girniy.ru 1
Ауыл — дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан қауымдастық. Қазақ халқындағы “Ауыл түбі — бірлік, қауым түбі — тірлік” деген мақал ауылдың этникалық, экономикалық және рухани маңыздылығын білдіреді. Мен даланы қоныс еткен көшпелілер үшін табиғатпен үйлесімді тіршілік ету жеткіліксіз еді. Олардың әлеуметтік ортасы да адамға қолайлы болуы қажет. Бұл қажеттілік жеті аталық үрдіс деп аталатын қоғамдық құрылымды тудырды. Дәстүрлі қазақ ауылы бір атадан тараған (аздаған кірме, қоңсыларды қоспағанда) ру мүшелерінен тұрды. Ауыл ішінде негізінен некелік қатынастарға тыйым салынған. Жеті аталық үрдіс дегеніміз экзогамиялықнекенің ең қатты сақталатын түріне жатады. Фольклордағы ғашықтар Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр осы дәстүрді бұзғаны үшін өлім жазасына кесілген. Мұны басқа мәдениеттер тұрғысынан қатыгездік деп те бағалауға болады. Алайда, рулық экзогамияның жағымды жақтары да айқын. Осындай некелік қатынастар аралары жүздеген-мыңдаған шақырым ауылдарды бір-біріне жақындатты, туысқан етті. “Құда — мың жылдық” деген ұғым осыдан пайда болған. Қазақ тілінде диалектілердің жоқтығы да осыдан. Ауылдар арасындағы ынтымақтастықтың артуы этностық тұтастықты нығайтып, бүкіл ұлт адамдарын бір әулет сияқты туыстастырды (“Қарға тамырлы қазақ”). Ауылдың әлеуметтік құрылымына келсек, онда батыстық тұрғыдан қаралып жүрген тап, тап күресі, феодал, шаруа, қанау тәрізді ұғымдардың мәнсіздігін аңғарамыз. Біріншіден, рулық-ауылдық қоғамда отырықшы мәдениеттердегідей жерге деген жеке меншік дамымаған. Ол рудың меншігі болып есептелген. Бай ауылдастардың малы да бүкіл ауыл мүшелерінің игілігі ретінде табыс көзіне айналған. Тіпті, басқа ауылдан түскен қалыңдық та бүкіл ауылдың келіні болып есептелген. Әмеңгерлік, жесір дауы сияқты әлеуметтік құбылыстардың да тамыры осында. Екіншіден, ауылдар арасындағы әр түрлі қайшылықтар мен күрделі мәселелерді ауылдың беделді адамдары — ақсақалдар мен билер реттеп отырған. Әдетте, қазақ ауылына 5 — 6 түтіннен 10 — 15-ке дейін шаңырақ құрған. Бұл ортақ шаруашылық жүргізу мүддесіне байланысты пайда болған. Көп малды бір жерде шоғырландырып ұстау шаруашылық үшін тиімсіз. Қазақ ауылын үлкен отбасылық патриархалдық қоғам деген пікір шындықпен сыйыспайды. Себебі, мүмкіндігі бар адамдар ер жеткен балаларына енші беріп жеке шығарған ауылдан ауыл бөлініп, көрші орналасқан. Кенже ұл әкесінің, “қара шаңырақтың” мұрагері болып есептелген.[1] Әрбір ауыл көшпелі мектеп, жалдамалы молда (кейінірек мұғалім) ұстаған, кілем, алаша, басқұр, шекпен т.б. тоқитын, үйшілік, зергерлік, ұсталық ететін қолөнершілер болған. Ауыл ән мен күйдің, өлең мен жырдың, ақындар айтысы мен шешендер сайысының орталығы болып, ұлттық дәстүрдің тоғысқан жері, халық өнерінің нағыз бастауы болды. Қазақ ауылнда үйлер алқа-қотан тігіледі, мал қоралау, өргізу үшін, ауылдың бір жақ шеті ашық қалдырылады. Ауыл көрінісіне тән нәрсе: шұрқыраған жылқы, маңыраған қой, боздаған бота, желіде тізілген құлын, көгенделген қозы-лақ, асыр салған құлын-тай болып келеді. Ауыл маңында міндетті түрде бұлақ жемесе құдық, оның басында қауға, үлкен ағаш науа болады. Ауылдың көшіп-қонудағы басты мақсаты — мал тойындыру. Қоныс неғұрлым жиі ауыстырылып, өріс жаңғырып отырса, мал соғұрлым күйлі, семіз, сүтті болады. Қазақ жылдың төрт маусымын өрісінің сонылығына, судың молдығына қарай: өре жимас, майқұйрық, ақ бастау, егінді бұлақ, қопалы, миялы т.б. жіктеген. Табиғи апаттар (қуаңшылық, жұт, індеттер), әлеум. және саяси аласапыран оқиғалар (сыртқы жаугершілік, ру-тайпа аралық тартыс, елдік бірліктің әлсіреуі т.т.) адамдық топтасудың бұл түрін күрт өзгерген ортада дәрменсіз етті. 19 ғасырдан бастап қалыптасқан жаңа жағдай қазақтың ауылдық типін күйзеліске ұшыратқаны белгілі. Ол батыстық (ресейлік) қысымға шыдай алмады. Осының нәтижесінде тозу, қақтығыс, мәдени дағдарыс көріністері ауылдық-тектік қоғамды жайлай бастады. 1856 — 68 жылдары жүргізілген әкімшілік реформаның нәтижесінде қазақ жеріндегі ауылдық басқару болыстық жүйемен алмастырылды. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамның өзіндік реттеу тетіктерін жойып, сырттан таңылған жүйеге көшуіне әкеп соқты. Қазақ ауылы отарлық типінің мал өнімдерін өндіретін шикізаттық ұжымдарына айналды. Қазан төңкерісіне (1917) дейін қазақ жеріндегі көшпелі ел мен отырықшы халық мекендерінің типінде үлкен айырмашылық болатын. Кеңес өкіметінің кезінде көшпелі ауылдарды жаппай отырықшылыққа бейімдеп колхоз, совхоздарға біріктірді. Бұл қазақ ҚР ауылдарын зор, қасіретке ұшыратты. Ауылдың қоныс жүйесі ретінде қаладан айырмашылығы — тұрғындарының орналасу тығыздығы төмен және саны аз. Еңбек және демалыс түрлері өзгеріске аз ұшырайды. Мұндағы еңбек табиғат ырқына, яғни жыл мезгілдерінің ауысып отыруына негізделген. Қаламен салыстырғанда ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылу дәрежесі төмен, бірақ кәсіп пен тұрмыстың мазмұндық бірлігі жоғары; еңбек ету жағдайлары ауыр, инфрақұрылымы нашар дамыған. Ауылдағы жанұялар әлеуметтік және ұлттық жағынан біртекті болып келеді. Әлеуметтік бақылау дәрежесі қаламен салыстырғанда жоғары, себебі адамдардың өзара қарым-қатынастары әдет-ғұрыптарға, салт-дәстүрлерге қатаң негізделген. Отырықшылану кезінде тарихи қалыптасқан көшпелі ауылдар жүйесі біржола бұзылып, оның отырықшы жаңа елді мекендер бойынша топтаса қоныстануы пайда болды. Осы шағын елді мекендер (олардың ішінде ауыл шаруашылығымен айналыспайтындары да) ауыл атала бастады. Социалдық жоспарлы экономиканың күйреуі, оның орнына жаңа нарықтық экономиканың ірге тебуіне байланысты тұрғын жұрттың қалаға көші-қонының күшеюі салдарынан ауылдар саны азаюда. Қазақстанда 1997 жылы ауылдардың жалпы саны 8172, оның ішінде 1 мыңнан астам адам қоныстанған ауылдар 1624 болды.