https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3

АЛМА


ҚЫРАУБАЙҚЫЗЫ


БЕС ТОМДЫҚ

ШЫҒАРМАЛАР

ЖИНАҒЫ


АСТАНА

2008


АЛМА

ҚЫРАУБАЙҚЫЗЫ


ЕКІНШІ ТОМ


АСТАНА

2008

Редакциялық алқа:


Т. Кәкішев, Ж. Тілепов, С. Негимов,

Ө. Әбдиманұлы, А. Қыраубаев


Қыраубайқызы Алма. Бес томдық шығармалар жинағы. – 2-том: Ежелгі әдебиет / Томды баспаға әзірлегендер: Г. Асқарова., Н. Мәтбек. - Астана: .......... , 2008. - 257 б.


Филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Қыраубайқызының бұл кітабына жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарға және мектеп, лицей-гимназияға арналған оқу құралдарының нұсқалары қатар енгізілді. Бұл еңбектерде қазақ әдебиетінің түп-тамыры - біздің заманымыздан бұрынғы сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен бастап, Алтын Орда ескерткіштеріне дейін талданып көрсетіледі. Аталған дәуірлердің өз ерекшеліктері, бағыты пайымдалады. Заманымыздан бұрынғы аңыз-жырлар, Орхон ескерткіштері: ("Білге қаған", "Құлтегін", "Тоңұқұқ"), сондай-ақ, "Қорқыт ата", "Оғыз қаған", "Жұмжұма", "Қисса Жүсіп", тағы басқаларының мән-мағынасы, ой-мұраты, қазақ әдебиетімен үндестік-бірліктері сөз болады. Ежелгі әдебиетті зерттеудегі соңғы жылдардағы жаңаша қөзқарас тұрғысынан талданад


ЕЖЕЛГІ ӘДЕБИЕТ


(ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ФИЛОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ, МАГИСТРАНТТАРҒА АРНАЛҒАН ОҚУ ҚҰРАЛЫ)


АЛҒЫ СӨЗ


Қадірлі студент!

Қазақ халқы – дүниенің төрт бұрышын мекендеген адамзат баласының ең озық өркениетке жеткен ұрпақтарымен терезесі тең, телегейдей тарихы бар, тебірентер мәдениеті бар ел. Қазақ мәдениетінің тарихы біздің жыл санауымыздың арғы жағынан бастау алады. Қазақтың ілкі ата-бабалары – түркілер, ғұндар, сақтар. Солар жасаған мәдениетке ортақпыз. Өз алдына қазақ хандығы құрылғанға дейінгі (XV ғ.) дәуірлерде бізді жалпы атпен түрктер деп атаған. Көк Тәңіріне табынып, Көк Бөріден тарағандықтан, Көк Түрктер атанғанбыз. Кейін Көк Түрктердің әр аймағы өзінше отау тігіп, қазақ, қырғыз, өзбек, татар, башқыр, ноғай, саха, тоба, қарашай, құмық, алтай, әзірбайжан, түрікмен болып кетті. Тек Анадолы түріктері ғана жалпы атауын сақтап қалды. Кешегі кеңестік идеология бұл халықтардың түбі бір түрктер екенін ұмыттыруға тырысты. Олардың тамырын тереңге жайған түбегейлі мәдениеті бар елдер екенін жадынан шығарып жіберу жолында әр түрлі айла-амалдарға барды. Көне мәдениетімізді зерттеуге тыйым салды. "Таптық идея жоқ" деген сылтаумен бұрынғыны оқытпай, тек кеңесті мадақтаған дүниелерді жаттатумен болды. Көне әдебиетіміздің жалпыхалықтық, адамзаттық құндылықтарды көтеретін өлмес мұраларын жоққа шығарды. Оны көтерген ғалымдардың өзін де жоқ қылды. Осындай үлкен қарсылықтарға қарамастан, қазақ зиялылары ұлттық мұраларды жаңғырту мұратын бір сәт те ұмытпады, тек қолайлы сәттерін іздеумен болды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты алдағы алдырған ағаларымыздың соңынан 50-жылдардағы қысымшылық кезінде де тарихты жазғаны үшін Е. Бекмаханов сияқты талай зиялылар айдалып, азап шекті. Мұхтар Әуезовтей асылымыз амалсыз Мәскеу асып кетті. Соның аяғы, елуінші жылдардың ортасына қарай Сталин өмірден өтіп, жаңа бір жылымық байқалған кездерде қуғыннан қайта айналып келгендер, қызметтен қуылып, тоз-тоз болған ғалым-әдебиетшілер қайтадан ес жиып, ұлт мүддесінің қамын ойлай бастайды. Осы мақсатта, 1959 жылы Алматыда әдеби мұра жөнінде үлкен конференция өткізіліп, қара қасқа атты, "Қамбар батырдан" өзгесі сызылып қалған қазақ әдебиетін Бұхар жырауға дейін (XVІІІ ғ.) жылжытты.


Осы конференцияда сөз алған Бейсембай Кенжебаев қазақ әдебиетінің тарихын жыраулық поэзиямен де шектеуге болмайды, түркілік ортақ дәуірлерімізді қосуымыз керек деген ойды ұсынды. Б.Кенжебаевтың бұл пікіріне түрткі болған нәрсе осы кездерде татар, өзбек ғалымдарының түркі әдебиетін сөз ете бастауы болатын. (Бірақ ол уақытта әрқайсысы түркі жұртына ортақ мұраларды тек өз халқына қарай тарту жағында болған). Бейсекеңнің ойларын қабылдауға әлі орта дайын емес еді. Сондықтан ол кісі өз идеясын іс жүзінде дәлелдеуге кірісті. Шәкірттеріне тақырып етіп беріп, зерттете бастады. Алпысыншы-жетпісінші жылдарда қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерін зерттеудің орталығы Әл-Фараби университетінің (ол кезде С.М. Киров атындағы) қазақ әдебиеті кафедрасы болды. Жаңа бағдарлама жасалды, "Ертедегі әдебиет нұсқалары" атты хрестоматия шығарылды (1967). Оқулық жазыла бастады. Б.Кенжебаевтың жетекшілігімен М. Жолдасбеков Орхон ескерткіштері және оның қазақ әдебиетіне қатысын зерттесе, М. Мағауин XV-XVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясын ашты. Х. Сүйіншәлиев қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдерін VІІІ ғасырдағы жазба ескерткіштерден бастап қарастырды. Осы жұмыстардың нәтижесінде "Қобыз сарыны" (1967), "Алдаспан" (1972), "Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері" (1967), "Ғасырлар поэзиясы" (1987), "Үш ғасыр жырлайды" (1965), "Асыл арналар" (1986), "Махаббатнама" (1985), "Ғасырлар мұрасы" (1988) т.б. еңбектер жарық көрді.

Бүгінгі күнде қазақ әдебиетінің мың жарым жылдық тарихы жасалып отыр. Енді онымен де шектеліп қалмай, сақ, ғұн замандарына барып, одан да бұрынғы "Авеста", "Гильгамеш" кітаптарындағы ортақ сарындарға барлау жасалуда. Қолдарыңыздағы оқу құралы әдебиет тарихына жаңаша көзқараспен қарап, пайымдау арқылы жазылды. Әдебиет зерттеудегі жаңалықтарды ескере отырып, түркі әдебиетін төмендегідей дәуірлерге бөліп қарастырдық:

1. Заманымыздан бұрынғы жазу-сызулар, аңыз-жырлар (сақ, ғұн, үйсін дәуірі б.з. д. VІІ ғ. - б.з. ІV ғ.);

2. Түркі қағанаты дәуіріндегі әдебиет (V-VІІІ ғ.ғ.);


3. Оғыз дәуіріндегі әдебиет (ІХ-Х ғ.ғ.);

4. Ислам дәуіріндегі әдебиет (Х-ХІІ ғ.ғ.):

Сыр бойы әдебиеті;

Қарахан әдебиеті;

5. Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет (ХІІІ-ХІV ғ.ғ.).

Қолыңыздағы кітапта жоғарыда аталған дәуірлердің өз ерекшеліктері, бағыттары көрсетіледі. Жеке ескерткіштердің ой-мұраты, мән-мағынасы, бүгінгі қазақ әдебиетімен үндестік-бірліктері талданады.


ЗАМАНЫМЫЗДАН БҰРЫНҒЫ ЖАЗУ-СЫЗУЛАР, АҢЫЗ-ЖЫРЛАР

(Сақ-ғұн, үйсін дәуірі б.з.б. VІІ ғ.– б.з. ІV ғ.)


Сақтар біздің заманымыздан бұрын Монғұлия мен Дунайдың арасын мекендеген. "Сақ" сөзі қазақ тілінде күні бүгінге дейін сақталған. Мысалы: сақа (асық), сақшы, сақпан, қарсақ, сақсыну тағы басқа. "Сақты" грек тарихшылары – искит, еуропалықтар (европалықтар) скиф дейді. Сақтар жауынгер болған. Жауынгер көшпенділердің батырлары туралы аңыз-әңгімелер б.з.б.¹ V ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Геродоттың "Тарих" атты кітабында, қытайлықтар Сыма-цяньның "Жылнама", Бань-Гудің "Ханнама" атты кітаптарында жазылған. Олар біздің заманымыздан бұрын гректермен мәдени, сауда-саттық байланысын орнатқан. Византиялық Феофилакт Симокатта: "Күншығыста тұрған скифтерді біз түріктер деп атаймыз",- деген. Көне Грециядағы жеті ғұламаның бірі саналған Анахарсис² көшпелі скифтердің ұлы.

Сақтардың біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде-ақ 26 әріптен тұратын өз жазуы болған. Оның дәлелі ретінде Алматы маңындағы Есіктен табылған Алтын адамның жанындағы күміс тостағандағы жазуларды айтуға болады. Жазу бар жерде мәдениет, әдебиет дамитыны анық. Күміс тостағандағы: "Аға, саңа, очуқ! Без чөк! Бүкүн ічре азуқ". Аудармасы: Аға саған (бұл) ошақ! (Ошағынан) безгендер, тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай)! (А. Аманжолов оқып шыққан³),- деген жолдарды жазған ел-жұрттың бұдан да көлемдірек шығармалары болуы керек. Сөйлеу тілінің өзімізге мәлім түркі тілі екені көрінеді.

___________________


¹б.з.б.- біздің заманымыздан бұрын

² Грек жазбаларында скиф-сақтар аты грек тілінің ыңғайымен Анахарсис, Томирис, Спаргапис болып жазылған.

³ Аманжолов А. Түркі филологиясы. – Алматы, 1996. - 43-б.


Геродоттың кітабында жазылып қалған скиф-сақ дәуіріндегі аңыздардың бірі – Тарғытай. Тарғытай – біздің заманымыздан 1500 жыл бұрын өмір сүрген, скиф-сақтың көсемі.

Тарғытай бабаның әкесі – Көк Тәңірі, шешесі –су перісі екен. Тарғытайдан үш ұл туған. Олар: Арпоқсай, Ылпоқсай, Қолоқсай. (Қол – әскер, оқ – ел, сай – патша деген ұғымды білдіреді). Сол кезде Көк тәңірінің бұйрығымен аспаннан алтын: Түрен, мойынтұрық, балта, шөміш түсіпті. Тарғытайдың үлкен екі ұлы бұл заттарды алайын деп жақындаса, жанған жалыннан жолай алмайды. Кіші ұлы Қолоқсай келгенде ғана жалын су сепкендей басылып, алтын дүниені сол иеленеді. Әкесінің орнына патша болады. Осы үш ұлдан скифтер тарайды. Түрен, мойынтұрық, балта, шөміш аспан денелерін бейнелейтіндігін қазақ арасында бүгінге дейін сақталып келген мына бір жұмбақтан байқауға болады:

Жапанда жайнап тұрған бір бәйтерек,

Заты бар бұтақ сайын жанға керек.

Балта, шөміш, түрен мен мойынтұрық,

Төртеуін таңдап алдым ерекшелеп.

(А.Сейдімбек. Қазақ әлемі.- А., 1997. - 216-б.).


Бұл жұмбақтағы балта – Таразы, шөміш – Жетіқарақшы, түрен – кіші Жетіқарақшы, мойынтұрық – Қарақұрт (Кассиопея) жұлдыздары көрінеді.

Тарғытай сақтардың кейінгі ұрпақтарының есінде Ер Тарғын атымен сақталған.

Скифтер тайқазан жасап, оған жылқының етін асып, аталарына ас берген. Сол дәстүр қазақтарда бүгінге дейін сақталып келеді. Түркістанда Қожа Ахмет Йасауи кесенесінде тұрған тайқазан – скиф дәуірінен бері үзілмей келе жатқан дәстүріміздің белгісі.

Ариант¹ деген патша скифтердің санын білмек болып, "әрбір скиф бір-бір жебенің ұшын әкелсін",-деп бұйырады. Жиналған жебенің көптігі сонша, патша жебенің ұшындағы жезді балқытып, қазан құяды. Скифтердің тайқазанын көзімен көрген Геродот былай деп жазыпты: "Ол қазанды көрмесеңіздер, мен суреттеп берейін: Оған 600 құмған су еркін сыяды, ал скифтердің бұл ыдысының қалыңдығы алты елі".


Скифтердің тағы бір дәстүрі – бие сауып, қымыз ашытқан.

"Ерте замандағы грек авторларының суреттеуіне қарағанда, олардың көшіп қонатын көлігі – екі, төрт, алты дөңгелекті арба, оған екі, үш жұп өгіз, ат немесе түйе жегілген. Осы арба күймесінің сырты киізбен қапталған. Бұлар шөптің сонысы мен судың тұнығын жүзіп, малдарын оттатып көшіп жүрген. Сақтар көшкенде қатын-бала, үй мүкемелімен² күймелі арбада, қонғанда киіз үйде отырған. Олардың қыстауларында кесектен (сабан араласқан балшық кірпіштен) там үйлер болған. Мал шаруашылығымен шұғылданған сақтар, жылқы, қой, сиыр, түйе өсірген, егіншілікпен шұғылданушылар тары, арпа, бидай еккен. Тіпті мал шаруашылығымен шұғылданушылардың да қыстауларының маңында шағын егіншілігі болған"³. Осыдан-ақ скиф-сақтардың өмір тіршілігінің қазақ өмірімен бірдей екенін аңғарамыз.


АЛЫП - ЕР ТҰҢҒА (б.з.б. VІІ-ІІ ғ.)


Алып-Ер Тұңға – түрік мемлекетін ұйыстырған көсем. Ол замандағы түріктер Енесай мен Ертіс, Дунай бойлары,

______________

¹ "Ар" көне түркілерде "таза, әділ" деген мағынаны білдіреді.

² мүкемел – дүние

³ Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы, 1995. – 52-б.


Ауғанстан мен Иран, Сирия, Түркия жерлерін мекендеген. Көк Тәңіріне табынып, түрік жазуымен жазған.

Алып-Ер Тұңға – Иранның ұлы жазушысы Фирдоусидің "Шаһнама" кітабына кейіпкер болған. Онда Афрасияп, Тұран патшасы болып суреттеледі. "Тұран" – Тұр елі – түріктер елі деген сөз. Иран патшалары мен Афрасияптың соғысы Сейхұн (Сырдария) – Жейхун (Әмудария) шекарасында болған Афрасияптың аңыздағы бейнесі Қорқытқа ұқсас. Ол өмірінің ақырында адам бойынан мың есе ұзын, есік-тесігі түгел бекітілген қорған салып алып, тығылып жатыпты. Алтын мен күмістен бірі – ай, бірі – күн, екі шам орнатыпты. Қорғанның іші асыл тастардың жарқылынан күндізгідей жарық болып тұрады екен. Бірақ ажалдан құтыла алмапты. Ажал адам кейпіне еніп келіп, жанын алыпты. Афрасияп сияқты, Қорқыт ата да ажалдан қашқан. Өздері өлсе де, жасаған жақсы ісі, даналық сөздері қалды. Өлмеудің жолы сол екен.


Алып – Ер Тұңға – тарихи адам. Ақыл-айласымен, күшімен, айтса сөзін өткізіп, тірессе жеңіп, елді - ел қылған батыр әрі көсем. Ол қайтыс болғанда, артында қалған елі жоқтау шығарған. Сол жоқтау ауыздан-ауызға тарап, одан ХІ ғасырда түрік ғалымы Махмұт Қашқаридің "Түркіше сөздігіне" кірген, сөйтіп біздің дәуірімізге жеткен.

Алып – Ер Тұңғаға арналған жоқтау – ежелгі түрік әдебиетінің алғашқы нұсқаларының бірі болып есептелген. Енді жоқтауды оқиық.


АЛЫП - ЕР ТҰҢҒАНЫ ЖОҚТАУ


Алып - Ер Тұңға өлді ме?

Опасыз дүние қалды ма?

Заман өшін алды ма?

Енді жүрек жыртылар...


Бектер атын болдырып,

Қайғы оларды солдырып,

Меңді жүзі сарғайып,

Запыран рең сүртілер.


Бөрідей жұрт ұлысып,

Айқаймен жаға жыртысып,

Өкірген үнін өшіртіп,

Жылаған көзден жас өрер.

Көңілім ішті жандырды,

Жазылған жара жаңғырды.

Кешкен күндер көзге ұрды,

Күн-түн демей ізделер.


Тағдыр кезін келтірді,

Ұры тұзағын ілдірді.

Бектердің бегін ап кетті,

Қашса қалай құтылар.


Тағдырдың күнін тербетер,

Пенденің күшін меңдетер.

Пәниді жұрттан тазартар,

Қашсаң тағы артылар.


Тербетер салты мұндай-ақ,

Бұдан да басқа сыр көп-ақ.

Заман атса кезеп-ақ,

Таулардың басы күйрелер.


Оған атса дәл кезеп,

Кім тоқтатар көлбеу кеп.

Тауды атса көздеп кеп,

Шың шатқалы қарқырар.

Замана түгел күйреді,

Білімді жақсы сиреді.

Жаман-жәутік түптеді¹,

Ізгі бектер шертілер.

Білімді батыр жүнжіді,

Замана аты жаншыды.

Ізгілер тәні жидіді,

Жерге тиіп сүртілер.

Махмұт Қашқаридің "Түркіше сөздігінде" Афрасияптың, яғни Алып – Ер Тұңғаның Қаз есімді қызы болғандығын айтады. Қаздың екі шаһары болыпты. Бірі – Қазойын. Қаз үнемі сонда тұрып, серуен құрған. (Қазойын – "Қаздың ойыны" деген мағынаны білдіреді). Екінші шаһары – Қазсуы. Ол Ілеге құятын өзеннің бойында. Қаздың күйеуі – "Шаһнама" дастанында айтылатын Сияуыш.


Қорыта айтқанда, батырға арналған жоқтау жыры Алып – Ер Тұңғаның түріктерді жау табына салдырмаған аяулы ұлы болғандығын көрсетеді.


ТҰМАР ПАТШАЙЫМ

(б.з.б. VІ ғасырға дейін)


Біздің дәуірімізге дейінгі VІ ғасырдағы аталарымыздың мекені ұлы сақ даласын Тұмар атты әйел патша билепті. Тұмар, "Қобыланды батыр" жырындағы Қарлыға сияқты, көрікті де ақылды, ат үстінде ойнақтаған жауынген әйел еді. Осы кезде парсы патшасы Кир маңайындағы елдерді түгел жаулауды мақсат етті. Кирдің көзі сақ даласына түсіп, оның байлығын иемденгісі келеді. Сақтар темір жасауды елден бұрын тапқан жауынгер ел болатын.

Кир көп әскермен Сырдария өзенінің жағасына жетті. Тұмар жасауылын жіберіп, тұрысатын жерін сұрайды. Екеуара келісімнен кейін Тұмар патша өзеннен үш күншілік жерге дейін шегінді. Кирдің әскері Сыр суынан өтіп, бергі жағына шығады. Сөйтіп, соғыс басталады. Кир қулық ойлап, біраз адамын оздырып апарып, көл-көсір __________________

¹түптеді – көбейді

тамақ-шараптарымен тастайды да, өзі әскерімен кейін оралады.

Тұмар патшаның он алтыдан асқан ұлы бар еді. Ол бүкіл әскердің үштен бірін алып келе жатып Кирдің әлгі адамдарына кездесіп, оларды жеңеді. Алғашқы жорығының жеңіспен аяқталғандығына қуанған жігіт, сол жерде той тойлап, шарап ішіп, әскерімен алаңсыз ұйқыға кетеді. Мұны білге Кир қайтып келіп, ұйқыдағы әскерді тас-талқан етті. Тұмардың баласы қолға түсті.

Тұмар патша Кирге жаушы жіберіп, баласын босатып, еліне тыныштықпен қайтуды талап етеді. Тұмар Кирге былай деп сәлем айтады: "Сен менің тұтқындағы ұлымды қайтар да, аман-сауыңда еліңе кет. Бұл айтқанымды тыңдамасаң, қанға тоймас басыңды қанға тұншықтырамын!" Кир баланы босатпайды. Кирдің жібермейтініне көзі жеткен жас жігіт өзін-өзі өлтіреді.

Баласының қазасы Тұмар патшаны есеңгіретіп кетті. Көзі жасқа толып, бауыры езіліп, іштей зар еңірейді. Сонда да бауырын жазып атқа қонды. Артындағы әскерін атойлап соғысқа бастады. Ата-бабаның жерін таптатпауға, қанға-қан алуға бел байлады.


Қанды шайқас басталды. Барлық жасақ іске кірісті. Кирдің әскері әлсірей бастады. Ақырында Тұмар патша Кирдің басын шауып алып, сығырайған жансыз басты жиіркене ұстай тұрып: "Аңсағаның қан еді, іш енді соны!" - деп, қан толтырылған сабаға тығыпты да, өзенге лақтырып жіберіпті. Тойымсыз Кирді жеңген сақтың қызы Тұмар патша осылай тарихта қалыпты. Бұл оқиғаны сол заманда өмір сүрген грек тарихшысы Геродот "Тарих" атты кітабында жазып кеткен. Онда Томирис деп аталады.



следующая страница >>