамып, өзінің негізгі ұстанымдары мен қағидаларын қалыптастырып үлгерді. Радиоақпарат таратудың табиғатына келгенде, ғылымда оның басты 3 қасиеті бірінші айтылады және бірауыздан мойындалады.


Радионың бірінші табиғи қасиеті — жеделдігі. Қалыптасқан БАҚ жүйесінде бірде-бір басқа құрал мұндай жеделдікті қамтамасыз ете алмайды. Газет ақпараты оқырманына жету жолында күрделі бірнеше процесті: деректі жинау, терім, беттеу, көбейту және тасымалдауды бастан өткеріп, бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейінгі уақытты қамтуы мүмкін. Телевизияда соңғы жылдары ғарыштық байланыс құралдары арқылы оқиға ортасынан тікелей хабар беру үрдісі жолға қойылды. Бірақ ол көп шығынды, қымбат техникалық құралдарды қажет ететіндіктен екі телеарнаның бірінің шамасы жетпейді, сондықтан сирек, үлкен компаниялардың ғана тәжірибесінен орын алған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы уақытта радио тәсілін қолдану етек алып келеді, яғни тікелей эфирде телефон арқылы ақпарат беру жиі кездесіп жүр. БАҚ қатарына соңғы жылдары қосылған Интернеттің де өзіндік шектеулері бар. Дүниежүзілік компьютерлік желіде ақпарат сайтқа орналастырылған сәттен бастап, оны кез-келген шартараптан оқуға мүмкіндік туады. Ол үшін де тұтынушының ақпарат таратушы сайтын тауып, ондағы дерекке жол табуы үшін кәсіби машығы болуымен қатар іздеуге уақыт жұмсауына тура келеді. Радиожурналист болса оқиға ортасында жүріп, көрген-білгенін тікелей эфирге шығып баяндай алады. Соңғы жылдары қауырт дамып, кең қолданысқа ие болған ұялы телефондар бұл үрдіске жаңа тыныс әперді, радионың мүмкіндігін бұрынғыдан да арттырды. Радиотілші төтенше жағдайлар болсын, тез өзгермелі спорт жарыстары болсын, ақпаратын жеткізу мақсатында орталық студия арқылы байланысқа қосылып, тікелей эфирде жұмыс істей алады. Қазіргі заманғы байланыс технологиясы радио ақпарат таратуды аз шығынмен тікелей эфир жағдайында жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Яғни, ақпаратты тұтынушысына жеткізу жеделдігі жағынан телевизия да, Интернет те радионың алдына шыға алмайды. Радио ең жедел, икемді, әрі аз шығынмен жұмыс істейтін бұқаралық құрал болып қала береді.

Радио тыңдарман үшін аса қолайлы болып табылады және бұл қасиетінің маңызы айрықша. Радионы тыңдау үшін арнайы уақыт бөлу, болмаса күш жұмсау міндетті емес. Үй шаруашылығындағы тірлікпен айналысып жүріп те, жұмыс уақытында да, тамақтанып отырып та, автокөлікте келе жатып та, сейіл құрып жүріп те радионы еш кедергісіз тыңдай бересіз. Радио әмбапап ақпарат таратуымен де қолайлы. Ауа райынан бастап маңызды саяси оқиғалар, төтенше жағдайлардың барысы, экономикалық көрсеткіштер туралы, болмаса спорт әлеміндегі қызықты деректердің барлығы кезегімен әуе толқынында тарап жатады. Тыңдарман өзін қызықтырған хабарға зейінін күшейтеді, болмаса кейбір мағлұматтарға аса назар аудармайды. Сөйтіп, өзінің сол уақыттағы сұранысына орай қажетті ақпараттарды қолайлы жағдайда екшеп отырады. Бәсекелестік жағдайында радиостанциялар саны өте көп, сондықтан да соңғы жылдары радионың хабар тарату бағыт-бағдары да өзгеріп, ол тыңдармандардың сұранысына орай маманданып, белгілі бір аудиторияға, әлеуметтік топтарға бейімделе бастады. Бір радио жедел ақпарат пен музыкаға көңіл аударса, екіншісі ескі әуендерді қайта жаңғырту арқылы тыңдарманын тартады, үшіншісі белгілі бір музыкалық бағытты (попса, рок, джаз, т.т.) ғана қолдайды, тағы бірі жасөспірімдер үшін хабар таратады, соған орай сөйлеу стилі мен әдісін де сақтайды. Осыған байланысты әр түрлі радио форматтары көбейді, радионың аудиториясы да түрлене түсті. Міне, осының бәрінде радионың табиғатынан қолайлылығы басты рөл атқарады.


Радионың үшінші бір қасиеті — тыңдарманына психологиялық әсері, немесе эмоциональдығы. Адамның есту қабілетіне құрылған радио тыңдарманның қиялы мен сезіміне де өзгеше әсер етеді, басқа БАҚ құралын еш қайталамайды. Адам табиғатынан естіген жағдайларды көрініс ретінде елестетіні белгілі. “Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе” дейтін қазақ үшін ой-санаға әсер етудің мәні айрықша. Оның үстіне, көбіне көшпенді-отырықшылықты кәсіп еткен қазақ үшін оның өзіндік тарихи жетілу эволюциясы мен дәстүр-салты бар, ол ұлттық гендік қорымызда сақталып, ұрпақ арқылы атадан балаға беріліп келеді. Далалық қазақтың табиғат құбылыстарын жетік меңгергендігін, аса зерек және сезімтал болғандығын, физиологиялық мықты болғандығын күрделі қоршаған ортада табиғи сұрыптаудан өтіп, жетілгендігімен түсіндіруге болады. Дала абыздары том-том кітапқа пара-пар дастандарды жатқа оқып, ауызша ұрпағына жеткізген, жаңа ғана дүниеге суырып салу жолымен келген күйді екіншісі сол заматта қағып алып, қайта тартып беру үрдісі қалыптасқан.

Жаһандану мен нарық жағдайында адамдар тұрмыста болсын, жұмыс орнында болсын күрделі мәселелермен бетпе-бет кездеседі, әр түрлі қайшылықтарды тез шешуіне тура келеді, соның қатарында стрестік жағдайларды бастан өткізеді. Яғни, әр адамның эмоционалды көңіл күйі мен күш-қайраты да өзгеріп отырады. Мысалы, жұмыстан шаршаған адам үйіне жеткенше, көлік тауқіметін, жол нашарлығын, қала жағдайындағы кептелмелерді, қызмет көрсету мәдениетінің төмендігін көрді дейік. Үйде де бәрі қолайлы болмауы мүмкін. Бір сәт көңілін аулау үшін, теледидар қараса, онда да тосын оқиғалар, бітпейтін тауқіметтер, бет жыртысқан адамдар, көлгірсіген саясаткер мен жүйкеге тиер жарнамалар, қантөгіс фильмдер мен бітпес көбікті сериалдар. Мұндай жағдайда адамның жүйкесіне үлкен салмақ түседі, сезімі тежеледі, көңіл хошы төмендейді, өмірге құштарлығы бәсеңсиді. Міне, осы көңіл ахуалын өзгерте алатын, эмоциялық тепе-теңдікке жеткізетін күштің бірі — радио. Радио табиғатынан агресшіл емес, керісінше жұмсақ та жағымды, жайлы. Радиоақпарат көбіне оптимистік болып келеді, өмірлік жақсы тонус қалыптастырады. Әлеуметтік психологтар тосын қайғылы оқиғаның телевизиямен салыстырғанда радиодан естілгенде санаға жұмсақтау жететіндігіне назар аударған. Өйткені, телеақпарат жүйкеге тікелей әсер етсе, радиодан естілген жаманат хабар психологиялық қорғаныс факторына тап келетін көрінеді. Мұның өзі радионың өзіндік табиғатын сақтай отырып, телевизия сияқты пәрменді құралмен қатар өмір сүре алатындығына көз жеткізеді.


Радионың басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысы туралы сөз қозғалғанда, алдымен оның міндеттері сараланып шығады. Бүгінгі БАҚ жүйесі жетіліп, қалыптасқан жағдайда оны төмендегідей тұжырымдауға болады:


  • радио — ақпарат таратады, құлақтандырады;

  • телевизия — оқиғаны, болмысты көрсетеді;

  • газет-журнал — деректі, оқиғаны талдап, түсіндіреді;

  • Интернет — ақпаратты сан қырынан көрсетеді, мәтін, дыбыс пен бейне тұтастығынан тұруы да мүмкін.

Интернеттің жөні бөлектеу және ол техникалық ерекшелігінен туындайды. Дегенмен, Интернеттегі ақпараттық жүйе қалыптасу үстінде, өзіндік белгілері толық айшықталған жоқ. Оның үстіне Интернет жалпы ақпарат мұхиты да, оның ішіндегі маңызды ақпарат, әсіресе БАҚ ұғымына сәйкес ақпарат шағын аралдай ғана. Бірақ, компьютерлік желідегі ақпарат тасымалының динамикасы, өсу үрдісі өте қарқынды болғандықтан болашағынан көп үміт күтеміз. Осы жағдайларды ескеріп, дәстүрлі БАҚ пен радио арасындағы байланыстарға баса назар аударамыз.

Жоғарыда аталған міндеттер көп жағдайда араласып кетеді. Радиодан да қызықты да мазмұнды талдамалық хабарларды кездестіреміз, жанды да жалынды портреттер мен очерктерді тыңдаймыз, радиокеңестерге құлақ асатындардың да қатары көп. Телевизия да кейде оқиға туралы бейнекөрініс түсірілмегендіктен құрғақ хабар таратады, немесе тілшінің үнін телефон арқылы береді. Болмаса, кейбір газет очерктерінің жақсы жазылғандығы сонша, қиялыңды шарықтатып, өзіңді кейіпкер қасында жүргендей сезіндіреді, тұшынып оқисың, қуанасың, қамығасың, танымдық, әрі эмоциялық күш-жігер аласың. Радионың айрықша бір бітімі музыкалық хабарлардан танылады. Жақсы ән мен әуенді танытуда радионың алдына ешбір ақпарат құралы шыға алмайды.

Сонымен қатар сайлау науқаны сияқты қоғамдық-саяси оқиғалар кезінде де БАҚ құралдары өзінше әрекет етеді, әртүрлі нәтижеге қол жеткізеді, біреулер тек радио тыңдайды, қалаларда теледидарға көп назар аударылады, ал біреулердің газеттің астын сызып оқымаса, көңілі көншімейді. Бәсекелестік пен пікір саналуандығы жағдайында бұл қалыпты құбылыс. Әлеуметтік ақпараттың еркін тасқыны БАҚ-тың қоғамдық жауапкершілігін арттырды, ақпарат биліктің маңызды тетігіне айналды. Міне, осы жағдайда ақпараттық топтар, концерндер мен медиахолдингтер өмірге жолдама алды. Әлемдік тәжірибеден Қазақстан да тыс қалған жоқ. Бізде де белгілі бір қаржы-өндірістік топтары теле және радиоарналарға ие болып, өз газеттері мен журналдарын ашуда, интернет-сайттарын құрған. Бір орталықтан басқарылатын мұндай ақпараттық құрылымдардың тиімді жақтары да бар. Ең бастысы дерек көздері ортақ болғандықтан, неғұрлым кең ауқымды ақпарат аз шығынмен жинақталады және көп арналар арқылы таратылады.


Бүгінгі БАҚ-тың тағы бір ерекшелігі — аумақтық аудиториясындағы қайшылықтар. Жергілікті баспасөз де, телерадиохабарын тарату ісі де баяу дамып келеді, республикалық БАҚ-тан көп кейін қалып қойды. Соның ішінде, жергілікті радиостанциялар саны өте мардымсыз, хабар тарату сапасы өте төмен, жарнамасы аз болғандықтан, экономикалық ахуалы да сын көтермейді. Ал, әлемдік тәжірибеде, керісінше, жергілікті БАҚ-тың тез даму үрдісі аңғарылады. Тыңдармандар да көбіне жергілікті радиостанцияларға құлақ түріп, соның таратқан ақпаратына көбірек сенетін болған. Міне, Қазақстанда осы үрдісті қолдап кететін экономикалық алғышарттар таяу уақытта жасалатынына сенімдіміз. Еліміздің қазіргі дамуы БАҚ-тың дамуына да жол ашатыны сөзсіз.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өзара қарым-қатынасы мен байланысын айтқанда мына жайларға баса көңіл аударамыз:

1. Бірін-бірі мамандармен толықтырып отырады. Газет журналисі, теле болмаса радиожурналист деген мамандану өмірде таза күйінде сирек кездеседі, көбіне кадрлар ауысып, бірін екіншісі байытып, жалғастырып кете береді. Көбіне радиода микрофонға төселген, сөйлеу машығын жетік меңгергендер кейіннен телеэкранда да жақсы хабарларымен танылады. Газет тілшісі телеарнаға ауысып, терең де салиқалы сараптамалық бағдарламаларға ұйытқы болады. Болмаса телевизиядан өзін таппағандар, радиоға не газетке ауысады. Мұның барлығы заңды құбылыс, кәсіби шыңдалу жолындағы ізденістер. Әрине, болашақ журналистің талантын ерте айқындап, кәсіби дұрыс бағдарлаудың маңызы бұдан кеми қоймас. Дегенмен, білікті журналист қай салада істемесін ортақ ұстанымдар мен қағидаларды басшылыққа алып, қоғамдық дамуға, сананың өсуіне ықпал ететіндей тәрбиеленгені жөн.

2. Ұдайы ақпараттық алмасу жүріп жатады, радиожурналист те баспасөздің, телеарна мен Интернеттің материалдарын тікелей немесе өңделген күйінде өз қызметінде пайдалануы мүмкін. Тіпті, радионың бастауында газет мәтінін оқу тұр емес пе? Радиоарналар қазір де баспасөзде жарияланған қызықты материалдарға шолу жасап, көпшіліктің назарын аударып отырады. Негізінен дереккөздері бір, мақсаты ортақ болғанымен, оны аудиторияға жеткізу технологиясы ғана бөлектеу. Мысалы, баспасөз маслихатына газет тілшісі, радиожурналист, тележурналист, веб-редактор да бірдей қатыса береді. Ал, олар жасаған өнім әр түрлі болып шығады. Бірінің материалын екіншісі тікелей қолдануы да кездесіп қалады. Мысалы, “Қазақстан” ұлттық телеарнасында жүргізілетін “Үзеңгі жолдас” бағдарламасы Қазақ радиосының эфирінде де сол күйінде тарап жатты. Осы телеарнаның “Шынның жүзі”, «Бармысың, бауырым?!» хабарларының мәтіні “Айқын” газетінде жарияланып жүрді.


3. БАҚ жүйесіне жанрлар мен пішіндер ортақ, бір-біріне ықпалдасып дамыған. Бүгінгі телевизиялық жанрлар бастауын газеттен алады. Радионың пішіндері мен жанрлары да үлкен эволюциялық жолдан өтіп барып, қалыптасты, ол өз кезегінде телевизиядан тікелей көрініс тапты. Яғни, осының өзінен журналистік ізденістер мен әдіс-тәсілдердің ортақтығы аңғарылады.

4. Жалпы қоғамдық, саяси науқандарды, жарнама мен мәдени шараларды өткізу тәжірибесі ортақ. Билік органдарын сайлау болсын, музыкалық туындыны насихаттау болсын, белгілі бір тауарды жарнамалау болсын - БАҚ ортақ міндет - ақпараттық қамтамасыз етуге бір кісідей жұмылады. Әрқайсысы бір-бірін толықтырып, ортақ мүддеге қызмет етеді, тиісінше, қаражаттық үлесін де алады.

Осы тұжырымдар әр БАҚ түрі дербес өмір сүре алатындығын, ал өзара ынтымақтасудан тек нәтиже жақсаратындығын дәлелдейді. БАҚ жүйесіндегі әріптестікті дамыту, ортақ корпоративтік мүддеге қызмет ету әрбір кәсіби журналистің де міндеті саналады.



следующая страница >>