girniy.ru 1 2 3 4
ӘОҚ 378.016:811.512.122 Қолжазба құқығында



КЕРІМБЕКОВА АҚБӨПЕ АЙТҚҰЛҚЫЗЫ


Қазақ тілін жоғары оқу орны студенттеріне фразеологиялық сөздік арқылы оқыту әдістемесі

(гуманитарлық факультеттің орыс бөліміне арналған)


13.00.02 – Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі (Бастауыш, орта және жоғары білім беру жүйесіндегі қазақ тілі)


Педагогика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ


Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында орындалған


Ғылыми жетекшісі: Педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Еркебаева Г.Ғ.


Ресми оппоненттері: Педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Жақсылықова К.Б.

Педагогика ғылымдарының кандидаты,

доцент Уайсова Г.И.


Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық

университеті


Диссертация 2010 жылы «21» қазанда сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (50010, Алматы қаласы, Достық даңғылы 13; кіші конференцзал) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.


Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2010 жылы «20» қыркүйекте таратылды.


Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,

филология ғылымдарының докторы,

профессор Қосымова Г.С.


КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті болумен қатар олардың мәдени деңгейінің де көрсеткіші болып табылады. Өйткені тілді білу тек қарым-қатынас құралын меңгеру ғана емес, ең алдымен, өзі өмір сүріп отырған мемлекетке деген, оның өзіндік заңнамалары мен талаптарына деген құрмет болып та саналады. Олай болса, мемлекеттік тілді еркін меңгеруге болашақ мамандардың да мүдделілігінің арта түсуі заңды. Ал мұндай мәселенің туындауы жоғары білім беру жүйесіндегі мемлекеттік тілді оқытудың сапасын арттырудың жолдарын жан-жақты қарастыруды қажет етуде. Сондықтан да соңғы жылдары бұл бағыттағы ізденістер ауқымы да кеңейе түсуде. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру үшін қажетті жағдайлар жасау керек», - деген сөзіне орай мемлекеттік тілді оқыту үдерісінде де студент тұлғасын дамытуға мүмкіндік беретін жолдарды саралау күн тәртібіне өткір қойылып отыр [1, 7 б.].


Мемлекеттік тіл - қоғамның барлық саласында қолданылатын қатынас тілі, мемлекетті басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Тілдің өз дәрежесінде қолданылуы үшін пәнді оқытуда қазақ тілінің қатысымдық, танымдық, тағылымдық қырларын өзара бірлікте меңгертуге, оның көркемдік-эстетикалық сипатына мән беруге, болашақ мамандардың әлеуметтік ортаның ерекшелігіне сай тілдесім мәдениетін қалыптастыруға басымдылық беру керек. Бұл орайда студенттердің сөздік қорын толықтыруда, сөйлесім әрекетін дамытуда маңызды рөл атқаратын, қазақ тілінің байлығы мен оралымдылығын танытатын тілдік бірліктерді теориялық және практикалық тұрғыдан меңгертудің мәні зор. Сондай тілдік бірліктердің қатарында фразеологизм де бар.

Халықтың тұрмыс-тіршілігінің, салт-санасының, дүниетанымының айнасы болып табылатын фразеологизмдер - тақырыптық және семантикалық тұрғыдан көп аспектілі, ойлау мен танымның ерекше бейнелі, эмоционалды-экспрессивтік реңкке ие және тіл қабаттарының ішіндегі құрылымдық типтері мен синтаксистік модельдері қалыптасқан тілдік бірліктер. Тілде сақталған әдет-ғұрыптар мен салт-саналардың іздері де фразеологизмдерде айрықша байқалады. Халықтың бүгінгі күнге дейін жеткен, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген әдет-ғұрыптары да фразеологизм уәждерінде айқын көрінеді.

Студентті тілдік қатынасқа төселдіруде де тұрақты тіркестердің рөлі ерекше. Тілдік қатынастың теориясы мен әдістемесін ғылыми негіздеген ғалым Ф.Оразбаева сөз, сөйлем, мәтіндермен бірге фразеологизмді де қатысымдық тұлға ретінде атап көрсетті. Ол: «Тұрақты тіркестердің біртұтас лексикалық тұлға түрінде тілдік қарым-қатынаста қолданылуы маңызды орын алады. Сондықтан қатысымдық тұлға ретінде алынатын тұрақты тіркестер адамның ойын жеткізуде белгілі бір ұғымды көрсетуімен қымбат», - десе [2, 60 б.], фразеологизмдердің сөйлесім әркетіндегі маңызы жайында Г.Смағұлова бұл пікірді одан әрі тереңдете түседі. Ғалым былай дейді: «Әдетте, мәтін, сөйлем ішіндегі түрлі тұрақты сөз тіркестерімен безендірілген көрікті ой салмағының оқушы, тыңдаушы үшін әсері ерекше. Фразеологизмдер өз табиғатында лексикалық қорды байытатын суретті сөз тіркестері екенін ескерсек, олар - мәнерлі сөйлеу, ойды әсерлі жеткізу амалдарын жүзеге асыруда таптырмайтын тілдік әрі көркемдік құралдар болып саналады» [3, 27 б.]. Олай болса, фразеологизмдерді меңгертуді тіл үйренушіні бейнелі ойлауға, көркем сөйлеуге үйретудің құралы, тілді орынды жұмсауға төселдірудің жолы деп санауға болады. Тұрақты тіркестер студенттің сөздік қорын байытып, оның сөйлесім әрекетін жетілдіруге де оң ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан арнайы фразеологизмдер сөздігін дайындаудың, оны оқу үдерісінде жүйелі пайдаланудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін зерделеудің өзектілігі дау тудырмайды. Оған қоса бұл мәселенің мемлекеттік тілді оқытуға қатысты еңбектерінде ішінара айтылғанымен, арнайы зерттеу нысанасына алынбауы да жұмыстың көкейкестілігін көрсетеді.


XX ғасырдың 40 жылдарынан бастап фразеологизмдер құрылымдық-типологиялық, семантика-морфологиялық, тақырыптық, этнолингвистикалық, лингвомәденитанымдық және т.б. тұрғыдан зерттеле бастады. Академик І.Кеңесбаев алғаш рет жалпы түркі фразеологизмінің теориялық негізін салды [4]. Қазіргі уақытта қазақ лингвистикасында фразеологизмдердің теориялық және практикалық мәселелері (Ә.Қайдар, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, С.Исабеков, А.Алдашева, Г.Смағұлова, С.Сәтенова т.б.), фраземалардың стильдік қызметі (М.Серғалиев, Г.Құсимова, Г.Боранбаева), фразеологизмдердің көркем шығармаларда қолданылуы (Ө.Айтбайұлы, Б.Шалабай, Х.Қожахметова, М.Жәнібеков), фразеологизмдердің мағыналық, тақырыптық тұрғыдан топтастырылуы (А.Елешова, Р.Жайсақова), фразеологиялық категориялардың жіктелімі (Ф.Оразбаева, А.Байталиев, Р.Таева), фразеологизмдердегі диалектілік ерекшеліктер (Ш.Сарыбаев, Қ.Қалыбаева, С.Мұстафаұлы) қарастырылған. Фразеологияның теориялық мәселелелері тіл білімінің түрлі аспектілерінде жан-жақты зерделенуі тіл білімінің жаңа бағытта дамуына негіз болған антропоцентристік парадигманың өрістеуімен толық ұштасып жатыр. Диссертацияда «адам - тіл - мәдениет» үштағанына құрылған осы тұжырымдарды басшылыққа ала отырып, фразеологизмдердің маңызды қатысымдық тұлға ретіндегі мәнін негіздеу, орыс бөлімі студенттерінің сөздік қорын байыту, сөйлесім әрекетін жетілдіру, қатысымдық мәдениетін қалыптастыру мақсатында фразеологиялық сөздіктерді қолданудың әдістемесін жасау міндеті қойылды. Бұл да зерттеу жұмысының уақыт сұранымынан туындаған көкейкесті мәселеге арналғанына дәлел болады.

Зерттеу нысаны - гуманитарлық факультеттердің орыс бөлімі студенттеріне қазақ тілі сабақтарында фразеологизмдерді меңгерту үдерісі.

Зерттеу пәні: Гуманитарлық факультеттердің орыс бөлімі студенттеріне қазақ тілін фразеологиялық сөздік арқылы оқыту әдістемесі.

Зерттеу мақсаты. Жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық факультеттердің орыс бөлімі студенттеріне қазақ тілін фразеологиялық сөздік арқылы сөздік қорды байыту үшін тиімді әдістемесін ұсыну.


Осы мақсатты орындау үшін мынадай зерттеу міндеттері қойылды:

- гуманитарлық факультеттің орыс бөлімі студенттеріне қазақ тілін фразеологиялық сөздіктерді қолдану арқылы үйретудің ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау;

- гуманитарлық факультеттің орыс бөлімі студенттерінің сөздік қорын фразеологизмдермен толықтыру арқылы олардың сөйлесім әрекетін жетілдірудің тиімді әдіс-тәсілдерін белгілеу;

- гуманитарлық факультеттің орыс бөлімі студенттеріне қазақ тілін менгертуде фразеологиялық сөздіктермен жүргізілетін кешенді жұмыстар жүйесін ұсыну;

- ұсынған әдістемелік жүйенің тиімділігін эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәлелдеу.

Зерттеу болжамы: Егер жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық факультеттің орыс бөлімі студенттерінің сөздік қорын дамытуда фразеологиялық сөздіктер жүйелі қолданылса, онда олардың сөйлесім әрекетін жетілдіру, қатысымдық дағдыларын қалыптастыру мүмкіндігі арта түседі. Өйткені фразеологизмдерді меңгеру студенттің қарым-қатынас жасау мәдениетіне оң ықпал етіп, олардың білімді сапалы меңгеруіне жол ашады. Фразеологиялық сөздіктерді ұтымды пайдалану нәтижесінде студенттердің тіл мәдениеті, сөйлеу қабілеті дамиды.

Жетекші идея. Қазақ тілін гуманитарлық факультеттің орыс бөлімі студенттеріне фразеологиялық сөздік арқылы оқыту олардың сөйлесім әрекеттерін дамытуға, қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық, грамматикалық заңдылықтарын саналы меңгертуге ықпал жасайды. Арнайы дайындалған тапсырмалар жүйесі мен жаттығулар студенттердің қазақ тіліндегі сөздік қорын фразеологизмдермен байытып, танымын кеңейтеді, қазақ халқының асыл қазынасы – фразеологизмдерді дұрыс қолдануға төселдіреді.

Зерттеудің әдіснамалық негізі ғылыми еңбектердегі фразеологизмдерге, сөздік қорға және сөйлесім әрекетін дамытуға қатысты тұжырымдарды талдаудан, таным теориясы, ойлау мен сөйлеудің байланысы туралы қағидаларды саралаудан, сөйлесім әрекеті теориясын, жеке тұлғаның тілдік дағдыларының қалыптасуы мен даму заңдылықтарын жүйелеуден тұрады. Мемлекеттік тілді меңгертуде студенттердің сөздік қоры мен сөйлесім әрекетін дамытуға байланысты лингвистика, педагогика, психология, дидактика, әдістеме ғылымдарындағы қалыптасқан қағидалар мен тұжырымдамалар да зерттеу жұмысының әдіснамалық негіздерін құрады.


Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында баяндау, салыстыру, сипаттау, жүйелеу, жинақтау, талдау, қорыту, эксперимент, бақылау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2000-2003) зерттеу тақырыбына байланысты лингвистика, психология, педагогика, әдістеме салаларындағы ғылыми еңбектерге шолу жасалды, студенттердің сөздік қорындағы фразеологизмдерді анықтауға, тілді меңгертудегі тұрақты тіркестердің мәнін айқындауға қатысты бақылау жұмыстары ұйымдастырылды, оқытушылар мен студенттер арасында сауалнамалар жүргізіліп, алынған нәтижелер бойынша зерттеудің бағыттары айқындалды.

Екінші кезеңде (2004-2006) орыс бөлімінің гуманитарлық факултеттерінде оқитын студенттердің фразеологиялық сөздік арқылы сөздік қорын молайтуға, сөйлесім әрекетін дамытуға байланысты жаттығулар мен тапсырмалардың түрлері, олардың жүргізілу тәртібі айқындалды; фразеологиялық сөздіктерді СОӨБЖ-де қолданудың бағдарламасы жасалды, фразеологиялық сөздікті қолдануға байланысты әдістемелік құрал дайындалды; кешенді жұмыс жүйесі ұсынылды.

Үшінші кезеңде (2007-2009) гуманитарлық факультеттердің орыс бөлімі студенттеріне қазақ тілін фразеологиялық сөздік арқылы оқытуға байланысты эксперимент материалдары негізінде ұйымдастырылған жұмыстардың қорытындылары жинақталып, зерттеуде ұсынылған әдістемелік жұмыс түрлері мен тапсырмалардың, жаттығулар жүйесінің тиімділігі дәлелденді. Студенттер арасында өткізілген тәжірибе нәтижелері түйінделіп, тұжырымдалды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- фразеологиялық сөздіктер арқылы гуманитарлық факультеттің орыс бөлімі студенттерінің сөздік қорын жетілдіре отырып, олардың сөйлесім әрекетін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері анықталды;

- фразеологиялық сөздіктерді қолдану арқылы орыс бөлімі студенттерінің қазақша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда басшылыққа алынатын ұстанымдар белгіленді;

- гуманитарлық факультеттің орыс бөлімі студенттерінің сөздік қорын дамытуға бағытталған фразеологиялық-тақырыптық сөздік жасалып, оны қолданудың әдістемесі ұсынылды;


- қазақ тілін гуманитарлық факультеттің орыс бөлімі студенттеріне үйретуде фразеологиялық сөздікпен жұмысты ұйымдастыруға қойылатын талаптар анықталды;

- орыс бөлімінде оқитын студенттердің сөздік қоры мен сөйлесім әрекетін дамыту барысында фразеологиялық сөздіктерді қолданудың тиімді әдіс-тәсілдері анықталды.

- қазақ тілін оқыту үдерісінде фразеологиялық сөздіктерді қолданудағы ізденімдік, зерделілік, қатысымдық тапсырмалардың түрлері анықталып, олардың тиімділігі эксперимент арқылы дәлелденді.

Зерттеудің теориялық маңызы: Зерттеу жұмысының нәтижелері фразеологиялық сөздік арқылы гуманитарлық факультетінің орыс бөлімі студенттерінің сөздік қорын молайтып, сөйлесім әрекеттерін жетілдіру ісін одан әрі кеңейте зерттеуге мүмкіндік жасайды. Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесінің теориялық негіздерін жаңа уақыт талабына сай жетілдіруге ықпал етеді. Зерттеу барысында көрсетілген әдіс-тәсілдер орыс бөлімінде оқитын студенттердің сөздік қорын дамыту мақсатында фразеологиялық сөздікті қолдану жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді. Фразеологиялық сөздіктерді қолдануға арналған кешенді жұмыстар қазақ тілін оқыту әдістемесінің толықтырылуына, жетілуіне септігін тигізеді.

Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу жұмысындағы кешенді жұмыстар жүйесі ЖОО гуманитарлық мамандықтарындағы орыс бөлімінде қазақ тілі сабақтарын оқытудың сапасын арттырып, тілді үйрету ісін жетілдіреді. Ұсынылып отырған тапсырмалар мен кешенді жұмыстар студенттердің тілге деген қызығушылығын, оқу белсенділігін арттыруға көмектеседі, сабақ үдерісінде алған білімдерін күнделікті қарым-қатынаста ұтымды, орынды қолдана білулеріне мүмкіндік туғызады. Зерттеу тұжырымдарын оқу құралдарын, оқу-әдістемелік кешендерді даярлауда қолдануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- гуманитарлық факультеттің орыс бөлімінде оқитын студенттерге мемлекеттік тілді меңгерту сапасын арттырудың бір жолы - олардың сөздік қорын фразеологизмдер арқылы жетілдіріп, сөйлесім әрекетінде орынды қолдануға төселдіру. Өйткені фразеологизмдер - тілдік қатынастағы аса маңызды қатысымдық тұлға болып саналады;


- студенттердің сөздік қорының фразеологизмдермен толығуы олардың ойлау қабілеті мен сөйлеу мәдениетін жетілдірудің тетігі болып саналады. Фразеологиялық сөздіктерді жүйелі пайдалану студенттерді бейнелі ойлауға, тілдік талғамын қалыптастыруға ықпал ете отырып, олардың көркем тілмен сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді;

- фразеологиялық сөздіктермен жүргізілетін кешенді жұмыстарды ұйымдастыру оқытудың дәстүрлі ұстанымдарымен қатар мынадай арнайы ұстанымдар негізінде жүзеге асуы тиіс: интуициялық ұстаным, статистикалық ұстаным, лингвистикалық ұстаным, тақырыптық ұстаным, студенттің өміртанымдық ерекшелігін ескеру ұстанымы.

- фразеологиялық сөздіктермен жүргізілетін кешенді жұмыстарды студенттің сөздік қорын дамытудың бір арнасы ретінде белгілеу үшін оның түрлері мен құрамын айқындау, лексикалық минимумын анықтау, сөйлесім әрекетін жетілдіруге алғышарт жасау мүмкіндіктерін тиянақтау қажет. Бұл мәселе қою, болжамдарды ұсынып, мәселені шешу жолдарын қарастыру, қабылданған болжамдарды дәлелдеу үшін деректерді іздеу, нәтижелерді қорыту, жаңа материалды студенттердің алған біліміне қосу және оларды бекіту, тіл дамыту секілді құрамдас бөліктерден тұратын оқыту моделін басшылыққа алу арқылы шешімін табады;

- студенттің фразеолгизмдерді сөйлесім әрекетінде орынды жұмсауына арнайы дайындық пен саналы жаттығудың нәтижесінде қол жеткізіледі. Бұл орайда фразеологиялық сөздіктерді қолдану арқылы ұйымдастырылатын ізденімдік, зерделілік, қатысымдық тапсырмалар жүйесі кешенді жүргізілуі шарт.



следующая страница >>