https://electroinfo.net

girniy.ru 1
Жанболат Башар



Асау Балқашым-ай


Асау теңізім-ай,

Толқыны жағаны ұрған.

Төсіңе телміріп ай,

Айдынға бетін жуған.


Бұғынып қалтарыста,

Бертісің түнереді.

Жоғалған жолбарыс та,

Түсіңе кіре ме енді?


Қондырып күні ұяға,

жұлдыздар жымыңдасқан.

Жағада қамыс-қоға,

толқынмен сыбырласқан


Бектауата


Жапандағы жалғыз тау шынар,

Далама болған бой тұмар.

Оранған қырда боз мұнар,

Киелі биік сол шығар.


Көлге де төніп сұқтана,

Қарайды көкке шаншылып.

Тәкәппар шыңнан ықты ма,

Төбелер кеткен шаншылап.


Қыздырып күнге жотасын,

Қақатайды төсін жап-жалтыр.

Баурайы балқып жататын,

Билеген қайың ақ балтыр.


Дереккөзі: Жанболат Башар. Көкше көлдің самалы. Өлеңдер мен балладалар [Мәтін]. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2004. - 122 бет.


Алаштың ару Балқашы


Көгіңнен сенің

Жұлдыздар бүгін жауған күн,

Алланың пейілі

Өзіңе ғана ауған күн,

Көк теңіз атып толқынын

Шаттанып Балқаш,

Толқынға бетін жуған күн.

О,мені асқақ

Тәкаппар қалам,Армысың!

Өзіңде туған

Асылдар бартын нар мүсін

Ерлерім өткен даламда.

Болашақ үшін

Жұмсаған солар бар күшін

О,менің асқақ,

Тәкаппар қалам еңселі!

Достықтың заңғар

Мекені дейді ел сені.

Алаштың ару-

Балқашы болып жасай бер.


Балқашым бағым


Атақ-даңқы сыртынан ғашық еткен,

Жолым түсті Балқашқа осы көктем...

Көлдің көркін көрдім де үнсіз қалдым,

Көкірегімді бір сезім осып өткен,



Көк толқында ойнайды өңір күйі,

Сол толқындай толқиды көңіл жиі.

Жағалауда жабырқау арбияды,

Балықшының баяғы өмірлі үйі.


Ұялатқан көзге нұр, санаға сыр,

Мына сурет елес боп қала ма құр?

Көлдің суы қоштасқан ару қыздай,

Жағалаудан алыстап бара жатыр.


Ғасырларда тудырған мыңдап аңыз,

Көлсіз жетім емес не бұл даламыз.

Қолдан асыл жасаған дұрыс шығар,

Шын асылды жоғалтсақ, кім боламыз?


Дереккөзі: Жанболат Башар. Самғау. Өлеңдер мен толғаулар [Мәтін]. – Қарағанды, 2006. – 208 бет.


Әлихан Жәңгірұлы


Балқаш көлім


Еліне ырыс болған Балқаш көлім,

Келбетің желсіз кеште қандай керім.

Қаланың суда ойнаған суретіне,

Келеді көзімді алмай қарай бергім.


Өткенді ой,санада елестетіп,

Жүреміз құм жағаңа келіп-кетіп.

Тараған айдыныңнан салқын самал,

Тастайды жан сергітіп,ой өрбітіп.


Жағаңнан ұстаушы едік сазаныңды,

«Усоққан» қызықтаушы-ек бірқазанды.

Алғашқы қар жауғанда ізге түсіп

Алушы ек қолмен ұстап қырғауылды.


Көктемде көлдің беті құсқа толып,

Әндетіп тыным таппай,у-шу болып.

Табиғат өзі ойнаған симфония,

Көңілді жадыратар ойға қонып.


Дереккөзі: Әлихан Жәңгірұлы. Балқаштың жағасында [Мәтін]. – Алматы: Кенже-ПРЕСС, 2001. – 107 бет.


Әбіл Кәріпбайтегі


Балқаш жырлары


Шаттығына бөленген өр даңқтың,

Мен жігітпін,мен-еңбекшіл халықпын.

Тылсым көкке жалын ұшқын атады.

Баурайында Балқаш-сынды алыптың.


Ертегіде айтылған нар батырлар,

Осында жүр,қызықтауға хақың бар.

Мұнараға қонақтаған ақ бұлттар,


Түтін емес,аппақ арман-шашулар.


Дереккөзі: Әбіл Кәріпбайтегі. Аман бол, қараша там, қара шал! [Мәтін]: Өлеңдер. 1-ші кітап. – Балқаш, 2001. – 135 бет.


Қуандық Сәденов


Ару Балқаш-әнім менің


Ару қала ,жанға сая мекенім,

Әлемге аян мыс алыбы екенің.

Сәулетің бар,дәулетің бар шалқыған,

Жыр -әніммен сені мақтан етемін.


А-а-а-а-а-а-а

Жаны дархан елің,

Ырыс-байлық жерің,

Еңбек сүйгіш халқың сенің.

Ақ шағала көлің,

Қазыналы кенің,

Ару Балқаш,әнім менің.


Дариядай балқып мыстың айдыны,

Даңқыменен болды әлемге әйгілі.

Кен қопарып,мыс балқытып ерлеген,

Ерлеріңмен шалқыды елдің байлығы.


Көңіліме әуен болып төгілген,

Көз алмадым шалқып жатқан көліңнен.

Еңбегімен қала орнатқан майталман,

Ару Балқаш,айналайын еліңнен!


Дереккөзі: Қуандық Сәденов. Жырлайды жүрек [Мәтін]: Өлеңдер мен әндер. – Қарағанды, 2003. – 60 бет.


Махмұт Нұртазаұлы


Балқаш қаласы


Айдын көлді айна қылып,

Таранасың ақ таңнан.

Аспандағы Ай да күліп,

Саған сырын ақтарған.

Арайланып күн шығады,

Шығысынан нұрланып.

Батқанынша ынтығады,

Бір суынып, бір жанып.

Жұлдыздар да жымыңдайды,

Түн жамылып төбеңде.

Көзін сүзіп тың тыңдайды,

Жаудырайды төменге.

Жағадағы жас қаласың,

Бой көтерген бертінде.

Көркің сұлу таңқалатын,

Сәулең судың бетінде.

Алақанын күнге тосқан,

Құмдақ өңір мекенің.

Дереккөзі: Махмұт Нұртазаұлы. Атажұрттан айналдым [Мәтін]: Өлеңдер кітабы. – Алматы: ҚазАқпарат, 2009. – 182 бет.