girniy.ru 1


Ғ.Майкотова

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Баспа ісі және дизайн кафедрасының доценті


Ұлттық ғылыми кітаптар басылымының тарихи-деректік құндылықтары


Қазақстандағы ұлттық ғылыми кітаптар отандық тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын саралауға үлкен септігін тигізді. Кезінде ғылыми еңбектердің көпшілігін оқуға тиым салынған болатын. Қазіргі кезде «құлыпталған» ғылыми мұралар толық зерттеліп, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында туған халқымен қайта қауышты.

Кез-келген ұлттың әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуі үшін ғылым мен білімнің жоғары деңгейде болу қажеттігі туындайды. Ғылымның негізі – кітапта екендігін ескерсек, ұлттық-ғылыми кітаптардың тарихын зерттеу арқылы біз еліміздегі ғылым көкжиегінің қандай деңгейде болғанын анықтаймыз.

Танымның, рухани өндіріс пен әлеуметтік институттың ерекше түрі ретінде ғылым Еуропада ХVI-XVII ғғ. пайда болып, дербес дами бастайды. Ғылым – табиғат, қоғам және танымның өзі туралы білімді жасайтын адамдардың рухани қызметінің формасы. Оның тікелей мақсаты шындыққа қол жеткізу және объективті заңдарды ашу. Классикалық дәуірге дейінгі ғылымның негіздері Ежелгі Шығыста, Греция, Римде қалыптасты. Қазақ даласында әлемге әйгілі Шығыс ғұламалары әл-Фараби, Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки т. б. өмір сүріп, мәңгі өшпес рухани мұра қалдырды. Олардың қолжазбалары, шыққан кітаптары осы заманға дейін жетті. Кітаптың құдіреті де осында деп білеміз /1/.

Жалпы, кітап басу ісі экономика айналымын арттыруға мүмкіндік жасайды. Кітап – қоғамдық сананы, тәрбиені, ағарту ісін, ақпарат таратуды қалыптастырудың қуатты құралы. Сонымен бірге оның тұтыну құны да бар. Жалпы мәдениет төмен болған жағдайда кітапқа деген зәрулік әлеуметтік-мәдени тоқырауға әкеледі. Кітап баспа ісі бірқатар ішкі қайшылықпен сипатталады: басылым санының көптігі және әдебиеттің жеке түрлеріне зәрулік; оқырман сұранысының төмендеуі, балалар мен жастардың кітап оқуға деген ниетінің төмендігі; ғылыми-техникалық үрдіс және монографиялық басылымдар санының азаюы.


 Қазақстанның тарихи жолының объективті бейнесін қалпына келтіру мақсатында ғасыр басындағы ұлт зиялыларының ғылыми мұраларының басылу тарихына талдау жасау мәселенің әлі де жеткілікті түрде зерттелмегенін көрсетеді. Қазақ зиялыларының еңбектері халыққа таратылмады. Бәрі мұрағатта шаң басып жатты, оны алуға рұқсат болған жоқ, себебі олардың қоғам өмірінде орын алған саяси мәселелердің барлығына жан-жақты қалам тартқандығын байқаймыз. Сондықтан  ол ғылыми еңбектерді пайдаланбай ХХ ғ. басындағы қазақ тарихы туралы бірде-бір ғылыми жұмыс жазылуы мүмкін емес.

 Сол кездегі Ғылыми қоғамдардың шығарған басылымдарына да қол жеткізу үлкен қиыншылықтар тудырды. Қазақстандағы ғылыми кітаптар басылымы тарихы жағынан баспа ісімен байланыстырыла зерттеуді қажет етеді. Себебі 20-30-жылдары қазақ зиялыларының ғылыми еңбектері Қазақстан ғылымына үлкен үлес қосты. Елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асып жатқанда, кітап – үлкен қазына, нағыз тарихи құндылық ретінде орын алады.

1917-1940 жж. Қазақстан көлемінде жарыққа шыққан кітаптар және 1930 жылға дейінгі Қазақ республикасы үшін Орынборда, Ташкентте, Москвада, Қазанда басылған кітаптар зерттеу аясына енгізілді. Бұл қалаларда басылған кітаптарды қарастырудың негізгі себебі 1925 жылға дейін Орынбор қазақ республикасының әкімшілік орталығы болғандықтан Қазақстанның полиграфиялық базасы сонда орналастырылды. Ташкентте, Мәскеуде, Қазанда Қазақ КСР өкіметінің тапсырысымен қазақ тілінде бірнеше кітаптар басылды.

ХХ ғ. 20-40 жж. Қазақстандағы ғылыми кітаптардың тарихы кеңестік жүйеде мәдени революция шеңберінде сипатталды. Шын мәнісіне келгенде қазақ қолжазбалары мен баспалар туралы 50-жж. дейін арнайы зерттеу еңбектер болған жоқ. Тек қазақ кітаптарының жиынтық каталогтарында, библиографиялық көрсеткіштер, тізімдерде, кейбір мақалаларда олардың аттары көрсетіліп жүрді.

Қазанда шығыс халықтарының көптеген кітаптары шыққаны белгілі. Осы мәселеге алғаш қалам тербеген ресейлік ғалымдар болды. Н.П. Лихачев еңбегінде Қазандағы кітап баспа ісінің тарихына тоқталса [2], Н.Ф. Катанов Шығыс библиографиясын жүйелеуге үлес қосты [3].


ХХ ғ. 20-жж. М.Е. Салтыков-Щедрин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапханасы жанындағы ғылыми-зерттеу институты 1927, 1929, 1932 жж. үш жинақ шығарды. Жинақта кітап тарихы, кітап ісі теориясы, полиграфия, кітапты безендіру, библиографияның теориясы мен практикасын дамытудағы институттың сіңірген еңбектері көрсетілді.

Қазақстан шығыстану ғылымында Н. Сәбитов қазақ тілінің тарихи лексикасын, деректеме мен библиография саласында айтарлықтай еңбек сіңірді. 1940 ж. Шығыс кітаптары туралы мақаласы «Казахстанская правда» газетінде жарияланады. 1941 жылы 1917-1939 жж. шыққан кітаптардың библиографиялық көрсеткіштерін жасауға қатысып, А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапханасындағы сирек кітаптардың қорлары туралы мақала жазады. Нығмет Сәбитов бірінші абайтанушы-библиографтар қатарына кіреді. Ол алғаш рет 1889-1945 жж. Абайдың 100 жылдық мерейтойына арналған Абай шығармаларының библиографиялық көрсеткішін жасады. 1917 жылға дейінгі Қазақстан тарихы бойынша материалдар мен шығыс деректері бойынша көрсеткен еңбегі әлі күнге дейін өзекті деп есептейміз.

Сонымен бірге Н. Сәбитов қазақ ағартушылары Ш. Уәлиханов және Ы. Алтынсариннің өмірі мен қызметі, еңбектері бойынша библиографиялық көрсеткіштер құрастырды.

Қазақстан КП «Орталық Комитеттің партиялық баспасы» туралы библиографиялық көрсеткіштер 30-шы жж. шығады. Кеңес үкіметі тұсында мәдениет жөніндегі әдебиеттердің бәрі коммунистік идеологияны, яғни сол кезеңнің басшыларының идеяларын дәріптегені белгілі.

50-70-жж. кеңестік ұлттық баспасөздің қалыптасуы туралы біраз еңбектер жарық көрді. Мысалы, Қазмембаспадан шыққан жинақта Советтік Қазақстандағы мәдени өмірдің бір қыры ретінде ұлттық баспасөз және баспасөздік емес басылымдарды сипаттаған мақалаларда қазақ халқының мәдениеттің түрлі саласында, оның ішінде Кеңес өкіметі тұсында баспа ісінде де қандай жетістікке жеткені туралы мазмұндалған [4]. Кеңестік баспа ісінің алғашқы қадамдары мен полиграфияның дамуы туралы И.С. Смирнов еңбегінде мазмұндалса, А.И. Назаровтың кітабында кеңестік баспа ұйымдары шығарған еңбектердің таралуына сипаттама берілген.


«Советтік Қазақстан кітаптары» (1917-1945) атты екі томдық библиографиялық көрсеткіштің әр томы қазақ және орыс тілінде құрастырылған екі бөлімнен тұрады. Библиографиялық көрсеткіштің бірінші томына саяси-қоғамдық, көркем әдебиет және балалар әдебиеттері, тіл білімі, өнер, баспа, кітапхана, библиография жұмыстары туралы кітаптар тіркелген. Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым мәселесі орыс тілінде бірінші томға, қазақ тілінде екінші томға енгізілген.

Қазақстанда мәдениет мәселесімен айналысқан ғалымның бірі А. Қанапин өз еңбектерінде баспа ісі, полиграфия, кітап саудасы жөніндегі мәселені де қарастырған. Қазақстандағы ұлттық баспа ісі туралы Ш. Үржанов, А.К. Бектемісов жазса, 60-жж. Орыс кітап баспа ісінің 400 жылдық тарихына арналған еңбекте кітап баспа ісінің қағидалары мен ұлттық баспа ісі туралы материалдар да бар.

Ә. Жиреншиннің кітаптары екі тілде де жарық көрген. Ол қазақтың баспа кітаптарының тарихын 1800 жылдан 1917 жылға дейінгі Ресей мен Қазақстан көлеміндегі тасқа басылған қазақ кітаптарының қашан, қай жерде басылғаны, оларды шығарушылар кімдер екендігі, жазба мұраны жинаушылар мен авторлар жайында мәлімет беріледі. Рухани мәдениетіміздің тарихына арналған көлемді кітабы орыс тілінде де жарық көрді. М.К Мамажанов, М.П. Коротовский еңбегінде республикадағы кітап баспа ісінің дамуына, баспа өнімдерінің насихат жүргізудегі роліне назар аударған.

Қазақ кітаптары туралы библиографиялық көрсеткіштердің маңызы зор, өйткені библиография – білім кілті. Бұл тақырыпқа 80-жылдары жазған ғалымдар шоғыры С. Есова, Ү. Субханбердина, Д.С. Сейфуллина 1807-1917 жылдары шыққан қазақ кітаптарының көрсеткіштерін құрастырды. Бұл көрсеткішке алғы сөз жазған Ү. Субханбердина әр кітапқа сипаттама жасап, анықтама берді.

Ә. Бектемісовтың кітабында Қазақстанда кітап баспаларының өткен жолы мен өркендеуі, қаз тұрып қадам басуы, оқулық әдебиеттері, қазақ баспагерлері туралы әр жылдарда жазылған естеліктері жинақталған.

А.Г. Каримуллин еңбегінде Қазан төңкерісінен кейінгі кітап баспа ісінің қалыптасуын сипаттап, оның кейбір жеке қайраткерлеріне тоқтаған [12]. Бұл еңбектің құндылығы Москвада шыққан татар кітаптарына анықтама жасап, Москва, Қазан қалаларындағы мұрағат құжаттарын ғылыми айналымға енгізгендігі болып есптеледі. Бұдан татар және қазақ баспа істері осылайша тығыз байланыста болғанын байқаймыз.


Кеңестік кітап баспа ісінің мәселелері, кітап тарихы туралы пікір-талас материалдарын жариялаған Бүкілодақтық Кітап палатасының «Кітаптар. Зерттеулер мен Материалдар», Қазақ ССР А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік кітапханасының «Вопросы истории и кнгиговедения», ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапханатану, библиография, кітаптану» жинақтарының маңызы зор.

90 жж. біз тәуелсіздігіміздің тізгінін қолымызға алып, өзімізді тарихи тұрғыдан тани бастағанда тарихтың «ақтаңдақ» беттерін жаңа көзқараспен саралап, бұрын тиым салынған деректерімізді зерттеуге мүмкіндік алдық. М. Қозыбаевтың еңбегін елдегі мәдени революцияны жаңа көзқараспен сипаттағанымен құнды деп есептейміз. М. Қозыбаев, І. Қозыбаевтың тарихнама туралы жазған кітаптарында Қазақстандағы ғылыми қоғамдар жұмысы туралы толық мәліметтер бар.

Т. Қожакеевтің еңбегі 1937-1938, 1950 жж. қуғын-сүргінге ұшыраған және Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан жиырмасыншы жылдардың көрнекті публицист баспагер журналистерінің шығармашылық қызметіне арналған/5/.

Ө. Озғанбай кітабында Алаш зиялыларының еңбектеріне талдау жасай отырып, патша үкіметінің отаршылдық саясатын аша білген. Алашорданың күрделі мәселелерін зерттеуде үлкен қадам жасаған К. Нұрпейісов болды. Ол тарихи әдебиетте алғаш рет Ә. Бөкейхановтың «Алаш» партиясын құру, «Алашорданың» төрағасы болған кездегі қызметін, жалпы ел басқарудағы рөлін көрсеткен. Автордың бұл еңбегінің біз үшін құндылығы сол кездегі баспасөз материалдарына, мұрағат құжаттары бойынша кейбір еңбектер мен мақалаларға сипаттама жасағаны болып табылады. М. Қойгелдиевтің зерттеулерін Алаш зиялы қауымының өз заманындағы тарихи оқиғаларға атсалысып атқарған қызметтері мен ғылыми еңбектеріне талдау жасағанымен құнды деп есептейміз. 20-40 жж. тарихи оқиғаларына ғылыми түрде сипаттама жасап, мұрағат құжаттары мен сол кездегі еңбектерге сараптама жасаған Т.Омарбековтың еңбегі де маңызды болып табылады.

Ұлттық баспа ісінің бастауында оның қалыптасуына зор еңбек сіңірген Алаш зиялыларының еңбектерінің маңызы зор болды. Атап айтқанда, Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Ж. Аймауытовтың, Х. Досмұхамедовтың, М. Тынышбаевтың, С. Сейфуллиннің, М. Дулатовтың еңбектері ғылыми тұрғыда зерттелді. М. Құлмұхамедтің Жақып Ақбаев туралы еңбегі сол кездегі баспадан шыққан материалдарды зерттеуге септігін тигізді. Алаш тарихнамасын зерттеген Р. Нұрмағамбетованың еңбегі ескі және жаңа көзқарастарды салыстыруға көмектесті. М. Тынышбаев туралы жазылған Г. Жүгенбаеваның еңбегі тарихи-танымдық еңбектер қатарын құрайды.


Кезінде қазақ баспасөзі тарихының очеркін Қ. Бекхожин жазса, 90-жж. әлем баспасөзі тарихын қосып, қазақ баспасөзіне сипаттама жасаған еңбектер де шықты. Сонымен қатар қазақ баспасөзіндегі материалдарды тарихи дерек ретінде зерттеген Қ. Атабаевтың еңбегі де ғылымға қосылған үлкен үлес деп санаймыз. ХІХ-ХХ ғ. басындағы қазақ кітап баспа ісінің тарихын фольклор, көркем әдебиет және цензура тақырыбында сипаттама жасаған Ж. Шалғымбаеваның зерттеуі ұтымды еңбек болып саналады.

ХХІ ғ. басында да баспа ісі мен баспагерлер туралы әдебиеттер шыға бастады. Мысалы, Ү.Х. Субханбердина революцияға дейінгі қазақ баспасөзі бетіндегі жарияланған материалдарды қазақ халқының атамұраларын, арыстар қалдырған аманаттарды жинақтаумен айналысты. Ол әр материалдарды терең зерттеп, ғылымдағы маңызын түсіне білді. Оның барлық еңбегінде Қазақстанның төңкеріске дейінгі бейнесін көрсететін қазақ мерзімді баспасөзі туралы теңдесі жоқ бағалы мәліметтер берілген.

Аталған мәселенің зерттелу деңгейі біріншіден, кеңестік жүйедегі мәдени саясат шеңберінде болған үрдістердің ғылыми түрде талдануы үшін әлі де өзекті болып отыр. Екіншіден, ХХ ғасырдың 20-40 жж. жарық көрген ғылыми кітаптар мен басылымдарға байланысты осы күнге дейін арнайы зерттеу ісі жүргізіліп, жан-жақты баға берілмеген. Үшіншіден, мемлекетіміздегі «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан шараларды жүзеге асыруда ғылыми кітаптар басылымы, олардың қоғамдағы рөлін анықтау ісі көңіл толтырарлық жағдайда емес.

ХХ ғ. 20-30 жж. шыққан басылымдар зерттеу нысанының дерек көзі ретінде зерттеу объектісіне айналды. Атап айтқанда, Қазақ АКСР мемлекеттік баспасы туралы 1929 ж. шыққан каталогты [6] зерттеу жұмыстары үшін қолдануға болады. Ол қазақ тілінде араб шрифтісімен шыққан. Сол сияқты 1930–1934 жж. басылымдар каталогын, Қаз ССР мемлекеттік библиография орталығының «Кітап шежіресін» атауға болады. Қазақстандағы біріккен мемлекеттік баспасының каталогы да жарық көрген. Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің «Мемлекеттік баспа туралы» декреті кітап баспа ісін қолға алғанын дәлелдейді. Ұлттық ғылыми кітаптар басылымының тарихы әр кезеңге сәйкес қалыптасып даму үстінде. Тәуелсіздік жылдарында аталмыш тақырыпқа тарих ғылымдары бойынша диссертация қорғаған А.Шортанованың еңбегі өте зор деп білеміз. Бұл ғылыми еңбектер Қазақстан ғылымының жан-жақты дамуына тікелей әсер етіп, деректік құндылықтарын арттыра түспек. Тек бұл ғылыми жәдігерлерді орынды зерттеп, өз деңгейінде түрлі ғылыми салалар бойынша сараптап, талдап, жүйелеп, қолданысқа енгізу маңызды іс.



Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Шортанова А. Қазақстандағы ғылыми кітаптар басылымының тарихы.(ХХ ғ. 20-40 жж). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған автореферат. –Алматы, 2009.

  2. Библиографический указатель материалов по истории Казахстана: Восточные источники, опубликованные до 1917 г. / Сост. Н. Сабитов. – Алма-Ата: Наука, 1947. – 40 с.

  3. Советтік Қазақстанның кітаптары. Ретроспективті жинақталған библиографиялық көрсеткіш. – І том. 1917–1945. – Алматы: Қазмембас, 1962. - 444 б.

  4. Советтік Қазақстанның кітаптары. Библиографиялық көрсеткіш. - ІІ том. 1917–1945. – Алматы: Қазмембас, 1961. – 358 б.

  5. Жиреншин Ә. Қазақ кітаптары тарихынан. – Алматы: Қазақстан, 1977. – 180 б.

  6. Қазақ кітаптары. Библиографиялық көрсеткіш (1807–1917). / Құрастыр.: С.С. Есова, Ү. Субханбердина, Д.С. Сейфуллина. – Алматы: Мектеп, 1986. – 38 б.