https://electroinfo.net

girniy.ru 1
ФКГМУ 4/3-04/01


ИП №6 УМС при КазГМА

от 14 июня 2007г.


Қарағанды Мемлекеттік Медицина Университеті

Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы


ДӘРІС




Тақырыбы: «Хрущевтік декада» жылдарындағы Қазақстан (1953 – 1964 жж.)


Пәні: Қазақстан тарихы

Мамандығы: 051302 - Стоматология

Курс: 1

Ұзақтығы: 2 сағат


Қарағанды 2010 ж



Кафедраның мәжілісінде талқыланып бекітілген
Хаттама №____ «____»_______ 2010ж.

Кафедра меңгерушісі: О.К.Никитина



  • Тақырыбы: «Хрущевтік декада» жылдарындағы Қазақстан (1953 – 1964 жж.)




  • Дәрісті оқыту мақсаты: «Хрущевтік жылының» деп аталатын кезеңнің сипаттамасын түсіндіру. Осы жылдардағы экономикалық дамудың барысын түсіндіру. Ұлттық табыстың ауыл пайдасына қайта бөліну саясатын Қазақстанның әлеуметтік – саяси жағдайымен таныстыру.




  • Дәріс жоспары:




  1. Экономиканың дамуы.




  1. Елдегі әлеуметтік – саяси жағдай.




  1. Ауыл шаруашылығындағы өзгерістер.




  1. Ұлттық саяси мәселесі.




    • Дәріс тезистері:

1940 жылы Қазақстандағы дәнді-дақылдар егісін тың жерлерді игеру есебінен бір миллион гектарға кеңейту көзделді. Екінші дүние жүзілік соғыс басталғанға дейін 750 мың гектарға жуық тың жер ауыл шаруашылық айналымына енгізіледі. Қолға алынған жүйелі жұмыс соғыс жылдарында да жалғасады. КСРО-ның батысындағы астықты алқаптың 47 проценті жау қолында қалғанның өзінде 1941-1944 жылдары одақ бойынша 4264 миллион пұт астық өндіріледі. Соғыс жылдарында Қазақстан колхозшылары қиын жағдайға қарамастан жанқиярлықпен жұмыс істеп, мемлекетке жоспардан асырып 30,8 миллион пұт астық тапсырады. Соғыстан кейінгі ауқымы мен ауыртпалығы айырықша болған халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында да аштыққа жол берілмеді, тіптен 1947 жылы нанға кәртішке жүйесі жойылды. Қазақстандағы астық өндірісі 1950 жылы 1751,3 мың тоннадан 1953 жылы 1977,5 мың тоннаға жетті.


Қазақстандағы астық өндірісінің үлес салмағы анағұрлым азайып, одақ бойынша белгіленген өнім дайындаудың 5-6 процентін ғана құрады, ал астықтың тауарлы түсімі тым төмен болып гектарына 2,57 центнерден айналады. 1953 жылы дәнді-дақылдар өнімі күрт кемуіне орай ашаршылық қаупі төнеді, ауыл адамдары қалаларға барып, нан сатып алып күнелтуге мәжбүр болады. 1953 жылғы қыркүйекте өткен КОКП Орталық Комитетінің Пленумы ауыл шаруашылығында қалыптасқан ауыр жағдайға әділ баға беріп, елдің жалпы дамуы мен ауылдағы жағдай арасында тепе-теңдіктің жоқтығы, адамдардың нашар тамақтанатыны атап көрсетіледі. Мол мүмкіндік бола тұрып, біздің республикада да халықтың нан жөніндегі сұранысы қамтамасыз етілмейді. Себебін түсіндіру қиын. Айтуға тұратыны: егіншілік мәдениетінің төмендігі, механизаторлар жетіспеуі, ауыл шаруашылығы мамандарының аздығы, еңбеккерлерді материалдық ынталандырудың мәз еместігі, салаға басшылықтың бәсеңдігі.

Істің оңға басуына қажетсіз қайта құрулар да кедергі келтіреді. 1951-1952 жылдары жергілікті жағдайды жеткілікті зерттеп жатпай-ақ кішігірім колхоздар асығыс ірілендірілді. Соның салдарынан Қазақстандағы колхоздар 3 есеге кемиді. Жергілікті билік органдарының өкілеттілігі трактор-егіс бригадаларының шеңберімен шектеледі. Мұндай бұрмалауларды жөнге салу Сталиннің жеке басына табынуды талқандағаннан кейін ғана қолға алынады. Анахронизм ауыртпалығынан арылған ауыл еңбеккерлерін аграрлық салада келесі істер күтіп тұрған еді. Бұл дағдарыстан шығудың бір ғана жолы бар еді. Ол үшін өндірістік қатынастар жүйесін өзгерту, атап айтқанда, нарық қатынастарына көшу керек болатын. Бірақ, ол кезде мұндай әңгімені қозғауға ешкімнің батылы бармады. Өзін өзі сақтау үшін билік иелері мәселені экстенсивтік әдіспен – тың жерлерді кең ауқымда игеру жолымен шешуге кірісті.

Тың игеруге жаппай кірісу. 1953 жылдың аяғында тың игеруге қатысты мәселелер Одақ деңгейінде қызу талқыланып жатты. Жарамды жерлер көп делінетін Орал, Сібірмен бірге Қазақстан да алдымен аталып жүрді. Жерлерді жыртып тастау дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға зиян келтіреді деп санаған республика партия ұйымының басшылары орнынан алынды. Орталықтың нұсқауы бойынша Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып П. К. Пономаренко сайланды, ал оның орынбасарлығына біраздан кейін оның орнына келген Л. И. Брежнев отырғызылды.


Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешім 1954 жылдың көктеміне қараған шақта қабылданды. Онда 1954-1955 жылдары тың жерлерді игеру есебінен дәнді-дақылдар егіс аумағын 13 млн. гектарға арттыру, ол жерлерден 1100-1200 млн. пұт астық, соның ішінде 800-900 млн. пұт тауарлы астық алу көзделді. Тың игеру жөніндегі бұл шешімді қазақстандықтар мақұлдап, қуаттайтындықтарын білдірді. Республика еңбекшілері белгіленген шараларды жүзеге асыруға белсене араласып, шабытты еңбек етті. Бұл науқан кезінде қазақ халқы тағы да өзіне тән қонақжайлық, интернационалдық, бауырмалдық мінездерін таныта білді.

КСРО-ның түкпір-түкпірінен адамдар ағылып келе бастады. Ол кезде коммунистер мен комсомолдардың бастама көтеріп, түрлі науқандарға шақырып жатуы әдеттегідей жай еді. Баспасөз бетінде тың игерушілердің сапына қосылуға шақырған үндеулер мен ұрандар жиі басылып тұрды. Тың игеруге салт басты, сабау қамшылы жастар ғана емес, отбасымен толық көшіп келушілер де көп болды.

Өнеркәсіп ошақтарын орнатамыз деп мыңдаған жұмысшы-құрылысшылар келіп жатты. Халықтың қазақ жеріне ең көп қаптап келгені-50 жылдардағы тың жерлерді игеру кезі болды. 1953-1965 жылдары Қазақстанға бас-аяғы 2 миллион адам сырттан келіп, осында орналасты, қоныс тепті, жұмыс тапты. Олар негізінен орыстар мен украиндар болды. Олар жергілікті халықпен санаспады, көрмеді. Қазақ халқының өз жерінде азшылық болып үштің бірі деген үлеске түсіп қалатын халі осылай жасалған.

Тың игерудің алғашқы екі жылында республикаға барлығы 640 мың адам келді. Бірақ олардың 150 мыңы ғана ауыл шаруашылық механизаторлары еді. Тың игеруге қатысқан адамдарды материалдық ынталандыру шаралары жүзеге асырылды. Тыңгерлер барар жеріне шейін тегін көшірілді. Әр отбасына 500-1000 сомнан бір мезеттік көмек көрсетілді. Үй салу үшін (оның 35 процентін мемлекет өз мойнына алып), мал сатып алу үшін несие берілді. Астық немесе ұн ретінде азық-түлік көмегі көрсетілді. Тыңгерлер 2 жылдан 5 жылға шейін ауыл шаруашылық салығынан босатылды.


Бұл жерде жоғарыдағыдай ынталандыру үшін бөлінген материалдық көмекті бөлуде алалық болғандығын ескере кету керек. Көтерме көмекті славян тектілер артықшылықпен пайдаланғанда, Қазақстан тыңын игеруге үлес қосуға ниет білдірген, Ресей жерінде тұратын қазақ жұртының өкілдері ешқандай материалдық көмек ала алмады.

1954 жылдан бастап егіске жарамды жерлерді зерттеп, таңдап алу жұмыстары жүргізілді. Ол жұмыстарға Мәскеудің, Санк-Петербургтың, Украинаның топырақ зерттеуші ғалымдары, ботаниктері, гидрогеологтары қатысты. Алайда, өмірлік тәжірибе көрсеткендей, орасан көп жерді жыртып тастаудың зиянды салдарлары болатыны ескерілмеді. Және сол кездің айқайшыл басшыларын келешек туралы ғылыми болжамға иландыру оңай емес те еді.

Тыңның алғашқы табыстары. Тың игеру республиканың Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Торғай облыстарында жүргізілді. 1954 жылдың көктемінен 1955 жылдың көктеміне дейінгі бір жыл ішінде тың өлкесінде 337 астық совхозы құрылды. Олардың егіске жарамды жерлері 10 млн. гектардан астам болды. 1954 жылдың өзінде-ақ тың көтеру жөніндегі тапсырма артығымен орындалды. Қазақстанда 6,5 млн. га тың жер жыртылды. Астықтың жалпы түсімінің мөлшері 7650 мың тоннаға жетті. (1950 жылы Қазақстанда 7854 мың га жерге дән себіліп, одан 4,7 млн. тонна астық жиналған болатын). 1955 жылы егіс көлемі 1954 жылғымен салыстырғанда екі еседей артып, 20,6 млн. га жер жыртылғанымен, ауа райының қолайсыздығынан 4750 мың тонна ғана астық алынды. Тыңгерлер ауыз толтырып айтатындай көрсеткішке 1956 жылы ғана жетті. Бұл жылы республика 16 млн. тонна астық жинады. Мұны коммунистік даңғазалықпен 1 млрд. пұт деп ауыз толтыра айту қалыптасты.1956-1958 жылдары республикада тағы да 4,8 млн. га тың жер игеріліп, егіс көлемі 28,6 млн. гектарға дейін өсті. Мұның ішінде дәнді-дақылдар егісінің аумағы 23,2 млн. га еді. Республикада техникалық дақылдар, көкөніс, жемшөп өндіру де ұлғайтылды.

Тың игерушілерде көтеріңкі рух, еңбекке деген құлшыныс болды. Еңбек озаттары көптеп шыға бастады. Астық жинаудың түрлі әдістері дүниеге келді. Мәселен, Қостанай облысындағы «Ярославский» совхозының бригадирі М. Е. Довжик, Қостанай облысындағы Павлов атындағы совхоздың комбаиншысы Ж. Демеев, Павлодар облысының Буденный атындағы колхоздың комбаиншысы П. Ф. Музыка т.б. тыңгерлер еңбектегі ерліктің тамаша үлгілерін көрсетті.


Тың игеру бидайды ғана емес, астықтың өзге түрлерін өсіруге де игі ықпал етті. Сол жылдары Қазақстанның Оңтүстігінде күріш өсіру едәуір жанданды. Қызылорда облысының Шиелі ауданының «Қызыл ту» колхозының звено жетекшісі Ыбырай Жақаев күріштен мол өнім алудың ғажап үлгісін көрсетті. Ол көптеген ізбасарлар дайындап шығарды.

Тың жерлерді игеру жылдарында біздің Қазақстан сапалық жағынан жаңа экономикалық және әлеуметтік деңгейге шықты. Өте қысқа мерзім ішінде оның еліміздің азық-түлік балансындағы ролі артты. Қазақ жерінде ірі-ірі кәсіпорындар пайда болды, ғылым мен мәдениет одан әрі дами түсті. Алайда, тың игерудің нәтижелері тіпті де бір мәнде емес. Қазақ КСР-інің 70 жылдығына арналған мәжілісте жасаған баяндамасында Н. Ә. Назарбаев атап көрсеткендей, бүкіл жағымды қорытындыларын мойындай отырып тың игеру қозғалысы терең ойластырылмаған, дайындықсыз қолға алынған. Көп жағдайда волюнтаристік сипаты басым кең ауқымды әрекет болды. Мұнда ең алдымен республиканың ұлттық ерекшелігі назарға алынбаған еді. Дәстүрлі мал шаруашылығына елеулі нұқсан келтірілді, астық проблемасын шешудің өзі негізінен алғанда экстенсивті жолмен ғана қолға алынды. Орасан зор көлемде халықтың басқа жерден Қазақстанға тоғылуы рухани, адамгершілік тұрғыдан әубастан-ақ кереғар сипатта болды. «Бос жатқан, қу мекен далаға барасыңдар, оны игеріп, өздерің қолдарыңмен орнатасыңдар» деген ат үсті нұсқауларға иек артқан тың игерушілер қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетіне, оның тарихи ескерткіштеріне қандай тұрғыдан қарауға тиіс еді? Қазақ мектептерінің саны осы жылдары күрт қысқарды. Бір ғана дерек мысалы, 1956 жылдың қаңтарында облыста 154 қазақ тілінде оқитын мектеп болса, оның саны 1991 жылдың 1 қаңтарында небары 57 ғана болып отыр.

Сол баяндамасында Н. Ә. Назарбаев: «Тіл туралы мәселе халықтың «жан ашуы» сияқты бір ышқынар сәті. Біз сондай тығырыққа тірелген халықпыз. Бірақ үмітсіз емеспіз» деді. Оған қоса Қазақстанда қазақ топонимдерінің үштен бірі өзгертілді, жаңа ауыстырылған жасанды тіліміз бен рухани болмысымызға жат шығу тегі, қойылу тарихы күмәнді атаулар көбейді.


Қазақ жерінің Есіл, Нұра, Еремен, Атбасар, Қорғалжын, Теңіз, Сілеті атаулары ғана сақталып, қалған аймағы – Алексеев, Астрахань, Целиноград, Вишнев, Макин, Балкашин, Краснознамен, Красный флаг, Красный яр болып жалғасып кете барған осы өлкенің тың игеру кезіндегі күнгейі мен көлеңкесі, қуанышы мен қасіреті қатар болғандығы рас. Шұрайлы шабындық, жасыл жайлау есепсіз жыртылып, аң ауып, құс ұясы бұзылды. Небір айнакөлдер тартылып, бұлақ көздері бекітілді.

Халықтың тағдырына да тыңның тегеуріні нендей «сыйлық» бергенін жариялылықтың арасында ашық айта бастады. Туған халқымыздың әр перзентінің осыған жаны ауырады деді Н. Ә. Назарбаев. Ал жазушы С. Жүнісов әңгімелейді: 1) 1955 жыл еді. Тың игерудің нағыз басталған шағы. Осы науқан елдің берекесін қашырды. Жыртылмаған жер қалмады. Небір қасиетті орындар егіннің астында рәсуа болды. Ауылдарда ұрлық көбейді. Құлпы жоқ үйлерді түгел көшіріп әкеткен оқиғалар аз болмады. Ел бұзылды. Маскүнемдік етек алды. Қазақ әйелдері аузына арақ ала бастады.

Қорыта келгенде 1954-1960 жылдары жалпы Совет одағында 42 млн. га жер көтерілді. Мұның ішінде Қазақстанда 25 млн га жаңа жер игерілді. Қазақ ССР-ында тың игерудің көлемі мен тиімділігі жөнінде мына цифрлар айғақ бола алады: тың игеру басталған 1954 жылдан 1978 жылға дейінгі мерзімге Қазақстанда 438,9 млн. тонна астық өндіріліп, оның 252,2 млн. тоннасы мемлекетке сатылды. Осы мерзімде Қазақстанның ауыл шаруашылығын, оның ішінде тыңды дамытуда 21,2 миллиард теңге жұмсалды.

Астық сату айналымынан 27,2 млрд. сом алынды. Сөйтіп жұмсалған барлық еңбек пен шығын барынша қысқа мерзімге өтеліп, оның үстіне айтарлықтай пайдаға да қол жетті.

Тың игерілгенге дейін республикамыздың мемлекетке астық сатудағы үлес салмағы 4,6 процент мөлшерінде болса, 1978 жылы 12 процентке тең болды немесе қазақтардан орта есеппен жылына 1 млрд. пұт дерлік астық тасылып отырды.

Республикада 2077 совхоз бен 415 колхоздың материалдық базасы едәуір нығайды.


Тың жер Қазақстанның өндірістік күштерін дамытуға, оның экономикасын, ғылымын, мәдениетінің өсуіне қуатты серпін берді.

Аса ірі өнеркәсіп тараптары пайда болды, жаңадан 90 қала соның ішінде бүкіл елімізге әйгілі Рудный, Екібастұз, Ермак, Кентау, Арқалық, Ақтау бой көтерді.

Жаңа станоктарды машиналармен,тракторларды Павлодар (Кереку) шығара бастады.

Тың игеру үшін (1954-1959 жылдар) 1 млн. 450 мың адам Қазақстанға қоныс аударды, оған қоса өздігінен келіп, қазақтың жақсы жерлеріне қоныстанушылар 1 млн. адам еді. Әскери жабық қалаларға ведомствоаралық өктемдіктің ұйғаруымен тағы сол сияқты құйтырқы әдістермен көшіп келгендер 1 млн. 300 мың адамнан асады.

Олар ең алдымен 1937 жылы сонау Қиыр Шығыстан 95 мың кәрістерді отбасыларымен көшіріп әкелді. Олар негізінен Сыр мен Жетісу өңіріне орнықты. Содан 1940-1941 жылдары Батыс шекарадан 105 мың поляктарды осында жер аударды.

Соғыс басталысымен Еділ бойында ғасырдан астам қоныс теуіп отырған бір миллионнан аса немісті шығысқа көшірді, соның 400 мыңы Қазақстанға келді. Бұл үлкен көштің басы ғана еді. Қазақстанға қаулаған босқындар шеруі молая түсті. Енді олар Кавказдан қопарылды. 1943 жылы екі мыңнан астам қалмақтар мен 30 мың қарашайлар, 1944 жылы Қырым татарлары мен балкарлар (18 мыңнан аса) осында әкелінді. Осы жылы ең саны көп екі халық қиянат-бейнеттен кемпір шалдарын, шиеттей балаларын алып қақаған қыс ішінде жүк таситын ағаш вагондарға сығылысып (мыңдаған адам жолда жан тапсырды) қазақ жеріне 310 мың шешендер мен 79 мың ингуштер жер аударылды.

Оларға қоса гректер, курдтар, грузин-месхеттер, түріктер мың-мыңдап айдалып әкелінді. Ең ақыры 1948-1956 жылдары бұрынғы «басмашылар» мен «власовшылар» да осы Қазақстанға жіберілді ғой. Сонымен бас-аяғы осылай күшпен зорлықпен көшірілген халықтың саны 974 мыңға жетті. Бір миллион адам қазақтың нан-суына ортақ болды. Оның үстіне соғыс кезінде жау қолында қалған жерлерден бір жарым миллион адам жан сақтауға көшіп келді. Сөйтіп, соғыс кезінде сырттан, басқа жақтардан екі жарым миллион халық келіп қазақ еліне қоныстанған. Өзі екі миллионнан асар аспас қазаққа екі жарым миллион бөтен жұрт қосылғасын, араласқасын не болсын! Осының бәріне ақ көңіл, қонақпейіл қазақ көнді, шыдады. Сол жат адамдармен түсінісіп тіл тауып, араласып кетті. Ешқандай ұлт аралық жанжалдар болған емес. Кейін өз еліне қайтқан шешендер бұрын Қазақстанда жүргенде Кавказ тауы түсімізге кіруші еді, енді мұнда қазақ даласы түсімізден шықпайды дейтін болды. Олардың бәрі де қазақ мейірбандылығын ұмытар емес.


Қазақстан аумағындағы ядролық сынақ алаңдары және ядролық сынақтардың экологиялық зардаптары

1946-1990 жылдары Қазақстан территориясында Семей, Капустин яр, Азғыр т.б. полигондар жұмыс істеді. Арнайы деректерге сүйенсек, ядролық сынақ полигонының ең ірісі Семей полигоны болды. Қазақстан Республикасына Кеңес Одағынан мұра болып қалған Семей ядролық сынақ полигоны адамдар денсаулығына, сондай-ақ аймақтың табиғи ортасына үлкен зардаптарын тигізді.

Семей полигонында плутоний бомбасының бірінші жарылысы 1949 жылы 29 тамызда, демек тура 55 жыл бұрын болды. Сынақтар екі бірдей ұрпақтың өмірі бойы жалғасып келді. Полигондағы 500-ден астам құрылғылардың жарылыстары Семей аймағы тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар полигоннан алыста жатқан жерлердің тұрғындарына да үлкен зардап әкелді.

Осы полигондағы 40 жылға созылған сынақтар кезінде 18 500 шаршы км көлемінде жарылыстар болды, олардың қуаты 17 400 000 тринитротолуолға баланады. 1949-1963 жылдар аралығында барлық 116 жарылыс ауада және жер бетінде жасалды. 1963 жылы Кеңес Одағы ауада, ғарыш кеңестігінде және су астында ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы Шартқа қол қойған соң (1963 жылғы 5 мамыр) жарылыстар жер астында жасалды.

Осы сынақтар нәтижесінде Балапан атты «атом өзені» пайда болып, ауаға радиоактивтік газдар тарады. Жалпы бұл сынақтар Қазақстанның кең аумағында радиоактивтік ластану дәрежесінің өсуіне әкелді. Жер асты сынақтары сондай-ақ экологиялық тепе-теңдікті бұзып, бүгінге дейін жасалып отырған шөлейттену процесіне әкеліп соқты.

Сынақтар сондай-ақ тұрғын халық денсаулығының тез де үмітсіз нашарлануына әкелді. Түрлі аурулар, оның ішінде ісік аурулары, сынақтардан кейін болған радиацияға байланысты екендігі күмәнсіз. Алайда бұл аймақ тұрғындарына Семей ядролық сынақ полигонының әсері тек радиациялық сәуле алу ғана болмай отыр.

Осы мерзім ішінде Семей аумағы ядролық полигонға экономикалық тұрғыда тәуелді күйге ұшырады. Полигон жұмыс жасап тұрғанда онда 400 000 адам қызмет етті.


Халықаралық қауымдастық тарапынан ерекше назар аударылуы тиіс Семей аймағының проблемаларын төрт тұрғыда айту керек. Бұл – 1)қоршаған орта мен экология; 2) денсаулық қорғау; 3) экономикалық қайта қалпына келтіру; 4) гуманитарлық көмек.

Ядролық сынақтардың экологияға, қоршаған орта мен ауыл шаруашылығына әсері мен салдарлары үлкен опат еді. Қаруды сынау ауыл шаруашылығы жерлерінің, табиғаттың, экологияның және дәстүрлі өмір сүру салтының жоғалуына әкелді. Сынақтарды жүргізу барысында тұрғындарға қажетті қоршаған орта, ауыз су, тағам және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы туралы қажетті ақпарат болмады.

Біздің әлі күнге дейін ядролық сынақтардың қоршаған ортаға әсері туралы тура ақпаратымыз жоқ. Белгілісі, 4500 шаршы километр жер 137-цезиймен, 90-стронциймен уланған, оның үстіне бұл металдардың қордалануы Қазақстан заңдарымен бекітілген нормадан едәуір жоғары. Оның үстіне полигоннан алшақ жатқан жерлердің, таулар мен сулардың цезий және стронциймен уланғандығы дәлелденді.

ІІ. Ядролық сынақтар нәтижесінде радиация әсеріне 1,6 млн адам ұшырады. Полигон әсер ететін аймақта бүкіл Семей және Павлодар облыстары, Шығыс Қазақстан облысының үлкен бөлігі, Қарағанды облысының кейбір аудандары болғандығын естен шығармау қажет. Басқаша айтқанда, бұл жерде әңгіме бүкіл Шығыс және Орталық Қазақстан аумағы туралы болып отыр. Бұл облыстарда ісік аурулары мен оның салдарынан адам өлімі 1,5 есе артып отыр. Әсіресе, өкпе, тамақ, асқазан, сүт бездері ісіктері мен қан түйіршіктерінің ағаруы аурулары көптеп кездеседі.

Оның үстіне басқа да аурулар, қан айналымы, ас қорыту, дем алу жүйелерінің эндрокринологиялық, гинекологиялық қанның ісік емес, катаракта аурулары бар Семей облысында иммунитет жүйесінің бұзылуы көптеп байқалады. Мұның әсері А және В сары ауруы, туберкулездің кең тарауына әкелген.

ІІІ. Өкінішке орай, полигонды салу мен пайдалану жергілікті экономикаға да үлкен шығын әкелді. Кеңес Одағының құлауы орналасқан жері бойынша 240 миллион адамның орталық рыногы болып табылатын полигонның аяқ астынан экономикалық тұрғыда шет қалуын білдірді. Кеңес Одағы әскери күштері тарапынан сұраныстардың болмауы салдарынан бұл аймақтағы әскер күшін тамақ пен киімді дайындайтын көптеген ірі кәсіпорындар маңызын жоғалтты. Бұл өз кезегінде жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметін тоқтатты. Семей аумағындағы ахуал мемлекеттің экономикалық қызметі ортасында болған адамдардың бүгінде жүмыс таба алмай сандалуы кезінде шиелінісіп отыр.


Тұжырымдай келе, сынақ полигонын басқарған құпия әскери кешен, яғни, 52605 әскери бөлімшесінің атқарған істері, - негізгі экологиялық дағдарыстың негізгі себептері.

Сол сияқты 50 жылдары жергілікті ұлт өкілдерінің көптеген топтарына тәжірибе жасағаны белгілі болды.

Семейдегі ядролық сынақтың салдарынан соңғы жылдары әр жүз мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққан адамдардың саны 960-тан 1624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3105-тен 4612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3692 көбейді, ал сары ауру, іш ауруы, туберкулез сияқты ауру түрлері халықты әбден меңдеген.

Елу жылдан аса уақыт бойы Қазақстанның Батыс өңірінде радиацияның қара бұлтын төндіріп келген «Капустин яр» полигоны туралы 1992 жылға дейін көпшілік ештеңе білген жоқ. Ел аузында «әскери зона» атты үрейлі жұмбақ аты ғана жүретін. Тек «Нарын қозғалысы» өмірге келгеннен кейін ғана көптеген құпия мәліметтер бізге белгілі болды.

Елу жыл ішіндегі 11 ядролық жарылыс (бізге белгілі болып отырған) кезінде 24 мыңнан астам зенитті басқару зымырандары (1993 жылғы мәлімет) ұшырылып жарылды. Соңғы жылдары аса қуатты СС-300 зымыран кешендері сынақтан өткізіліп жатыр. Жаңа 177 қарулану үлгісі мен жауынгерлік техника сыналды. Полигонда Ресей армиясының сан мыңдаған бөлімшелерінің әскери жаттығулары өтеді. Осы сынақтардың барлығы Батыс Қазақстан жерінде желдің бағыты Еділ жақ беттен ескен кезде жүзеге асырылып отырған. Осының салдарынан аймақтың экологиясы нашарлап кетті. Аймақтың едәуір бөлігі радионуклидтермен, ауыр металдармен, бірінші класты – нәрсе гептилмен, сондай-ақ кадминмен, мыспен, қорғасынмен шамадан көп зақымданды. Атмосфераға көптеген химиялық қосындылар лақтырылды: амоний, хлор қышқылы, хлор сутегі. Бұлар жарылыстардың өнімдері болып келеді.

Полигондар Қазақстанның кең байтақ алқабының экологиялық ортасын күйретті. Шағын көлдер, су көздері жоғалып кетті. Үстерінде ракеталар мен ұшақтар жойылып, әскери зарядтар сынақтан өтетін «құлау аймақтары» біздің кең даламызды қу медиен өлі алқаптарға айналдыруда. Радиация мен зиянды заттардың бірлескен әсері қатерлі аурулармен ауыратын адамдардың, сондай-ақ, жануарлар санының апатты мөлшерге дейін көбеюіне әкеліп соқтырды.


Соңғы онжылдықта «Капустин Яр» жүйесіндегі полигондарға жақын жатқан аудан тұрғындарының денсаулық жағдайы Семей полигоны маңындағы аудандардағыдан анағұрлым нашар. Халықтың гендік қорына нақты қатер төніп, ол үздіксіз жалғасуда.

Полигондардың тоталитарлық режимнен, казармалық социализм кезеңінен Қазақстанға қалған ауыр мұра екендігі жақсы белгілі. «Капустин Яр» полигоны әрекет етіп тұрған елу жылдық кезең – біздің халқымыздың өміріндегі қорқынышты да, қасіретті уақыт, Қазақстанның таяу және алыс шетелдер үшін белгісіз болып келген тарихы.

Түстігі мен өрістігінен жоғарыда аталған екі полигон қос қыспаққа алған азғырлықтарды ортасынан ойып тұрып қоныс тепкен (Азғыр селосының дәл өзінде орналасқан) Оңтүстік сейсмикалық шұғылданатын КСРО атом энергиясы мен өнеркәсіп министрлігіне қарайтын Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу экспериментальды «Оңтүстік сейсмикалық экспедиция» дейтін мекемесі 1964 жылы құпия келіп қоныстанған еді. Артынша жергілікті тұрғындардан жасырын жағдайда жер асты ядролық сынақтарын жүргізіле бастады. Экспедицияның он арнайы сынау нүктелері болды.

«Азғыр» полигонындағы «Галит» деген учаскелердің радиоактивтілігі тым жоғары екені, ал А-1 алаңдағы скважина арқылы жер астынан әлі күнге дейін строниций, цезий, плутоний, радионуклиттері ашық ауаға тарап жатқаны анықталды.

Қазақстандағы 1960-1970 жылдардағы жетінші, сегізінші бесжылдықтың орындалу нәтижесі

1960-1985 жылдар аралығындағы 13 жыл Қазақстанның тың игеру аудандарында құрғақшылық болды. Экономикалық құлдырау, экологияның бұзылуы, материалдық, энергиялық шығындардың бәрі астық өнімділігінің күрт төмендеуіне әкеп соқты. Бақылаусыз көшіп-қонудың салдарынан республикадағы жергілікті халықтың саны 30%-ке азайды. Осының нәтижесінде тың игеру қазақ ұлтына функционалдық дамуында қауіп төндірді.

Н. Хрущевтың бітпейтін тізбектелген ойсыз ұйымдар құруы кейбір адамдардың наразылығын тудырды. Бұның бәрі өкіметтің өзгеруіне әкеп соқты. Жаңа партия басшылығы Л. И. Брежневтің басқаруымен, кезекті басқару системасын қысқа мерзім арасында күшіне ендірді. Бұның нәтижесінде: 8-ші бесжылдықта (1966-1970ж.ж.) КСРО тарихында экономикада жоспар елеулі орындалды. Бұл кезең біздің республика үшін де тиімді болды. Жалпы қоғамдық азық-түлік 1,5 есе өсті. Өндіріс өнімдерінің көлемі 1,6 есе асты. Энергия да қарқынды дамыды. Республика металлургиялы елге айналып, қара және түсті металлургия, химиялық өндіріс жан-жақты дамыды. Республикада мынандай металдар шығарылды: мырыш, қорғасынның 30%-тен 70%-ке дейін Қазақстанның үлесіне тиді. Оңтүстік Қазақстанда КСРО-ның есебі бойынша 30%-тен астам фосфориттің қоры табылды.


Дегенмен, 1956 жылы шаруашылық реформа тек жеке экономикалық басқаруға ғана қатысты болды да, ал басқа шаруашылықтарда тартылмады.

70-ші жылдарға тән ғылыми әдістердің басқаруы формальдық, бюрократтық тұрғыда болды. Ел басшылығын мадақтау, кемшілікті жасырып қою, іс жүзінде кеңінен етек алды. Сөз бен іс аралығының алшақтығы, әлеуметтік шындықты бұзу, шындықты бұрмалау, қабылданған шешімнің орындалмауы қоғамның қалыпты дамуына, экономикасына, мәдениетіне, ғылымына кедергі жасады. Халықаралық қатынастар шиеліністі. Көптеген жазушылар, музыканттар, артистер, суретшілер өздерінің көзқарастарын еркін білдіруге мүмкіндіктері болмады. Олар Совет одағынан кетуге және шет елдерде жұмыс істеуге мәжбүр болды. Дегенмен бұл кезеңде республикада экономиканың және мәдениетінің дамуы жүріп жатты. Жүздеген өнеркәсіп орындары іске қосылды. Аз уақыттың ішінде Маңғышлақта мұнай-газ игерілді. Өндірілген өнімнің жалпы көлемі екі есе көбейді. Жалпыға бірдей орта білім беру, мәдени мекемелер, жаңа жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелердің саны көбейді.

1946-1970 жылдардағы мәдениеттің дамуы және қазақтардың тарихын, дәстүрін, салтын, тілін ұмыта бастауының себептері . Соғыстан кейінгі жылдарда мәдениеттің материалдық базасы әлсіз болды. Соғыс алдындағы жылдардағы оқымыстылардың үлкен тобының құртылуы, олардың бір қатарының майданнан оралмай қалуы да мәдениеттің алға басуына көп кедергісін тигізді. Компартияның мәдениет қайраткерлерін қудалауды жалғастыра беруі себептерінен мәдени салаларды кадрлармен қамтамасыз етілуі төмен болды. 50-жылдар ішінде мәдениетті дамытудың жағдайы біртіндеп түзеле бастады.

1946 жылдың маусым айында КСРО Ғылым Академиясының Қвзвқ филиалының негізінде Қазақ КСР ҒА-ның құрылуы республиканың мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Қазақстанда ғылымды дамытуға көрнекті орыс ғалымдары С. И. Вавилов, И.П. Бардин, А. М. Панкратов және басқалары ұйымдастырушылық көмек көрсетті. Академияның тұңғыш президенті болып көрнекті ғалым, Қазақстандағы ғылымды ұйымдастырушы Қаныш Имантайұлы Сатпаев сайланды.


Академия жүйесінде жаңа институттар – физика, техника, экономика, Алтай Кен, металлургия институттары, космос сәулелері лабораториясы, Астроботаника секторы ашылды. 1957 жылдан бастап ядролық физика саласында зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады, физика-техникалық институты ядро-физика институты болып қайта құрылды, атом реакторы мен циклотроны салына бастады.

Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті орта білім беру жүйесі енгізілді. Республикада 9 мыңға жуық мектеп, 55 жоғары және 240 орта арнаулы білім беретін оқу орындары жұмыс істейді, бұларда республиканың 7 жастан жоғарғы әрбір 2-тұрғыны оқиды. Республиканың әр 10 мың тұрғынына 169 студенттен келді. Алматы, Қарағанды, Қостанай, Целиноград, Семей, Жамбыл қалалары жоғары оқу ордаларының ірі орталықтарына айналды. Мәдениет сарайлары, театрлар, музейлер, клубтар, кітапханалар қала мен село еңбекшілеріне қызмет етті.Телевизия кең көлемде жұмыс істеді, республика түгел радио хабарымен қамтылды.

Қазақтар ғұмыр-бақи пайдаланып келген араб әліпбиі 30-шы жылдары әуелі латиницамен, кейіннен кириллицамен алмастырылды. Сөйтіп, бірер жылдың жүзінде қоғамның дүниетанымдық негізі аяғынан басына тұрғызылып, халық ғасырлар бойғы тілдік дәстүрлерінен ажырап, өзіне беймәлім тілдің табиғаты бөтен әлемін қайтадан шиырлауға мәжбүр болды. Қоймалардың сөрелерінде тарихтың, мәдениет пен әдебиеттің орасан мол аса ұлы ескерткіштері, көптеген құнды тарихи құжаттар шаң басып жатты. Олар өздерін қазақ тілінен қайтадан қазақ тіліне, тек жаңа әліпби бойынша аударатын мамандардың келетін сәтін сарсыла тосып жатты. Көптеген материалдарға сол бетінде кезек жетпей, енді-енді ғана ғалымдарымыз бұл іске кірісе бастады. Есесіне, мұның өзі жүйеге қолайлы еді, бір сәтте жол-жөнекей қоғамдық айналыстан, кеңестік идеологияға сәйкеспейтін дүние атаулы түгелдей сыпырып алынды.



    • Иллюстративті құрал: карта, таблицалар.



    • Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:





    • Негізгі


Әдебиеттер:

  1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. IV томдық. Алматы; 1996, 1999,

2002ж

  1. Қазақстан тарихы. Очерк. Алматы; 1993 ж.

  2. Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы. Астана; 2000 ж.

  3. Абдакимов А. Қазақстан тарихы. Алматы; 1993 ж.

  4. Кузембайулы А. Абиль А. История РК. Астана; 2001 г.



Бақылау сұрақтары (кері байланыс)


  1. Елдің ішіндегі әлеуметтік – саяси жағдай.




  1. Ұлттық саясат мәселесі.




  1. Экономиканың дамуындағы өзгерістердің себептері.




  1. «Социализм құрылысы» саясаты.




  1. «Кеңес халқын» қалыптастыру мақсаты.




  1. Ауыл шаруашылығындағы қайта құрулар.




  1. Өндірісті автоматтандыру дегеніміз не?