https://electroinfo.net

girniy.ru 1

«Құзыреттілік» терминіне алғаш анықтама беріп, лингвистикаға енгізген американдық ғалым Н.Хомский. Оның пайымдауынша, құзыреттілік термині грамматика білімдеріне негізделеді. Жалпы алғанда, құзыреттілік дегеніміз- жеке тұлғаның белгілі бір мәселені шешудегі өзара байланысты білім, білік дағдыларының жиынтығы және адамның жеке өзінің іс- әрекет, қызмет саласына сай құзыреттерді меңгеруі.


Баяндама тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың мына бағытында жазылған:

Құзыреттілікті қалыптастыру/білім беру үрдісі субъектісінің құзіреттілігі.


Қасымқанова Зилиха Нұрдубаевна

Өскемен қаласы әкімдігінің

«№32 орта мектеп»

коммуналдық мемлекеттік мекемесі


ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ КОММУНИКАТИВТІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРА ОТЫРЫП, ОҚУ-ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТЕРІН ДАМЫТУ.


Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Еңбек нарығының, еліміздің индустриялық инновациялық міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін білім сапасын жоғары деңгейге жеткізу» деп, негізгі мақсат атап көрсетілген.

Осы бағдарламада жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру мақсаты да ұстаздардан үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Жас өркеннің жақсы азамат, білікті тұлға ретінде қалыптасуы мұғалімдердің білімі мен кәсіби шеберлігіне , мемлекет пен халық алдындағы азаматтық парызына деген жауапкершілігіне тікелей қатысты.

«Мектептің жүрегі - жақсы мұғалім» деп ұлы даланың дана педагогы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, бүкіл мемлекеттің, тұтас ұлттың болашағы – ұстаздардың қолында.

Жеке тұлғаның танымдық үрдістерін дамытуда, сондай-ақ, білім, білік, дағдыны, жалпы дүниетанымын қалыптастыруда оқыту әдістерін, жаңа оқыту технологияларын оқыту үрдісінде тиімді пайдалана білу мұғалім шеберлігіне байланысты.


Оқыту әдістері – оқытушы мен тіл үйренушінің оқу- тәрбие жұмысының міндеттерін ойдағыдай шешуге бағытталған іс- әрекеттері.

«Инновациялық технологиялар» тіркесі бүгінгі күні педагогикада, оқу- тәрбие үрдісінде ең жиі қолданылатын ұғым болып отыр. Белгілі ғалым М.М. Поташник: «Инновация- оқу бағдарламасын меңгертуде мұғалімнің оқытудың жаңа әдістемелері мен технологияларын тиімді игеруі» деп анықтама берсе, Н.Ф. Талызина: «Инновациялық технологияларды қолданудағы негізгі міндет: сабақ үрдісінде белгіленген мақсатқа жетуде ең тиімді әдістерді таңдай білу» деп анықтайды.

XXI ғасырда білім беру саласында инновациялық технологияларды қолдана отырып оқыту- бұл таным әрекетін ұйымдастырудың арнаулы формасы. Мақсаты – оқу үрдісінің өнімділігін арттыру.

Өзімнің эксприменттік - тәжірибе жұмысымның алғашқы жылдары қазақ тілі мен әдебиет сабағында жиі қолданылып жүрген ғалым - педагогтардың озық технологияларымен танысып эксприменттік тәжірибе жұмысым барысында тиімді пайдалануға тырыстым. Ол ғалым- педагог Ж: Қараевтың «Үш өлшемді әдістемелік жүйе» технологиясы оқушының да мұғалімнің де шығармашылық қызметін дамытуға бағытталған. Деңгейлік тапсырмалар үш деңгейде беріледі.

1-деңгейдегі тапсырмалар «танып білу» және үлгіні қолдану арқылы қолдану арқылы орындалады;

2- деңгейдегі тапсырмалар өзгертілген және өткен сабаққа арналған тапсырмалар бойынша талдау, қорыту жасауға арналған;

3- деңгейдегі тапсырмалар – шығармашылық тапсырмалар, оқушылардың қабілетін ашу мақсатында беріледі.

Бағалау ұпайылық жүйемен жүргізіледі.

Д.Б. Элькониннің «Дамыта отырып оқыту» технологиясынан «Дамыта оқытуда нені дамыту керек? » деген өзекті сұрақ туады. Оны былай жіктеуге болады:

- ойлау, қиялдау, болжауын;

- сезімін, түйсігін, зейінін;

- қабылдауын, ынтасын, есте сақтау қабілетін;

- оқу іс- әрекеттерін, дағды- машықтарын.

Ал, М.М. Жанпейісованың « Модульдік оқыту технологиясы» негізінде қазақ тілі оқулықтарында тақырыптар модульдік сипатта берілген.


« Модуль дегеніміз – қандай да бір жүйенің ... біршама дербес бөлігі»

( С. И. Ожегов)

Осы технологиялардың ішінен өз тәжірибемде жиі қолданатын технологиялар - модульдік оқыту технологиясы, АКТ, ойын, және ынтымақтыстықта оқыту технологиясы.

Модульдік оқыту технологиясының ерекшелігі- жеке тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық үрдістерін, яғни, жадының алуан түрін ( есту, көру, қимыл- қозғалыс және т.б.) ойлау, ынта, қабылдау қабілеттерін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай-ақ жеке тұлғаның қауіпсіздігін , өзін-өзі дамыту, өзін- өзі бекіту, қарым- қатынас жасау , ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, белсенді сөздік қорын (ауызша және жазба тілде) дамытуға бағытталуында.

Қазіргі таңда қазақ тілі мен әдебиет сабағында электрондық оқулық , яғни, мультимедиалық оқулықтарды пайдалану бала таным көкжиегін кеңейтуге, замана көшін сезінуге жетелейтін технология Оқыту үрдісіне жаңа инновациялық технологиялардың қайсысын пайдаланбайық біздің, яғни, ұстаздардың басты міндеті – білімі мен ғылымы ғарыштаған бүгінгі заманда өз шәкірттерімізден бәсекеге қабілетті елге тұлға даярлау. Тұлға деген кім? Тұлға – еліне бәйтеректей сая болатын азамат.

Ақпараттандыру ғасырындағы білім берудің парадигмасының өзгеруіне орай дербес тұлғаға білім беру тек қана білім және біліктердің болуымен ғана шектелмей, оның құзыретті болуына көп мән беріледі.

Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастыруда қатысымдық әдістің маңызы зор. Осыған байланысты әдіскер - ғалым Ф.Ш. Оразбаева қатысымдық әдістің өзіндік белгілерін көрсете отырып, оған мынадай анықтама береді: « Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым – қатынасы арқылы жүзеге асатын, белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын, тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым- қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі»


Оқушының коммуникативтік құзыреттілін қалыптастыруда, жалпы тілді үйретуде психологияның алатын орны ерекше. Әр оқушының ойлау, қабылдау, түсіну, ес, дағды сияқты психикалық құбылыстарын зерттеп білмей өзге тілді ұлт өкілдеріне қазақ тілін жүйелі, сапалы түрде меңгерту мүмкін емес.Әр оқушының жоғарыда аталған психикалық ерекшеліктерін білуде мектеп психологтарының көмегіне жүгіндім. Халқымыздың «Сөз- ойдың көрінісі, ой бұлдыр болса, сөз де бұлдыр» деген нақыл сөзінен ақыл-ойдың тілден көрінетіндігі байқалады. Яғни, тілдік қатынастың психологиялық негізі адамның ойлау жүйесіне байланысты. Жаңа сөздерді меңгерте отырып байланыстырып сөйлеуге үйрету үшін, оқушыларды ең алдымен ойлана білуге баулу керек. Ол үшін орындалатын жаттығулар мен тапсырмалар қызықты, мақсатты таңдалуы қажет.

Мысалы, мәтінмен жұмыс істеуде төмендегідей жаттығу түрлерін қолданамын.


Жаттығулар

Сөз байлығын дамыту

Өзіндік ізденіске жетелейтін

Интеллектуалдық дамытушылық жаттығулар

Мәтіннен нақыл сөздерді,мақал- мәтелдерді, тұрақты сөз тіркестерін теріп, топтап жазу

Оқыған мәтінге өзіндік пікір жазу, мәтін бойынша баяндама жазу, қорытынды тұжырым жасау, мәтінге мақал мәтелдер келтіру

Мәтін бойынша пікірталастардайындау, өз пікірлерін қорғау.

Бірнеше дәлелді пікірлер жинақтау

Мәтінді бөліктерге бөлу, ат қою,өлең шумағын әрі қарай өз сөздерімен жалғастыру, қара сөзге айналдыру






Ойлаудың басты формасы- ұғым. Сөзді қабылдау және оны ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты.Оқушының сөздік қорын тақырыптық сөздер арқылы байыта отырып, оларды сөз тіркестерін, сөйлем құруға, ойын жүйелі, бірізділікпен айтуға үйретуде көрнекіліктің маңызы зор. Он рет айтқаннан, бір рет көрсеткеннің пайдалы екені рас. Көрнекілік көрсету барысында оқушының көру, есту, ойлау сияқты бірнеше психикалық үрдістері оянады да, оған материалды ұғыну мен есте сақтау едәуір оңайға түседі. Оқушы әр тақырып бойынша сабақта тілдік жағдайды түсініп, қолданып, әр-түрлі жағдайда сөйлейтін дағды алса, ол өмірде өзінше басқа адамдармен қарым-қатынас жасай алады, яғни, коммуникативтік құзыреттілігі қалыптасады.


Оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруда үнемі мынадай жұмыс түрлерін жүргіземін:


  1. Әңгіме оқытып, оның мазмұнын айттыру.

  2. Сурет бойынша әңгіме құрастыру.

  3. Көргендері жөнінде әңгіме айттыру.

Бұл жұмыстарды ұйымдастырудағы алға қоятын мақсат – оқушылардың еркін, өз сөзімен әңгімелеуге, жүйелі сөйлеуге үйрету. Сурет мазмұны оқушылардың тілден алған дағдысына сай болуы тиіс. Суреттің мазмұны айқын болса, әңгіме құрап айтуға оңай болады. Мұғалім алдымен сурет бойынша сұрақ қояды. Сұрақ оқушылардың өз біліміне сай әңгіме құруға бағыттауға, әңгіменің көлемін, мазмұнын белгілеуге тиіс.

Оқушылар суретке қарап мұғалімнің сұрағына жауап береді. Осындай дайындықтан соң олар сурет бойынша әңгімені түгел айтады. Кез-келген тақырып бойынша қысқаша өз пікірін білдіру жұмыстарын үнемі жүргізу - оқушының коммуникативті құзыреттілігін қалыптастыруда маңызы зор. Коммуникативтік құзыреттілік – оқушылардың алған білімдерін, меңгерген сөздік қорларын қарым-қатынас негізінде әртүрлі жағдайларға пайдалана білу мүмкіндіктері.

Қазақ тілін үйренудің өмірде қажеттілігі мен пайдасын сезіну – қызығушылығын, көңілдерін аударатын жағымды жақтары болып табылады.

Осы бағытта өз тәжірибемде әр түрлі жағдайларға байланысты диалогтарды, әр қилы тақырыпта монологтарды, суреттер бойынша әңгіме мәтіндерін, газет мақалалары мен бейнефильмдерді сабақта қолдануға тырысамын.

Осы жұмыстардың көрсеткіштері төмендегідей


Оқытудың мұндай амал-тәсілдері оқушының коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастырып қана қоймай, пәнге деген қызығушылығын оятады және оқу бағдарламасындағы кейбір кемшіліктерді жоюға септігін тигізеді. Осы мақсатта тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың қалыптасу кезеңінде мұғалімдерге арнап әдістемелік бірлестік мүшелерімен бірлесе отырып 7-сынып оқулығына қосымша электрондық-әдістемелік көмекші құрал жобасын жасадық. Бұл құрал оқушыларға өтілетін материалды жүйелі түрде меңгертуге, берілген грамматикалық кестелер, сызбалар грамматикалық материалдарды игертуге септігін тигізіп қана қоймай, оқушыларды күнделікті сөйлесімге үйретеді.Бағдарламадағы тақырыптар бойынша жинақталған бейне-аудио материалдар оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.


Мұғалім дәстүрлі әдіс-тәсілдерді түрлендіре отырып және жаңа технологияларды ұтымды пайдаланып оқыта білсе, оқушының бойындағы тілге деген қызығушылығы артады.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:


  1. Ж.Е.Смағұлова «Интерактивті әдіс» Алматы, 2006жыл

  2. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. // www.edu.gov.kz

  3. А.Маслоу. Мотивация и личность. 3-е изд. / Питер 2007

  4. Сәуле Асанбайқызы Шет тілі сабақтарында коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде журналы №1/2010жыл