https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 ... 5 6
Терапиядан ОӘК тақырыбына – Пәннің мазмұны



    1. Тыныс алу жүйесінің аурулары


Бұзаулардың бронхылары мен өкпелерінің қабаттаса қабынуы олардың 1 – 2 айлық жастарында жиі кездеседі. Әсіресе туа салысымен диспепсияға ұшыраған бұзаулар осы жаста бронхопневмониямен ауырғыш келеді. Ауру алдымен жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуынан басталып, ары қарай бронхыларды қамтиды да, көп ұзамай өкпе альвеоллаларының қабынуымен асқынады. Егерде ауруды уақытында анықтап, дер кезінде тиімді емдеу шарасын қолданбаса, онда ауру созылмалы түріне айналады. Асқынғын кезде іріңдеп, кей кезде шіру процесіне дейін баруы мүмкін. Мұндай жағдайда емнің қонуы қиындайды, аяғында малдың өлім-жітімге ұшырауына апарып соғады.

Бұзаулар туғаннан кейін 25-45 күндік жасында олардың организмінде зат алмасу процесінің төмендеуі байқалады. Ол тыныс алу жүйесінің қызметінің жеткіліксіздігін тудырады. Оны болдырмау үшін салмағы жылдам өсетін төлдің организмін оған қажетті керек қоректің заттармен қамтамасыз ету қажет. Олай болмағанда тыныс алу жолдарының ағзаларының қызметтерінің жеткіліксіздігінен өкпе альвеоллаларында оттегін сіңіру және көмірқышқыл газын бөліп шығару процесі бұзылады. Организмде қалыпты түрде зат алмасу процесін қамтамасыз ету үшін қажетті энергияның түзілуі нашарлайды. Міне, осылай, төлдердің салмағының жылдам өсуі олардың тыныс алу жүйесінің қызметтерінің қайшылықтарын туындатады.

Бронхопневмониямен ауырған бұзаулардың тәбеті төмендейді, кейде тіпті азақ қабылдамай көбінесе жата береді. Жүндері ұйпаланған, арқасы күдірейіп, басы салбырап, сыртқы ортаға реакциясы нашарлайды. Дененің ыстығы көтерілуі мүмкін. Тыныс алуы мен қан тамырының соғысы жиілейді. Танау қуысынан бастапқыда сұйық, артынан қоймалжың ақпаның аққаны байқалады. Тыңдағанда везикулярлық дыбыстың қатайғаны, артынан сырылдың пайда болғаны анықталады. Аурудың бастапқы клиникалық белгілері біліне бастаған кезде қам жасау керек. Ондай малдарды бөліп алып жеке жағдай туғызады. Жарық, таза, желдетілген бөлмеге орналастырады, таза сумен, толыққанды рационмен қамтамасыз етеді. Тиімді емдеу үшін қолайлы деген оттегімен емдеу әдісін қолдана отырып, этиотропты, симптоматикалық, организмді қуаттандыратын емдеу әдістерін ғылыми тұрғыда дәлелдеп тағайындаған дұрыс.


Оттегімен емдеу әдістерінің ішінде оны тыныс алу жолдары арқылы дем алдырып немесе құрсақ қуысына жіберу арқылы емдеуді ұсынған болар едік. Ең қолайлысы оттегімен байытылған ортада (34-60 %) ғылыми тұрғыда таңдап алынған дәрілік заттардың қоспасын шашырату арқылы емдеу әдісі.

Ауру бұзаулардың қанын лабораториялық тексергенде, аурудың жіті түрінде оның құрамындағы ақ және қызыл қан түйіршіктерінің көбейгені анықталады. Қышқылдығы жоғарылайды, диспротеинемия анықталады. Гемоглобиннің мөлшері төмендейді. Тыныс алу көрсеткіштерін тексергенде организмде оттегінің жеткіліксіздігінің белгілері байқалады: минуттық дем алыс мөлшері, терең дем алу көрсеткіші, оттегін сіңіру және көмірқышқыл газын бөлу, дем алу мен оттегін пайдалану коэффициенттері нашарлайды, ал дем алу эквиваленті жоғарылайды. Міне, осындай жағдайда тиімді әсер ететін дәрілік заттардың қоспасын оттегімен байытылған ортада золь ретінде бірден қабынған жерге жеткізу ең тиімді емдеу әдісі болып саналады.

Өз тәжірибемізде жоғарыда келтірілген көрсеткіштердің емдеуден кейін тексергенде қалыпты жағдайға қарай бейімделіп өзгеруі кешенді түрде қолданылған емдеу әдісінің тиімді екенінің дәлелі.

Малдардың тыныс алу жүйесі мен жүрек-қан тамырлары жүйесінің арасындағы функционалдық байланыстың тығыз болуы соншалық, көптеген зерттеушілердің деректері бойынша, ол екі жүйе тіндерде жүретін дем алу, тотығу-тотықсыздану процестеріне бірдей қатынасатын көрінеді.

Осы мәселеге байланысты жүргізілген зерттеуімнің нәтижесін «Вестник с/х науки Казахстана» жұрналында жарияладым. Онда бұзаулардың минуттық дем алу мөлшері мен терең дем алу көрсеткішінің жүрек фонокардиограммасындағы жүректің соғу және систолалық көрсеткіштерімен орта дәрежедегі керісінше корреляциялық байланыста болатыны көрсетілген. Бұл деректер екі жүйенің байланысында егер біреуінің қызметі нашарлап бұзылса, онда екіншісі функциясын күшейтіп, организмдегі жетіспеушіліктің орнын толтыруға тырысатынын дәлелдейді. Егерде екі жүйенің қызметтері қатарынан бұзылған болса, онда тіндердегі тыныс алу процесі күрт нашарлайды. Мұндай жағдайда өкпе-жүрек функцияларының жеткіліксіздігінен организмдегі зат алмасу процесіне өте қажет оттегінің жеткіліксіздігі – гипоксия құбылысы қарқынды түрде дамиды.


Осындай жағдайға ұшыраған малдардың жүрек қызметін фонокардиограмма арқылы тексергенде жүрек соғысының жиілеп, жүрек циклі мен диастоллалық уақытының қысқарғанын, ал систоллалық көрсеткіштің уақытының ұзарғанын байқаймыз. Ауру малдарды кешенді түрде емдегеннен кейін фонокардиограмманың бұл көрсеткіштерінің қалыпты жағдайға қарай бейімделіп өзгергенін көреміз.

Сыртқы ортаның қолайсыз жағдайлары организмнің жалпы резистенттілік қабілетін нашарлатып организмнің ауру тудыратын себептерге қарсы тұру механизмдерін әлсіретеді. Мұндай жағдайға жақсы күтімде болмаған аналық малдардан алынған гипотропиктер жиі ұшырайды.

Қалыпты жағдайда организмге ешқандай зиянсыз микроорганизмдер – сапрофиттер, организмнің резистенттілік қабілеті нашарлаған кезде патогендік қасиет білдіре бастайды. Бұл аурудың негізгі себептеріне қосымша фактор ретінде ауруды одан әрі асқындыра түседі. Сондықтан да аурулардың алдын алуда және бола қалған жағдайда дұрыс емдеуде организмнің өзін өзі қорғау процесін жақсартуға көңіл аудару керек.

Бұзаулардың өкпе ауруларына неғұрлым ертерек диагноз қою үшін малды тексеруді жан-жақты жүргізген дұрыс. Оған анамнезді дұрыс жинау, клиникалық және лабораториялық зерттеулерді тиянақты түрде жүргізу, мүмкіндік бар жерде арнайы зерттеу әдістерін (ЭКГ, ФКГ, рентгенография, рентгенограмма, ауру мал организміндегі микроорганимздердің белсенділігін анықтау және т.б.) пайдаланып, оған дұрыс интерпретация жасай білу әдістері жатады. Өзіміз жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарында осы аталған әдістердің барлығын пайдаландық және оларға дұрыс талдау жасауды жете меңгердік.

Бұзаулардың ауруын анықтағаннан кейін олардың бронхопневмонияның жіті түрімен ауыратын бұзауларынан 3 топ топтастырдық. Әрбір топта тәжірибе және бақылау топтарын қарастырдық.

  1. Бірінші тәжірибе тобындағы бұзауларды таңдап алынған дәрілік заттардың ерітіндісін ауа қысымы арқылы золь ретінде шашаыратып, сонымен дем алдыру арқылы емдедік. Ал бақылау тобындағы бұзауларға дәрілік заттар золь ретінде емес анықтамада көрсетілген әдістермен берілді;


  2. Екінші тәжірибе тобындағы бұзауларға дәрілік заттардың ерітіндісі оттегінің қысымы арқылы шашыратылып, дем алдыру арқылы емделді. Бақылау тобында оттегі қолданылған жоқ;

  3. Үшінші тәжірибе тобындағы бұзауларға таңдап алынған дәрілік заттарға қосымша иммуномодулятор ретінде тимоген препараты қолданылды. Бақылау тобы тимоген препаратын алған жоқ.


Қолданылған дәрілік заттардың құрамы: белсенді антибиотик, норсульфазол, үшвитамин, глицерин.

Дәрілік заттарды ауа қысымы арқылы шашыратып емдеу (АЗТ) Ю.В.Головизниннің (1983), ал дәрілік заттарды оттегі қысымы арқылы шашыратып емдеу (ОЗТ) В.Н.Квятковскийдің (1990) әдістері бойынша жүргізілді. Бұл екі әдісте де САГ-1 генераторы қолданылды. Бірінші әдісте қажетті ауа қысымы СО-7А компрессоры арқылы алынды. Екінші әдісте оттегінің қысымы редуктор арқылы қысымы төмендетілген оттегінің баллонынан алынды.

Жалпы тәжірибеде АЗТ тобында 153/40 бас, ОЗТ тобында 292/137 бас, тимоген қолданған топта 136/62 бас бұзаулар болды. Емдеу нәтижесінде оның тиімділігі АЗТ тобында 92,8/87,5 %; ОЗТ тобында 94,9/87,6 %; тимоген қолданған топта 98,5/87,8 % болды. Бөлшектің бөлімінде бақылау тобындағы бұзаулардың саны мен емдеу нәтижесінің тиімділігі көрсетілген.

Бұл көрсеткіштер тәжірибе топтарындағы бұзаулардың аурудан жазылу пайызы әлдеқайда жоғары екендігін көрсетеді. Ол көрсеткіш тәжірибедегі АЗТ тобында бақылау тобының көрсеткішіне қарағанда 5,3 %-ға; ОЗТ тобында 7,3 %-ға; тимоген қолданған топта 10,7 %-ға жоғары.

Жалпы 3 емдеу әдістерінің нәтижелерін салыстырғанда тимогенді кешенді түрде қолдану арқылы емдеу әдісінің тиімдірек екендігі байқалады. Ол әдіспен емдеу біз жүргізген тәжірибеде АЗТ тобындағы нәтижеден 5,7 %-ға; ал ОЗТ тобындағы нәтижеден 3,6 %-ға жоғары болды.

Қорыта келе айтарымыз, жоғарыда келтірілген 3 емдеу әдістері де бұзаулардың өкпелерінің қабынуының жіті түрін емдеу үшін өте пайдалы әдістер екені сөзсіз. Солардың ішінде организмнің иммундық қабілетін жоғарылату үшін ұсынылатын дәрілік заттарды кешенді түрде пайдалану қазіргі кезде шағын шаруашылықтарда істеп жүрген мал мамандарының өз тәжірибелерінде каеңінен қоданылатын емдеу әдістері болар деген ойдамыз.



Жүрек-қан тамырлары және қан жүйелерінің

аурулары


Жүрек пен қаңқа бұлшық еттерінде гемоглобиннің қызметін атқаратын зат миоглобин деп аталады. Ол да өзіне оттегін қосып алып оксимиоглобинге айналып, оттегін еттердің торшаларына тасымалдайды. Оксимиоглобин суда сүңгитін жануарларда 40-47 %-ға дейін жетеді. Сондықтан да ондай жануарлар су астында көпке дейін сүңгіп, керекті азықтарын тауып қоректенеді.

Жүректің бір рет жиырылғанда шығаратын қанның мөлшері жүректің систолалық деңгейі деп аталады. Жүректің бір минуттағы жирылу саны мен оның систолалық деңгейі қан айналымының көлемі мен оның айналу жылдамдығынығ көрсеткіші ретінде қарауға болады.

Жүрек пен қан тамырларының патологиясында мал организміндегі қан айналу процесі бұзылады. Клиникалық белгілері ретінде: көзге көрінетін кілегей қабықтардың көгеруі, веналық қан тамырларындағы қан қысымының жоғарылауы, қан тамырларының соғысының жиілеуі және әлсіреуі, ентігу сияқты өзгерістерді келтіруге болады. Бұл кезде артериялық қан қысымы төмендейді, қан айналу жылдамдығы бәсеңдейді, оттегінің ауадан қанға сіңу процесі нашарлайды. Осы өзгерістер жүрек қызметінің жеткіліксіздігін тудырады.

Жүрек қызметінің жеткіліксіздігі дегеніміз – жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтерінің нашарлауы салдарынан организм тіндеріне қажетті мөлшерде оттегінің тасымалданып жеткізілмеуі және тіндерде түзілетін көмірқышқыл газының уақытында организмнен шығарылмауы.

Тыныс алу жүйесі мен жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтерінің жеткіліксіздіктері өзара тығыз байланыста. Көптеген патологиялық жағдайларда олардың бірінің жеткіліксіздігін екіншісі толықтырып отыратын кездер жиі кездеседі.

Мысал ретінде тыныс алу жүйесінің қызметтерінің жеткіліксіздігінде жүректің жұмысының арта түсуін келтіруге болады. Онда қан айналымы жылдамдай түседі, эритроциттердің саны көбейеді, гемоглобиннің мөлшері артады және т.б.. Егерде екі жүйенің қызметтері бірдей жеткіліксіз болса, онда организмде зат алмасу процесіне қатынасатын ферменттердің реакцияны тездету қабілеті бірнеше рет артады. Сондықтан да мұндай патологиялық жағдайда ауру малды емдейтін дәрігердің алдында тұрған мақсат организмнің компенсаторлық мүмкіншіліктерін толық пайдалануға тырысу болып табылады.


Тыныс алу және жүрек қызметтерінің жеткіліксіздіктерінен басқа қандағы эритроциттердің азаюы, оттегін тасымалдайтын гемоглобиннің мөлшерінің төмендеуі организмдегі оттегінің тапшылығының бірден-бір себептері болары сөзсіз.

Жоғарыда келтірілген анықтамалар организмде оттегінің тапшылығын тудыратын себептердің көптігін және олардың әртүрлілігін байқатады.

Өзіміздің осы бағытта 30 жылдан аса уақытта жүргізген тәжірибемізде оттегінің жеткіліксіздігін малдардың тыныс алу, жүрек-қан тамырлары жүйелерінң ауруларында, мал организмінде қанның азаюында, зат алмасу процесінің бұзылуынан болатын ауруларда жиі кездестіріп, оны ғылыми тұрғыдан дәлелдеу үшін көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ол жұмыстардың нақтылы нәтижелерін тиісті тарауларда келтірмекпіз.

Оттегі организм тіндерінде жүретін зат алмасу процесінің аэробтық фазасына қатынасады. Тіндерге қажетті оттегінің мөлшері толық болған жағдайда организмдегі зат алмасу процесіне қажетті энергияның түзілуі жақсарады. Ол, Мейснердің (1968) келтірген дәлелдеріне сүйенсек, оттегінсіз гликолиз кезінде түзілетін энергиямен салыстырғанда 15 есе артық болатын көрінеді. Оттегінің қан тамырлары арқылы организмдегі тіндерге қажетті мөлшерде үнемі түсіп отыруы организмнің өзінде түзілетін энергиялық қорын тиімді пайдалануына әсер етеді. Ал организм тіндеріндегі оттегінің тапшылығы ондағы энергияны ысырап етуге апарып соқтырады. Бірінші кезекте көмірсутегінің қоры азаяды. Ол организмдегі майлардың, белоктардың ыдырап бөлшектенуін тудырады. Мұндай жағдайда қанда толық тотығып үлгермеген, организм үшін улы заттар түзіліп, шоғырланады. Ондай қосылыстар белгілі бір мөлшерге дейін организмдегі зат алмасу процесі кезінде түзілетін қалыпты қосылыс ретінде саналады. Ал қалыптан тыс көп шоғыланғанда организмді уландырады. Соның бір мысалы ретінде кетоз ауыруын келтіруге болады.

Өзіміздің тәжірибемізде тыныс алу жүйесінің ауруларында организмде белгілі бір мөлшерде кетон заттарының шоғырланатынына көз жеткіздік. Кетондық қосылыстар организмде көп шоғырланғанда тіндерді уландыратыны ежелден белгілі. Оған әсіресе жүйке жүйесінің тіндері өте сезімтал болып келеді. Бауырдың, бүйректердің, жүйке жүйесінің торшаларының өзгергендіктері байқалады. Біздің тәжірибеміз бойынша (1968 – 1975) дені сау бұзаулардың қанындағы кетон заттарының мөлшері 2-3 мг %-тен аспауы керек. Ол көрсеткіштің бронхопневмониямен ауырған бұзаулардың қанында 8 – 17 мг %-ке дейін көбейетінін байқадық.


Тыныс алу жүйесінің ауруларын емдеу үшін осы уақытқа дейін ұсынылған әдістер көптеп саналады. Бірақта көп жағдайларда аурудың даму процесінде осы мәселеге көңіл бөлінбейді. Сондықтанда ауруды кешенді түрде емдеу мәселесінде организмде дамитын оттегінің тапшылығын ескере отырып оттегімен емдеу әдістерінің жетілдірілген түрлерін қолдануды ұмытпаған жөн. Өз тәжірибелеріміздің нәтижелерін осы еңбектің тиісті бөлімінде толығырақ бермекпіз.


ТІНДЕРДЕГІ ГАЗ АЛМАСУ ПРОЦЕСІ.


Организмнің қанындағы оттегінің тіндерге өтуі және тіндердегі көмірқышқыл газының қанға түсуі газдардың диффузия заңына бағынады. Тіндердегі оттегінің мөлшері өте аз болып келеді. Соған қарамай тіндер қандағы барлық оттегін толық пайдаланбайды, тіндерден шыққан қанның құрамында әжептәуір оксигемоглобиннің мөлшерін анықтауға болады. Қалыпты жағдайда жүректің оң жақ жартысындағы аралас вена қанының үштен екі бөлігі ғана оттегімен қаныққан. Ол қандағы оттегінің тек үштен бір бөлігі ғана тіндерге беріледі деген сөз. Әртүрлі тіндерден шығатын вена қанының құрамындағы оттегінің мөлшері әртүрлі болып келеді. Оттегіне ең бай қан – ол мидан шығатын қан. Олай болса, әртүрлі тіндер мен ағзалардың оттегін шығындау деңгейі әртүрлі болады.

Қан арқылы жеткізілген оттегінің салыстырмалы түрде тіндермен аз мөлшерде пайдалануы организм үшін экономия жағынан тиімді емес. Мұндай жағдайда жүректің жұмысына көп күш келеді. Сондықтан да тіндер мен ағзалардың қанмен келген оттегін неғұрлым толық сіңіргені организм үшін пайдалы. Ол үшін белгілі бір уақытта тіндерге келіп түсетін оттегінің мөлшері тотығу-тотықсыздану процесінің деңгейіне сай болуы керек. Егерде тін сұйығындағы оттегінің еру мөлшері тұрақты болса, онда тіндерге келетін оттегінің мөлшері қан мен торшалардағы оттегінің қысымының айырмашылығына тура пропорционал, ал қанды торша элементтерінен бөліп тұратын қабаттың қалыңдығына кері пропорционал болады. Олай болса жоғарыда келтірілген Экснердің формуласын V=K (P1-P2) деп келтіруге болады. Ондағы Р1 – вена қанындағы оттегінің қысымының мөлшері, ал Р2 – торшадағы қысым. Егер торшадағы қысымды ноль деп алсақ, онда тінге сіңетін оттегінің мөлшері одан шығатын вена қанындағы оттегінің қысымына тура пропорционал болып келеді.


Физиологиялық жағдайда артерия қаны мен вена қанындағы оттегінің мөлшерінің айырмашылығы өте аз мөлшерде болып келеді. Тіндердің оттегін қажет етуі неғұрлым жоғары болса, бұл айырмашылық солғұрлым аз болады. Әртүрлі ағзалардан шығатын қандағы гемоглобиннің қалпына келу деңгейі әртүрлі. Ол көрсеткіш тіндердегі тотығу-тотықсыздану процесінің деңгейін және олардың оттегін сіңіру мөлшерін сипаттайды. Мысалы, бас ми оттегінің жетіспеушілігіне өте сезімтал, сондықтанда ондағы вена қанындағы оттегінің мөлшері ең жоғарғы деңгейде. Тәжірибе жүзінде артерия мен вена қандарындағы оттегінің мөлшерінің айырмашылығы мен тіндердің оттегін пайдалану коэфициентін анықтаудың физиологиялық маңызы бар. Бұл анықтаулар оксигемоглобиннің диссоциациясының қисық сызығын анықтаумен байланыста жүргізілуі керек.

Баркрофтың деректері бойынша 300 м биіктікке көтерілген адамның қанындағы оксигемоглобиннің қисық сызығының оң жаққа қарай недәуір ығысқаны байқалатын көрінеді. Мұндай кезде қалыпты жағдайда 1 л қаннан тіндерге берілетін 60 мл оттегінің орнына 96 мл қажет болады екен. Оны айқынырақ дәлелдеу үшін төменгі кестені қарайық.





Кестедегі бірінші тік сызықта оттегін пайдалану деңгейі, екінші тік сызықта – белгілі бір уақытта тіндердің алатын оттегінің мөлшері, ал үшінші тік сызықта – тіндерден шығатын вена қанындағы оттегінің қысым мөлшері көрсетілген. Егер бірінші тік сызықтағы 0,3 нүктесі мен үшінші тік сызықтағы 40 нүктесін қоссақ, онда екінші тік сызықта тіндердің орташа есеппен 1 л қаннан қалыпты жағдайда 60 мл оттегін сіңіретінін анықтаймыз. Ал егерде оттегінің пайдалану деңгейі 0,6; қысым сол қалпында болса, онда тіндер 45 мл оттегін сіңіреді. Мұндай жағдайда тіндерде оттегінің тапшылығы байқалады. Ондай жағдай болмас үшін вена қанындағы оттегінің парциалдық қысымы 50 мм-ге дейін көтерілуі қажет.

Бұдан қорытылатын түйін, тіндердегі оттегінің шығындану пайызының жоғарылауы барлық жағдайда ондағы газ алмасу процесін жақсартатын тиімді фактор деп қарастыруға болмайды. Көптеген жағдайларда ол пайыздың жоғарылауы тіндердегі оттегінің жеткіліксіздігінің дамуының бірінші белгісі болып келеді.


Тіндердің оттегіне мұқтаждығын қамтамасыз ететін екінші бір маңызды механизм – ол капилляр қан тамырларындағы қанның айналу жағдайының өзгеруі.

Организмді оттегімен қамтамасыз етудің ең соңғы этапы – ол торша элементтерімен оттегінің сіңірілуі. Бұл процесс көптеген катализдік реакция