https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3 4

Бұлшық етті артериялар

Бұлшық етті артерияларға (aa. myotypicae) орта және ұсақ калибрлі тамырлар жатады. Бұл тамырлардың қабырғасында көп мөлшерде жазық бұлшық ет жасушалары орналасады, олар мүшелерге қанның келуін реттеуге қатысады.

Ішкі қабықшаның құрамына эндотелий, эндотелий асты қабаты және ішкі эластикалық мембрана кіреді ( 2 сурет).



2 сурет. Бұлшық етті артерияның құрылысы

(И.В. Алмазов, Л.С. Сутулов бойынша)


А. Эндотелий

Б. Ішкі эластикалық мембрана

В. Жазық миоциттер

Г. Сыртқы эластикалық мембрана

Д. Тамыр тамырлары



Эндротелий жасушалары базальды мембранада орналасады. Эндотелий асты қабаты борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, жіңішке эластикалық және коллаген талшықтары бойлай орналасқан. Кейбір артериялардың (жүректің, бүйректің, аналық жыныс бездерінің, жатырдың, өкпенің) ішкі қабықшасында бойлай орналасқан жазық миоциттер кездеседі. Эндотелий асты қабатының негізгі аморфты затында гликозаминогликандар болады. Бұл қабатт ірі және орта калибрлі артерияларда жақсы, ал ұсақ артерияларда нашар дамыған. Эндотелий асты қабатының сыртында онымен тығыз байланысқан ішкі эластикалық мембрана орналасады (membrana elastica interna). Ол ұсақ артерияларда өте жұқа болып келеді. Ірі бұлшық етті артерияларда эластикалық мембрана жақсы дамыған (гистологиялық препараттарда иректелген жарқырауық эластикалық табақша тәрізді көрінеді).

Ортаңғы қабықша айналмалы орналасқан жазық бүлшық ет жасушаларынан тұрады. Олардың арасында дәнекер тінінің жасушалары мен коллаген және эластикалық талшықтар болады. Коллаген талшықтары жазық миоциттерге тіректік каркас құрайды. Артерияларда коллагеннің I, II, IV, V түрлері анықталды. Бұлшық ет жасушаларының айналмалы орналасуы жиырылу кезінде тамырдың көлемінің кішіреюін және қанның жылжуын қамтамасыз етеді. Ортанғы және сыртқы қабықшалардың арасында сыртқы эластикалық мембрана орналасады.


Сыртқы қабықша борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, оның талшықтары қиғаш және бойлай бағытталған. Бұл қабықшада тамырдың тамырлары мен жүйкелік элементтер өтеді.

Бұлшық етті-эластикалық немесе аралас артериялар

Құрылысы және қызметтік ерекшеліктері бойынша бұлшық етті-эластикалық немесе аралас артериялар (aa. mixtotypicae) бұлшық етті және эластикалық артериялардың аралық түрі болып табылады. Оларға ұйқы және бұғана асты артериялары жатады. Ішкі қабықшаның құрамына эндотелий, эндотелий асты қабаты және ішкі эластикалық мембрана кіреді.

Ортаңғы қабықша тең мөлшерде жазық бұлшық ет жасушаларынан және айналмалы бағытта орналасқан эластикалық талшықтар мен ойықты эластикалық мембраналардан тұрады. Жазық бұлшық ет жасушалары мен эластикалық элементтердің арасында аз мөлшерде фибробласттар мен коллаген талшықтары орналасады.

Сыртқы қабықшада екі қабатты ажыратады: ішкі қабаты жекелеген жазық бұлшық ет жасушаларының шоғырынан, ал сыртқы қабаты бойлай және қиғаш орналасқан коллаген және эластикалық талшықтарының шоғыры мен дәнекер тіндік жасушалардан тұрады. Бұл қабықшада тамырдың тамырлары мен жүйкелік элементтер өтеді.

МИКРОАЙНАЛЫМ АРНАСЫ

Микроайналым арнасына артериолалар, гемокапиллярлар, венулалар мен артериоловенулярлық анастомоздар жатады. Қан тамырларының бұл қызметтік кешені қоршаған лимфалық капиллярлар, лимфалық тамырлармен және дәнекер тінімен бірігіп мүшелерге келетін қанның мөлшерін, зат алмасу үрдісін реттеуге қатысады, қанның қоймасы қызметін атқарады (3 сурет).



3
А. Венула

Б. Капилляр

В. Артериола

Г. Бұлшық етті артерия

сурет. Микроайналым арнасы тамырлары (И.В. Алмазов, Л.С. Сутулов бойынша)



АРТЕРИОЛАЛАР

Артериолалар ең ұсақ бұлшық етті артериялар, диаметрі 50-100 мкм. Олар бір жағынан артериялармен байланысса, екінші жағы біртіндеп капиллярларға жалғасады. Артериолалардың қабырғасы да үш қабықшадан тұрады, бірақ артерияларға қарағанда жұқа болып келеді. Ішкі қабықшасы базальды мембранада орналасқан эндотелиоциттерден және жұқа эндотелий асты қабаты мен ішкі эластикалық мембранадан тұрады. Ортаңғы қабықша айналмалы бағытта орналасқан жазық бұлшық ет жасушаларының екі қабатынан тұрады. Прекапиллярлық артериолаларда жазық бұлшық ет жасушалары жеке-жеке орналасады. Артериолаларда эндотелийдің базальды мембранасы мен ішкі эластикалық мембранада үзілген аймақтары байқалады. Ол арқылы эндотелиоциттер мен жазық бұлшық ет жасушалары өз ара тығыз байланысады. Мұндай байланыстар ақпараттың тікелей эндотелиоциттерден жазық бұлшық ет жасушаларына өтуіне ықпалын тигізеді. Мысалы, бүйрек үсті безі қанға адреналин бөліп шығарғанда, эндотелий жазық бұлшық ет жасушаларының жиырылуына әсер ететін фактор бөледі. Бұлшық ет жасушаларының арасында аз мөлшерде эластикалық талшықтар орналасады. Сыртқы эластикалық мембрана болмайды. Сыртқы қабықша борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады.

КАПИЛЛЯРЛАР

Капиллярлар ең көп және әрі жіңішке тамырлар, бірақ олардың да саңылаулары әр түрлі болады. Мысалы, ең жіңішке капиллярлар ( диаметрі 4, 5-6-7 мкм) көлденең-жолақты бұлшық ет тінінде, өкпеде және т.б. болады, диаметрі 8-11 мкм капиллярлар-теріде және шырышты қабықшаларда, ал ірі диаметрі 20-30 мкм капиллярлар-қан түзуші және иммундық қорғау мүшелерінде, ішкі секреция бездерінде, бауырда орналасады. Олар синусоидты капиллярлар деп аталады.

Капиллярлардың қабырғасы 3 қабаттан тұрады:


  1. Ішкі қабаты-эндотелий.

  2. Ортаңғы қабаты – базальды мембрана мен оның екіге ажыраған жерінде орналасқан перициттерден тұрады.
  3. Сыртқы қабат - адвентициальды жасушалардан және аморфты затта орналасқан жіңішке коллаген талшықтарынан құралады.


Эндотелий жасушалары базальды мембранада орналасқан, қанға қараған беті гликопротеидтермен жабылған (параплазмолеммалық қабат). Бұл қабат эндотелийдің атромбогендік, тосқауылдық қызметтерін қамтамасыз етеді. Эндотелиоциттердің ішкі және сыртқы беттерін бойлай пиноцитоздық көпіршіктер мен кавеолалар орналасады.

Перициттер дәнекер тіндік жасушалар, көп өсінділі, базальды мембрананың екіге ажыраған жерінде орналасып капиллярларды себет тәрізді қоршап тұрады. Кейбір капиллярлардың перициттерінде эфферентті жүйкелік аяқтамалар орналасады, олар капиллярлардың диаметрінің өзгеруін реттеуге қатысады.

Адвентициальды жасушалар-аздифференцияланған. Олар ішінде орналасқан жіңішке коллаген талшықтары бар дәнекер тінінің аморфты заттымен қоршалған.

КАПИЛЛЯРЛАРДЫҢ ЖІКТЕЛУІ

Капиллярлардың үш түрін ажыратады:

  1. Соматикалық- эндотелий мен базальды мембранасы тұтас орналасқан.

  2. Фенестрлі-эндотелий жасушаларының цитоплазмасының жұқарған аймақтары немесе фенестрлері бар.

  3. Синусоидты (саңлаулы)-базальды мембрана мен эндотелий қабаттарында үзіктер пайда болады ( 4 сурет).

Соматикалық капиллярлар жүрек және қаңқа бұлшық ет тіндерінде, өкпеде, орталық жүйке жүйесінде және т.б. мүшелерде кездеседі.

Фенестрлі капиллярлар ішкі секреция бездерінде, бүйрек денешегінің капиллярлар шумағында, ішек бүрлерінде, қоңыр май тінінде кездеседі.





4 сурет. Капиллярлардың үш түрінің сызбасы (Ю.И. Афанасьев бойынша)

А. Соматикалық капилляр

Б. Фенестрленген капилляр

В. Саңлаулы капилляр

1. Эндотелий

2.Перицит

3. Эндотелиоцит пен перициттің байланысы

4. Базальды мембрана

5. Адвентициальды жасуша

6. Фенестр

7. Саңлаулар


Синусоидты гемокапиллярлар қан түзуші және иммундық қорғау мүшелерінде, бауырда кездеседі.

Фенестрлер мен саңлаулар капиллярдың қабырғасы арқылы макромолекулалар мен корпускулярлық заттардың өтуін женілдетеді. Капиллярлар қан мен тіндердің арасындағы зат алмасу және газ алмасу процестерін қамтамасыз етеді. Оған капиллярлардың қабырғасының жұқа болуы, тіндермен байланысатын аумағының үлкендігі (6000 м2), қан ағымының баяулығы (0,5 мм/с), қан қысымының төмендегі (20-30 мм с.б.б.) әсер етеді.


ВЕНУЛАЛАР

Венулалардың үш түрін ажыратады (venulae): посткапиллярлық, жинақтаушы және бұлшық етті. Посткапиллярлық венулалар (диаметрі 8-30 мкм) құрылысы бойынша капиллярлардың веноздық бөлігіне ұқсас, бірақ қабырғасында капиллярларға қарағанда перициттер көбірек болады. Жинақтаушы венулаларда (диаметрі 30-50 мкм) жекелеген жазық бұлшық ет жасушалары пайда болады және сыртқы қабықшасы жақсы дамыған. Бұлшық етті венулаларда (диаметрі 50-100 мкм) ортаңғы қабықшасында жазық бұлшық ет жасушалары бір-екі қабат болып орналасады және сыртқы қабықшасы жақсы дамыған.


Веналар

Бұл тамырлардағы қанның ағу жылдамдығы төмен, қан қысымы да аз (15-20 мм с.б.б.) болғандықтан эластикалық компоненттері нашар дамыған. Қанның ағымының жылжитын бағытына байланысты венаның қабырғасындағы бұлшық ет тініде әр түрлі дамиды. Кейбір веналарда қақпақшалар болады. Олар қанның бір бағытта ғана жылжуын қамтамасыз етеді.

Веналар: 1. бұлшық етті,

2. бұлшық етсіз (талшықты) деп 2-ге бөлінеді.

Бұлшық етсіз немесе талшықты веналарға бас миының жұмсақ және қатты қабықшаларының, көздің торлы қабықшасының, сүйектердің, көк бауырдың және плацентаның веналары жатады. Бұл тамырларда қан өз салмағының ауырлығы арқылы ағады.

Бұлшық етті веналардың өзін 3 топқа бөледі:


  1. бұлшықеті нашар дамыған,
  2. бұлшықеті орташа дамыған,


  3. бұлшықеті жақсы дамыған.

Бұлшықеті нашар дамыған веналардың диаметрі әр-түрлі. Оларға дененің жоғарғы бөлігінің, беттің және мойынның бұлшық етті артерияларымен қатар жүретін ұсақ және орта калибрлі веналар (1-2 мм), ал ірі тамырлардан жоғарғы қуысты вена жатады. Бұл тамырларда эндотелий асты қабаты нашар дамыған және ортаңғы қабықшасында жазық бұлшық ет жасушаларының мөлшері аз болып келеді. Бұлшықеті орташа дамыған веналарға иық венасы, бұлшықеті жақсы дамыған веналарға сан венасы жатады.

Веналарда да 3 қабықшаны ажаратуға болады: ішкі, ортанғы, сыртқы. Ішкі қабықшасында келесі қабаттарды көруге болады: 1.эндотелий,

2.субэндотелий

Қақпақшалар осы ішкі қабықшаның туындысы, тек құрамында жазық миоциттер болады.

Ортаңғы қабықшасы айналмалы бағытта орналасқан жазық бұлшық ет жасушаларының шоғырынан тұрады. Ішкі және сыртқы эластикалық мембрана жоқ, сондықтан келесі қабықшаны құрайтын дәнекер тін бұлшықетпен тіке байланысты.

Сыртқы қабықша ортаңғы қабықшадан 2-3 есе үлкен болады. Құрамында бойлай орналасқан жазық бұлшық ет жасушаларының шоғыры болады.

Жасқа байланысты өзгерістері. Тамырлардың құрылысы адамның өмірі барысында өзгерістерге ұшырап отырады. Тамырлардың қызметіне байланысты дамуы шамамен 30 жасқа қарай аяқталады. Кейін артериялардың қабырғасында дәнекер тінінің өсуі, оның тығыздалуына әкеледі. Басқа артерияларға қарағанда бұл үрдіс эластикалық артерияларда басымырақ болады. Барлық артериялардың ішкі қабықшасында 60-70 жастан кейін коллаген талшықтарының ошақтық тығыздалуы байқалады, оның нәтижесінде ірі артериялардың ішкі қабықшасы көлемі бойынша ортаңғы қабықшаның көлеміне дейін өзгереді. Ішкі эластикалық мембрана біртіндеп жұқарып, жойылады. Ортаңғы қабықшаның бұлшық ет жасушалары семуге ұшырайды. Эластикалық талшықтар ыдырап, фрагменттерге бөлінсе, коллаген талшықтарының мөлшері көбееді. Бұл өзгерістермен қатар егде шақта ішкі және ортаңғы қабықшаларда липидтердің жинақталуы мен әктенуі өтеді, олардың мөлшері адамның жасы ұлғайған сайын арта түседі.


Веналардың қабырғасында дамитын өзгерістер артериялардағы өзгерістерге ұқсас. Бірақ, веналардың қабырғасында өзгерістер өмірдің алғашқы жылдарынан басталады. Адам туар адында сан венасы мен аяқтың тері асты веналарының ортаңғы қабықшасында айналмалы орналасқан бұлшық ет жасушалары ғана болады. 1 жастың соңына қарай бойлай орналасқан бұлшық ет жасушаларының шоғыры дамиды. Ересек адамдарда веналардың диаметрі артерияларға қарағанда үлкен 2:1, балаларда 1:1.



<< предыдущая страница   следующая страница >>