https://electroinfo.net

girniy.ru 1

КӘСІБИ ЛЕКСИКАНЫ МЕҢГЕРТУДЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ



Абдуллаева А.Ә. ф.ғ.м, аға оқытушы, Бекмағанбетова Г.Ш.ф.ғ.к., аға оқытушы

Қызылорда қ., Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

[email protected]


Өзгетілді дәрісханаларда қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселелер жеткілікті. Солардың бірі – жоғары оқу орындарының техникалық мамандықтарда оқитын білім алушыларға кәсіби лексиканы оқыту әдістемесі.

Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны жайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деген болатын: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің Мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш- жігер жұмсауымыз керек» [1,3]. Бұл қазақ тілін қоғамдағы бірліктің күші ретінде таныту қажеттігімен қатар, оны өзге ұлт өкілдері меңгеру керектігін көрсетеді.

Бұл бүгінгі студент – ертеңгі маманның алдында жаңа міндет – кәсіби лексиканы меңгеруді қажет етері анық. Осындай талаптарды іске асыру барысында жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту ісінде жаңа міндеттер туындайды. Бұл мәселені кәсіби қазақ тілінде дұрыс сөйлей білетін, жоғары білімді мамандарды даярлау және олардың сөздік қорын кәсіби лексикамен дамытумен байланыстыруға болады. Өйткені, қазіргі кезде кез-келген саладағы қызметкер қазақ тілінде сауатты сөйлеп қана қоймай, Қазақстан Республикасының Заңдарын (кеден ісі және салық, банк ісі, т.б. туралы), жарлықтарын, үкімдерін қазақ тілінде дұрыс түсіне білуі қажет. Осындай дағдыларды қалыптастыруда студенттердің сөздік қорын, кәсіби лексикасын дамыту ісі жақсы нәтиже берері сөзсіз. Бұл қазақ тілін мамандыққа сай оқытуды жақсартуды қажет етеді.

Тіл саясатын жүзеге асыру жағдайында, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің қалыптасуында студенттерді кәсіби қазақ тіліне оқыту ерекше орын алады. Кәсіби қазақ тілінің мақсаты – әр түрлі салада қызмет ететін болашақ мамандардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, жоғары моральдық қағидаларды, адамзаттық құндылықтарды сіңіріп, кәсіби этикетті меңгерту болып табылады. Осының нәтижесінде түрлі тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Демек, жоғары оқу орындарында студенттер тәрбиесі – оқыту жүйесінің бөлінбес бір бөлігі болып табылады. Әлемдік бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастыруда кәсіби сауатты маман дайындаудың маңызы артуда. Кәсіби қазақ тілі сабақтарының болашақ мамандарды тәрбиелеуде өзіндік орны бар. Ең бастысы, тілдік жағдаяттардың, мәтіндердің тәрбиелік мәні болуы керек.


Болашақ мамандардың кәсіби қарым-қатынас жасай білу біліктілігінің жүзеге асуы үшін оларға қажетті экономикалық терминдерді сөйлеу тілінде белсенді және сауатты қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Салалық терминдермен танысу, кәсіби лексиканы қажет жерінде қолдануға дағдыландыруда ұтымды жұмыс түрлері мен әдістерін пайдалануға үлкен мән берілген.

Қазақстанда жоғары оқу жүйесі түбегейлі өзгерістерді басынан кешті, ол – студенттерге қазақ тілін оқыту практикасына жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесін (Қ.Қадашеваның термині) енгізу болып табылады. Қазақ тілін өзгетілді дәрісханаларда жаңаша жаңғыртып оқыту мәселесі Қ.Қадашеваның зерттеуінде жан-жақты қарастырылған. Профессор Қ.Қадашева “Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдістемелік негіздері: өзгетілді дәрісханалардағы қазақ тілі” ғылыми еңбегінде мамандық тіліне бейімдеп оқытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалануға болатындығын, тіл үйренушілердің өз саласында тілді қолдану қызметінде лексикалық минимумды анықтау, қатысымдық қажеттілікті қамтамасыз ететін ерекшелік екендігін көрсетті. Сонымен қатар өзгетілді дәрісханалардағы үйренушілерге мамандығы бойынша тілдік база жасау мәселесіне тоқтала отырып, оның мақсаттарын ашып көрсетеді [2, 103].

Жаңаша жаңғырту ұғымы дәстүрлі әдіс-тәсілдерге жаңалық енгізуді білдіреді. Жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесіне жоғары белсенділікті дамыту әдістері кіреді (тренинг-сабақтар, іскерлік ойындар, пікірталас, ойбөліс, ойталқы, пікірсайыс). Жоғары белсенділікті дамыту әдісі өзара қарым-қатынаста болу, әрекет ету дегенді білдіреді немесе әңгімелесу, сұхбаттасу, өзара бірлескен оқытуды бейнелейді. Бірлескен түрдегі оқыту: студенттер мен оқытушы оқытудың субъектілері болып табылады. Оқытудың жоғары белсенділікті дамыту әдістері тіл үйренушінің жоғары белсенділігін көтереді, алынған білімді шығармашылық тұрғыдан қайта қарауға мүмкіндік береді. Жоғары белсенділікті дамыту әдістерін қолданғанда оқытушы оқыту әрекетін ұйымдастырушы (немесе тренер) және кеңесші рөлінде болады. Сонымен бірге оқытушы студенттердің дербес шығармашылық жұмыстарына көмекші, іс-әрекетін ұйымдастырушы, жетекші, тренер ретінде көмек бере алады. Сабақтар ойын түрінде өтеді, студенттер өздерін емін-еркін сезінеді. Студенттер танымдық іс-әрекетке тартылады, өз білімдері мен ойларын ортаға салып, талдай білуге мүмкіндік алады, машығады. Жоғары белсенділікті дамыту әдістері арқылы студенттер білім алады, әлеуметтік және интеллектуалдық білім дағдыларын дамытып, сыни көзқарастарын қалыптастырады. Сонымен, кәсіби қазақ тілін оқытуда жоғары белсенділікті дамыту әдістерін қолдану арқылы студенттердің сөздік қорын экономикалық терминдермен байытуға, кәсіби тілдік қарым-қатынас дағдыларын тиімді игертуге болады.


Оқытудың интерактивті әдісі болып табылатын іскерлік ойындар арқылы іске асатын тренинг-сабақтар –интенсивтік тілдік практикаға жағдай жасайды, үлкен көлемдегі лексикалық жағдаятты қамтуға, сөйлеу мәдениетін дамытуға, іскерлік этикетті меңгеруге мүмкіндік береді. Іскерлік ойындарды өткізу үшін төмендегідей дайындық керек: іскерлік ойынның тақырыбын таңдау; жоспар жасау, тәжірибеде қолдану; әрбір ойынға қатысушының рөлі мен тапсырмасы; іскерлік ойынды ұйымдастыру; ойынның мақсаты; ойынның ережесі; ойынның өтілу кезеңдері; қорытындыларды шығару.

Кәсіби лексиканы оқытуда топтық әдісті қолданған тиімді. Оқытудың бұл әдісі студенттердің топтық іс-әрекет дағдыларын дамытады, сұрақтарды талдауға барлық топтың қатысуын қадағалайды; шешім қабылдау, басқару дағдыларын игеруге, іскерлік қабілеттерін дамытуға және кәсіби деңгейде талдай білуге үйретеді. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінен өздері істейтін мекемелерде қазақ тілінде сөйлеп, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, жиналыстарда, ресми отырыстарда, мәжілістерде сөз сөйлеу, есеп беру, мәліметтер беру, өзі сияқты мамандармен кездесіп, қызмет мәселелерін шешу, өз мамандығы бойынша терминдерді пайдаланып, еркін тілдік қарым-қатынаста болуы талап етіледі. Бұл талаптарды орындау жоғары оқу орындарының түрлі мамандықтарында оқитын студенттер мен тіл мамандарына үлкен міндеттер жүктейді. Әрбір мамандықтың өз саласында қолданылатын терминдері мен іс қағаздарының түрлері бар. Мысалы, экономика мамандығы бойынша сауда, төлем, валюта, банк, кредит, есеп айырысу, депозиттерге байланысты, кеден, салық жүйесінің қызметтеріне қатысты түрлі қызмет қатынас-қағаздары толтырылады. Сондықтан мамандыққа сай оқыту жұмысы мамандыққа байланысты терминдер мен сөздерді игеру барысында іске асады. Тіл мамандары ең алдымен, мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне меңгерту ұстанымдарын, ерекшеліктері мен әдістерін кешенді қарастырып, білім беруді жүйелі түрде ұйымдастыруы керек. Қазақ тілін оқыту әдістері өзге ұлт өкілдеріне екінші тілді оқыту ұстанымдарына негізделеді. Қандай да бір тіл болмасын, оны екінші тіл ретінде оқытуда – оқытушы сабақта сөйлеу әрекетінің негізгі бес түрінің орындалуын қамтамасыз етеді: тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, сөйлесім. Екінші тілді үйретуде кәсіби лексиканы дамыту жұмыстарының барлық түрі тұтас, яғни кешенді қарастырылады. Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту жұмысы тақырыптық принципке негізделеді.


Мәтін сабақта жүргізілетін барлық жұмыстарға негіз болады. Мәтінмен жұмыс жүргізуде де, грамматиканы түсіндіруде де атқарылатын негізгі жұмыс – кәсіби лексиканы дамыту жұмысы. Мемлекеттік тілді оқыту жұмысы коммуникативтік бағытта функционалды-жүйелік әдісті қолдану негізінде, салыстырмалы грамматиканы тиімді пайдалану арқылы іске асады. Әсіресе, интерактивтік әдістер (сұрақ-жауап әдісі, аударма әдісі, жобалау технологиясы, қарқынды оқыту технологиясы, дамыта оқыту, ұжымдық, проблемалық оқыту технологиялары, модульдік оқыту технологиялары) кәсіби лексиканы меңгертуде – кәсіби бағдарлық жолмен меңгерту, мамандыққа байланысты мәтіндерді ауыспалы жұптық жұмыстар жүргізу арқылы меңгерту, топтық жұмыстары, кәсіби-іскерлік жұмыстарды тиімді қолдану арқылы кәсіби лексиканы меңгерту оқытушыдан көп ізденісті талап етеді. Орыс топтары үшін қазақ тілінде сөйлесе білуді іске асыратын, студенттердің қоғамдық ортада пікір алмасуын, олардың түсінісу қажеттігін өтейтін, тілдік білімді жылдам меңгертуді қамтамасыз ететін тиімді әдістердің бірі – ұжымдық оқыту әдісі.

Ұжымдық оқыту әдісі туралы ғалым Ф.Ш.Оразбаева: «Тіл үйренудің ұжымдық формасы дегеніміз – тіл үйренушілердің бүкіл топтағы адамдардың әрқайсысымен жеке сұқбаттасу арқылы олардың бірін-бірі оқытуы, адамдардың бірінен екіншісінің үйренуі, пікір алмасуы және әр жұп сыңарларының ауысып отыруы нәтижесінде бүкіл ұжым мүшелерінің түгел қамтылып: әрі жұптық, әрі топтық тілдік қатынастың жүзеге асуы» [3, 129], – деген анықтама береді.

Ұжымдық әдіс студенттердің бір-бірімен жұптасып немесе алмасып жұмыс істеуіне құрылған. Ұжымдық әдістің негізгі белгілері мыналар болып табылады: топ студенттерінің ортақ мақсаттарын анықтау; топтағы студенттердің қызметтері мен міндеттерін ажыратып көрсету; өзара ынтымақтастық және достық қарым-қатынастың болуы, бір-біріне көмек көрсете білу; студенттерді бірінің жұмысын бірі бағалауға, бақылауға, басқаруға үйрету; барлығы бірі үшін, бірі барлығы үшін әрекет ету; студенттер арасындағы теңдік, бірлік қатынасты іс жүзіне асыру. Кәсіби қазақ тілін оқытуда ұжымдық әдісті пайдаланудың мақсаты – әр студент білімінің жоғары деңгейге жетуіне мүмкіндік беру, білімді меңгеруде қүш пен уақытты аз жұмсай отырып, көздеген жетістіктерге қол жеткізу. Бұрын жоғары оқу орындары оқу мазмұнын құрастыруға көп көңіл бөлген болса, енді кредиттік оқу жүйесі жағдайында оқыту, оқу және бағалау арқылы студенттердің «не білетіндігін», яғни студенттердің оқу нәтижелерін анықтауы қажет. Бұрынғы «біліктілік» термині қазір «құзырлылық, құзіреттілік» терминімен ауыстырылған. Бұл дегеніміз, әрбір студенттің кең ауқымды контекст аумағында оқып-үйреніп, өмірде кездесетін небір экстремальды жағдайларда кез келген проблемалық жағдайларды шешуге қабілеттілік танытып, өзінің құзырлылығын дәлелдей білу керектігін білдіреді. Бұрынғы «бүкіл өміріне азық болатындай білім беру» – қазір «өмір бойы өздігімен үйрену» ұстанымына өзгерді. Ал бұл ұстаным студенттерді белсенділендіретін оқыту әдістемелерін қолдануды міндеттейді. Демек, үйрену мен үйрету – тек өзара белсенді әрекеттерге негізделген қарым-қатынас арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, жоғары оқу орындарында оқу процесінің негізін интерактивті әдістемелер құрауы керек. Қорыта келе, кәсіби лексиканы оқыту және оқу – мемлекеттік тілді мамандыққа сай меңгерту – жоғары оқу орнынан бастау алады. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгертуде тіл мамандары оқу топтарының білім деңгейіне, әрбір сабақтың тақырыбына қарай түрлі әдіс-тәсілдерді, инновациялық технологияларды жан-жақты, әрі үйлесімді қолдану арқылы мемлекеттік тіліміздің дамуына, әрбір маманның (бүгінгі студенттің) келешекте еркін сөйлеп, мамандық бойынша терминдерді жақсы меңгеріп, іс қағаздарды кәсіби тілде сауатты жаза алуын қамтамасыз ету.


Әдебиеттер тізімі:


  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. // Егемен Қазақстан. – 2005. – 19 ақпан, – №32 –33.

  2. Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi: Пед. ғыл. док. … дисс. – Алматы, 2001. – 301 б.

  3. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы, 2000. – 208 б.



Өтінім нысаны:


А.Ж.Т. (толығымен)

Абдуллаева Айнагүл Әбдіхалыққызы

Жұмыс орны

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Қызметі

Аға оқытушы

Ғылыми дәрежесі, атағы

Филология ғылымдарының магистрі

Пошта мекен-жайы, индекс

120014 Қызылордақаласы, Қорқыт ата көшесі 138 үй 78 пәтер

Байланыс телефоны

87758486021

Электрондық мекен-жай

[email protected]


Бағыт (секция)

Филология: 7.1.қазақ тілі

Баяндама тақырыбы

Кәсіби лексиканы меңгертуде жаңа технологияны қолданудың тиімділігі