https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 ... 6 7


Жалпы білім беретін мектептер тәжірибесінде оқытудың жаңа технологияларын пайдалану жолдары


МАЗМҰНЫ


КІРІСПЕ .................................................................................................................3-6


І- тарау. Әлемдік білім жүйесіндегі технологиялық үрдіс.


1.1. Білім үрдісіндегі “технология” ұғымы ...........................................................7-24

1.2.Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялардың негізгі сипаттамалары........................................................................................................24-52


ІІ – тарау. Оқытудың жаңа технологиялары Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің іс- тәжірибелерінде


2.1.Оңтүстік Қазақстан облысы мектептері тәжірибесінде қолданылатын жаңа педагогикалық технологиялар және олардың сипаттамалары........................53-64


2.2.Жаңа педагогикалық технологияларды оқыту үрдісінде пайдалану тәжірибелерінен......................................................................................................64-71


Қорытынды...........................................................................................................72-76

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ................................................................... 77-80


Кіріспе

Диплом жұмысының көкейкестілігі:

XXI ғасырда Қазақстан Республикасындағы қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарлар, қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті.

Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі олардың білім беру жүйесін, білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болды. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды-машыққа қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады.


Қазақстан Республикасы “Білім туралы” Заңының 8-бабында “Білім беру жүйесінің басты міндеті - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау” - деп атап көрсеткендей-ақ, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі- оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру(1).

Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жалпы білім берудің мақсаты – қазіргі қоғам талабына сай алынған терең білім, білік, дағдылар мен құзырлықтардың негізінде еркін бағдарлай білетін, қойылған мақсатқа танымдық қызмет жасау арқылы жете алатын, өз бетінше дұрыс, тиімді шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру екендігі көрсетілген.(2) Оны жүзеге асыру-мектептерде оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға септігін тигізетін оқу үрдісін ұйымдастырудың тәсілдерін, әдістері мен нысандарын іздестіруге өзекті сипат береді.

Қазақстан мектебінің алдына қойып отырған мақсаты - инновациялық оқыту технологиясы арқылы оқу мен тәрбие жұмысын дамыту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында оқушыларға жүйелі, нақты білім беру. Алайда, инновациялық педагогикалық технологияларды қажетті деңгейде қолдану және осы арқылы оқушылардың білім деңгейін , шығармашылық қабілетін қоғамдық сұранысқа сай қалыптастыру еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінің дағдылы ісіне айнала қойған жоқ. Әлі де болса көптеген мектептер оқыту процесін ұйымдастыру мен жүргізуде оқытудың дәстүрлі әдістері мен тәсілдерін пайдаланумен шектелуде. Инновациялық педагогикалық технологияларды қолдану мектепті сапалы түрлендіруге, жаңашыл жобаларды енгізуге, оны тиімді басқаруға негіз болып, әрбір мектепке өзіндік даму жолын табуға, әрбір мұғалімге өзінің әдістемелік жүйесін құруға септігін тигізер еді. Сондықтан қазіргі кезеңде оқытудың инновациялық технологияларын мектеп практикасына белсенді түрде ендіру – қоғам талабы.


Осыған байланысты біз дипломдық зерттеу жұмысының тақырыбы ретінде “Жалпы білім беретін мектептер тәжірибесінде оқытудың жаңа технологияларын пайдалану жолдары” – тақырыбын таңдап алдық.

Инновациялық педагогикалық технологияларды теориялық және ғылыми-қолданбалы бағыт тұрғысынан зерттеу арқауы етіп, оларды оқу үрдісін жетілдіру бағытында қолдану мәселелерімен В.П.Беспалько, В.В.Егоров, М.В.Кларин, В.М.Монахов, Қ.Қабдықайырұлы, М.М.Жанпейісова, Ж.А.Қараев, Г.К.Селевко, Ш.Таубаева, Л.А.Шкутина, т.б. ғалымдар айналысты.

Жұмыстың мақсаты: Оңтүстік Қазақстан облысының жалпы білім беретін орта мектептерінде оқытудың жаңа технологияларын пайдалану жолдарын іздестіру, озық тәжірибелерді жинақтау және жалпылау.

Зерттеу нысаны: Жалпы білім беретін орта мектептердегі педагогикалық процесс.

Зерттеу пәні: Жалпы білім беретін орта мектептердегі оқыту процесі

Зерттеудің міндеті:

- “Технология”, “инновациялық технология”, “педагогикалық технология” ұғымдарының мәнін педагогика ғылымының қазіргі кезеңдегі даму деңгейі тұрғысынан сипаттау.

- Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялардың негізгі сипаттамаларын талдау.

- Оңтүстік Қазақстан облысының жалпы білім беретін мектептерінің іс-тәжірибесінде қолданылатын оқытудың жаңа технологияларын анықтау, оларды

талдау және жинақтау.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: Іс-әрекет теориясы, Тұлға теориясы, таным теориясы, П.Я.Гальпериннің ақыл-ой әрекетін кезеңдеп қалыптастыру теориясы, Қазақстан Республикасының 2007- жылдың 27-шіл-десінде қабылдаған “Білім беру туралы заңы”.

Зерттеу көздері: Зерттеу нысанына байланысты педагогикалық-психологиялық әдебиеттер, “ Қазақcтан мұғалімі” газеттері, “Ізденіс”, “Қазақстан мектебі” журналдарының 1990-2008 жылдар аралығындағы сандары, Оңтүстік Қазақстан облысының кадрлар біліктілігін арттыру және жаңа технологияларды дамыту институтының әдебиет қоры мен мұраханасының материалдары.


Зерттеу әдістері: Педагогикалық тұрғыдан ғылыми теориялық талдау әдісі, озық тәжірибелерді жинақтау және жалпылау әдістері, мұрахана материалдарын талдау және жалпылау әдістері, педагогикалық бақылау әдісі, сұрақ-жауап әдістері, әңгімелесу әдісі.

Зерттеу базасы: Оңтүстік Қазақстан облысының үздіксіз білім беру институты, Шымкент қаласының № 1, 25, 65 орта мектептері. Бұл жұмысты жазуда Қазақстандық педагогика ғылымындағы, әсіресе, оның дидактика саласындағы, сондай-ақ білім мазмұнын іріктеу ұстанымдары; оқытудың ұйымдастыру формалары; оқытудың әдіс - тәсілдері; дүниежүзілік халық ағарту саласында өзгерістер мен жаңа бағыттар ескерілді; мектептерде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері, алдыңғы қатарлы озат мұғалімдердің тәжірибелері осы жұмысқа арқау болды. (6)

Тың тақырып бойынша жазылып отырғандықтан бұл дипломдық жұмыстың тарихи әдістемелік сипаты бар, яғни мұнда оқыту теориясы мен әдістемесі мәселелерімен қатар, мектептерде пәндерді оқыту тәжірибесінде, сондай-ақ мерзімді педагогикалық баспасөзде ақпараттық технологияны пайдалану, интерактивті әдістер сияқты оқытуды ұйымдастыру мен әдістерінде де жаңашылдық кездеседі. Оқу-әдістемелік мекемелердің, жоғары оқу орындарының кафедраларының, халыққа білім беру саласының облыстық, қалалық, аудандық мекемелері мен облыстық педагог кадрлардың білімін жетілдіру институттарының, ондағы мектептердің қатысуымен жүзеге асырылды.

Жұмыстың құрылымы: Дипломдық іздену жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І-тарау - “ Әлемдік білім жүйесіндегі технологиялық үрдіс” ,

ІІ- тарау - “ Оқытудың жаңа педагогикалық технологиялары Оңтүстік Қазақстан облысы мектептерінің іс- тәжірибесінде ” – деп аталады.


I. Әлемдік білім жүйесіндегі технологиялық үрдіс.

1.1. Білім беру үрдісіндегі “ технология ” ұғымы


“Технология” ұғымы соңғы кездері ең көп қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Технология ұғымының оқытудың технологиясы, педагогикалық технология, білім беру технологиясы, тәрбие технологиясы, қарым-қатынас технологиясы, даму технологиясы, қалыптасу технологиясы, модульдік технология, топтық оқыту технологиясы сияқты психологиялық-педагогикалық ұғымдармен байланысы саналуан. Жоғарыда аталған технологиялардың қай түрі болмасын, өзінің мәнін анықтап, сипаттама беруді қажет етеді. Қазіргі кезеңдегі ғылыми айналымда технология және технологиямен байланысты жеке ұғымдарға берілген анықтамалар баршылық. Алайда білім беру жүйесінде дәл қазіргі кезеңде жүріп жатқан процестердің технологиясының мәнін ашып, түсіндіретін жалпы анықтама жоқ (3).

Білім беру жүйесі басқару органдарынан, түрлі типтегі және деңгейдегі білім беру мекемелерінен, жүйенің жұмыс істеуі және дамуын қамтамасыз ететін қаржы қорлары мен материалдық объектілерден, ғылыми орталықтардан тұратын күрделі құрылым болып табылады. Технологиялық тәсіл білім беру жүйесінің кез-келген саласында (басқару, білім беру, қаржыландыру, мониторинг т.б.) қолданылуы мүмкін. Сондықтан, білім беру технологиясы деген сөз тіркесін бірыңғай түсіндіру мүмкін емес. Бұл ұғымды тек қана оқытушы мен оқушы арасындағы арнайы ұйымдастырылған процестерге ғана қатысты қолданады. Егер осы процесті оқыту процесі деп атайтын болсақ, онда оған технологияның осы салаға арналған жиынтығы жатады. Біздің қарастыратынымыз — технологияның осы түрі.

“Технология ұғымы Tehne”- өнер, шеберлік ,logos” – ілім, білім, оқу, ғылым деген мағыналарды білдіретін, грек тілінен енген екі сөзден тұрады. Сондықтан, технология терминін қазақ тіліне өнер туралы ғылым немесе шеберлік туралы ғылым деп аударуға болады.

“Технология” бұл қандайда болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы./Педагогикалық сөздік/


“Технология” өндірістік процесті жүргізудің әдістері мен тәсілдері жайлы білім жиынтығы. /Шетел сөздігі/

“Технология” оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу бірлескен педагогикалық әрекетті жобалаудың жан-жақты ойластырылған үлгісі. /В.М.Монахов/

Бұл ұғымға пәндік саланы сипаттайтын терминдерді қосамыз да кез-келген нақты технологияның мәнін айқындаймыз.

АҚШ пен Батыс Европада XX ғасырдың екінші жартысынан бастап оқыту процесінің технологиясын жасау бағытындағы ізденістер белсенді түрде жүргізіле бастады. 1940-50 жылдары оқыту үрдісіне техникалық құралдардың енуіне байланысты білім берудің технология” термині кеңінен қолданыла бастады. Кейінірек, 50-60-шы жылдары түрлі техникалық құралдарды қолдану әдістері жөніндегі еңбектердің ықпалымен бұл терминдер педагогикалық технология деп атала бастады. 60-шы жылдардың ортасында технологиялық әдіс шет елдерде кеңінен талқылана бастады. Мұнда негізгі екі бағыт көзге түсті (4). Біріншісі, бұрынғыша технологиялық әдісті, техникалық құралдарды қолданумен байланыстырылса, екіншісінің құрамында оқу процесінің өзін ұйымдастырудағы технологиялық әдістер дами бастады да педагогикалық технология оқытудың технологиясы деген термин пайда болды.

60-шы жылдардың аяғы, 70-ші жылдардың бас кезінде АҚШ, Англия, ФРГ, Франция, Италия, Япония т.б. көптегсн елдерде оқытудың технологиясын жасау, дамыту жұмыстарымсн айналысатын мекемелер жұмыс жасай бастады. Дегенмен, оқыту үрдісі білім беру үрдісінің бір ғана бөлігі болып табылатындықтан, оқытудың технологиясы терминінің мағыналық аясы өте тар. Мұндай олқылық тәрбиенің технологиясы”, “дамыту технологиясы ”, “ қалыптастыру технологиясы ұғымдарына да тән. Қазіргі кезеңде батыста білім беру саласындағы технологияны белгілеу үшін білім беру технологиясы ұғымы пайдаланылып жүр. Осы ұғымның ғана мейлінше аясы кең, білім берудің түрлі салаларында (басқаруда, материалдық жабдықтауда, қаржыландыруда, біліктілікті арттыруда, кадрлар даярлауда, түрлі оқыту мекемелеріндегі оқыту процесіңде және т.б.) қолданылатын кез келген технологияны қамти алады. Сондықтан, білім беру технологиясы терминін бүкіл білім беру жүйесін технологияландыру заңдылықтарын зерттейтін ғылыми пәнге (дисциплина) қатысты қолданған дұрыс болар еді. Бірақ, әзірше бұл термин көп жағдайда тек мектептегі оқыту үрдісі төңірегін сипаттауда ғана қолданылып жүр.


Сондықтан, бұдан әрі қарай білім беру технологиясы ұғымын мұғалімдер мен оқушылардың білім берудің жоспарланған мақсаттарына бағытталып, арнайы ұйымдастырылған өзара қарым-қатынас процесі технологиясы ретінде қолданамыз. Білім берудін технологиясына — оқытудың техникалық құралдары, білім беруде қолданылатын ақпараттық технологиялар, қашықтан оқыту да жатады. Сондықтан, оларды жеке-жеке талдаған кезде бұл технологиялардың өздеріне тән ерекшеліктерін атап көрсетуге тиіспіз.

Бұл оқыту үрдісінің педагогикалык үрдіс деп аталуына байланысты. Әлемдік терминологияның бірегейленуіне байланысты білім беру технологиясы ұғымына тоқталуға тиіспіз.

Т.К.Смыковская, Т.Б.Руденколардың пікірінше: “Әдістеме тек бір ғана – оқыту үрдісіне көңіл бөлсе, технология бір мезетте оқу және оқыту үрдісімен қатар жұмыс істейді. Және технология алға қойылған мақсаттың нақты соңғы нәтижесіне кепілдік береді”. Ежелгі философтардың өзі педагогикалық шеберлікті тарату туралы айтқан, ал бұл осы күнгі технологияға жақын. Сондай-ақ, К.Ушинский, А.С:Макаренко да технологиялық рәсімдерді анық көрсете білген(5).

Сырттай қарағанда, технологияның әдістемесі мен оқыту үрдісіңдегі әдістемелік және технологиялық әдіс-тәсілдер арасында карама-кайшылық жоқ. Себебі, оқытудың әдістемесі ұғымы “білім беру технологиясы” ұғымынан әлдеқайда кең. Дәлірек айтсақ, әдістеме не үшін, неге және қалай оқыту керек? негізгі үш сұраққа жауап беруге тырысады. Ал, технолог болса, мақсат белгілі болып, оған жетудің нақты іс-әрекетін, жолдарын анықтау қажет болған сәтте ғана іске кіріседі. Сонымен, Т.Г.Новикованың тұжырымдауынша, технология, негізінен, триаданың үшінші сұрағына, яғни қалай оқыту керек? деген сұраққа ғана жауап береді. Олай болса, технология әдістемелік процестің құрамына еніп, әдістемені жүзеге асыруға қызмет етеді деген қорытынды жасауға болады (Автор).


Схема түрінде бұл жағдайды 1-кестеде көрсетілгендей сипаттауға болады.

Бір қарағанда, технологиялық әдіс жеке пәндерді оқыту әдістемелері ішінде де дами алар еді деген ой туады. Бірақ, әдістемелік және технологиялық амалдардың мақсаттық ұстанымдары қалыптасқан.

Технология мен әдістеменің ерекшеліктері




Тә


1 - кесте

Технология ұғымы тар мағынада бір нақты объектінің технологиясы ретінде және кең мағынада ғылым саласы ретінде қарастырылады. Егер, технологияны педагогикалық ғылымдарға қатысты алсақ, педагогикалық технология ұғымының мәнін анықтап алу қажет.

Ғылымипедагогикалық әдебиеттерде педагогикалық технологияның мәнін ғалымдар түрліше анықтайды. Атап айтқанда:



следующая страница >>