https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3 ... 6 7

1. Білім (оқыту, оқу үрдісі) мазмұны – жас ұрпақты неге оқыту керек деген сұраққа нақты жауап болып табылады. Білім мазмұнын белгілі типті оқу мекемесінде арнайы оқытуға таңдалып алынған білім, біліктілік және дағдылардың нақты жүйесі деп түсіндіруге болады. Бұл жүйеге оқушылардың белгілі интеллектуалдық, әлеуметтік және рухани дамуын қамтамасыз ететін қоршаған орта, қазіргі заман өндірістері, мәдениет және өнер туралы білім; білім алудың интеллектуалдық және практикалық біліктіліктері мен оларды қолдану тәсілдері; танымдық іс-әрекет, теориялық және практикалық мәселелерді шығармашылықпен шешу дағдыларын меңгеру кіреді. Білім мазмұны категориясы адамдарға белгілі табиғат, адам, қоғам туралы білімдері, белгілі іс-әрекет тәсілдерін орындаудағы адамға тән біліктіліктер туралы алынған білімдері; қоғам алдында туындайтын жаңа мәселелерді шешу тәжірибесі; өмір, табиғат, қоршаған орта тағы басқалар туралы ойлары көрсетілген әлеуметтік тәжірибені бейнелейді. Кейде адамзаттың әлеуметтік тәжірибесін жалпы адамзат мәдениеті деп атайды.

Сан мыңдаған даму тарихында адамзат өте көп білім жинақтады. Жасөспірім ұрпақ осы білімді игерген кезде ғана өркениет дамуы жүзеге асады. Бірақ жинақталған білімнің барлығын адам түгелдей меңгере алуы мүмкін емес. Сондықтан ең маңызды, негізгі білімдер мен біліктіліктерді таңдау мәселесінің орны ерекше.

Әлеуметтік тәжірибе мектептегі оқу мазмұнында түрлі пәндерге бөлініп көрініс табады. Оқу пәні бұл – нақты белгілері бойынша ерекшеленген, құбылыстардың нақты класына жататын әлеуметтік тәжірибенің (адамзат мәдениетінің) бөлігі. Оқу пәндері белгілі ғылымдардың негіздерін мектептердегі оқыту қажеттіліктеріне бейімдейтін білім мазмұнының арнайы

Білімнің мазмұны – оқыту процесі компоненттерінің бірі. Бұл ғылыми білімнің, іскерліктің және дағдының жүйесі. Осы жүйенің негізінде оқушылардың ақыл-ойы, қабілеті дамиды, ғылыми-материалистік көзқарасы, мінезі қалыптасады.

Білім мазмұны бұл – бірінші, алдыңғы ұрпақтың тәжірибесін меңгеру тәжірибесі, екінші жеке тұлға мінез-құлқының типологиялық сапаларын тәрбиелеу, үшіншіден адамның ақыл-ой және дене-күш жағынан дамуымен сипатталатын үш біртұтас үрдістің мазмұны.


Білім мазмұны көптеген нормативті құжаттарда анықталған.

Білім мазмұны біздің елімізде, шетелдерде әлі де жеткілікті зерттелмеген мәселелердің бірі. Бұл мәселе әрбір тарихи кезеңдерде болып отыратын мектеп реформасының негізіне жатады. Әрбір реформада заман талаптарына сәйкес білім мазмұны өзгеріске ұшырайды, біркелкі жүйеге келтіріледі.

Осы бағытта Республика көлемінде білім мазмұнын жаңартуға байланысты істеліп жатқан көптеп саналады. Солардың бірі «Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептері білім мазмұнының тұжырымдамасы».

Бұл тұжырымдамада білім мазмұнын қалыптастырудың ғылыми негіздері, білім мазмұнын анықтайтын негізгі принциптер, білім мазмұнының құрамы және құрылымы бірыңғай жүйеге келтірілген.

Білім мазмұнын жаңарту, білім беру жүйесін дамыту өмір талабының обьетивті заңдылығы. Әр халықтың тарихи мәдени және әлеуметтік-экономикалық ерекшелігі диалектикалық бірлікте қарастырылып, мектептегі білім мазмұнын жаңартудың негізгі көзі болуы тиіс.

Әлеуметтік тәжірибенің жинақталуы және оқу пәндерінің көбеюіне байланысты пәндердің өздері жаңа бөліктерге бөліне бастады. Бірақ, қазір оқу пәндерінің одан әрі көбеюі және дифференциациялануы (бөлшектенуі) жағдайды мүлде қиындатуы мүмкін. Соған байланысты әлемдік педагогика оқу пәндерін негізгі идея төңірегіне интеграциялауға (біріктіру) көшті.

Білім беру мазмұны – педагогикалық бейімделген /адаптированная/ білімдердің, іскерліктердің және дағдылардың жүйесі, шығармашылық іс-әрекеттің тәжірибесі және дүниеге деген эмоционалдық-құндылықтық қатынас, оларды меңгеру тұлғаның дамуын қамтамасыз етеді. Жалпы білім берудің мазмұны оқушыларды әлеуметтік, кәсіптік емес іс-әрекетке қатынасуды қамтамасыз етеді. Әрбір индивидтің дүниеге деген қатынасын ондағы өз орнын анықтауды азаматтық позициясын шарттандыратын дүниеге көзқарасты, құндылықтар мен мұраттар жүйесін қалыптастырады.

Білім мазмұнының қайнар көзі – материалдық және рухани мәдениетте бекітілген адамзаттың әлеуметтік тәжірибесі болып табылады. Әлеуметтік тәжірибе 4 элементті енгізеді: білім /олардың түрлерінің жиынтығы индивидте қоршаған шындық туралы жалпы түсінік және қажетті іс-әрекетте бағытталғандығын анықтайды/; іс-әрекеттің тәсілдерін жүзеге асыру тәжірибесі /оны меңгеру барысында іскерліктер мен дағдылар қалыптасады, олардың функциясы жинақталған мәдениетті қайта жасап сақтап және дамыту болады, сол арқылы қоғамның репродуктивтік іс-әрекеті қамтамасыз етіледі/, шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі /оның функциясы – мәдениетті әрі қарай дамыту/; шындыққа, өз іс-әрекетіне, өз-өзіне деген эмоционалдық-құндылықтық қатынастың тәжірибесі.


2. Білім мазмұнын қалыптастыру принциптерінің ішіндегі негізгілеріне төмендегілер жатады:


  • ғылыми, әлеуметтік және мәдени дамудың соңғы жетістіктерінің мектепте берілетін білімнен көрініс табатын ғылымилығы;

  • әрбір жаңа білім алдыңғы берілген біліммен байланысты және содан туындайтынын көрсететін білім мазмұнын жоспарлаудан тұратын бірізділік;

  • тарихилық, яғни білім мазмұнында мектептердегі қандай да болмасын білім салаларының, даму тарихының оқылатын мәселелер бойынша белгілі ғылымдардың іс-әрекетінен көрініс табуы;

  • жүйелілік, яғни оқылатын білім мен қалыптастыратын біліктіліктерді адамзат мәдениетінің жалпы жүйесінде және өзара кірігетін барлық оқу курстары мен басты білім мазмұнының жүйесінде қарастыру.

  • мектеп білімін шыни практикада бекітудің әмбебап құралы ретінде және берілген білім мен қалыптасқан біліктіліктердің әсерін тексеру тәсілі ретінде өмірмен байланыстылық принципі;

  • меңгеруге берілетін білім, біліктіліктердің қандай да болмасын жүйелерінің оқушылардың дайындық деңгейіне және жас ерекшелік мүмкіндіктеріне сәйкестігі; егер материал тым жеңіл болса, онда білімде, танымдық процесстер де өте баяу, мүмкіндіктеріне сәйкеспей дамиды.

  • оқу жоспарлары мен бағдарламаларының құрылымын, ғылыми білімдердің оқулықтарды берілу деңгейлерін,оқылатын ғылыми ұғымдар мен терминдердің кірістірілу деңгейлері анықталатын түсініктілік принципі.

Білім мазмұнын қалыптастырудың ұстанымдары: бүкіл элементтерінің және бүкіл деңгейлерінде қоғамның сұранысына сәйкестігі, оқытудың мазмұндық және процессуалдық жақтарының бірлігі, ақырында оқыту процесінде оны жүзеге асырудың нақты формаларында жалпыдан жекелікке қозғалысында білім мазмұнының әр түрлі деңгейде қалыптасуында құрылымдық бірлігі.

Білім беру теориясында 2 бағыт қалыптасты және солардың негізінде оқу пәндерін таңдаудың ұстанымдары белгіленді:

1. Формальдік білім беру теориясы бойынша білім алуға баса назар аудармай, оқушыларда қабілетті, ойлауды, қиялды, есті дамытуға күш салу керек болды. Бұл теорияның өкілдері пәндерді екі топқа бөлді: 1) тілдер, әсіресе ежелгі, әдебиет, математика, жаңа тілдердің грамматикасы; 2) биология, география, физика, химия және т.б. Формальдық білім беру теориясына сәйкесті Ресейдің, Германияның және т.б. елдердің классикалық гимназияларының оқу жоспарлары құрылды.


2. Материалдық білім беру теориясы /ХҮІІІғ.аяғы/ білім мазмұнын тандаудың негізгі критериясы ретінде оның пайдалылығын, қоғамның өміріне қажеттігін қойды. Материалдық білім беру теориясы реалдық училищелердің оқу жоспарын құруға негіз болады. Оқу жоспарында математикаға, физикаға, химияға, жаңа шетел тілдеріне, коммерциялық іске көп орын берілді.

3. ҚР «Білім туралы» заңында /1999ж./ білім беру мазмұнына жалпы талаптар анықталған, олар мәдениеті өркендеген демократиялық қоғамға үйлесімді жаңа адам үлгісін тәрбиелеуге бағытталуға тиісті.

Болашақ қоғамның азаматы мыналарды меңгеруге міндетті:


  • дүниеге диалектикалық көзқарастың негізі болып саналатын белгілі мөлшердегі ғылыми білім жүйелерін;

  • ана тілі мен ұлтаралық қатынас тілдерін, өзінің және басқа халықтардың тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлердің қайнар көзі болып табылатын рухани адамгершілік байлықты;

өздігінен денсаулығын нығайтуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға, әлеуметтік белсенділік көрсетуге, азаматтық, нарықтық қатынастар жағдайындағы әр қилы өмірде өз бетімен еңбек етуге дайын болуға.

Қазіргі білім мазмұнын қалыптастырудың ортақ негіздеріне гуманитаризация, гуманизация, экологизация, дифференциация, интеграция, әлемдік және ұлттық мәдениет мұраларын кең қолдану, жаңа ақпараттық технологияларды кең пайдалану, көпкомпонентті, толыққанды оқыту үрдісінің шарты және нәтижесі ретінде шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру жатады. Реформация үрдісі білім мазмұнын интеллектуалдық, моральдық, және рухани жетілуді жеке тұлғалық ізденуді жүзеге асырушы адам типін жобалайтын жаңа модель болып табылатын интеграциялауға негізделеді.

Гуманитаризация (латынша humanitarys - адамға қажетті) бұл ол кім немесе кім болғысы келетініне қарамастан барлық адамға қажетті білім, біліктіліктерді меңгертуге бағытталған білім мазмұнының жалпы бағыты. Мысалы, олардың ішінен ана тілін, әдебиетін, тарих, өлкетануды атап көрсетуге болады.


Білім мазмұнын гуманизациялауға тек қана гуманитарлық емес,сонымен бірге жеке тұлғаны қалыптастыруға көп ықпалын тигізетін мектепте оқылатын басқа да пәндерді кең қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Білім мазмұнын қалыптастыруда адам мен табиғаттың байланысын, адамдар арасында гуманды қарым-қатынасты қалыптастыруда зор ықпалын тигізетін гуманитарлық және жаратылыстану пәндерінің тең болуының, математика, биология, техникалық пәндерді адам жөніндегі білімдермен толықтырудың маңызы зор.Гуманистік бағыттағы мазмұнды игеру ойлаудың гуманистік типінің, тұлғалық бағытты дүниеге көзқарасты қалыптастыруда өмірдегі мәселелерге оптимистік көзқараспен қарауға тәрбиелейді. Білім мазмұнын гуманизациялауда балалардың өзін тануына, өз мінез-құлқын реттеуге және өз іс-әрекетін ұйымдастыру дағдыларын меңгертуге ықпалын тигізетін тілдік және әдебиеттік білімнің, эстетикалық тәрбиенің адамтану курстарының маңызы зор.

Білім мазмұнын дифференциялауды түрлі топтарды тиімді оқытуға жағдай жасау мақсатында жаңа пәндерді одан әрі бөлшектеу емес, керісінше белгілі деңгейде біріктіру деп түсінуге болады.

Әрбір адамның білім мазмұнын игеруде белгілі мақсаттар болады, әрбір баланың қабілеттері, мүмкіндіктері, өмірлік жоспарлары әртүрлі. Біреулері гуманитарлық профильді таңдаса, енді біреулері жаратылыстану-математика немесе көркем суретті таңдайды. Біреулері бір пәнді тереңдетіп оқыса, енді біреулері жай ғана шолып өтеді. Білім мазмұнын әрбір деңгейге сай, оқушылардың мүмкіндіктері мен сұраныстарына сай дифференциациялау керек.

Интеграция – жеке оқу пәндерінің, бөліктерінің арасындағы мәнді байланыстарды анықтау негізінде тұтастың қалыптасу үрдісі және нәтижесі. Интеграцияның мақсаты білім бөліктерін біріктіру болып табылатын білімді ұйымдастыру үрдісінің негізінде болады. Интеграция түрлі деңгейлерден көрініс табады: пәнішілік – жеке оқу пәніндегі негізгі ядро төңірегіне білім мазмұнын жинақтау, пәнаралық - өзара “туыс” оқу пәндерінің әдістері немесе ортақ принциптері негізінде.


Қазіргі мектептедегі пәнаралық интеграция негізінде пайда болған интеграцияланған курстардың, жүйеленген білімді, біліктіліктерді, іс-әрекет және ойлау тәсілдерін қалыптастыруда орны ерекше.

Экологизация идеясы қазіргі мектептегі барлық пәндердің білім мазмұнына тікелей қатысы бар. Қазіргі уақытта адамзат бүкіләлемдік эқологиялық катастрофа шегінде тұр. Егер білім мазмұнына оны тоқтату немесе болдырмау идеясын кіргізбесе, егер адамзат мәдениетін табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік ретінде игермесе барлық білім,

біліктіліктердің түкке пайдаға аспай қалуы мүмкін. Соған орай қазір көптеген елдерде білім мазмұнын экологизациялау принципі басты орында тұр.

Әлемдік және ұлттық мұраларды мақсатты пайдалану оқыту мақсаты ұлы еліміздің патриотты, азаматты тәрбиелеу мақсатымен бірігетін мектептердегі білім беруді қайта құруды талап етеді.

Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану мектепте оқытылатын білім көлемін жетілдіру үшін интерактивті іс-әрекет тәсілдерін, динамикалық және көрнекі образдық модельдерді пайдалануды , материалды беруді жетілдіруді мақсат тұтады. Мұнда негізгі қызметті жаңа компьютерлік құралдар атқарады.

Шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру бұл толыққанды, көпкомпонентті білім мазмұнының және оның негізінде оқу үрдісін ұйымдастырудың нәтижесі.

Білім мазмұнын жасау білім берудің мемлекеттік жалпы міндетті стандартына негізделеді. ҚР әрбір білім беру деңгейі бойынша білімнің мазмұнына мемлекеттік жалпы міндетті стандарттары белгіленді. Әрбір пәннің мазмұны екі бөлімнен тұрады: инвариантты /өзгермейтін/ және вариативті бөліктен, яғни ол жүйелі жанартылып, қайта қаралып отырылады.

4. Білім берудің мемлекеттік стандарты базалық оқу жоспарын да қамтылған,ол оқу жылдарына қарай мазмұндық толтыру және оның құрылымы туралы ұғым береді.

Жалпы білім беретін оқу орындары үшін арнайы нормативті құжаттар, яғни, оқужоспарлары, оқу бағдарламалары, сонымен бірге оқулықтар және оқу құралдары жасалады.


Жалпы орта білім беру тұжырымдамасына сәйкес мектептің оқу жоспарын, бағдарламаларын, оқулықтарды түпкілікті жаңарту талап етіледі. Осыған орай, соңғы жылдары, яғни, 1993-1994 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептің оқу жоспарына жаңа пәндер енгізілді. Алдағы уақытта бастауыш сыныптарға да информатиканы енгізу жұмыстары жүргізілмекші.

Жалпы білім беретін мектептердің өтпелі базистік оқу жоспарында толық жүктеме екі деңгейге бөлінеді: тұрақты және жылжымалы.

Тұрақты жүктеме құрамындағы пәндер жалпы орта білім беретін мектептердің барлық типтерінде / бағдарлы мектеп, гимназия, лицей, жеке мектеп т.с.с. / оқылады.

Жылжымалы бөлім оқушылардың дербес қабілетін дамытуға, бар ынтасымен қызығып оқитын пәндерді жете тереңдетіп білуге мүмкіндік жасайды. Ол таңдамалы пәндер мен факультатив курстарынан құралады.

Жылжымалы бөлім бойынша таңдамалы пәндерге бөлінген уақыт тереңдете оқылатын пәндерге беріледі.

Жеке пәнді теориялық және практикалық жағынан тереңдете оқыуға арналған типтік оқу жоспарларының бірнеше түрлерін 1993-1994 оқу жылында Қазақстан Республикасының Білім министрлігі жасаған.Сол жоспарлардың барлығын мектептің ерекшелігін ескере отырып, тереңдете оқитын пәнді педагогикалық ұжым белгілейді де оқу жоспарын іске асыруды ұйымдастырады.

Оқу жоспары – бұл мыналарды анықтайтын құжат: оқу жылының ұзақтығын, каникулдердің және тоқсандардың мерзімін; мектепте оқылатын пәндердің толық тізімін; оқу жылына қарай пәндерді бөлу, әрбір сыныпта оқылатын пәндерге сағат санын болу; әрбір пәнді оқуға аптасына бөлінген сағат санын. Оқу жоспарында қоғам қабылдаған тәрбие мұраты, белгіленген мақсаттар, білім мазмұнын қалыптастырудың тұжырымдамасы көрініс тапқан. Оқу жоспарында екі компонент бөлінеді: мемлекеттік және өңірлік. Базистік оқу жоспары – оқу жоспарының әр түрлі нұсқаларын жасауға мүмкіндік бере отырып, жалпы бағыт болатын жаңа типті құжат.

Көптеген елдерде пәндердің арасындағы арақатынас мынадай: гуманитарлық блок 40-46%, жаратылыстану – математикалық 30-35%, жаратылыстану 7-11%, сауықтыру-еңбектік 16-20%.


Оқу жоспарының негізінде пәндер бойынша оқу бағдарламалары құрылады. Оқу бағдарламасына енетіндер: түсініктеме хат, онда пәнді оқудың мақсаттары, білім мен іскерлікке қойылатын талаптар, ұсынылатын оқытудың формалары мен әдістері т.б.; оқылатын жадығаттардың тақырыптық мазмұны; тақырыптарға бөлінген сағаттар; білім мазмұнының негізгі элементтерінің тізімі; пәнаралық байланысты жүзеге асырудың нұсқаулары; оқу жабдықтарының және көрнекі құралдарының тізімі; ұсынылатын әдебиет тізімі.

Білім беру мазмұны оқу әдебиетінде толық ашылады. Оған жататындар: мектеп оқулықтары, көмекші құрал, анықтамалықтар, қосымша оқуға арналған кітаптар, атластар, карталар, есептердің және жаттығулардың жинақтары, басылған негіздегі дәптерлер және т.б.

5. Оқулыққа қойылатын дидактикалық талаптар:


  • оқулықтың жадығаттары қазіргі ғылымның деңгейіне сай болуы керек;

  • оқулықтың мазмұны, тараулардың орналасуы сол пәннің бағдарламасына сай болу керек;

  • оқулықтағы материалдың баяндалуы логикалылығымен, қатарландыруымен ерекшеленеді;

  • оқулыққа қойылатын маңызды талаптардың бірі - теория мен практиканың байланысы ұстанымын үнемі жүзеге асырып отыру болып табылады;

  • еске сақтауға тиісті анықтамалар қорытындылар тұжырымдамалар т.б. оқулықта бөлініп көрсетіледі;

  • оқулықтар жақсы безендірілуге тиісті, ойластырылған және мұқият таңдалған иллюстрациялармен қамтамасыз етілуге тиіс.

Оқулыққа қойылатын гигиеналық талаптар: оқу жадығатының дұрыс мөлшері, әріптерінің анықтығы, шрифтінің размерлері т.б.

Қазіргі жақсы оқулықтар өзінде оқулықты /ғылым негіздерін жүйелі баяндау/, жұмыс кітабы, дәптер /сұрақтар, тапсырмалар/, оқу жадығаттарының жинағы, /құжаттар, әдеби мәтіндер/ және анықтамалық /терминологиялық сөздік, таблицалар т.б./ сияқты өзара тығыз байланысты элементтерді ұштастырады.

Оқулықтың оқу құралынан айырмашылығы ол бағдарламаға сәйкес жазылады, ал оқу құралы бағдарламадан тыс жадығаттарды қамтиды. Оқу құралдарына оқулыққа қойылатын талаптарды да қояды.


Дәстүрлі оқулықтармен бірге электрондық оқу жадығаттары пайдалана бастады: видеодискалар, видеокассеталар.


Бақылау сұрақтары


    1. Білім және оның мазмұны туралы түсінік бер.

    2. Білім мазмұнының көздерін ата.

    3. Білім мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды көрсет.

    4. Оқу жоспары дегеніміз не?

    5. Оқу бағдарламасы дегеніміз не?

    6. Оқулық дегеніміз не?

    7. Оқу құралы дегеніміз не?

    8. Оқулыққа қойылатын талаптарды ата.

    9. Оқу жоспары неше компоненттен тұрады?

    10. Оқу мазмұны неде және қалай көрініс табады?


Әдебиеттер:

І.

  1. Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемлекеттік стандарты. Алматы, 1998.

  2. Қазақстан Республикасының ″Білім туралы″ заңы . Қазақстан мұғалімі. 25 ақпан 1998.

  3. Қазақстан Республикасының Орта білімді дамыту тұжырымдамасы. Алматы, 1997.

  4. Қазақстан Республика азаматтарының жаңа әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқын қалыптастыру тұжырымдамасы. Егеменді Қазақстан. 1995.

  5. Қазақтан Республикасының білім беру туралы заңы. Егеменді Қазақстан. 18 қаңтар, 1999.

  6. Қазақстан Республикасы конституциясы. Алматы, 1995.

  7. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тәрбие тұжырымдамасы. Қазақстан мұғалімі. 12 қыркүйек, 1995.

  8. Мемлекеттің білім беру саласындағы саясаттың тұжырымдамасы.Алматы, 1995.

  9. Қазастан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. Алматы , 1994.

  10. Қазақстан Республикасындағы этно-мәдени білім беру тұжырымдамасы. Алматы, 1996.

II.


1. Педагогика. Дәріс курсы. Алматы: «Нұрлы әлем», 2003. -368 бет.

2. Әбиев Ж.,Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. А., 2004.

3. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы, 1993.


4. Педагогика ./Курс лекций. А., 2003.

5. Подласый И.П. Педагогика начальной школы. М., 2000.

6. Подласый И.П. Педагогика. М., 2003.

7. Коменский Я.А. Ұлы дидактика. Алматы, 1993.

8. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2000.

9. Қоянбаев Ж.Б. Педагогика. Алматы, 1992.

10.Лихачев Б.Т. Педагогика М., 1998.

11.Сластенин В:А., Исаев И.Ф. Педагогика М., 1997


Өзіндік жұмыстар үшін тапсырмалар


  1. Қазіргі мектепте оқытылатын ғылымдарды таңдау критериилерін көрсететін кесте құрастыр.

  2. Жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандартына талдау жаса.

  3. Оқу жоспарлары типтерінің кестесін құрастыр және жалпы орта мектептің базистік оқу жоспарына талдау жаса.

  4. Ғылым мен оқу пәнінің сәйкестігін сипаттайтын кесте дайында.



Реферат тақырыптары

  1. Қазіргі даму кезеңіндегі қазақстандық мектептердің білім мазмұнының мәселелері.

  2. Жалпы білім беру мазмұнын таңдау принциптері мен критериилері.

  3. Жалпы орта білім беру мазмұны.

  4. ҚР «Білім туралы» заңы.

  5. Жалпы, политехникалық және кәсіптік білімнің өзара байланысы.


Төртінші тақырып


Оқыту процесінің мәні


Жоспары:

1. Оқыту процесінің мәні және оның функциялары.

2. Оқытудың түрлері.

3. Оқушылардың танымдық іс-әрекеінің ерекшеліктері.

4. Оқыту процесінің құрылымы, негізгі сатылары.

5. Көрнекті педагогтардың еңбектеріндегі дамыта оқыту идеялары.

1. Оқыту – қоғамдық қатынастарды, қоғамдық сананы, мәдениетті және өнімді еңбек тәжірибесін, қоршаған ортаны белсенді өзгерту және қорғау туралы білімді ересектерің мақсатты бағытталған, ұйымдасқан, жүйелі түрде беруі және оны өсіп келе жатқан ұрпақтың меңгеруі. Ол ұрпақтың сабақтастығын, қоғамның толықтай қызмет етуін және тұлғаның дамуының сәйкесті деңгейін қамтамасыз етеді. Оқыту процесінде оқушылар адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесінен белгілі бір жақтарын меңгереді: идеологияны,саясатты, ғылымды, мораль, еңбек, әдебиет және өнер, жалпы және денелік мәдениетті. Оқыту тұлғаның жан-жақты және үйлесімді дамуының негізін салады.


Оқытудың ғылыми танымнан айырмашылығы бар. Ғылыми зерттеу адамзатқа белгісіз білімді ашып берсе, оқушы адамзатқа белгілі тек өзіне белгісіз білімдер жүейсін меңгереді.

Оқыту мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті ретінде екі өзара байланысты процеске бөлінеді: сабақ беру мұғалімнің іс-әрекеті ретінде және оқу оқушының іс-әрекеті ретінде. Мұғалім қоғамның мүддесін көздейді, ол оқушы меңгеруге тиісті адамзаттың тәжірибесін өзінде алып жүргенге іспетті. Сабақ беру бірнеше жақтың қосындысы болады: мұғалімнің өз пәнін білуі, оқыту-тәрбиелеу процесін ұйымдастыра білу іскерлігі, қазіргі оқыту әдістерін білуі, оқушының танымдық мүмкіншілігін, оның ақыл-ой дамуының терең түсінуін, шәкірттің тұлғалық белгілерін қалыптастырудың жолдарын білуі. Оқу – белсенді танымдық процесс, онда оқушының ақыл-күштері, мінезінің моральдық және еріктік белгілері, тұлғаның белгілері және темпераменті қалыптасып, көрініс табады.

Оқыту өзіне үш функцияны енгізеді: білім берушілік /білімдерді меңгеру процесі, оқу дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру/, дамытушылық /оқушыларды психикалық және денелік дамыту/, тәрбиелеушілік /оқу іс-әрекеті оқушыны тәрбиелейді, онда патриоттық, адамгершілік сапалар, көзқарастар, сенімдер, мұраттар, эстетикалық сезім, тәртіптілік, еңбексүйгіштік т.б./.

Оқытудың білім берушілік, дамытушылық және тәриеленушілік функцияларын жүзеге асыру оқушының тұлғасын қалыптастыру процесіне кешенді тұрғыны қамтамасыз етеді.

2. Қазіргі мектепте оқытудың 3 түрі қолданылады: түсіндірмелі – иллюстративтік /ТИ/, кейде оны дәстүрлі оқыту деп атайды; проблемалық /Пбо/; бағдарламаланған /программированное/ /БО/ және оның негізінде дамыған компьютерлік оқыту /КО/.

Түсіндірмелі – иллюстративтік оқыту. Мұндай оқытудың негізгі әдісі – түсіндіруді көрнекілікпен ұштастыру. Оқушылардың іс-әрекетінің жетекші түрлері – тыңдау және еске сақтау. Басты талап және тиімділігінің көрсеткіші – оқығанды қатесіз қайталап айту. Түсіндірмелі – иллюстративтік оқытудың он жақтары: уақыт үнемдейді; оқушылардың күрделі білімдерді түсінуін жеңілдетеді; оқыту процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Кемшіліктері: «даяр» білімдерді беруі, оқыту процесін жекелеп және саралап жүргізуге толық жағдай жоқ.


Проблемалық оқыту эвристикалық әдістерді қолдануға негізделген оқытудың бір түрі. Мақсаты – практикалық және теориялық – танымдық сипаттағы проблемдік жағдайларды шешу процесінде эвристикалық іскерліктерді дамыту. Іздеушілік процеске оқушылардың білімдері және талдау іскерліктері қатыстырылып, олар онан әрі белсенділік сипатқа ие болады. Оқу проблемасы күрделі болғанымен оқушылардың оларға әлі жететін болу керек. Проблеманы шешудің кезеңдері: оқу проблемасына кірістіру және оны ұғыну; осы сұрақ бойынша бар білімді талдау, олардың жеткіліксіздігін анықтау, жетіспейтін ақпаратты іздеуге қатыстыру; мәселені шешу үшін әртүрлі тәсілдермен білімді табу; алынған нәтижені тексеру. Проблемалық оқытудың оң жақтары: өзіндік шығармашылық іс-әрекет арқылы дербес түрде білімге ие болуы, оқу әрекетіне жоғары қызығушылық, өнімді ойлауды дамыту, оқытудың берік және әрекетті нәтижесі. Кемшіліктері: оқушылардың танымдық әрекетін басқарудың қиындығы, әлсіздігі, қойылған мақсатты орындау үшін көп уақыт кетеді.

Бағдарламаланған /программалық/ оқыту - әрекеттердің /операциялардың/ бірізділікті жүйесі, оларды орындау алдын-ала жоспарланған нәтижеге әкеледі. Бағдарламалап оқытудың негізгі мақсаты – оқыту процесін басқаруды жақсарту. ПО ерекшеліктері: оқу материалы бөлек-бөлек порцияларға бөлінеді: оқыту процесі бірізділікті қадамдардан тұрады, онда білімнің порциясы және оларды меңгеретін ойлау операциялары бар; әрбір қадам тексерумен аяқталады /сұрақ, тапсырма, т.б./; егерде оқушы қадағалаушы тапсырманы дұрыс орындаса материалдың жаңа порциясын алады да оқытудың келесі қадамын орындайды; оқушы дұрыс емес жауап берсе көмек және қосымша кеңес алады; әрбір оқушы дербес жұмыс істейді және әлі келетін қарқынды оқу материалын меңгереді; бүкіл қадағалаушы тапсырмалардың орындалуы есепке алынады және олар оқушының өзіне /ішкі кері байланыс/ және мұғалімге /сыртқы кері байланыс/ белгілі болады; педагог оқытуды ұйымдастырушы және оқушы қиындық көргенде кеңес беруші рөлінде болады; оқыту процесінде БО құралдары кеңінен пайдаланады: программаланған оқу құралдары, тренажерлер, қадағалайтын жабдықтар, оқыту машиналары.


Жеке электрондық-есептеу машиналарының қарқынды дамуы компьютерлік оқытудың жаңа технологиясын дүниеге әкелді. Қазіргі кезде оларды қолданудың жолдарын іздестіру қажет.

3. Оқыту процесінің методоло�