girniy.ru 1

СӨЗЖАСАМДЫҚ ӨНІМДІ ЖҰРНАҚТАРДЫҢ ТЕРМИНОЛОГИЯНЫҢ САЛАЛАРЫНДА ҚОЛДАНЫЛУЫ


 

Мамаева Гүлнар Бейсенқызы

филология ғылымдарының кандидаты,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті

қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,

Астана, ҚАЗАҚСТАН

 

Терминжасамға лексикалық мағына жасайтын яғни сөз мағынасын өзгертетін жұрнақтар қызмет етеді. Сөз мағынасын өзгертетін жұрнақтар жаңа туынды лексикалық мағына жасайды. Осы мәселеде терминжасам мақсатына сөз мағынасын өзгертетін жұрнақтар сәйкес келеді. Жаңа жасалатын терминнің мағынасы да жаңа. Әр термин – ғылым, өндіріс, техника, өнер, саясат, шаруашылық т.б. өмірдегі түрлі жаңа ұғымдардың атаулары, яғни номинациялар. Сондықтан да терминжасамда негізінен зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары терминжасамдық қызмет атқарады. Өйткені терминдердің өздері де ұғымдардың атын білдіретін зат есім сөздер. В.П.Даниленко О.С.Ахманованың бұл мәселедегі пікірімен келісе отырып, мынадай пікір айтқан: «Автор справедливо указывает, что взгляд, по которому термины – это прежде всего имена существительные, имеет некоторые объективные основания. Преобладание номинативных терминов вызвано тем, что номинация становится носителем наиболее значительных содержаний в познании действительности. К тому же с ростом науки, техники, культуры появляется постоянная потребность в наименовании новых и новых предметов» [1, 53].

Зат есім жұрнақтары терминжасамда әдеби тілдегі мағынасын сақтауы да мүмкін, өзгертуі де мүмкін. Оған В.Н.Кохлачева мынадай мысал келтірген: «Существительные на -тель в современном русском языке распадаются на две основные группы – обозначающие лиц и обозначающие предметы. Предметные наименования в целом относятся к области терминологий. Это – наименования машин, приборов, деталей, веществ и т.д. (смеситель, осушитель, заполнитель, краситель, ловитель, затвердитель, взрыватель и др.)» [2, 185].

Жалпы мағынасы сақталғанымен, көбіне терминологияның салалары мазмұнына қарай түрленіп отырады.

Тілдегі сөзжасамдық жұрнақтарды терминология салалары ішкі мазмұнына қарай талғап пайдаланады. Сондықтан да тілдегі сөзжасамдық жұрнақтардың бәрі терминологияның бір саласының терминжасамынан орын алмайды. Тілдің барлық сөзжасамдық жұрнақтарымен жасалатын бірде-бір терминология саласы жоқ. Бірақ әр саланың терминжасамында ешқандай ұқсастық жоқ деуге болмайды. Ол кейбір сөзжасамдық жұрнақтардың терминологияның түрлі салаларында қайталануына байланысты. Мысалы, -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы терминологияның барлық саласының терминжасам жүйесінде бар деуге болады. Мысалы, күшсіздік (анемия-медицина), егіншілік (земледелие – ауыл шаруашылық), әдепсіздік (педагогика), азаматтық (философия), әуесқойлық (мәдениет, өнер), кеңістік (геология), әлеуметтік (тарих), өлшемділік (физика), ондық (математика), біртілділік (тіл, әдебиет) т.б. Осы сияқты бұл жұрнақ арқылы жасалған терминдерді әр саладан жалғастыра беруге болады. Солай бола тұрса да, осы жұрнақтың қызметі әр салада бірдей емес. Мәселен, әскери іс терминологиясында бұл жұрнақ 226 термин жасап, өте өнімділік көрсеткен. Оған дәлел ретінде аталған жұрнақ арқылы жасалған әскери терминдердің біразын келтірейік: арақашықтық, бейтараптық, биіктік, бірлестік, далалық, жауынгерлік, батырлық, батылдық, жеңілдік, жағдаяттық, заңсыздық, кедендік, күнделік, қауымдастық, қашықтық, мемлекеттік, мергендік, немқұрайлық, сақтық, саптық, тәртіптік, тәлімгерлік, төзімділік, ұжымдық, ұқсастық, ұрыстық, дарындық, шекаралық, азаматтық, аймақтық, алауыздық, алаяқтық, алыстық, аралық, бірлік, ынтымақтастық, топтастық, басқыншылық, бекіністік, қалалық, дәлдік, дәлелсіздік, дыбыстық, күндік, есептік, жүйелік, кезекшілік, көрегендік, кінәлілік, қаңғыбастық, қаталдық, қауіпсіздік, қашықтық, қолсұқпаушылық, құрлықтық, қызметтік, айлалық, орталық, өкшелік, кеңістік, мүмкіндік, жылдамдық, беріктік, саптық, жиілік, билік, тәуліктік, дайындық, тіркеулік, ұңғылық, халықаралық т.б.


Осы әскери сөздіктен келтірілген әскери терминдер -дық, -дік жұрнағының өнімділігіне толық дәлел. Ал осы жұрнақ арқылы шетел терминдерінен жасалған әскери терминдер бірнеше жүз болады. Мысалы, авиациялық, агентуралық, артиллериялық, бактериялогиялық, биологиялық, бомбалық, валюталық, гарнизондық, географиялық, геодезиялық, гимнастикалық, госпитальдық, биографиялық, дивизиялық, дипломатиялық, зениттік, инженерлік, коменданттық, комулятивтік, координаталық, магниттік, маршруттық, материалдық, механикалық, оперативтік, операциялық, оптикалық, паспорттық, полктық, радиациялық, радиолокациялық, радиотехникалық, ракеталық, реактивтік, санитарлық, стратегиялық, тактикалық, топографиялық, торпедалық, химиялық, штабтық, экспедициялық, эскадралық, ядролық, фельдшерлік.

Міне, осы жұрнақ арқылы шетел терминдерінен жасалған терминдердің ішінде басқа күрделі терминдерді жасауға қатысқандары да бірсыпыра. Олар: штабтық өрт сөндіру, фельдшерлік пошта байланысы, флоттық киім нысаны, фугастық бомба, маршруттық түсіру сияқты терминдер ғана.

-дық, -дік жұрнағы арқылы шетел терминдерінен жасалған терминдердің бірсыпырасы көптеген күрделі терминдердің жасалуына негіз болған. Мәселен, авиациялық термині арқылы 22 күрделі әскери термин жасалған: авиациялық база, авиациялық барлау, авиациялық бомба, авиациялық бөлімдер, авиациялық дайындық, авиациялық десант, авиациялық жанармай, авиациялық жарықшақты бомба, авиациялық жасақ, авиациялық зеңбірек, авиациялық корпус, авиациялық қалқалау, авиациялық қару, авиациялық қару-жарақ, авиациялық құрама, авиациялық метеорология, авиациялық полигон, авиациялық ракета, авиациялық ток, авиациялық түтіндеткіш бомба, авиациялық тығыздық, авиациялық шабуыл т.б.

Осы типтес артиллериялық термині арқылы 17 күрделі термин, инженерлік, оперативтік терминдері арқылы 16-дан күрделі термин, тактикалық термині арқылы 15 күрделі термин жасаған, қалғандары 10, 7, 5 терминдерден жасаған. Бұл келтірілген мысалдардан әскери терминдер жасауда -дық, -дік жұрнағының өте өнімді қызмет атқарғанын көреміз. Бірақ түрлі салада қолданылатын өнімді жұрнақтардың өнімділігі бірдей бола бермейді. Мәселен, -дық, -дік жұрнағы – түрлі терминология саласында қолданылатын өнімді жұрнақ. Бірақ оның өнімділігі терминологияның түрлі саласында бірдей емес. Оны осы жұрнақтың математика терминология саласындағы терминжасамдық қабілетімен салыстыру арқылы байқауға, анықтауға болады.


Математика саласында бұл жұрнақ арқылы байырғы қазақ сөздерінен мына терминдер жасалған: аралық, ықтималдық, байланыстылық, бесбұрыштық, бөлінгіштік, бұрыштық, бірбайланыстылық, жинақтылық, бірқалыптылық, бірпарақтылық, біртектілік, дәлдік, денелік, доғалық, дөңгелектік, екілік, еңістік, жазықтық, жалғыздық, жартыжазықтық, жетерлік, жеткіліктілік, жинақтылық, өткізгіштік, кездейсоқтық, кеңістік, кестелік, көлемдік, көлемділік, көпбейнелік, көрнекілік, көрсеткіштік, қайтымсыздық, қалдық, қайшылық, қателік, қашықтық, бисызықтық, қисықтық, қуаттық, маңайлық, маңыздылық, мардымсыздық, нөлдік, нүктелік, ойыстық, ондық, орнықтылық, өзаралық, өзіндік сандық, сызықтық, сыйымдылық, тәуелсіздік, теңсіздік, түйістілік, ұқсастық, үйлесімділік, үзіліссіздік, шектік, шешімділік, шешімсіздік, жүздік, мыңдық.

Демек, математика терминологиясында да -дық, -дік жұрнағы өнімді қызмет атқарған, бірақ әскери терминология саласындағы терминдерден әлдеқайда аз. Математика саласының терминологиясында -дық, -дік жұрнағы арқылы байырғы сөздерден 65 термин жасалған. Шетел терминдерінен мына терминдер жасалған: аксиоматикалық аксонометриялық, алгебралық, алгоритмдік, аналитикалық, арифметикалық, биномдық, бипараболалық, биполярлық, вариациялық, векторлық, гармониялық, геометриялық, гиперболалық, градиенттік, дифференциялдық, диффузиялық, изометриялық, изопериметрлік, инварианттық, индуктивтік, интегралдық, квадраттық, комбинаторлық, логарифмдік, метрикалық, операторлық, параболалық, полярлық, спектрлік, топологиялық, фазалық, фокустық, функциялық, циклдік, эквиваленттік, эллипстік, ядролық.

Шетел терминдерінен -дық, -дік жұрнағы арқылы математика терминологиясында 41 термин жасаған ол әскери терминология терминдерінен әлдеқайда аз, және әскери терминологиядай бұларда 22 күрделі термин жасаған бірде-бір термин жоқ. Ең көп күрделі термин жасаған алгебралық термині де 17 күрделі термин, гармониялық термині 13 күрделі термин, геометриялық 15 күрделі термин, интегралдық 16 күрделі термин, логарифмдік 12 күрделі термин жасаған. Қалғандары он мен бір арасында күрделі терминдер жасаған. Бұл мысалдар терминологияның барлық саласында синтетикалық терминжасам барын да дәлелдейді.


Күрделі терминдер жағынан да математика терминология саласында әскери сала терминдерінен -дық, -дік жұрнағы арқылы жасалған күрделі терминдер өнімділігі көп төмен.

Бұдан шығатын қорытынды мынадай:

1. -дық, -дік жұрнағы терминологияның барлық саласында терминжасамдық қызмет атқарады.

2. Терминологияның барлық саласында немесе көпшілік салада өнімді жұрнақтар ғана қолданылады.

3. -дық, -дік жұрнағы өнімді жұрнақтарға жатады.

4. Жұрнақтардың өнімділігінде де әр салада айырма болады.

Терминжасамдық жұрнақтардың өнімділігі тек -дық, -дік жұрнағына ғана қатысты деген пікір тумау керек. Ол тілдегі бірсыпыра терминжасамдық жұрнақтарға қатысты. Оны ғалымдар көрсетіп жүр.

Өнімді жұрнақтардың біразын терминологияның жеке салаларын зерттеген ғалымдар да көрсеткен. Мәселен, философия терминдерін зерттеген С.Әлісжанов осы сала бойынша өнімді деп мына жұрнақтарды көрсеткен: -дық, -дік (ұлттық), -ды, -ді (субъективті), -шылық, -шілік (ағартушылық), -у (даму), -ыс, -іс (құбылыс), -ым, -ім (таным) [3]. Ал психология терминдерін зерттеген ғалым С.Искакова осы сала бойынша өнімді жұрнақтар деп мына жұрнақтарды атаған: -дық, -дік (адалдық), -шылік, -шілік (менсінбеушілік), -ыс, -іс (байланыс), -ым, -ім (ұғым) [4].

Статистикалық деректерге сүйенсек, қазақ тілінің терминжасам жүйесінде 37 жұрнақ өнімді. Өнімді жұрнақтарды анықтауда оларды терминологияның негізінен барлық саласында өнімді қызмет атқарғаны негізге алынды.

Терминжасамды зерттеген ғалымдар өз еңбектерінде сөзжасамдық жұрнақтардың сөзжасамдық қабілетін анықтауға үлкен мән беріп, оларды анықтап отырған. О.М.Сотова парсы тілінің терминжасамындағы 12 жұрнақты өте өнімді деп дәлелдеген және бірсыпыра префикстер мен жартылай қосымшаларды көрсеткен [5].

Қазақ тілінде терминологияның мына жұрнақтары өнімді: -у; -дық, -дік, -лық, -лік, -тық, -тік; -шы, -ші; -м, -ым, -ім; -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе; -ша, -ше; -сыз, -сіз; -ғыш, -гіш, -қыш, -кіш; -ық, -ік, -қ, -к; -ыс, -іс, -с; -и; -ғы, -гі, -қы, -кі; -ыш, -іш, -ш; -ын, -ін, -н; -гер, -кер; -малы, -мелі, -лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес; -шық, -шік; -шақ, -шек; -шылық, -шілік; -теме, -деме; -нды, -нді; -лай, -лей; -паз; -т, -іт, -ыт; -ыңқы, -іңкі; -ды, -ді, -ты, -ті; -қын, -кін; мыс; -бей; -уіш; -мақ; -мек; -хана; -пар; -ыл, -іл, -л; -ғақ; -шыл, -шіл.


Бұл жұрнақтар терминология саласында жүздеп, онан да көп терминдер жасаған. Бұл осы жұрнақтардың термин сөздердің негізгі құрамын жасаған деген пікірге жетелейді.

Терминжасам жүйесінің өнімді жұрнақтарының арасында іштей айырмашылық бар. Бір топ өнімді жұрнақтар терминология салаларының бәрінде терминжасамдық қызмет атқарады. Келесі топ жұрнақтар терминжасам салаларының бәріне қатыса бермейді.

Терминологияның сөзжасамдық жүйесіне қатысты бұл жұрнақтар терминжасам қызметіндегі негізгі қызметті атқарушы жұрнақтар деп санауға болады. Өйткені осы жұрнақтар терминологияның әр саласында термин жасайды.

Алайда, терминжасам жүйесінің барлық жұрнақтары мұншалықты өнімді бола бермейді. Терминжасам жүйесінің бірсыпыра жұрнақтары өнімсіз екені зерттеуде анықталды, олар да іштей біркелкі емес және олар көп.

Терминдер тілдің сөзжасамдық бірліктері арқылы жасалуымен бірге тілдің сөзжасамдық заңдылықтары бойынша жасалады. Терминдер – жаңа ұғымның аты. Демек, жаңа ұғым өзіне жаңа атау талап етеді, терминдері қалыптасқан тілде де ғылым, техника, өндіріс, өнер, саясат т.б. жағдайларда пайда болған жаңалықтармен байланысты жаңа терминдер туындап, тілге қосылып жататыны белгілі әрекет.

Талдауға негіз болған терминдердің бәрі көп томдық Мемлекеттік сыйлық алған терминологиялық сөздіктерден алынды.

Әр термин – жаңа сөз, сондықтан терминжасамда сөз мағынасын өзгертетін жұрнақтардың қолданылуы заңды.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 


  1. 1.         Даниленко В.П. Русская терминология Опыт лингвистического описания. – М., 1977.

  2. 2.         Кохлачева В.Н. К соотношению номинативных свойств существительных и образования терминов. – Терминология и культура речи. М., 1981. – 243 с.

  3. 3.         Әлісжанов С. Қазіргі қазақ тіліндегі философия терминдерінің қалыптасу процесі. Филол. ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 1996. – 24 б.


  4. 4.         Искакова С. Қазақ тіліндегі психология терминдері. Филол. ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 2000. – 25 б.

  5. 5.         Сотова О.М. Основные структурно-семантические особенности терминообразования в современном персидском языке. Диссерт. ... канд. филол. н. – М., 2008. – 201 с.