https://electroinfo.net

girniy.ru 1


Қазақстан Республикасы Үкіметінің

2009 жылғы « 27 » тамыздағы

№ 1251 қаулысымен

бекітілген


Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу

ережесі


1. Жалпы ережелер


  1. Осы Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу ережесі (бұдан әрі – Ереже) мемлекеттік басқарудың орталық және жергілікті деңгейлерінде әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібін, орталық және жергілікті атқарушы органдардың оны әзірлеу бойынша өзара іс-қимыл тетігін айқындайды.

  2. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары, мемлекеттік бағдарламалар және Қазақстан Республикасы Президентінің жолдаулары ескеріле отырып, стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлаудағы өзара байланысты орнату мақсатында мемлекеттік басқарудың орталық және жергілікті деңгейлерінде жыл сайын жылжымалы негізде бес жылдық кезеңге әзірленеді және мыналарды:

    1. мемлекеттік басқарудың орталық деңгейінде – жылдар бойынша бөліп көрсете отырып, макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын, әлеуметтік параметрлердің болжамын, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының үрдістерін, басымдықтарын, мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштерін;

    2. мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде – жылдар бойынша бөліп көрсете отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын, үрдістерін, басымдықтарын, мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштерін;

    3. үш жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын қамтиды.

  3. Республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы – мемлекеттік басқарудың орталық деңгейінде әзірленетін әлеуметтік-экономикалық даму болжамы.

  4. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы – мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде әзірленетін әлеуметтік-экономикалық даму болжамы.
  5. Республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.


Республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдайды.

  1. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар әзірлейді.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы мақұлдайды.

  1. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бес жылдық кезеңге арналған стратегиялық жоспарларын, үш жылдық кезеңге арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді, аумақтардың даму бағдарламаларын әзірлеуге негіз болады.



2. Әлеуметтік-экономикалық даму

болжамының құрылымы


  1. Мемлекеттік басқарудың орталық деңгейінде әзірленетін әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мынадай бөлімдерден тұрады:

экономикалық даму үрдістері;

даму факторлары мен шарттары;

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты индикаторлары;

экономикалық саясат және жылдар бойынша бөліп көрсете отырып, әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамы;

бюджет параметрлерінің үш жылға арналған болжамы;

әлеуметтік-экономикалық даму және бюджет параметрлері негізгі көрсеткіштерінің болжамы (қосымша түрінде).

Бюджет параметрлерінің болжамы:

Қазақстан Республикасының салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын;

мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджетінің болжамдарын;

үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін (қосымша түрінде) қамтуы тиіс.

  1. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштерінің тізбесі осы Ереженің қосымшасына сәйкес айқындалады.


  2. Республиканың және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды параметрлерін есептеу үшін қажетті көрсеткіштер нысандары мен тізбесі стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес стратегиялық мақсаттар мен басымдықтарға байланысты анықталады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

  3. Мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде әзірленетін әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамы мынадай негізгі бөлімдерден тұрады:

экономикалық даму үрдістері;

экономиканың даму факторлары мен шарттары;

мақсатты индикаторлар мен жылдар бойынша бөліп көрсете отырып, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;

бюджет параметрлерінің үш жылға арналған болжамы;

әлеуметтік-экономикалық даму және бюджет параметрлері негізгі көрсеткіштерінің болжамы (қосымша түрінде).

Бюджет параметрлерінің болжамы:

бюджет саясатының негізгі бағыттарын;

тиісті жергілікті бюджеттердің болжамын;

үш жылдық кезеңге арналған жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін (қосымша түрінде) қамтуы тиіс.

  1. Жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарына арналған бюджет параметрлерінің болжамы индикативтік сипатта болады және әлеуметтік-экономикалық даму болжамының өзгерістері, бюджет мониторингі және нәтижелерді бағалау, басқа да ішкі және сыртқы факторлар ескеріле отырып, бюджет параметрлерінің кезекті жоспарлы кезеңге арналған болжамын әзірлеу кезінде нақтылануы мүмкін.



3. Мемлекеттік басқарудың орталық деңгейінде әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібі

  1. Республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу екі кезеңде жүзеге асырылады.


Бірінші кезеңде республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлеу жүзеге асырылады:

орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдар жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 15 наурызынан кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға көрсеткіштер болжамын және әлеуметтік-экономикалық даму болжамының бөлімдері құрылымына, көрсеткіштерінің нысандары мен тізбесіне сәйкес республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының бөлімдеріне ұсыныстар береді;

мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдардан алынған ақпарат негізінде республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлейді және жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 15 сәуірінен кешіктірмей ұсыныстарды әзірлеу үшін Республикалық бюджет комиссиясының (бұдан әрі – РБК) қарауына енгізеді;

мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бірінші кезеңде РБК-ның ұсыныстары ескеріле отырып, пысықталған республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын орталық және жергілікті атқарушы органдарға, өзге де мемлекеттік органдарға жібереді.

Екінші кезеңде республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы көрсеткіштерінің болжамы мен бөлімдерін нақтылау жүзеге асырылады:

жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың маусымында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен республиканың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын нақтылауды жүргізеді;

орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар, республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бөлімдерінің құрылымына, көрсеткіштердің нысандары мен тізбесіне сәйкес жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 15 маусымынан кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының бөлімдеріне нақтыланған көрсеткіштер болжамы мен ақпаратты ұсынады;


мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган орталық және жергілікті атқарушы органдардан, сондай-ақ өзге де мемлекетік органдардан алынған ақпараттың негізінде республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын пысықтайды және жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 1 тамызынан кешіктірмей оны РБК-ның қарауына енгізеді;

РБК қарауынан кейін республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 15 тамызынан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізіледі;

республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.


4. Мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібі


  1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу екі кезеңде жүзеге асырылады.

Бірінші кезеңде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлеу жүзеге асырылады:

мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органдарының және аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органдарының қатысуымен жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 20 сәуіріне дейін РБК мақұлдаған республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бөлімдерінің құрылымы, көрсеткіштерінің нысандары мен тізбесі негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлейді және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясының қарауына жібереді;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясы жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы бойынша ұсыныс әзірлейді.


Екінші кезеңде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы көрсеткіштерінің болжамы мен бөлімдерін нақтылау жүзеге асырылады:

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың қыркүйегінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органдарының және аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органдарының қатысуымен екінші кезеңде мақұлданған республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын нақтылауды жүргізеді;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органдары және аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органдары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бөлімдерінің құрылымына, көрсеткіштерінің нысандары мен тізбесіне сәйкес жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының бөлімдері мен көрсеткіштеріне ұсыныстар береді;

мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органдарынан және аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органдарынан алынған ақпараттың негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын пысықтайды және жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 25 қыркүйегінен кешіктірмей оны жергілікті атқарушы органның қарауына енгізеді;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 1 қазанынан кешіктірмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі мақұлдайды;


мақұлданған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көшірмесі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органының Стратегиялық жоспарын келісу кезінде жұмыста пайдалану үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынылады;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органдарының Стратегиялық жоспарларын орталық атқарушы органдармен келісу нәтижелері бойынша жергілікті бюджеттің болжамдарын пысықтау жүзеге асырылады.


  1. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу екі кезеңде жүзеге асырылады.

Бірінші кезеңде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлеу жүзеге асырылады:

ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 25 сәуіріне дейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджет комиссиясы мақұлдаған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бөлімдерінің құрылымы, көрсеткіштерінің нысандары мен тізбесі негізінде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлейді және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті бюджет комиссиясының қарауына жібереді;

ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясы жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 25 сәуірінен кешіктірмей ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы бойынша ұсыныс әзірлейді.

Екінші кезеңде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы көрсеткіштерінің болжамы мен бөлімдерін нақтылау жүзеге асырылады:

жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың қазанында ауданның, (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы екінші кезеңде мақұлданған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын нақтылауды жүргізеді;


ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын пысықтайды және жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 25 қазанынан кешіктірмей оны жергілікті атқарушы органның қарауына енгізеді;

ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі мақұлдайды.


5. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеуді әдіснамалық және ақпараттық қамтамасыз ету


  1. Республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың жұмысына әдіснамалық басшылықты және үйлестіруді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

  2. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың атқарушы органдары мен аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарының жұмысына әдіснамалық басшылықты және үйлестіруді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жүзеге асырады.

  3. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу бойынша әдіснамалық ұсынымдарды әзірлейді.

_________________________