girniy.ru 1 2 ... 4 5

ӘОЖ 373.1.02:004 Қолжазба құқында



АХМЕТ ЛАУРА СМАТУЛЛАҚЫЗЫ


Жоғары сынып оқушыларына компьютерлік

технологияны меңгертудің педагогикалық шарттары

(технология пәні материалында)


13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика

және білім тарихы, этнопедагогика


Педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертациясының


АВТОРЕФЕРАТЫ


Қазақстан Республикасы

Шымкент, 2009

Жұмыс М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орындалған


Ғылыми жетекшілері: педагогика ғылымдарының

докторы, профессор

Ұзақбаева С.А.


педагогика ғылымдарының

докторы, профессор

Жолдасбекова С.А.


Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының

докторы, профессор

Абдукадыров А.А.

педагогика ғылымдарының

кандидаты, доцент

Әмірбекұлы А.


Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ

ұлттық педагогикалық университеті


Диссертация 2010 жылдың сағат М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.20.01 диссертациялық кеңесінде қорғалды. Мекен жайы: 160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы 5., 342 ауд.


Диссертациямен М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады. Мекен жайы 160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы 5, 2-қабат.


Автореферат 2009 жылдың таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы И.Б.Сихымбаев

КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі. Бүгінгі күні адамзат дамуының жаңа сатыларының бірі компьютерлік қоғамға өтуімен ерекшеленеді. Осыған байланысты жаңа бағдарламалар тасқынын, ақпараттық технология құралдарын жоғары дәрежеде меңгеруге қажеттілік арта түсуде. Әрі, білім беру жүйесінде компьютерлер кең көлемде пайдаланыла бастағандықтан «жаңа ақпараттық технологияға оқыту» немесе «компьютерлік технология» деген ұғымдары пайда болды. Компьютерлік технологияға оқыту – бұл ақпаратты даярлау және оны оқушыға беру процесі, ол компьютер арқылы жүзеге асырылады. Компьютерлік технология – компьютердің есте сақтау қорында сақталатын педагогикалық бағдарламалық құралдарында және телекоммуникациялық желінің мүмкіндіктерінде көрініс алған кейбір модельдің мазмұнын пайдалануға негізделеді.


Ақпараттық оқыту технологиясын жобалау оқыту құралдарының жаңа түрін жасаумен бірге, оларды оқу процесінде пайдаланудың әдістерін жасауды қарастырады. Әртүрлі педагогикалық технологияның тұжырымдамасын жасаумен Кусайнов Г.М., Кукушкина В.С., Н.Ф.Талызина, М.В.Кларин, Ф.Янушкев және т.б. айналысқан. Жаңа педагогикалық технологияны жобалауға байланысты жалпы мәселелер мен (Ж.У.Кобдикова, Б.О.Қуанбаева, С.К.Исламгулова, П.Беспалько, И.И.Ильясов пен Н.А.Галатенко және т.б.) педагогикалық технологияны сабақтарда пайдалану (Е.П.Белкин, В.М.Полонский, М.С.Бикбулатова және т.б.) бойынша да бірқатар зерттеулер орындалған.

Соңғы жылдарда орындалған еңбектер оқыту процесін оңтайландыру мәселесін шешуде компьютерлік технологияны пайдалану қажеттігін ұсынады (Ж.А. Қараев, К.З.Халықова, А.А.Абдукадыров, К.К.Бойкачев, В.Ф. Венда мен Б.Ф. Ломов, А.А.Жолдасбеков, Е.И.Бидайбеков, О.Сыздық, С.М.Кеңесбаев, Л.В.Нефедова, Б.Д Сыздықов, К.Ж Садвакасова, С.А.Нұрпеисова, Б.К.Тульбасова және т.б.). Әсіресе оқыту процесінде компьютерді практикалық, әдістемелік тұрғыда пайдалану, пән оқытушыларына жаңа ақпараттық технологияны мазмұндық тұрғыда оқыту жүйесін жасау, компьютерлік ақпараттық технология әдістері мен құралдарын пайдалану, оқытудың ақпараттық моделін құру, оқытушылардың компьютерлік сауаттылығын қалыптастыру мәселелеріне аса мән береді.

Технологияның жалпы проблемаларының бірі – компьютерлік оқытудың бағдарламасын жасау, бағдарламалық нәтижеге негізделген жіктеме мен аспаптық құралдарға талаптар ұсыну және компьютерлік графика: Исабек Н., А.Т.Воронин мен Ю.А.Чернышевтың, Н.В.Ретинская мен М.В. Шугринаның, М.В.Булгаков, А.Е. Пушкин, С.С.Фоминдердің және т.б. еңбектерінде қарастырылса, Н.Г.Конаева, Н.З.Новик және т.б. аспаптық жүйе бойынша нақты ұсыныстар береді. Бірқатар авторлар (В.Н.Агеев, Ю.М.Тараскин, O.K Тихомиров, Г.Б.Ахметова, Ж.М.Тусубаева, Г.К.Нургалиева, Г.С.Кудебаева, Д.М.Джусубалиева, А.Әмірбекұлы, Б.А.Досжанов және т.б.) оқытуда мультимедия және гипермәтіндік жүйені пайдалану, қашықтан оқыту жолдары туралы айтады.


Ғылыми зерттеулер мен озық тәжірибелерге жасаған талдау жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту мәселесінің әлі де болса өз шешімін таба қоймағанын, компьютерлік технологияны оқытуда түсініксіз мәселенің көптеп кездесетінін дәлелдейді. Компьютерлік бағдарламалық құралды пайдалану да технологиялық оқытудың кейбір кезеңдерінде, онда да алғашқы білімді қалыптастыру, оқыту нәтижесін бақылау мен түзету мақсатында ғана жүзеге асырылады. Сонымен бірге компьютерлік бағдарламалық құралдарды жасауға және оны оқытуға, ендіруге байланысты бірегей, іргелі көзқарас та болған емес. Мектеп оқытушыларының осы саладағы даярлығы да сұраныстан шыға бермейді. Нәтижесінде осының бәрі оқушының компьютерлік технологияны терең меңгеруіне кедергісін келтіреді.

Демек, оқушыларға комппьютерлік технологияны меңгертуге қоғамның сұранысы мен жалпы білім беретін мектептердегі жоғары сынып оқушыларының компьютерлік технологияны меңгеруінің арасында; компьютерлік технологияның мүмкіндіктері мен олардың жалпы білім беретін мектептерде аз пайдалануының арасында; оқушылардың компьютерлік технологияны меңгеруге ынта-қызығушылығын қалыптастыру қажеттігі мен қажетті ғылыми-әдістемелік құралдардың жоқтығы арасында қарама-қайшылық анық байқалады.

Осы қарама-қайшылықтың шешімін іздестіру біздің зерттеу проблемамызды айқындауға және тақырыпты «Жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгертудің педагогикалық шарттары (технология пәні материалында)» деп таңдауымызға негіз болды.

Зерттеу обьектісі: жалпы білім беретін мектеп оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту процесі.

Зерттеу пәні: жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушыларының компьютерлік технологияны меңгеруін қаматамасыздандыратын педагогикалық шарттарының жиынтығы.

Зерттеу мақсаты – жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгертуді теориялық тұрғыда негіздеу және мазмұны мен әдістемесін жасау.


Зерттеудің болжамы: егер жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту процесі арнайы жасалған аспаптық жүйе арқылы жүзеге асырылса және әдістемелік, ұйымдастырушылық тұрғыда қамтамасыз етілсе, онда оқушылардың компьютерлік технологиядан білім, іскерлік, дағды деңгейі артады, ал бұл болса оқушыларды өздігімен дербес шығармашылық ізденіске бағдарлайды, берілген тапсырманы сапалы орындауға үйретеді.

Зерттеудің міндеттері:

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгертудің теориялық негіздерін айқындау;

- компьютерлік технологияны оқыту моделін және жоғары сынып оқушыларының осы компьютерлік технологияны меңгеруінің моделін жасау;

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту процесін аспаптық бағдарламалық тұрғыда қолдау құрылымын және оны педагогикалық тұрғыда жобалауды бағдарламамен қамтамасыздандыру құрылымын жасау;

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгертуді қамтамасыздандыратын педагогикалық шарттарды анықтау;

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгертудің әдістемесін жасау және оның тиімділігін тәжірибелі-эксперимент барысында тексерістен өткізу.

Зерттеудің жетекші идеясы: жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны нақты нұсқаулардан тұратын аспаптық бағдарламалық жүйе бойынша меңгерту олардың компьютерлік технологиядан жинаған білім-білігін іс-әрекеттерде еркін пайдалануына септігін тигізеді.

Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері болып болмыстағы өзара байланыс пен өзара келісімділік туралы философиялық қағидалар жүйесі, көзқарас принциптері мен әдістері, тұлғаның танымдық, құндылық, іс-әрекет теориясы, жалпы білім беру процесінде тұлғаны қалыптастыру теориясы, компьютерді соның ішінде компьютерлік технологияны пайдаланудағы әдіснамалық және практикалық проблемалар саналады.

Зерттеу көздері: зерттеу проблемасына байланысты философтардың, әлеуметтанушылардың, психологтар мен педагогтардың, дизайнерлердің, информатиктердің еңбектері, ҚР-сы үкіметінің ресми материалдары (Заңдар, Қаулы-қарарлар, баяндамалар, қағидалар т.б.), Білім және Ғылым министрлігінің нормативті құжаттары (Білімді ақпараттандыру тұжырымдамасы, стандарттары, кешенді бағдарламалар, оқулықтар, оқу құралдары және т.б.), мектеп құжаттары (оқу жоспарлары, әдістемелік құралдар т.б.), ізденушінің педагогикалық, зерттеушілік тәжірибесі.


Зерттеу әдістері: зерттеу тақырыбы саласында басылым көрген әдебиеттерді теориялық тұрғыда талдау, оқытушылардың озық тәжірибесін зерделеу, педагогикалық эксперимент, бақылау, компьютерлік диагностика, модельдеу, сауалнама жүргізу, зерттеу нәтижелеріне сандық-сапалық талдау, тапсырмалар даярлау, эксперимент деректерін математикалық өңдеуден өткізу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңызы:

- компьютерлік технологияны оқыту моделі және жоғары сынып оқушыларынының осы компьютерлік технологияны меңгеруінің моделі жасалды;

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту процесін аспаптық бағдарламалық тұрғыда қолдау құрылымы жасалды;

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту процесін педагогикалық тұрғыда жобалауды бағдарламамен қамтамасыздандыру құрылымы жасалды;

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны тиімді меңгертуді қамтамасыз ететін педагогикалық шарттар анықталды;

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгертудің мазмұны мен әдістемесі теориялық тұрғыда дәлелденіп практика жүзінде тексерістен өтті.

Зерттеудің практикалық маңыздылығы: мектеп оқушылары мен оқытушыларына арнап:


  • компьютерлік технологияны меңгертудің аспаптық бағдарламалық жүйесі;

  • компьютерлік қолдау арқылы сабақты өткізу технологиясы;

  • сабаққа даярлықты әдістемелік тұрғыда қамтамасыздандыру моделі;

  • «Технология» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешені (оқу құралдары, электронды оқулықтар («Костюм және стиль», «Ұлттық бас киімдерді өңдеу технологиясы»), «Компьютерлік технологияны тігін бұйымдарын өңдеуде қолдану» атты факультативтік курс бағдарламасы және т.б.) жасалды.

Зерттеу нәтижесін жалпы білім беретін мектеп, гимназиялар мен лицейлерде жоғары және арнайы орта оқу орындарында, оқытушылар білігін жетілдіретін мекемелерде пайдалануға болады.


Қорғауға мынадай қағидалар ұсынылады:

- компьютерлік технологияны оқыту моделі оқушылардың іс-әрекетіне бағдарламалық тұрғыда қолдау жасайды. Жоғары сынып оқушыларының компьютерлік технологияны меңгеруінің моделі мотивациялық, мазмұндық, іс-әрекеттік компоненттер бірлігінде байқалады және өлшемдер көрсеткіштер, деңгейлермен сипатталады.

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту процесін аспаптық бағдарламалық тұрғыда қолдау құрылымы оқытушының сабаққа даярлығы мен оны өткізудегі және оқушыға ықпал етудегі іс-әрекетін қолдаудағы қосалқы құрылымдардан тұрады.

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту процесін педагогикалық тұрғыда жобалауды бағдарламамен қамтамасыздандыру құрылымы оқу сабақтарының модельдерінен, оқу материалдарының кадрларынан және іс-әрекетке қызмет ететін ақпараттық компоненттерінен тұрады.

- педагогикалық шарттар жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны тиімді меңгертуді қамтамасыздандырады.

- жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны сабақ процесінде меңгерту әдістемесі сабақ модульдерінің мазмұнын құруды, сұрыптап алынған оқу әрекетінің мазмұны мен жобасын сипаттауды, мәтіндік үлгілерді сұрыптап, компьютерге енгізуді, мәтіндік оқу ақпаратын көрсетуді, меңгерілетін материалдың құрылымын түзуді және т.б. қарастырады.

Зерттеудің негізгі кезеңдері. Бірінші кезеңде (2002-2004 ж.ж) зерттеу проблемасы айқындалды, ғылыми және ұғымдық аппараты құрылды, материалдар жиналды. Эксперимент жұмысының жоспары жасалды, анықтау эксперименті жүргізілді. Оқыту бағдарламасына арнап материалдар сұрыпталды, жұмыс барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер, амал-жолдар айқындалды. Екінші кезеңде (2005-2007 ж.ж.) қалыптастыру эксперименті жүзеге асты, аспаптық бағдарламалық құралдар тексерістен өтті, оларға толықтырулар енгізілді, әрбір кезеңдерде кесінділер алынды. Нәтижесі қорытындыланды, бағдарламалар басылым көрді. Үшінші кезеңде (2008-2009ж.ж.) тәжірибелі-эксперимент нәтижелері өңдеуден өткізілді. Зерттеу нәтижесі қорытындыланды, ұсыныстар жасалды, пайдаланған әдебиеттер жүйеге келтірілді. Диссертация талап бойынша рәсімделді.


Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі теориялық және практикалық тұрғыда дәлелденуімен, жұмыс мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, өзара ішкі бірлігімен, кешенді әдістерді пайдаланумен, эксперимент бағдарламасының мақсатқа сәйкестілігімен, алғашқы және соңғы көрсеткіш нәтижелерінің қорытындылануымен, алынған нәтижелердің практикаға ендірілуімен қамтамасыз етіледі.

Зерттеу базасы: Тәжірибелі-эксперимент жұмысы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының Ш.Уалиханов атындағы кешенді мектеп гимназиясында, осы ауданның Н.Нысанбайұлы атындағы орта мектебінде, Шымкент қаласындағы №31 В.Терешкова атындағы орта мектебінде, №46 Ш.Айтматов атындағы орта мектебінде, Қазығұрт ауданы, Рабат елді мекеніндегі П.Тәжібаева атындағы орта мектебінде, Төле би ауданы, Нысанбек шағын жинақты орта мектептерінде өткізілді.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру. Зерттеудің негізгі қағидалары жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-әдістемелік конференцияларда баяндалып, бірнеше ғылыми мақалалар жарияланып, сынақтан өтті, автор жазған оқу құралдары, электронды оқулық, әдістемелік нұсқаулар мен факультативтік курс бағдарламасы арқылы іс-тәжірибеге ендірілді.

Диссертацияның құрылымы: диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріcпеде зерттеу тақырыбының көкейкеcтілігі негізделеді, ғылыми аппарат (мақcаты, объектіcі, пәні, міндеттері, болжамы, әдіcнамалық негіздері, зерттеудің кезеңдері, жаңалығы, теориялық және практикалық мәні, қорғауға ұcынылатын қағидалары) беріледі.

«Жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгертудің педагогикалық негіздері» атты бірінші тарауда жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгертудің мәні, компьютерлік технологияны меңгертудің психологиялық-педагогикалық аспектілері мазмұндалады, компьютерлік технологияны оқытудың моделі және жоғары сынып оқушыларының компьютерлік технологияны меңгеруінің моделі жасалып, құрылымдық сипаты анықталады.


«Жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияны меңгерту әдістемесі» атты екінші тарауда жоғары сынып оқушыларына аспаптар жүйесі негізінде жасалған компьютерлік технологияны меңгертудің оқу әдістемелік кешені (оқу бағдарламалары, оқу құралдары, электрондық оқулық, әдіcтемелік нұсқаулар және т.б.) және оны жүзеге аcырудың формалары мен әдіcтері беріледі. Тәжірибелі-экcперимент жұмыcының нәтижелері cипатталады.

Қорытындыда зерттеудің нәтижелері, тұжырымдар мен ғылыми-әдіcтемелік ұcыныcтар беріледі.



следующая страница >>