girniy.ru 1

Әдіснамалық түсініктемелер


Халық саны осы берілген уақыт мезетінде осы аумақта тұрып жатқан адамдар саны.

Жыл басына ағымдағы бағалау – халық санағының соңғы қорытындысы негізінде есептеліп, оған сол аумақта туғандары мен келгендерінің саны жыл сайын қосылып отырады да, одан сол аумақта өлгендері мен кеткендерінің саны шегеріледі. Өткен жылдардағы халық санының ағымдағы бағасы кезекті санақ қорытындысы негізінде нақтыланады.

Халық саны қала және ауыл халқы болып бөлінеді.

Қала халқына – қалалық мекендерде тұратын адамдар жатады. Қалалық елдi мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы қалалар, сондай-ақ олардың әкімшілік бағыныстылығының аумағындағы кенттер жатады.

Ауыл халқына - ауылдық мекендерде тұратын адамдар жатады. Қалалық болып сыныпталмаған елді мекендер ауылдық болып саналады.

Халықтың табиғи өсімі - белгілі бір кезеңде тірі туғандар мен өлгендер санының арасындағы айырмашылығына тең. Табиғи өсім оң шамада болуы мүмкін, егер туғандар саны өлгендер санынан асып түссе, немесе кері жағдайда - теріс (табиғи азаю).

Халықтың көші-қон өсімі - белгілі бір кезеңде осы аймаққа келгендер саны мен сыртқа кеткендер санының арасындағы айырмашылығына тең. Көші-қон оң шамада (егер келгендер саны кеткендер санынан көп болса), немесе теріс болуы мүмкін (егер келгендер саны кеткендер санынан аз болса). Соңғы жағдайда көші-қон жылыстауы орын алады.

Туудың жалпы коэффициенті – бала туу қарқындылығының барлық халыққа қатынасы бойынша анықталатын көрсеткіш. Жыл бойына тірі туғандардың жалпы санының халықтың жылдық орташа санына қатынасын көрсетеді. Әдетте 1 000 халыққа шаққанда есептеледі.

Өлімнің жалпы коэффициенті – халықтың өлімінің көбеюін анықтайтын көрсеткіш. Жыл бойына өлгендердің жалпы санының халықтың жылдық орташа санына қатынасын көрсетеді. Әдетте 1 000 халыққа шаққанда есептеледі.


Табиғи өсім коэффициенті туу мен өлімнің жалпы коэффициенттерінің айырмашылығы ретінде алынады.

Некелер мен ажырасулар (некенің бұзылуы) туралы мәліметтер АХАЖ органдары жасаған азаматтық хал актілеріндегі жыл сайынғы статистикалық деректерге негізделген. Кестедегі деректер АХАЖ органдарында тіркелген неке мен ажырасу жағдайларын ғана қамтиды.

Неке мен ажырасудың жалпы коэффициенттері халықтың жылдық орташа санында күнтізбелік жыл ішінде тиісінше некелескендер және ажырасқандар санының қатынасымен есептеледі.

Туу және өлім туралы мәлімет АХАЖ органдары құрастырған туу (өлім) туралы азаматтық хал актілеріндегі жыл сайынғы статистикалық деректерді әзірлеу негізінде алынады. Туғандар санына тек тірі туғандар енгізілген.

Халықтьң көші-қоны - тұрғылықты орнын ауыстыра отырып, сол немесе басқа өңірдің шекарасы арқылы адамдардың (көшіп-қонушылардың) қозғалуы. Келгендер мен кеткендер саны әділет органдарының тіркеу қызметтерінен (ҚР азаматтары) және ішкі істер органдарының көші-қон полицияларынан (шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар) келіп түсетін халықты тұрғын орынға есепке алған кезде мекенжай парақшаларымен бір мезгілде толтырылатын келгендер мен кеткендердің статистикалық есеп талондарын өңдеу нәтижесінде анықталады.

Казіргі кезде ағымдағы статистикалық есепте келгендер және кеткендер саны шартты түрде тіркеледі, ал ақиқатында мәселе келу және кету сандары туралы болып отыр.