https://electroinfo.net

girniy.ru 1
Гүлден Жамбылова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ІІ курс студенті



Мұғалім Нұрболат қымызхана ашты


Кемел келешек пен жарқын болашақтың тізгінін ұстап, әрі қарай дамытатын қозғаушы күш те, еліміздің ертеңіне тыңнан түрен салатын іргелі іс те жастардың қолында екені мәлім. Бүгінде мемлекетіміз жастар мәселесіне баса назар аударып отыр. Қай саланы қарасақ та, айбыны асып, күш-жігері тасыған жалынды жандар қолдаудан кенде емес. Соның бірі – “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Рамазанованың айтуынша, жастардың мемлекеттің көмегіне жүгініп, өз кәсібін ашуына жағдай жасап, оны жан-жақты түсіндіру жұмыстары біздің өңірімізде де кеңінен жүргізілуде. Оған үстіміздегі жылы “Жастар кадрлық орталығы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген “Табысқа жол салған жас кәсіпкерлер” атты облыс жастарының үздік бизнес-жобалары сайысы дәлел бола алады. Қала және аудандардан қатысқан 11 жобаның ішінен көзге түскені уәлихановтық Нұрболат Жанайдың қымыз өндіру жобасы болды. Қазылар алқасы мен көрермендердің зор ықыласына ие болған жас кәсіпкермен біз де жүздесіп, әңгімелескен едік.  

Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы музыкалық колледждің түлегі Нұрболат бүгінде өзі туған Кішкенекөл ауылындағы №1 мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Әзірге жаз және көктем айларында ғана қызмет көрсететін қымызхана ашқан жас кәсіпкер:

– Мектептен алатын 40-50 мың теңге жалақым аздық етеді. Шыны керек, кейде көлігімнің жанармайынан артылмайтын кездер де болады. Оның үстіне тұрмысымыз қарапайым. Сондықтан ағам екеуміз қымыз өндіруді қолға алдық. Өзіміздің қалтамыздан қаражат шығарып, әзірге 10 бие сатып алып, қымыз өндіріп, тұтынушылар санын көбейтудеміз. Болашақта 500-ге дейін көбейту ойда бар, – дейді.

Әзірге қолда бар биелердің сүті көптің тілегін қанағаттандырып, табыс көзін ашуда. Күніне 40-50 адамның қажетін өтеп отырған Нұрболат “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы мемлекеттен 3 миллион теңге несие алып, кәсібін одан әрі дамытпақ.


– Мен тұрған ауыл Ресейге шығатын қақпа іспеттес. Екі елмен қатынасатын жолаушылар көп. Сол себептен аталмыш қаржыға жол бойынан қымызхана салып, түрлі ауруларға ем болатын қымызды көпшілікке ұсынамыз, – дей отырып, оның сапасын мен құнының бір-бірімен сәйкес келу жағына баса мән беретінін жеткізді. Кәсіпкер болу үшін қаржы ғана емес, оны игере алатын білім керектігін естен шығармайтын Нұрболат қазан айының 11-12-сінде Ақтөбе қаласына барып, облыс атынан жас кәсіпкерлердің республикалық бірінші форумына қатысып келді.

– Жиында еліміздегі белді түрлі компаниялардың тізгінін ұстап отырған ірі кәсіпкерлер сөз сөйлеп, ақыл-кеңестерін айтты. Олардың ойлары мені қанаттандырып, мақсатымды жүйелі жүзеге асыруыма күш берді, – дейді жас кәсіпкер.

Нұрболат бие сауып, қымыз дайындайтын жалпы құны 1 миллион 700 мың теңгенің құрылғысын Өскемен қаласындағы “ҚазАгро” компаниясынан алмақ. Өзге де өндіріске қажетті құрылғыларды Қытай мен Ресейден әкелмек.

// Солтүстік Қазақстан. - 2014. - 13 қараша