girniy.ru 1 2 ... 8 9


№ исх: 1115 от: 26.10.2010

Қазақстан Республикасы Үкіметінің

2010 жылғы « » № қаулысымен

бекітілген


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ДАМЫТУ

ЖӨНІНДЕГІ 2010 – 2014 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН

БАҒДАРЛАМА


Астана қаласы, 2010 жыл


МАЗМҰНЫ


  1. Бағдарламаның паспорты

  2. Кіріспе

  3. Ағымдағы жағдайды талдау (экономиканың негізгі салаларының қазіргі жай-күйі)

3.1. Қолданыстағы нормативтік құқықтық базаның сипаттамасын, экономиканың негізгі салаларын дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асырудың қолданыстағы практикасы мен нәтижелерін қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын дамытуды мемлекеттік реттеудің қолданыстағы саясатын талдау

3.2. Бірнеше жылдар серпініндегі негізгі көрсеткіштер

3.3. Экономиканың негізгі салаларында бәсекелестікті дамытудың проблемалары

3.4. Қазақстан Республикасында бейімделуі мүмкін орын алып отырған проблемаларды шешу жөніндегі шетелдік оң тәжірибені шолу (салалардың жұмыс істеуін зерделеу тәжірибесі)

4. Бағдарламаны іске асырудың мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері

4.1. Бағдарламаның мақсаты

4.2. Нысаналы индикаторлары

4.3. Бағдарламаның міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері

4.4. Әрбір міндет бойынша жоспарлы мәнге қол жеткізу көзделетін нақты кезеңді (орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді) көрсете отырып, Бағдарлама міндеттерінің шешілу дәрежесін сипаттайтын сандық және сапалық өлшенетін мәндер ретінде белгіленетін нәтижелер көрсеткіштері

4.5. Жауапты мемлекеттік және өзге де органдар (мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік және өзге де органдар)


5. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері

5.1. Орын алып отырған проблемаларды шешу жөніндегі жұмыстардың негізгі бағыттары (экономиканың негізгі салаларының орнықты даму жолдары және тетіктері, қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу құралдары мен тетіктерінің тізбесі)

5.2. Бизнес өкілдерімен кері байланыс жүйесі

6. Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздері

7. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары


1. Бағдарламаның паспорты


Атауы

Қазақстан Республикасында бәсекелестікті дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарлама

Әзірлеу үшін негіздеме

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығы.

«Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығы.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 302 қаулысы.

Негізгі әзірлеуші

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік)

Мақсаты

Қазақстан Республикасында бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау


Міндеттері

Бәсекелес нарықтарды құру (нарықтарда жаңа қатысушылардың пайда болуы және кіруі, сондай-ақ экономиканың негізгі салаларындағы бәсекелес орта үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру);

қоғамда бәсекелес сана қалыптастыру;

бәсекелестікті дамыту құралдарын жетілдіру.

Іске асыру мерзімдері

2010 – 2014 жылдар

Нысаналы индикаторы

Табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тізбесін қысқарту

Қаржыландыру көздері мен көлемі

Бағдарламаны іске асыруға 2010 – 2014 жылдары республикалық бюджеттен қаражат жіберілетін болады

2. Кіріспе


Бәсекелестік саласындағы саясат елді әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатына қол жеткізудің негізгі құралы және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі мен азаматтардың тұрмыс деңгейін айқындайтын түйінді фактор болып табылады.

Бәсекелестік саясат нарық субъектілерінің жарысқа түсуі үшін жағдайларды қамтамасыз ету, экономиканың тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпорындарды жаңғырту және азаматтардың тауарлар мен қызметтерге қажеттілігінің экономикалық тиімді тәсілдерін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау мақсатында мемлекет жүзеге асыратын дәйекті шаралар кешенін білдіреді.

Қазақстан Республикасының бәсекелестік саласындағы саясаты мемлекеттік басқару жүйесі экономикалық және әлеуметтік нормалардың сапасын талап ететіндіктен және заңдарды, оның ішінде бәсекелестікті қорғайтын заңдарды қолдануды негіздейтіндіктен, мемлекеттік реттеу жүйесін реформалауда басты рөльдердің біріне ие.

Қазақстан Республикасының Конституциясында әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар екендігі көзделген. Монополистік қызмет заңмен реттеледі және шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.


Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына экономиканың бәсекеге қабілеттілігін дамытудың, нығайтудың ұзақ мерзімді бағдарларының негізі қаланды, онда экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың нарықтық тетіктері ретінде бәсекелес нарықтарды және монополияға қарсы реттеудің сенімді құралдарын құру айқындалды.

Бәсекелестік саясаттың мақсаттарына қол жеткізу мынадай міндеттерді шешуді болжайды:

негізделмеген ішкі және сыртқы сауда кедергілерін қысқарту, артық реттеулерді болдырмау, көліктік, ақпараттық, қаржылық, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту және нарыққа қатысушылар үшін оған қол жетімділікті қамтамасыз ету есебінен жалпы бәсекелестік ортаны жақсарту;

монополияға қарсы реттеуді жетілдіру арқылы мемлекеттік органдар мен нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерінен бәсекелестікті тиімді қорғауды арттыру;

негізделмеген ішкі және сыртқы сауда кедергілерін жою, салықтық және салықтық емес ынталандыру және қолдау құралдарын пайдалану жолымен жекелеген салаларда бәсекелестікті дамыту шараларын іске асыру.

Қазақстан Республикасында бәсекелестікті дамытудың 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) заңнамалық базаны жетілдіруге, экономиканың кәсіпкерлік және инвестициялық тартымдылықтары үшін жағдайлар жасауға бағытталған.

Бағдарлама бәсекелестік саясатты іске асыру үшін негіз болып табылады, 2014 жылға дейінгі кезеңде оның басымдықтары мен негізгі бағыттарын айқындайды, монополияға қарсы реттеу шараларын, өзге де қорғау шараларын, сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет мүмкіндіктерін кеңейтетін және ынталандыратын бәсекелестікті дамыту жөніндегі шараларды енгізеді.

Бағдарламада көзделген іс-шараларды іске асыру:

мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуға;

жергілікті атқарушы және өкілді органдар қызметінің ашықтығын арттыруға;

әкімшілік кедергілерді қысқартуға және кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қажетті инфрақұрылымдарды құруға жәрдемдесетін болады.


Тұтастай алғанда Бағдарламаны қабылдау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл негізінде оны іске асыру орталық және жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестікті дамыту жөніндегі бірлескен іс-әрекеттерінің маңызды оң үлгісі болуы тиіс.


  1. Ағымдағы жағдайды талдау


3.1. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаның сипаттамасын, экономиканың негізгі салаларын дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асырудың қолданыстағы практикалары мен нәтижелерін қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын дамытуды мемлекеттік реттеудің қолданыстағы саясатын талдау

1990 жылдары Қазақстан Республикасында бәсекелестікті дамыту үшін көптеген шаралар жасалды:

бәсекелестік заңнамасы қабылданды;

монополиялық және бәсекелест нарықтарды бөлу жүзеге асырылды;

жекешелендіру жүргізілді;

әкімшілік қысым төмендетілді.

Макроэкономикалық саясаттың негізгі міндеттері бизнес жүргізу, компаниялар мен нарықтарды дамыту, қоғамның қажеттілігін неғұрлым толық қанағаттандыру үшін қолайлы нарықтық ортаны қалыптастыру болып табылады. Сондықтан, мемлекет іске асыратын экономикалық саясат бәсекелестік қағидаттарға негізделуі тиіс. Бәсекелестікті дамыту – оны шешу үшін барлық мемлекеттік билік органдары жауапты болатын кешенді міндет.

Ұзақ уақыт бойы саясаттың негізгі құралы ретінде қорғау тетіктері пайдаланылды. Бірінші кезекте, оған монополияға қарсы заңнаманы қолдану жатады. Қиындық монополияға қарсы реттеудің мейлінше аз құралдармен шектелуінде және ең алдымен бәсекелестікті дамытуға емес, құқық бұзушылықты жоюға бағытталғандығында болып отыр.

Бәсекелестікті дамытудың міндеті экономикалық реттеудің барлық құралдарының пайдаланылуын жетілдіруді талап етеді.

Бәсекелестік саясаттың рөлі нарықтық билікті теріс пайдаланатын нарық субъектілеріне монополияға қарсы заңнаманы қолдануға әкеп соқпайды. Бәсекелестік мемлекеттік экономикалық саясат шаралары нәтижесінде нашарлауы, ал жекелеген нарық субъектілерінің нарықтық билігі мемлекеттің нарық қатынастарына араласуының әр түрлі әдістерімен күшеюі мүмкін. Сондықтан бәсекелестік саясат монополияға қарсы органдардың тұтастай алғанда мемлекеттің экономикалық саясатын немесе тым болмаса, нарықтың бәсекелестік құрылымына, кәсіпорынның іскерлік практикасына, кәсіпкерлік қызметіне тікелей әсер ететін оның бағыттарын әзірлеуге кеңінен қатысуын айқындайды.


«Монополияға қарсы саясаттың тиімділігі» (90-нан 92-орынға дейін), «жергілікті бәсекелестіктің қарқындылығы» (97-ден 101-ге дейін) қосалқы индекстері бойынша 2008 – 2009 жылдар және 2009 – 2010 жылдар кезеңінде Дүниежүзілік экономикалық форумның Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан жағдайының нашарлағаны бәсекелестіктің жеткілікті дамымауы туралы айғақ болады.

Экономиканың негізгі саларында бәсекелестікті дамытудың ағымдағы жағдайын талдау экономиканың бірқатар салалары (мысалы, темір жол саласы, коммуникация, байланыс, авиатасымалы) артық шоғырландырылғанын көрсетеді, бұл ел экономикасында монополия тарапынан қауіптің (аталған нарықтардағы жұмыс істеп жатқан компаниялардың мінез-құлықтары қазіргі уақытта бәсекелес (жарыспалы) болған күннің өзінде) сақталғандығын білдіреді.

Бұдан басқа, жекелеген тауар нарықтарын монополияландыру заңдар қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

2009 жылғы 18 қыркүйекте қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен осы Кодекс қабылданғанға дейін бәсекелес болған дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сәйкестігін растау нарығы монополияландырылды. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі Заңымен Заң қабылданғанға дейін бәсекелес болған ғимараттарды, құрылыстарды және (немесе) олардың құрамдастарын техникалық тексеру нарығы монополияландырылды. Заңдарды әзірлеуші мемлекеттік органдар салалық заңдарда бәсекелестікті шектейтін ұқсас нормаларды көздеуді жалғастыруда.

Тауар нарықтарындағы бәсекелес ортаның жай-күйін (бәсекелестікті дамыту дәрежесін) бағалау, тауар нарықтарын дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маркетингтік стратегиясын, әлеуетті бәсекелестер үшін нарыққа «кіру»/«шығу» тосқауылдарының болуын немесе болмауын және оларды еңсеру шараларын айқындау мақсатында оларға жүргізілген талдаулар бәсекелестікке келеңсіз әсер ететін бірқатар нормативтік құқықтық актілерді анықтады.


Талдау нәтижесінде заңнамалық реттеуді жетілдіруді қажет ететін экономиканың (электр энергетикасы, темір жол көлігі, телекоммуникация) салалары анықталды.

Бәсекелестік саясаттың осы немесе өзге аспектілерін қалыптастыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді талдау бірнеше жалпы кемшіліктерді: мемлекеттік саясат бірлігінің, жан-жақтылығының, бірізділігінің болмауын; оның декларативтік сипатын; олардың іске асырылуын қамтамасыз ететін нақты міндеттер мен тетіктердің болмауын анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, шығарылатын нормативтік құқықтық актілер кәсіпкерлерге бизнесте жаңа мүмкіндіктер аша отырып, бәсекелестікті дамыту, экономикалық ресурстарды оңтайлы бөлу арқылы елдің экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға, тауарлардың төмен бағаларын және жоғары сапалы қызметтерді белгілеуге ықпал етуі тиіс.

Экономиканың негізгі салаларының нормативтік құқықтық актілерін пысықтаудың маңызы зор, экономикалық қатынастарды реттеу құралы ретінде бәсекелестікті дамытпайынша, тауарлар мен қызметтерді тұтынушылардың жалпы экономикалық әл-ауқатын жақсарту мүмкін емес.

Мемлекеттің бәсекелестік саясаты екі негізгі бағытты қамтуы тиіс.

Бірінші - тауар нарықтарында бәсекелестікті дамытуды жандандыру.

Бәсекелестік саясаттың қазіргі заманғы жай-күйі экономика салаларын дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттарда бәсекелестікті дамыту көзделгенімен, мемлекеттік органдардың осы бағыттарда шараларды жеткіліксіз қабылдайтындығын көрсетті.

Алайда, салалық мемлекеттік органдар практикада бәсекелестікті дамыту жөнінде нақты шаралар қабылдамайды.

Бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын қалыптастырған кезде салада бәсекелестікті дамытуды сипаттайтын индикаторларды және тиісті тауар нарықтарында шоғырлану деңгейін төмендету көрсеткіштерін көздеу қажет.

Қазіргі уақытта кейбір нарықтардағы бәсекелестікті дамыту мәселелерінің бір бөлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 302 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде шешілетін болады.


Агенттік «Мұнай өнiмдерiнiң айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Заң жобасын әзірлеуге қатысты, нәтижесінде мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізу нарығындағы делдалдарды жоюды, сондай-ақ мұнай өнімдерінің бөлшек сауда нарығында бағаны мемлекеттік реттеуді енгізуді және МӨЗ инфрақұрылымдарына кемсітусіз қолжетімділікті қамтамасыз ететін нормаларды бекіту бөлігінде ұсыныстар берді. Қазіргі уақытта Агенттіктің ұсыныстарын ескере отырып пысықталған Заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қарау шеңберінде Агенттік «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында уәкілетті органның агроөнеркәсіптік кешен саласында сатып алу бағасын белгілеу жөніндегі функцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарамағына беру туралы Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының ұсыныстарын қолдады.

Бәсекелестік саясаттың екінші бағыты – бұл бәсекелестік қатынастарды қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру (бәсекелестік туралы заңды жетілдіру, зардап шеккен нарық субъектілерін қорғау тетіктерін құру).

2009 жылғы 1 қаңтардан бастап «Бәсекелестік туралы» (бұдан әрі – Бәсекелестік туралы заң) және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары қолданысқа енгізілді. Бәсекелестік туралы заңның негізгі жаңалықтары кәсіпкерлік белсенділіктің өсуін ынталандыруға, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке теріс араласуын шектеуге, монополистік қызметті шектеу нысандары мен әдістерін жетілдіруге және жосықсыз бәсекелестікке жол бермеуге бағытталған.

Қабылданған Бәсекелестік туралы заңның мақсаты бәсекелестікті қорғау, тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау, экономикалық кеңістіктің біртұтастығын, тауарлардың еркін қозғалысын және Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету болып табылады.


Қабылданған заңдардың міндеттері монополистік қызметтін алдын алу, жосықсыз бәсекенің жолын кесу, экономика салаларын монополиясыздандыру, еркін бәсекелестікті қамтамасыз ету, тұтынушылардың заңды құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Монополияға қарсы реттеу бәсекелестікті қорғаудың маңызды құралы болып табылады, бәсекелестікті шектеу қаупіне тікелей және жедел ықпал етуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың туындауының алдын алады.

Бәсекелестік туралы заң нормаларын қолдану практикасы Заңның жекелеген ережелері нақтылануға, түзетуге және егжей-тегжейлі қаралуға жататындығын көрсетті.

Монополистік қызметке қарсы іс-қимыл мен бәсекелестікті қорғау процесінде монополияға қарсы орган экономикалық жағдай қалай өзгерсе, солайша бизнестің жаңа нысандарының пайда болуына, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға жаңа талаптардың қойылуына қарай жаңа проблемаларымен үнемі бетпе-бет келеді.

Іс жүргізу нормаларымен байланысты проблемалар блогында монополияға қарсы органның істі тергеу жөніндегі өкілеттіктерінде кемшіліктер бар екендігі, сондай-ақ монополияға қарсы ден қою шараларының қолдану бойынша іс жүргізу рәсімдерінің ұзақтығы (заңнаманың іс материалдарына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамадан басқа қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулыны қоса беру қажеттігі туралы талап) көрсетілді.

Соттардың аталған талаптарын орындау әкімшілік жазалар қолдану мерзімін созады, Агенттік пен құқық қорғау органдары арасында артық хат жазысуға әкеледі. Аталған мәселені зерделеген кезде Жоғарғы Сот заңға тиісті өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Негізделмеген әкімшілік кедергілер жаңа қатысушылардың нарықтарға кіруіне ынталандыруды төмендетеді, өндірістік емес шығындарды арттырады және сыбайлас жемқорлық пен «әкімшілік ресурстардың» туындауына жағдайлар жасайды.

Бәсекелестік орта жаңа әкімшілік кедергілерді белгілеуден қорғалмаған.

Көптеген елдерде кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің жаңа әкімшілік талаптарына кіретін нормативтік актілерді алдын ала бағалаудың және қабылдауды жан-жақты негіздеудің міндетті рәсімдері әзірленбеген және қолданылмайды.


Практика нарық субъектілері жіберген жеке бұзушылықтар жосықсыз бәсекеден көрінетін бұзушылық белгілеріне жатпайтынын, алайда оларды жасау нәтижесінде бәсекелестікті шектеу, тұтынушылардың құқықтарын бұзу байқалатындығын көрсетеді.

Мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілері болып табылмайтын нарық субъектілерінің біліктілік талаптары мен техникалық ерекшеліктерінде заңнамаға сәйкес келмейтін және бәсекелестікті шектейтін талаптарды енгізу сияқты мұндай бұзушылықтар Бәсекелестік туралы заңда көрсетілмеген және аталған бұзушылықтар соңғы уақытта едәуір жиі кездессе де, оған тиісінше монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылмайды.

Осыған байланысты, жосықсыз бәсеке түрлерін кеңейту қажеттілігі туындап отыр.

«Нарық субъектісі» деген ұғым нақтылауды талап етеді, себебі Заңның қолданыстағы редакциясы коммерциялық емес ұйымдарды нарық субъектілеріне жатқызуға және бұл ретте коммерциялық ұйымдарда бәсекелестікті шектеу фактілері болса да, тиісінше оларға қатысты монополияға қарсы ден қою шараларын қолдануға мүмкіндік бермейді.

Нарық субъектілерінің мемлекеттік органдар көрсететін мемлекеттік көмекті алуына келісім беру кезінде шекті мән ұғымын айқындау қажет.

Артық әкімшілендіруді жою мақсатында тергеу жүргізу кезінде монополияға қарсы органның іс жүргізу іс-әрекетін құқықтық реттеу тетігін жетілдіру талап етіледі.

Әр түрлі мемлекеттік органдардан мемлекеттік монополияны енгізу туралы көптеген ұсыныстар келіп түсуде. Тек соңғы уақытта не Беларусь Республикасында, не Ресей Федерациясында жоқ монополияны алкоголь өнімдерін өндіруге және өткізуге, алтын өндіруге енгізу ұсынылды. Бұдан басқа, аталған ұсыныстар бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы елдердің заңнамаларымен үйлестірілмеген, олар тиісті салаларда бәсекелестікті шектеуге бағытталған.

Осыған байланысты, заңнаманы одан әрі дамыту мемлекеттік монополияның жаңа түрлерін не «жасырын» монополияны құруды көздемеуі тиіс.


Бүгінгі күні мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылау негізін айқындайтын құқықтық база Бәсекелестік туралы заңда айқындалған, онда алғаш рет «мемлекеттік монополия» деген ұғымның анықтамасы, сондай-ақ мемлекеттік монополияны енгізу мәселелеріне бірыңғай тұрғыдан келу белгіленген.

Айрықша құқықты іске асыру мемлекеттік монополия субъектісін құру жолымен жүзеге асырылады, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған мемлекеттік кәсіпорын ғана бола алады.

Агенттік тауарды өндіруге және (немесе) сатуға, сатып алуға немесе оларды пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығын бекіту бөлігінде олардың талаптарға сәйкес келуі мәніне заңнамалық актілерге талдау жүргізді.

Аталған талдау нәтижесінде мемлекеттік монополия туралы нормалар бар, бірақ мұндай монополияны енгізу тәртібі жоқ Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілері («Өсімдіктер карантині туралы» 1999 жылғы 11 ақпандағы, «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі, «Патент заңы» 1999 жылғы 16 шілдедегі, «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» 1999 жылғы 26 шілдедегі, «Күзет қызметі туралы» 2000 жылғы 19 қазандағы, «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы» 2001 жылғы 29 маусымдағы, «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі, «Өсімдіктерді қорғау туралы» 2002 жылғы 3 шілдедегі, «Сауда қызметін реттеу туралы» 2004 жылғы 12 сәуірдегі, «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдары) анықталды.

Кейбір заңдарда қызмет түрлері мемлекеттік монополияға тікелей жатқызылмаған, бірақ мемлекеттік шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқығы нақты түрде осы немесе өзге қызметті айрықша жүзеге асыруға бекітілген (Қазақстан Республикасының Жер кодексі, Экологиялық кодексі, Орман кодексі, «Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы» 1997 жылғы 27 наурыздағы, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 1997 жылғы 20 маусымдағы, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2003 жылғы 25 сәуірдегі, «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» 2007 жылғы 26 шілдедегі, «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдары).


Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 сәуірдегі № 304 қаулысымен Мемлекеттік монополия субъектiлерiнiң және осы субъектiлер монополиялық жағдайда болатын салалардың тiзбесi (16 субъект және мемлекеттік монополия қызметінің салалары) бекiтілді.

Заңнамалық актілер нормаларын Бәсекелестік туралы заңның 32-бабына сәйкес келтіру мақсатында Агенттік «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуге бастама жасады.

Агенттік газ өткізу нарығында және басқа нарықтарда делдалдарды жоюды қамтамасыз ететін заңнамалық тыйым салу тетігі нарықтан делдалдарды жою үшін, әсіресе «...қаптап кеткен алып-сатарларды бір жаққа шығару ...» атап өтілген тауарлардың қымбаттау проблемалары жөніндегі Мемлекет басшысының 2009 жылғы 13 қарашадағы тапсырмасы тұрғысынан аса тиімді құрал болып табылады.

Бәсекелестік ортаның жай-күйі едәуір дәрежеде табиғи монополиялар субъектілері қызметінің құнымен, инфрақұрылымның жай-күйімен және оған кедергісіз қол жеткізу мүмкіндігінің болуымен негізделеді.

Табиғи монополияларды мемлекеттік реттеу:

бағалық (тарифтік) реттеу;

табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қолжетімділік жөніндегі технологиялық мүмкіндіктерді айқындайтын инвестициялық бағдарламалар;

тиісті секторларда олардың тұтынушылары арасындағы тиімді бәсекелестікті дамыту үшін табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қолжетімділікті реттеу, сондай-ақ тұтастай алғанда экономика үшін инфрақұрылымдық шектеулерді жою арқылы бәсекелестік ортаның сапасына тікелей ықпал етеді.

Бәсекелестік ортаның сапасы көп жағдайда табиғи монополиялардың құрылымдық реформаларының серпінімен негізделеді, оның барысында:

реттелетін және реттелмейтін қызмет түрлері бойынша құрылымдық қайта құру немесе бөлек есепке алу арқылы бәсекелестік және табиғи монополияның қызмет түрлері анықталады;


бәсекелестік секторлардың нарықтық ережелері белгіленеді;

мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру бағыттары айқындалады.

Өңірлік бәсекелестікті дамыту Қазақстан Республикасындағы бәсекелестікті дамыту бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Өңірлік бәсекелестікті дамыту мақсаты өңірлер экономикасының басым салаларында бәсекелестік деңгейін арттыруға, оның ішінде тауар нарықтарында жаңа қатысушылардың пайда болуы үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы жәрдемдесу.

Бәсекелестікті дамыту шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың қызметі:

мемлекеттік органдардың әкімшілік кедергілерді белгілеулерін және тауарлардың қозғалысы үшін шектеулерді болдырмайтын жүйелерді құру;

мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметтерге қатысуын қысқарту;

өңірлік нарықтар, жаңа кәсіпкерлерді тарту мақсатында тауарлар мен қызметтердің қажеттілігі туралы ақпараттарды жинауды, талдауды және жариялауды ұйымдастыру;

мемлекеттік органдар қызметінің ақпараттық ашықтығын арттыру;

басым салалардағы тауар нарықтарының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі басты міндеттерді шешуге бағытталуы тиіс.

Өңірлік бәсекелестіктің дамуын бағалау мақсатында Агенттік өңірлерде бәсекелестікті қолдау мен дамыту деңгейін бағалауға бағытталған бәсекелестікті дамыту жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалау индикаторларының есептерін жүргізеді.

Рейтинг Статистика агенттігінің, Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің деректері, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері ұсынған ақпараттар негізінде, сондай-ақ Агенттіктің өңіраралық инспекциялары мен құрылымдық бөлімшелерінің көрсеткіштерін пайдалана отырып есептеледі.

Рейтинг әкімдіктердің шағын және орта кәсіпкерлікті және бәсекелестікті дамытуды қолдауын көрсететін көрсеткіштерді (үстем немесе монополиялық жағдайға ие кәсіпорындар санының серпіні, кейбір өңірлік тауар нарықтарының шоғырлану деңгейі, монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері бойынша мемлекеттік органдардың орындаған нұсқамаларының саны), сондай-ақ өңір экономикасының жекелеген салаларында бәсекелестікті дамытуды жанама көрсететін көрсеткіштерді қамтиды.


Рейтинг әкімдіктердің инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау жөніндегі жұмыстарын, экспорттық әлеуетін бағалауды және басқаларды көздейді.

Қазіргі уақытта 2009 жылғы қорытынды бойынша Қазақстан өңірлерінің бәсекелестікті дамыту деңгейі бойынша рейтингісі қалыптастырылды, оның нәтижесі бәсекелестікті дамыту жөнінде жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шаралар жеткіліксіз екендігін көрсетеді.

Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан облыстарды, республикалық маңызы бар қалаларды, астананы дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған бағдарламасы өзіне өңірдегі бәсекелестік ортаны жақсартуға бағытталған жалпы шараларды, жекелеген нарықтардың ерекшеліктері мен проблемаларын ескеретін бәсекелестікті дамытудың салалық шараларын (салалық индикаторларын), сондай-ақ сауда саласын дамытуға бағытталған шараларды, оның ішінде өңірде сауда қызметін жүзеге асыратын әр түрлі форматтарды енгізуі тиіс.

Бағдарламада өңірлік бәсекелестікті дамыту жөніндегі қорытындыларды, болжамдарды, іс-шараларды көрсететін өңірдің негізгі тауар нарықтарындағы бәсекелестік ортаның жай-күйіне талдау (нарық субъектілері туралы ақпарат, бәсекелестік деңгейі, шоғырландыру, нарыққа кіру кедергілері, сондай-ақ бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін факторлар) берілуі тиіс.

Сондай-ақ, мемлекеттік бәсекелестік саясатты кеңейту мақсатында мынадай міндеттерді:

кәсіпкерлік қызметті бастау және жүргізуді жеңілдетуді;

тауарларды өткізу үшін әкімшілік кедергілерді қысқартуды және шектеулерді жоюды;

өңірлік нарықтар, жаңа кәсіпкерлерді тарту мақсатында тауарлар мен қызметтердің қажеттілігі туралы ақпараттарды жинауды, талдауды және жариялауды ұйымдастыруды;

негізгі рәсімдер мен қызмет нәтижелерін жариялауды қоса алғанда, жергілікті мемлекеттік басқару органдары қызметтерінің ақпараттық ашықтығын арттыруды;

жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нарық субъектілерінің шаруашылық қызметіне тікелей қатысуын қысқартуды шешуге бағытталған бәсекелестікті дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеуді көздеу қажет.


Бұдан басқа, бәсекелестікті дамытудың қажетті деңгейі туралы мынадай көрсеткіштер:

1 000 тұрғынға арналған белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпорындардың саны;

кәсіпорынның меншік нысаны бөлігінде жалақы төлеу деңгейі;

шағын және орта кәсіпорындардың өнімдер шығарылымы (серпінде);

өнеркәсіптегі кәсіпкерлік сенімділік индексі;

экономикада жұмыс істейтіндердің жалпы санынан шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейтіндердің арақатынасы;

өңірлік бағалардың аймақтылығы бойынша маңызды тауарлардың жекелеген түрлеріне арақатынасы; әдістемесі, өлшем бірлігі

соңғы үш жыл ішінде нарыққа кірген саланың жаңа қатысушылары өндірген өнімдер мен қызметтердің үлесі; әдістемесі

1 000 адамға арналған сауда алаңдарымен қамтамасыз ету;

халықтың жан басына шаққандағы бөлшек тауар айналымы;

жаңа сауда объектілерін іске қосу (жыл сайын 100 бірлік);

жұмыссыздық деңгейін төмендету;

азаматтардың өмір сүру деңгейі (атаулы және нақты мәнде) бойынша әкімдіктердің қызметі куәландыратын болады.

Өңірлік бәсекелестік саясатты іске асырудың тиімділігі туралы:

бәсекелестікті дамыту (әділ бәсекелестіктің басымдықтары және негізгі қызметтер бойынша жұмыс нәтижелері туралы ақпараттық материалдарды әзірлеу (БАҚ-та жариялау, телевидение мен радиодан сөз сөйлеу); бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдеріне арналған монополистік қызметті шектеу және жосықсыз бәсекені болдырмау жөнінде қоғамдық іс-шаралар (оның ішінде конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар); Тізілімде монополистердің санын қысқарту; мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері фактілері бойынша шығарылған нұсқамалардың орындалу саны);

жергілікті атқарушы органдардың әкімшілік кедергілерін қысқарту;

маңызды тауар нарықтарын шоғырландыру деңгейінің көрсеткіштері куәландыратын болады.

Мемлекеттік ұйымдарды құрумен және оларға кейбір мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік саясатты жүргізу өкілеттіктерін берумен байланысты бәсекелестік қауіптер бұрынғыдай өзекті болып отыр.


Әлемдік тәжірибе бәсекелестік қатынастардың дұрыс дамуына нұқсан келтіруі мүмкін мемлекеттік басқаруға тән емес функциялардан бас тарту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін көрсетеді. Бәсекелестікті ұлғайту кейбір қоғамдық қызметтерді ырықтандыруға ықпал ететін болады.

Мемлекеттік ұйымдардың бейінді емес қызмет түрлерін бәсекелестік ортаға беру және мемлекеттің экономикаға араласуын азайту туралы мәселені Мемлекет басшысы 2005 жылы алға қойған болатын.

Алайда, мемлекеттік кәсіпорындардың саны сол уақыттан бері азайған емес, ұлғайып келеді (2006 жылмен салыстырғанда мемлекеттік кәсіпорындардың саны 10 %-ға 4659-дан 5126-ға дейін ұлғайды).

Монополияға қарсы органның мемлекеттік органды құруға және оның жұмыс істеуіне келісімі жеке кәсіпкерлердің қоғам қажеттілігін қандай да бір себептері бойынша толық қанағаттандырмаған қызмет салалары бойынша беріледі. Заң бизнестің кәсіпкерлік белсенділігін шектеуге жол бермеу мақсатында мұндай салалардың толық тізбесін көздейді.

Бүгінгі күні мемлекеттің меншігінде 5 мыңнан астам мемлекеттік кәсіпорынның бар екендігін ескере отырып, аталған шара дағдарыстан кейінгі кезеңде жеке кәсіпкерлікті қолдауды және дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» Заңда мемлекеттік органдарға мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын беруге тыйым салу көзделген.

Бұл ретте, мемлекеттік ұйымдарға өзге де мемлекеттік функцияларды беру (түрлі кадастрларды, деректер базаларын жүргізу және т.б.) жаппай жүзеге асырылады.

Мұндай мемлекеттік ұйымдар үшін кәсіпкерлік қызметтің айрықша жағдайларын жасау жеке компаниялардың олармен бәсекелес болуына мүмкіндік бермейді. Мемлекеттік ұйымдар саяси және әкімшілік ресурстарға және өсетін қаржы мүмкіндіктеріне ие бола отырып, тауар нарықтарындағы олардың қызмет салаларымен сабақтас тауар айналымының жалпы жағдайына шешуші ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты, мемлекеттік ұйымдарға монополияға қарсы бақылауды күшейтуді көздеу, билік ету функцияларын барлық құрылған мемлекеттік ұйымдардан мемлекетке қайтаруды қамтамасыз ету, мемлекеттік ұйымдардың жеке ұйымдардан тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алған кезде конкурстық тетікті пайдалануды кеңейту қажет.


Қазақстан экономикасын дамыту және монополияға қарсы бақылау мен реттеудің қарқынды рөлі бәсекелестікті адвокаттандыру жөніндегі іс-шаралардың мәнін арттырады (бәсекелес орган үшін консультация беру, Үкімет жүргізетін экономикалық және реттеу саясатына ықпал ету және нарықтың неғұрлым бәсекелес салалық құрылымын, фирмалардың бәсекелес мінез-құлқын және нарықтың тиімділігін ынталандыру үшін оны әзірлеуге қатысу мүмкіндігі).

Бүгінгі күні бәсекелестікті қорғау (бәсекелестікті адвокаттандыру) мәселелері бойынша нарыққа қатысушыларды, мемлекеттік органдарды, жалпы қоғамды ақпараттандырудың тиімді жүйесі жоқ.

Бәсекелестікті жалпылама түсіну, мақсаты мен пайдасы жоқ жерде бәсекелестікті тиімді қорғау және насихаттау мүмкін емес.

Қоғамды бәсекелестік мәселелері бойынша төмен ақпараттандыру салдары монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтың өсуі болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта жалпы қоғамның салалық реттеуіштер функцияларының монополияға қарсы орган функцияларынан айырмашылығы туралы түсінік жоқ.

Бәсекелестікті адвокаттандыру деп ең алдымен, барлық нарық процестерінің қатысушыларына адал бәсекелестіктің талаптарын сақтау қажеттігі, бәсекелестік тәсілдерінің тиімділігі, монополияға қарсы заңнаманың ережелерін сақтау міндеттілігі түсінікті болатын ақпараттық жағдайлар жасау түсініледі.

Бәсекелестік саясаттың мақсаттары мен міндеттері туралы, мемлекеттік бәсекелестік саясат шеңберінде іске асырылатын іс-шаралар туралы билік органдары, бизнес өкілдерінің хабардар болуын арттыру, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық өкілдерін жұмысқа тарту барлық қатысушылардың тауар нарықтарында бәсекелестік ортаны дамыту жөніндегі күш-жігерін шоғырландыруды және кәсіпкерлік қызметті ынталандыруды қамтамасыз ететін жағдайларды жасауды қамтамасыз етеді.


    1. Бірнеше жылдар серпініндегі негізгі көрсеткіштер

Мемлекет экономикасына әсер еткен қаржылық-экономкалық дағдарыс тұтастай алғанда бәсекелестік саясат пен бәсекелестікті дамытуда да өз көрінісін тапты. 2007 жылдан 2008 жылдар кезеңінде Қазақстан экономикасында жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың жалпы саны 2,2 %-ға азайды. Іскерлік белсенділіктің және тиісінше ауыл шаруашылығы, аңшылық және орман шаруашылығы (8 461-ден 7 725-ке дейін), балық аулау (220-дан 214-ке дейін), өңделетін өндірістер (12 581-ден 11 667-ге дейін), электр энергиясын, газды және суды өндіру және бөлу (1 130-дан 1 059-ға дейін), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (4 649-дан 4 324-ке дейін) салаларындағы кәсіпорындар санының төмендегені байқалды.


Қазіргі уақытта, дағдарыстан кейінгі даму кезеңінде аталған көрсеткіштердің жақсару үрдісі байқалды. 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 12083 бірлікке ұлғайды, өсу 106,8 %-ды құрады. Бұл ретте, айтарлықтай ұлғаю экономиканың қаржы қызметі (17,5%), жылжымайтын мүлік операциялары (10,6%), тау-кен өндіру өнеркәсібі (10,5%), көлік және байланыс (9,4 %), сауда (8,4%) және өңдеу өнеркәсібі (6,3%) сияқты салаларда болды. Осы факт аталған нарықтарда бәсекелестікті дамытудың әлеуетті мүмкіндігі туралы айтады.

2008 жылы нарық субъектілері арасында қосылулар және жұтып қоюлар санының ұлғаюы байқалды. 2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы экономикалық шоғырлануға рұқсат беру 7 %-ға артық берілді (210-нан 224-ке дейін). Тізілімдегі субъектілер саны 2007 жылы 754-тен 2008 жылы 969-ға дейін өсті.

2009 жылы экономикалық шоғырлану қарқыны төмендеді. Алдағы кезеңмен салыстырғанда экономикалық шоғырлануға рұқсат 26 %-ға аз берілді (2008 жылы 387-ден 2009 жылы 308-ге дейін).

2009 жылы Тізілімге түгендеу жүргізілді, нәтижесінде нарық субъектілерінің саны 333 бірлікке азайды және 2010 жылғы 1 қаңтарға 612 субъектіні құрады: оның ішінде: отын-энергетикалық кешенінде – 177, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласында – 134, өзге де салаларда – 179.

Мемлекеттік сатып алу кезінде жасырын монополияларды болдырмау мақсатында нарық субъектілері үлесінің 100 %-ын «35%-дан астам» деп өзгерту бөлігінде Тізілімге өзгеріс енгізілді, бұл тауарларды бір көзден сатып алу мүмкіндігін болдырмайды және тауардың әлеуетті өнім берушілері үшін тең мүмкіндікті қамтамасыз етеді.

Агенттік жүргізетін тауар нарықтарын талдау саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Өткен кезеңде Агенттік тауар нарықтарының 60 тобына талдау жүргізді (2008 жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге артық).

Мемлекет басшысының және Қазақстан Республикасының Үкіметі Басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде 2009 жылы Агенттіктің негізгі қызметі бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қарсы әрекет тиімділігі арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталды. Әсіресе бұл үстем жағдайды теріс пайдаланудың және нарық субъектілері арасындағы мәмілелердің жолын кесуге және болдырмауға бағытталды.


Жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган монополияға қарсы заңнаманың әртүрлі бұзушылықтары үшін монополияға қарсы заңнаманы бұзуды тоқтату туралы 56 нұсқама шығарды.

Агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері 2009 жылы әкімшілік құқық бұзушылық туралы 263 іс қозғады, бұл 2008 жылғы көрсеткіштен 2,3 есеге жоғары (2008 жылы – 114 әкімшілік жаза қолдану актісі). Бәсекелестік туралы заңмен шектелген монополистік қызмет үшін – 49 (2008 жылы – 16), мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері үшін – 1 (2008 жылы – 12), экономикалық шоғырлану кезіндегі нарық субъектілерінің заңсыз іс-әрекеттері үшін – 22 (2008 жылы – 11), жосықсыз бәсеке үшін – 10, өзге де бұзушылықтар үшін – 181 (2008 жылы – 75).

Тауар нарықтарында, оның ішінде іс-әрекеттерінде көбінесе жекелеген ұйымдарға негізсіз басымдықтар, оларды бәсекелестерге қатысты артықшылықты жағдайға қоятын жеңілдіктер беретін актілер не шешімдер қабылдаудан көрінетін мемлекеттік органдар тарапынан бәсекелестікті шектеуге әкелетін монополияға қарсы заңнама нормаларын бұзу саны жыл сайын ұлғайып отырғаны атап өтілді.

Монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына қарсы іс-әрекеттің инфляциялық процестерді ұстап тұруы және одан әрі экономикалық дамуын қамтамасыз етуі үшін айрықша маңызды мәні болды.

Осыған байланысты, Агенттік әлеуметтік маңызы бар нарықтарға (дәрі-дәрмек нарығы, азық-түлік және жеміс-көкөніс өнімдері нарығы және басқалар), сондай-ақ ел экономикасы үшін инфрақұрылымдық мәні бар нарықтарға (мұнай өнімдері, электр энергиясы нарығы, көлік нарықтары және басқалар) ерекше назар аударады.

Мұнай өнімдерін, азық-түлік және жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу нарықтарындағы жағдайларды тұрақтандыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде аталған нарықтардың субъектілеріне қатысты монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына тергеу жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша монополияға қарсы заңнаманы бұзушыларға монополияға қарсы заңнаманың тиісті шаралары қолданылды.


Сондай-ақ коммуналдық қызмет тұтынушыларынан келіп түскен өтініштер негізінде коммуналдық қызмет нарығында монополияға қарсы заңнама нормаларының бұзылуына 28 тергеу жүргізілді.

Бұл ретте, 2008 жылы Агенттік 96 тексеру жүргізді. Аяқталған жүргізілген тергеулер саны – 33, олар бойынша нарық субъектілеріне және мемлекеттік органдарға қатысты 34 монополияға қарсы ден қою актісі шығарылды. Шығарылған нұсқамалардың жалпы санының (338) 92 %-ы (313) орындалды.

2008 жылдың қорытындысы бойынша монополияға қарсы органның орталық аппаратының және оның аумақтық бөлімшелерінің қатысуымен 119 сот талқылаулары болды: 44 талап монополияға қарсы органға қойылды, 75 жағдайда монополияға қарсы орган жауапкер ретінде қатысты. Бұл ретте, 14 іс маңыздылығы бойынша сот шешімі шығарылмай тоқтатылды. 105-тің 71 жағдайында шешім монополияға қарсы органның пайдасына шығарылды, пайыздық көрсеткіште 67,6 %-ды құрайды.

2009 жылы монополияға қарсы орган 179 сот талқылауларына қатысты, оның: 95-і азаматтық істер, 84-і әкімшілік істер бойынша.

Нарық субъектілерінің өз үстем (монополиялық) жағдайын теріс пайдалану мүмкіндігін немесе бәсекелестікті шектеуді болғызбау мақсатында Агенттік 2008 жылы 387 экономикалық шоғырлануға өтінішхатты, 2009 жылы 308 өтінішхатты қарады, оның 224 (немесе 58%-ы) келісілді және 103 (немесе 33%-ы) тиісінше.

Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін мемлекеттік бюджетке 2008 жылы шамамен 3,6 млрд. теңге, 2009 жылы 1,9 млрд. астам теңге түсті.


    1. Экономиканың негізгі салаларында бәсекелестікті дамытудың проблемалары



следующая страница >>