https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3 4

махаббаттың нұры бар деп,


Қарайды жанның бәрі қабағына, – деген жыр жолдарынан «махаббат» атты ұғымның құдыреттілігін көрсетеді. Қос ғашықтың «Махаббат ғашықтық» концептісінде

Шәкәрім:

Ей, Қалқаман, тегі жоқ, құдай жалғыз,

Мұқтаж емес жолдасқа тіпті армансыз.

Адамзатқа көмексіз, махаббатсыз

Өмір қызық дегенді естен қалғыз.

Жоқ болса махаббатты бір сүйгенің,

Ойлашы, керегі не дүниенің.

Сүйсін, жолдас болсын деп жаратты Алла. Бұл туралы білгенім осы менің – деген өлең жолдарынан «бір» сөзінің ерекше әрі стильдік, әрі танымдық жүк арқалап тұрғанын көруге болады. Шынайы ғашықтықты бағалауды да Алла жаратқан деген ұғымымен астасып жатыр.

Ар-ұят концептісінің философиялық аспектісі жан садағасы екендігін, Абай Алланың өзі де рас, сөзі де рас деп басталатын өлеңінде және отыз алтыншы, отыз сегізінші қарасөздерінде ар мен иманды түсіндіруде араб сөздерін дәл құран тілінде берілуімен қолданып, оның мән-мағынасын қазақтың поэзия тілімен немесе қарасөздерінде шешендік үлгісімен береді. Қазақ халқының ертеден қалыптасқан моралі «Малымжанымның садағасы, Жанымарымның садағасы» деп ар, ұят, иман қасиеттерін жаннан артық бағалап, «Өлімнен ұяттың күшті екендігін» қоғамда, тәрбиеде басты қағида етіп ұстанған.

Жүрек әртүрлі аспектіде көрініс табады. Жүрек сөзі тура мағынасында – бойға қан жүргізуші басты орган. Ауыс мағынасында адам баласының жан дүниесі, рухани сезімі. Сол сезімнің әркімнің бойында әртүрлі қабылдаудың әсерінен лүпілдеген жүрек, қақ айрылған жүрек, сұм жүрек, жылы жүрек, асау жүрек, ақ жүрек т.б. секілді күйініш пен назын, қуанышы мен қайғысын білдіреді. Философиялық тұрғыдан адам өзін-өзі жеңуі және дел-салдық дәрежеге түсуі ақиқат. Жүрек – ішкі дүниенің күші. Рас, жүрек күші арқылы өмірдің барлық сәттері мен барлық амал-әрекеттерін құрастыратын қару іспеттес. Абай «Жүрек – қаза көрген жүрек» аспектісінде:


Біреудің кісі өлсе, қара ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы – ол.

Көзінің жасын тыймай жүріп

Зарланып неге ән салады ол? – деген өлең жолдарында қапаланып, қайғы жұтқан адамның зарланып, мұңданған күйі танылады. Сол сәттегі адам баласының бүкіл жай-күйі көз алдыңызға елестеп, қан жұтып отырған, қара жамылып отырған жүрек адам өзі екендігін Абайдың өлең жолдары айқын көрсетіп тұр. Бұл жерде жүректің сан түрлі күйде бола алатындығымен қатар, кей жағдайда жүректің «қаза көрген жүрек» те болатындығын танытады. Қаза көрген жүрек әдеттегі жүректен ерекшелеу, өйткені ол бар даусымен айғай салып, зарланып жоқтау айта алуымен де, сондай-ақ іштей күйзеліп, күрңірене отырып, зарланатын жүрек те бола алады. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бол ма?», деген (Абай. Отыз төртінші қарасөзі). Жүрек концептісіне лингвокогнитивтік талдау жасау арқылы этнос болмысына қатысты көптеген танымдық мәнді қарастыруға болады. Ақтабан шұбырынды халық басынан өткен зар заман болды. Қазақта тыйым сөздер бар, «Зарлама, жаман болады,» «Зарлама жағың қарысады», – деп үлкендер айтып жатады. Осы зарлама етістігін Шәкәрім: Кетсең де, сәулешім, Суретің ойымда. Нұрлы жүзің сипаттап зарланайын, Айтатын әлемнің, Істеген тойында, – деп ғашықтықтан басы айналған жүрегінің әмірімен ғаламға жар салғысы келетіндігін жасырғысы келмейді. Сонымен қатар жүрек концептісі «жүрек – жастық шақ», «жүрек – ыстық жүрек» деген лингвофилософиялық түсінік арқылы көрініс тауып, адам бойындағы жастықты, қайсарлықты, бұлқынған, тасынған сезімді, жігерлілікті білдіреді.

Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс,

Ойға тойма, қызықты қиялдан күс.

Қарашы, өн бойыңа түгел ме екен,

Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш? –деген жыр жолдарына арқау етеді. Сонымен қоса, есейген шақта өткен өміріне есеп бере отырып, бойда бар ыстық жүректі, қуат пен күшті білім мен ғылымға жұмсау қажеттігін ескертеді. Сөйтіп, данышпан Абай жастарға өмір тез-ақ өтіп кетеді, сондықтан күш-қайратың барда білім ал, еңбек ет, еліңе пайда әкел деген өсиетті қоса білдіреді. «Жүрек – кірлеген жүрек» ұғымында Абайдың есейіп, қоғамның келеңсіз жағын көре отырып, халықтың арасындағы жағымпаз, өсекші, мансапқорлардың жат қылықтарына өзінше топшылаулар жасап, қоғамның өзгерген әр түрлі құбылысын этнос танымына жақын бейнелер арқылы суреттеген.


Сылдырлап өңкей келісім

Тас бұлақтың суындай,

Кірлеген жүрек өзі ішін

Тұра алмас әсте жуынбай

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл

Не жазып кетсе, жай ол,

Жек көрсеңдер өзің біл, – деген өлең жолдардан жүректің әр түрлі құбылыстарға жауап беріп құбылатындығын байқаймыз. Сонымен «жүрек» – тілдік әлем бейнесінде адам өмірі мен дүниетанымында басты рөл атқаратын қоғамдық құбылыс. «Жүрек» концептісінің логикалық модельдеріне қатысты түрлі ұғымдарды атап өтуге болады. Оларға: «жоқтау айту», «өмірге талпыну», «өткенге өкіну», «шарасыздық» т.б. сияқты тілдік-логикалық бірліктерді жатқызған жөн.

«Сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары арқылы берілген Абай, Шәкәрім шығармаларының концептілік сипаты» атты бөлімде сөз тіркестерінің есімді, етістікті, ортақ басыңқы сыңарлары арқылы берілген Абай, Шәкәрім шығармаларының танымдық мәні лингвофилософиялық мазмұнға ие болатындығын, «ар-ұят», «имандылық», «тәңір», «білім-ғылым», «махаббат», т.б. концептілерінің логикалық әр түрлі тілдік модельдері образдық сипат құрайтындығын айтылады. Адамның рухани дүниесі тіл мен ойлауға тікелей байланысты.

Ж.Манкеева ұлттың рухани дүниесі, сонымен сабақтас қалыптасқан материалдық өндіріс пен тұрмыс күйі әркімнің жеке басының жағдайына байланысты, тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты қалыптасқан жалпыхалықтық құбылыс екендігін анықтайды. Ұлттық мәдени лексиканың ұлттық психологиямен, ұлттық дүниетаныммен тығыз байланысты екендігін таныта отырып, ғалым тіл арқылы ұлттық болмысты зерделейді.

Ә.Қайдардың «Этностың дүниеге келуіне ұйтқы болған да – тіл, рухани – мәдени өмірінің өзегі де, өзін-өзі танып білудің өлшемі де – сол тіл. «Адамтану», «Қоғамтану», «Табиғаттану» деп аталатын ғылым салаларының қалыптасуына негіз болатын да, біле білсек, осы «тіл әлемі», [13, 11 б.]. – деген тұжырымы бүгінгі қазақ тіл біліміндегі антропоцентристік бағыттағы ғылыми ізденістердің басты ұстанымына айналып отыр. Осы тұрғыда Э.Д.Сүлейменова,


К.Жаманбаева: «...тіл мен таным процестерінің арақатысын көрсетуде тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде (оған тіл де кіреді) құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілеп береді», – деген тұжырымдар жасайды[14, 3-4 бб.]. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Е.Омаров, К.Кемеңгерұлы, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев, т.б. ғалымдардың еңбектерінен танымдық ой-жүйенің бар екендігін, қазақ ғылымында когнитивтік лингвистиканың іздері ежелден-ақ қалыптасқанын байқауға болады.

«Етістікті сөз тіркестерінің грамматикалық құрылымы» деген тармақшада тіліміздегі сөз тіркестерінің аумақты тобын етістіктер құрайтындығы жайында сөз болады. Етістіктер сөз тіркестерінің түрлерін айқындауда басты рөл атқарады. Сөз тіркесін құрауда және сөйлемді тиянақтауда сөздер 3 түрлі формада жұмсалатындығын профессор Т.Сайрамбаев өз еңбегінде атап көрсетеді [6, 153 б.]. Сөз тіркестерінің ұйытқы сыңары етістіктің көсемше, есімше тұлғаларымен қатар, жақсы оқып, жақсы оқыған, ашық рай тұлғасы да ол жақсы оқыды сөз тіркесін ұйымдастырушы деп танылуға тиіс. Өйткені етістіктер қандай тұлғада келмесін бәрібір сөз тіркесін құрайды.

Сөз тіркестерінің басыңқы қызметінде етістіктерге тән тұлғалардың қайсысы да сөйлемнің соңында емес, ішінде қолданыла алады. Олар сабақты, салт етістіктер, райлар, есімше, көсемше, етіс, болымды, болымсыз, дара және күрделі тұлғаларының біреуі болуы да мүмкін. Етістікті басыңқы сыңарлы сөз тіркесі қабыса және меңгеріле байланысады. Обьектілік мәндегі шығыс септікті зат есімдер етістікті тіркестің бағыныңқы қызметінде жиі қолданылады. Төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек (Абайдың отыз бірінші қарасөзі). Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды (Абайдың он тоғызыншы қарасөзі).

Жас күнімде ерінтіп,

Шала қалдым ғылымнан. (Шәкәрім. «Ашу мен ынсап»).

Пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркесі: Айла менен амалды, Меруерттей тізіппін, Жалмауыздай жалаңдап, Ар, ұяттан күсіппін, Қулық пенен сұмдыққа, Құлындайдай ұшыппын. (Абай. Жылы белгісіз өлеңдерден). Биені байлап болып, желінің басында отырғанда, түнеугі ысқа берген теріні қанжығасына байлаған (Шәкәрім. «Әділ – Мария»). ... бақайыңнан келмей түк көрмегендей-ақ маңқиып тұра бересің-ау! (Шәкәрім. «Әділ – Мария»).


Қазақ тіліндегі -мен, (-бен, -пен) тұлғалы сөз тіркестері қимыл-әрекеттің құралын, іске асу тәсілін және бірлескен әрекетті білдіреді. Мысалы, Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты (Абай. Отыз сегізінші қарасөзі).

Арам оймен ар сатып, үзіп-жұлмақ,

«Міне, пайда қылдым» – деп мақтан қылмақ (Шәкәрім.«Анық пен танық»).

Намыс сол – өзің қорлан кемдігіңе,

Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіңе (Шәкәрім. «Талап пен ақыл»).

Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек (Абай. Отыз екінші қарасөзі).

Сілтеу есімдікті етістік басыңқы тіркес Мысалы: Хан қайғырды: Ел жайы бұл екен деп, Әншейін босәуіре боп жүр екем деп. (Шәкәрім. «Алты әңгіме»).

Екінші тараудың екінші тармақшасында «махаббат», «ар», «имандылық» концептілер өрісінің танымдық бейнесі ашылады. Ақындар тіліндегі ұқсастық және танымдық талдаудың мәні көрініс табады.

«Махаббат» концептісінде келтірілген бойды шымырлатып, тілді байлап, буынын босатып, буынды құртып деген етістікті басыңқы сыңарлы сөз тіркестері екі жастың махаббатында болатын сезім күйінің жоғары мотивін көрсететін болса, қайығы шеккен адамның күйін бейнелейтін тура осы сөз тіркестері Абайдың бесінші қарасөзінде: «Қайғы көрген кісінің қайғысы өзін де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» тіркестерімен айқындалады. Бұл жердегі бойды шымырлатып, буынды құртып, көзден жас болып ағады, тілден сөз болып шығады деген эмоционалды-эксперссивтік мән беруші етістікті басыңқы сыңарлы сөз тіркестерінен адамзаттың өмірден қайғы-қасіретті, қатты қуанышты сезінген кездегі сезім күйлерін көруге болады. Буынды құрту етістігі Абайдың тілдік тұлғасында қайғырған кезде жүретін бойдағы сезімді көрсететін тілдік бірлік екендігін аңғаруға болады. Махаббат сөзінің концептуалды мәні – ғашықтық. Абай өлеңдерінде буыны босау етістікті тіркесі Шәкәрімнің тілдік тұлғасында буыны құру жолдарымен өріс табады. Абай «Қызарып, сұрланып» өлеңінде Жүрегі елжіреп, Буындары босанып, Рахатпен әлсіреп, Көзіне жас алып, – деп жырласа, Шәкәрім «Жиырма үш жасымда» өленіңде Боз үйге кіріп, Буының құрып, Жарыңның барсаң қасына, Сипалап жүріп, Төсегін біліп, Тигенде қолың басыңа, – деп келтіретін құру, босау етістіктері буын сөзімен тіркесіп махаббат категориясын құрайтын айшықты жолдарға өрнектеледі. Оқырманның көңіліне ой суретін елестететін құбылыстарды осылай жеткізеген. Бұл Абайша жырлаған Шәкәрімнің тағы бір ұқастық жағы деуге әбден болады.


Шәкәрім жырларында хас сұлудың мөлдіреген жанары өрімнен тұзақ құрып, бұлқынған сезімді құрықтағанын, сүйіктісінің бейнесі көңілінен өшпей сәуле тудырып, олсәуле-мұңнан ақын алыстап кете алмайтындығын білдіреді.

Тура осындай ойлар Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» өлеңінде одан әрі жалғасын табады. Махаббат үшін «мал мен басты құрбан етер» ақын жүрегі енді бір жолдарда:

Жаду көзің басымды айландырып,

Құрбан қып шалдың ба жарыңды жолыңа

Фәрменіңді айт: шықсын ба, не қайтсын ба

Жолыңа құрбан боп, шыдап тұр өлімге, – деп адамның албырт сезімін одан әрі асқақтата түседі. Абай жарасқан қос жүректің сезім күйін дәл тауып, берілген метафизикалық концепт өрістерінде: жүрегі лүпілдеу, буыны босау, жүрегі елжіреу, тән шымырлау, жүрек балқу, ләззәт алу, бос шошу, бір қызару, бір сұрлану, тіл байлау, іш қайнау, ақылмен бойды алу, дерттің күйдіруі, дертті жазу, азғырып әуре ету, бойды жеңу, қайғымен бос өлу, жүрек қайнау, көңіл өсу, ғашықтыққа мас болу, ақ жүзіңді көру, мен өлейін, жар есігін бермеу, өзгеден ұрлау, жүрекпен алысу, көңілмен танысу, белгісіз қысылу, пішіні құбылу, үндемей сүйісу, рахаттан әлсіреу, көзіне жас алу сияқты сөз тіркестерін экспрессивті күшейтумен уәжделген. Шәкәрімнің 18 шумақтан тұратын «Шын сырым» атты өлеңінен ғашық жанның асығына деген ынтығын, сезім-күйін білдіретін тірек сөздері (белсенді лексика) мәтіндегі ой қазығына айналған ақылды байлау, құрбан болу, сәулеңнен нәр алу, мас болу, мауқын бір басу, жүзін көру, асық боп жылау, шашыңа емнің дертін байлау, аямай әурелеп қор қылу, ақылды ұрлау, ақылды адастыру, ауылды барлау, айнала шарлау, буыны құру, ақылдан кету, ақ тамақтан шөп ету, сүлдері қалу, тоятың қану, іштің өртеніп жануы, нұр көзінің сүзілуі, тәннің еркіндігін қор қылу, жақсы сөзден жаңылу т.б. тілдік бірліктердің алуан түрлі екендігін сөз тіркестерінің құрамымен құрылысынан байқауға болады. Екі ақынның метафоралы аталымдарды қолдану шеберлігі махаббат лирикасынан ерекше байқалады. Бұл концептілік өрістің діңгегі, ядросы болып табылатын махаббат концептісі – іс-әрекеттің әрі обьектісі, әрі субькетісін білдіреді. Халық даналығындағы «Махаббат ессіз келеді» сөздерінің түйінін беретін сияқты..


«Махаббат – көңіл» концептісі. Ақын Шәкәрім махаббат өрісін сезім, жүрек, күй, ғашықтық, іс-әрекет амалдары, жастық, уақыт, көңіл логикалық модельдерін береді. 1. тура мағынасында көңіл – ішкі эмоциялық сезім, сана. 2. Ауыс мағынасында ой, қиял, арман. Халықта «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген мақал бар. Шындығында, көңіл – адаманың әр уақытта әр түрге еніп тұратын амал-әрекеттің жайы, олай болса сезімнен туатын бұл көңіл жас кездегі махаббаттың бір ғана көрінісі. Тілекті алып, Тоятың қанып, Құйылып түскен лашындай, Арманың бітіп жымыңдап, Төсінде жатсаң тынымдап, – деген амал әрекет те құйылып түскен лашындай болатын ауыс мағынасы табиғи процесті образды беруші ақын шеберлілігінен көрініс табады.

Абай мен Шәкәрім туындыларының танымдық қырын эмоционалды концептілер: үміт, арман, бақыт, мұң және контраст концептілер: қайғы мен қуаныш, өмір мен өлім, ақиқат пен жалған, фани мен бақи сияқты концептілер жүйесі құрайды.

Ұлттың рухани бірлігін танытатын ар, иман концептісінің екі ақындағы түзілісі моральдық құндылықтардың тілдегі көрінісін танытады. Ар тура мағынасында адамгершілік ізгі қасиет. «Ардан кеткен соң тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпен мал тап деген сөз болса, ол ар кететұғын іс емес, тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек ол адамның ісі», деген. Бұл жерде Абай ар – адамдықтың жоғары белгісі екендігін айта отырып, ардан кеткен тірліктің мәнсіз екендігіне баса көңіл бөледі.

Шәкәрім де адам бойындағы рухани тазалықты ар мен иман, ұят өлшемімен бағалаған: арың кетпес, арың сатпа, ар сатар, арлыға еру сияқты етістікті тіркестердің ойтүйінінде иманды болудың бір шарты ар сақтауда екендігін айтады.


Ар демек адамшылық намыс деген,

Арың кетпес жағыңа қарыс деген.

Адаспайсың ақылды арлыға ерсең.

Арың сатпа, терің сат, алалды ізде

Ар сатар шамға да болса, – деп арың сатпа, теріңді, еңбегіңді сат, арсыздық шайтан досы деп, ардан кеткен ақылдан құр қалады дейді.

Абай:

Ар-ұяттың күзетшісі ақыл деген:

Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,

Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.

Ар мен ұят сенбесе, өзге қылық,

Арын, алқын бұл күннің мәртебесі, екендігін арқау етеді. Шәкәрім: «ардан кеткен ақылдан құр қалады», – дейді.

Абай:

«Ұяламын дегенді көңіл үшін»

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,

Жаңа сүйгіш адамзат көрсе қызар.

Ар мен ұят ойланбай тәнін асырап,

Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар екендігін аша түседі.

Шәкәрім:

Олай емес, шырағым,

Мұңның түбі уайым-ды.

Параға берген ылағың

Ар, иманнан айрылды. «Ар мәртебе», «Ар ақылдың күзетшісі» деген логикалық модельдердің адам өмірімен тіршілігіне қатысын білдіретін лингвологикалық ұғымдар екендігін тануға болады.

Абайдың бір ғана ар сөзімен тіркесіп келген сөз тіркестерін 27 өлеңінен кездестіруге болады, ал Шәкәрім өлеңдерінің 20-сы ар есітікті басыңқы сыңарлы сөз тіркесі арқылы әр түрлі концептілік өрісте ғаламның тілдік бейнесі көрініс табады. Абайдың 3,13,29-қарасөздері ар концептісіне арналса, имандылық, дін, тәңір, құдай туралы 16,25,27,28,34,35,36,37,38,45- қарасөздерінде кеңінен ұлттық таным тұрғысында зерделенеді. Құдай туралы 16,25,27,28,34,35,36,37,38,45-қарасөздерінде шариғатқа имандылық пен сүйіспеншіліктің арқасында келуге болатындығын ұрпақтың еншісіне қалдырады. Сонымен қатар жан мен тән 43-қарасөзінде, жақсы мен жаман 39,40,42-қарасөздерінде, ал ақыл 41-ші, талап 44-қарасөздерінде адам баласы өз басына қадыр іздесе, талап болып табылатындығын арқау етеді.

Иман – араб тілінде бірінші беретін мағынасы – бір нәрсеге адамның сенуі, жан-дүниесімен нануы; екінші – Аллаға, құранға шын сенетіндігін білдіретін мұсылман дұғасы және исламның бес парызының бірі; үшінші – ауыспалы мағынада – ұят, адалдық, әділет пен шапқат. Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз деген ұлы Абайдың даналығы ұлт санасымен ұштасады. «Иман ақыл» концептісінде имандылық адамгершілік және адамгершілік ережелері, мораль деген ұғымдарды береді. Сол ақылдың Аллаға арналған құлшылық екендігін дәлелдеу болып табылады. Абайдың: Әмәнту оқымаған кісі бар ма? Уәқүтүбиһи дегенмен ісі бар ма? Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер, деген жыр жолдарында құранда әмәнту деп басталатын аят сүресін, яғни иман келтіру дұғасын оқығанмен де негізгі иман адамдардың ішкі жан дүниесінде екендігін және Алланың хақтығын білдіреді. Жалпы осы иман, имандылықты адами қасиеттердің жиынтығы десе де болады. Яқини иман – ақылмен, хакимдердің айтқанымен хақты тану; Тақлиди иман – ғалымдардың нақлия дәлелдері арқылы аллаға иман келтіру. Хакім Абайдың ислам парызы – «иманның» терең мәні қазақтың жүрегіне «харекетпен» жол табуына, іспен, жүрекпен қабылдануына маңыз бергендігі, сол кездегі дін иелерінің діни сауаттылыққа үйретудегі уағыздарынан айырмашылығы осыдан көрінеді. Сондықтан да ғұлама ақын: Иман дегеніміз инанбақтық емес, сен Алла тағаланың бірлігіне, құранның оның сөзі екендігіне, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллалаһу ғәләйһи уәссәлам оның тарапынан елші екендігіне инандық. Жә, не бітті. Сен алла тағалаға, Алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Ғұлама ақын инанудан өзіңе пайда алған жағдайда ғана шынайы кәміл иманға қол жеткізесің деген тұжырым ұсынады. Демек, кәміл иман – құр, ауызша тілмен баяндалған Алланың бірлігіне инану емес, инанғанын өмірде пайдалану, тіршілік еткен өміріне тірек етіп алу. Бұл «иманәділет» концептісінде айрықша орын табады. Абай иманды болуды оқырманына асқан білімділікпен танытқан: «Әуелі иманның иғтиқатын махқамлемек керек, екінші, үйреніп жеткенше осы да болады ғой деп тоқтамай, үйрене беру керек». Демек, иманның берік болуын бекіту қажеттігін айтқан (иғтиқат – араб тілінде, нану, сену; махқамлемек – берік, мықты, сенімді). Ақын иман ұғымын араб тілінде жатталып жүрген Аманту дұғасы, оның мән-мағынасын, одан кейін «ақылмен дәлелденген, ғылыми деректермен дәйектелген» яқини иман, екінші – ұстаздардан, молдалардан естіп үйренген иманды берік тұту – тақлиди иман, одан кейін істе көрінетін кәміл иманға қол жеткізуге болатынын айтқан. Иманның белгісін ақын ғәдәләт пен рафғат деген екі сипатпен айқындайды: «Енді белгілі, иман құры инанышпен болмайды. Ғәдәләт уа рафғат бірлән болады, ғәмалус салих ғәдәләтті мәрхәматты болмақ күллі тән бірлән қылған құлшылықтарың ешбір ғәдәләтті мәрхәмәтті бермейд»і. Ақын иман жоғары әділетпен болатынына түйін жасайды. Абай қазақтың «ұят кімде болса, иман сонда» деген мақалына сүйене отырып, отыз алтыншы қарасөзінде ұят иманның бір бөлшегі екендігін былай деп баяндайды: Пайғамбарымыз салалаһу ғалайһи уәссәсәләмнің хадис шәріфінде айтыпты: «мән лә хачһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Шәкәрімнің: «Қиянатың бар болса – иманың жоқ, Маған десе мың жылдай қыл ғибадат» – деген ой біреуге жасалған қиянаттың, ұяттан аттаудың өтеуі ауыр, қанша ғибадат етсең де, жуып кетіру қиын, оған өмір жетпейді, ұят, иман адамзат үшін мәңгілік серік-тірек дегенді ұқтыртады.


«Ғаламның тілдік бейнесінің ортақ басыңқы сыңарлы сөз тіркестеріндегі көрінісі» деген екінші бөлімнің үшінші тармақшасында сөз тіркестерінің ортақ басыңқы сыңары туралы айтылады. М.Балақаев ортақ басыңқы сыңар жөнінде құнды пікір айта отырып, оны ортақ меңгерумен дәлелдеп берді. Ортақ меңгеру осыдан кейін оқулықтардан да орын ала бастады. Меңгерілетін сөз етістік, есім не бұл екеуінің ортақтасқан тобы бола алады: айтуға тілім жетпейді, маған күлкі емес т.б. Сонымен бірге профессор Т.Сайрамбаев та ортақ басыңқы сыңар жөнінде зерттеп, пікір айтып, арнаулы жоғарғы оқу орындарында ортақ басыңқының оқытылуына жол салды. Ортақ меңгеру, ортақ матасу, ортақ қабысуды бағдарламаға енгізе отырып, «ортақ басыңқы» түрлерінің болатындығына, ондай кездегі сөз таптарының арақатынасын нақты деректермен дәйектейді.

Зерттеуші З.И.Будагова «О стуктуре сказуемого в тюркских языках» деген еңбегінде «Қабыл ет – and іs» типті баяндауышты етістік немесе есімдерден болған баяндауышқа жатқызу керек пе деген пікірінде есім мен етістіктен болған құрама баяндауыштар етістік баяндауыштарға жатқызылуы тиіс, себебі заттық ұғым есімде болғанымен, бүкіл сөз тіркесі етістік қимылды көрсететіндігін атап өтіп, етістік тобына жатқызады [15, 83 б.]. Алайда, автордың пікіріне қосыла алмаймыз, өйткені сөз тіркесінің түрлері, әдетте, басыңқы сыңары құрамының жасалу жолына, яғни қай сөз табынан жасалуына тәуелді болады. Сондықтан басыңқы компонент әрі есімнен, әрі етістіктен жасалған болса, ол сөзсіз ортақ басыңқы тіркеске жатады. Ал З.И.Будагова құрама баяндауышты немесе есім мен етістіктің тіркесіп, басыңқы сыңар құрауының семантикалық жағына баса көңіл бөледі.

Ортақ басыңқы тіркестер алдында тұрған сөздерімен өзара меңгеріле, матаса және қабыса байланысқа түседі. Ортақ басыңқылы сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары зат есім мен көмекші етістіктен болатыны белгілі. Бірақ ондай зат есімді ортақ басыңқылы сөз тіркестерінің басыңқы сыңарларындағы зат есім мынадай формаларда келеді:


а) зат есім мен көмекші етістік арқылы: Біздіңше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек (Шәкәрім. Мәнді сөздер).

ә) Ортақ басыңқы сөз тіркестерінің басыңқы сыңары бағыныңқы сыңарымен әрқашанда анықтауыштық қатынаста тұрады: Ол башмақшы тапқанын араққа салып, көңілін көтеретін сорлы екен. (Шәкәрім. «Кейде күлкілі сөзден де тәлім алуға болады»).

Көптік жалғаулы зат есім мен көмекші етістік арқылы: Ол екі мінезі қайсы десең – әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен (Абай. Отыз тоғызыншы қарасөзі).

б) абстрактілі (дерексіз зат есім мен көмекші етістік арқылы): Енді осыған қарап қайдан оқып, ұмытылған талап екенін білерсің. (Абай.Қырық төртінші қарасөзі).

в) Белгілі бір ұқсату мақсатына байланысты зат есім мен көмекші етістік арқылы: Сол естілерден естіп білген, жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады (Абай.Он тоғызыншы қарасөзі).

г) Мамандыққа, атақ-дәрежеге немесе әрекет атауына байланысты зат есім көмекші етістік арқылы: Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың? (Абай. Оныншы қарасөзі).

ғ) кейде -дық, -дік жұрнақты зат есімдер мен көмекші етістік арқылы тіркеседі: Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. (Абай. Жиырма бірінші қарасөзі).

Сын есімді ортақ басыңқылы сөз тіркестері. Тұла-бойың ұят, ар едің,... Тәуекелге нар едің... Жасқа жас, ойға кәрі едің, Атаңнын атын жоймаған. Замана, неткен тар едің (Абай. «Әбдірахман өлгенде»).

Сан есімді ортақ басыңқылы сөз тіркестері. Ортақ қабысудың басыңқы сыңарларының біреуі зат есімнен, сын есімнен болатындығы көрсетілді. Енді ара-тұра сан есімнен де болады. Мысалы, Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың. (Абай. «Отыз жетінші қарасөзі»).


Есімдікті ортақ басыңқылы сөз тіркестері. Есім сөздердің бір қатары затпен бірге ұсталып, тікелей заттың атауын да, сынын да, санын да білдірмей, сол заттың атауын, санын, сынын білдіретін сөздердің орнына жүреді. Ортақ басыңқы тіркестердің бағыныңқы сыңарында өте белсенді қолданылғанымен, ортақ басыңқылы тіркестің бір сыңары ретінде өте сирек жұмсалады. Мәселен, Ойпырай! Шын бақ мынау екен ғой! (Шәкәрім. «Шын бақтың айнасы»). Бекерлік екен менің бұл ісім деп, қолын алып, жұртына қайта көшті (Абай. «Ескендір поэмасы»).

Үстеулі ортақ басыңқылы сөз тіркестері. Өзге сөз таптары сияқты морфологиялық өзгерістерге енбейтін, етістік сөздеріндегі іс-қимыл, амалдың бейне-белгісін, күй-жайын және мезгілдік, мөлшерлік белгілерін білдіретін сөз табы үстеу деп аталатыны бәрімізге белгілі. Яғни, іс-әрекеттің белгісін, орнын, мезгілін, амалын, мақсат-себебін білдіретін сөз табы болады. Сондықтан үстеулер қолданылу барысында көмекші етістіктермен тіркесіп тұрады. Мысалы: Міне, бұл қазанның 15-сі. Бұл кезде Әділдің ауылы өзінің Милы құдығында еді. (Шәкәрім. «Әділ – Мәрия»).

Кей жағдайда тілімізде етістік пен модаль сөздердің де тіркесуінен құралған ортақ басыңқы тіркестер кездеседі. Мысалы, Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе? (Абай. Отыз алтыншы қарасөзі). Абай 42-ші қарасөзінде: «Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме?», – десе, Шәкәрім: Ақ болсын, қара болсын – өзі сынар, Біреуді қор, біреуді мықты қылар («Жуандар»).

Адамзат баласы дүниеге келіп, жарық дүниені көргеннен кейін, ес біліп, етек жиғаннан кейін «Өмір» атты ағысы қарқынды үлкен өзеннің талайына салып жібереді. Абай өлеңіндегі ортақ басыңқылы тіркес құрамында келген «қорлық» концептісі осындай тауқыметті айналасындағылардың істері арқылы көзі көрген жан ретінде береді. Абай түсінігінде де, Шәкәрім ұғымында да «қорлық», «қор» сөзі біреуге зәбір көрсету, жамандық жасау деген мағынамен түсіндіріледі. Осы жерде тіл мен ойлаудың өзара байланыс табиғаты жоғарыдағы тілдік бірлік – «қорлық» концептісі арқылы айқындалып тұр. Яғни, бір концептінің айналасында таным негіздері қалыптасуымен қатар, оқыған адамға ой салар, ой тастар шуағы да жетерлік.


Мәселен, Абай: Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Бір-біріңе қонақ екенсің, өзің дүниеге қонақ екенсің, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып көз алартыспақ лайық па? (Отыз төртінші қарасөзі), – десе, Шәкәрім: Ей, Крез! Сенен менің ойым бөлек, Бұл дүние – шыр айналған бір дөңгелек, Өлімнің сағатына кірмей тұрып, Еш адам мен бақтымын демеу керек (Крез патша), – дейді.

Абай:

Дүниеге ешкім келмепті,

Өлмейтін атақ қалдырып,

Дүниеге көңіл бөлмепті

Жарлығына Алланың, – дейді.

Қос ақынның «дүние» концептілерін ауқымды түрде талдау терең филолсофиялық толғанысты қажет етеді. «Дүние – қорлық», «Дүние – қонақ», «Дүние – бақ», «Дүние – Алла жарлығы» концептісіне құрылған шығармаларында оқырмандарды ойландыратын, оларды ой тұңғиығына батырып, өмірге дұрыс көзқараспен қарауын қалыптастыратын өнеге жатыр.

Адамға берілген белгілі уақыт мөлшері – жалған дүние жайлы С.Жиренов өз еңбегінде: «Өмір макроконцептісіне философиялық тұрғыда келсек, ол адамзат баласына берілген белгілі уақыт мөлшері» [11, 28 б.] – ретінде анықталады. «Дүние», «бақ» концептілерінің бір-бірімен байланысып, ұштасып жатқандығын «өмір» макро концептісін құрайтындығын нақты көрсетеді.

Үміт сенім, тілек мағынасын береді. Үміт – әр адамды алға жетелейтін, жанына от беретін, алдағы күндерін сәулелендіретін сезім. Сондықтан да «үмітсіз – шайтан» дейді қазақ. Кез келген тіл иесі ұлы армандар мен нәзік үміт жетегінде өмір сүреді, сол үміттің негізінде алға қойған мақсаттарына қол жеткізеді. Ал барлық амалы таусылып, бір нәрседен күдер үзгенде де, үміт оты жылт-жылт етіп, адамды қайраттандырады, күш береді. Тіпті, болмас іске айналған шақта ғана үмітін үзіп, өмірден түңіледі. Яғни үміті сөнген жан иесі мына жалғанмен қоштасуға дейін барады. Абайдың «үміт – жалған дүние», «үміт – жақысылық» концетілерінің тілдік модельдерінен көзделген мақсаттың орындалуына не орындалмай қалуы адамның амал-әрекетінің айғағы екендігі көрінеді. Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды, Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды. Аша алмады қақпаны, үміт үзді. Ақылдасып тәуір-ақ амал қылды (Абай. «Ескендір» поэмасы.), – десе, Шәкәрім: Айтса да қыздан жауап үміт етіп, Естімеген кісі боп қалды кетіп («Қалқаман-Мамыр»), – деп жырлайды. Екі ақын шығармасындағы «үміт» концептісінің сипаты – бір нәрсеге үміттену. Абай шығармасында хан қақпаны ашамын деп үміттеніп еді, Шәкәрімде қыздан жауап аламын деп үміттенді. Алайда ақындар жырында өрілген «үміт» концептісі бір-біріне қарама-қарсы мәнде. Бірі – түңілу (үмітін үзу), екіншісі керісінше – дәмелену (үміт ету) әрекетін айқындайды.


«Ғибрат» концептісі өз аясына ұлттық мінез, адами қасиеттерді және сезіну, өмірлік тәжірибе, құндылықтар нәтижесінде пайда болатын жақсылық мәндегі пәлсапалық ұғымдарды тұтастай сыйғызады. Жазған жоқ Пушкин мұны ермек үшін, Мақсаты бізге ғибрат бермек үшін (Шәкәрім. «Дубровский»).

Жақсылықтың да, жамандық атаулының да шығар көзі, алар бастауы осы «ақыл» екендігін қос ақын көрегендікпен танытады.

Ақылдың жеке субстанция ретінде мәңгілік, ол азып-тозып кетпейді. Ақыл үшін сөну, жойылу жоқ, онда тек толысу ғана бар. Сондықтан да ел аузында «ақылы толысқан» тұрақты тіркесі қалыптасқан. ...Құба төбел дегенді ұқсаң керек, Орынсыз істеме, болсаң зерек. Мүйізі бар кісідей едірейіп, Өзге жаннан болмасын түрің бөлек (Шәкәрім. «Жан менен дене һәм көңіл»). Демек, ақыл да мұндай жағдайда толық көріне алмайды. Ақылдың нысанасы – ақиқат.



<< предыдущая страница   следующая страница >>