https://electroinfo.net

girniy.ru 1

Арзан биоотынға сенім артып отыр


Жапония. Машина жасаумен айналысатын жапондық AHI корпорациясы әлемде тұңғыш рет авиациялық жанар-жағар майды теңіз балдырларынан жасауды қолға алғалы отыр.

Бұл қадамға баруға мұнайдан алынатын жанармайдың үздіксіз қымбаттауы себеп болған. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жанар-жағармайдың бұл түрі қолданыстағы жанармайды айтпағанда, осындай навациялық бағыттағы дәнді дақылдық баламасынан он есеге дейін арзан болмақшы.


Қарулы қақтығыстан көз ашпауда

Египет. Каир көшелерінде тыныштық жоқ. Тағынан тайдырылған бұрынғы президент Мұхаммед Мүрсиді қолдаушы «Мұсылман бауырлар» партиясының белсенділері жергілікті халықпен тағы да қақтығысты.

Рамзес алаңында тұрғындар осы ұйымның бірнеше мүшесін қолға түсіріп, полиция бекетіне өткізді. Бірақ, қарсылас топтардың бір-біріне тас лақтырған ұрысын басу мүмкін болмай тұр. Бірнеше адам жарақат алды. Тағы төрт полицей жараланған.

Тәртіп сақшылары «Мұсылман бауырлар» партиясының жақтастарын тарату үшін көзден жас ағызатын газ шашуға мәжбүр. Қазір бұрынғы билеуші партия мүшелері халықаралық әуежайға апаратын тасжолды жауып тастаған.


Бүлікшілерге көмек көрсетіледі

АҚШ. Елдегі Өкілдер палатасының барлау жөніндегі комитетінің мүшелері Сирия бүлікшілеріне әскери көмек көрсетуді болдырмауға дауыс берді. Заң шығарушылар бүлікшілерге қаржылай көмек көрсетуге қатаң шектеулер енгізуді қолдады.

Мұндай шешімге қарудың лаңкестік топтардың қолына түсуі ықтималдылығына деген қауіп себеп болды. Комитет мүшелерінің пікірлерінше, АҚШ президенті әкімшілігінің жос-пары дұрыс ойластырылмаған. Өйткені, Сирияға жеткізілетін қаруға бақылау орнату мүмкіндігі қарастырылмайды.

Ал, әкімшілік өкілдері болса, заң шығарушылардың өздерінің жоспарлы жұмыстарын жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғандығын көлденең тартты. Сириядағы азамат соғысы болса, екі жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Онда 100 мыңнан астам адам көз жұмды.



Рамазан айындағы қайырымдылық

Франция. Рубе қалашығының әкімшілігі қасиетті Рамазан айында дәмханалар мен мейрамхана иелерін жазғы алаңдарды қоймауға шақырды. Дәмхана иелері мұсылмандарға құрметпен қарап, бұл пікірмен бірден келісті.

Қала әкімінің орынбасары Рубе Катрин Уге-Бусанның айтуынша, Францияға келетін мұсылман-саяхатшылардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда Франция үкіметі оларды көптеп тарту үшін барлық жағдайды жасап жатыр.

Сонымен қатар, жергілікті әкімшілік қоғамдық тамақтану орындары мен дәмхана қожайындарына ораза кезінде ауызашарлар ұйымдастыруға, дәмханалардың жұмыс уақытын ұзартып, ас мәзіріне көбірек халал тағамдарын ұсынуға тапсырыс берді.


Құрбандар 33 адамға көбейді

Ирак. Елде орын алған бірнеше теракті мен атыстан кем дегенде 33 адам қаза тапты. Кут қаласында мина салынған машина жарылып, одан тоғыз адам көз жұмса, 42-сі жараланған. Кербелада тағы бір машина жарылып, төрт адам өлсе, 19-ы жараланған.

Басра қаласында 3 жарылыс жасалып, ол 8 адамның өліміне, 35 адамның жаралануына әкеліп соқтырған. Киркук, Бакуба, Насирия, Хилла қалаларында да жарылыстар ұйымдастырылған. Мұнда да қаза тапқандар саны көп.

Лаңкестікке жауапкершілікті әзірше ешкім мойындарына алған жоқ. Жыл басынан бері Ирактағы террорлық әрекеттерден 2600 адам көз жұмса, шілде айы басталғалы бері өлгендер саны 370-тен асып жығылады.


Әлемде теңдессіз тікұшақ жасалды

Канада. Елде адамның қара күшімен көтерілетін тікұшақ жасалды. Канадалық «АэроВело» компаниясы осы жоба үшін тағайындалған 250 мың АҚШ доллардың сыйақысын ұтып алды. Америкалық тікұшақ қауымдастығы 33 жыл бұрын қара күшпен басқарылатын тікұшақты бірінші болып жасаған адамға Игорь Сикорский атындағы арнайы марапат белгілеген еді.

Ақыры осы «Атлас» деп аталатын тікұшақ аса бағалы сыйлыққа лайық болды. Жұмыс тобының жетекшісі Тодд Рейчерт әуе техникасын аяқ күшімен 3 метр биіктікте 1 минут бойы қалықтатып тұрды. Ол аэродинамика саласының білгірі, әрі спортшы. Тікұшақтың салмағы – 55 келі, ал ені, 50 метрге жетеді. Таңғажайып жобаны іске асыру өткен жылдың басында қолға алынды.



«Танк» брендімен киім шығарылады

Ресей. Елдегі танктер мен вагондар шығарушы ірі кәсіпорын – Уралвагонзавод өз бренді аясында киім-кешек, аяқ киім, кәдесыйлық өнімдер шығаруға кіріспекші.

Уралвагонзавод бірінші кезекте көше киімдері – футболкалар, күртешелер және бәтеңкелер шығаратын болады, деп жазады ақпарат көзі. Яғни, басым жағдайда танкілік брендке келетін қалың маталы киімдер, «жолсызбен» жүруге арналған жуан аяқ киімдер өндірілмекші.

Өз кезегінде кәсіпорын басшылығы жаңа нарықты бағындыру жөніндегі бұл бастаманы батыстағы баламалы әріптестерінің үлгісінен алып отырғанын жасырмайды. Олардың айтуынша, Caterpillar, JCB және Boeing сынды ірі компаниялар осындай нарықтық тарамдалуларының өзімен-ақ көптеп қаражат табуда.


Ең ұзын су асты туннелі салынады

Қытай. Мұндағылар әлемдегі ең ұзын су асты туннелінің құрылысын қалпына келтіруде. Ұзындығы 123 шақырымды құрайтын жаңа туннел Бохай шығанағының түбімен жүргізіліп өтеді. Ол Ляонин провинциясындағы Далянь мен Шаньдун провинциясының Яньтай қалаларын қосатын болады. Құрылыс нысанының пайдалануға берілетін мерзімі жөнінде айтылмайды.

Аталмыш жобаға бөлінетін инвестиция көлемі 42 миллиард долларды құрайды. Мамандардың есептеуі бойынша, туннел жұмсалған қаражатты 12 жылдың ішінде ақтап береді. Оның жылдық табысы 3,26 миллиард долларға жетуі мүмкін.


Сырттай оқытудан бас тартпақшы

Әзірбайжан. Екі жылдан кейін елдің жоғары оқу орындарында сырттай оқыту бөлімдеріне студент қабылдау тоқтатылады. Оның орнына қашықтықтан білім беру үдерісі дамытылмақшы. Бұл жөнінде парламенттің ғылым және білім беру комитетінің төрағасы Шамсаддин Гаджиев мәлімдеген.

«Бұрынғы КСРО республикаларынан басқа еш жерде сырттай оқыту деген атымен жоқ. Тек қашықтықтан оқыту қолданылады. Бізде бұл үдерісті 2015 жылдан бастап бірте-бірте жүзеге асыруға болады. Екі жылдан соң сырттай оқыту бөліміне түскендер оқуларын аяқтайды», – дейді Ш.Гаджиев. Сөйтіп, жақын арада тиісті заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілмек екен.

Дайындаған Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.