girniy.ru 1
Келесі күні осы шаруашылықтың бас экономисі Сүйінжан Құлмағанбетов деген туысымнан сұрадым.


–Әй, Сүлеке, кеше осы контордың жанынан ұзын бойлы, аққұба жігітті кездестірдім.

–Жасы нешеде? – деп сұрады. Мен «жас шамасы орта мектепті жаңа бітірген болу керек» дедім.

–Е, онда ол өзіміздің ағайын, Сарыкөлде тұратын Сопы ағайдың баласы ғой. Оныншыны биыл қаладан бітіріп келіп, бір жыл қызмет істеймін деп мұғалім болып орналасты. Аты – Жомарт, – деді ол.

«Аты оңды екен» деп түйдім. Жастығына қарамай өзін өте салмақты ұстайтын, ісіне жауапкершілікпен қарайтындай көрінді.

Бір күні аудандық газетті оқып отырып, бір әжептәуір көлемді мақаланың астында Жомарт Әбдіхалық деген жазуды көрдім. «Мынау біздің Жомарт емес пе екен» деп ойлап, мақаланы түгел оқып шықтым. Мақала совхоз орталығында ұйымдастырылған сенбілікке арналған екен. Сөз саптасы, уақиғаның желісі бірден тартып барады. Сенбілікте жұмыс істеген оқушылардың бейнесі анық көрсетілген. Ішімнен сол бір «сары баланың» тегін емес екендігін, келешекте бір үлкен мамандықтың иесі болайын деп тұрғанын сездім. Бұдан кейін де аудандық газеттің бетінен, Алматыда шығатын балалар, жасөспірімдер газет-журналдарынан мазмұнды мақалаларын жиі оқып жүрдім. Жомарттың іс-қимылына, істеген істеріне үңіле бастадым. Бір күні мектеп директоры Бапан Атамбаевқа қоңырау соғып, «Жомартты маған жіберші» дедім. Ол айтқан уақытында келді. Екеуміз танысып, біраз әңгімелестік. Жомарттың ойы – келесі жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсу екен.

Жылдар жылжып өтіп жатты. Қызмет бабымен әрқайсымыз әр жаққа кеттік. Жомарт өз мамандығы бойынша оқуын жақсы тәмамдап, Ақмоланың облыстық, өлкелік газеттерінде жұмыс істеді, көпке дейін кездесудің сәті түспеді. Мен Торғай облысында қызметте болдым. Жомартты сырттай сұрап, не қызмет істейтінін біліп жүрдім. Ол газеттің әдеби қызметкерінен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторлығына дейін жоғарылады. Ол тек жақсы журналист, газет басшысы ғана емес, әр сөзі философиялық терең мағыналы, ел ішінде елеулі, абыройлы азамат еді. Қаншалықты қарапайым болса да, соншалықты ойы күрделі де, жұмбақ, терең де биік болатын.

Қатарынан озық тұрған жарқын жүзді, терең білімді, біртуар азаматтың ғұмыры ұзақ болмады. Ажал жақсы көретін бауырымызды арамыздан алып кетті. Қанша қайғырсақ та, қанша жоқтасақ та, Жомарт бауырымыздың қатарымызға қосылмайтынына көзіміз жетті.

Жатқан жерің торқа болсын, бауырым!

Омар ЖАҚЫПОВ.

(«Астана ақшамы», 30 қазан). 2012 жыл).