girniy.ru 1

– Ес-аға, сіздің бұл айбатыңыздың жанында Ельциннің әлгі танк үстінде ежірейгені түк емес!


Екеуіміз де күлдік. Өмірге келгенімізде мүшел жас айырма болса да, құрдастарша қалжыңдасып қалатын сәтіміз аз емес-ті, мынау «қамшы тастасымыз» соның бірі еді.

– Ғаба, қалай дегенмен, Ельциннің сол қимылы ерлік болды, ә?

– Айтар жоқ. Хрущев көкесінің: «Мы покажем им кузькину мать!» деп жұдырығын жұлқынтып шыға келетінін көре қалды емес пе?

– Түуһ, ол көкесін қоя-ақ, қойшы, көкіп келіп, көкіп кетті ғой бәтшағар!

– Әкем оның суретін гәзеттен алғаш көргенде: «Мынаның былшиған сиқы жаман екен, бетпақтың бетпағы шығар» деп еді.

– Ой, құданың құдіреті-ай, Хрущев «көсем» бол-ған соң не сұрайсың! Жер-көкті бала-шағасын ерте қыдырып, бір елден торай, бір елден жүгері құшақтап қайтып, қылмақшыны қылды-ау! Қуатты державаның қазынасын қаңсытып, халықты көкбұршақ нанға қаратып кетті. Далбаңдаған жүріс, бапылдаған сөз. Лениннің бір партиясынан: ауыл шаруашылық деп, өнеркәсіп деп екі партия жасады. Шет елдердегілердің де көбін: маркстік компартия, маркстік емес компартия деп екі бөлді емес пе? Кремльді қандай былық-шылыққа толтырғанын кейін Брежнев айтып, қоясын ақтарар деп едік, ол былқ етпеді.

– Брежневі, Горбачеві, Ельцині, Путині бар, бәр-бәрі де бір жіптегі моншақтар ғой.

– Черненко мен Андропов мезгілдерінен бұрын үзіліп түсіп қалды деші. Андропов бір өзгеріс, жаңалық жасағандай еді, ал Черненко Брежневтің дос-шабарманы болған, ымдас-жымдас дегендей. Саяси бюродағы көзөлдер көзір тұз болуды біріне бірі қимаған соң, уыстарынан шықпас Черненконы бетке ұстап, арғы жағын өзіміз бітіріп отыра берейік дескен болар.

– Ес-аға, осы сіз ғой негізінен, «Наш Никита Сергеевичтің» кадрысыз, ә?

– Е, үшаяқ жігіт, не пәле іздеп отырсың?

Екеуіміз «Күліңдер!» деп кенеттен бұйрық алғандай-ақ бірдей күлдік.

– Менің Хрущевымда сенің не шаруаң бар? – деп Ес-аға жорта ежірейді.

– Ес-аға, мен «өлеңді қойып, жырға түссем» деп жүрмін. Сталин, Троцкий, Хрущев,Солженицын,

Горбачев туралы жазғым келеді.

– Себеп?

– Кеңес өкіметінің тарихындағы «қызыл қырғынды» бастап, оны «халық жауы» науқанына айналдырған – Лев Давидович Троцкий. Оның шын аты-жөні Лейба Давидович Бронштейн екенін білесіз. Бүгінде оны ешбір кінәсі жоқ деп беталды дәріптеу басталды. Ал Иосиф Виссарионович Сталинді орынды-орынсыз қаралау бар. Никита Сергеевич Хрущев білімсіз, мәдениетсіз, дарақы болды да, Кеңес Одағын, орыстар айтатындай, «калошқа отырғызды» және өсек-өтіріктің өртін шығарды. Александр Исаакиевич, Исаевич емес, Солженицынды білесіз, қазақтың тамағын ішіп, дас-тарқанын тіліп кеткен сұмпайы. Михаил Сергеевич Горбачев өзін өсірген жүйені сатты.

– Тоқта. Ал өзің қызмет істеген кезеңдегі Леонид Ильич Брежнев туралы неге жазбайсың? Әлде оған бүйрегің бұра ма?

– Ешқайсысына бүйрегім бұрмайды. Мүмкін бол-ғанынша ресми дерек атаулыны жинап, безбен басын тең ұстап, шамама қарай шындықты жазғым келеді. Ертеңгі ұрпаққа шындық керек. Ал «Наш дорогой Леонид Ильич» кәдімгі жалпақшешей болды емес пе. Кеңес Одағын билегендердің ішінде мақтауды ең көп естіген, орден-медальді ең көп алған сол болса да, қалайша екенін білмеймін, соны саяси қайраткер дегім де, ол туралы ештеңе жазғым да келмейді.

– Ә, менің Никита Сергеевичімді саяси қайраткер деп мойындап қойған екенсің ғой? – деді Ес-аға жорта қуақыланып.

– Кешірерсіз, ол саяси қайраткер болған жоқ, саяси авантюрист болды.

– Тоқта. Сөзді көбейтпейік. Мен, рас, Хрушевтің тұсында журналшы болдым, тың игеру деп біраз шапқыладым, алайда, оның әсіресе тың игеру жайындағы солақай саясатын іштей қабылдаған жоқпын, бірақ, амал не, қыбын тауып жазсам деген кезімде «байтал түгіл бас қайғыға» ұшырадым ғой. Жалпы, меніңше де, ол саяси қайраткер болған емес.

– Ес-аға, 1969 жылы қазан айында Украинаға іссапармен барып, Днепрдің жағасында суық жаңбырдың астында қалып, екі өкпем бірдей қабынып, ауруханада жиырма күн жаттым.

– Нашар қазақсың ғой!


– Мықтымын деп сізбен таласқан күнім бар ма?

Екеуіміз тағы күлдік.

– Иә, айта бергін.

– Сонда бір қарт коммуниспен, ұшқыш полковникпен бірге жаттым. Олар Хрущевті сұмдық жек көреді екен. Украинаны билеп-төстеген үш жыл әлетінде жүз мыңға жуық «халық жауын» тізімдетіп, өзі қол қойып құртты, десті. Ал Мәскеуде болып жүргенімде ондағы жазушылар: Хрущев Мәскеу қалалық және облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы кезінде облыс, қала, аудандардың партия-совет аппаратын екі рет түгелдей жаңартып, жиыны 55 мың коммунисті «халық жауы» деп жойды, деген-ді.

– Сұмдық-ай! Сонда оны, сүтке тиген мысықтай етіп, ешкім шекесінен шертіп тоқтатпаған ба? Тіпті түсініксіз. Ал «халық жауы» деген сойқандық біздің, ары бармай-ақ бергісін айтқанда, кешегі зиялы қауымымызды не күйге ұшыратқанын жақсы білемін. «Лениншіл жас» гәзетінің, қазіргі «Жас алаштың» редакциясында қызмет істеген ке-зімде оның да, «Социалистік Қазақстан» гәзетінің де сонау жылдардағы тігінділерін ақтардым. Сұмдық! Зиялы деген ағаларымыздың көбі бірін-бірі «халық жауы» деп «әшкерелеуде» алдарына жан салмапты. Оларды көрген былайғы жұрт, саяси сауаты аз көпшілік не істеген десеңші! Жұмысшы орталықтарында, мекемелерде болған жиналыстарда, құдай-ау, неткен сорақылық: «Біз алдағы айда пәлен халық жауын әшкерелеуге міндеттенеміз!» деп нақты санын атаған қаулы қабылдайды екен, сен соны білесің бе?

– Осында келердің алдында үлкен архивтерді екі апта аралап, біраз «қызық-шыжықты» аңғардым. Оны қоя тұрып, Ес-аға, өзімнің ауылымда болған бірер жағдайды айтайын.

– Олай болса, сәл сабыр еткін. Мына орным суың-қырап бара ма, қалай, ыстықтау жеріне жылжиын.

Ес-аға орын ауыстырып:

– Енді жөн болды, кәне, сен әңгімеңді жылжыт, – деді.

– Әкемнің ағасы Құрманбай Айтықов – сол зобалаң тұста әсірепысық шолақ белсенділердің тізіміне іліккендердің бірі. Жастайғы кәсібі ұсталық екен. Колхоз құрылып, іскер жас ретінде партия мүшелігіне қабылданып, оны-мұны қызмет атқара бастасымен озбырлыққа қарсы күреске кіріскен. Айтысып-тартысып, ақырында жеңіліп, партиядан кетіріліп, ұсталығына оралған. Бірде, түн ортасынан ауа көршідегі кішкене қыз бала ботадай боздаған келіп: «Ата, біреу тәтеме тиісіп жатыр!» дейді. Таниды. Күйеуі қайтыс болғанына жарты жыл ғана болған жалғызбасты пақырдың қызы. Ауылға егін науқанын бақылауға ауданнан келіп жатқан өкіл жігіт оның үйіне есігін қирата баса-көктеп кіріп, зорламақ болған. Бала қашып шыққан. Құрекең дереу жүгіріп жетсе, өкіл мен келіншек жұлқысып жүр екен. Құрекең жігітті бассалып, сілейтіп сабап, қуып жібереді.


– Сауап болған екен!

– Содан екі күннен кейін қызылжағалы екеу келеді де: «Партияның өкілін сабадың! Халық жауысың!» деп Құрекеңді ала жөнеледі. Ұста атам содан қайтып келмеген, сүйегі Магаданда қалғанын кейін білдік. Артында қалған бала-шағасы тоз-тоз етіп жіберілген. Жұмыстан, мектептен қуылған. Тұңғышы Ізғұтты Семей қаласын паналап, сол жақтан Сталинге хат жазып, майданға сұранған. «Менің әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап, Сібірге айдап жіберді. Маған соғысқа баруға рұхсат беріңіз. Мен қарапайым колхозшы әкемнің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» деп жазған үшінші хатынан кейін 1942-жылы майданға алынып, ерекше ерлік жасағаны үшін Совет Одағының Батыры атағы беріліп, 1944 жылы қаза тапты.

– Ізғұты қай жылғы еді?

– 1922 жылғы. Үйленбеген де екен. Артында белгі қалмады.

– Ұмытылмастай болып тарихта қалғанына шүкіршілік. Қайран боздақтар-ай!

– Колхоз құрылысында жиырма жылдан аса жұмыс істеген әкем Қабыш (Қабдырахман) екеуіміз «халық жауы» жайында әңгімелесіп отырғанымызда ол: «Балам, жаудың болғаны рас, – деді. – Мен білгенде колхоз бастығы, ауылсовет ағасы, партия, комсомол ұйымдарының жетекшілері аз мертіктірілген жоқ, аз өлтірілген жоқ. Тірі жүргендеріміз сақтана, қорғана білгендіктен аман қалдық. Ал колхоздың егінін, шөбін өртеп, малын қырып кету жұртқа қаншама қиямет болғанын айту қиын. Иә, балам, есіңде болсын, іштей жау көп болды, бірақ, олар халықтың жауы емес еді, жаңа бағыт, жаңа заман жасаған билікке, билік басындағыларға жау еді. «Халық жауы» демей, «Партияның жауы» дегенде дұрыс болатын еді, жоқ, билік басындағылар әдейі «халық жауы» деп атап, ел ішіне өрт салды. Мал дегенде жалғыз ғана сиыры болған Құрманбай атаң қайдағы жау? Ол кісіні жалғыз әкетпеді, ауылдағы бір жымысқылардың: «Пәленбай сол Айтықовтың досы» деп көрсетуімен он шақты жігіт қосақ арасында босқа кетті. Сен қалам ұстап жүрсің ғой, ол жағдай да есіңде болсын. Сол сұрқиялық жылдары Қазақстанды Мирзоян деген басқарды. Оқыған, халыққа танылған Ахмет Байтұрсынов бас болған азаматтарымыздың бәрі соның тұсында қазаға ұшырады. Оны да ойлай жүр», – деді жарықтық.


– Е, ашылмай жатқан шындық аз емес-ау!

– Ес-аға, «халық жауы» науқанында нендей сұмдықтар болғанын сіз менен әлдеқайда жақсы білесіз, шет-жағасын көрген де шығарсыз. Ал мен естігенімді айтамын. Мысалы, біздің ауданда, Ұланда,«Социалистік майдан» деп аталған гәзет шыққан күні: «Оу, алақандай «Майдан», келе қалдың қайдан? Бастықтарға болса да, бізге болмас пайдаң!» деп қалжыңдаған кісі «халық жауы» делініп ұсталып кетіпті. Немесе біздің ауылда шалыстау сөйлейтін Көшербай деген кісінің үстінен «халық жауы» деген арыз болып, оны сезген Көшекең тауды паналап, жасырынып жүреді. Оны үйінде екі күн, екі түн аңдып тосқан екі милиционер, сірә, құр қол қайтуға қожаларынан қорықса керек, үшінші күні: «Бұл да Кешубаев, бәрібір!» десіп, Көшербайдың жалғызбасты жарымжан ағасын алып кетеді.

– Е, қайсыбірін айтып тауысарсың, ол жылдардағы зобалаңды біздің қазекең өзі зорайтып жіберді. Ар-
хивтерді зерттеп жүрген осындағы кейбір жігіттерімізге айтамын: – Шырағым, байқа. Шындық керек деумен бадырайтып атай бастасаң, бірін-бірі «халық жауы» деп көрсетіп, ұстасып, ақырында бірге қор болып кеткендердің бүгінгі, ертеңгі ұрпақтарынан «Менің атамды сенің атаң айдатыпты!» деп қырқыса бастайтындар шықпасын қайдан білесің? – деймін. Меніңше, ақиқаттың айтылуы шарт емесі де бар. Сеніңше қалай?

– Меніңше де солай.

– Ендеше, үшаяқты жолдас, үйімізге қарай аяңдайық. Мына тастың майсыз құйрық-жамбасты құртатын түрі бар. Содан кейін, Ғаба, бір қызық нәрсе: екеуіміз «жә, бәрекелді!» дескелі үлкен-кіші саясат туралы әңгіме соққанымыз бүгін бірінші рет, соны байқадың ба?

– Солай сияқты.

– «Сияқты» емес, солай. Жалпы мен бұл саясат деген пәлеге жуи бермеймін, сұрқылтайы көп. Екеуіміз қазір шайға қанып алып, бір ұйықтап тұрсақ, әй, сонымыз оңды болар.

– О, бұл саясатыңыз өте дұрыс!

Екеуіміз тағы күліп, Ес-ағаның коттеджін бетке алдық...

Әдебиетші, тарихшы, танымал жазушы, Көкшенің абызы болған Ес-ағаның туғанына 85 жыл толуы алдында екі отбасы аралас-құраластықпен өткізген отыз төрт жылымызды көңіл көзіме тағы бір тізіп отырғанымда 2004 жылдың жазында өткен осы бір әңгімеміз жадымда жаңғырып, еріксіз таңдандым.
Ес-ағаша «құданың құдіреті» деп айтсам, екеуіміздің саясат жайында әуелгі де, ақырғы да әңгімеміз сол екен! Себебі... Ес-ағаның «сұрқылтайы көп пәлеге» жуи бергісі келмейтінін сезген соң «аузыма ие» болдым-ау деймін.