https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті



ӘОЖ 801.3:800.61 Қолжазба құқығында


Закирова Лайла Каирбаевна


«Сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді сөйлеу дағдысын дамытуда қолдану жолдары


6М011900 - Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығы бойынша білім магистрі

академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация


РЕФЕРАТЫ


Қызылорда, 2012

Диссертация Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Роман-герман кафедрасында орындалды


Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының кандидаты,

доцент С.І. Садыбекова


Ресми оппоненті: филология ғылымдарының кандидаты

А.С. Сайфутдинова


Диссертация 2012 жылы «__» маусым сағат « » Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде 6М011900 - Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығы бойынша білім магистрі академиялық дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңесінде қорғалады (120014, Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі № 40, №1оқу ғимараты).


Диссертациямен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады


КІРІСПЕ


Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазіргі ғаламдану кезеңінде Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігінің даму тенденциясынан ажыратып қарастыру мүмкін емес. Осы бағыттың негізгі жолдары, яғни халықаралық білім кеңістігіне кірігу және жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандарттарын модернизациялау, жалпы орта білімнің мазмұнды болуы және жаңа әдіснамалық негізіне көшуі жаңа білім моделі арқылы жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда біздің еліміз Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының бағдарламасын негізге ала отырып, өркениетті дамыған елдердің қатарына ену, өзге дамыған мемлекеттермен терезесін тең ашу жолында ауқымды істер атқарып жатқан кезеңінде  мұғалімдер қауымының осы бағдарламаны және бағыттарды Қазақстан Республикасының білім туралы тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырудағы үлесі зор. Мұғалімдер бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткішін, яғни оқушыларға заман талабына сай жоғары деңгейлі білім беруді, оны жүйелі түрде қалыптастыруды және жастардың парасатты, аса тәрбиелі тұлғалар болып дамуын - бүгінгі күннің басты талабы деп көреді.


Осы орайда, Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Н.Ә. Назарбаев жастарды ғұмыр бойы білімнің тұңғиығына  терең үңілуіне шақырып: «Адам өмірінің шегі бар,  ал білімнің шегі жоқ», жастар ел өмірінде болып жатқан үдерістерде өз орнын тауып, болашақты орнатуға белсенді қатысуы керек екендігін айқындады [2].

Қазіргі уақыт талабына сай, егемен елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және басқа ауқымды өзгерістерге байланысты, шетел тілінің пән ретінде қажеттілігі күннен-күнге артып отыр.

Еліміздің    басшысы әр Қазақстан азаматы үш тілді, яғни  қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеруі тиіс екендігін айтып, үш тұғырлы тіл: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - қарым-қатынас  тілі,  ағылшын тілі - халықаралық тілді меңгеру  жөнінде  мақсат  қойып  отыр. «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл - мемлекет құрушы ұлттық тіл, ал орыс тілін білу - ұлы байлық. Ағылшын ілгерілеушілік пен технологиялардың  тілі болғандықтан біз соны үйренуге тиіспіз», - деді Н.А.Назарбаев [2].

Мектептерде ағылшын тілін оқыту үдерісін жүйелі түрде қалыптастыру - бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Осыған орай, диссертацияда зерттелетін пән ретінде біз шетел тілін, оның ішінде, ағылшын тілін қарастырдық.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәселелерін алға қойып және қазір орта мектептерде білім алып жатқан оқушылардың барлығына тілдесу мүмкіндігі беріліп отырғанын ескере отырып, біз осы зерттеу жұмысымызда педагогикалық көкейкесті мәселелерінің бірі - оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруды қарастырдық; олардың оқып-үйреніп жатқан тілін жақсы меңгергендігі, сол тілде өз ойын сыртқа шығарып, өзгелермен бөлісе алатын қабілеттілігі сөйлеу дағдысынан анық көрініс табады деген ойдамыз.

Қай тілді меңгерсек  те, оны әдемі,  таза,  шебер сөйлеп,  тыңдаушыға ойымызды әсерлі жеткізе  білуіміз қажет. Осы тұста, зерттеуімізде қарастырылған фразеологизмдер тіліміздің  көркемдігін, нышанын беретін шұрайы. Шетел тілін үйрету барысында оқушыларға сөздік қорын, тіл байлығын нақты көрсететін ағылшын тілі фразеологизмдерін оқытып, үйрету аса маңызды. Оның басты себебі - сабақта фразеологизмдерді қолдану тек оқу үдерісін түрлендіріп қана қоймайды, сонымен бірге  шетел тілінің оқу және оқыту барысын тартымды етеді, әрі жандандыра түседі. Сонымен қатар, ағылшын тілі сабағында тілді фразеологизмдер арқылы үйрету - тек білім беріп қана қоймайды, сонымен бірге, оқушылардың бойында қалыптасып жатқан мінез-құлықтарының дұрыс қалыптасуына да өзіндік үлесін қосады. Осы себептен, біз оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту үшін нысан ретінде «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді алдық.


Аталмыш диссертациялық зерттеуде біз ағылшын және қазақ фразеологизмдерін (фразеологиялық бірліктер, фразеологиялық тіркестер) және оларға қоса мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді қарастырдық. Осыған байланысты өз негіздемемізді ортаға салғанымыз жөн деп көрдік.

«Сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді қарастырмас бұрын, біз әлемдік және отандық тіл мамандары арасында пікірталас туғызған, мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің қай салаға қатыстылығы жөнінде айтылған тұжырымдарға назар аудардық. Мысалы, фразеология саласының қалыптасуына, дамуына өзіндік үлес қосқан В.В. Виноградов, Н.М. Шанский, В.Н. Телия, М. Чернышева, М.М. Копыленко, А.В. Кунин, И.В. Арнольд, І.Кеңесбаев, Ә.Т. Қайдар, Б. Манасбаев т.б. сынды ғалымдар мақал-мәтелдерді фразеология саласының еншісіне тиесілі деген ғылыми негіздемелер ұсынады.

Кейбір ғалымдар, айталық, профессорлар А.И.Ефимов, Г.Х.Ахунзянов, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді фразеологизмнің айрықша бір түрі деп қарастырады. «Мақал-мәтелдер, қанатты сөздер фразеологизмдердің қатарына жатқызылғанда, олардың сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай, даяр қалпында жұмсалатынын, құрамының тұрақтылығы ескеріледі» [3].

Мақал-мәтелдерді жинақтап, сұрыптап, белгілі бір жүйеге келтіруде, тілдік бірлестіктер табиғатының кейбір қырларын айқындауда зор еңбек сіңірген ғалым Г.Л. Пермяков аталмыш тұрақты тұлғалардың тілші ғалымдар тарапынан да, әдебиетші мамандар тарапынан да зерттелуі қажеттігін ескертеді [4]. Осы келтірілген және басқа да ой-пікірлерге сүйеніп, мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің тұлға тұрақтылығы, тіркес тиянақтылығы, мағына тұтастығы, қолдануға даярлығы тәрізді сипаттарын ескере отырып, біз өз зерттеуімізде оларды фразеологизмдердің қатарында қарастырдық.

Зерттеудің өзектілігі. Еліміздің егемендік алуына байланысты қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны өз мәртебесіне сай қоғам өмірінің күллі салаларына еңгізу, сонымен қатар, ел басшымыздың үштұғырлы саясатына сай шет тілін үйрену, қолданыс аясын кеңейту - бүгінгі күннің өзекті де келелі мәселелері. Өзара қарым-қатынастың нығаюы, тіларалық байланыстардың, ағылшын-қазақ қостілділігінің жандануы, дамуы, осыған орай, классикалық, көркем әдеби шығармалардың, саяси ақпараттардың, халықаралық зор мәнділікке ие құжаттардың аралық тіл ықпалынсыз тікелей қазақ тіліне аударылуы, таяу болашақта өрістей түседі. Ал шет тілін үйретуде және аударма жұмысында аса бір қиындық туғызатын тілдік бірліктер - фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер.


Осы тұста, соңғы жылдардағы тілші-әдіскер ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша сөйлеу дағдысын дамыту мектеп оқушыларының көпшілігінің сөздік қоры жұтаң, сөз тіркестері, яғни фразеологизмдер, идиомалар, мақал-мәтелдер, дәйексөздер сөйлем және мәтін құрауда дәрменсіздік танытатындығын, өз ойын толығымен әрі жүйелі түрде тыңдаушыға жеткізе алмайтындығын, сөйлеу дағдысының төмендігін байқауға әбден болады. Мұның бірден бір себебі – оқушының сөйлеу формаларын игерудегі дағдыларының әлі дұрыс қалыптаспағандығынан, сөздік қорларының аздығынан және тілге қатысты білімдерінің жеткіліксіздігінен. Сонымен қатар, кейбір зерттеушілердің ойынша, мектептерде немесе тіл орталықтарында оқу үдерісі өз дәрежесінде жүргізілмейтіндігінде.

Осы себептен де, фразеологизмдерді қолдану арқылы оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру - қазіргі оқу үдерісінде, айталық ағылшын тілі сабағында, аса маңызды мәселе болып табылады. Демек, біздің ойымызша, бұл мәселе педагогика саласындағы зерттеулер қатарында ғылыми нысаны ретінде осы күнге дейін барынша қамтылмаған. Сонымен қатар, диссертацияда қарастырылған «сүйіспеншілік» атты тақырыптық топтағы ағылшын фразеологизмдерінің де аз зерттелгендігі байқалды.

Диссертацияда қарастырылған оқушылардың сөйлеу дағдысын дамытудағы педагогикалық және әдістемелік негіздер зерттеу жұмысының өзектілігін айқындайды.

Зерттеу нысаны: Ағылшын тілі сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруда «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді қолдану.

Зерттеу пәні: Ағылшын тілі сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруда «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдердің қолдану жолдарын теориялық, әдістемелік және тәжірибелік тұрғыдан зерттеу; оқушылардың сөйлеу дағдысын дамытуға ұсынылған әдістеменің ұтымдығын эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәләлдеу.

Зерттеудің мақсаты. Ағылшын тілі сабағында «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдер арқылы оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту және олардың қолдану амалдарын эксперимент нәтижелеріне сүйеніп зерттеу.


Зерттеудің міндеттері. Жоғарыда аталған мақсаттың мүддесінен шығу үшін, осы жұмыста мынадай нақты міндеттерді шешу көзделеді:

- зерттеу жұмысына тиянақ болатын отандық және шетелдік теориялық- әдістемелік зерттеулерге шолу жасап, оларға қысқаша сипаттама беру;

-«сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдердің топтастыру принциптерін айқындап, белгілі бір тақырыптық топтар бойынша жүйелеу және әдістемелік тұрғыда сұрыптап талдау;

- «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді сөйлеу дағдысын дамыту мақсатында қолдану үшін оларды сөйлеу әрекетіне қатысатын тілдік құрал ретінде қарастырып, қажетті сөйлеу жағдаятын қалыптастыру;

- ағылшын тілі сабағында «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастырудағы әдістемелік жағынан қолдану амалдарын жете игеру;

- ағылшын тілі сабағында «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді оқушылардың сөйлеу дағдысын дамытуда белсенді әдіс ретіндегі интерактивті әдістер, диалог және монологты оқыту технологияларының пайдалану мүмкіндігі мен маңыздылығын айқындау;

- ағылшын тілі сабағында «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту әдістемесінің ұтымдығын эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәләлдеу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- ағылшын тілі сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруда сөйлеу әрекетіне қатысатын тілдік құрал ретінде «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдер алғаш рет қарастырылды;

-«сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдердің мағыналық ерекшеліктері анықталып, семантикалық мағыналарына байланысты категорияларға бөлініп, белгілі бір тақырыптық топтар бойынша жүйеленіп, сұрыптап талданды;

- ағылшын тілі сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруда «сүйіспеншілік» тақырыбында қолданылатын материалдар ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне ұсынылып, оның түпнегізі қарастырылды;


- «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдер арқылы оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту жолдарын қарастыру мәселелері эксперименттік тұрғыдан зерттелді.

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:

- ағылшын сабағында оқушылардың сөйлеу әрекеті белгілі бір жүйемен үздіксіз жүргізіліп, жүйелі сөйлеуге дағдыландыру кешенді жұмыстар мен жаттығулар негізінде ұйымдастырылса, оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы күтілетін білім нәтижелеріне негізделсе, оқушылардың сөйлеу дағдысының дамуы анық;

- сөйлеу әрекеті ауызша және жазбаша түрде орнап, тіл мен сөйлеуді байланыстырып, сөйлеу жағдаятын қалыптастырып, сөйлеу дағдыларын дамыту әдістемесін қамтиды;

- ағылшын мұғалімдерінің арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша ағылшын тіліндегі «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдердің сабақ барысында қолдану аясы тым тар;

- «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді семантикалық мағынасына қарай бірнеше категорияларға бөліп, ағылшын тілін оқыту үдерісінде оқушылардың сөйлеу дағдысын арттыру мақсатында көптеген жаттығулар, тест сұрақтары, эссе, диалог, монолог, сөздіктермен жұмыс және басқа да тапсырма түрлерін ұсыну қажет;

- оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында кешенді  әдіснамалық  парадигма қажет.

Зерттеудің теориялық мәні. Қорғауға ұсынылып отырған зерттеу жұмысының нәтижелері мен қорытындылары қазіргі таңдағы шетел тілін оқыту барысындағы өзекті мәселелердің бірін, айталық, оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруды қамтиды. Біздің ойымызша, коммуникативтік оқытуда білім беру деген оқушыны ауызекі сөйлеуге (тыңдалым, сөйлесім) және коммуникацияға (оқылым және жазылым) тарту, яғни, оқылып жатқан тілде қарым-қатынас қалыптастыру деген сөз. Бұл бағытты ағылшын тілін оқытуда кеңінен пайдалануды үйрету - аталмыш зерттеу жұмысының теориялық маңызын құрайды.

Шетел тілін үйрету барысында оқушының сөздік қорын, тіл байлығын нақты көрсететін ағылшын тілі фразеологизмдерін оқытып, үйрету аса маңызды. Осы себептен де, зерттеу тақырыбындағы фразеологизмдерді қолдану арқылы оқушылардың сөйлеу дағдысын дамытудағы тұжырымдалған теориялық негіздемелер – диссертацияның теориялық маңызын айқындайды.


Сонымен қатар, осы зерттеу педагогика, психология, тіл білімі, лингвомәдениеттану, лексикология, т.б. зерттеу жүргізіліп жатқан салаларға өз үлесін қосады.

Зерттеудің практикалық мәнділігі. Зерттеу жұмысының нәтижелерін орта және жоғары мектеп оқушыларына, сонымен қатар тіл орталықтарындағы ағылшын тілін үйренушілерге, арнайы семинар сабақтарында пайдалануға болады. Еңбектегі қарастырылған қызықты, пайдалы материалдар және өзекті мәселелер ағылшын тілін оқыту әдістемесіне өз септігін тигізеді. Сонымен қатар, диссертацияда қарастырылған мәселелерді мектеп және тіл үйрету орталықтарының мұғалімдері шет тілі пәнінің теориялық және практикалық курстарында қолдана алады; грамматикада, стилистика жұмыстарында, тіл тарихында және жалпы тілтануда да пайдалануға әбден болады.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу нысанына қатысты еңбектер арасында зерттеудің ғылыми-теориялық негізі ретінде тіл білімінің фразеология, семантика, этимология салалары, педагогиканың оқытудағы әдіснамалық және дидактикалық негіздері, шетел тілін оқытудағы өзекті мәселелері, т.б. негіз болды.

Сонымен қатар, зерттеудің әдіснамалық негіздерін, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі заңнамаларын, оқытудың педагогикалық мәселелерін қарастыратын зерттеушілердің (Қараев Ж.А., Қабдықайырұлы Қ, Әбдібаева, Т.Ә. Рақымжанова, С.Қ. Бұзаубақова К.Ж., т.б.) еңбектері құрады.

Зерттеудің әдістері. Диссертацияда жинақталған материалдардың тиімді әдістері мен тәсілдері, айталық, сипаттамалық, жинақтау, сұрыптау, жүйелеу, сауалнама және эксперимент жүргізу барысындағы сапа-сандық бағалау тәсілдері қолданылды.

Зерттеудің дереккөздері ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі заңнамалары, әр жылдары жарық көрген ғалымдардың ғылыми еңбектері, солардың қатарында Ә.Қайдардың «Қазақ тілінің өзекті меселелері», С.Қ. Рақымжанованың «Шетел тілін оқыту әдістемесі», Г. Лекерованың «Новые педагогические и информационные технологии в системе образования», Е.И. Пассовтың «Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению», Ж.А. Қараевтың «Жетілдірген педагогикалық жүйені жобалаудың дидактикалық шарттары», Қ. Қабдықайырұлы, Т.Ә. Әбдібаеваның «Оқытудың педагогикалық жаңа технологиясы», т.б. қолданылды.


Сонымен қатар, «Ағылшын және қазақ тілдеріндегі етістікті фразеологизмдердің лексика-семантикалық сипаты» (Арғынғазина Ш.Б), «Қазақтың мақал-мәтелдері» (Ө.Тұрманжанов), фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер жинақтары мен қазақ, орыс және ағылшын сөздіктері: «Фразеологиялық сөздік» (І.Кеңесбаев), «Тысяча метких и образных выражений» (А. Кайдар), «Тұрақты теңеулер сөздігі» (Т.Қоңыров), «Сөздер сөйлейді» (Р.Сыздық), «Орысша-қазақша-ағылшынша пәндік-тақырыптық сөздік» (В.Франк), «Англо-русский фразеологический словарь» (А.В. Кунин), «Пословицы и поговорки народов Востока» (Г.Л. Пермяков), «Dictionary of Modern Eglish Usage» (H.W. Fowler), Mackin Rand Mc.Caig I.K., Taylor A. сөздіктері және көркем әдеби шығармалары қолданылып негізгі әдебиет ретінде алынды.

Зерттеу жұмысында тақырыпқа қатысты қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі педагогикаға, тарихқа, этнолингвистикаға қатысты зерттеу жұмыстары мен ішінара ел аузынан жазылып алынған деректер бар.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Диссертациялық жұмыстың негізгі мәселері мен тұжырымдары «Сөйлеу дағдысын дамытуда «сүйіспеншілік» тақырыбындағы фразеологизмдерді қолдану жолдары» атты мақала Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Хабаршы» журналында жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.




следующая страница >>