girniy.ru 1
Д.А.ИСЛАМ


филология ғылымдарының кандидаты,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доценті


АЗАМАТТЫҒЫН ІЗДЕТКЕН ҚОҒАМ ЖЫРШЫСЫ


Қазақ поэзиясының тарихында азаматтық жыр үлгісі саналатын азаматтық әуен, үн тәрізді көркемдік бағытты даралайтын ежелгі соқпақ бар. Ақын өлеңдеріндегі азаматтық пафос - деп өлең шоғырларын бөліп арнайы зерттеп жататынымыз да бар. Ал азаматтық қай өлеңнің болса да өзегінде жатып жан берер рухы болса керек. Өлеңдегі азаматтық ел басына күн туғанда дараланып шабар ақындар шығармашылығына тән құбылыс екендігін ұлттық өлеңсөз тарихынан көріп келеміз. Автор бүгінгі қоғамдағы азаматтық категорияның тұтас шығармашылығына арқау болған ақын Р.Ниязбектің өлеңдеріне жіті талдау жасай отырып, шеберлік қырларын ашады.


Кілт сөздер: азаматтық үн, азаттық, барыс жылы.


«Ақындықтан әкімдік шен жоғары» заманда өлеңшінің беделі де алған атақтарымен өлшеніп қалып жататыны бар. Халқымызға белгілі ақынның бірі Рафаэль Ниязбекте де Шешен Республикасының ең жоғары мемелекеттік «Ұлт намысы» ордені, Шешенстан Мемлекеттік және І.Жансүгір атындағы т.б. сый-сияпаттар баршылық екен. Бұл адам еңбегіне берілген бағалаулар оған дауымыз жоқ. Бірақ осы Марапаттардың ақын етіп жаратылған тағдырынан өрілген өлмес өміріңнің ескерткішін жасасқан өнердің қасында қауқарсыз қалатыны тағы бар. Қош, сонымен біз біліп атап көрсеткен атақтары бар Рафаэль Ниязбектің ақын дейтін атты арқалап, арқаласып келе жатқан бірнеше жыр жинақтарының сырына үңілсек.

Қай атағының салмағы басым жататынын сол кітаптар айтса керек. Ендеше оқырман қауымы болып 70-тен асқан ақынның жеткен биігіне жетектесіп шығып көрейік, жеткізер ме екен? Әлде... Осы жолдардың авторы ретінде «Әлде...» сөзі мен «көп нүктені» бекерге қойып отырғаным жоқ. Ақын жинақтарын бірінен соң бірін оқыдым. Өлеңдерінен бейнелілік іздедім. Суретті сөз тіркестері мен сезімді тербер әуезін тыңдағым келді. Пенденің бақытын жырлаған шаттығы, күйзелісін күйттеген мұңы жаға көрсетпей қойды. Алабұртқан сезімімен 13-көктемінде табысқан ұяң қыз бен бала ғашықтың сыры да айтылмады. Ойпырмай, бұл қандай ақын болды деп жабыға да бастадым. Өлеңдері өзіміз бастан өткерген 1991 жылдан бергі еліміздің өмір тарихын өткір-ақ баяндайды. Өлең баяндаудан тұрмайтынын ескерсек, сонда өмір шындығының өлең тілінде сөйлеп беруінің сыры неде болғаны? Біз өлеңнен көркемдік іздеп қана бақсақ, қоғам мінезі өлең сөзбен де өріліп-ақ жүре бергендей. Ақын Рафаэль Ниязбек жырлары бүгінгі өлеңнің публицистикалық қабаты молайып азаматтық әуені салмақтана түскенін


А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №2, 2013


байқатты. Түрік таңбалы жырында түйінделген елдік сананың, жыраулық поэзиядағы азаматтық үннің, ХХ ғасырдағы Алаш идеясының – ХХІ ғасырда толғауы бөлек әлеуметтік күйде өрнектелуі Рафаэль Ниязбек өлеңдернінің болмыс бітімі екен. Тек біз оқырман, өлеңді арысы Абай, Мағжан берісі Мұқағали, Жұмекең, Жұматайлар биігімен ғана өлшеуге машықтанып алаппыз. Р.Ниязбек секілді көп таланттар кітаптарын бір оқығанда әуелі тосырқап қарауымыздың бір міні де сол болар.

...Сен аңсаған, Азаттық,

Аштық жылы

Тұрғызғанда мұнара сүйегімнен.

...Сені аңсаған, Азаттық,

Тепкіленіп,

Қара жерге өр рухым көмілгенде.

(Азаттығым...)

Азаттық тақырыбы тәуелсіздік қазақ өлеңінде қайта жырланды. Қ.Шаңғытбаев «Ағытып ап мойнымдағы көгенді», Т.Медетбек «тудық біздер көрінбейтін бұғаумен, жүрдік біздер көрінбейтін кісенмен», -деп ишаралап жатқанда Р.Ниязбек ұлт тарихында трагедиялық кезеңді жадымызда қайта тірітіп Азаттық тарихы тым тереңде жатқанын әрі құндылығын салыстыру әдісімен арттырып астарсыз жеткізеді. Тәуелсіздігімізді жариялап Егемен ел аталған жылдардан бергі хал-ахуалымыз ақын өленінің өзегіне айналған.

Қазақстан – алып бір жыртық үйдей,

Алба-жұлба күн жеген туырлығын –

(Барыс жылы)

немесе

...Айқара ашып қақпаны, дарбазаны,

Тоғытуда өнер деп даңғазаны.

Қазақстан бүгінде білсең егер,

Ібіліс пен індеттің қан базары.

(Ібіліс...)

немесе

...Бағдарлама жүректен туған болса,

Тамақ іздеп, жұрт босып сандалама?

(Бағдарлама)

немесе

Арайлап атқан ақ таңда,

Қалмаймын деме ақпанда.

Сұмдықтың бәрі – ақылдан


Сумаңдап шығып жатқанда.

(Сұмдықтың бәрі...)

Жұрттың бәрін ұстаған шаңға қамап,

Қай басшыны көтерем Арға балап.

Жетім бала секілді ауыл кейде

Жалаңаяқ жүгірген жар жағалап.

(Қайран ауыл)

А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №2, 2013

Келтірілген өлең шумақтарының қай қайсысы да еліміздің өткен күні мен бүгінінде бет бейнесін танытып тұр. Егемендіктің әуелгі бес жылдықтарындағы ұлттық дағдарыс, халықтың сергелдең күйге, базар экономикасы, жарықсыз ауыл, жаппай жұмыссыздық ақын өлеңдері тақырыбының басты лейтмотиві. Бұл тақырыптар жай баяндалып та қоймайды, ақын мейлінше дағдарысқа түскен, әлеумет психологиясын беруді көздейді. Осы тұстағы қоғамдық мерезге айналып бара жатқан жат қылықтарды жабырқай қараған ақын жүрегінің жан айқайы кімді де болса толғандырмай қоймайды. Бүгінгідей қуатты Қазақстанға жету жолымызда осыншама келеңсіздіктердің болғанын еріксіз мойындаймыз. Ақын жырының салмағы да осында. Кешегі кемшіліктерді бастан өткеркен қауым өлең өзегінен өткенін танып, бүгінге шүкіршілік айтар. Өткеннің кемшілігі бүгінде жоқ па деп толғанар, өлең толғантар. «Бәйтеректер жел өтінде тұрады», «Тыңда мені замана!», «Жүрегімде-ғасырлардың салмағы» жыр жинақтары тәуелсіздіктің тұңғыш қадамдарының панорамасы іспетті. Ал оны жырлаушы, бедерлеуші ақын – ақын ғана емес жауынгерлік сапта жүрген сарбаздай қырағылыққа көшкен. Бұл жерде ақынның жауынгерлік қызметін поэзиясының бағытынан тапқандықтан басты ерекшелігі ретінде таныған жөн. Әсілі жауынгерлік сөзі жаугершілік замандардағы ақын-жыраулар поэзиясына танылады. Ал бейбіт кезеңдегі ақын шығармашылығына жауынгерлік пафосты таңғанымызбен оны тұтастықта табу сирек-ті. Ақын Р.Ниязбек өлеңдерімен жауынгерлік рухтың бірлікте өмір сүруі жыраулық дәстүрдің жаңашыл стилін көрсеткендей. Жыраулар поэзиясында елдік сананың бірінші кезекте тұруы тек соғыс жағдайымен түсінідірілмейтініндей ақын Р.Ниязбек өлеңдеріне де тән басты атрибут азаматтық екендігін ескергеніміз жөн. Әйтпесе Р.Ниязбекке де қыз бен қымызды жырлау бұйырмай кеткен деп айта алмаймыз. Азаматтық ұғымының бүгінгідей Тәуелсіздік кезеңде аласарып бара жатқанын ақын ғана емес барша әлеумет көріп отыр. Ақынды аласұртқан да осы азаматтық ар намыстың өз дәуірінде сөнер оттай селдіреуі. Сондықтан да ақын:


...Жер бетіне шындықты сепкен жақсы,

Ойға, қырға сүйрелеп желге шашпай –

(Шындық)

деп қасқая қарап тұр. ...Арсызға арлы жем болған

Жаманға жақсы жең болған

Асылдар асқар көрінбей

Аласа жанмен тең болған.

Билікке қолы жеткеннің

Қуыс кеудесіне жел толған.

Ал солар тулақ етпесе

Ен тоғай қайда кешеді...

От шашқан сөзі- семсері

Ел еді кеше еңселі

(Сөйлеймін бүгін тартынбан)

Толғау формасындағы бұл өлеңдерде ақынның поэтикалық «Менінен» жанрға таңылған «Мен» күштірек. Мұнда да жыраулық поэзиядағыдай тақырыптық арна қоғамдық мәселелерді көтеруге бағытталған. Ақынның жеке

А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №2, 2013


ой-сезімі жалпыға ортақ мүддені жеткізуде толғаудағы әртүрлі стилистикалық құрылымдарға бағынып жалпыламалық қалып танытқан. Ақын Р.Ниязбектің лирикалық қаһарманы қоғамдық әділетсіздікті жіті бақылаушы, азаматтық темпераментті «Мен»нің бітім болмысын, кесек тұлғасын аша түседі.

Тәңірдің шашып кеткен бір ұстасы

Жұлдыздар – Айлы түннің күміс тасы

Жұмыр жер – аспан деген алып құстың

Бауырына басып жатқан жұмыртқасы

(Алтын құс)

немесе

Өрт түсірмей елімнің өзегіне,

Арна болып тартылдым өзеніне

Көктем болып жүгірдім қарсы алдынан,

Көкжал болып қарамай көжегіне

Араласып ардагер ел ісіне,

Төгіп өттім нөсер боп егісіне.

Желбіреген туы боп тумасам да,

Желі болып тартылдым жемісіне.

(Еліме)

Аламанға ат қосқан сайран белде,

Қапа болып, қан жұтқан майдангер де.

Бәйге алам деп, ағайын, әуре болма,

Әділдіктен безініп тайған елде.

(Бізге бөтен екен деп ер-тұрманы) [1.12].

Осындай суреттеулер мен сәтті теңеулер ақын дүниетанымынан өрілген метафоралы ой жүйесін құрайды. Ақынның тағы бір шығармашылық қыры, тарихи тұлғалар мен қоғам қайраткерлері секілді белгілі есімдерді психологиялық портреттеу арқылы бейнелеу шеберлігі. Бұл тақырыпта Махамбет, Ақан сері, Абай, Мұхтар, Мұқағали, Бауыржандар рухымен сырласқан өлеңдерін атап өтуге болады. Бір Махамбеттің ерлігі мен өрлігін идивидуальдық көркемдік ой политрасында жырлауға 200-ден астам өлең жазады. Ақын өз заманының әлеуметтік күйін мінездеуде Мемлекет қайраткері Д.А.Қонаевқа «Қыдыр ғұмыр», Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа «Айбозым менің» атты жеке жыр кітаптарын арнаған.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Ниязбек Р. Мына опасыз жалғаннан түңілгенде.../Қазақ әдебиеті №17-18 (2970), 28.04.2006.


РЕЗЮМЕ

В этой статье анализируются лирические произведения поэта, затрагивающие тему гражданственности.

(Ислам Д.А. Поэт, воспевающий гражданственность)


SUMMARY

This article deals with the analyses of liricul works on the theme of a citizenship of a poet. (Islam D.A. Poet who Wrote about Citzenship)