girniy.ru 1 2 ... 28 29

Кіріспе




Зоогигиена — мал денсаулығын сақтауға бағытталған ғылым. Себебі оның атауы грек сөздерінен алынған: zoon — жануар және hygieinos — сау деген мағынаны білдіреді. Зоогигиена малдарға қоршаған орта жағдайы және тіршілік шарттарының әсерін зерттеп, оларды дұрыс күтіп бағу, азықтандыру, ұстау және пайдалану (эксплуатация) әдістерін жасап шығарады, жағымсыз факторларды жоюға және жағымды факторларды барынша қолдануға ұсыныс жасайды.

Ауыл шаруашылығы жануарларының денсаулығы — бұл ағзаның қоршаған ортамен тепе -теңдіктегі және қандай да болмасын патологиялық өзгеріссіз, яғни ағзаның құрылымы және қызметі бір біріне сай, реттеуші жүйелері ішкі ортаның тұрақтылығын (гомеостаз) сақтау қабілетіне ие болуымен сипатталатын ағзаның табиғи физиологиялық күй-жағдайы деп білеміз, міне сондықтан зоогигиенаны көбінесе практикалық физиология деп атайды.

Сыртқы немесе қоршаған орта — бұл жануарды қоршаған ауа, су, топырақ, азықтар мен ғимараттар. Қоршаған орта ағза үшін пластикалық (құрылыс), энергетикалық және ақпараттық материалын алу көзі болып табылады. Қоршаған орта мен ағзаның бірлігі олардың арасында үздіксіз өтетін зат және энергия алмасу үрдісімен нақтыланады.

Сыртқы орта факторлары ағзаға тікелей және жанама: тыныс алуға, қоректенуге, жылу реттелуіне әсерін тигізеді. Сондықтан сыртқы орта факторлары тірі ағза үшін патогенді болып табылуы мүмкін. Мысалға, ауаның төменгі температурасында және суық су ішкенде суық тиюі мүмкін; ауру туғызатын ағзалармен зарараланған ауа, су және азық жануарларда жұқпалы және инвазиялық ауруларды туғызуға жағдай жасайды; ауа, су және азықтың химиялық құрамының сәйкессіздігі зат алмасу бұзылуына, улануға душар етуі мүмкін.

Зоогигиенаны мал ағзасы мен қоршаған ортаның өзара байланыс заңдылықтарын зерттейтін ғылым ретінде профилактикалық ветеринария деп те санауға болады. Себебі гигиеналық мәліметтердің негізінде жұқпалы, паразитарлық және жұқпайтын аурулардан жалпы сауықтыру профилактикалық және көптеген ветеринариялық күрес шараларын жасап шығарады. Зоогигиенаның талаптарын сақтау адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.


Зоогигиена биология, физиология, микробиология, зоотехния, ветеринария, механизация, ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикасы сияқты негізгі және қолданбалы ғылымдармен тығыз байланысты.

Қазіргі кезде ірі өндірістік кешен, ұсақ фермалар, жеке шаруа қожалықтары жағдайларында зоогигиеналық, ветеринариялық -санитариялық ережелер мен малдарды азықтандыруға, ұстауға және аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлінуде. Бұл малдардың денсаулығын сақтап қана қоймай, олардың өнімділігі мен өсімталдығын арттырады.

Назарларыңызға ұсынылып отырған практикумда ауаға, суға, топыраққа, азыққа қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы мәліметтер мен олардың құрамындағы өзгерістерді анықтау әдістері келтірілген. Оқу құралында 12 сурет, 48 кесте бар. 050208 — «Зоотехния» мамандығында оқитын студенттерге арналған. Бұл оқу құралын сонымен қатар, практикалық зоотехниктер, малдәрігерлері, жеке шаруа қожалары, жеке мал ұстаушылар, фермерлер де қолдана алады.




1 Зогигиена зертханасында студенттердің еңбек қауіпсіздігі техникасы бойынша нұсқаулық




1.1 Студент зертхана қондырғысына ұқыпты қарауға міндетті.

1.2 Зертханада әрбір студентке тұрақты жұмыс орыны бекітіледі. Оқытушының рұқсатынсыз бір орыннан екінші жұмыс орынына ауысуға, сондай ақ зертхана қондырғысын жылжытуға болмайды.

1.3 Зертханада студенттер халат киюі қажет.

1.4 Студенттерге үстел мен аралықтарды жеке заттарымен үйіп тастауға тиым салынады, жұмыс орынындағы реттілікті сақтау қажет.

1.5 Жұмыс істеп тұрған электр құралдарын, қайнап жатқан сұйықтықтарды, реактив құйылған ашық ыдысты қараусыз қалдырмау қажет, реактив қосылған сұйықтарды канализацияға құюға тиым салынады, күкірт қышқылы ертіндісін даярлағанда күкірті қышқылын суға құю керек, керісінше жасауға болмайды.


1.6 Реактивтерді аудиториядан шығаруға, оқытушының рұқсатынсыз оларды араластырып, тәжірибе жасауға болмайды.

1.7 Өткір иісті реактивтермен жұмысты тек сорғыш шкафта, күйдіргіш реактивтермен жұмысты ыдысқа еңкеймей, қыздырылатын материалмен жұмысты қызуға төзімді заттарды қолданып, қызған сұйық төгіліп қалмау үшін олардың саңылауын өзінен және қатар жұмыс атқарып жатқан басқа студенттерден аулақ ұстап жүргізу қажет.

1.8 Шыны ыдысты, кескіш құралдарды, электр қондырғыларын қолданғанда жарақаттануды болдырмау үшін сақтану қажет.

1.9 Берілген тақырыпқа қатысты емес заттарды алмау, жұмыс істегеннен кейін қолды жуу сияқты жеке бас гигиенасы мен жалпы мәдениет ережелерін сақтау керек.

1.10 Жарақат алынса; күйік шалса; теріге, көзге, ауызға реактивтер тиген жағдайда пайда болған қауіп түріне байланысты алғашқы медициналық көмек беру және басқа да әрекеттер жасау үшін бірден оқытушыға хабарлау қажет.

1.11 Сабақ аяқталғанда жұмыс орынын бастапқы ретке келтіру керек.



следующая страница >>