https://electroinfo.net

girniy.ru 1 2 ... 7 8
 Қазақстан Республикасы Президентінің


2010 жылғы 7 желтоқсандағы

№ 1118 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

 


Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың

2011 – 2020 жылдарға арналған

МЕМЛЕКЕТТІК  БАҒДАРЛАМАСЫ

 


1. Бағдарламаның Паспорты

 


Бағдарламаның

атауы

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың               2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

 

 

Әзірлеу үшін  негіз

«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы   № 922 Жарлығы;

«Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы           19 наурыздағы  № 957 Жарлығы

Бағдарламаны

әзірлеуші

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Мақсаты

Экономиканың орнықты дамуы үшін  сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру

Бағдарламалық мақсаттар

білім беру қызметіне тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағдарланған қаржыландыру жүйесін жетілдіру;

педагог мамандығының беделін көтеру;

білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыру;

білім беру процесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;


балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен толық қамтуды, оларды мектепке даярлау үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың  әр түрлі бағдарламаларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету;

жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық               әл-ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту. 12 жылдық оқыту моделіне көшу;

қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім (бұдан әрі – ТжКБ) жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне бірігу;

еңбек нарығының, еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік  тәжірибелерге сай келетін  жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу;

өмір бойы білім алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру


Міндеттері

сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлеу;

білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету;

педагог қызметкерлердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту;

білім берудегі менеджментті жетілдіру, оның ішінде корпоративтік басқару принциптерін енгізу, білім беруде мемлекеттік-жеке әріптестік жүйесін қалыптастыру;

білім беруді дамытудың мониторинг жүйесін жетілдіру, оның ішінде халықаралық талаптарды ескере отырып, ұлттық білім статистикасын құру;

оқу процесін автоматтандыруды енгізу үшін жағдай жасау;


мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайту;

мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту;

мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету;

12 жылдық оқыту моделіне көшуді білім беру мазмұнын жаңғыртумен қоса жүзеге асыру;

шағын жинақталған мектептердің (бұдан әрі – ШЖМ) проблемаларын шешу;

мектептегі инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру;

экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, ТжКБ мазмұнының құрылымын жаңарту;

экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың инфрақұрылымын дамыту;

ТжКБ-да оқудың беделін арттыру;

еліміздің индустриялық-инновациялық даму жобаларына сай келетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету;

жоғары білімнің еуропалық аймағына бірігуді қамтамасыз ету;

білімнің, ғылымның және өндірістің бірігуін қамтамасыз ету, зияткерлік меншік пен технологиялардың өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау. Жоғары білікті ғылыми және ғылыми – педагог кадрларды даярлау;

өмір бойы оқыту, баршаға білім алу үшін жағдай жасау;

жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуетін ашу тетіктерін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру


Іске асыру

мерзімдері (кезеңдері)

2011 – 2020 жылдар

Бағдарлама екі кезеңде іске асырылатын болады:

бірінші кезең: 2011 – 2015 жылдар;

екінші кезең: 2016 – 2020 жылдар.

Нысаналы

индикаторлар

ШЖМ-нан басқа, барлық білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыру тетіктері енгізілген;

педагогтердің жалпы санынан жоғары және бірінші санаты бар біліктілігі жоғары педагог қызметкерлердің үлесі – 52 %;


білім беру ұйымдарының 60 %-ында қамқоршылық кеңестер құрылған;

білім беру ұйымдары басшыларының 100 %-ы менеджмент саласында біліктілігін арттырған және қайта даярлаудан өткен;

орта білім беру ұйымдарының 90 %-ында электрондық оқыту жүйесі пайдаланылады;

3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100 %-ы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етілген;

12 жылдық оқыту моделіне толық көшу жүзеге асырылған;

Қазақстанның барлық өңірлеріндегі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасының шеңберіндегі мектептердің саны – 20;

жаратылыстану-математика пәндері бойынша білім беру оқу бағдарламаларын жетік меңгерген оқушылардың үлесі – 70 %;

қазақстандық жалпы білім беретін мектептер оқушыларының халықаралық салыстырмалы зерттеулердегі нәтижелері: оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (PISA) – 40-45 орын, 4 және 8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану саласындағы сауаттылығын бағалау (TIMSS) – 10-12 орын, «Оқу және мәтінді түсіну сапасын зерделеу» (PIRLS) – 10-15 орын;

мектептердің жалпы санына шаққанда инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасаған мектептердің үлесі – 70 %;

қатысушылардың жалпы санына шаққанда жұмыс берушілер қоғамдастығында біліктілікті тәуелсіз бағалаудан алғашқы реттен өткен ТжКБ бітірушілерінің үлесі – 80 %;

ТжКБ оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектердің оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы жылы жұмыспен қамтылғандардың және жұмысқа орналасқандардың үлесі – 80 %;

ұлттық институционалды аккредиттеу рәсімінен өткен колледждердің үлесі – 30 %;

жұмыс берушілер қоғамдастығында біліктілікті тәуелсіз бағалаудан алғашқы реттен өткен жоғары оқу орындарын (бұдан әрі – ЖОО) бітірушілердің оған қатысқандардың жалпы санынан үлесі – 80 %;

жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған бітірушілердің 80 %-ы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бір жыл ішінде мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан;


әлемнің үздік университеттері рейтингінде көрсетілген Қазақстанның  жоғары оқу орындарының  саны – 2;

халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық институционалды аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі – 65 %;

халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық мамандандырылған аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі – 30 %;

отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізудің негізінде білім мен ғылымды біріктіру жолымен инновациялық қызметті жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының үлесі – 5 %;

соңғы 5 жылда импакт-факторлы ғылыми журналдарда жарияланымдары жарық көрген профессор-оқытушы құрамының және ғылыми қызметкерлердің үлесі – 5 %;

барлық жастағы адамдар үшін білім берудің әртүрлі нысандары мен типтері енгізіледі;

жастардың жалпы санынан 55 %-ы жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысатын болады.


Қаржыландыру көздері мен көлемі

Бағдарламаның бірінші кезеңін республикалық бюджеттен қаржыландырудың қосымша көлемі  461,1 млрд. теңгені құрайды. Жергілікті бюджеттен қаржыландыру жыл сайын тиісті жергілікті бюджеттерден білім беру жүйесін дамытуға бөлінетін қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

2. Кіріспе

 Білім беру «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді Стратегиясының маңызды басымдықтарының бірі болып танылды. Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып табылады. Қазақстан Президенті республиканы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу туралы міндет қойған болатын. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.

Халықаралық тәжірибе ерте балалық шақтан ересек жасқа дейін адами капиталға, атап айтқанда, білім беруге бөлінетін инвестицияның экономика мен қоғамға елеулі қайтарымы болатынын дәлелдеп отыр.


Адами капиталға бөлінетін инвестициялар жылдам өзгеретін әлемде бейімделе алатын техникалық прогрессивті, өнімді жұмыс күшін құру үшін аса қажет. Болашақтың табысты экономикасы білім беруіне, халықтың дағдылары мен қабілетіне инвестициялайтындар болмақ. Білім беруді әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар ретінде ғана емес, экономикалық инвестициялар ретінде түсіну қажет.

Білім беру мен экономикалық өсуді байланыстыратын көптеген дәлелдер бар:

макро- және микроэкономикадағы халықаралық зерттеулерді шолу білім берудің, табыстың және өнімділіктің арасында тығыз байланыстың бар екенін дәлелдеп отыр. Бұл ретте оқытудың бастапқы кезеңіне инвестициялаудың зор қайтарымы болатыны байқалады;

зерттеулер білім беруді дамытуға жұмсалған инвестицияның маңызды жақтарын растайды.

Экономикалық пайдадан бөлек білім беру басқа да әлеуметтік пайдаларды келтіреді, әлеуметтік капиталдың – азаматтардың көп үлесінің қатысуымен құралған, әлеуметтік бірлігі мен интеграциясы жоғары, құқық бұзушылық деңгейі төмен қоғамның қалыптасуына ықпал  етеді. Жастайынан білім алу әлеуметтік, эмоционалдық және басқа да өмірге қажетті дағдыларды қалыптастыруда маңызды рөлге ие. Білім беру қызметінің барлық спектрларын одан әрі дамытудың сенімді дәлелдері осында. Қазақстанның білім беруді түбегейлі жаңғыртуы: білім беруге салынатын инвестицияны айтарлықтай және тұрақты ұлғайтуы, оның сапасын жақсартуы қажет.

Сондықтан жаңа ұлттық пайымдау ұсынылады: 2020 жылға қарай Қазақстан – білімді мемлекет, ақылмен құрылған экономика және біліктілігі жоғары жұмыс күші. Білім берудің дамуы еліміздің болашақ экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени өркендеуі сүйенетін тұғырнамасы болуы тиіс.

Білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын іске асырудың ұйымдастырушылық негізі – қазақстандық білімді жаңғыртудың жалғастырылуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) болуы тиіс.


Бағдарлама білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың ұйымдастырушылық негізі ретінде білім беру мен тәрбиенің, басқару жүйесінің, білім беру қызметі субъектілерінің құқықтық-ұйымдастырушылық нысандарының және қаржы-экономикалық тетіктерінің құрылымындағы, мазмұны мен технологияларындағы өзгерістерді қамтитын ресурстары мен мерзімі бойынша бір-бірімен өзара байланыстағы іс-шаралар кешені болып табылады.

 

3. Ағымдағы жай-күйді талдау

Қазақстан Республикасында ел басшылығының адами капиталды дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығын түсініп, білім беру жүйесін реформалауды бастауға және жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетуінің нәтижесінде  білім беруді қарқынды дамыту мен жаңғырту мүмкін болып отыр.

2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың   2008 – 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2007 – 2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы, Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы қабылданды.

Дарынды жас қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру еліміздегі адами капиталдың дамуына қосылған елеулі үлес болды.

Қазақстан қазіргі уақытта білім беру, адам мен бала құқығын қорғау саласындағы негізгі халықаралық  құжаттарға қатысушы болып табылады.  Бұл – Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясы, Бала құқықтары туралы конвенция, Адамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарының Халықаралық декларациясы, Еуропа өңірінде жоғары білім беруге жататын біліктілікті тану туралы Лиссабон конвенциясы, Болон декларациясы және т.б.

Адами ресурстарды дамыту еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарындағы басымдықтардың бірі ретінде айқындалған.


Білім беруге инвестиция салу арқылы адами капиталды сапалы дамытуда нақты қол жеткен мақсаттар бар.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың  2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 2010 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша білім берудің барлық деңгейі тиісті ұйымдар желісімен институционалды қамтамасыз етілген. Білім берудің құрылымы Халықаралық білім берудің стандартты жіктеуішіне сәйкес келтірілді. Оқытудың 12 жылдық моделін енгізу үшін жағдайлар жасалуда. Техникалық және кәсіптік  білім  қайта құрылымдалды.  Мамандарды үш деңгейлі даярлау енгізілді: бакалавр – магистр – Ph.D докторы. Мамандықтардың ірілендірілген топтарынан тұратын Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуіші бекітілді.

Тәуелсіз сыртқы бағалау элементтерін қамтитын (лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу, рейтинг, ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ), мемлекеттік аралық бақылау (бұдан әрі – МАБ), талапкерлерді кешенді тестілеу және т.б.) Ұлттық білім беру сапасын бағалау жүйесі құрылды.

Республиканың барлық өңірлерінде білім беру сапасын бағалаудың облыстық жүйесін енгізу басталды.

Білім беру ұйымдарының материалдық базасы нығайтылуда.

2009 жылдың өзінде мектептерде 640 биология кабинеті,                                536 – лингафондық мультимедиалық кабинет (бұдан әрі – ЛМК),                          10 физика кабинеті, 78 химия кабинеті жарақтандырылды,                                         721 мектеп интерактивті тақталармен толықтырылды. Қазіргі уақытта                     3450 мектептің лингафондық мультимедиалық кабинеттері бар,                               2005 жылмен салыстырғанда олардың саны 2661-ге  көбейіп отыр.

Білім беру сапасы арттырылуда.

Инклюзивті білім  дамуда.

Орта мектептің балаларын тегін тамақтандыру және жеткізу мәселелері  баяу шешілуде.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 2005 жылғы 25710-нан 2010 жылы 35425-ке артты.


Білім саласын ақпараттандыруды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 18 оқушыға  бір компьютерден  келеді. 2005 жылы аталған көрсеткіш  41-ді құраған, оның ішінде 36-сы – ауылдық жерлерде.

Интернет желісіне мектептердің 98 %-ы қосылған, ауылдық жерлерде – 97 % (2005 жылы – тиісінше 75 % және 70 %). Мектептердің 34 %-ның                     кең жолақты интернетке шығуға мүмкіндігі бар.

Қазақстандық мектеп оқушылары TIMSS – 2007 халықаралық салыстырмалы зерттеуіне қатысып, 36 елдің 4 сынып оқушылары арасында математика бойынша 5-орынды және жаратылыстану бойынша 11-орынды иеленді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік тілдің дамуына зор көңіл бөлінуде. Орталық және жергілікті атқарушы органдарда, республика өңірлеріндегі жоғары оқу орындары жанынан қазақ тілін оқыту орталықтары құрылды, міндетті оқыту курстары енгізілді, қазақ тілінде іс жүргізу, негізгі және орта жалпы білім беретін мектептерде мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту енгізілді.



следующая страница >>