girniy.ru 1
Кәсіби мерекеге орай


Шалғай ауылдағы шаруа қожалығы

Қазіргі кезде шаруа қожалығы көп. Бірінің жұмысы табыспен жүріп жатса, екіншісі тоқырауға ұрынған. Соның ішінде нарықтың талабына бейімделіп, өз жұмысын тиянақты жүргізіп келе жатқан шаруа қожалықтары да бар. Солардың бірі шалғайдағы Шегірен селолық округіндегі Қарылғаш Найманованың жетекшілігіндегі «Найманов» шаруа қожалығы.

1998 жылдары жұмысын бастаған «Найманов» шаруа қожалығы негізінен мал өсірумен шұғылданды. Мүмкіндігінше төрт түлікті өсіріп табысты жұмыс та істеді. Уақыт өте келе ауыл шаруашылығы өнімін тиімді бағамен өткізу жұмыстарын қолға алды. Яғни, халықтан сүт қабылдау жұмысымен соңғы 7-8 жыл бойы жүйелі түрде шұғылданып келеді. Бұл өте маңызды жұмыс. Ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы басты міндеттердің бірі де өнімді тиімді бағамен өткізу болып табылады.

Шегірен селолық округі аудандағы ең шалғайда орналасқан ауыл. Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – қолындағы малы. Сондықтан малдың өнімін тиімді бағамен өткізу тұрғындар үшін өте маңызды. Бұл мәселе аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесулерінде сонымен қатар бас қосқан алқалы жиындарда үнемі талқыланып келеді. Соңғы кезде өз шешімін таба бастады. Яғни, тұрғындардан сүт қабылдап алу жұмысы жалғасын тауып келеді.

Өткен жазда «Найманов» шаруа қожалығы тұрғындардан күн сайын 4 тоннаға дейін сүт қабылдап алып отырды. Шегірен ауылы ғана емес, көршілес жатқан Есілбай, Арбаиген, Ботабас ауылдарындағы тұрғындардан да сүт қабылдады. Сүтті күн сайын Павлодар қаласындағы «Сүт» акционерлік қоғамына өткізеді. Және де аптасына бір рет халықтан қабылдап алған сүт үшін өнім иелеріне тиесілі бағасын төлеп беріп отырды. Бұл шаруа қожалығы мен кәсіпкердің арасында бір-біріне деген үлкен сенім орнағанын көрсетеді.

Мал ұстаған ауыл тұрғындары үшін өнімді өткізе білу оңай жұмыс емес. Соның ішінде сүтті өткізу үлкен проблема. Ал, халықтан күн сайын сүт қабылдап, оны 100 шақырым алыста орналасқан облыс орталығына күн сайын жеткізіп отыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрі алынған өнімнің сапасына да мұқият назар аударылады. Сүт сапасын тез жоғалтатын өнім. Мұндай кәсіппен жұмысты жүйелі жолға қоя білген кәсіпкерлер ғана шұғылданады. Осындай жауапкершілігі үлкен жұмысты 7-8 жыл бойы үзбей жалғастырып келе жатқан «Найманов» шаруа қожалығының жұмысы атап өтуге тұратындай іс.


«Найманов» шаруа қожалығы ауылда өткізіліп жатқан қоғамдық іс-шаралардан да тысқары қалмайды. 1-ші қазан - Халықаралық қариялар күні қарсаңында ауыл қарттарына мерекелік дастархан жайып, үлкенге құрмет көрсетті. Жалпы алғанда, «Найманов» шаруа қожалығы шалғай ауылдағы тұрғындардың өнімін ұқсата білуге үлес қосып келеді.

Даниял Қызырұлы.


Бақылау жүйесі енгізілді

Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдің жүзеге асырылуы, яғни кіріс және шығыс құжаттардың мемлекеттік тілде дайындалуы сонымен қатар тілдер туралы бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы жаңа жүйе арқылы бақылауға алынды. Өткен аптада Павлодар қаласында семинарда қолданысқа енгізілген жаңа жүйе таныстырылып, жұмыс қолға алынды.

Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетіне қарасты интернеттегі «Мемлекеттік тіл порталы» арқылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ай сайын есеп беріп отырады. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл жүйе тіл саясатын жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді деп күтілуде. Дәлірек айтқанда, Тіл комитеті жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстарды тікелей өз бақылауына алады. Тағы бір атап өтерлігі осыдан былай аудандағы селолық округтер мен мемлекеттік мекемелер ай сайын мемлекеттік тілдің қолданылу барысы туралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне есеп беріп отырады.

Интернеттегі атауы www.til.gov.kz сервері тек қана мемлекеттік тілдің бақылау жұмысын жүзеге асырумен ғана шұғылданбайды. Бұл серверді үйінде немесе қызмет орнында интернетке қосылған компьютері бар кез кезген адам қолдануға болады. Себебі бұл серверде қазақ тіліне орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен ағылшын тіліне және т.б. тілдерге аударып беретін электронды сөздік орналастырылған. Сондай-ақ серверді пайдалана отырып қазақ тілінің лексикасы мен морфологиясы туралы да мағлұмат алуыңызға болады.

«Бала құқығы – адам құқығы»

Акция жалғасын тапты


Соңғы 20 жыл бойы жүргізіліп келе жатқан «Бала құқығы – адам құқығы» акциясы Жаңаауыл орта мектебінде де жалғасын тапты. Бұған дейін айтылғандай, облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті акцияның басталғанын жариялаған болатын. Ол жөнінде облыстық және аудандық газеттерде жарияланды. Ал, мектепте акцияны өткізудегі басты мақсат балаға өздерінің құқын білуге негізделді.

Мектепте әр түрлі жастағы балалар білім алады. Сондықтан біз акцияны үш топ бойынша өткіздік. Алдымен бастауыш сынып оқушылары арасында «Сен құқығыңды білесің бе?» атты тәрбие сағаты өткізіліп, мұнда баланың жалпы құқығы түсіндірілді. Екінші топ орта буын оқушылары арасында «Дөңгелек» үстел өткіздік. Бастауыш сыныптың оқушыларымен салыстырғанда, орта буын сыныптардағы оқушылардың жасы үлкен. Сол себепті мұнда оқушыларға бала құқығы жөнінде кеңінен әңгімелеп беріп, өздерінің құқығын түсіндірдік. Үшінші топ бойынша жоғарғы сынып оқушылары арасында конференция өткіздік. Жоғарғы сыныптың оқушыларының түсініктері өте мол. Өздерінің құқықтарын жақсы біледі. Осы себепті конференцияда айтылған пікірлер өзекті мәселелерді қамтыды. Конференция тарих пәнінің мұғалімі Гүлжанат Қанжығалиева, мектеп психологы Мәдина Тұрымжанова, құқық пәнінің мұғалімі Айгүл Сыздықова, мектеп ішілік жетім балалардың құқын қорғау инспекторы Айнұр Әлімбаеваның қатысуымен өткізілді. Және де аталмыш шараның өтуіне мектеп директоры атсалысып, ұйымдастыру жұмыстарын тиянақты жүргізді, әрі бағыт-бағдар берді.

Жаңаауыл қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Ұлттық құндылықтарын сақтап, балаға берілетін тәрбие жалғасып келе жатқан рухани орта. Адами қасиеттер сабақтасып жататын этнопедагогиканы бала тәрбиелеп отырған ауылдағы ата-аналар өте жақсы біледі. Сондықтан олар бала алдындағы жауапкершілігін толық түсінеді. Әрине, мұндай ауылда баланың құқығы бұзылмайды. Ал, мектеп мұғалімдерінің басты мақсаты – баланың құқығын өздеріне түсіндіре отырып, санасына сәуле ұялаған ұрпақ қалыптастыру.

Ж.Қасымова,


Жаңаауыл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.


Қажылыққа аттанды

Ауданнан екі адам қажылыққа аттанды. Олардың бірі ауданға танымал ақсақал – Ахат Каткенов болса, екіншісі Северный селолық округінде тұратын Майкотова Қадиша әжеміз.

Бұған дейін Шарбақты ауданынан бес адам Меккеге барып, қажы атанған болатын. Енді міне, олардың саны жетіге жетті. Біздің айтпағымыз қажылық сапар сәтті болып, құлшылықтарыңыз қабыл болсын деп тілек айтамыз.

Қажылыққа аттанған мұсылмандар бұл күндері қасиетті Мекке қаласында қажылық рәсімін өтеуде. Қажыға бару – мұсылманның бес парызының бірі. Қаржылық мүмкіндігі бар ауқатты адамдардың қажыға баруы міндет.

Қажылыққа аттанды

Ауданнан екі адам қажылыққа аттанды. Олардың бірі ауданға танымал ақсақал – Ахат Каткенов болса, екіншісі Северный селолық округінде тұратын Майкотова Қадиша әжеміз.

Бұған дейін Шарбақты ауданынан бес адам Меккеге барып, қажы атанған болатын. Енді міне, олардың саны жетіге жетті. Біздің айтпағымыз қажылық сапар сәтті болып, құлшылықтарыңыз қабыл болсын деп тілек айтамыз.

Қажылыққа аттанған мұсылмандар бұл күндері қасиетті Мекке қаласында қажылық рәсімін өтеуде. Қажыға бару – мұсылманның бес парызының бірі. Қаржылық мүмкіндігі бар ауқатты адамдардың қажыға баруы міндет.


Кәсіпкерлік

Құлашын кеңге жайған серіктестік

Елімізде кәсіпкерлік жылдан жылға алға басып келеді. Нарықтың талабын, заңдылығын түсінген кәсіпкерлер жұмысын тиянақты жүргізуде. Солардың бірі облысқа танымал болған «Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ауданға таныстыру артық болар. 1998 жыл құрылған серіктестік нарықтағы жетістігімен облыстық деңгейде танымал болып үлгерді. Серіктестіктің тағанын сауда саласының қыры мен сырын жетік меңгерген Төлеген Сейтахметов ақсақал қалады. Кеңес Одағы кезінде облысымызда бірнеше ауданның тұтынушылар одағын басқарып, өмірдің небір белестерінен өткен ақсақал серіктестіктің жұмысын бірден нарық талабына бейімдеді. Содан болар нарықтың қыспағы кезінде бірқатар кәсіпкерлер банкроттыққа ұшырап жатқанда Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыннан сүрінбей өтті. Бүгінгі күні Төлеген Сейтахметов өзі қалаған серіктестіктің тізгінін ұлы Қанатқа ұстатты. Бірақ та ақыл кеңесін үнемі беріп келеді.


«Болашақ» серіктестігі жұмысын алғаш рет дүкен ашып, аудан тұрғындарына азық-түлік сатумен бастады. Алып сатарлықпен ғана шектеліп қалмады. Уақыт өте келе наубайхана, нан-тоқаш өнімдерін өндіретін цех пен сапалы қызмет көрсететін асханалар ашып кәсіпкерлікті жаңа қырынан дамытты. Өнім өндіруде де жетістіктерге қол жеткізді. 2003 – 2007 жылдар аралығында ауданда «Ең үздік кәсіпорын» деп танылды.

Серіктестікке қарасты наубайханада күніне 700 килограмнан астам нан пісірілсе, кондитерлік цехта 50-ге жуық тәтті тоқаш өнімдері дайындалады. Село тұрғындарының басым көбі «Болашақ» серіктестігінің өнімін тұтынады. Ең бастысы өнім сапасы тұтынушылар талғамына лайық. Яғни, халықтың сұранысын өтеумен қатар нарық кеңістігінен өз орнын тапты.

Үстіміздегі жылы серіктестік егін салуымен шұғылданды. Жаз жаңбырлы болып мол өнім алды. Бірақ серіктестік басшысы өнімді өткізуде қиыншылықтардың туындап отырғанын айтады. Қазіргі кезде серіктестікте 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Осыншама адамға жұмыс тауып беріп, оларға ай сайын жалақы төлеп келе жатқан серіктестіктің жұмысын атап өтуге болады. Бұл күндері сауда жұмыстарын жүргізіп отырған 6 дүкені мен 3 кафесі бар.

«Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Бірінші кезекте көкөніс сақтайтын қоймалар салуды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл өте маңызды мәселе. Қойма тапшылығы жөнінде облыстық газеттерде бірқатар өзекті мақалалар жарияланды және де орын алып отырған проблеманы шешу жөнінде облыс әкімінің тапсырма жүктегені белгілі. Астық пен көкөніс мол шыққан биылғы күзде қойма тапшылығы облыстағы үлкен күрделі мәселеге айналды. Сондықтан серіктестік басшылығы осыған назар аударды. Екіншісі қосымша сауда орындарын ашуды жоспарлауда.

«Жас келсе іске» дегендей, әкенің кәсіпкерлігін жалғастырып келе жатқан Қанат Сейтахметов серіктестік жұмысын тиянақты ұйымдастырып келеді.

Қ.Жазира.