https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 3 4



ӘОЖ81`367: 811.512.122 Қолжазба құқығында


ТУЛЕКОВА ГУЛЖАН ХАЖМУРАТОВНА


Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің басыңқы сыңары:

грамматикалық құрылымы және танымдық мәні

(Абай, Шәкәрім шығармалары бойынша)


10.02.02 – Қазақ тілі


Филология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ


Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде орындалды


Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,

профессор Сайрамбаев Т.С.

филология ғылымдарының докторы,

доцент Атабаева М.С.


Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының докторы,

профессор Сәдуақасұлы Ж.

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Дәрменқұлова Р.Н.


Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы Әлем тілдері

және халықаралық қатынастар

университеті


Диссертация 2010 жылы «27» тамызда сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, кіші конференция залында) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.


Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, кіші конференция залында өтеді.


Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30).


Автореферат 2010 жылы «26» шілдеде таратылды.


Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,

филология ғылымдарының докторы,


профессор Қосымова Г.С.




КІРІСПЕ


Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХІ ғасырдың ерекшілігі ғаламдану үдерісі кезеңіндегі өзгерістердің тіл дамуына ықпалын тигізумен айқындалады.

Бұл – өмір талабы мен заңдылығы.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше құрал. Сондықтан да біз оны халықтар арасындағы достықтың бастауы, олардың ынтымақтастығы мен береке-бірлігінің тірегі ретінде қастер тұтамыз», – деп тілдің қоғамда атқаратын қызметінің ауқымына баса мән бергені белгілі.

Ұлттық тілді сол этностың дүниетанымымен, мәдениетімен, ой танымымен, тарихымен бірлікте қарау мәселесі тіл ғылымында өзіндік өріс алып келе жатқан этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану сияқты жаңа бағыттардың тууына себепші болды.

«Тіл көрнекті болу үшін дерексіз нәрсе, деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңлауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек», [1, 154б.] – деген А.Байтұрсынұлының тұжырымы тілдің табиғаты мен қызметін, құдіретін танытады. Ғалымның «Абайды қазақ баласы тегіс танып білуі керек... Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ» [1, 301б.] деген пайымдауы – абайтанудың басты қағидасы.

Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы рухани мазмұнды ақпарат белгілі уақытқа тәуелді емес, бұлар – адам баласымен бірге жасайтын өмірлік, өміршең мәселелер. Қазіргі тіл ғылымында тілдің «қарым-қатынастың аса маңызды құралы болу» қызметімен қатар дүниетаным құралы болу қызметіне ерекше назар аударылады, өйткені адамзаттың ойлауымен байланысты саналы әрекетінің нәтижесінде жинақталған дүние – әлем туралы білім қоры әр ұлттың өзіне тән мінез-құлық, жан-дүниесі, психологиясынан хабар береді. Ал Абай мен Шәкәрім шығармаларында осы халықтық рухты пайымдауға құрал болатын тілдік құрылымдар, сөз тіркестері мол. Олардың танымдық тілдік табиғатын ашу зерттеудің өзектілігін көрсететіні анық.


Абай мен Шәкәрім көтерген мәселелер ұлттық құндылықтарды ғана құрамайды, жалпы адами мәселелерді де қозғайды. Осы адамзатқа тән рухани байлық болып табылатын дүниені сөз тіркесі, оның есімді, етістікті, ортақ басыңқылы тұлғалары арқылы таныту зерттеу жұмысының өзектілігін дәлелдейтіні даусыз.

Сөз тіркесі тек жартылай коммуникативтік қызмет атқармайды, оның қатысымдық рөлі маңызды. Сөз тіркестерінің құрылымдық ерекшелігі, байланысының мәні, қатысымдық бірлік ретіндегі мағынасы, қолданыстық сипаты қатысымдық ортада ашылады. Ендеше осы қатысымдық семантиканы Абай мен Шәкәрім қолданысы негізінде таратып, талдап көрсету ондағы ұлттық таным, этномәдени ерекшелікті концептілік тұрғыда анықтауға деген талпыныс зерттеудің өзектілігін айқындаудың және бір тұсы болмақ. Осы орайда концептінің поэтикалық тілдің көрінісі, сол көрініс сөз тіркесінің басыңқы сыңары арқылы берілуі, бір концептінің әр түрлі тілдік құралдар арқылы дүниенің тілдік көрінісін таныта алу қабілетін екі ақын шығармасындағы қолданысы көлемінде салыстыра сипаттай зерделеу, сол арқылы жекелеме, эстетикалық құндылықтарды анықтау жұмыстың өзектілігін айқындай түседі.

Зерттеудiң нысаны. Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары.

Зерттеудiң пәні. Қазіргі қазақ тіліндегі есімді, етістікті, ортақ басыңқы сөз тіркестері арқылы берілген Абай, Шәкәрім шығармаларының танымдық мәні.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты Абай, Шәкәрім шығармаларындағы сөз тіркестерінің құрылымдық мәнін концептуалды мазмұнда, танымдық деңгейде анықтау. Осы мәселелерге байланысты мынадай мiндеттердің шешілуі көзделді:

- қазақ тіліндегі сөз тіркестері табиғатына, байланысу тәсілдеріне, түрлеріне қатысты теориялық тұжырымдарды зерделеп, зерттеу жұмысының нысанын айқындау;

- Абай, Шәкәрім шығармаларындағы ұлттық таным, этномәдени ерекшелікті бейнелейтін ақпаратқа ие есімді, етістікті, ортақ басыңқылы сөз тіркестерін анықтау;


- есім сөз тіркестері арқылы берілген Абай, Шәкәрім шығармаларындағы «махаббат», «білім-ғылым», «жүрек», т.б. концептілік өрісін таратып, ашу;

- етістікті, ортақ басыңқы сыңарлы сөз тіркестері арқылы берілген Абай, Шәкәрім шығармаларындағы «махаббат», «ар», «иман», т.б. концептілердің танымдық қызметін айқындау.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері. Зерттеу жұмысында дәстүрлі – құрылымдық грамматикадағы сөз тіркесіне қатысты пікірлер мен тіл ғылымының соңғы жетістіктері, антропоцентристік бағыттағы, яғни когнитивтік лингвистиканың әлемдік және отандық ғалымдардың А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, С.Кеңесбаев, Т.Сайрамбаев, Ә.Аблақов, С.Жиенбаев, Е.Ағманов; Н.Хомский, Дж.Миллер, Ф.Джонсон-Лард, Дж.Лакофф, Р.Шенк, У.Чейф, М.Джонсон, Т.А.Ван Дейкт, Н.Д.Арутюнова, А.Вежбицкая, Е.С.Кубрякова, И.А.Стернин, З.Д.Попова, В.Н.Телия, А.А.Уфимцева, т.б. ғылыми тұжырымдары негізге алынды. Сонымен қатар қазақ тіл білімінде лингвистикалық семантика мен көркем шығарма тілі мәселелері бойынша Э.Сүлейменова, Г.Смағұлова, Ж.Манкеева, К.Жаманбаева, С.Жапақов, А.Ислам, Г.Зайсанбаева, Ж.Саткенова, Г.Қосымова, А.Досова, С.Қанапина, Э.Оразалиева, С.Жиренов сынды ғалымдардың зерттеулері диссертацияның әдіснамалық негізі болады.

Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында ғылыми сипаттама, құрылымдық-семантикалық талдау әдісі, линговмәдени және когнитивтік талдау пайдаланылды.

Зерттеудің дереккөздері. Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлының әр жылдары жарық көрген шығармалар жинағы: Абай Құнанбаев (1954ж, 1986ж, 1987ж); Шәкәрім Құдайбердіұлы (1988ж, 1989ж).

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (1-10 т., 1974-1986); Қазақ тілінің сөздігі (– Алматы: Дайқ-Пресс, 1999ж).

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- сөз тіркестері құрамындағы бағыныңқы сыңар мен басыңқы сыңардың үйлесімінен туындайтын танымдық мән Абай, Шәкәрім шығармаларының нақты деректері негізінде талданып, күрделі семантикаға ие болатыны анықталды;


- Абай, Шәкәрім шығармаларындағы ұлттық танымды, этномәдени ерекшелікті бейнелейтін ақпаратқа ие сөз тіркестері анықталып, грамматикалық құрылымына қарай талданды;

- Абай, Шәкәрім шығармаларында есімді, етістікті, ортақ басыңқы (М.Балақаев) сөз тіркестері арқылы берілген «махаббат», «жүрек», «ғылым-білім», «ар-ұят», «имандылық», «дүние», «үміт», «ғибрат» т.б. концептілерінің танымдық мәні ашылды;

- Абай, Шәкәрім шығармаларындағы әлемнің тілдік бейнесін танытушы концептілерге концептілік өріс негізінде талдау жасалды.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысының нәтижелері сөз тіркесі синтаксисінің теориялық зерттеулеріне үлес қоса отырып, қазақ тіл білімінің синтаксис және когнитивтік лингвистика салаларының дамуына қызмет етеді. Диссертацияда сөз болып отырған мәселелер бойынша қол жеткізген тұжырымдар мен нәтижелер жалпы синтаксис саласында ғана емес, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика салаларын теориялық жағынан толықтырады.

Зерттеудің нәтижелерін жоғары оқу орындары филология факультетінің студенттеріне «Қазақ тіліндегі сөз тіркесі синтаксисі» және «Когнитивтік лингвистика» пәніндерін оқытуда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- сөз тіркестері құрылымындағы семантикалық даму бағытын айқындауға негіз болатын алғышарттардың бірі – қатысымдық үдеріс. Сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңардың табиғатына орай саралануын осы қатысымдық үдеріс анықтайды;

- сөз тіркестеріндегі мағыналық, құрылымдық өзгерісті Абай, Шәкәрім шығармаларының материалы негізінде қарастыру олардың мақсатты түрдегі жұмсалуын, тек семантикалық мәселелерді шешуге емес, лингвистикалық семантика мәселелеріне бағытталғандығын анықтауға мүмкіндік береді;

- сөз тіркестері құрамынан туатын қатысымдық мағына тілдік және тілден тыс ақпараттық білім жиынтығын құрап, сөз тіркесі семантикасының функционалдық қызметін саралауға негіз болып табылады;


- Абай, Шәкәрім шығармаларындағы сөз тіркестерінен туындайтын қатысымдық семантика ұлттық тілдік бейнені құрайды.

Зерттеудің талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімі және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының бірлескен мәжілісінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері 3 халықаралық және 3 республикалық ғылыми-теориялық конференцияда баяндалып, материалдары жарияланды. Республикалық ғылыми басылымдарда 6 мақала жарық көрді. Диссертацияның мазмұны 12 мақалада көрініс тапты.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.


НЕГІЗГІ БӨЛІМ


Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі зерттеу нысаны, мақсат-міндеттері мен жұмыстың ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы анықталып, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы туралы мәлімет берілді.

Жұмыстың «Сөз тіркесінің зерттелуі. Сөз тіркесінің компоненттері, тәсілдері, байланысу түрлері, лексика-грамматикалық қатынастары» деп аталатын бірінші бөлімнің бірінші тармақшасында жалпы сөз тіркесі табиғаты, оның түрлеріне қатысты ғылыми тұжырымдар зерделеніп, зерттеу жұмысының нысаны айқындалды, ол Абай, Шәкәрім шығармаларының негізінде тілдік фактілер арқылы нақтыланды.

Қазақ тілі білімінде Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралы» синтаксис саласының негізін қалаған басты еңбек болып саналады. Сөз тіркесі синтаксисінің жеке сала болып қалыптасуына Қ.Жұбанов, К.Басымов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, С.Жиенбаев, М.Балақаев, т.б. еңбектері негіз болып табылады. Бұл зерттеулер сөйлем құраудың басты материалы сөз тіркесі екенін көрсетіп, сөз тіркесі жасалуының негізгі ұстанымдарын айқындады. Сөз тіркесін құраудағы мағына мен форманың мәнін ашып, осыған байланысты бағыныңқы сыңар, басыңқы сыңар ұғымдарын орнықтырды. Сөз тіркестерінің грамматикалық құрылымы басыңқы сыңардың қызметі мен сыңарлардың құрамына қарай анықталды.


Тіл – адам қоғамымен бірге дамып, жетіліп отыратын құбылыс, осыған орай сөз тіркестеріне де азды-көпті өзгеріс тән. Сөз тіркестері табиғатындағы өзгеріс олардың байланысу формаларынан, тәсілдерінен, грамматикалық қатынас түрлерінен көрінеді. Аталған мәселелер сөз тіркестері туралы түсінікті диахронды тұрғыда қозғауды қажет етеді. Бұл сөз тіркестерінің қалыптасу, даму ерекшеліктерін, лексикалану үдерістерін түркі халықтарының тарихи, тілдік жәдігері – көне жазба ескерткіштер тілімен байланыстыра зерттеген М.Томанов, Т.Қордабаев, Е.Ағыманов, Ә.Аблақов, С.Исаев еңбектерінен орын алады.

Сөз тіркестерінің грамматикалық құрылымы жайында С.М.Исаев олардың толық мағыналы бірнеше сөзден болатыны, бір-бірімен өзара сабақтаса байланысу негізінде жасалады десе [2, 18 б.], Ғ.Әбухановтың пікірінше, сөйлем ішінде мағына жағынан өзара байланысты, ең кемінде екі сөзден құралған сөздер тобы сөз тіркесі болады [3, 28 б.], Е.Ағыманов еңбегінде де өзара сабақтаса байланысқан, әрқайсысы дербес лексикалық мағынаға ие, кем дегенде екі не болмаса одан да көп сөздердің тобынан құралған синтаксистік құбылыс сөз тіркестері деп аталатындығын айтады [4, 125 б.].

А.Байтұрсынұлының «сөздің қисынын білу» дегеніміз – оның қай сөздің қай сөзбен қандай жағдайда немесе қалай тіркесетінін білу [5, 263 б.] деген тұжырымына орай, М.Балақаев сөз тіркестерінің сөздердің тіркесу қабілетіне қарай есміді, етістікті, болатынын және олардың байланысу формалары мен байланысу амалдарын, синтаксистік қатынастарын еңбегінде сөз етеді. Сөз тіркестерінің табиғатына қатысты теориялық тұжырымдар жасалған бұл еңбегі («Основные типы словосочитаний в казахском языке» –Алма-Ата, 1957) түркі тілдері бойынша алғашқы еңбек болып саналады. Осы ойды жалғастырушы Т.Сайрамбаев сөз тіркестері табиғатын сөз таптарының тіркесімділік қабілетімен байланыстырып қарастырады [6, 125 б.].

К.Шәукенов зерттеулерінде белгілі бір ойды білдіруде жеке сөзден сөйлемге дейінгі аралықтағы байланыстылық заңдылығы сөз тіркесін құрайды. Сонда сөз тіркесі, сөздер сөйлем құраудың заңдылығы болады, ол заңдылық болмаған жерде сөйлем де болмайды», – деп сөз тіркесінің сөйлем құрауға материал болатындығын айқындайды [14, 10 б.].


Соңғы жылдардағы зерттеулер түркологияда, қазақ тілі ғылымында сөз тіркесі теориясының қалыптасуы, ғылыми тұжырымдарының орнығуы, зерттелу деңгейін анықтау жағдайында Э.Оразалиеваның еңбектерінде сөз болып келеді.

Ал сөз таптарының тіркесімділік қабілеті, сын есімді, есімді тіркестер, олардың лексика-семантикалық қатынастары, байланысу түрлері, қатысымдық семантика мәселелері М.Әлиева, А.Тұрарова, М.Жолшаева, т.б. зерттеулерінің нысанына айналып отыр.

Бірінші бөлімнің екінші тармақшасында сөз тіркесінің құрамы қарастырылды. Қанша сөзден құралса да, сөз тіркесі екі сыңардан тұрады. Оның бірі бағыныңқы, екіншісі басыңқы сыңар деп аталады. Толық мағынасы бар сөздің маңына топтасқан жартылай мағыналы немесе көмекші сөздер сол толық мағыналы сөзбен сөз тіркесінің бір сыңарын (не бағыныңқы, не басыңқы) құрайды.

Синтаксистік сөз тіркестері басыңқы сыңардың қай сөз табынан болғанына қарай есімді және етістікті болып үлкен екі түрге бөлінеді. Есімді сөз тіркестерінде есім сөздердің бірі басыңқы болады да, етістікті сөз тіркесінде етістік басыңқы сыңар болады. Есімді, етістікті сөз тіркестерінің құрамдары әртүрлі болады. Бұл сөз тіркесінің қай-қайсысы да сөз тіркесін жасаудың барлық заңдылықтары, яғни сөздердің байланысу тәсілдері болсын, байланысу формалары болсын, есімді, етістікті сөз тіркестерінің табиғатын ашуға бірден-бір негіз болып табылады.

Есімді сөз тіркестері қабыса, матаса және меңгеріле байланысса, етістікті сөз тіркестері қабыса және меңгеріле байланысады.

«Концепт – когнитивтік лингвистиканың негізгі категориясы» деп аталатын тараушада когнитивтік лингвистиканың негізін салушылардың зерттеу тұжырымдары негізге алынып, концепт ұғымы талданады. Концепт терминінің мағынасы – өте терең. Концепт туралы ғалымдар ойы – әртүрлі. Кейбір ғалымдар оны термин ретінде қарастырса (В.И.Карасик, С.А.Аскольдов), енді біреулері (Д.С.Лихачев, В.Т.Москвин) ұғыммен теңестіреді. Концепт негізінде адам білсем, көрсем, сезінсем деген оймен білім аясын жан-жақты кеңейте түседі. Зерттеп, зерделеген сайын тіл бірліктерінің мәнін ашып, соған көзін жеткізе түседі. Әсер ету күшін Б.А.Ларин концептіні тілдік тұлғаның танымдық деңгейлерінің басты бөлшегі ретінде танып, ғаламның тілдік моделін беруші ұжымдық сананың қозғалысын анықтаушы бірлік екендігін көрсетеді [8, 20 б.].


Когнитивтік лингвистиканың негізгі категориясы – концепт бірнеше түрге бөлінеді. В.А.Маслова концептіні жеке тұлғалық концептілер, адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты концептілер, жалпыұлттық концептілер деп таратады [9, 12 б.].

Жеке тұлғалық концептілер дегеніміз – біздің пайымдауымызша, белгілі бір тұлғаның немесе автордың жеке қолтаңбасына тән тірек мағыналар. Ал адамдардың жас ерекшеліктеріне тән концептілер тобы сол адам санасының жасына қарай дамуын, сол арқылы әлемді, қоршаған ортаны қабылдауын көрсетеді.

Жалпыұлттық концептілер сол ұлттың танымын, талғамын, өмірлік тәжірибесін, парасат-пайымын, ұлттық ерекшеліктерін сипаттайтын сөздер тобын құрайды. Сонымен қатар әрбір концепт адам санасының даму ерекшелігіне байланысты, қоғамның өзгеріп, өркендеуіне байланысты бірнеше қабаттардан тұрады. Сонымен қатар концептілердің негізгі қабаты жалпыұлттық сипатты қамтып, қосымша қабаты – семантикалық өріс шеңберіндегі концептілерді құрайды. Әрбір концепт күрделі, ол менталды кешенді жүйеден құралады. Оны А.Байтұрсынұлы «Адам дүниедегі көрген-білген нәрселерін тек байқап, тек пікірлеп, тек саңлаулап қана қоймайды. Ол нәрселермен қатар адамның көңіліне күй де жасалады. Адам көрген-білген нәрселерінің я ісінің біріне күйінеді, біріне сүйінеді, біріне сескенеді, бірінен шошынады. Сезіліп тұрған тысқарғы ғаламмен, сезіп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санаға келіп түйіскен жерде жыртылып айырылғысыз болып бірігеді» [3, 12 б.], – деп түсіндіреді.

Бала танымында әлемнің тілдік бейнесі тілді игергенге дейінгі уақытта қалыптасады. Оның тілдік көріністері бала тіліндегі вербалды элементтер арқылы көрінеді. Бала миында жинақталған ақпараттар енді тілді меңгергеннен кейін, сөйлеу барысындағы тілдік бірліктер арқылы нәтижесін көрсетеді. Осыдан барып әлем туралы тілдік үлгілер қалыптасады да, баланың әлем туралы біртұтас тұжырымдамасы бейнеленеді [9, 12 б.].

Ж.Исаева қазақ тіл білімінің антропоцентристік дамуы, мақал-мәтелдердің антропоцентристік бағытта зерттелуін сөз ете келіп, қазақ халқының мол қазынасы – мақал-мәтелдердің әрқайсысын когнитивтік тұрғыдан талдайды. Осы талдау барысында мақал-мәтелдер бейнесіндегі «адам» концептісі жеке тұлғалық концептіге де («Ерді намыс өлтіреді...», «Болар бала қонаққа үйір», «Қыз-қылығымен»), жас ерекшелігіне қарай концептіге де («Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без», «Ағасы бардың, жағасы бар»), жалпыұлттық концептіге де («Балалы үй – базар, баласыз үй – базар», «Әдепті келін – келін, әдепсіз келін – келсап», «Қонақ келсе – ырыс», т.б.) жататынын дәлелдейді [10, 127 б.].


С.Жиренов ХҮ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жырау поэзиясындағы «Өмір-Өлім» концептісінің танымдық табиғатын айқындап, концептіге «ойлау мен таным және мәдени процестердің жиынтығы бола келіп, адам ойындағы ғалам бейнесінің өзіндік белгілерінің ассоциациялануының нәтижесі» деген анықтама береді [11, 27 б.].

Концепт – ғаламның концептуалды бейнесі жайлы түрлі ақпарат беретін ұлттық-мәдени-танымдық мәнге ие болған доминанттың тілдік қолданыстағы мағынасының ой елегінен өтіп, тіл арқылы бейнеленуі.



следующая страница >>