girniy.ru 1 2 3

Құлшылыққа құлшыну – құтылу


Немесе құлшылық етпеуге сылтау бар ма?


*** Алматы – 2010 ***


Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!


Кіріспе


Әссәләму `аләйкум уә рахмәтуллаһи уә баракәтуһ!

Сізге Аллаһтың сәлемі, рахметі және берекесі болсын!

Құрметті оқырман! Көп адамдар бұл дүниеге не үшін келгенін білмейді. Олар өздерінің жаратылу мақсатынан бейхабар. Өкінішке орай, олардың ішінде өздерін мұсылман деп cанайтындар да аз емес. Аллаһқа құлшылық етуге шақырсаңыз, бет бұрады. Аллаһтан қорқу керек екендігін ескертсеңіз, құлақ аспайды. Сондай кісілердің кейбір күдіктері мен түрлі-түрлі сылтаулары бар. Алайда, Аллаһқа шүкір, негізсіз сылтаулардың ешқайсысы жауапсыз қалдырылмаған. Аллаһ Тағала былай деген:

«Елшілерді қуандырушы, ескертуші ретінде жібердік, олардан соң адамдардың Аллаһқа қарсы айтар еш сылтаулары болмас үшін». (Ниса сүресі, 165-аят)

Құлшылық етпейтіндердің насихаттарға нанбайтындары аздай, олар Аллаһтың мейіріміне ұмтылып, Оның азабынан қорқып жүрген бауырларымыз бен әпке-қарындастарымызға түрлі сын айтып, тіл тигізеді. Аллаһ Тағала тура жолға бет бұрған құлдарына табандылық нәсіп етсін!

Сонымен кітапшамыздың басты мақсаттары:


  • Адамдарға өмірге не үшін келгендерін еске түсіру;

  • Құлшылықтың маңыздылығын түсіндіру;

  • Құлшылықтан бас тартатындай сылтау жоқ екенін айқындау;

  • Құлшылық етушілерге жабылған жалаға жауап беру.



Аллаһ Тағала біздің осы шағын ғана еңбегімізді Өзінің разылығы үшін істелген ықыласты істерден етсін! Барлық қандастарымыз бен жерлестерімізге тура жолды нәсіп етсін! Расында, Ол - әр нәрсеге күші жетуші!


Автор: Анаралиев Данияр


* * *

1 - Біз не үшін жаратылдық? Әрі біз еш мақсатсыз және босқа дүниеге келдік деген ой дұрыс па?


Аллаһ Тағала былай дейді:

«Көктерді де, жерді де әрі екі арасындағы нәрселерді де ермек үшін жаратпадық. Екеуін ақиқат бойынша жараттық. Бірақ олардың көбі білмейді»; (Духан, 38-39)

«Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы»; (Сад, 27)

«Біз сендерді босқа жараттық, әрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма? Шынайы Ие (болған Аллаһ) – Пәк (Таза)!» (Муминун сүресі, 115-аят)

Аллаһ Тағала адамды бір мақсатпен жаратты. Ол құлдарын еш мақсатсыз, еш даналықсыз, бостан-босқа жаратпады. Алайда біздің бұл тіршілікте пайда болуымыздың бір мақсаты бар.

Аллаһ Тағала былай деді:

«(Аллаһ) өлім мен өмірді, қайсыларың амалдарыңмен жақсырақ боласыңдар деп сынау үшін жаратты». (Мүлк сүресі, 2-аят )

«Мен жындар мен адамзатты, тек Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым». (Зәрият сүресі, 56).

Демек, біз босқа жаратылмадық. Жаратылуымыздың мақсаты – Аллаһқа құлшылық ету.

2 – Құлшылық (ғибадат) дегеніміз не?

Құлшылық (ғибадат) дегеніміз – бұл Аллаһ жақсы көретін, разы болатын жария және жасырын сөздер мен істер. Мысалға, егер сіз: «Лә иләһә илләЛлаһ», немесе «Субханаллаһ!» - деп айтсаңыз, онда құлшылық еткен болып саналасыз. Себебі, ол сөздерге Аллаһ разы болады. Егер сіз намаз оқысаңыз, онда құлшылық еткен болып табыласыз. Өйткені, намаз – Аллаһтың ең сүйікті істерінің бірі. Осылай анықтала береді.


Демек, егер Аллаһ бір сөзді немесе бір амалды жақсы көретін болса, онда оны орындау, құлшылық (ғибадат) болып табылады.

Ал енді кез-келген құлшылық деп жасалған амал Аллаһтың алдында қабыл болуы үшін ол біріншіден, тек Аллаһқа ғана және одан өзге ешкімге де, ешнәрсеге де арналмауы керек.

Екіншіден, кез-келген құлшылық Пайғамбарымыздың ғана (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткен өнегесі бойынша жасалуы қажет. Ақылы бар адамға мұны түсіну қиын емес. Аллаһтан өзгегеге арналған құлшылықты Аллаһ қалайша қабыл етпек, ал пайғамбардан (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзге біреудің өнегесімен жасалатын құлшылыққа Аллаһ қалайша разы болады?


3 - Құлшылықты кімге арнау керек?

Құлшылыққа лайықты – бір ғана Аллаһ! Не үшін? Өйткені барлығымызды жаратқан – Бір Аллаһ. Ризық беретін де – Бір Аллаһ, науқасымызға шипа беретін де – Бір Аллаһ, өмір беретін де – Бір Аллаһ, аспаннан жаңбыр жаудыратын да – Бір Аллаһ, жерден өсімдіктерді шығаратын да – Бір Аллаһ, күн мен түнді ауыстыратын да – Бір Аллаһ және т.б. осы сияқты әлемдегі істерді басқаратын – Бір Аллаһ! Демек, біз сол Бір Аллаһқа ғана құлшылық етуіміз керек. Басқа ешкім де, ешнәрсе де құлшылыққа лайықты емес. Ол періште болсын, пайғамбар болсын, әулие болсын – бұлардың барлығы жаратылыстар. Ал біз құлшылықтарымызды, әлемдердің Жаратушысы – Аллаһқа ғана арнауымыз қажет!

Аллаһ Тағала Қасиетті Құранда былай деді:

«Әй, адамдар! Сендерді және сендерден бұрыңғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер! Сол арқылы тақуа болысыңдар. Ол сондай Аллаһ: сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен, ризық шығарды. Сондықтан, біле тұра Аллаһқа серік қоспаңдар!». (Бақара сүресі, 21-22-аят)

Ал Аллаһтан өзге құлшылық етілетін нәрселер, ештеңені жаратпаған, еш нәрсеге ие емес. Аллаһ Тағала бұл туралы:

«(Әй, Мұхаммед! Оларға) айт: “Аллаһтан өзге құлшылық ететін нәрселеріңді шақырыңдар! Олар аспанда да, жерде де кішкентай құмырсқаның салмағындай да еш нәрсеге ие бола алмайды. Олардың онда ешқандай серіктестігі жоқ, сондай-ақ Аллаһқа олардың ешбіреуі көмекші де емес”», - деді. (Сәбә сүресі, 22-аят)


Ең ұлы сөз, ең маңызды куәлік – бұл «Лә иләһә илләЛлаһ!», ал оның мағынасы: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ!».

Аллаһ Тағала былай деді:

«Аллаһтан басқа ешкімге құлшылық та етпеңдер , дұға да жасамаңдар!» (Жын, 18-аят)

4 – Құлшылық ету тек Исламның бес парызын орындаумен, мешітке барумен ғана шектеле ме?

Исламның бес тірегі бар. Олар: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ және Мухаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) - Оның елшісі», - деп куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, рамазан айында ораза тұту және қажылыққа бару. Халық арасында Исламның осы тіректері «Исламның бес парызы» деген атаумен кең тараған.

Алайда, құлшылық деген түсінік мұнымен шектелмейді. Ол одан да ауқымдырақ нәрсе. Мысалы, ата-анаға игілік жасау, егер ол Аллаһтың разылығы үшін және Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткендей үлгіде жасалған болса, құлшылық болып табылады. Өйткені, Аллаһ бұл істі жақсы көреді. Бірақ, құлшылықтың бұл түрі әлгі бес тіректің ішінде жоқ. Тура сол сияқты, туыстық қарым-қатынастарды нығайту да ғибадат етудің бір түрі болып есептеледі, алайда оның «бес парыздың» қатарында аталғанын таппаймыз. Жалпы, Аллаһ үшін жасалатын және Аллаһ жақсы көретін кез-келген іс құлшылық болып есептеледі, әрі адамның бүкіл өмірін қамтиды.


5 - Құлшылық еткен адам, өмірдің бар қызығынан қалады деген ой дұрыс па?

Әрине, дұрыс емес! Біз олай айтатын кісілерден: «Құлшылық етіп жүрген адам өмірдің қандай қызықтарынан қапы қалып жүр екен?» - деп сұрайық. Олар не деп жауап бере алады?!

Олар тек: «Арақ іше алмай қаласың! Әйелдерге бара алмайсың!», - деп қана жауап береді.

Осы ма өмірдің қызығы?! Арақ ішіп, мас болып, сосын шошқа сияқты өлу – бұл өмірдің қызығы ма? Заңды неке қиюдан, үлгілі жанұя құрудан бас тартып, тәнін сатқан әйелдерге барып құмарын қанағаттандыру - өмірдің қызығы болып табылады ма? Уа, ұяты мен намысы бар адамдар, бұндай қызық көргенше, өлген артық емес пе?!


Арақты адамдар не үшін ішеді?

Жауабы: денсаулық үшін, достық үшін, бақыт үшін, өмір жасы ұзақ болу үшін.

Енді ойланайық, денсаулық үшін у ішкен адамның ақыл-есін дұрыс деп санауға бола ма? Мас болып, бір-бірін өлтіретін маскүнемдердің достық үшін «алып қояйықтары» таңқаларлық нәрсе емес пе? Қанша отбасылардың қирауына, қанша балалардың жетім болып қалуына, қанша әйелдердің жесір болып қалуына себеп болған мына арақты бақыт үшін ішу - ақымақтық емес пе?

Ал некесіз әйел-қыздарға барып жүрген адамға келсек, онда оған айтарымыз: «Сенің анаңа, сенің әпкеңе немесе қарындасыңа, сенің қызыңа түрлі оңбағандардың келіп жүргені сені қуантатын еді ме? Әлде бұл саған ұнамай ма?! Егер ұнамаса, онда әлгі сен барып, немесе бармақ болып жүрген әйел-қыздар да - біреулердің аялап өсірген қыздары екенін, біреулердің сүйікті аналары екенін естен шығарма. Ал егер де, Аллаһ одан сақтасын, жүрегіңде жақындарыңа деген қызғаныш оты сөнген болса, онда біздің саған еш айтарымыз жоқ.

Бір күні Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір жас жігіт келеді де: «Уа, Аллаһтың елшісі, маған зина жасауды рұқсат етші!» - дейді. Сонда Мухаммед пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары (шәкірттері) жігіттің бұл өтінішін ауыр қабылдап, ызаланады. Ал Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан былай деп сұрайды: «Бері жақындашы! Анаңмен біреу зина жасаса, разы болатын ба едің?». Әлгі жігіт: «Жоқ!» - деп жауап береді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Тура солай, адамдар да аналарымен зина жасалса, разы болмайды!» - деп айтады. Сосын пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған әпкесі, қызы, тағы да басқа оған ең жақын болған әйелдер туралы да осындай сұрақтар қояды. Жігіт әр сауалға әуелгідей: «Жоқ! Разы болмайтын едім!» - деп жауап берді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның кеудесіне қолын қойды да: «Уа, Аллаһ! Оның жүрегін тазарт, күнәларын кешір және зина жасаудан сақта!», - деп дұға етті (Ахмад 5/256).


Бір ақын былай деді:

Айтшы, қане, әйел деген өзі кім?

Әйел деген – дәл өзіңдей адам,

Әйел деген – кеше сені мәпелеген анаң.

Әйел деген – намысың мен арың,

Әйел деген – қойныңдағы сүйдім деген жарың.

Бесігінде жатқанда бөпелеген,

Тәй-тәй басса, мәз болып жетелеген.

Әйел деген – қызың ғой еркелеген,

Әйел деген – қызың ғой әке деген.

Әйел деген – қарындас аға деген

Бір өзіңді қорғаныш, пана көрген.

Әйел деген – әпкең ғой алдыңдағы

Сен қуансаң, қуанар алтын жаны

Аталғандар – туыстық жақындарың

Дәл осындай қатынаста елдің бәрі.

Жоқ олардың керексіз жаралғаны,

Ойын, күлкі, зинаға арналғаны.

Айтшы енді,

Зинасымен мақтанған қайран ерім,

Сол күнәні жақындарға қалар ма едің?

Қалар ма едің анаңның қор болғанын,

Зинақорға қызыңның қол болғанын.

Қалар ма едің астында өгіздердің

Қарындас пен әпкеңнің егіз езілгенін.

Жүрегінде дерті бар надандардың

Әйеліңнен дәм етіп көз ілгенін.

Қаламасаң өзіңе бұл істерді

Өзге үшін оны да қылмыс деп біл!

Сондықтан, өмірдің қызығы деп адамдар, арақ ішу мен зина жасауды меңзейтін болса, онда әрине ол «қызықтармен» алтын уақытымызды өткізіп алмағанымыз жөн.

Ал жалпы айтар болсақ, онда құлшылық ету жақсы өмір сүруге ешқандай кедергі болмайды. Адам қалаған сусынын ішеді, қалаған тағамын жейді, қалаған киімін киеді, тек қана Аллаһ тыйым салған сусындар мен тағамдарды және киімдерді тұрмыста қолдануға болмайды. Мысалы, сол сусындарды алсақ, шабдалыдан, алмадан, шиеден сығылған неше түрлі шырындар, неше түрлі сулар: газдысы бар, газсызы бар, минералдысы және т.б. толып жатыр ғой. Міне солардың ішінде тек мас қылатын ішімдіктер ғана тыйым салынған.


Ал енді Аллаһтың бұйырғандарын орындап, тыйымдарынан аулақ жүру адамның дүние қызықтарын көруіне кедергі болады деп айтуға бола ма?


5 – Құлшылық етуге ерте емес пе? Біз әлі жаспыз ғой! Мүмкін, оған пенсияға шыққан соң кірісерміз?

Аллаһ Тағала былай деді:

«Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз, Аллаһ - толық Білуші, Хабардар». (Лұқман сүресі, 34-аят)

Шынында да, бүгін бармыз – ертен жоқ! Ешкім ажалы қашан жетіп келетінін білмейді. Ал солай бола тұра, қалайша біз құлшылық етуге лайықты тек Аллаһ Тағала екендігін және оның ешқандай серігі жоқ екендігін ұғынуды, намаз, ораза және т.б. ізгі амалдарды кейінге қалдыра аламыз?! «Пенсияға шыққан соң, намаз оқимын», - дейтін адамның тіпті ертеңге дейін тірі болып жүруге деген кепілдеме хаты жоқ қой. Сондықтан, уақыттың әрбір сәтін бағалауымыз керек, әйтпесе өлім келгенде өкініп қалауымыз алыс емес, Аллаһ бізді бұдан сақтасын!

Аллаһ Тағала былай деді:

«Соңында олардың әрбіріне өлім келген сәтте: "Раббым! Мені дүниеге қайтар! Мүмкін, мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін", - дейді. Әсте олай емес! Рас, бұл - олардың бір айтқан бос сөзі». (Муминун сүресі, 99-100 аят)

Ең қызығы – адам қолындағы ең қымбат нәрсесіне, яғни уақытқа соншалықты немқұрайлы қарауы. Қазір уақыт ең арзан нәрсе болып кеткен. Өкінішке орай, мұсылмандардың көбісі оған лайықты көңіл бөлмей жүр.

Уақытты бізге берген – Аллаһ Тағала. Бізді Өзіне ғана құлшылық етулеріміз үшін жаратқан да – Ол. Баланы жеті жасынан бастап намаз оқытыңдар деп Исламда бекіткен де сол – Жаратушымыз. Ендеше, қалайша біреу: «Әлі ерте, кейін құлшылық етерсің», - дей алады.

Тілді «Лә иләһә иллә-Ллаһ», яғни «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты тәңір жоқ!» - деген кәлимаға келтіріп, оның мағынасын толық түсініп, жүректе осы сенімді мығым бекітіп, намаз оқу, ораза тұту, мүмкіндік болса, зекет беріп, қажылықты орындау – бұл тек зейнетке шыққандардың, немесе жұмыссыз бос адамның, немесе кемпір-шалдардың ғана ісі емес. Ол – мұсылмандықтың тірегі, іргетасы, тамыры. Ал іргетассыз бекем үй, ғимарат болмақ па? Рухани іргетасы болмаған адам да – тамырсыз ағаш сияқты семеді. Біз ата-анаға бағыну, туысқандармен байланысу деген құлшылықтарды жақсы ұғынамыз ғой. Өйткені олар – жақындарымыздың хақысына байланысты ғой, ия? Ал бізді Жаратып, өмір, ризық, дүние игіліктерін берген және біз міндетті түрде Оның алдына қайтатын Аллаһтың хақысы – Оған ғана құлшылық етуміз және Одан өзге ешкімге құлшылық етпеуіміз бәрінен де жоғары екендігін білсек және оған лайықты орын берсек, қалған істеріміздің барлығын Аллаһ ретке келтіріп қояды. Хәкім Абай атамыз бұл жөнінде: «Иман өзі адамға ашады жол», - деп айтқанындай. Енді біз ата-анамыз не туысқандарымыздың қақысын беріп, оларға лайықты құрметін көрсету жөнінде: «Әлі ерте! Пенсияға шыққан соң істермін оларды», - десек, дұрыс бола ма? Әрине жоқ!


Біреу: «Пенсияға шыққаныңша әке-шешең өліп кетеді ғой», - деп айтуы мүмкін. Ал біз оған былай жауап береміз: «Ал әңгіме кез-келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін болған сенің өмірің жайында болса, неге уайымдамайсың?!».

«Сен әлі жассың ғой!», - деп Раббысы – бір-ақ Аллаһ, діні – Ислам, Пайғамбары – Мұхаммед (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) екендігін танудан, намаз оқудан тосатындардың сөздері өте қызық. Жастық шақтың Аллаһты танып, дінін біліп, намаз оқуға не бөгеті бар? Мысалға, егер мен: «Маған қарама, әйтпесе аяғым ауырады», - десем, ақылды адам: «Менің қарағанымның сенің аяғына не қатысы бар», - деп сұрайды ғой. Тура сол сияқты: «Жас адамға намаз оқуға ерте!» - дейтіндер де ақылға сыймайтын сөздер айтады. «Сен ауырып жатырсың ғой, намазды оқымай ақ қойсай», - десе де, не үшін уайымдап жатқанын түсінер едік ғой!

Бір ақын былай айтқан:

Төбеде күн, жерге жарық таратқан,

Көк аспанды жер үстінен қаратқан.

Серігі жоқ бір Тәңірге табынам,

Жалғыз Аллаһ бар әлемді жаратқан.

Көз алмайсың мына әсем ғажаптан,

«Қасиетін ұғынам» – деп талаптан!

Жалғыз Аллаһ адамдар мен жындарды,

Бұл дүниеге құлшылыққа жаратқан.

Адам болып өз ортаңда таныл да,

Бұ дүниенің у-шуынан дамылда.

Табынуға жалғыз Аллаһ лайықты ед,

Пайғамбардың Сүннетінен жаңылма!

Қиналасың, ақша, мансап – бағыңдай,

Бірақ бәрі тек алдамшы сағымдай.

Шын мәнінде ойлаңдаршы, бұл өмір –

Өте шолақ, қу қамшының сабындай.

Біріміз – құл, біріміз – бай, төреміз,

Бірақ біздер бір күндері өлеміз.

Біріміз – жас, біріміз – қарт, әйтеуір,

Бір Аллаһтың жазған күнін көреміз.

Бұл өмірге кімдер келіп, кетпеген?

Аллаһ біздер көрер күнді шектеген.

«Қанша керім, ұлы болам!» – десе де,

Дінсіз адам мақсатына жетпеген.



следующая страница >>