https://electroinfo.net

girniy.ru 1
Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА,


«Арқа ажары»

Салтанатты шара басталардан бұрын облыс әкімі мәдениет сарайының алдында медицина мекемелеріне 14 санитарлық көліктің кілтін тапсырды. Ал, салтанатты шарада сөйлеген сөзінде денсаулық сақтау саласындағы істің жақсарып келе жатқанын алға тартып, сапалы медициналық көмектің қол жетімділігіне тоқталды. Елбасының Жолдауында көтерілген мәселелердің өңірде оң шешім тауып отырғанын ақ халатты абзал жандардың қажырлы еңбектерінің жемісі деп бағалады. Медицина саласының бірқатар ардагерлерінің есімдерін атап, оларға шексіз ризашылығын білдірді.

–Бүгінгі таңда облыс халқы 633 медициналық мекеменің қызметін пайдалануда. Онда 2 мың дәрігер мен 7 мың орта буын қызметкер қажырлы еңбек етіп жүр. Ағымдағы жылы 14 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2015 жылға дейін осы салада жаңадан 67 нысан бой көтереді, – деді өз сөзінде өңір басшысы. Сондай-ақ, сала бюджеті екі есеге көбейгені атап көрсетілді.

Бұдан кейін облыс әкімі медицина қызметкерлеріне мол бақыт, зор денсаулық, еңбекте табыс тілеп, үздіктерге Алғыс хаттарын табыс етті.

Келесі кезекте сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек еселі еңбектерімен көрініп жүрген бір топ озаттарға облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын тапсырса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қасымжан Тәшметов тағы бірқатар таңдаулы медицина қызметкерлерін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Республикалық конкурста үшінші орынды жеңіп алған облыстық перинатальдық орталықтың неоталогы Юлия Иващенкоға «Үздік дәрігер», осындай республикалық сайыста жүлделі екінші орыннан көрінген Инна Остапчукқа «Үздік мейірбике» аталымдары бойынша құрмет көрсетілді. Бұл бүкіл ақмолалықтар үшін мерей екені түсінікті. Ал, облыстық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Кенел Жанов бір топ мамандарға ақшалай сыйлықтармен қоса, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын тапсырды. Осы жолы медицина мекемелері арасындағы облыстық спартакиаданың қорытындылары да шығарылып, бірінші орын алған №1 Көкшетау қалалық

ауруханасы, екінші орынды олжалаған Ақмола облыстық ауруханасы мен үшінші орынға қол жеткізген Бурабай аудандық орталық ауруханасы арнайы дипломдар мен кубоктарға ие болды.

Салтанатты шарада Көкшетау қаласының құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагерлері кеңесінің төрағасы Болат Жанәділов сөз алып, әріптестеріне ақ тілегін арнаса, Ақмола облыстық балалар ауруханасында еңбек етіп жүрген жас маман Махамбет Сабыров жастар атынан аға ұрпаққа өз алғыс сезімін жеткізді. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.


Суретті түсірген

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.


***

Еңбектеріңіз жана берсін!

Әлемдегі ең бір ізгі мамандық иелері болып саналатын ақмолалық барша медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз.

Соңғы жылдары еліміз бо-йынша халыққа дәрігерлік қызмет көрсету жақсарып келеді. Жер-жерде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайып, бұл дәрігерлік қызмет сапасын арттыруға әсер етуде. Елбасының тарапынан ұдайы жасалып келе жатқан қамқорлығының нәтижесінде Қазақстанның медицина саласы әлемнің озық үлгісіндегі жаңа жетістіктерімен дами түсуде.

Біздің өңірдің медицина қызметкерлері де өздеріне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып, зор сенім мен құрметке бөленіп жүр. Қазіргі уақытта халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді жақсартумен бірге, ендігі арада салауатты өмір салтын қалыптастыру сияқты аса маңызды шараға да біздің дәрігерлеріміз белсене ат салысып отыр. Сонымен бірге, ана мен баланың денсаулығын қорғау, ауылдық жерлердің халқына қызмет көрсетуді жетілдіру істерінде ақмолалық ақ халатты жандардың белсенділік пен ынта танытып келе жатқандықтары игі де ізгі іс.

Бүгінгі мереке күні Сіздердің әрқайсыларыңызды құттықтай отырып, өздеріңізге, отбастарыңызға аманшылық, бақыт пен бар жақсылықтар тілейміз. Еліміздің өсіп, өркендеу жолындағы еңбектеріңіз жана берсін!

Светлана Жалмағамбетова,

Жабал Ерғалиев,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының депутаттары.