https://electroinfo.net

girniy.ru 1

ҚММУ Ф 4/3-04/03


2007ж. 14 маусымдағы №6 НХ.


Қарағанды мемлекеттік медицина университеті


Гистология кафедрасы


ДӘРІС


Тақырыбы: «Ауыз қуысының, беттің және тістердің дамуы»


Пән: Gis 2205 - Гистология

Мамандығы: 5В130200 – «Стоматология»

Курс: 2

Уақыты (ұзақтығы): 1 сағат


Қарағанды 2014

Гистология кафедрасының отырысында талқыланды және бекітілді


__.___________. 2014 ж. Хаттама №


Кафедра меңгерушісі Есимова Р.Ж.

Тақырыбы: Беттің және ауыз қуысы мүшелерінің, тістердің дамуы


Мақсаты:Студенттерді беттің және ауыз қуысы мүшелерінің, тістердің эмбрионалдық және постнаталдық гистогенезімен, тістердің алмасуымен таныстыру.


Дәрістің жоспары:


  1. Беттің және ауыз қуысы мүшелерінің дамуы.

  2. Желбезектік аппарат және оның туындылары

  3. Беттің және алғашқы ауыз қуысының дамуы

  4. Сүт тістерінің дамуы және өсуі

  5. Тіс табақшасы, тіс бастамаларының құралуы және түзілуі

  6. Тіс бастамасының дифференцировкасы

  7. Тіс ұлпаларының гистогенезі

  8. Эмальдың дамуы немесе энамелогенез

  9. Тістің түбірі мен цементінің дамуы



Ауыз уысының және беттің дамуы

Ауыз қуысы ас қорыту жүйесінің алдыңғы бөлігіне жатады. Ауыз қуысында астың механикалық, химиялық қорытылуы басталады. Астың ауыз қуысында қорытылуына көптеген мүшелер қатысады: шырышты қабықша, сілекей бездері, тіл, тістер, жақтар т.б. Ауыз қуысы, оның туындылары, олардың құрамына кіретін ұлпалар күрделі даму жолынан өтеді. Бұл мағлұматтарды білу мүшелердің гистофизиологиясын, құрылысын, клиникалық кейбір жағдайларды түсіну үшін өте маңызды, Беттің, ауыз қуысының, тістердің эмбриогенезін білу туа біткен аномалиялардың пайда болуын анықтап талдау үшін де қажет.


Ас қорыту түтігінің көп бөлігі энтодермадан және мезенхимадан дамиды. Эмбриогенездің ерте сатыларында ол тұйықталған тік түтікше түрінде болады. Тек ортаңғы бөлігінде ғана алғашқы ішек кең сары уыз каналы арқылы сары уыз қапшығымен байланысады. Ал ауыз қуысының мүшелерінің құралуына эктодерма және оған түйісе орналасқан мезенхима қатысады.

Ауыз шұңқыры және алдыңғы немесе желбезектік ішек

Ауыз қуысының түзелуінің басталуы эмбриогенездің 3-ші аптасында жүреді. Алдымен ұрықтың бас бөлігінде алдыңғы ми көпіршігі мен жүрек шодырының арасында терілік эктодерманың мезенхимаға томпайма түрінде кіре орналасуы өтеді. Бұл томпайма тез тереңдеп алдыңғы немесе желбезектік ішектің тұйық шетіне қарсы өсе бастайды. Құралған ойық ауыз щұңқыры деп аталады да бірінші реттік ауыз қуысы мен болашақ мұрын қуысының бастамасы болып табылады. Тереңдей келе шұңқыр алғашқы ішектің тұйық шетіне келіп тіреледі. Шұңқырдың түбі алдыңғы ішектің энтодермасымен түйісе келе жұтқыншақтың жарғақты немесе мембрананы құрайды. Эмбриогенездің 3-ші аптасында бұл жарғақ жыртылады, яғни енді ауыз шұңқырының қуысы алғашқы ішектің қуысымен байланысады. Алдыңғы ішектің бастапқы бөлігі ауыз шұңқырына қосылып алғашқы ауыз қуысын түзейді. Дефинитивті ауыз және мұрын қуыстары ортақ алғашқы ауыз қуысынан дамиды.

Желбезектік аппарат және оның туындылары

Ауыз қуысының, беттің т.б. мүшелердің дамуы ұрықтың алғашқы ішегінің алдыңғы бөлігінде желбезек аппаратының құралуына байланысты. Желбезек аппаратының құрамына 5 жұп желбезек доғалары, желбезек қалталары, желбезек саңылаулары кіреді. Алдыңғы ішектің жұтқыншақтық бөлігінің бүйірлік аймақтарында энтодерманың томпаймасы түзеледі. Олар желбезек қалталары болып табылады. Оларға ұрықтың мойын тұсының эктодермасы қарсы томпаймалар түзейді. Кейінгілер желбезек саңылаулары деген атқа йе болды. Бір-біріне тџсісе орналасқан желбезек қалталарының ұштары және желбезек саңылаулары желбезек жарғақтарын құрайды. Желбезек жарғақтарын сыртынан эктодермальды, ал ішінен энтодермальды эпителий қаптап тұрады.


Қатар орналасқан желбезек қалталары мен саңылаулардың арасындағы мезенхима аймақтары өсе түсіп, ұрықтың мойынының алдыңғы-бүйірлік тұсында үймектер түзейді. Бұлар бір-бірінен желбезек саңылаулары арқылы бөлектенген желбезек доғалары. Доғалардың мезенхималық негізінде шеміршектің және бұлшық еттің бастамалары түзеледі, олардың ішінде тамырлар мен нервтер пайда болады. Желбезек доғаларының ішінде ең үлкені 1-шісі, оларды мандибулярлық немесе астыңғы жақ доғалары деп атайды. Кейін олардан астыңғы және жоғарғы жақтардың бастамалары дамиды. Екінші желбезек доғалары, көлемі сәл кішірек, гиоидты деп аталады, өйткені олардан кейін тіласты сүйегі пайда болады. Үшінші желбезек доғасының жұбы көмекейдің қалқанша шеміршегінің құралуына ат салысады. Төртінші және бесінші желбезек доғалары үшінші доғадан каудальды орналасады. Олар редуцияланады (кері дамиды). Олар орталық жолаққа жетпейді, жоғары жатқан доғалармен бірігіп мойынның жұмсақ ұлпаларын түзейді. Алғашқы үш желбезек доғаларының вентральды бөліктерінің аймағында тілдің және қалқанша безінің бастамасы құралады. Біраздан кейін екінші желбезек доғасының астыңғы шетінен терілік қатпар өседі. Қатпар төменгі желбезек доғаларын сыртынан жауып тұрады. Терілік қатпар мойынның терілік жабуымен бірігеді де терең шұңқырдың алдыңғы қабырғасын қалыптастырады. Оның түбінде астыңғы желбезек доғалары орналасады.Басында синус сыртқы ортамен кішкентай тесік арқылы байланысады, кейін тесік тез бітеліп қалады. Осы мезгілден бастап ұрықтың мойынының бетінде тек бірінші желбезек саңылауы ғана анықталады, кейін ол сыртқы есту жолына айналады. Ал оны қоршай орналасқан терілік қатпардан құлақ қалқаны түзеледі.

Егер мойын синусы бітелмесе, баланың мойынында фистула сақталады. Егер екінші желбезек жарғағы онымен бір мезгілде ашылса, фистула жұтқыншаққа ұласады.

Бірінші желбезек қалтасының жұбынан орта құлақ қуысы және евстахиев түтігі пайда болады. Екінші желбезек қалтасының жұбы бадамша бездерін, ал үшінші және төртінші жұптар – қалқанша маңы безінің және тимустың бастамаларын береді.Бесінші жұп желбезек қалталары ультимобронхиальды денешіктерді түзейді.


Беттің және алғашқы ауыз қуысының дамуы

Ақырғы ауыз және мұрын қуыстарының қалыптасуы бассүйегінің беттік бөлігінің дамуымен тығыз байланысты. Эмбриогенездің 4-ші аптасының аяғында мандибулярлық доғалар бес төмпешіктерге немесе өсінділерге бастама береді. Бұл өсінділер ауыз шұңқырын қоршай орналасады. Ауыз шұңқыры үстінен тақ маңдай өсіндісімен, бүйірінен екі жоғарғы жақ өсінділерімен, ал астынан екі төменгі жақ өсінділерімен шектеледі.

Маңдай өсіндісінің латеральды аймақтарынан екі ойық пайда болады, бұлар өсіндіні бірнеше бөліктерге бөлетін йіс сезу шұңқырлары. Йіс сезу шұңқырларының арасында орналасқан өсіндінің аймағы маңдайлық деген атын сақтайды. Йіс сезу шұңқырларын қоршай орналасқан үйемелер медиальды және латеральды мұрын өсінділері деген атқа йе болады.

Латеральды мұрын өсіндісі жоғарғы жақ өсіндісінен мұрын-жас саласымен (жырасымен, жылға) бөлектенеді. Ол көз ойығымен йіс сезу шұңқырларын жалғастырып тұрады. Кейін бұл жылғалар тұйықталып мұрын-көз жасы каналына айналады.

Екі йіс сезу шұңқыры тереңдей келе алғашқы ауыз қуысының төбесін тесіп өтіп, каналға айналады. Оның сыртқы тесігі алғашқы мұрын тесігіне, ал ішкісі – алғашқы хоанаға айналады. Ауыз қуысын мұрын жолдарынан бөліп тұратын, пішіні тағаға ұқсас ұлпа алғашқы таңдай деп аталады. Кейінірек одан ақырғы таңдайдың алдыңғы (премаксилярлық) бөлігі және жоғарғы еріннің ортаңғы бөлігі түзеледі. Мұрын өсінділерінің арасында жазық аралық бөлік бар. Ол төменгі мұрын жазықтығы деп аталады. Оның үстінде медиальды мұрын өсінділері аймағында кішкентай ғана үшбұрыш орналасқан. Бұл жерден мұрынның арқасы және қанаттары дамиды. Басында мұрын бастамасы жазық және кең болады, кейінірек ол көтеріле бастайды.

Алғашқы хоандардың түзелуімен қатар жоғарғы жақ өсінділерінің өсуі де белсенді түрде жүреді. Олар бір-бірімен және медиальды өсінділердің төменгі бөліктерімен жақындаса келіп, бірігеді. Медиальды өсінділердің өдері де бір-біріне жақындап бірігеді, үлкейе түседі. Медиальды мұрын өсінділері жоғарғы жақтың біраз бөлігін (күрек тістердің орналасқан аймағын) және жоғарғы еріннің ортаңғы бөлігін береді. Жоғарғы жақ өсіндісінен жоғарғы жақтың және жоғарғы еріннің қалған бөліктері пайда болады.


Төменгі жақ пен төменгі еріннің құралуы төменгі жақ өсінділерінің бірігуінің нәтижесінде өтеді.

Беттің бүкіл жоғарғы бөлігі (маңдай, көз аймағы, мұрын) маңдай өсіндісінен дамиды. Беттің ортаңғы бөлігінде оның бүйірлік аймақтары жоғарғы жақ өсінділерінен, ортаңғы бөлігі – маңдай өсіндісінен дамиды. Беттің төменгі бөлігі біріге бастаған төменгі жақтың есебінен құралады.

Адамның беті оны түзейтін өсінділердің бірте-бірте біругуінің нәтижесінде қалыптасады. Бұл процесс эмбриогенездің 7 аптасында аяқталады. Бірақ өсінділер толық бірікпеген. Өсінділердің өсуінің барысында оларды бөлектеп тұратын жылғалар жойылып, беттің ақырғы пішіні түзеледі. Егер жылғалардың жойылуы дұрыс әрі толық өтпесе әртүрлі аномалиялар қалыптасады. Олардың ішінде ең көп кездесетін түрі жоғарғы еріннің бүйірлік саңылауының пайда болуы. Ол жоғарғы жақ өсіндісінің медиальды мұрын өсіндісінің бірігу жолағында түзеледі. Одан гөрі сиректеу жоғарғы еріннің және жоғарғы жақтың ортаңғы саңылауы кездеседі. Бұл саңылау медиальды мұрын өсінділерінің бір-бірімен біріккен тұсында орналасады. Кейде йектің саңылауы және еріннің бұрыштарының саңылаулары болады.

Бетті қалыптастыратын өсінділердің бірігуімен қатар көздің де бастамасы дамиды. Басында олар бастың бүйірлерінде орналасып, кейін бетке қарай ойысады.

Сүт тістерінің дамуы және өсуі

Тістер алғашқы ауыз қуысының шырышты қабықшасының туындысы болып табылады. Оны жауып жататын эктодерма, кейін эмальдың дамуына қатысатын эмальдық мүшенің құралуына ат салысатын, көпқабатты жазық эпителийге айналады. Қатар жатқан мезенхимадан дентин, цемент, пульпаның дәнекер ұлпасы және тістің түбірін қоршап жатқан ұлпалар дамиды. Оның артынан тіс бастамасының дифференцировка сатысы жүреді. Ең ұзақ өтетін саты – тіс ұлпаларының гистогенез сатысы.


Тіс табақшасы, тіс бастамаларының құралуы және түзілуі

Сүт тістері эмбриогенездің 6-7 аптасында дами бастайды. Бұл мезгілде алғашқы ауыз қуысын қаптап жатқан көпқабатты жазық эпителий жуандай келіп оның жоғарғы және төменгі бойымен созылған тіс валигін (үйемесін) құрайды. Бұл құрылым оны қоршап жатқан мезенхимаға бірте-бірте ене түседі. Осының нәтижесінде эпителиальдық табақша түзіледі. Тіс табақшасы сәлден кейін бір түбірлі тістердің орналасатын аймағында екіге бөлінеді. Оның алдыңғысы ұрттық-еріндік немесе вестибулярлық табақша деп аталады. Біраздан кейін вестибулярлық табақшаның үстінде жылға пайда болады, ол кейінірек тереңдей келіп қуысқа (ауыз қуысының кіреберісіне) айналады. Бұл жыра-қуыс ұрт пен ерін аймағын қызыл йектен бөлектеп тұрады. Артқы табақша тіс табақшасы деп аталады. Ол вестибулярлық табақшаның бетінен тік бұрышты бағытта шығады, одан сүт тістерінің бастамасы пайда болады. Көп түбірлі тістердің орналасатын аймақтарында бұл екі табақша бір-бірінен бөлек дамиды. Олар бірден ауыз қуысының эпителиінен түзіледі. Бұл жердегі тіс табақшасы 1 түбірлі тістердің орналасатын аймағындағы тіс табақшасынан қысқарақ болады. Өсу барысында тіс табақшасы доғаға ұқсай түседі.


Тіс табақшаларының бос шетінде ерінге немесе ұртқа қараған бетінде эпителийдің көптеп өсуі өтеді. Басында олар колба тәрізді томпайма түрінде болады. Әрбір жақта бұндай 10 томпайма құралады. Кейін олар ішке қарай йілген қалпақшаларға айналады да, құралған құрылымды эмальдық мүше деп атайды.

Эмбриогенездің 9-10 аптасында әрбір эмальдық мүшенің ішке қарай ойыса бастаған аймағына мезенхима өсе бастайды. Бірте-бірте эмальдық мүшенің тереңдеген аймағының пішіні болашақ тістің пішініне ұқсай бастайды. Тістің эмальдық мүшесінің ішіне кіре орныққан мезенхиманы тіс бүртікшесі деп атайды. Өзінің дөңес жағымен эмальдық мүше ауыз қуысының эпителиіне бағытталған.

Өсе түскен эмальдық мүше тіс табақшасынан оқшаулана түсіп, біраздан кейін онымен тек жіңішке эпителиальдық клеткалардың созындысы арқылы байланысады. Бұл клеткалардың созындысы эмальдық мүшенің мойыны деген атқа йе.

Тіс бастамасының дифференцировкасы

Бұл кезеңде тіс бастамасының және оны қоршаған ұлпалардың көптеген маңызды өзгерістері өтеді. Эмальдық мүшенің біркелкі клеткаларының дифференцировкасының нәтижесінде пішіні және қызметі жағынан әр түрлі, қабаттарға бөлінген клеткалық элементтер пайда болады.Орталық аймақтың клеткаларының арасында белоктық сұйықтық жинала бастайды. Сұйықтық клеткаларды бір-бірінен ажыратып, олардың ара қашықтығын арттырады. Бірақ олар бір-бірімен байланыстарын үзбейді, олардың арасында цитоплазмалық ұзын өсінділер болады. Осыған байланысты бұл клеткалардың пішіні жұлдызшаларға ұқсап, ретикулярлық ұлпаның клеткаларын еске салады. Клеткалардың цитоплазмасында табақшалы комплекс, түйіршікті эндоплазмалық тор анықталады. Бұл клеткалардан құрылған торлы құрылымды эмальдық мүшенің пульпасы деп те атайды.

Эмальдық мүшенің тіс бүртігіне бағытталған клеткаларын ішкі эмальдық эпителий деп атайды. Олар бір қатарға, қалыңдығы 30 нм-дей, тіс бүртігінің мезенхимасынан оқшаулаушы базальдық мембрананың үстіне орналасады. Ішкі эмальдық эпителийдің клеткалары бірте-бірте биіктей келіп, ұзындығы 25-30 мкм, диаметрі 4-5 мкм цилиндр тәрізді клеткаларға айналады. Ішкі эмальдық эпителийдің ультрақұрылымы олардың дифференцировкасы кезінде көп өзгеріске ұшырайды. Преэнамелобластылар деп аталатын бұл клеткаларда дифференцировканың ерте сатысында аз дамыған эндоплазмалық торлары және көптеген бос рибосомолары болады. Клеткалардың табақшалы комплексі кіші, көптеген орташа көпіршіктерден құралады. Митохондриялары цитоплазмаға жайыла орналасқан. Дифференцировкадан өте түскен сайын ішкі эмальдық эпителийдің клеткалары белсенді түрде белок түзеудегі клеткаларға ұқсай түседі. Олардың ядрошығында және цитоплазмасында РНК жинақталып, цитоплазмасында қосынды белоктарға, гликогенге, сиаломуцинге, байланысқан липидтерге гистохимиялық реакция күшейе түседі. Бұл клеткалардан эмаль түзейтін энамелобластылар немесе амелобластылар пайда болады.


Эмальдық мүшенің шетіне қарай ішкі эмальдық эпителий сыртқы эмальдық эпителийге айналады. Бұл клеткалар эмальдық мүшенің сыртына орналасып, оның сыртқы қабырғасын түзейді, тіс қалтасының мезенхимасымен шектесіп жатады. Бұл клеткалар кейін кері дамиды. Олар жазықтанады, ядролары тығыздана түсіп, бүріседі, ядрошығы жойылады. Электронды-микроскоптық зерттеу кезінде сыртқы эмальдық эпителийдің клеткаларында табақшалы комплекс және түйіршікті эндоплазмалық тордың нашар дамығандығы анықталады. Өзара және эмальдық мүшенің пульпасының клеткаларымен олар десмосомалар арқылы байланысқан. Сыртқы эмальдық эпителийдің қасында орналасқан эмальдық мүшенің пульпасының клеткалары жазықтанған, бір-бірінен кішкене кеңістіктер арқылы бөлінген. Құрылысы жағынан сыртқы эмальдық эпителий клеткаларын еске салады. Эмальдық мүшенің ортасына қарай клеткалар жұлдызша тәрізді болады.

Сыртқы эмальдық эпителиймен оны қоршап жатқан тіс қалтасының мезенхимасының арасында қалыңдығы 10-12 нм, электронды-тығыз қабаттан тұратын базальдық мембрана орналасады.

Ішкі эмальдық эпителийге түйісе орналасқан пульпа клеткалары эмальдық мүшенің аралық қабатын құрайды. Бір-біріне жақын орналасқан, 2-3 қатар жазық немесе текшелі клеткалардан тұрады. Дамудың ерте кезеңдерінде эмальдық мүшенің эпителиінің, тіс және вестибулярлық табақшалардың клеткаларында гликогеннің мөлшері көбірек болады. Эмальдық мүшенің аралық клеткаларында болатын ферменттердің де белсенділігі (әсіресе фосфатазалардың) жоғары деңгейде болады; клеткаларда РНК-ның, аргининнің, гистидиннің, негізгі қосынды белоктардың да мөлшері мол. Бұл клеткалар белокты өнім өндіріп, энамелобластылардың қатарын толықтырады. Сонымен, эмальдық эпителий 4 қатарға бөлінеді:


  1. ішкі эмальдық эпителий

  2. аралық қабат

  3. эмальдық мүшенің пульпасы

  4. сыртқы эмальдық эпителий

Тіс бүртігінің дифференцировкасы оның көлемінің ұлғаюымен, қан тамырларының пайда болуымен анықталады. Эмальдық мүшенің эпителиінің әсерінен тіс бүртігінің шеткері аймақтарының мезенхималық клеткалары дентинобластыларға немесе одонтобластыларға айналады. Олар кейін дентин түзеуге қатысады.Дентинобластылар ішкі эмальдық эпителийден тек жұқа базальдық мембранамен бөлектенеді.


Дентинобластылар бірнеше қатар құрап тығыз орналасады. Олардың пішіні созылыңқы, биіктеу болады, ал цитоплазмасы базофильді болады. Онда РНК мол, апикальды бөлігінде сілтілі фосфатазаның белсенділігі жоғары болады. Электронды микроскопта бұл клеткаларда жақсы дамыған табақшалы комплекс, эндоплазмалық торлар және митохондриялар көрінеді.

Дентинобластылардың дифференцировкасы аяқталғаннан кейін оның цитоплазмасында белоктардың, протеогликандардың түзелуі белсенді түрде өте бастайды. Бұл заттар кейін дентиннің талшықтары мен негізгі затын құрауға қолданылады.

Эмбриогенездің 3-ші айының аяғында эмальдық мүшелердің мойындарына мезенхима тарап, ол кері дамиды. Сондықтан сүт тістерінің бастамалары тіс табақшасымен байланысын үзеді. Тіс табақшасы бұл кезеңде жартылай бұзылады, мезенхима өсе бастайды. Тіс табақшасының артқы бөлігі және бос шеті сақталып, әрі қарай өсуін жалғастырады. Оларда эмбриональдық дамудың 4-ші айынан бастап тұрақты тістердің бастамасы пайда болады. Кейде эмальдық мүшелердің мойындарының орнында эпителиальды клеткалардың топтары сақталынуы мүмкін. Оларды эпителиальды маржандар (Серрес денешіктері) деп атайды.

Осымен қатар тљменгі және жоғарғы жақтарда сүт тістерінің бастамаларының айналасында сүйек альвеоласын түзейтін сүйек табақшалары (тосқауылдары) қалыптасуын жалғастырады.

Эмбриогенездің 4-ші айының аяғында тіс ұлпаларының даму кезеңі басталады.

Тіс ұлпаларының гистогенезі

Тіс ұлпаларының гистогенезі кезеңінде, нәресте туғанға дейін, тіс сауытының дентині, эмалі, пульпасы дамиды. Постнатальдық кезеңнің 1-ші жылының аяғында, тістің шығуымен қатарласа, дамып келе жатқан түбірлердің дентині, цементі дамиды.

Дентиннің дамуы (дентиногенез). Тістің гистогенезі кезінде алғашқы құралатын ұлпа дентин болып табылады. Дентиногенездің алдында дентинобластылардың құрылымдық қайта құралуы өтеді. Олардың ядросы клетканың тіс бүртігіне қараған полюсіне ауысады. Түйіршікті эндоплазмалық тордың көптеген каналдары, Гольджи комплексі ядроның -үстіне, клетканың орталық және апикальдық аймақтарында орналасады. Апикальдық полюсінен цитоплазмалық өсінді өсіп шығады да, ұзарып тармақталады.


Дентинобластылардың дентин бөле бастауына энамелобластылар әсер етеді. Дентинобластылардың бөліп шығарған тропоколлагендері мен протеогликандары экзоцитозбен клетканың апикальды бөлігі арқылы дентинобластылардың және энамелобластылардың қабаттарының арасына бөлінеді. Дентиннің түзелуінің алдында оларды бөліп тұратын базальды мембрана бұзылады. Дентинобластылардың өндіретін заттарынан клеткалардан тыс жерде жіңішке коллаген талшықтары және дентиннің негізгі заты құралады.

Тіс бүртігінің ұшында, дентинобластылар мен ішкі эмальдық эпителийдің клеткаларының арасында гематоксилин-эозинмен қызғылт түске боялатын жұқа, жұмсақ тіс материалы пайда болады. Бұл жас, әлі әктенбеген дентин немесе предентин. Ол радиальды бағытталған преколлаген талшықтарынан және негізгі заттан тұрады. Талшықтарды кейде радиальдық дентин талшықтары немесе КОРФ талшықтары деп атайды. Олар сәл кешірек коллаген талшықтарына айналады.

Радиальды Корф талшықтары бар предентиннің қалыңдығы 60-80 мкм-ге жеткенде оны жаңадан пайда болған, талшықтары тангенциальды бағытталған предентин қабатымен шетке ығыстырылады. Бұл талшықтар бірден коллагенді талшықтар түрінде пайда болып, пішінделмеген дентин талшықтары немесе ЭБНЕР талшықтары деп аталады.

Кейін тангенциальды талшықтарға бай бұл қабаттар пульпа маңының дентинін құрайды, ал предентиннің сыртқы қабатының радиальды талшықтары болады да плащтық дентинді құрайды.

Дентиннің өсуі барысында дентинобластылар оның ішінде өзінің өсінділерін қалдырып отырады. Өсінділер радиальды бағытталған дентиннің түтікшелерінің қуысында орналасады. Дентинобластылардың денелері дентиннің негізгі затының құрамына кірмейді, яғни дентин клеткасыз ұлпа түрінде дамиды.

Эмбриональдық дамудың 5-ші айының аяғында дентиннің әктенуі жүре бастайды. Әктену процесіне дентинобластылар белсенді түрде қатысады. Олар өсінділерінің бойымен қаннан минеральдық заттарды дентиннің негізгі затының ішіне тасымалдайды.

Дентиннің негізгі затының құралуы оның әктенуінен жылдамырақ жүретін болғандықтан, дентиннің ішінде үнемі жұқа предентин қабаты болады. Дентиннің әктенуінің алдында дентинобластылардың сілтілі фосфатазасы қаннан келген гексозофосфатты гексозаға және фосфатқа ыдыратады. Кейінгі кальций хлоридпен бірігіп ерімейтін фосфорлы қышқыл кальций (гидроксиапатит) кристалдарын түзейді. Түзелген кристалдар дентиннің негізгі затында, түтікшелердің қабырғасында, фибриллярлық құрылымдарда тұнады. Негізгі заттың ішінде апатит кристалдарының комплексі пайда болады. Оларды калькосфериттер деп атайды. Калькосфериттерде созыла орналасқан, радиальды бағытталған кристалдардан тұрады. Калькосфериттер бір-бірімен біріге келіп, дентинге шар тәрізді пішін береді. Шарлардың (глобулалардың) арасында әктенбеген, кейде аз әктенген аймақтары орналасады. Олар интерглобулярлық дентин деп аталады.


Осылай пайда болған әктенген дентин табақшасы тіс қаңқашағы делінеді. Біртүбірлі тістердің тіс бүртіктерінің ұшында тек 1 тіс қаңқашығы түзіледі, ал көп түбірлі тістердегі қаңқашықтардың саны болашақ шайнау төмпешіктерінің санына сәйкес болады. Бұл әктенген дентин аймақтары өсе келе бірігіп кетеді. Алдымен дентин тістің бүртігінің үстінде түзіліп, әктенеді. Ал тіс сауытының бүйірлік аймақтарында дентиннің құралуы сәл кешірек өтеді. Сондықтан бұл жерлердегі дентин қабаты жұқарақтау болып келеді.

Эмальдың дамуы немесе энамелогенез

Эмальдың тџзілуі тіс бүртігінің үстінде дентиннің жұқа қабаты пайда болғаннан кейін басталады. Оны эмальдық эпителийдің ішкі клеткалары энамелобластылар өндіріп шығарады.

Энамелогенездің басталуы эмальдық мүшеде көптеген өзгерістердің өтуіне себеп болады. Эмальдық мүшенің сыртқы қабатында көптеген қатпарлар пайда болып, оған тіс қалтасының мезенхимасы орналасады. Бұл мезгілде дентинмен қапталған тіс бүртігінің ұшы эмальдық мүшенің затына тереңдей орналасып, оның пульпасын ығыстыра бастайды. Энамелобластылар сыртқы эмальдық эпителиймен және тіс қалтасының капиллярларымен жақындаса түседі. Эмаль түзеуге қажет материалдар осы жерден алынатын болады. Дентиннің түзелуі басталған соң бұрынғы қоректенуді қамтамасыз ететін тіс бүртігінің тамырларымен байланыс үзіледі. Бұл жағдай энамелобластылардың морфологиялық және физиологиялық полярлығының өзгеруіне себеп болады. Энамелогенезге дейін клетканың ядролы базальдық полюсі тіс бүртігіне, ал Гольджи комплексі орналасқан апикальдық бөлігі эмальдық мүшенің пульпасына бағытталған. Эмаль түзеле бастағанда клетканың ядросы, органеллалары (Гольджи комплексі, центросома) оның қарама қарсы бөліктеріне орын ауыстырады Осының нәтижесінде бұрынғы апикальдық бөлігі базальдық, ал бұрынғы базальдық бөлігі апикальдық болып қайта құралады. Апикальдық бөлігі ұзара түсіп, өсінділер береді. Өсінділердің ішінде 1 саусақ пішінді ұзын әрі жуан Томс өсіндісін және 3-4 қысқа өсінділерді ажыратады. Бұндай клеткалар эмаль бөлуге қабілетті. Бұл клеткалар эпителийден дамыған, анық байқалатын полярлығы және биік призма тәрізді пішіні бар. Олардың базальдық бөлігінде ядроның астында митохондриялар орналасқан. Ядроның үстінде түйіршікті эндоплазмалық тор анықталады, ал клетканың орталық аймақтарын секреторлық түйіршіктер мен Гольджи комплексі алып жатыр. Цитоплазмада көптеген бос рибосомалар байқалады.


Эмальдың белоктары эндоплазмалық тордың рибосомаларында және полисомаларда түзеледі де табақшалы комплекстің вакуольдерінде жинақталады. Біраздан кейін олар мембранамен қапталған секреторлық электронды-тығыз түйіршіктерге айналып, Томс өсіндісінің бүйірлік және орталық бөліктеріне және қысқа өсінділерге ауысады. Бұл жерлерден гликопротеидтерден тұратын түйіршіктер экзоцитоз процесімен клетка аралық кеңістікке бөлінеді де, эмальдың органикалық негізін құрайды. Тістің дамуының бұл мезгілінде органикалық негіз структурасыз гель болып табылады. Кейін ол фибриллярлық торға айналады.

Эмальдың органикалық негізі жинақталған сайын энамелобластылар шетке ығыса түседі.

Энамелогенез кезінде Томс өсіндісі тек 1 призманың ғана органикалық негізін, ал қысқа өсінділер призма аралық кеңістіктің органикалық негізін қалайды.

Эмальдың дамуы және минеральдануы үзіліссіз жүретін процесс. Эмальдың минеральдануы дентинмен эмальдың байланысы аймағында басталып, Эмальдың бетіне қарай жайылады. Осыған байланысты эмальдың ішкі қабаттары көбірек минеральданады. Эмальдық негізде кальцийдің тұздары табақша тәрізді болатын гидроксиапатиттердің кристалдары түрінде тұнып, кейін эмальдық призмаларға айналады.

Энамелобластылардың тәулік бойғы ритмі болады. Олардың белсенділік және тыныштық кезеңдерін ажыратады. Осыған байланысты эмальдық призманың ұзына бойына ашық және күңгірт жолақтар пайда болады. Бұл жолақтар тұздардың ең көп және ең аз тұнған кезеңдерінің көрінісі. Призманың аттас аймақтарының аралары шамамен бірдей болып 4 мкм. болады. Эмальдық призмалардың пайда болуы және әктенуі эмальдық мүшенің бүкіл аймақтарында бір мезгілде жүрмейді. Бұл процесс тіс бүртігінің ұшынан басталып, энамелобластылардың қызмет атқаруының тыныштық кезеңіне сәйкес белгілі бір уақыт аралығынан кейін, тістің бүйірлік және мойын бөліктеріне қарай жүреді. Осыған байланысты эмальдың ішінде оның өсу жолақтары (Ретциус жолақтары) пайда болады. Бұл жолақтар эмальдық призмаларды үшкір бұрышты бағытта кеседі. Бұл жолақтардың ішінде неонатальдық жолақты ажыратады. Ол нәрестенің жаңа жағдайға, тамаққа бейімделуінің көрінісі.


Эмалогенездің аяқталумен қатар эмальдың үстінде жұқа мөлдір гомогенді қабықша түзеледі. Бұл алғашқы кутикула немесе Насмит қабықшасы. Оның пайда болуы энамелобластылардың протеогликандарды өндіруіне байланысты. Тістің шығуы басталысымен клеткалардың кері дамуы жүреді.

Эмальдың жетілуі, яғни оның толық әктенуі тіс шыққаннан кейінгі 1-ші жылда белсенді түрде жүреді, ал толығымен минеральдануы 3 жылдан кейін аяқталады. Минеральдық заттарды эмальға жеткізуші сілекей болғандықтан, оның жоғарғы қабаттары көбірек әктенеді.


Тістің түбірі мен цементінің дамуы

Тістің түбірі оның шығуының алдында басталып, 2-3 жыл жүреді. Тістің шығу кезеңінде оның сауыты толық қалыптасқан. Эмальдық мүшенің сауытты қоршап тұрған бөлігі көптеген регрессивті өзгерістерге ұшырайды. Эмальдық мүшенің клеткалары дифференцировкаларын жоғалтып жазық эпителий клеткаларының қабатына айналады. Осылай пайда болған редуцияланған эмальдық эпителий эмальдың екінші реттік кутикуласын құрайды. Ол эмальды сыртқы дәнекер ұлпадан бөлектей отырып, тістің шығуынан кейін тіс-қызыл йек байланысын түзеуге қатысады.

Эмальдық мүшенің регрессивті өзгерістері оның ішкі эпителиінің сыртқы эпителийге ұласатын шеткері аймақтарында болмайды. Тіс түбірінің дамуы басталысымен эмальдық мүшенің шеттері тез өсе бастайды. Мезенхимаға ене орналасып эпителиальдық түбірлік қынапты (Гертвиг қынабы) түзейді. Ол эмальдық мүшенің 2 қатар клеткаларынан құралады: ішкі және сыртқы. Эмальдық мүшенің пульпасы және оның аралық қабаты жоқ. Ішкі эмальдық эпителий клеткалары эпителиальдық түбірлік қынап аймағында аласа күйін сақтап, энамелобластыларға айналмайды.

Эпителиальдық түбірлік қынап тістің болашақ түбірінің пішінін қалыптастыруға жауапты. Дамудың келесі сатыларында тіс бүртігінің мезенхималық клеткалары ішкі эмальдық клеткалардың ықпалымен дентинобластыларға айналады да түбір дентинін бөле бастайды. Түбірдің алғашқы қабаттары пайда болғаннан кейін эпителиальды түбірлік қынапқа тіс қалтасының мезенхимасы кіріп оны бұзады.


Тіс қалтасының дентинге түйісе орналасқан мезенхималық клеткалары цементобластыларға айналады. Олар түбірдің үстіне цемент өндіреді. Цементтің өсуі периостальды остеогенез жолымен жүреді. Пайда болған цемент дөрекі талшықты сүйек ұлпасына ұқсайды. Цементобластылар гликопротеидтер мен тропоколлагендерді бөледі, олардан цементтің клетка аралық заты және коллагенді талшықтар түзеледі.

Бірінші болып бала 4-ке толғанда клеткасыз цемент құралады. Алдымен цементобластылардың арасында қысқа дентиннің жоғарғы бетіне перпендикулярлы бағытталған коллаген талшықтарының шоғырлары пайда болады. Біраздан кейін талшықтар ұзарады, жуандайды, цементобластыларды ығыстыра бастайды. Осыдан соң өтетін әктену процесі бұл клеткаларға тиіспейді.

Клеткалық цемент баланың 6 айының аяғында пайда болады. Оның түзелуі жылдамырақ өтеді. Цементобластылардың айналасында құрамындағы талшықтары тор түрінде ұйыса орналасқан негізгі заттың кең қабаты түзеледі. Әктену процесіне цементобластыларда қатысады. Олар цементоциттерге айналады.

Тістің түбірі толық қалыптасқаннан кейін де біраз уақыт бойы цементтің қалыңдауы сәл кешірек оның адамның жасына байланысты қайта құралуы жүреді.

Түбір қалыптасқаннан кейін эпителиальды қынап өсуін тоқтатады, шеңберлене тарылып, тек нерв пен тамырларды ғана өткізетін жіңішке тесік құрайды.

Тіс қалтасының қалған мезенхимасынан периодонттың борпылдақ және тығыз дәнекер ұлпасы дамиды.


Көрнекі материал







Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер:

  1. Гистология, эмбриология, цитология, ЖОО арналған оқулық.- / Есимова Р.Ж., Нурсейтова К.Т. /М.: ГЭОТАР-Медиа, 2014ж.- 800 б.


  2. Гистология-1 : екі бөлімді оқулық / С.А. Ажаев. - Түркістан : Тұран 1-бөлім : Цитология және адам эмбриологиясы: медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. - 2011. - 201 б.: сур.

  3. Гистология-1 : екі бөлімді оқулық / С.А. Ажаев ; С. А. Ажаев, Т. Ж. Үмбетов. - Түркістан : Тұран 2-бөлім : Жалпы гистология. - 2010. - 336 б.: сур.

  4. Гистология, эмбриология, цитология, учебник для вузов.- / Афанасьев Ю.И., Юрина Н.А./М.: ГЭОТАР-Медиа, 2012г.- 800 с.

  5. Гистология, цитология и эмбриология.: Учебник для мед. вузов./ Кузнецов С.Л., Мушкамбаров Н.Н./ М.: Медицинское информационное агентство, 2007. – 600 с./

  6. Гистология, цитология и эмбриология.: Учебник для мед. вузов./ Кузнецов С.Л., Мушкамбаров Н.Н. / М.: Медицинское информационное агентство, 2013. – 640 с.

  7. Гистология, эмбриология, цитология: Учебник / ред.: Э. Г. Улумбеков, Ю. А. Челышев. - М. : ГЭОТАР-Медиа, 2009. – 408 с.

  8. Гистология. Эмбриология. Цитология : Учебник для студентов мед. вузов / Данилов, Р.К. - М. : Мед. информ. агентство, 2006. - 456 с

  9. Гистология, цитология и эмбриология: атлас для студ. медВУЗов. /Р.Б. Абильдинов, Ж.О. Аяпова, Р.И. Юй. - Алматы, 2006. - 416 с.

  10. Атлас микрофотографий по гистологии, цитологии и эмбриологии для практических занятий/ Юй Р.И., Абильдинов Р.Б./.-Алматы,- 2010.-232 с.

Қосымша әдебиеттер

  1. Возрастная гистология:учеб. Пособие /под ред. Пуликов А.С. Изд-во «Феникс», 2006. – 173 с.

  2. Наглядная гистология (общая и частная): Учеб. пособие для студентов мед. вузов / Гарстукова, Л.Г., Кузнецов С.Л., Деревянко В.Г. - М. : Мед. информ. агентство, 2008. - 200 с.

  3. Гистология. Учебное пособие, атлас \ Л.К.Жункейро, Ж.Карнейро. М., ГЭОТАР-Медиа, 2009. -576с.
  4. Гистология: Учеб.пособие: Комплексные тесты: ответы и пояснения / под ред. проф. С.Л.Кузнецова, проф. Ю.А.Челышева. - М.: ГЭОТАР-Медиа, 2007. - 288 с.


  5. Гистология: Атлас для практических занятий / Н. В. Бойчук [и др.]. - М. : ГЭОТАР-Медиа, 2008. - 160 с.

  6. Руководство по гистологии : в 2 т.: учеб. пособие / ред. Р. К. Данилов. - 2-е изд., испр. и доп. - СПб. : СпецЛит Т. 1. - 2011. - 831 с.

  7. Атлас гистологии: пер. с нем. / ред. У. Велша. - М.: ГЭОТАР-Медиа, 2011. - 264 с.

  8. Руководство по гистологии : в 2 т.: учеб. пособие / ред. Р. К. Данилов. - 2-е изд., испр. и доп. - СПб. : СпецЛит. Т. 2. - 2011. - 511 с.

  9. Гистология: Схемы, таблицы и ситуационные задачи по частной гистологии человека: учеб. пособие / Виноградов С.Ю. [и др.]. - М. : ГЭОТАР-Медиа, 2012. - 184 с.

  10. Аяпова, Ж.О. Цитология, эмбриология және гистология : Оқу құралы / Аяпова, Ж.О. - Алматы : Кітап, 2007. - 288 б.

12. Жүйелік гистология: оқу құрал/ Нурсейтова К.Т., Есимова Р.Ж. - Алматы : Эверо, 2012. - 327 б.


Бақылау сұрақары


  1. Беттің және ауыз қуысы мүшелерінің дамуы.

  2. Желбезектік аппарат және оның туындылары

  3. Беттің және алғашқы ауыз қуысының дамуы

  4. Сүт тістерінің дамуы және өсуі

  5. Тіс табақшасы, тіс бастамаларының құралуы және түзілуі

  6. Тіс бастамасының дифференцировкасы

  7. Тіс ұлпаларының гистогенезі

  8. Эмальдың дамуы немесе энамелогенез

  9. Тістің түбірі мен цементінің дамуы