https://electroinfo.net

girniy.ru 1 ... 21 22 23 24 25 26

Шет елдік радиостанциялардың Қазақстанға

хабар таратуы


Мұндай ақпараттық басымдықты Ресей Федарациясы көрсетіп отыр. Көрші мемлекеттің газет-журналдары мен кітаптары елімізде еркін таралуда және үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге, жетекші телевизия және радиоарналары Қазақстан аумағын да қамтиды. Рунеттің ақпаратын тұтынушылар қатары да орасан. Қазақстан мен Ресей арасында мәңгілік достық шарты қабылданған, соған сәйкес экономика мен мәдениет саласында бірлескен ынтымақтастық пен достық дами тусуде. Екі жақты ынтымақтастықтан тек мәдени және адами қатынастар ғана ұтып отырған жоқ, ресейлік кәсіпкерлер Қазакстанға өз өнімін тарату арқылы табыс тауып, әсіресе, жарнамадан қомақты үлеске ие болуда. Олармен бәсекелестікте ұлттық БАҚ-та дамып, кәсіби біліктілігі мен шеберлігін жетілдіре түсуде.

Ресеймен қатар еліміздің ақпарат кеңістігінде басқалардың да үлесі бар. Солардың қатарында алдымен ауызға "Азаттық" радиосының Қазақ қызметі ілігеді. АҚШ Конгресі каржыландыратын ақпараттық холдинг әлемнің бірқатар елдеріне ана тілінде хабар таратады және өз тарихын сонау "қырғи қабақ" идеологиялық текетірес кезеңінен бастайды. "Азаттықтың" қазақ тілінде хабар таратуы 70-інші жылдардың еншісіне тиді. Кеңестер одағы тарағанға дейін ол біржақты ақпараттық саясатты жалаулатса, кейіннен демократиялық қоғам құруға көмектесеміз дегенді желеу етті. Күні бүгінге дейін бейтарап саясатты ұстанамыз, объективті, шыншыл хабарды таратамыз дегенімен, түп мүддесі аңғарылып қалады, көбіне батыстық ірі қаржылық және саяси топтардың сойылын соғуға бейім. Қазір "Азаттықтың" хабарларын Қазақстанда еркін тыңдауға болады.

Өзіндік ақпарат даярлау технологиясы қалыптасқан дүниежүзілік ірі медиақұрылымдардың бірі - ағылшынның Би-Би-Сиі. Ол қазақ тіліндегі хабарларын алғаш рет 1996 жылдың 6 маусымында тарата бастады. Қазақ бөлімі негізі 1932 жылы қаланған, 43 тілде хабар тарататын Би-Би-Си Дүниежүзілік қызметінің құрамына кіреді.

2003 жылдың 27 қазанынан бастап, Би-Би-Сидің қазақ тіліндегі қызметі Қазақстан аумағында хабар таратуды қайтадан жандандырды және жаңалықтар бюллетенін әзірлеу, аймақтағы және дүниежүзіндегі өзекті мәселелер бойынша сарапшылармен, саяси қайраткерлермен және түсініктемешілермен сұхбат құру жұмыстарымен айналысады, ағылшын тілін үйренушілерге радиосабақтар береді. Орталығы Лондонда орналасқан бұл қызмет Астана, Алматы, Ташкент және Мәскеуде жұмыс істейтін стрингерлер тобынан құралады. Би-Би-Си Қазақ қызметін Қазақстанда қысқа, орта жэне УКВ толқындарында тыңдауға болады. Бұған қоса Интернет арқылы тыңдау мүмкіндігі қарастырылған.


Би-Би-Сидің бір ерекшелігі - ол қоғамдық арна болып табылады. Мемлекет тарапынан тікелей қаржыландырылмайды және басқарылмайды. Негізгі табысын жарнашылардың төлемі мен жарнамадан түскен пайда құрайды. Соған сәйкес ақпараттық бейтараптық сақталады, саясат пен экономика мәселелерін терең сараптауға бейім, оның таратқан ақпаратына аудиториясы сенеді және дүниежүзінде үлкен беделге ие корпорация болып табылады.

Жалпы қазіргі кезеңдегі ақпараттық саясат, әсіресе, қауіпсіздік осындай қоғамдық хабар тарату орталықтарының болашағы зор екендігін дәлелдеп отыр. Өйткені, қоғамдық пікірді бұрмалау, санаға манипуляция жасау, үкіметтік көзқарасты таңу сияқты құбылыстар кең етек жаюда, кейде БАҚ белгілі қаржы топтары мен ірі олигархтардың қолшоқпарына айналуда. Қазақстанда да қоғамдық телерадиохабар тарату мәселесі күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл жағдайда оның төмендегі принциптері сақталуға тиісті:


  1. қаржылық дербестігі қамтамасыз етілуі және шығындары
    толық өтелуі тиіс;

  2. қоғамдық негізде басқарылады, яғни, оған әр түрлі әлеуметтік топ, негізінен зиялы қауым өкілдері енеді және көпшілік мүддесі тұрғысынан шешім қабылданады;

  3. қоғамдық прогреске ықпал етеді, білім беруге, жаңалықтарды таратуға, мәдениетті көтеруге жұмылдырылады және басқалар.

Кезінде қазақ тілінде шетелге хабар тарататын арнайы арна және редакция жұмыс істеді. Шет мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз үшін "Шалқар" радиостанциясының маңызы айрықша еді. Ақпараттық-музыкалық арна кезінде көрші Қытайға, Моңғолияға, Өзбекстанға, Қырғызстанға тарайтын, тіпті Украинада күшейткіштер арқылы Еуропаны да қамтитын, сөйтіп, үлкен аудиториясын қалыптастырып үлгерген еді. Нарыққа көшу заманында ол жабылып қалып, қайта ашылды, Алматы төңірегіне тарайтын болды, бірақ, шет елдерге хабар жеткізетін қуаттары әлі қалпына келе қойған жоқ. 1966 жылы эфирге тұңғыш шыққан "Шалқар" ұлттық арнасы үлкен журналистік мектепті, бай дәстүрді қалыптастырды, шежіреге айналған шығармашылығымен, інжу-маржан туындыларымен, гауһар дауыстармен тарих қойнауына кетті. Дегенмен, күні бүгінге дейін эфирден сол жылдардың "Алтын қорда" сақталған жазбалары беріліп жүр, көп хабарлары өзектілігін жоғалтқан жоқ. "Шалқар" - Қазақ радиосының ажырамас бөлігі, өзі шаңырағы болса, соны ұстап тұрған қабырғасы мен іргесі. Қазақстандағы радио тарихына қатысты еңбектерде ғалымдар "Шалқарды" айналып өтпейді. Ол ұлт тарихының алтын қазынасы.


XXI ғасырдың басында қазақтардың үштен бірі өз тарихи Отанынан тысқары жерде өмір сүріп жатыр. Сондықтан шет елдердегі қазақ диаспорасы үшін хабар таратудың мәні зор. Көрші Қытайда бір миллионнан аса қазақ тұрады және белгілі бір аймақтарға шоғырланған. Міне, сол ортада жергілікті радиоарналар жұмыс істейді. Ал, Қытайдың Орталық мемлекеттік радиосы тәулігіне 2 сағат қазақ тілінде ресми хабар таратады. Көбіне бұл хабарларда ел және дүниежүзі жаңалықтары беріледі, мемлекеттің саясаты түсіндіріледі.

Тағы бір көрші алып мемлекет Ресейде де қазақтар көп тұрады. Бірақ, жергілікті шағын радиостанциялар болмаса, ірі станция жоқ, шекаралас аймақтар Қазақстанның радиосигналдарын қабылдайды.

Иран ислам мемлекеті ресми түрде қазақ тілінде хабар таратады. Моңғолия да қазақ тілінде хабар таратута қамқорлық танытып келеді. Баянөлгейде ірі қазақ станциясы жұмыс істейді. Өзбекстан мен Қырғызстанда да қазақ тілінде шағын хабарлар эфирге тарайды. Соған қарамастан, қазақ тіліндегі ақпаратқа сусап отырған қандастарымыз жер жүзінде тарыдай шашырап жатыр. Болашақта Интернет технологияларды пайдаланып, соларға қазақ тіліндегі хабарларды, қазақы ән мен күйді жеткізе білсек, нұр үстіне нұр болар еді.


«Азаттық» радиостанциясы


Америка Құрама Штаттарының халықаралық қызметтерінің ішінде сыртқа хабар тарататын «Америка даусынан» басқа «Азат Европа», «Азаттық», «Азат Азия» радиолары бар. Осылардың ішінде «Азаттық» радиосы 1953 жылдан бері қазақ тілінде хабар таратып келеді.

1953 жылы «Большевизмнен азат ету» радиосы деген атпен алғаш рет эфирге шыққанда қызметкерлердің қолында 2 антенна және қуаттылығы 10 кВт қысқы толқынды 2 хабар таратқыш қана болған еді. 15 минут өтпей-ақ кеңестік тұншықтырғыштар іске қосылды. Бұл кезде радионың орыс тіліндегі хабарының тәуліктік көлемі 12 сағат болды, оның ішінде 20 минутында ғана түпнұсқа ақпарат берілсе, қалған уақытта сол хабарды қайталайтын еді.

Ол кезде Орта Азия мен Қазақстан тыңдаушыларына арналған ұлттық редакция болған жоқ. Орта Азия мен Қазақстан тыңдаушыларына арналған бағдарлама «Түркістан» деп аталған бір ғана редакцияда әзірленді.Оның басты екі себебі болды. Біріншісі кадрларға байланысты болса, екінші жағынан қырғыз, түрікмен, тәжіктерден мамандар онша көп шыға қойған жоқ. Мюнхен қаласының маңайындағылар, әсіресе, Қарыс Қанатбай басқарған «Түркелі» Комитетіндегілер «Азаттық» радиосын қаржыландырушылармен сөйлескен кезде, осы себептерді алға тарта отырып, бүкіл Орта Азия мен Қазақстан тындаушыларына арналған хабарлардың тек бір редакциядан дайындалуын ұсынды. Өйткені, Орта Азияның әр елі үшін жеке редакциялар құрылатын болса, онда қырғыздар мен түрікмендер, тәжіктер тыс қалатын болды. Сондықтан Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан эмигранттардың зиялылары ұлт-азаттық әрекеттерінде «Түркістан» бірлігі атынан сөйлеп дағдыланғандықтан бұл мәселені тұтас қарастырып, жеке бөлінбеді.Эмигранттардың бұл уәжге тоқтағанын, әрине, дұрыс деп бағалау керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс тәжірибесі аз ортаазиялықтар жеке ұлттық мүддені емес, жалпы ортақ мәселені көздеген еді. Түркі тектес халықтардың «Түркістан» атауының астына бірігуін отаршылдыққа қарсылық, ұлттар бостандығы мен теңдігі үшін күресі деп бағаласақ, сол мақсат жолында эмигранттар да ынтымақтаса отырып, бірлесе қимылдауды ниет еткендігін байқауға болады. Бірақ жұмысқа қызметкерлер қабылдана бастағанда радио басқармасы әр редакцияға бес қызметкерден артық бере алмайтындығын мәлімдеген кезде «Түркістан» редакциясы өзінің жұмысын бес кісімен бастауға мәжбүр болған. Сөйтіп, 5 ұлттың өкілі, нақтылай айтсақ, бір қазақ, бір өзбек, бір түрікмен, бір қырғыз, бір қарақалпақ қосылып, хабар даярлауға кіріскен. Алайда бес ұлттың тіліндегі бес минуттық хабарлар өз нәтижесін бермеді. Осылайша біраз уақыт өтті. Ал орыс тіліндегі түпнұсқа хабардың көлемі уақыт өте келе 38 сағатқа жетті. «Түркістан» редакциясының әр тілде дайындаған 5 минуттық хабарлары тыңдаушы көңілінен шыға бермеді. Сондықтан редакция басшысы Велли Зуннун жағдайды радио басшыларына түсіндірді. Алғашқыда бір халықпыз деп «Түркістан» редакциясына топтасқан 5 ұлт өкілінің енді беске бөлінуіне тура келді. Сөйтіп, 70-жылдары «Түркістан» редакциясы жаңа қызметкерлермен толыға түсті. Сондықтан олар «Түркістан-1», «Түркістан-2», «Түркістан-3» деп аталды. Соңғы редакция «Қазақ бөлімшесі» аталып кетті. Радио құрылғаннан бері қызмет етіп келе жатқан қаламгер-эмигранттардың қатары енді Шығыс Түркістанда, Түркияда дүниеге келген, Батыс елдерінде білім алған жастардың жаңа толқынымен толықты. Ата жұртының тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін жетік білетін олар біз айтпайтын ұлттық мәселелерге көңіл аударды.


«Өз үндерін» туған өлкесіне жеткізуді мақсат еткен «азаттықтар» әуе толқыны арқылы еліне, жеріне, Отанына деген сағынышын жолдады. Мағжан болып, Ахаң болып, Мұстафа болып үн қатты. Біз тың көтердік деп бөркімізді аспанға атқанда, «Азаттықтың» қазақтары айғыздап, жыртылған жеріне, азшылыққа айналған еліне аяушылық білдірді. Қазақ ата кәсібі - малдан қол үзеді, жайылымы тарылады, тіпті мұның астарында «орыстандыру» саясаты жатыр дегенде, біз оларды ұлттар арасына от жағушылар, іріткі салушылар деп қараладық. Қазақстан - орыс езгісіндегі тәуелді ел, тілден, діннен қол үзіп барады, қазақ мектептері, балабақшалары аз деген хабарлары «кеңестік өмір салтына» жапқан жала болып саналды.

Екі жүйе өмір сүрген кезде халықаралық радиолар әуе толқынындағы «идеологиялық соғыстың» тиімді құралы болды. Коммунистік идеологияға қарсы келгендер жау болып саналғандықтан, «Азаттық» радиостанциясы туралы да көптеген айыптаулар болды. Оның құрамындағы қазақ редакциясының қызметкерлері эмигранттар болғандықтан, оларға «опасыз», «Отанын сатқандар» деген ұсқынсыз тіркестер, қазағым деп жазса «ұлтшыл», елім-жұртым деп жазса «түрікшіл» деген айдарлар тағылды.

«Азаттықтың» азаматтары көк байрағын көлбеңдеткен тәуелсіз Қазақстанды армандады, сол мақсат жолында шекара білмес толқын арқылы саналы қазақпен тілдесті, сырласты. Радионың «Түркістан» редакциясындағы 5 адам «Түркелі» Ұлттық Комитетінен еді. Бұрынғы кеңестік кітаптарда олардың барлығы «жау» бейнесінде суреттеледі. Тағдыр талқысына түскен олар үшін Отанына жол жабық болды. Сталиннің бір ауыз сөзі - бір оқ соғыс тұтқындарының өмірін шешетіндіктен шетелдерде эмигрант болып қала берді. Сондай эмигранттардың біразы «Азаттықтың» Қазақ бөлімшесінде қызмет етті. Кезінде Ленинград университетінің философия факультетін бітірген, соғысқа дейін танымал болған талантты азамат Асан Қайғы деген лақап аты бар Мәулікеш Қайыпалды, Қарыс Қанатбаймен бірге Қазақстанға берілетін хабарлардың концепциясын жасаған Дәулет Тағыберлі, Жәкібай Бапыштар басшылық қызмет атқарды.


Рухани ұстаздары - Мұстафа Шоқайдың үлгісімен – «Азаттық» радиожурналистері тек қана деректерге сүйене отырып, өз хабарларын төрткүл дүниеге таратты.

«Азаттық» радиосының ақпараттар легі бағдарламадағы ең маңызды элемент болып табылады. Тыңдаушылар аудиториясы музыка тыңдап, көңіл көтеретін бағдарламаны қызықтау үшін емес, бар болғаны 10 минуттық хабарды білу үшін радиоға құлақ түреді. «Әлемдік диапазондағы» радиохабарлардың орталық бөлімі ағылшын тілінде тәулігіне 70-тен 100-ге дейін ақпарат бере алады. Осылардың ішінен редактор өзіне керекті ақпаратты таңдап алады да, оны хабар тарататын аудиторияның табиғатын ескере отырып, эфирге дайындайды. Сөйтіп, редактор жаңалықтарды тыңдаушының талабына сай етіп, түсінікті тілмен толқын арқылы әңгімелейді. Өйткені, бүгінгі талғамы жоғары, талапшыл тыңдаушы аудиториясын шу дегеннен меңгеріп кету, көпшілік ықыласын жаулап алу оңай шаруа емес. Сондықтан хабар жүргізуші радиотыңдаушының ықыласына ие болудың түрлі әдістеріне жүгінеді. Жаңалықтарды эфирге жіберер алдында аудиторияны олардың қысқаша мазмұнымен таныстырады (анонс). Сонда тыңдаушы алдын-ала не тыңдайтындығынан хабардар болады. Бұл оның уақытын үнемдеуге, ынтасын арттыруға, тек өзін қызықтыратын ақпаратқа ғана назар аударуына мүмкіндік туғызады. Қажет болған жағдайда шұғыл түзетулер, өзгертулер жасала береді.

Ішкі хабарларда «Кеше», «бүгін», «ертең» деген сөздер оның оперативтілігі мен маңыздылығын күшейтсе, «Азаттық» радиосы ұлт мүддесі үшін өмірлік мәнге ие мәселелерді хабарларына арқау етіп, оның қуатын арттыра түседі. Хабарларға үнемі ұлттық мазмұн береді, ақпаратқа патриоттық сипат, бояу қосып баяндайды. Әйтеуір, «ақпарат» беру үшін емес, тыңдаушының құлағында қалатын, көңіліне жағатын мәнді сөз айту үшін еңбек етеді. Біздің бұл тарауымызға арқау болатын 90-жылдардан бергі хабарларды талдаудың өзінен-ақ осы айтылған жайлар анықталады. Сондықтан, аудиторияның қажетсініп отырған мәселесін қозғау, тыңдаушы күткен актуальды тақырыпқа бару – әрбір бағдарламаның бұрыннан қалыптасқан тәжірибесіне байланысты туындайды.


«Азаттық» арқылы әлемдегі 10 млн қазақ күнде қауышып, «жылдам» хабар алып отырады. Радионың табиғаты саясатқа бейімделгенімен, оны жалаң насихатқа айналдырмай ұлт мәселесін шешетін, ақылдасатын сөйтіп, микрофон арқылы тыңдаушының үйіне «келетін» «Азаттық» радиосының ең басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздік алуы еді.

Тәуелсіз елге қажетті жағдайлардың барлығы да үлкен әңгімелерге өзек болды. Солардың ең бастысы – өз әскеріміздің, туымыз бен әнұранымыздың болуы, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке өту деген сияқты тәуелсіз мемлекетке тән белгілер қалай өрістеуі керектігі жайлы хабарлар «Азаттық» радиостанциясының бағдарламасында аз болған жоқ. Осындай маңызды мәселелерде асырып айту немесе фактілердің мәнін төмендету сияқты тәсілдер көзге түскен жоқ. Хабарларда радиоәңгімелесу жиі пайдаланылады. Қарапайым ғана әңгімеде, тарихи фактіні көлденең тартып, асырмай да жасырмай дәл жеткізеді. Ақпараттық арнадан шықпай, үлкен мәселенің түйінін шешеді. Айтылған жайларға қайта айналып соғып, тыңдаушысын тағы бір рет оқиғаны таразылауға шақырады. Оның көтерер жүгі мол болғандықтан қойылатын талаптар да өзгеше: шебер сөйлеу, айтар ойдың анықтығы, шын көңілден шыққан, тыңдаушысын бірден баурап алатын сыр-сұхбат іспетті, еркін әңгіме болуы тиіс.

1992 жылы станция Москвада, содан кейін Киев, Минск, Алматыда өз Бюросын ашты. Сондай-ақ осы жылы «Азаттық» радиостанциясының шақыруымен Шығыс Европа мен бұрынғы Кеңес республикаларынан 12 адам Мюнхенде ұйымдастырылған жаттығу бағдарламасына қатысты. Солардың ішінде орыс, украин, белорус, грузин ұлтының өкілдері болды, ал Орта Азия мұсылман елдерінің атынан «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Саясат Бейісбай барды.

Қазақстандық журналист Қ.Сабдалы, әдебиетші-ғалым Б.Дәрімбет «Азаттықтың» Қазақ бөлімшесінің жұмысына тұңғыш араласқан журналистер қатарына енді.

«Азаттық» радиосы 1995 жылы Прага қаласына көшірілгенге дейін оның Қазақ редакциясында 12 адам қызмет етті. Олардың Махмет Құлмағанбеттен басқасы Шығыс Түркістанда дүниеге келгендер. Ал шындықты айтып, коммунистік идеологияға ашық қарсы шыққандығы үшін түрмеге қамалып, ауруханада «емделген», Кеңес еліне сыймай, Европа асып кеткен «Азаттық» радиосында қызмет еткен Махмет Құлмағанбет былтырғы жылы Германияда дүние салды.


«Азаттықта» кейіннен біраз жыл басшы болған Хасен Оралтайды қазір Қазақстанда білмейтіндер кемде-кем. Ең алғаш рет оны түркі әлеміне 1955 жылы "Эгей экспресс" газеті таныстырды. Әсіресе, 1986 жылғы оқиғадан кейін оның есімі жер жүзіне тарады. Өйткені осы оқиғаны 4 том кітап етіп, бастырып, жер жүзіне таратқан адам - Хасен Оралтай.

Хасен Оралтайдың 14 кітабы жарық көрді. Ол тек Түркістанның ғана емес, бүкіл түрік дүниесінің тарихи тұтастығы, рухани және мәдени бірлігі жолында аянбай еңбек етті. Бұдан бөлек Мұқабай Енгин, Талғат Көкбұлақ, Әлихан Жаналтай, Әбдіқайым Бірғазыұлы, Әбдіуақап Қара, Өмірхан Алтын, Суат Шерушіұлы, Нұркамал, Ісмет, Күлән сияқты журналистер де радио хабарларының шынайы болуы үшін атсалысқан, Отанның жарқын болашағы мен толық тәуелсіздігі жолындағы күрестің қайраткеріне айналған абзал азаматтар. Империялық Одақтың күйреп, оның құрамында болған әр республиканың өз алдына дербес шаңырақ көтеруіне, социалистік жүйенің жойылуына олардың жылдар бойы қосқан үлесі аз емес.

«Азаттық» радиостанциясы арқылы жарты ғасырдан астам уақыт ана тілімізде беріліп келе жатқан хабарлар қазақ журналистикасының қорын байыта түседі, әлі де талай зерттеулерге негіз болады.

АҚШ Конгресі қаржыландыратын «Азат Европа» мен «Азаттық» радиостанциялары Шығыс Европа мен Балтық жағалауы елдеріне, сондай-ақ бұрынғы кеңестік республикаларға 23 тілде хабар таратады. Осы радиостанциялардың 57 миллионға жуық тыңдаушысы бар. Қазіргі таңда ТМД елдерінде тұратын 30 миллионнан астам адам «Азаттықты» тұрақты немесе анда-санда тыңдайды екен.

«Азаттық» радиостанциясындағы ең үлкен редакция - орыс бөлімі. Онда 150-дей адам қызмет істейді. Сондай-ақ украин, армян, азербайжан, белорус, грузин, қырғыз, өзбек, татар-башқұрт, түркімен редакциялары хабар таратады.



<< предыдущая страница   следующая страница >>