https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3 4 5 6

2.1 Кітапхана ұжымының жалпылама және өзіне тән ерекшеліктері

Кітапхана ұжымы — өнім шығармайтын саладағы еңбек ұжымы. Ол да қоғамның әлеуметтік бір құрылымына жатады, сол арқылы біздің қоғаммен байланысымыз нығая түседі. Кітапхана — ежелден еңбек дәстүрі қалыптасқан, қоғамдық пайдалы қызметпен шұғылданатын адамдардың берік әлеуметтік қауымдастығы болып табылады. Оның қызметіне тән қасиеттер: қоғамдық мүдденің жетекші рөлі, сапалы еңбек тәртібі, қалыпты моральдық-психологиялық жағдай, демократиялық бастаманы дамыту; жетекші ұйымдастырушы мен тәрбиешінің басшылығы арқылы жұмыс істеу, істе адамгершілікті жоғары қою.

Адамдардың өздеріне тән ерекше бірлестігі ретінде кез келген ұжымның басты қасиеті — ол бірлестіктің қоғамға пайдалы қызмет жасау үшін құрылатындығында. Қызметкерлер жалпы еңбек қана емес, ең алдымен сол еңбектің соңғы нәтижесіне деген ынта-ықыластары арқылы өзара байланыста болады.

Ұжымның тағы да бір маңызды ерекшелігі — өз құрылымы шеңберінде жеке учаскелер ұйымдастыра алатындығының және ол учаскелердің өзара байланысынан туындайтын біртұтастығында жатыр. Осыдан келіп ұжымдық қызмет барысында қол жеткен нәтиже жеке адамдардың қандай да бір болмасын тобының қол жеткен табысынан жоғары болады. Оның үстіне ұжымда істейтін адамның өз бетінше істейтін жеке адамдарға қарағанда жұмыс нәтижесіне деген қанағаттанарлық сезімі де жоғары болмақ.

Осыдан келіп үшінші, маңызды бір ерекшелік туындайды, ол — ұжым мүшелері үнемі бір-біріне ықпал етіп отырады, бұған ынталандыру жарыстары мен өзара көмек ықпалдары жатады.

Жеке адамдарға байланысты еңбек ұжымының негізгі міндеттері:

1) оның тиімділігі жоғары қоғамдық пайдалы қызметке жұмылдыру;

2) қоғамның қоғамдық-саяси өміріне тарту, ұжымды басқаруға қатыстыру;

3) тәрбиелеу, қажет болған жағдайда қайта тәрбиелеу.

Осы міндеттерді шеше отырып, ұжым қоғам алдындағы өз борышын өтейді. Ұжым (іскерлік байланыс, таным, өзін өзі қалыптастыру, т.т. арқылы) жеке адамдардың мұқтажын қанағаттандыруға мүмкіндік береді, осы арқылы өзгелердің де мұқтажын қанағаттандыруға жол ашады. Ұжым өз мүшелеріне үнемі қамқорлық жасап отырады, бұл кітапханашылардың бойындағы адамгершілік сезімінің күшеюіне, ертеңгі күнге деген сенімінің артуына әсер етеді. Ұжымның ерекшелігін айқындайтын сондай-ақ оның даму деңгейін көз алдымызға елестететін тағы бір сапа, ол — бағыттылық пен бірлік.


Бағыттылық туралы түсінікке ұжымның қызмет бағыты (мысалы, оқырмандарға қызмет көрсету) және оның кітапхана қызметінің басқа түрлерімен (қоғамдық жұмыс, білімін көтеру) үйлесу деңгейінен бастап, ұжымның әрбір мүшесі өзінің ұжым ісіне қатысының мән-мағынасы мен мақсатын қалай түсінетіндігіне дейінгі аралықтағы күрделі белгілер кешені жатады.

Өзара қарым-қатынас пен біргелікте жұмыс істеу барысында кітапханашылар ұжым құрылымындағы алатын орнына, беделіне қарай азды-көпті бір-бірінің пікірімен, мүддесімен, жетістік-кемістігімен санасып отырады. Кейбір жеке адамдардың ұжымдағы алатын орнын өзгерту арқылы оның бағытына әсер етуге болады.

Әдетте ұжым ішіндегі өзара әрекеттестік пен қарым-қатынас өндірістік, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық және жеке адамдардың әлеуметтік жағдайы сияқты бірқатар салаларды қамтиды. Кітапханалы бұл процестерге неғүрлым белсенді қатысса, орын алып отырған өзара қарым-қатынастың шын мәніндегі қажеттілігін соғұрлым толық сезініп, мойындайды, оның жеке өз басы үшін және бүкіл қоғам үшін маңызын түсінеді. Кітапхана ұжымының өмір сүруі үшін аса қажетті әлеуметтік-психологиялық құрылым — "БІЗ" деген сезім пайда болады. Кітапханашы өзін де, жұмыс барысы мен қызметкерлерді де өзара қарым-қатынасындағы өзге нәрселердің барлығын да осы сезім арқылы қамтиды. Енді кітапхана ұжымының табысы оның жеке басының мақтанышына айналады, ұжымдық мақсатқа қол жеткізу ұжымның әрбір мүшесінің жеке басы үшін үлкен мәнге ие болады.

Мұндай жағдайдың қалыптасуы осы кітапхана ұжымының бірлік деңгейіне тікелей байланысты. Бірлік — ұжымның өзара ынтымағын, ұжымның және оның әрбір мүшесінің жеке-жеке және біргеліктегі қорғаныс қабілетін, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара" отырып, өзара көмек және қолдау деңгейін көрсететін түсінік. Сонымен бірге бірлік ұжым мүшелерінің өзара жоғары сыйластығымен, маңызды бір бағыттан бойынша келісім таба білулерімен және де сол келісімді терең сезінулерімен айқындалады.


Құнды мәселелер мен ережелер төңірегінде өзара келісімге келе білудің маңыздылығында дау жоқ. Мұнан өзге кітапхана үшін ынтымақтастық, өзара көмек, ұжымдағы өзара жауапкершілік, психологиялық үйлесімділік сияқты бірлік белгілері де аса қажет. Адамдар арасында сыйластық неғұрлым жоғары болса, онда психологиялық үйлесімділік те соғұрлым жоғары болады. Бұл өкіл ұжымның бірлігін нығайтады. Сондай-ақ ұжымның бірлігі сол ұжымның кәсіби мәртебесіне, құрылу мерзімінің ұзақтығына да байланыста болады.

Сұраққа жауап алу барысында кітапханашылардың ұжымының бірлігін күшейтетін бірден бір құрал — жалпы жиналыс деп есептейтіндіктеріне көзіміз жетті. Сын және өзара сынды кеңінен өрістете отырып, демократиялық принцип негізінде іскерлікпен ұйымдастырылған жиналыс шын мәніндегі жанашырлықтың ғана емес, сонымен бірге түрлі және қоғамдық пікірдің де сарқылмас көзі болып табылады. Жалпы жиналыстың құндылығы сонда, іште жүрген ойлар сол жерде сыртқа шығады, қарама-қайшылықтар мен қиыншылықтардың беті ашылады, жалпы мақсат айқындалып, кемшіліктерді жоюдың жолдары белгіленеді.

Ұжымның ынтымақты қызметінің түрлі әлеуметтік және психологиялық жағдаяттардың өзара әсерінен туындайтынын дұрыс түсінгенде ғана кітапхана әкімшілігі қызметкерлерінің күш-жігерін ұжымдағы іс барысын нақты зерттеуге, жеке және қоғамдық мүдделерді үйлестірудің төте жолдарын қарастыруға бағыттауға болады.

Жүргізген бақылауымыз көрсеткендей, кітапхана ұжымы өнім шығармайтын саладағы өзге ұжымдардан өзінің пәндік бағыттылығы арқылы ерекшеленеді. Бұл жерде оның қызметтік құрылымының да өзгешелігін айта кеткен жөн. Кітапхана ұжымы мүшелері арасындағы қызмет бөлісу мәселесі да басқаша. Сондықтан да кітапхана қызметкерлері арасындағы өзара байланыс дәрігерлер немесе сауда қызметкерлері арасындағы өзара байланысқа ұқсамайды. Ол ең алдымен кәсіптің ерекшелігіне, оның мақсаттары мен міндеттеріне, сондай-ақ әрбір кітапхана қызметкерінің ой өрісіне, қойылған міндеттердің ерекшеліктеріне, ресми нұсқаулардың талаптарына, тағы басқа жағдайларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, кітапхана ұжымы дегеніміз — өзінің мақсатты бағыттылығы жағынан да, адамгершілік мінез-құлқы жағынан да өзгелерге ұқсамайтын адамдар бірлестігі. Олардың қызметін қоғам айқындайды.


Кітапхана ұжымының қызметін ұйымдастыру ісі кітапханадағы әрбір бөлым мен жеке адамдардың күш-жігерін біріктіру нәтижесінде біртұтас, кешенді мәнге ие болады. Кітапхана ұжымында үдайы бір-біріне ықпал ету процесі жүріп жатады. Ұжымдылық, өзара көмек, бірлесе жұмыс істеу, өзара түсіністік сезімдері кітапхана қызметкерлеріне тән қасиет. Әрбір кітапханашы ұжымның табысына да, сәтсіздігіне де ортақ.

Әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан алғанда кітапхана ұжымындағы қоғамдық қатынастар формалды және бейформал қатынастардан құрылады, осыдан келіп ұжымның формалды және бейформал құрылымы пайда болады.

Кітапхана ұжымының формалды (сыртқы) құрылымы ең алдымен белгілі бір занды әкімшілік құжаттар жүйесімен айқындалады, сол арқылы ұжым мүшелерінің бір-біріне бағыныштылық жағдайы, бекітілген штатты кестеге сәйкес міндеттері, сондай-ақ кітапхана қызметкерінің кәсіби-мамандықтарына байланысты оларға қойылатын талаптар белгіленеді.

Бүгінгі өзгерістер ұжымның сыртқы құрылымына қатты әсер етіп отыр. Осыған байланысты кітапхана ұжымдарының дербестікке, өзін-өзі басқаруға ұмтылуы байқалады.

Әрбір кітапхана қызметкерінің қызметтік міндеттерін жеке-жеке айқындау барысында олардың кітапхана ісіне деген жауапкершіліктері артуда. Қызметтік міндет пен жеке жауапкершілікті нақтылай түсу арқылы оқырмандарға қызмет көрсету жолында кітапханашының моралдық және психологиялық жауапкершілігі күшейе түсуде.

Ұжымның формалды құрылымының құрамды бөлігі қызметкерлерге қоғамдық тапсырма беру жүйесі болып табылады. Кітапханашылар атқаратын бұл қоғамдық тапсырмалар кітапхана ұжымының формалды құрылымының бұрынғыдан да нығая түсуіне ықпал етуде. Еңбек ұжымдарының, соның ішінде кітапхана ұжымдарының сыртқы құрылымын қайта құру барысында басқару буыны мен жергілікті жерлердегі кітапханалар арасындағы қатынастың мүлдем жаңаша түрі пайда болып отыр.

Бұл әсіресе ұжым мүшелерінің өзара қарым-қатынасын айқындайтын ұжымның бейформал (ішкі) құрылымындағы өзгерістерден айқын байқалады. Ал бұл қарым-қатынас кітапхана қызметкерлерінің өзара сыйластығынан, жолдастығынан, өзара түсіністіктен немесе керісінше бірін-бірі түсініспеушіліктен, жақтырмаудан, теріс түсініктен, қарама-қайшылықтан, өшпенділіктен туындайды. Мұның бәрін жеке адамдардың біргелікте қызмет істеу барысындағы өзара іс-әрекеттерінің нәтижесі деп айтуға болады. Жеке адамдар арасындағы қатынас ең алдымен әсерлі сезімдерге негізделеді. Бұл қатынас кітапханашылар арасындағы қызмет пен қоғамдық міндеттерді орындау барысында туындайтын қарым-қатынасқа қарағанда тұрақсыз келеді.


Қызметтік жене қоғамдық қатынастың барысында біртұтас сезімдер жүйесі пайда болды. Мысалы, бірін-бірі ұнату арқылы өзара үйірсек болып қалады. Бұл ішкі қатынастың, жолдастық көмектің нығаюына әкеліп соғады. Ал ұжым мүшелері арасында қикілжің болса, онда жағдай басқаша бет алады. Өзара қарым-қатынас қиындай түседі. Бұл жерде өзара түсінісу және ілтипатты болу сезімі көмекке келеді. Осы мақсатта кітапхана қызметкерлерін жақындастыруға ықпал ететін ұжымдық шаралар ұйымдастырылады. Ақыр соңында бейформал қарым-қатынастар әдеттегідей формалды қарым-қатынасқа әсер ететін болады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің (ОКЖ) ұжымы осы құрылымға сәйкес өзара ресми қарым-қатынасқа түскен елушақты адамдар тобынан (директор, бөлім меңгерушілері, кітапхана филиалдарының меңгерушілері және қызметкерлер) құрылған.

Аудан кітапханаларының әр жерге орналасуы ОКЖ ұжымының бірлігіне және оны басқаруға біршама қиындық туғызады. Өйткені ОКЖ біртұтас жүйе деп есептелінгенімен, ол түрлі бөлімдері бар орталық кітапхана және филиал кітапхана сияқты адам саны аз (2-3 адам) ұжымдардан құрылған.

Кітапхана ұжымының тағы бір ерекшелігі — қыз-келіншектердің молдығында. Расында да ақыл-ой мен дене күшін көп қажет ететіндігіне қарамастан бұл салада әйел қызметкерлер басым. Ал олардың көбісінің жас балалы екендігін ескерсек, онда олардың өз ой өрістерін дамыту үшін, сонымен қатар үй жұмысын үлгеру үшін қаншама күш-қайрат керек екендігі өзінен өзі түсінікті болады.

Кітапхана ұжымының өзіне төн тағы да бір ерекшелігі — оқырмандармен тіл табысудың өзгешелігінде. Ал бұл жатқан өнер. Оқу залының, абонементтің, басқа да бөлімдер жұмысының табысты болуы осыған байланысты. Кітапхана ісінде көпшіл, тіл табысқыш қызметкерлер еңбегінің көбіне-көп жемісті болуы осыдан.

Әдетте көп оқымайтын адам кітапханада ұзақ істей алмайды. Ал кітапты сүю — кәсіби қажеттіліктен туындайтын басты талап. Өкінішке орай кітапханаларда кеп оқымайтын, жалпы ой ерісі, мәдениеті төмен жандар ұшырасып қалады. Ал кітапханашы қызметі ой өріс деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан да оқырманның сұранысын тез түсініп, қажетті информацияны жедел тауып бере алатын кітапханашылар ұжымда қадір-құрметке ие. Кітапхана қызметкері бірсыдырғы, төзімді, келіспеушілік жағдайда өзін-өзі ұстай алатын, сезімге берік болуы тиіс. Кез келген жағдайда жол тапқыш, шешен қызметкерлерге кітапхана қашан да мұқтаж.


Тіл табысқыштық, көпшілдік — кітапхаыашы кәсіби талап ететін жанама қасиет. Кітапханашы оқырманмен жеке тұлға ретінде емес, ең алдымен оған тиісті кітабын тауып беретін қызметші ретінде тілдік қатынасқа түседі, қоғам айқындап берген оның басты рөлі осы. Мұны формалды қатынас деп атайды.

Кітапханашы оқырманмен әңгімелескенде, құрбы-құрдастарымен кездескендей, тым еркінсіп кетпеуі керек. Оқырманмен арадағы әңгіме нақты, қысқа, ұжым алдындағы міндетке сәйкес насихатшылық сарында болуы тиіс.

Кітапханашы жай ғана сөзшең емес, айтар ойын дәл, тұжырымды етіп жеткізе білетін шешен болуы қажет. Бұл кітапхана қызметкерлерінің бәріне қойылар талап. Сонда ғана өз әріптестерінің арасында да, оқырмандар арасында да сыйлы боласын.

Қоғамдық пікір кітапхана ұжымында ерекше орын алады. Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты болып жатқан өзгерістердің барысында қол жеткен дербестік ұжым ақыл-ойының қозғаушы күшіне айналып отыр.

Қоғамдық пікір — ұжымды басқарудың ерекше бір тетігінен саналады. Ол болған жағдайға баға беріп, қай бағытта әрекет жасау қажеттігін нұсқап көрсетеді. Ал қоғамдық пікірді қалыптастыру — өте күрделі процесс. Кітапхана ұжымының жетекшісі шаруашылық-экономикалық, идеологиялық және әлеуметтік факторлардың өз бойындағы білім деңгейіне әсер ететінін жақсы білуі тиіс. Бұл жерде көп нәрсе ұжымдағы ежелден қалыптасқан, жаттанды пікірге де байланысты. Пікірдің қалыптасуына ұжым мүшелерінің сезім-күйлері, олардың ішкі және сыртқы дүниемен қаншалықты хабардарлығы да ықпал жасайлы. Егер қол астындағылар ұжым ісі жөнінде жеткілікті хабарланып отырмаса немесе дүрыс хабарланбаса, онда қоғамдық пікір де қате, теріс қалыптасады.

Бұдан шығатын қорытынды, қоғамдық пікірдің әділ болуы ұжымда кеңінен жол ашылған жариялыққа, болған жағдай жөніндегі хабардың дұрыстығына байланысты.

Сондай-ақ кітапхана ұжымының жұмысына ресми органдардан өзге оқырмандардың да баға беретіндігін ұмытпаған жөн. Кейде оқырманның сол нәрсеге ренжісе, кітапхананың бүкіл қызметін жоққа шығарғысы келетіні бар. Мұндайда өз ұжымының құрылымын, міндеті мен қызметін оқырмандарына жариялы етіп, таныстырып отыратын кітапханашылар дұрыс істейді. Кітапхана жағдайымен жақсы таныс оқырман олардың кемістіктеріне де түсіністікпен қарауға тырысады. Шығармашылықпен жұмыс істейтін салиқалы-салдарлы ұжымдарда сын сияқты психологиялық құрылым да үлкен маңызға ие.


Сын дегеніміз (іс - әрекетке, жеке немесе бір топ адамға, біреулердің тәртібіне, ой-пиғылдарына байланысты) — пікір айту, логикалық талдау арқылы баға бері сияқты адамдардың бір-біріне ықпал етуі. Бірақ сын екі жүзді пышақ сияқты, оны дұрыс, орнымен айта білу керек, болмаған жағдайда іс керісіне кетеді. Сынның пәрменділігі — оның нақтылығында, ақиқаттылығында. Сын пайда келтірсін десеңіз, ол уәжді, игі мақсатты, адамның өзіне өзі сын көзбен қарауына мәжбүр ететіндей әсерлі болуы тиіс.

Кітапхана ұжымы — психологиялық табиғатты жағынан күрделі ұжым. Кітапхана қызметкерлерінің жанына жарақат салу оп-оңай, өйткені олар жаратылысынан нәзік жандар, оның үстіне материалдық және әлеуметтік ахуалдары да мәз емес. Кітапханашы беделін көтеру, оларға жағлай жасау мәселесі бүгінгі күні тиісті орындардың назар аударуын қажет етеді.

2.2 Кітапхана ұжымывда әлеуметтік-психологиялық ахуалының қалыптасу жайы

Әлеуметтік-психологиялық ахуал дегеніміз — адамдардың бір-біріне деген әсерінің, біргеліктегі қызметінің нәтижесі. Ол ұжымның ортақ пікірінен, көңіл-күйінен, жеке адамдардың хал-ахуалынан, сондай-ақ өмірлік жағдайынан, жеке адамдардың еңбек белсенділігінен байқалады.

Жалпыға мәлім, психологиялық ахуалдың мазмұнды болуы әдетте ұжым мүшесінің көңіл-күйіне (хал-ахуалына, қанағаттану деңгейіне, психологиялық жабдықтауға) байланысты, әрбір жеке адамның көңіл-күйі еңбекке деген ықыласына, айналасындағы адамдарға, олардың қатынастарына, жалпы өзара қарым-қатынасқа әсер етеді де ұжымда әлеуметтік-психологиялық ахуал пайда болады.

Кітапхана ұжымындағы психологиялық ахуалға анықтама беру үшін кадрлардың тұрақсыздығы, оқырмандарға қызмет көрсету сапасы, жұмысқа келмей қалу немесе кешігіп келу, кітапхана атрна айтылған сын-ескертулер, қақтығыстар немесе "өз еркімен" босағандардың шын мәніндегі жұмыстан шығу себептері, осы сияқты басқа да жанама жағдайларды пайдаланса болады.

Психологиялық ахуалдың жақсы болуы ең алдымен ұжымның белгілі бір бағыттылығы мен оның табысына байланысты. Мақсаттары айқын болса ұжымның бірлігі мықты болмақ.


Кітапхана қызметкерлерімен жүргізген әңгімеміз көрсеткендей, егер адам өзіне деген жақсы көзқарасты, қолдау қуаттауды сезінетін болса, онда оның көңіл-күйі де жақсы, еңбегі де өнімді болады. Ұжым қызметкерлері арасындағы өзара қарым-қатынас ойдағыдай болса, онда адам өндірістік жағдайдың қанағаттандырмайтын кейбір материалдық факторларына (мысалы, үйінің кітапханадан алыстығы) қарамастан жұмыстан босауға арыз бермейді.

Психологиялық ахуалға адамдарға үйреншікті еңбек жағдайының жоқтығы қатты әсер етеді. Бұл бір-бірінен тітіркену сияқты теріс сезімдерді тудырады. Жұмыстың бір сарындылығынан немесе ескі ырғақты бұзып, жауапкершілікті тым күшейтіп жіберуден кітапхананың кейбір бөлімдерінде өздеріне тән психологиялық шиеленіс пайда болады.

Еңбек ұжымы кеңесінің төрағасы әңгімелескенімізде, ол еңбекті ұйымдастыру мен оған ақы төлеу мәселесінің әлеуметтік-психологиялық ахуалға қатты әсер ететінін айтты. Ол мәселені біз былай шештік деді, сыйлық еңбек ақы белгілерде жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын ғана емес, қызметкерлердің еңбек тәртібін, жауапкершілікті сезіне білуін есепке алдық. Осыған байланысты ашық мәжіліс өткіземіз, оған келем деушілерге есік ашық, сөйлеймін деушілерге тағы да жол ашық. Еңбек ұжымы кеңесінің пікіріне келіспейсіз бе, сөйле, өзіңді өзің қорға. Нәтижеде ешқандай реніш болмауы керек.

Әлеуметтік-психологиялық ахуал кітапханашылардың біргелікте қызмет істеуі барысында пайда болады және ол қызметкерлердің әр бірінің тәртібінен, өзара қарым-қатынасынан, бір-біріне деген ерікті әсерінен көрініс табады. Әлеуметтік-психологиялық ахуал дегеніміз — адамдардың бір-бірімен саналы қатынасының, сондай-ақ ұжымдағы материалдық, ұйымдастыру-басқару және психологиялық жағдайлардың жемісі.

Зерттеу барысында ұжымдық өзара қатыңастың бірлік, бірімен сиысу, түсіністікпен жұмыс істеу, достық келісім сияқты бірнеше элементтерін байқадық. Мұның әрбір кітапханашы жақсы білуі тиіс. Өйткені, ол өзара қатынастың жоғарыда аталған элементтеріне сәл де болса теріс өсер ететін болса, онда мейлі қала, мейлі қалама, ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық жағдай нашарлай түсетін болады.


Кітапханашы осы ұжымда жүруі арқылы, оның қызметіне қатысуы арқылы жеке түлға ретінде кітапхана өмірінің көптеген салаларына, соның ішінде әлеуметтік-психологиялық ахуалына күшті ықпал етеді. Әлеуметтік-психологиялық және жеке бастарының психологиялық ерекшеліктеріне қарай айналасындағылардың көңіл-күйіне азды-көпті оң немесе теріс әсерін тигізеді.

Бұл жерде байқағанымыздай, жеке тұлғалардың принциптілік (сөз бен іс бірлігі), іске, адамдарға жауапкершілікпен қарау, олардың тұрмысына қамқорлық жасау, еңбекте және қоғамдық қызметте тәртіпті қатаң сақтау, жеке адамдар мен топтар арасындағы қатынаста белсенділік көрсету, өзге кітапханашылармен, бүкіл ұжыммен оңай тіл табысу, жоғары мәдениеттілік пен қайрымдылық, адамдармен әдепті сәйкесе білу сияқты қасиеттері ерекше роль атақарады.

Кітапхана қызметкерлері ішінде кісіні өзіне еріксіз тартатын адамдар көп болады. Жоғары өнегелі, жолдастарынан көмегін аямайтын, мейрімді жан, олармен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет.

Көңіл-күйіңді өзіңнен бұрын біліп, қуанышынды да, қайғыңды да бөлісуге дайын тұрады. Олар басшылық ететін кітапханада көп жылдардан бері кадрлардың тұрақтанбауы деген атымен жоқ, ұжым тұрақты, өзгелерге қарағанда бірлігінің мықтылығымен, тәртіптілігімен ерекшеленеді.

Ұжымда кітапханашылар үшін де, оқырмандар үшін де игі жағдай қалыптасқан. Сондықтан да болар, олар аудандағы ең оқырманы көп кітапхананың бірі деп саналады. Бұл жұмысқа да қарамағындағы адамдарға да жоғары жауапкершілікпен қараудың нәтижесі болса керек.

Ал енді бір жекелеген адамдар сәл де болса әлеуметтік ережеден айныса, онда олардың ұжым ахуалына келтірер зияны аз болмайды. Ондай адам көбіне идеясыз болып келеді, мұның ақыры олардың тәртібінің тұрақсыз болуына, такаппарлыққа, ашкөзділікке, әдепсіздікке (тұрпайы сөйлесу, жәбірлеу), мансапқорлыққа және менмендікке, өзгелердің адамгершілігін, мүддесін сыйламауға әкеп соғады. Ондай адамдармен сөйлессең көңілің пәс түсіп қалады. Ұжымда ұшырасатын қақтығыстар көбіне сондайлардың кесірінен болады.


Мысалы, басшы қарамағындағылардың пікірімен санаспайтын, әдепсіз, дөрекі жан болса, адамдармен менсінбей сөйлеседі екен. Мұның бәрі әрине ұжымның көңіл-күйіне әсер етпей қалмайды. Ұжымдағы жүйені тоздырған ахуалға төзбеген көп адам жұмыстан шығып кетеді.

Кітапханашылар өз құқыларын қорғауға мүмкіндік алып, өз жетекшілеріне сенімсіздік білдіреді. Сөйтіп қайта сайлау өткізіп жүріп, дөрекі басшыларынан құлылуға тырысады.

Кітапханашылардың көңіл-күйіне, сол арқылы жалпы ұжым ахуалына психикалық процестердің ерекшеліктері (ой, сезім және ерік), сондай-ақ ұжым мүшелерінің мінез-құлқы мен темпераменті әсер етеді. Адам бойындағы терең ақыл-ой, тапқырлық, жасампаздық ұжымды өзіне тартып, еңбек өнімділігінің артуына, жалпы ұжым мүшелерінің психикасына ықпал жасайды.

Бірақ адам бойындағы осы бір қасиеттер өзімшілікке, мансапқорлыққа ұласса, онда мұның ұжымға да, ұжым мүшелеріне де тигізер зияны орасан зор болмақ. Ондай адамдар өз артқышылықтарын ашықтан-ашық көрсетуге тырысып, өзгелердің қабілетін мұқалтады, ар-ожданына тиеді, жалпы айналасындағылардың көңіл-күйін бұзып барады.

Керісінше, табанды да күшті жеке тұлғалар ұжымға игі әсер етеді. Олар ұжымды сенімділікке, жауынгерлікке тәрбиелеп, соңынан ертеді, ықпалын тигізеді. Бірақ ол өзгелердің бастамасшылдығын тұндықтырмайды, әріптестерінің пікірімен санасып отырады.

Адамдар бір-біріне түрлі жолдармен ықпал жасайды, соның бірі — болған оқиға туралы хабардар етіп отыру. Хабарламадағы эмоциялық екпін алдымен тыңдаушының, қала берді бүкіл ұжымның сезімдік жағдайына қатты әсер етеді.

Әсіресе, адамдардың материалдық және рухани мүддесіне байланысты хабарламалардың ықпалы зор. Ондай хабар жеке адамды ғана емес, бірден бірге өтіп бүкіл ұжымды қатты толқытады.

Кітапханашылар күнделікті өмірде жеке үлгілерімен де бір-біріне әсер етеді. Кей адамдардың өмір үлгісі өзгелер үшін бай да қызықты, пайдалы хабарлардың бірі болып шығуы мүмкін.

Біреулер ондайлардың соңынан көз жұма ереді, енді біреулер өзгенің үлгісін ой таразысына салып, пайдалы болса, идеялық-саяси сеніміне, адамгершілік нормасына сай келсе ғана қабылдайды.

Әлеуметтік-психологиялық ахуалының жеке адамға әсері

Жеке адамдардың көңіл-күйі, еңбек қабілеті, керек десеңіз, өмір сүру қабілеті ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық ахуалға байланысты болады. Кітапханашы көңілді ортаға тап болса, бұған дейінгі көңілсіздік жағдайы ұмытып, жаңа ортаға қосылып кетеді. Немесе, керісінше, көңілді адам өздерінен өздері тырысып-бүрісіп отырғандардың арасына түссе, оның да көңілі пәс тартады.

Әлеуметтік-психологиялық ахуал жеке адамға ұжым мүшелерінің өзара қарым-қатынасы арқылы ықпал етеді. Жолдастық, өзара көмек, бірін-бірі сыйлау орын алған жерде адам өз ісіне ғана емес, бірлескен еңбекке деген қанағат сезімін байқап, еңбектес жолдастарын көргенде қуанышқа бөленеді. Ал кітапханада формалдылық, салғырттық, бірін-бірі жеккөрушілік орын алса, онда керісінше, кітапханашы эмоциялық зардап шегеді, өзара қатынастағы адамға тек ыстық ілтифатты аңсап, шеттеп қалады. Ашық немесе астыртын қақтығыстар түсында онан да жаман күй кешеді. Әлеуметтік-психологиялық ахуал мұндай болған жағдайда кітапханашы ұжымға деген ықыласын жояды. Бұл оның еңбекке деген құлқынын төмендеуіне әкеп соғады.

Институттан кейін жұмысқа орналасқан жас маманнан бөлек кітапханада өзінен басқа екі кітапханашы болған. Ол екеу көптен бірге істеп келе жатқан, бір-біріне әбден үйренген зейнет жасындағы әйелдер екен. Жас маман оларға үйрене алмайды, екі әйелдің тәртібі де, іс-әрекеті де жақпай-ақ қояды. Ақыры басқа кітапханаға ауысып тынады.

Кітапхана ұжымдарында әлеуметтік-психологиялық ахуал жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастардан туындайды. Сондықтан да бүкіл ұжым мен басшы әрбір жеке кітапханашыға құрметпен қараса, әлеуметтік-психологиялық ахуал та ойдағыдай болады. Қанша дегенмен әрбір адам өзгелердің өзін тануын, құрметпен қарауын қалайды. Кітапханада да сол сияқты жағдай дәл осындай болғанда ғана ол қуаныш пен бақытқа кенеледі.


Беделді кісілердің, әсіресе ұжым басшысының берген бағасы қатардағы қызметкер үшін өте әсерлі болады. Жоғарыда айтқанымыздай, кітапханашыға бағаны байқап беру керек, өйтпеген жағдайда оның нәзік жанын жаралап алу оп-оңай.

Бірақ бұл ымырашыл, ақ көңіл болу керек деген сөз емес. Болған іске тиісті бағасын беріп отырмаса бір-бірінің кемшілігін жасырып, қызмет сапасы түсіп кетеді. Бірін-бірі құрметтеп, өзара әділ талап қоя білгенде ғана ойдағыдай әлеуметтік-психологиялық ахуал қалыптастыруға болады.



<< предыдущая страница   следующая страница >>