https://electroinfo.net

girniy.ru 1


АПАТТЫҢ БЕТІ ӘРІ БОЛСЫН,

дегенмен оның алдын алған жөн.


А

дамзатқа қауіпті табиғи апаттар арасында жерсілкінісінің орны айырықша. Егер ол халқы тығыз қоныстанған аймақта болса, адам айтқысыз апатқа айналады. Үйлер мен ғимараттарды қиратып, адам өмірін жалмап, халық шаруашылығына қыруар зиян келтіреді.


Апта сайын теледидар, радио, газет-журналадар әлемнің әр бұрышында болған жерсілкіністері туралы хабардар етеді. Олардың арасында адам өмірін қиған апатты сілкіністер де кездеседі.

Белгiлi сейсмолог-ғалым, геология-мине-ралогия ғылымдарының докторы, профессор, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақтың Ұлттық Техникалық Университе-тінің геофизика-сейсмо-логия кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанда сейсмология ғылымы негiзiн қалаушылардың бiрi ӘЛҚУАТ НҰРМАҒАМБЕТОВпен сұхбат («Айқын» газеті, № 66 (1003), 11 сәуір 2008 ж.).


Сұрақ. Әрбір зілзала апаты туралы суық хабарды есіткенде – адам денесі селк етеді. Көптің көкейінде: “Япыр-ай, мұндай қауіп біздің елге де төнбес пе екен” деген сауал болары анық. Еліміздің сейсмикалық жағдайы қалай?

Жауап. Қазақстанның жалпы ауданы 450 мың шаршы километр болатын аймағында жерсiлкiну қауiптiлiгi бар. Бұл аймақта, ресми мағұлматтар бойынша, елiмiздiң 40 %-ға жуық өнеркәсiп по­тенциалы орналасқан, 6 миллиондай халық тұрады, 27 қала және 400-ден астам елдi мекендер орналасқан.

Сейсмикалық қауiптi аудандар, негiзiнен, елiмiздiң оңтүстiк және оңтүстiк-шығыс өңірлерiнде орналасқан. Мұндай қауіпті аймақтар қатарына Қызылорда обылысының оңтүстік аудандары, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары жатады. Осы аталған аймақта өткен 100 жыл шамасында күшi 6 баллдан жоғары жүзден астам, 8 баллдан жоғары оншақты, 9 баллдан жоғары үш сiлкiнiс болды. Кейінгі кезде бұл аймақта апатты оқиғалар болмағанымен, халық шаруашылығына айтарлықтай зиян келтірген бірнеше жерасты дүмпулері болып өтті (2003 жылғы 7 баллдық Жамбыл облысындағы Луговое жерсілкінісі, 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы 8-баллдық Зайсан, 1993 жылғы Талдықорған аймағындағы 7 баллдық Текелі, Алматы маңындағы болған бірнеше орта деңгейдегі сілкіністер). Бұл кең байтақ еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында жерсілкіну қауіптілігі жоғары екендігінің дәлелі.



Маңғыстау және Атырау аймағы ресми карталар мен құжаттарда жерсiлкiну қауiптiлiгi төмен аудандар қатарына жатады. Дегенмен, кейiнгi кез­дерде жүргізілген зерттеулер, бұл аймақта да жерсiлкiну қауiптiлiгi шынайы екендiгi анықталып отыр.

Аталмыш сейсмикалық аудандардың өздерiне тән ерекшелiктерi бар, соған байланысты олардың қауiптiлiк деңгейлерi де әр түрлi. Ең сейсмикалық қауіпті аймақтар қатарына Алматы қаласы аймағы (ғылыми тілде Солтүстiк


Тянь-Шань сейсмикалық ауданы) жатады. Оқырман қауымға белгiлi 1887 жылғы 9 маусымдағы 9-10 баллдық Верный сiлкiнiсi, 1889 жылы 12 шiлдедегi 10-11 баллдық Шелек сiлкiнiсi, 1911 жылы 4 қаңтардағы 10-11 баллдық Кемiн апаты, 1978 жылы 25 наурыздағы 8-9 баллдық Жаланаш сiлкiнiсi, 1990 жылы 12 қарашадағы 8 баллдық Байсорын сiлкiнiсi осы аймақта болған.


Сұрақ. Зілзала апатын алдын-ала болжау төңірегінде алып-қашпа әңгімелер көп. Бұл салада сейсмология ғылым саласында қандай жаңалықтар бар?

Жауап. Болашақта болуы ықтимал зілзала апатының орнын, күшін және дәл уақытын күні бұрын болжау – адамзаттың ежелгі арманы. Көпшілік қауымның бұл мәселеге көтеріңкі назары да түсінікті-ақ. Өйткені, болжаудың ең басты міндеті – адам шығынын болдырмау. Дегенмен, әлемдік практикада болашақ зілзала апатын қысқа мерзімде нақты болжау әзірше өз шешімін таба алмай отыр. Сондықтан да бұл мәселе бүгінгі таңда ғылыми ізденістер дәрежесінде қалып отыр. Әрине, бұл – болжау мәселесін қаражаттандырудың қажеті аз, зерттеулерді тоқтату керек деген сөз емес. Керісінше, аталған салаға болымды өзгерістер енгізу үшін терең теориялық ізденістер, көп салалы тәжрибелік жұмыстар жүргізу керек. Ол үшін қаражат және үкімет тарапынан ауқымды қолдау қажет.

Жерсілкінісін қысқа мерзімде болжаудың ең басты қиындығы оған өте қатал талаптар қойылуында. Мәселен, болашақ сілкіністің орны, күші және уақыты аса жоғары дәлдікпен анықталуы қажет. Олай болмаған жағдайда жерсілкінісі ықтимал деген аймақ үшін мұндай болжам қыруар экономикалық шығын әкелуі мүмкін. Ел арасында үрей мен дүрлігу туып, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстар болуы мүмкін.


Әдете, кішігірім жерсілкінуі сезілгеннен кейін, немесе баспасөз бетінде әуесқой болжаушылардың хабарларынан кейін (мұндай хабарлар кейде баспасөз бетінде кездесіп қалады, олардың негізгі мақсаты - өз атағын шығарып, үкіметтен қаражат алу) бұқара халық арасында үрей туып, алып-қашпа сөздер көбейеді. Өкінішке орай, көпшілік қауым ресми хабарға қарағанда осындай алып-қашпа сөзге көбірек сенеді. Осының бәрі әлеуметтік жағдайды шиеленістіруі ықтимал. Мұндай жағдайды болдырмаудың басты жолы – сол ауданның сейсмикалық жағдайы туралы нақты мағлұматты БАҚ арқылы тұрғын халыққа жеткізу. Мұндай қызмет жерсілкіну қауіптілігі жоғары аудандарда тұрақты түрде жүргізілуі қажет.

Дегенмен, бұл саланың өзiне тән табыстары да аз емес. Мәселен, жерсiлкiнiстерiн жан-жақты зерттеу нәтижесiнде, олардың алдында байқалатын әр түрлi алғышарттар бар екендігі анықталып отыр. Бүгінде олардың әрбіреуінің жерсiлкiнуiн алдын-ала нақты болжаудағы орны жан-жақты зерттелуде. Сонымен қатар, күштi сiлкiнiстердiң бір ауданда қайталану мүмкіндігі зерттелуде: 9 - баллдық апатты сiлкiнiстер үшiн оның ұзақтығы шамамен 80 жылдан 200 жылға дейiн созылатыны белгілі болып отыр.

Әзірше, бұл салада жалған болжамдар мен жiберiлген қателер iс жүзiнде көптеп кездеседi. Оның ең басты екi себебi бар: бiрiншiден, сiлiкiнiс ошағы дайындалып жатқан жер қойнауы (тереңдiгi 10 км және онан астам) адам көзiнен тыс қалуда, ондағы жүріп жатқан физикалық процесстерді тікелей бақылау мүмкін емес.

Екiншiден, жер қойнауында жүрiп жатқан тектоникалық процесстер (жер сiлкiнiсiнiң негiзгi себептерi) өте баяу жүредi, олар жүздеген тiптi мыңдаған жылдарға созылуы ықтимал. Аталмыш қиыншылықтар зілзала апатын алдын-ала болжау проблемасын шешу жолындағы негiзгi кедергiлер болып саналады.

Сұрақ. Сонымен, жерсілкінісін алдын-ала нақты болжау - әзірше әлемдік практикада шешілмеген мәселе. Олай болса, болашақ күшті жерсілкінісі зардабын барынша қалай азайтуға болады?


Жауап. Болашақ апаттың күні бұрын алдын алып, сақтану шараларын ұйымдастырып, оның жойқын күшіне мейлінше әзір болу – бұл зілзала зардабын барынша азайтудың тікелей жолы. Бұл кешенді (комплексті) проблема, оны шешу үшін оған байланысты әрбір бағытта жан-жақты зерттеулер жүргізілуі қажет. Біріншіден, аймақтың сейсмикалық қауіптілік деңгейін нақты анықтау, яғни сейсмикалық аудандау жұмысының сапасы жоғары болу керек. Екіншіден, келешек ықтималды зілзала апатына төзімді құрылыс жоспарлап, оны салу, үшіншіден, тұрғын халық арасында апаттан сақтану шаралары туралы сауаттылықты арттыру. Міне осы аталған шаралар іс жүзінде өз шешімін тапса ғана проблеманы шешіледі деп айтуға болады. Енді осы мәселелерге қысқаша тоқталайық.

Сейсмикалық аудандау дегеніміз болашақ зілзала апаты болатын аудандарды (белдемдерді) бөліп көрсетіп, ондағы сілкіністердің ықтималды ең жоғары күшін анықтау. Бұл мәселе әр түрлі ғылыми-практикалық әдістермен жүргізіліп, олардың нәтижелерін жан-жақты талдау арқасында, арнайы сейсмикалық аудандау картасы жасалынады. Карта белгілі сындардан өткеннен кейін бекітіліп, зілзала апаты болатын аудандарда құрылыс жұмыстарын жүргізуде нормативті құжат ретінде пайдаланылады. Осы картаға сүйене отырып, әрбір елді мекен үшін болашақ сілкініс күшінің жоғарғы деңгейі анықталып, жобалаушылар тұрғын үйлер мен ғимараттар сол күшке төзетін етіп жоспарлайды. Сондықтан да жобалаушылар мен құрылысшылар үшін бұл карта – ресми құжат.

Өкінішке орай, сейсмикалық аудандау картасының әлде де болса кемшіліктері бар. Кейінгі кезде болған кейбір күшті сілкіністер картада көрсетілген ықтималды күштен жоғары болып, халық шаруашылығына қыруар зиян келтірді. Сондықтан да сейсмикалық аудандау картасын сол ауданның сейсмикалық қауіптілігін нақты көрсететіндей етіп жасау - сейсмолог мамандардың басты міндеттерінің бірі.

Қазақстанның ресми сейсмикалық аудандау картасының соңғы түрі 2003 жылы бекітілген. Ол қазіргі кезде жобалаушылар мен құрылысшылар үшін мемлекеттік стандарттың құрамдас бір бөлігі. Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аудандарында жүргізілетін жобалау және құрылыс жұмыстары осы картаға сәйкес жүреді.


Әрине, келешекте жерсілкіну туралы жаңа деректердің қосылуына және біздің зілзала апаты құпиясын зерттеуде қол жеткен табыстарымыз бен тәжрибеміздің артуына байланысты сейсмикалық аудандау картасы жылдан-жылға толықтырылып, болашақ сілкіністер орнын және күшін дәл анықтауға мүмкіндік беретініне ешбір күмән жоқ.

Сейсмикалық берік (зілзала апатына төзімді) құрылыс салу – зілзала апаты бар қауіпті аймақтар үшін зор маңызы бар мәселе. Кейінгі 30-40 жылдар шамасында болған зілзала апаттарының зардаптарын зерттеу нәтижесінде, егер тұрғын үй, ғимараттар немесе басқа құрылыстар болашақ сілкініс күшіне лайықталып (сәйкестеліп) салынған болса, онда олардың апатты сілкініс кезінде төтеп беретіндігі дәлелденіп отыр. Апаттан қирап бүлінген үйлердің негізгі себебі, бұл ауданда жерсілкінуі қауіптілік деңгейі дұрыс анықталмай, құрылыстардың болашақ сілкініске сәйкестеліп жобаланбай, құрылыс сапасының төмен болуында. Айта кететін жәйт, сейсмикалық өте қауіпті аудандарда (9 балдық және онан жоғары белдемдер) саман немесе қам кірпіштен салынған үйлер толығымен тоқтатылып, ал 7 және 8 балдық аймақтарда олар шектеліп салынуы керек.

Әрине, сейсмикалық берік құрылыс салу – құрылыс жұмыстарына қосымша қаражат қажет етеді. Орташа есеппен 7 балдық жерсілкінісі қауіптілігі бар аудандарды құрылыс жұмысы шамамен 4-5 пайызға, 8 балдық – 8 пайызға, 9 балдық – 12-15 пайызға қымбаттайды. Дегенмен, адам өмірін былай қойғанда, зілзала апатынан қираған немесе қатты бүлінген құрылысты қалпына келтіруден бұл қосымша қаражаттың әлдеқайда аз жұмсалатынын ұмытпаған жөн.

Сейсмикалық сауаттылықты арттыру. Зілзала апаты зардабының ауыртпалығы тұрғын халықтың жаттығу дәрежесі мен әр адамның зілзала апатынан сақтану шараларын білу деңгейіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн. Көше толған автомашиналардың адам өміріне қауіптілігі көпшілікке белгілі. Тек қана арнаулы ережелермен танысып, оларды сөзсіз орындау ғана, сол қауіптілікті барынша азайтуға көмектеседі. Нақ осы сияқты, зілзала апатының зардабын неғұрлым азайту үшін, одан сақтану шаралымен толық таныс болу өте маңызды шарттардың бірі. Бұл салада Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігінің бастауымен бірнеше жаднамалар жарық көрді.


Әлемдегі ең қауіпті аймақтардың бірі Жапония зілзала апатының зардабын азайту жолында жылына ондаған миллион доллар қаражат, тұрғын халықты оқып-үйретуге және жаттығу жұмыстарын ұйымдастыруға жұмсайтын көрінеді. Бұл шаралардың нәтижесі айдан анық көрініп отыр. 1923 жылғы Токио сілкінісінен кейін 1995 жылғы Кобе сілкінісіне дейінгі аралықта зілзала зардабынан бұл аймақта 16727 адам қаза болған. Олардың 96 пайызы, яғни 16017 адам 1923-1940-ыншы жылдарда болған сілкіністер әсерінен қаза болса, тек 4 пайызы ғана кейінгі 1955-1990 жылдары болған зілзала апаттарының үлесіне тиеді екен. Бұл Жапон үкіметінің осы проблеманы шешуде мемлекеттік дәрежеде аса көңіл бөлінуінің дәлелі болады.


Сұрақ. Еліміздің 6 миллионға жуық тұрғыны сейсмикалық қауіпті аймақта тұратынын айттыңыз. Осы халықтың басым көпшілігі өзіміздің қандастарымыз. Соларға арналып жазылған, мемлекеттік тілімізде жерсілкінісі және онан сақтану шаралары туралы еңбектер бар ма?

Жауап. Өкінішке орай, зілзала апаты туралы оқырман қауымға түсінікті мемлекеттік тілімізде жазылған басылымдар өте аз. Ал, жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен мектептердің жоғары сыныптарында оқу құралы есебінде қолданылатын, кітап атымен жоқ.

Сондықтан да мен өз алдыма осы олқылықты жетістіру мақсатын қойып, кейінгі оншақты жыл арасында бірнеше кітаптар мен кітапшалар шығардым. Бұл кітаптар менің Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде берген дәрістерім мен тәжрибе сабақтарыма, сейсмология ғылымы саласында қырық жылдай қызмет еткен тәжрибем мен жүз елудей жарық көрген ғылыми еңбектеріме негізделіп жазылған. Кейінгі жылдары, еліміздің әрбір сейсмикалық қауіпті аймақтарына (облыстарына) арнап көпшілікке түсінікті қазақ-орыс тілінде брошюралар (кітапшалар) жазып баспадан шығардым. Осы аталған басылымдар халық арасына кең таралған жағдайда, қазіргі әр жерде таралып жүрген алып-қашпа сөздер болмаған болар еді. Өкінішке орай, осы саладағы жауапты шенеуніктер (төтенше жағдайлар жөніндегі, білім мен ғылымды тарату мекемелері және т.б.) әлде болса қарқынды жұмыс істемей отыр.



Сұрақ. Радио, теледидар немесе газет-журналдардан «Рихтер шкаласы бойынша күші 6 немесе 6,7 балл жерсілкінісі болды» деген хабарлар көбірек кездеседі. Осылай айту дұрыс емес дегенді есіттік, сонда магнитуда мен баллдың арасында айырмашылық болғаны ма?

Жауап. Сiлкiнiстiң жер бетiндегi күшiн (баллды) магнитуда өлшемiмен шатастыру ақпараттық құралдарда жиi кедеседi. Өкінішке орай, мамандар тарапынан талай рет айтылған осы саладағы анықтамалар, әзірше ескерілмей келеді.

Жерсілкінісінің күшін бағалаудың екі түрлі әдісі бар: бірінші әдіс, сілкіністің күші оның жер бетіндегі әсері және зардабы бойынша анықталады. Ол 12 баллдық макросейсмикалық шкала-кесте арқылы анықталып, сiлкiнiстiң жер бетiндегi қарқындылығын сипаттайды.

Екінші әдіс – жерсiлкiнісі ошағынан тараған сейсмикалық энергияның мөлшерiн анықтау. Ол 1935 жылы ағылшын ғалымы, профессор Ч.Рихтер жасаған шкала-кесте бойынша сейсмикалық станцияда жазылып алынған толқындар арқылы анықталып, сiлкiнiс ошағының қарқындылығын сипаттайды. Осы уақытқа дейін болған ең апатты зілзала апатының магнитудасы 9,0.

Жалпы алғанда бұл екі ұғым бір-бірімен өзара байланысты, сілкіністің магнитудасы көбейген сайын оның жер бетіндегі күші де (балл) көбейеді. Дегенмен, олардың арасында тікелей байланыс жоқ: магнитудасы бірдей, бірақ ошақтары әр түрлі тереңдікте орналасқан сілкіністер жер бетінде әр түрлі күшпен (балмен) сезіледі.

Сонымен, жерсілкінісі туралы хабарды бергенде дұрысы төмендегідей болады: «...мемлекетте магнитудасы 6 немесе 6,7-ге тең жерсілкінісі болды. Ол 12 баллдық шкала бойынша . . . . елді мекендерде 5 балл күшпен, ал . . . елді мекендерде 4 балл күшпен сезілді». Тек сонда ғана бұл хабар бұхара халыққа дұрыс жеткізілді деп айтуға болады.

Айта кететін жәйт, Еуропа, Қытай немесе Америка елдерінде мұндай қателікті БАҚ еш уақытта жібермейді.

Сұрақ. Кейінгі кезде газет-журналдар бетінде “техногендік” жер сілкіністері деген ұғым пайда болды. Бұл туралы не айтар едіңіз?


Жауап. Жер бетінің сілкінісі тек табиғи тектоникалық қозғалыстар әсерінен ғана емес, адамзаттың инженерлік әрекетінен де болады. Кейінгі кезде бірсыпыра ірі жер беті сілкіністері осы ауданда жүргізіліп жатқан күрделі инженерлік жұмыстарға, әсіресе, табиғи ресурсты қарқынды игерумен байланысты екендігі анықталып отыр. Мұндай сілкіністерді техногендік немесе жасанды сілкіністер деп атайды. Олар адамзаттың белсенді істері салдарынан сол геологиялық шағын ортаға түсірілген ауқымды техногендік әсердің нәтижесі болып табылады. Осының салдарынан жер қойнауының тектоникалық тепе-теңдігі бұзылып, жерсілкінуі пайда болады. Бұған мысал 1976-1984 жылдары үш дүркін көршілес Өзбекстан жерінде болған 9-10 балдық Газли атаулы апаттар, осы жерде қарқынды игеріліп жатқан газ кен орнына, 1995 жылға Оңтүстік Сахалинде болған 9 балдық Нефтегорск апаты сол аудандағы мұнай кен орнын қарқында игерудің салдарынан екендігі анықталып отыр. Мұндай техногендік апаттар ірі су қоймаларын салудан, жерасты ядролық сынақтардан, тау-кен жұмыстарынан да болады.


Осы болған оқиғаларды жан-жақты талдау нәтижесінде ғалымдар мынандай тұжырымға келіп отыр: мұнай-газ кен орнын қарқынды игеруді басталғаннан кейін яғни сол ортаға түсірілген техногендік әсерден бірнеше жылдар немесе бірнеше ондаған жылдар өткеннен кейін, сол ауданның жағдайының өзгерісі айтарлықтай деңгейге жетіп, техно-гендік немесе жасанды жерсілкінуі болуы ықтимал. Мұндай құбылыс көп уақыт бойы игеріліп келе жатқан барлық мұнай-газ кен орындарына тән, айырмашылығы тек қана ауданның геологиялық-тектоникалық құрылысына байланысты: бір жерде ерте немесе кеш болуы мүмкін.



1995 жылғы Нефтегорск апатынан кейінгі көрініс

(17 бес қабаттықираған үйлердің қоқысы)

Міне, осы келтірілген мағлұматтар мамандардың ойынша, Каспий маңы аймағының бүгінгі жағдайына аса көңіл бөлгенді талап етеді. Өйткені, жылдан-жылға мұнай өндіру көлемінің өсуі, аймақтың қойнауындағы айтарлықтай өзгерістер тудыруы ықтимал.



Сұрақ. Алматы қаласының сейсмикалық қауіптілігі айрықша екендігі туралы айттыңыз. Кейінгі кезде, қала аумағында жүріп жатқан қарқынды құрылыс жұмыстары көпшілікке мәлім. Осы табиғи апатқа олардың төзімділігі қалай деген сауалдар тұрғын халықты ойландыруда. Осы мәселелер туралы ой қозғасаңыз.

Жауап. Алматы қаласы сейсмологиялық тұрғыдан айрықша қала. Біріншіден, ол өз тарихында үш рет зілзала апатынан зардап шегiп, екi рет (1887, 1911 жж) толығымен қираған. Екіншіден, қала аумағындағы 9 баллдық белдемдер (сейсмикалық микроаудандау картасы бойынша) құрылыс жүргізуге қолайлы деп саналады, өйткені одан кіші белдемдер жоқ. Мұндай ерекшелік әлемдік сейсмологиялық практикада сирек кездеседі. Үшіншіден, қала аумағы тектоникалық жарылымдармен кескіленіп, блоктарға бөлінген. Төртіншіден, қала аумағының жербеті топырағы (грунт) физика-механикалық қасиеттерімен бірнеше бөлікке бөлінеді, олардың арасында құрылыс жұмыстарын жүргізуге өте қолайсыздары бар.

Міне, осы аталған ерекшеліктер, қала территориясын жоспарлап құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында өте көтеріңкі назарды талап етеді.

Қалада 1887-1911 жылдары болған апаттардан кейін 100 жылдай уақыт өтті. Жоғарыда келтірілгендей, апатты жерсілкінулердің қайталану мерзімі 80-200 жылдар аралығын еске алсақ, апаттың қайталану ықтималдығы жоғары екендігін ұмытпағанымыз жөн. Бұған қосымша, Солтүстік Тянь-Шань сейсмикалық аймағының қазірге геодинамикалық жағдай да жақсы емес.

Өкінішке орай, қаланың бүгінгі таңдағы сейсмологиялық жағдайы мамандарды үрейлендіруде. Оның үш трлі себебі бар: біріншіден, қаланың сейсмикалық микроаудандау картасы 1983 жылы жасалған, одан бері қанша өзгерістер бар, ол оқырман қауымға түсінікті болар. Бұл карта бүгінгі қарқынды салынып жатқан құрылыстың сейсмикалық қауіпсіздігін, ал салынған үйлердің сейсмикалық қатерін толығымен қамтамасыз ете алмайды. Қалаға бүгінгі сейсмикалық жағдайды сипаттайтын жаңа сейсмикалық микроаудандау картасы ауадай қажет. Тек қана сейсмикалық микроаудандау картасы келешекте ықтималды жерсілкінісі әсерінен қала аумағындағы инжерлік-геологиялық қасиеттері белгілі (микроаудандау жұмысын жүргізу барысында анықталады) әрбір грунтта болатын сілкініс деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мәселе бірнеше рет әр түрлі деңгейде көтерілгенмен, әлі де болса шешімін таба алмай жүр.


Екіншіден, қала аумағындағы аса қауіпті 10 баллдық белдемдерде және тектоникалық жарылымдар бойында ешбір құрылыс жұмысын жүргізуге болмайды. Мұндай тыйым Кеңес үкіметі кезінде болған, қазірде ешбір дәлелсіз алынып тасталған.

Үшіншіден, қазірде қала аумағында көп қабатты зәулім ғимараттар көптеп салынуда, олардың орналасуы әр жерде әр түрлі. Ал, бұл болса грунтқа біркелкі емес әсер етеді, яғни қала аумағы шытырлап тұр («трещить по всем швам»). Ал, бұл болса келешекте ықтималды сейсмикалық әсерді күшейтуі мүмкін. Бұған қосымша, ірі ғимараттардың өздері кішігірім техногендік сілкіністер ошағын тудыруы ықтимал, мұндай оқиғалар әлемдік практикада кездескен.

Міне, сүйікті қаламыздың сейсмологиялық тұрғыдан бүгінгі жағдайы, қысқаша осылай!


Сұрақ. Зілзала апатын алдын ала болжау мен онан сақтану шаралары жайлы айттық. Енді болашаққа көз жүгіртейік. Осы, апатты сілкіністі болдырмаудың жолы бар ма?

Жауап. 1960-1970 жылдарда жер сілкінісін зерттеу саласында ауқымды зерттеулер жүргізіліп, көптеген құпиялардың беті ашылды. Міне, осындай нәтижелермен жігерленген ғалымдар апатты ауыздықтап, оны болдырмау жайында да сөз көтерді. Ғылымның кейбір жаңалықтарын ашуда кездейсоқ оқиғалардың себепші болатыны оқырмандарға белгілі. Осындай бір жағдай сейсмология ғылымында да орын алды. 1966 жылы үлкен өндіріс орнының (зауыттың) сұйық қалдығын терең ұңғымаға жоғары қысыммен құю барысында, сол жерде майда жерасты дүмпулері пайда болғаны анықталды. Кейіннен, мұндай оқиға мұнай қабаттарына үлкен қысыммен ұңғыма арқылы су жіберу барысында да кездесті. Бұл дегеніміз, сол ауданда жиналған тектоникалық энергияның босануына жоғары қысыммен жерастына жіберілген судың себеп болғанын көрсетеді. Олай болса, сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандарда ұңғымалар бұрғылап, жерастына жоғары қысыммен су жіберу арқылы сол аудандағы жиналған сейсмикалық энергияны аз-аздап босатуға болатынын дәлелдейді. Дегенмен, бұл батыл болжам техникалық жағынан мүмкін болғанымен, іс жүзінде мұндай “тәжрибенің” немен аяқталатынын болжау қиын. Жиналған энергияны майда сілкіністер арқылы шығарамыз деп жүріп, оның орнына апатты сілкіністі қоздырып алуымыз ықтимал. Сонымен адамзат табиғаттың бұл дүлей апатын, бүгінгі таңда, болдырмауға дәрменсіз.