https://electroinfo.net

girniy.ru   1 2 3

ШИРАҚ БАТЫР

(б.з.б. VІ ғасыр)


Сақтардың патшасы Тұмардың қолынан Кир патшасы қаза тапқаннан кейін, оның орнына Дарий отырды. Көп ұзамай, Кирдің кегін алу үшін ол да сақтарға қарай жорыққа шықты.

Сонымен Дарий қара құрттай қаптаған әскерімен дарияның бергі бетіне өтіп, шабуылға шықты. Сақ әскері сан жағынан аз еді. Ойсырай жеңіле бастағаннан кейін халқының тағдырын ойлаған Ширақ деген батыр ел-жұртына: "Бүкіл ел қырылғанша, біріміз құрбан болайық"- дейді.

Сөйтеді де өзінің құлақ-мұрнын кесіп, Дарий патшаның алдынан шығады: "Өз елім мені қорлады. Енді сізге қызмет етемін",- дейді. Бұған сеніп қалған Дарий Ширақты жолбасшы қылып, көшіп кеткен сақтардың ізіне түседі. Бірақ жеті күн, жеті түн жүрсе де, алдынан ешкім көрінбейді. Елсіз-күнсіз Қызылқұмның ішінде қамалады. Әскері қырыла бастайды. Бір бәленің болғанын сонда ғана сезіп, Дарийдің қолбасшысы Ширақты алқымға алады. Сонда Ширақ: "Мен дегеніме жеттім, елімді аман алып қалдым. Енді қолыңнан келгенді істей бер!"- дейді.

Дарий сонда ғана алданғанын түсініп, ызадан не қыларын білмей, Ширақтың басын қылышпен шауып түсіреді. Адамдары да, аты да қырылады. Сасқаны сондай, тәңіріне жалбарынып: "Осыдан аман қалсам, енді сақтарға қарап аяқ баспаспын!"- деп ант береді. Сол кезде жаңбыр жауып қана жаны аман қалып, аз ғана әскермен еліне қайтады.

Сөйтіп, Ширақ батырдың арқасында сақ даласы жауынан құтылды.


САҚ ПАТШАЙЫМЫ ЗАРИНА СҰЛУ

(б.з.б. дейінгі V ғасыр)

Зарина жастайынан атқа мініп, соғыс өнеріне машықтанған дала сұлуы, патша қызы еді. Бір күндері Зарина соңына нөкер қыз-келіншектерін ертіп, кең далаға аң аулап, көңіл көтеріп қайтуға шығады. Алдынан құланның үйірі қашып, оны қуып, қызықтап, байқаусызда алыстап кетіп қалады. Бір төбеден бір төбеге асып, құлан қуып жүргенде, алдынан қаз-қатар тізілген жау әскері көрінеді. Олар Заринаның әйел екенін танымайды, дулыға киген жас жауынгерді қолға түсіру үшін қоршай бастайды. Зарина өжеттікпен қоршауды бұзып өтеді. Соңынан жау әскерінің көсемі қуады.


Бір уақытта Заринаның санына оқ тиіп, жараланып, аттан құлайды. Ақсаңдап орнынан қайта ұмтыла бергенде, басындағы дулығасы ұшып кетіп, төбесіне түйген қолаң шашы жібектей сусып беліне түседі. Қуғыншы Заринаның әйел екенін білген соң, аттан секіріп түсіп, көмектесіп, көтеріп алады. Ай мен күндей сұлу келіншекті ұнатып қалады. Ол Мидия патшасының баласы Ханзада еді.

Ханзада Заринаны бір көріп қайту үшін жиілетіп ұлы сақтар даласына келіп тұратын болады. Бір күні Заринаның күйеуі Мөрмөрдің қолына түсіп қалады. Ол қолындағы тұтқынын өлтірмекші болады. Мидия ханзадасын өлтірсе, екі елдің арасында жанжал туып, соғыс басталатынын сезген Зарина Мөрмөрді райынан қайтарғысы келсе де, күйеуі оған көнбейді. Зарина нөкерін жұмсап, араша түспекші болғанда, тайталасқан Мөрмөр байқаусызда жараланып, ұзамай қансырап өледі.

Мидия ханзадасы еліне кетерінде Заринаға сөз салып, бас қоспақ ниетін білдіреді. "Екі патшалықты біріктіріп бір ел болайық",- дейді. Зарина жауабын бірден бермей: "Бір жылдан кейін анығын айтамын",- деп қала береді.

Арада бір жыл өтті. Заринаның да Мидиялық көркем жігітті ұнатып қалған сыңайы бар. Жүрегі лүп-лүп етіп соны ойлайды. Қара көзінде мұң толып, алысқа қарайды. Бір күндері болғанда көп әскермен атқа қонып, Мидияның шекарасына жақындайды. Арғы жақтан Ханзада күтіп тұр екен. Зарина сабырлы, салқындылықпен былай дейді:

– Армысың, сүйіктім!

Мен сені ғана ұнатамын. Бірақ әйелің бола алмаймын. Оның себебі, екеуміз қосылсақ, сен хан боласың, мен ханым боламын. Менімен қоса артымдағы елім де саған бағынышты болады. Мен сүйгеніме қосылып, бақытты болғаныммен, елім тәуелсіздігінен айрылып, бақытсыз болады. Мен үшін елімнің еркіндігінен артық ештеңе жоқ. Қош, сүйіктім!

Осы сөзді айтып бола бергенде, Заринаның қара көзінен жас тамып кетті. Ханзада да мұңға батып, басын төмен салады. Екеуі:

– Қош!

– Қош! - десіп, қимай-қимай тарасты.

Өз бақытынан ел бақытын артық санаған Зарина сұлудың осы бір оқиғасы кейінгіге аңыз болып қалды. Талай-талай қазақ қыздарына ел намысын жоғары ұстаған Заринаның ерлігі үлгі болады. "Қобылданды батырдағы "Қарлыға, "Алпамыс батырдағы" Гүлбаршын, Қарақалпақтағы Гүләйім қыздың бейнесі – Тұмар мен Заринаның халық есіне сақталған елесі. Сақтар, түріктер ежелден қыздарын ардақтаған. Қыздардан патша болғандары да бар. Сол заманда патшалық құрған жеті қыз туралы ХVІІ ғасырда өмір сүрген тарихшы Әбілғазының шежіресінде жазылған.



МӨДЕ БАТЫР

(б.з.б. 209-174 жыл)


Түркі тайпасының арғы аталарының бірі - ғұндар. Олардың аса күшейіп, мықты болған кезі б.з.б. ІV-ІІ ғасырлар еді. Ғұндардың Мөде дейтін батыр ханы болған. Ол туралы аңыздар түркі елдерінде көп айтылады.

Мөдемен жауласқан көршілері оның елін менсінбей, алым-салық салады, намысына тиеді. Әуелі, Мөденің әкесі Түмен ханнан қалған күніне мың шақырым жүгіретін тұлпары бар еді, соны сұратады. Мөде өзінің билерімен ақылдасып еді, олар: "Бұл не сұмдық, ол тұлпар елдің құты емес пе, бермейміз!" - дейді. Мөде елдің тыныштығын ойлап, жауын өштестіргісі келмей, тұлпарды бергізеді.

Бұған дандайсыған көршілер енді Мөденің ханымын сұрап хат жазады. Билер: "Ханның ханымын сұрау қандай ұятсыздық, бермейміз, соғысқа шығамыз!"- дейді. Мөде елінің жайын ойлап, бір ханымын беріп жібереді. Олар: "Бізден қорқады екен",- деп, Мөдені тіпті менсінбейтін болады. "Енді ұзындығы мың шақырым жерін берсін",- дейді. Мөде билерін тағы жинап алады. Біреуі: "Жерді берейік", бірі: "Бермейік!", - деп дауласады. Сонда Мөде: "Жер – елдің байлығы. Өз байлығымды берсем де, ел байлығын бермеймін"! - деп, қаһарына мінеді. Жерді бергісі келген билердің басын алдырып, соғысқа шығады.

Өздеріне туысқан үйсіндермен бірігіп, бас қосқан елін 24 ұлысқа бөліп, мың басы, жүз басы, он басы сайлайды. Мөденің әскері 300 мыңнан асады, қытай әскері 100 мың болған. Сөйтіп, қытай әскерін қирата жеңеді, олардың өздерін салық төлеп тұратын қылды. Енді Ғұндардан қаймыққан көршілері 5 мың шақырымға созылған қытай қорғанын салды. Ғұндар Орхон өзенін қыстап, Жетісу, Сырдария бойын жайлап өмір сүрді. Сыр, Шу өзендерінің бойынан әдемі қалалар салды. Астанасы Шу бойындағы Талас (Тараз) қаласы болды. Ол - қазіргі Тараз қаласының орны.

Ғұндар күнге табынған. Ғұнның хандары таңертең шыққан күнге бас иіп, қолын көкке көтерген. Жаңа туған айға табынған. Бұл салт қазақтарда күні бүгінге дейін сақталған. Қазақ жаңа ай туғанда:



Ай көрдім, аман көрдім,

Бұрынғыдай заман көрдім.

Жаңа айда жарылқа,

Ескі айда есірке! - дейді.


ТҮРКІ ҚАҒАНАТЫ ДӘУІРІНДЕГІ ӘДЕБИЕТ

(V-VІІІ ғ.ғ.)


КӨКБӨРІ АҢЫЗДАРЫ

(Көкбөрі - Елжау би б.з.б. ІІ-б. б.з. V ғ.)


Баяғы жаугершілік заманда үйсіннің Нәнді биі жау қолынан қаза тауып, артында жаңа туған Елжау дейтін баласы қалады. Оны жаулар айдалаға тастап кетеді. Шырқырап жылаған баланы бір көк бөрі емізіп өсіреді. Құстар жем тасып береді. Содан ол бала күшті болып өсіп, елін қорғап, Елжау би аталады. Көкбөрі (ІV-V ғ.ғ.) Баяғыда жаулары бір түрік тайпасын қалың батпаққа қамап, қырып салады. Аман қалған он жасар баланың аяқ-қолын кесіп, тастап кетеді. Қансырап жылап жатқан бишара балаға Көк Тәңірі бөлтіріктері өлген көк бөріні жолықтырады. Көк бөрі баланың қанын тілімен жалап, тоқтатып, емізіп, ер жеткізеді. Сол бала Көкбөрі атанады. Шыққан тайпасын "бөрі тайпасы" дейді. Кейін Көкбөрі қаған болады. Қазақтың ата-бабалары өздерін осы Көкбөрінің ұрпақтарымыз деп есептейді. Қасқырды қасиетті аң санап, атын атамай, "бөрі" дейді. Жалғыз қазақ емес, бүкіл дүниедегі көптеген халықтар өзінің шығу тегін аң-құстармен байланыстырады. Мысалы, қырғыздар өздерін бұғы анадан, қытайлар сары маймылдан, тау халықтары бүркіттен таратады. Қазақтың атасы болған Көкбөрінің немерелері жаугершілікте Ақ қазға айналып, бірі Енесай өзені жаққа, енді бірі Шу өзені және Алтай жағына ұшып кетеді. Содан түріктердің ата-бабасы тарады.

Енді Көкбөрі аңыздарының шындығы қайсы десеңіз, біздің заманымыздың V ғасырларында бес жүз үйлі бөрі тайпасы Сары Жазық дейтін өз мекенінен көшіп, Алтайдың оңтүстігіне барып қоныстанады. Бұл заманымыздың 439 жылы болатын. Елді бастап барған бектің аты – Түркіт екен. "Түркіт" – "дулыға" деген сөз, ержүрек мағынасында айтылады. Түріктер сол заманда темір қорыта білген. Темірден қару-жарақ, қажетті бұйымдар жасаған. Көкбөрі аңызы осындай тарихи оқиғалардың елесі болып табылады. Түрік тайпалары ежелден өз туына бөрінің бейнесін тоқып салатын, соғысқа шыққанда, атының басына бөрінің бас терісін қаптап алатын болған.


Ол туралы Жамбылдың ұстазы Сүйімбай ақын:


Бөрілі менің байрағым¹,

Бөрілі байрақ көрінсе,

Қозады қай-қайдағым,- деген.


ОРХОН ЕСКЕРТКІШТЕРІ


Болмасын деп байлығы басқаға азық, Кеткен бабам тарихын тасқа жазып.

(Б.Бәйітұлы)


Алтыншы ғасырдың ортасына таман Көкбөрінің шөбересі Бумын (Түмен) қаған түркі тайпаларының

_________________

¹байрақ - ту


басын қосып, әлемге әйгілі түркі қағанатының негізін құрды, Елхан атанады. Бұмын 552 жылы қайтыс болды.

Бұмынның мұрагері Мұқан қаған Сары теңізден (Хуэнхэ) – Каспийге, Гобиден Байкал көліне дейінгі аралыққа созылып жатқан түркі қағанатының батыс өлкесінің билігін әкесінің інісі Естемиге берді де, өзі Орхон өзенінің жоғарғы ағысындағы хан ордасында болды. Орхон – Моңғұлиядағы өзен. Рим тарихшысы Менандрдың айтуынша, осы жерге 568 жылы Византия елшісі Земарх келген. Түріктердің алтын, күмістен жасалған ыдыс-аяқ, түрлі шебер бұйымдарын көріп, таң-тамаша қалған.

Мұқан мен Естемиден соң олардың ұлдары билікті екіге бөлді. 582 жылы Түркі қағанаты батыс және шығыс қағанаты болып екіге айырылды. Әлсіреген қағанат осыдан былай көрші Қытайдың Таң империясының уысына түсе бастады. Қытай ханшаларын ханымдыққа алды. Ішінара күрестен ештеңе шықпай, 630 жылы шығыс және батыс Түркі қағанаты құлады. Осыдан былайғы жарты ғасыр табғаштарға құлдыққа өтті. Олардың есін жиған кезі Елтеріс пен Тоңұқұқтың тұсында болды. Елтеріс 682 жылы көтеріліс бастап, жеңіп шықты. Елтерістен соң таққа Қапаған (Мойыншор) отырды. 715 жылы Қапаған қаза тапқаннан кейін жаужүрек Құлтегіннің көмегімен ағасы Білге қаған болды. Қасына Тоңұқұқ жырауды¹ ақылшы қылып алып, Құлтегінге әскердің билігін берген. Сөйтіп, осы үш ердің тұсында түркілер айбынды жұрт болып, бір тілек, бір мақсатта өмір сүрген. Тәңірі жарылқағыр, Құлтегін 731 жылы, Білге қаған 734 жылы дүниеден озған. Тоңұқұқтың қай жылы өлгені белгісіз.


Білге, Құлтегін, Тоңұқұқтың басына құлыптастар

________________

¹ Зерттеуші Жолдасбеков М. "Тоныкөкті" жырау деп дәлелдеген / Асыл арналар. – Алматы, 1986. – 109-б.

қойылып, оның бетіне осы ел үшін еңіреген үш батырдың ерлігін жазып қалдырған. Бұл тастағы жазулар тарихта Орхон ескерткіштері деген атпен белгілі болды. Орхон ескерткіштерін оқудың кілтін Дания ғалымы В.Томсен тапты, Ресей ғалымы В.В.Радлов 1893 жылы оқып шықты. Бұдан кейінгі осыған ұқсас жазулар Енисей, Талас, Шу бойынан табылды. Орхон жазуы түркілерде б.д.д. замандардан б.д. Х ғасырларына дейін қолданылған. Орхон жазуының ізі қазақтың ру таңбаларында қазірге дейін сақталған. Бір қызығы Орхон ескерткіштеріне алғаш кезіккен швед офицері Табберт-Страленберг оған "ру-на" жазуы деген ат берген.

Бұдан басқа Елтеріс пен оның әйелі Елбілге қатынға арналған Онгин ескерткіші, Суджа, Мойыншор т.б. ескерткіштер бар. Орхон ескерткіштерінің қысқаша тарихы осындай.

Орхон ескерткіштерін арнайы зерттеген ғалымдар М.В.Стеблева Ғ.Айдаров, М.Жолдасбеков, Қ.Өміралиевтер жанры жөнінде әр түрлі пікірде:

Бірі қара сөз, бірі өлең, бірі өлең мен қара сөз аралас жазылған деп бағалайды. Осының ішінде біраз толымды, дәлелді пікірді М.Жолдасбеков айтты. Ол кісі қазақтың жыр дәстүріне ұқсас екендігін нақты зерттеп, қазіргі тілге солай аударып шыққан. Біз осы аударманы пайдаландық¹. Енді қойнына талай сыр бүккен тастағы жазу не дейді?! Соған келейік. Жыр басы Білге қағанның ел-жұртына үндеуімен ашылады.


Тәңірдей, тәңірден жаралған,

Түрік білге² қаған³.

Бұл шақта отырдым,

Сөзімді түгел естіңдер:

________________________

¹ Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы, 1986. – 3-11-бб.

²білге – ақылды, данышпан, білікті.

³қаған – хан.

Бүкіл жеткіншегім, ұланым,

Біріккен әулетім, халқым,

Оңымда шад, апа бектер¹


Солымда тархан, бұйрық бектер.

Тоғыз оғыз² бектері, халқы,

Бұл сөзімді мұқият тыңда,

Терең ұқ.


Содан соңғы ой арнасы – елдің тәуелсіздігі, береке – бірлігі. Түркі қағанатының тарихын еске түсірсек, ел есінен жаңылып, тәуелсіздік тізгінінен айырылып қалған уақыты 630-680 жылдар арасы болатын. Осы уақыттың қайғысы жырда күңірене суреттелген:


Дәл осы жерде отырып,

Тауғаш халқымен табыстым.


Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан –

Тауғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді.

Олар тәтті сөз, асыл қазынасын беріп,

Жырақтағы халықты өзіне сонша жақындатар еді.


Жақын қонып, сосын олардан әдепсіз қылықты үйренуші еді. Ақылды кісілерді, батыл кісілерді тауғаштар қозғай алған жоқ. Егер бір кісі алданса, онда руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді.


Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып,

Түркі халқы қырылдың,

Түркі халқы жойылдың! – дейді.


Жырдың айтуынша, түркілердің тауғаштарға кіріптар болу себебі екі түрлі: Бірі – тауғаштардың алтын, күміс

_________________

¹Шад, апа бектер, тархан, бұйрық бектер - әскери лауазым.

² Тоғыз оғыз - тайпаның аты.


дүниесі, жібек матасына алданғаны. Оны аярлықпен беріп, жырақтағы түркілерді өзіне жақындата түсуді көксегенін түсінбеуі. Екінші себебі: Бұмын, Естеми қағандардың орнына таққа отырған ұрпақтарының жігерсіздігінен, біліксіздігінен. Жырға назар аударайық:


Соңындағы інісі ағасындай болмады,

Ұлдары әкесіндей болмады.

Біліксіз қағандар отырған екен,

Әміршілері де біліксіз екен,

Жалтақ болған екен.

Бектерінің, халқының ымырасыздығынан,

Тауғаш халқының тепкісіне көнгендігінен,

Арбауына сенгендігінен,

Інілі-ағалының дауласқандығынан,


Бекті-халқының жауласқандығынан,

Түркі халқы елдігін жойды.

Қағандығығынан айрылды.


Түркілердің, оның ішінде қазақтардың, ежелден намысқой халық екендігі "Жаным – арымның садағасы" дейтін мақалынан да көрінеді. Қазақ үшін намысына тиетін сөздің ең үлкені – оң жақта әлпештеген қызының жау қолында кетуі, ата-баба моласының аяқ асты болуы, өз елін тастап, басқаның қолтығына кіруі. Бұрынғы қазақтар осы үш нәрседен қатты сақтанған. Тыйым сөздерге, мақал-мәтелге тиек етіп, ұлы-қызының құлағына құйып отырған. "Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деуі, Абайдың "Өлген мола, туған жер жібермейді" деуі содан. Осындай дәстүрлі психология "Құлтегін" жырында да көрінеді:


Тауғаш халқына бек ұлдары құл болды,

Пәк қыздары кұң болды,

Түркі бектер түркі атын жоғалтып,

Тауғаш бектерінің тауғаш атын тұтынып,

Тауғаш қағанына бағынды,

Елу жыл ісін-күшін берді.


Түркілердің "Елді халық едім, елім қазір қайда, қағанды халық едім, қағаным қайда, қандай қағанға күш-қуатымды берермін", - деп қиналғаны да жазылған. Сол уақытта Көк Тәңірі мен түркілердің қасиетті жер-суы Елбілге анадан Елтеріс атты ұл туғызыпты.

Былай депті: "Түркі халқы жойылмасын",- дейді. "Ел болсын",- дейді.


Әкем Елтеріс қағанды,

Шешем Елбілге қатынды

Тәңірі төбесіне ұстап,

Жоғары көтерген екен.

Тәңірі қуат берген соң,

Әкем қағанның әскері бөрідей бопты,

Жаулары қойдай болыпты.


Елтеріс қағанның тұсында түркілердің айналасы түгел жау екен. Оңында – тауғаш, солында – Баз қаған, тоғыз оғыз халқы, қырғыз, құрықан, отыз татар, қытай татабылар жауласушы еді.

Елтеріс қырық жеті рет соғысқа аттанып, түркілерді бүтіндеп, "бастыны еңкейтті, тізеліні бүктірді", сөйтіп "ұша" барды¹. "Оның елінің үстіне ағам қаған болды" (Қапағанды айтып отыр).


Жырдағы оқиғаны ұйыстырушы негізгі тұлға – Құлтегін. Ол ағасы Қапаған ханмен бірге Жасыл өзені, Шаңтұң жазығы, Темір қақпа, Көгмен еліне дейін "бас-аяғы жиырма бес рет аттанып, жиырма үш рет соғысады. Жауларының елдігін әлсіретіп, қағандығын қағансыратады". Әкесі Елтеріс секілді, "тізеліні бүктіріп, бастыны еңкейтеді". Бұрын тауғаштарға бағынып, құл болып келген түркілер енді өздері иелік етті, яғни "құл-

________________

¹ұша барды – дүниеден өтті

құлды болды, күң-күңді болды". Жерінің кеңейгені сонша, "інісі ағасын білмес еді, ұлы әкесін білмес еді".

Құлтегін Ұмай текті анадан туып, он алты жасқа келгенде, ел жұртын молайтқан. Жырда Қүлтегінге көп көңіл бөліп, "Жауға жалғыз ұмтылған" батыр екендігін дәріптейді.

Құлтегін шыдамдылық көрсетіп, елін-жұртын қорғайды: "Жиырма бір жасында Чача Сеңүңмен айқасқанда, Тадықұл Чұрдың боз атын мініп шабады. (Бұл адамдардың кім екендігін ғылымда анықталмаған). Ол ат сонда өледі. Екіншіде Ышбар Ямтардың боз атын мініп шабады. Соғыста шыдай алмай, ол ат та сонда өледі. Үшіншіде Сілікбектің ертеулі торы айғырын міне шапты, ол да шыдас бермеді. Құлтегіннің сауытына жүз оқ тисе де, өзіне оқ дарыған жоқ. Жырда: "Оның шабуылын, түркі бектері, жақсы білесіңіздер!"- дейді.

Құлтегін жиырма алты жасқа келгенде, Көгмен қойнауынан асып, қырғыздарды ұйқыда басқан, бір ерін оққа ұшырып, екеуін найзаға шанышқан. Сол жылы түркешке қарсы тағы жорыққа шығып, Алтын қойнауынан асып, Ертіс өзенін кешіп, "отша, бөріше" қаһарына мінген, түргеш қағанының әскерін жеңген, қағанын өлтірген. Одан Інжу өзенін кешіп, Темір қақпаға дейін аттанған. Сол соғыста отыз бір жаста еді. Бұдан Қапаған ханның тұсында, туған ағасы Білге елі билікке келмей тұрған кездің өзінде-ақ айтулы батыр болғандығын көреміз. Құлтегін батыр "Қырық жеті жасында қой жылы" өлген. Оған халқы қатты қайғырған. "Қайғырғаны соншама, көзге ыстық жас келер, көңілге ауыр шер келер",- дейді. Жырдағы Білге қаған да ақылды, батыр адам:



Әкеміз, ағамыз құрған халықтың,

Аты, даңқы өлмесін деп,

Түркі халқы үшін,

Түн ұйықтамадым.

Түргеш қағандығы 704-766 жылдары өмір сүрген. 766 жылдан қарлықтар елеулі саяси күшке айналды да, Түргеш қағандығын құлатты. Қарлықтар 734 жылы Білге қаған өлген соң күшейген.

Күндіз отырмадым,

Түнде ұйықтамадым,

Біріккен халықты от-су қылмадым, - дейді.


(Бұл жерде: от-су қылмау – өштестірмей, бірлікке ұстау мағынасында айтылған). Халқының қамын ойлап, күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған Білге қағанға жан-жағынан жаулары төніп тұрғанда, ел басқару оңай болмаса керек. Жырда көрші елдер: "Қағаны алып еді",- деп бағалайды. Әуелі Құлтегін қайтыс болып, оның басына құлпытас қойып, ескерткіш жыр жаздыру міндеті Білге қағанда қалғандықтан, жырға негіз болған оқиғалар көбіне Құлтегінге қатысты болып келеді.

Тоңұқұқ бейнесі қазақтың жыраулық дәстүріндегі Бұқар жырауды, Қорқыт атаны, "Оғыз қаған жырындағы" Ұлық түрікті еске түсіреді. Ол - Білге қаған кезінде төбе би болған, Білге қағанға қызын берген қайын атасы. Алтайдағы қара Ертісті жайлаған қарлықтардың Сәбек тайпасынан (жүз тайпа деп те айтылады) шыққан. Жасында Тауғаш елінде тәрбиеленген. Он үшінші ғасырда найман Таян ханның хатшысы болып, кейін Шыңғысханның шежірешілеріне ұйғыр жазуын үйреткен Тататұңға (Тәте Тұңға) осы Тоңұқұқтың ұрпағы екен¹.

Тоңұқұқты жыраулар қатарына қосу себебіміз: "Түркі Білге қағанның еліне арнап жаздырдым, Мен Білге Тоңұқұқ",- деуіне қарағанда, біз әңгімелеп отырған жырларды шығарушы адам осы Тоңұқұқ болуы керек.

___________________

¹Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы, 1995.

Ежелден ұлы жыраулар ханның қасында отырып, ақылшы-кеңесші болған. Жорыққа бірге шыққан, әрі жауынгер, әрі білікті сөз ұстаған адамдар еді. Тарихтағы Бұхар жырау, Қазтуған, Доспамбеттер де дәл осындай тұлғалар. Тоңұқұқ та Елтеріс, Қапаған, Білге - үш ханның тұсында ақылшы болды. Қағанның ұлдары Бөге, Інел хандары да жебеп-желеген. Өзі туралы былай дейді: "Сонда ақылгөйі мен едім… қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым, күш-қуатымды аямадым. Ақыл иесі, сөз иесі мен болдым".


Тоңұқұқтың өзін-өзі көтере мақтауы жыраулық-ақындық дәстүрмен қабысып жатыр. Өйткені ақынның өзін асыра мақтауы қарсыласының мысын басу үшін айтылады.

Тоңұқұқ – сол кездегі түркі қағанатының саяси-әлеуметтік және әскери ісінің барлығын өз қолынан өткізген дана абыз. Түркі қағанатының жай-күйін білетін оғыздар табғаштарға: "Қағаны алып еді, ақылгөйі білгір еді. Ол екі кісі тірі тұрса, сені – табғашты қырады",- депті. Сөйтіп, үшеуі бірлесіп, соғыс ашпақ болыпты. Осы сөзді естіп, "күндіз отырғым келмеді, түнде ұйқым келмеді",- дейді. Тоңұқұқ. Сонан соң, қағанына айтыпты:

Тауғаш, оғыз, құтан –

Құл үшеуі біріксе, біз –

Өз іші-тысымызды ұстап қала алмаспыз¹.

Жұқаны бүктеу – оңай,

Жіңішкені үзу – оңай.

Жұқа қалыңдаса,

Оны тек алып бүктейді.

Жіңішке жуандаса,

Оны тек алып бүктейді.


_________________

¹ Елді қорғап қала алмаймыз


……

Екі-үш мың қолмен бара аламыз ба?


Әрі қарай Тоңұқұқтың ақылымен жаулары күйрей жеңілгені айтылады. Жырды оқып отырғанда "етігімен су кешіп, ауыздықпен су ішкен" қиын заманда өмір сүрген ерлердің елінің бүтіндігі үшін жанын аямағанын көреміз. Соғыс суреттері қазіргі оқушыға да өте әсерлі. Мысалы:


Атқа қайта қондырып,

Қарды бұздым.

Жоғарыға атты жетелеп,

Жаяу таяқ тіреп шықты.

Төмендегі ерлер жоғары шығып,

Шың басынан әрі астық.

Азанменен төмен түстік,

Он күн дегенде тау етегіне әрең жеттік.

Орхон ескерткіштерінде көне түркілердің наным-сенімі, өмір туралы түсінігі көркем бейнеленген. Мысалы, қаған көк Тәңірі Ата мен От-су, жер Ананың құдіретімен дүниеге келеді. Оны Көк Тәңірі жердегі түркі халқын ұйыстырып, иелік етсін деп әдейі жаратқан. Бұл – көне түркілердің аспанды – ата, жерді – ана деп ұғынудың көрінісі. Ертедегі түркілер жалпы жаратылыстың төрт негізі бар деп есептеген. Олар: топырақ (жер), су, от, жел (ауа). Осы түсінік Елтерістің дүниеге келуінен аңғарылады.


"Білге", "Құлтегін", "Тоңұқұқ" ескерткіштері тақырыбы, көтерген мәселесі, кейіпкерді бейнелеуі, көркемдігі тұрғысынан қазақтың эпостық жырларына өте жақын. Екеуінде де елдің қамы үшін түн ұйқысын төрт бөлген ерлердің дамылсыз жорықтары туралы суреттеледі.

"Қобыланды", "Алпамыс" жырында:

_____________

¹ Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы, 1986. – 73-93-бб.

Айдарлысын құл қылды,

Тұлымдысын тұл қылды, - десе,


"Құлтегінде":


Бек ұлдары құл болды,

Пәк қыздары кұң болды


"Алпамыс" жырында:

Қойға шапқан бөрідей,

Талқандап қуып береді.

"Құлтегінде":


Әкем қағанның қосыны бөрідей,

Жаулары қойдай болыпты.

Қасқыр мен қой қарама-қарсылығы – жауыздық пен әділет бейнесінде түркі поэзиясында қалыптасқан тұрақты сурет. Сондай-ақ қасқырды "бөрі" деп атау өзінің шығу тегін "бөрі" тотемінен алған түркілердің ежелгі түсінігіне сәйкес келеді.

"Құлтегін" жырындағы "азды көп қылдым, кедейді бай қылдым, құл – құлды болды, күң – күңді болды",- деген қайталаулар қазақ эпосында жиі ұшырасады. Орхон жазуында "Шығайды бай қылдым", - дейді. Қазақ ертегісіндегі Шық бермес Шығайбай образы осы "шығай" сөзінен шыққан. Өзі бай болғанмен, көңілі кедей, сараң мағынасында. "Кедей бай" – "Шығайбай" аталған. Қасиетті жеті санының ежелгі түркілерде де киелі сан екеніне көз жеткізуге болады.

Жырдың көркемдігіне келсек, әдемі, айшықты сөз қолданысынан оны жазған кісінің ақын екендігі анық. Мысалы: "Өштестірмедім" дегенді "от-су қылмадым", әкем қағанның әскері "бөрідей, жаулары қойдай болыпты", "түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым", "қасы-көзі әз болар деп қайғырдым", "көзге ыстық жас келер, көңілге ауыр шер келер", "жұқаны топтау оңай, жіңішкені үзу оңай", "бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды", "тізеліні бүктірді, бастыны еңкейтті", "отша, бөріше келді" деген тіркестердің ақынның қолынан шыққаны айқын.


Сөз соңында Білге қаған, Құлтегін, Тоңұқұқ жырларын жазған адам кім? Соған келейік. Жырда: "Түрк білге қағанның еліне арнап жаздырдым. Мен білге Тоңұқұқ және "Бұл жазуды жаздырған Йоллық тегін" деген сөздер бар". Йоллық тегін – Білге қағанның баласы. Тегін – хан тұқымының атауы. Хан ұлдары әкесіне: "Мен сізге құлмын", яғни "бағынамын" деген мағынада "Құлтегін" деп атап кеткен. "Тек", "тегі" сөздері қазақ тілінде бүгінге дейін бар сөз. Йоллық тегін тарихта қаған емес, ақын ретінде аты қалды.



<< предыдущая страница   следующая страница >>