https://electroinfo.net

girniy.ru 1

Журналистика теориясы туралы ізашар оқулық



Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші, ғалым Қайыржан Бекхожиннің профессор Тауман Амандосов туралы ерекше тоқтап бағалаған еңбегі 1968 жылы жарық көрген " Совет журналистикасының теориясы мен практикасы" атты кітабы еді.

Зерттеуші бұл туынды жайлы 1979 жылдың 19 қаңтарында "Қазақ әдебиеті" газетінде "Тұңғыш оқулық" деген мақала жариялады. Онда автор журналистика теориясы оқулыққа зәру болып отырған кезеңде жарық көрген кітаптың елеулі жаңалық екенін құптап, еңбектің баспасөз жанрлары жайында жүргізілген тиянақты зерттеулерінің нәтижесі екенін дәлелдеген болатын.

Профессор Тауман Амандосовтың бұл зерттеуін Қайыржан Бекхожин университет студенттерінің, газет қызметкерлері мен аймақтық тілшілердің қолдан түспес кітаптарының бірі деп бағалады. Ғалымның бұған дейін де баспасөз жанрлары, публицистика жөнінде көлемді зерттеулері мен монографиялары жарық көрді. Аталмыш оқулық сол көп жылғы зерттеулердің бір түйініндей ғана. Автор өз еңбегінде кеңестік баспасөздің, телевизия мен радио-хабарлардың, кітап баспаларының қалыптасып, даму жолдарының тарихына, олардың жаңару кезеңдеріне жан-жақты тоқталды.

Сондай-ақ, республика баспасөзінің сол кезеңдегі даму жүйесі мен оны елімізде жетілдіре білудегі игілікті істерді халыққа жеткізу туралы барынша дәлелді, ғылыми тұжырымдар ұсынды. Сондай-ақ, журналистер, ауыл- село тілшілері бұл кітаптан баспа, мерзімді баспасөз орындарының жұмыс істеу ерекшеліктері, творчестволық ізденістері жайында кең мағлұматтармен танысты. Газет редакцияларындағы жұмысты ұйымдастыру мен тілшілерді, әсіресе жас журналистерді тәрбиелеуге қатысты айтқан ой-пікірлер тізбегі ғалым еңбегінің құнын арттыра түскен.

Журналистке тән қасиеттер - қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды тез байқап, оған үн қосу, қоғамдық пікір туғызу. Журналист өмір материалдарын зерттеп, оны көпшілікке түрлі әдістермен шұрайлы тіл арқылы жеткізсе ғана табысты болмақ. Оған апарар жол - журналистік шеберлік, бейімділік. Қ.Бекхожиннің ғалым еңбегі жайлы талдап өткен деректері қазіргі журналистика саласының да өзекті қырларына айналған.


Профессор Тауман Амандосов аталмыш теориялық еңбегінде журналистік шеберлікті шындаудың түрлі әдіс-тәсілдері мен публицистика жанрларының даму ерекшеліктері жайлы мол материалдар беріп, тұжырымды пікірлер жинақтайды, журналистік шындалудағы басты-басты кезеңдерді ғылыми тұрғыда екшейді. Белгілі қаламгерлердің творчестволық лабораторияларына да үңіле отырып, көңілге қонымды пікірлер түйіндейді.

«Баспасөз жанрлары - баспасөздегі публицистикалық шығармалардың әдеби формалары». Бұл Т.Амандосовтың жанрлар туралы жазған айқындамасы. «Олар жазылған материалдың мазмұны мен түріне, стильдік ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Журналист болам деушілер үшін - жанр сипатын меңгеру, оның әдісін білу басты міндет». Сондықтан ғалым публицистиканы әдебиеттен бөлек дербес пән ретінде қарастырып, публицистиканың ерекшеліктері қандай, оның мазмұны мен формасы, әдісі мен функциясы нені негіз етіп алады, көркем шығармалармен ара- қатынасындағы айырмашылық неде?- деген сан алуан күрделі сауалдарға мүмкіндігінше жан-жақты, тиянақты жауап беріп, публицистика жанрларын зерттеуші басқа да ғалымдармен пікір таластыра отырып, өзінің ғылыми пайымдауларын алға тартады.

Профессор Қайыржан Бекхожин ғалымның осы еңбегіне жоғары баға бере келіп: "журналистика пәніне қажетті тұңғыш рет жарыққа шығып отырған толымды қазақша оқулық" деген толыққанды пікір білдіреді. Әсіресе журналистика факультетінде оқып жүрген студенттерді, газет-журнал қызметкерлерін, жас журналистерді тәрбиелеуде бұл кітаптың берері мол екендігін ерекше атап көрсетеді.

Бұл күндері газет жанрларының түрлері молайып, журналистік шеберлікті шындаудың жолдары қайта қарастырылып, болашақ журналистерге белгілі публицистердің шығармашылық мұралары аудиториялық арнаулы курстар жүргізу арқылы үйретіледі. Газет жұмысының қыр-сыры жеке журналистердің шығармашылық лабораториялары арқылы таныстырылады. Журналистика факультетінің оқу жоспарлары "Журналистикаға кіріспе", "Қазіргі газет жанрлары", "Мерзімді баспасөздің теориясы мен әдістемесі", "Әдеби редакциялау", " Публицистика өнері" тағы да басқа жалпы курстармен толықтырылды.


Семинар сабақтары репортаж, есеп жазу, редакциялық "лездеме" түрінде өткізіліп, студенттердің жаза білу ұшқырлығын арттыруға жете көңіл бөлінеді. Ақпараттық жанр түрлері: стандартты ақпарат, тестовкалар, хроникалық хабарлар, кеңейтілген ақпарат туралы жаңа түсініктер қалыптасқан. Репортаж жазу әдістері, сұхбат жанрының ерекшеліктері, есеп жазудың сырлары, журналистік зерттеудің қыр-сыры ашыла түскен. Талдамалы, сараптамалық және көркем-публицистикалық жанрлардың алатын орны да ерекше бағыт алып келеді.

Осы орайда профессор Тауман Салықпайұлының жанрлар туралы жазған еңбектері өз құнын кеміткен емес. Ғалымның публицистика жайлы жазған құнды пікірлері туралы қазіргі газет жанрларын зерттеп, студенттерге дәріс оқып жүрген ғалымдарымыздың бірі Кәкен Қамзаұлы "Көркем әдебиет пен публицистиканың әдісі бірін-бірі қайталай қоймайды. Мәселен, көркем әдебиеттің жалпы әдісі қоршаған орта мен адамды эстетикалық, образдық тұрғысынан танып, бейнелейді. Публицистиканың әдісі - өмір шындығын қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағынан тану, оған белгілі бір дәрежеде ықпал ету және қоғамдық шындықты боямасыз көрсете білу" деп жалғастыруда.

Журналистиканың теориясын зерттеуші, ғалым Е.П.Прохоров болса "Журналистикада шығармашылықтың публицистік түрі маңызды орын алады. Ол түсінікті де: публицистика шығармашылық ретінде қоғамдық пікірге қызмет ету үшін қалыптасқан, ал қоғамдық пікірмен тығыз байланыс журналистиканың негізгі мақсаты" .

Зерттеуші С.Қисымов: " Публицистика - журналистикада, ғылыми және көркем әдебиетте өмір ақиқатының ілеспе шежіресі ретінде көрінетін шығармашылық процестің жемісі. Ол күнделікті өмірде екі түрде кездеседі. Біріншісі - публицистикалық мәтін. Екіншісі - публицистикалық шығарма» деп ой сабақтайды.

1961 жылы жарық көрген М.И.Фетисовтың "Қазақ публицистикасының тууы" атты кітабы тарихи танымдық мақсатпен жазылған еңбек болғанымен, публицистиканың теориялық сұрақтарына жауап берген жоқ. Еңбекте публицистиканың жанрлық ерекшеліктері, тілдік, стильдік аспектілері талданған жоқ.


Бұл міндетті орындау үшін арада он жылдан астам уақыт өткеннен кейін белгілі журналист, ұстаз, профессор Т.С.Амандосов алғаш қадам жасады. Осы он жыл аралығында, әсіресе орыс және украин ғалымдарының публицистикаға деген көзқарастары жаңа арнаға ауыса бастаған болатын. В.В.Ученованың, М.С.Черепаховтың, Е.И.Журбинаның, Е.А.Лезебниктің еңбектерінде публицистика творчествоның ерекше түрі, әлеуметтік құбылыс ретінде қарала бастады.

Соңғы зерттеулер негізінде қазақ публицистикасының ұлттық ерекшеліктері қайта сараланып, жаңаша сипатқа ие болды. Әдебиет теориясы мен публицистика теориясына ерекше назар аударған ірі ғалым, лингвист, түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың" Әдебиет танытқышы" (1926) халқымен қайта қауышты.

Кешегі коммунистік идеология үстемдік еткен жылдары жарық көрген журналистиканың тарихы, теориясы жайында жазылған мүйізі қарағайдай ғалымдарымыздың еңбектерінің ең алдыңғы қатарларының бірінен орын алатын Тауман Амандосовтың зерделі еңбектері өз шәкірттері арқылы жалғасын тауып, жаңара түспек. Бұл күндері ғалымның 90 жылдық мерейтойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Алыптың аманаты» атты апталықтан басталып, ғалым шығармашылығын насихаттайтын 4 маусым күні өтетін халықаралық конференциямен аяқталмақ. Мерейтойға байланысты университет пен журналистика факультеті Баспа ісі және дизайн кафедрасының ұжымының бастасымен Тауман Амандосов туралы естеліктер мен ғылыми мақалалар жинақталған кітап «Қазақ университеті» баспасының «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрмек.


Майкотова Ғалия,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

журналистика факультетінің доценті,

Баспа ісі және дизайн кафедрасы

меңгерушісінің орынбасары