https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3 4


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТІРЛІГІ


ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ


К.Т. Нурсейтова


Жүрек, қан тамырлар жүйесіНІҢ ГИСТОЛОГИЯСЫ


оқу құралы


Қарағанды 2009

ӘОЖ 616.1-018.

КБЖ 28.86 я 7

Н 83


ПІКІРСАРАПШЫЛАР:

А.А. Кикимбаева, АҚ «Астана» медицина университетінің гистология курсының профессоры, биология ғылымдарының докторы


С.К. Джумабаева, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің гистология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты


Ә.О. Омарханов, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің анатомия кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты


Н 83 Нурсейтова К.Т. Жүрек, қан тамырлар жүйесінің гистологиясы.- Оқу құралы. – Қарағанды. – 2009 - 36 б.


КБЖ 28.86 я 7

Оқу құралында жүрек, қан тамырлар жүйесі мүшелерінің гистофизиологиясы қарастырылған.


ҚММА Әдістемелік кеңесінде бекітілді

11.11. 2009 № 3 Хаттама


ҚММА Ғылыми Кеңесінде бекітіліп ұсынылған

26.11. 2009 № 4 Хаттама


© К.Т. Нурсейтова, 2009ж.




Мазмұны


Кіріспе 4

Жүрек, қан тамырлар жүйесі 5

Қан тамырлары 5

Қан тамырларының жалпы сипаттамасы мен жіктелуі 5

Артериялар 6

Эластикалық артериялар 6

Бұлшық етті артериялар 8

Бұлшық етті-эластикалық немесе аралас артериялар 10

Микроайналым арнасы 11

Артериолалар 12

Капиллярлар 12

Капиллярлардың жіктелуі 13

Венулалар 15

Веналар 15

Жүрек 17

Білім деңгейін тексеруге арналған тестілер 20

Бақылау сұрақтарының үлгісі 31

Оқиғалық есептер 31

Жүрек, қан тамырлар жүйесі бойынша тапсырмалар

картасы және орындау негіздері 32

Тестілердің жауаптары 34

Оқиғалық есептердің жауаптары 34

Қолдануға ұсынылған әдебиеттер 35


Кіріспе

Жүрек, қан тамырлар жүйесі ағзада қоректік және биологиялық белсенді заттарға, газдарға, метаболизм өнімдеріне бай қан мен лимфаның тасмалдануын қамтамасыз етеді. Жүрек, қан тамырлар жүйесі мүшелерінің қалыпты жағдайдағы дамуын, құрылысын және қызметін білу, осы жүйелердің сырқаттарын алдын алу және емдеу үшін барлық мамандар үшін қажет. Қазақ тілінде «Гистология-2» пәнінен оқулықтар осы күнге дейін жеткіліксіз болғандықтан, бұл оқу құралы 2006ж. типтік бағдарламасы бойынша медицина салаларында қазақ тілінде оқитын студенттерге ұсынылады. Төменде жүрек, қан тамырлар жүйесі гистологиясы модулі бойынша өтетін дәрістер мен тәжірибелік сабақтардың жоспарының үлгісі берілген. Студенттер бұл оқу құралында осы тақырыптар бойынша қажетті материалды таба алады.

Дәрістердің тақырыптары:


  • Жүрек гистологиясы. Балалардағы ерекшеліктері. 1 сағат.

  • Эластикалық, эластикалық-бұлшық етті, бұлшық етті артериялардың гистологиялық құрылысы. Балалардағы ерекшеліктері. 1 сағат.

  • Микроайналым арнасы. Веналар: бұлшық етті және талшықты веналардың қабырғасының құрылысы мен тіндік құрамы. Веналардың қақпақшалық аппаратының ерекшеліктері. Адамның жасына байланысты ерекшеліктері. 1 сағат.

Тәжірибелік сабақтардың тақырыптары:


  • Жүрек: дамуы, құрылысы. Қабықшаларының тіндік құрамы. Жүректің жиырылғыш жүйесінің морфофункционалдық ерекшеліктері. 3 сағат.

  • Артериялар: дамуы, жіктелуі, құрылысы. Қабықшаларының тіндік құрамы. Қан тамырларының мүшелерде орналасуына байланысты ерекшеліктері. 3 сағат.

  • Микроайналым арнасы тамырлары. Капиллярлардың қабырғасының құрылысы, жіктелуі. Веналар: дамуы, жіктелуі, құрылысы. Қабықшаларының тіндік құрамы. 3 сағат.

Студенттердің өзіндік жұмысының тақырыптары:

  • Жүректің өткізу жүйесінің морфофункционалдық ерекшеліктері.

  • Жүрек, артериялар мен веналардың құрылысының адамның жасына байланысты ерекшеліктері.



Жүрек, қан тамырлар жүйесі

Жүрек, қан тамырлар жүйесі- құрамында қоректік және биологиялық белсінді заттар, газдар, метаболизм өнімдері бар қан мен лимфаның ағзада таралуын қамтамасыз етеді.

Қан тамырлары

Қан тамырлары диаметрі әр-түрлі тұйықталган түтікшелер. Олар тасмалдау қызметін атқарады, мүшелердің қанмен қамтамасыз етілуін, қан мен тіндер арасындағы зат алмасуды реттейді.

Дамуы. Алғашқы қан тамырлары эмбрионалдық дамудың 2-3 аптасында сары уыз қапшығының қабырғасында мезенхимадан және хорион қабырғасында қан аралшықтарының құрамында пайда болады. Аралшықтың шетінде орналасқан мезенхималық жасушалар орталық бөлікте орналасқан жасушалармен байланысын жойып, сопақшаланып алғашқы қан тамырларының эндотелиоциттеріне айналады. Аралшықтың орталық бөлігіндегі жасушалардың пішіні дөңгелектеніп, дифференцияланып, қан жасушаларына айналады. Қан тамырларының сыртында орналасқан мезенхималық жасушалардан кейінірек жазық бұлшық ет жасушалары, перициттер, адвентициальды жасушалар, фибробласттар дифференцияланады.


Құрсақішілік дамудың 3-ші аптасының соңында ұрық денесінің тамырлары ұрықтан тыс мүшелердің тамырларымен байланысады. Қан тамырларының қабырғасының кейінгі өсуі қан айналымы басталғанда гемодинамиқалық жағдайларға (қан қысымына, қан ағымының жылдамдығына) байланысты дамиды.


Қан тамырларының жалпы сипаттамасы мен жіктелуі

Қан тамырлары артерияларға, артериолаларға, гемокапиллярларға, венулаларға, веналарға, артериоловенулярлық анастомоздарға бөлінеді. Артерия мен веналардың арасында микроайналым арнасы болады.

Артериялар бойынша қан жүректен мүшелерге қарай ағады. Бұл қан оттегіне қанық болады, өкпе артериясы венозды қан тасмалдайды. Веналар бойынша қан жүрекке келеді. Гемокапиллярлар артериальды және венозды тамырлар жүйесін байланыстырады, тек ғажайып торды құрайтын гемокапиллярлар аттас тамырлардың арасында орналасады (мысалы, бүйректе артериялар арасындағы тамырлы шумақ)

Барлық тамырлардың қабырғасы 3 қабықшадан тұрады:


  1. ішкі (tunika intima немесе interna)

  2. ортанғы (tunika media)

  3. сыртқы (tunika adventitia немесе externa)

Олардың қалыңдығы, тіндік құрамы мен қызметтік ерекшеліктері әр-түрлі болады.

Артериялар

Жіктелуі. Құрылысының ерекшеліктеріне байланысты артериялардың 3 түрін ажыратады:

1. Эластикалық артериялар

2. Бұлшық етті артериялар

3. Аралас (бұлшық етті-эластикалық) артериялар


Эластикалық артериялар

Эластикалық артериялар ортаңғы қабықшаларында эластикалық құрылымдардың (мембраналар, талшықтар) жақсы дамуымен ерекшеленеді. Оларға ірі артерияларды жатқызуға болады. Мысалы, қолқа және өкпе артериясы. Бұл тамырларда қанның ағу жылдамдығы (0,5-1,3 м/с) мен қысымы (120-130 мм.с.б.б.) жоғары. Ірі калибрлі артериялар тасмалдау қызметін атқарады. Эластикалық элементтердің көп болуы (мембраналар, талшықтар) бұл тамырларға жүректің систола кезінде созылуына, ал диастола кезінде қалпына келуіне мүмкіндік береді. Эластикалық артерияларға мысал ретінде қолқаның құрылысы қарастырылады.


Қолқаның ішкі қабықшасы 3 қабаттан тұрады:

1. эндотелий (endothelium);

2. эндотелий асты қабаты (субэндотелий) (stratum subendotheliale);

3. эластикалық талшықтардың өрімі (plexus fibroelasticus).

Эндотелий базальды мембранада орналасқан пішіні және көлемі әр түрлі жасушалардан тұрады. Олар көбінесе бір ядролы болып келеді, бірақ көп ядролы жасушалар да кездеседі. Эндотелиоциттерде түйіршікті эндоплазмалық тор нашар дамыған. Митохондриялары көп (200-ден 700-ге дейін) және көлемі мен пішіндері әр-түрлі, микрофиламенттері жақсы дамыған.

Эндотелий асты қабаты тамыр қабырғасының қалыңдығының 15-20% құрайды, борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Дәнекер тінінің ішінде жеке жатқан жазық миоциттер кездеседі. Жасушааралық зат фосфолипидтер мен гликозаминогликандарға бай болады. Негізгі аморфты заттың физико-химиялық жағдайы тамырдың қабырғасының өткізгіштігіне әсер етеді. Орта және егде жастағы адамдарда жасушааралық затта холестерин мен май қышқылдары кездеседі. Бұл қабаттың астында эластикалық талшықтардың өрімі орналасады. Қолқаның ішкі қабықшасы жүректен шыққан жерде үш «жарты ай тәрізді» қақпақшалар түзеді (1 сурет).

Ортаңғы қабықша басқа қабықшалардың эластикалық элементтерімен бірге эластикалық каркас құрайтын ойықты эластикалық мембраналардан (50-70) және эластикалық талшықтардан тұрады. Мембраналардың арасында жекелеген жазық миоциттер орналасады. Ойықты эластикалық мембраналар, эластикалық, коллаген талшықтары және жазық миоциттер гликозаминогликандарға бай негізгі аморфты затта орналасады. Ортаңғы қабықшаның мұндай құрылысы қолқаға серпімділік береді, жүректің сол жақ қарыншасы жиырылған кезде тамырға шыққан қанның соққысын жұмсартады және диастола кезінде тамырдың қабырғасының тонусын қамтамасыз етеді.


1 сурет. Эластикалық артерияның құрылысы

А. Эндотелий

Б. Эндотелий асты қабаты

В. Ойықты эластикалық мембраналар жүйесі

Г. Борпылдақ талшықты дәнекер тіні

Д. Тамыр тамырлары


Сыртқы қабықша борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады. Оның құрамында бойлай бағытталған жуан эластикалық және коллаген талшықтары болады. Қолқаның ортаңғы және сыртқы қабықшаларында тамыр тамырлары (vasa vasorum) және жүйкелік элементтер (nervi vasorum) өтеді. Сыртқы қабықша тамырды шектен тыс созылудан және жыртылудан сақтайды.



следующая страница >>