girniy.ru 1

Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрінің

2013 жылғы « »



бұйрығымен бекітілген

Балаларға арналған қосымша білім беру

ұйымдары қызметінің үлгілік ережесі


1. Жалпы ережелер


1. Осы балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережесі (бұдан әрі – Үлгілік ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі  «Білім туралы» Заңының 5-бабының 44-5) тармақшасына сәйкес әзірленген және балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының барлық түрлерінің меншік нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан қызметін ұйымдастыру тәртібін белгілейді.

2. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының қызметі білім алушылардың өзін-өзі билеуін, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған.

3. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері:

1) оқушылар сарайы (үйі, орталығы, кешені, балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы және басқалары);

2) жас натуралистер станциясы (балалар экологиялық орталығы, биологиялық орталық, экобиоорталығы, экология және өлкетану балалар-жасөспірімдер орталығы және басқалары);

3) жас техниктер станциясы (орталық, балалар және жасөспірімдер техникалық шығармашылық мектебі және басқалары);

4) жас туристер станциясы (балалар-жасөспірімдер туризм орталығы, балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы, балалар-жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы және басқалары);

5) балалар аула клубы, балалар әскери патриоттық клубы (басқа да клубтық демалыс ұйымдары);

6) балалар өнер мектебі (балалар музыка мектебі, балалар көркемөнер мектебі, балалар өнер мектебі және көркем-эстетикалық бағыттағы басқа мектептері);


7) балалар сауықтыру орталығы (орталығы, кешені, қала сыртындағы сауықтыру лагері және күндізгі уақытта ұйымдастырылатын лагері, палаталық лагерь, киіз үй лагері және басқалары);

8) балалар-жасөспірімдер спорттық мектебі;

9) олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі;

10) балалар қызығушылығы мен жұмыстары бағыты бойынша басқа ұйымдар;

11) балаларға арналған қосымша білім беру ғылыми-практикалық орталығы.

Ескерту:

оқу-әдістемелік орталықтар республикалық,облыстық, аудандық болуы мүмкін.

ғылыми-практикалық орталықтар республикалық және облыстық болуы мүмкін.

4. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары жеке тұлғалардың, қоғамның, мемлекеттің білімге және мәдениетке деген қажеттерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады.

5. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері:

1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;

2) жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту;

3) адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту;

4) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу;

5) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру;


6) білім алушылардың экологиялық мәдениетін тәрбиелеу, оларды табиғатты қорғау қызметіне тарту;

7) тұлғаны қоғам өміріне бейімдеу;

8) олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру.

9) білім беру ұйымдарында көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық шығармашылық, ғылым мен техника жетістіктері, натуралистік, туристік-өлкетанулық және зерттеулік, экологиялық және табиғатты қорғау қызметін дамыту, насихаттау және жүзеге асыруға практикалық көмек көрсету;

10) көркем-эстетикалық білімнің белсенді насихаттаушыларын тәрбиелеу, мәдениет және өнер саласындағы арнайы оқу орындарына түсуге ерекше дарынды балаларды дайындау.

6. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары өзінің қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына, осы үлгілік ережеге және жарғысына сәйкес жүзеге асырады.

7. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

8. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында саяси партиялардың және діни ұйымдардың (бірлестіктердің) ұйымдық құрылымдарын құруға және қызметіне жол берілмейді.

Педагог қызметкерлерге білім беру процестерін саяси үгіт, діни насихат мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануға тыйым салынады.


2. Қызметті ұйымдастыру


9. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.

10. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарынын мәртебесін оның құрылтайшылары айқындайды және осы Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының талаптары ескеріле отырып, оның жарғысында көрсетіледі.


11. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап құрылған болып есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.

12. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының заңнамаға сәйкес өз атауы, жарғысы, банктерде шоттары, бланкілері, бекітілген үлгідегі мөрі болады.

13. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім басқармасының мемлекеттік органымен бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өтеді.

14. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары басшы кадрларының, педагог және ғылыми қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру бес жылда кемiнде бiр рет жүзеге асырылады.

15. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының жұмыс тәртібі ішкі тәртіп ережелерімен реттеледі және оның шарттары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына қайшы келмеуі тиіс.

16. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау және дамыту бюджет қаражаттары, ақылы негізде көрсетілетін қызметтерден түскен кірістер, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

17. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары жарғыға сәйкес, қолданыстағы Қазақстан Республикасы заңнамасының аясында, білім беру және өзге де ақылы қызмет ұсыну есебінен кіріс әкелетін қызметпен айналыса алады.

18. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын тәртіппен мүліктерге иелік ету және пайдалану құқығы бар. Білім беру ұйымының мемлекеттік мүлкі алып қойылуға немесе білім беру ұйымының негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда пайдаланылуға тиіс емес.

19. Білім алушыларды әлеуметтік оңалдыру және білім беру процесін жандандыру мақсатында әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық және медициналық қызмет құруға болады.

3. Білім беру процесін ұйымдастыру



20. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары балалардың сұранысын, отбасының, білім беру ұйымының, қоғамдық ұйымның (оның ішінде балалар мен жасөспірімдер) қажеттіліктерін, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлттық-мәдени дәстүрлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, өз қызметінің бағдарламасын өзі дербес жасайды.

21. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, милитаристік және де халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпыға танылған принциптеріне қайшы келетін өзге де идеяларды насихаттауға тыйым салынады.

22. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі қосымша білім беру ұйымдарымен жүзеге асырылатын оқу-тәрбие жұмыстарының есебі және жоспары болып табылады. Оқу-тәрбие жұмыстарын жоспарлау жұмыстық оқу бағдарламаларын, оқу жоспарлары мен сабақ кестелерін бекіту жолымен жүзеге асырылады.

23. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының әкімшілігі балалардың еңбегі мен демалыс тәртібіне қолайлы жағдай тудыруды, ата-аналардың тілегін, балалардың жас ерекшеліктері мен белгіленген санитарлық-гигиеналық норманы ескере отырып, сабақ кестесін жасайды және бекітеді.

24. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары білім беру процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және білім алушылардың патриоттық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және имандылық сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.

25. Қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыру барысында оқу-тәрбие процесі балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында қызығушылықтары бойынша бірлестіктерде жүзеге асырылады.

26. Бірлестіктердің қызмет мазмұны білім басқармасының мемлекеттік органымен ұсынылған үлгі оқу жоспары мен бағдарламасын ескере отырып анықталады. Педагог қызметкерлер ұйымның педагогикалық (әдістемелік) кеңесімен бекітілетін авторлық бағдарлама жасай алады.


Балалар өнер мектебінде білім мазмұны білім беру саласындағы өкілетті органымен бекітілген балалар музыка мектептерінің, балалар көркемөнер мектептерінің және балалар өнер мектептерінің үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларымен анықталады.

27. Жастары қатар және әр түрлі жастағы балалар қосымша білім беру ұйымдарында ынта-ықыластары бойынша үйірмеге, клубқа, студияға, ансамбльге, топқа, театрға және басқа бірлестіктерге (бұдан әрі – бірлестіктер) біріктіріледі. Бірлестіктердің құрылуы балалардың өз таңдауларына негізделеді.

28. Әр баланың бірнеше бірлестіктерде шұғылдануға, оларды ауыстыруға құқығы бар.

29. Ынта-ықыласы бойынша бірлестіктер білім алушылардың тұрақты және ауыспалы құрамымен құрылуы мүмкін.

30. Қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыру барысында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі түрі сабақ (оқу) болып табылады.

31. Бірлестіктерде сабақтар бірыңғай тақырыптық бағыттағы бағдарламалар немесе кешенді, үйлестірілген бағдарламалар бойынша өткізілуі мүмкін. Сабақтар бағдарламалық талаптарға орай жыл бойына да, одан да аз мерзімге де ұйымдастырылады.

32. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім алушылармен оқу-тәрбие жұмысын жыл бойы қамтамасыз етеді. Оқу жылы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде басталады және келесі жылдың 25 мамырында аяқталады. Қыркүйектің 1-нен 14-не дейін бірлестіктерді іріктейді, сабақ 15 қыркүйектен басталады. Жазғы кезеңде бірлестіктер арнайы кесте бойынша білім алушылардың тұрақты немесе ауыспалы құрамымен жұмыс істейді.

33. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары жазғы кезеңде өз базасында бейіндік лагерьлер, туристік қалашықтар мен базалар, сондай-ақ балалардың тұрғылықты жерлерінде білім алушылардың тұрақты немесе ауыспалы құрамымен әр түрлі бірлестіктер құра алады. Бірлестік жұмысы концерттер, жорықтар мен саяхаттар, жарыстар, экспедициялар және басқа түрде өткізіледі.

Балалар өнер мектебі басқа білім ұйымдарында және балалардың тұрғылықты жерлері бойынша сыныптар құра алады. Олардың арасындағы қатынастар келісімшарт арқылы реттеледі.


34. Сабақтар оқу бағдарламасына сәйкес топпен, жеке немесе бірлестіктің толық құрамымен жүргізіледі. Бірінші оқу жылында әрбір топтағы білім алушылар саны 15-тен, екінші және келесі жылдары 12-ден, сынақ және зерттеу топтарында 8-ден кем болмауы тиіс.

Мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту барысында топ құрамындағы білім алушылардың саны 10 болуы тиіс.

Бала саны аз болатын бірлестік топтарын іріктеуді жергілікті атқарушы органдардың тиісті шешімімен бекіту қажет.

35. Жас техниктер станциясында бірінші жылы оқытылатын әрбір топтағы білім алушылар саны 12-ден, екінші және келесі жылдары 10-нан, сынақ және зерттеу топтарында 8-ден кем болмауы тиіс.

Мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту барысында топ құрамындағы білім алушылардың саны 6 болуы тиіс.

36. Бірінші жылы оқытылатын топтардың сабақтарына аптасына 4 академиялық сағат, екінші және келесі жылдары – 6 академиялық сағат, сынақ және зерттеу топтарына – 8 академиялық сағат қарастырылады. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін аптасына 2 академиялық сағаттан аспайтын 25-35 минут көлемінде сабақ жүргізіледі.

Практикалық сабақтар (жорықтар, экспедициялар, саяхаттар, жарыстар, концерттік сапарлар) өткізу үшін белгіленген сағаттар көлемі:

өзі тұратын жерге саяхат – 4 сағат

бір күндік жорық – 8 сағат

екі күндік жорық – 14 сағат

үш күндік жорық – 22 сағат

көп күндік жорық – 6 күндік жұмыс аптасындағы күндер бойынша.

37. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының туристік жорықтар, экспедициялар және саяхаттарды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметі Қазақстан аймағында туристік жорықтарды, экспедициялар мен экскурсияларды ұйымдастыру және өткізу ережесімен анықталады.

38. Ынта-ықыласы бойынша бірлестік жұмысына, басшының келісімі болған жағдайда, балалармен бірге олардың ата-аналары (негізгі құрамнан тыс) қатыса алады.

39. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары басқа білім ұйымдарында және балалардың тұрғылықты жерлері бойынша үйірмелер, топтар құра алады. Олардың арасындағы қатынастар келісімшарт арқылы реттеледі.


40. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында білім алушылардың мүдделерін, олардың дарынын және кәсіптік бағдарлануын дамыту мақсатында ғылыми, зерттеу ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге, заңнамаға сәйкес эксперименттік, ғылыми-зерттеу, шығармашылық жұмыстар жүргізу үшін олардың базасында оқушылардың ғылыми бірлестіктері мен зертханаларын құруға болады.

41. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары жеке дара, келісімшарт және (немесе) басқа ұйымдармен бірлесе отырып, осы қызмет түріне лицензиясы болған жағдайда, балалармен алғашқы кәсіптік дайындықты жүргізе алады.

Жас туристер станциясы қоғамдық туристік кадрларды дайындау бойынша курстар өткізеді.

Білім алушы біліктілік емтихандарын тапсырған жағдайда, оған мамандық бойынша біліктілік (разряд, класс, санат) тағайындау туралы куәлік беріледі.

Балалар өнер мектебінде білім беру бағдарламаларын игеру қорытынды мемлекеттік аттестаттаумен аяқталады. Оқытудың толық курсын аяқтаған және мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырған білім алушылар белгіленген үлгідегі мектепті бітіргендігі туралы куәлік алады.

42. Қажетті оқу-материалдық базасы мен педагогикалық мүмкіндігі жеткілікті балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары барлық типтегі білім беру ұйымдарындағы оқушы жастардың өндірістік практикасын жүзеге асырады.

43. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін, оқытудың жаңа технологиясын жасау және енгізуді, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған әдістемелік жұмыс жүргізіледі. Осы мақсатта ұйымда әдістемелік кеңес, әдістемелік шығармашылық бірлестік құрылады. Олардың қызметі жарғыда белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

44. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары бұқаралық шараларды ұйымдастырады және өткізеді, балалардың, ата-аналардың бірлескен еңбегі мен демалысы үшін қажетті жағдай жасайды.

4. Балалардың сауықтыру лагері


45. Балалардың сауықтыру лагері (бұдан әрі – лагерь) табиғи жағдайда орналастырылады және стационарлық базада ұйымдастырылады (бұдан әрі – Стационарлық лагерь) немесе шатыр пайдаланылады (бұдан әрі – шатырлы лагерь).

Стационарлық лагерь жыл бойы немесе ауысымды жұмыс істеуі мүмкін.

Шатырлы лагерь (қалашық) жылжымалы немесе стационарлық (жылжымайтын) тәртіпте жұмыс істеуі мүмкін. Шатырлы лагерьде әрбір отрядтағы балалар саны 10-15 болуы тиіс.

46. Күндізгі сауықтыру лагері жалпы білім беретін мектептердің, қосымша білім беру ұйымдардың және басқа ұйымдардың базасында ұйымдастырылады.

47. Балалар мен ата-аналардың (өзге де өкілдері) сұранысын ескере отырып, білім басқармаларының келісімі бойынша, құрылтайшылар лагерьдің базасында балалардың бейіндік ауысымдарын, отрядтарын, топтарын, бірлестіктерін (оның ішінде әр түрлі жастағы спорттық-сауықтыру, туристік, еңбек, экология-биологиялық, ғылыми-техникалық, өлкетану және қызметтің басқа да бағыттары бойынша) құра алады.

48. Лагерьдің орналасуы, құрылымы, мазмұны және жұмыс тәртібін ұйымдастыру санитарлық ережелерін, табиғи-климаттық жағдайын ескере отырып анықталады.

49. Лагерьде балалардың өмір қауіпсіздігінің жағдайлары, соның ішінде орналастыру, тамақтану, медициналық қызмет көрсету және т.б. қамтамасыз етіледі.

50. Лагерьде тиісті санитарлық талаптарға сәйкес және балалардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескере отырып отрядтар (топтар) құрылады.

51. Балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру лагерь әкімшілігіне жүктеледі. Лагерь медициналық қызметкерлердің жұмысы үшін қажетті жағдайды қамтамасыз етеді, сондай-ақ балалардың денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында олардың жұмысын бақылауды іске асырады.

52. Лагерьдің ашылуы лагерь орналасқан жердегі санитарлық-эпидомологиялық бақылау және мемлекеттік өртті бақылау жұмыстарын жүзеге асыруға өкілетті органдарымен берілген тиісті құжаттары болған жағдайда іске асырылады.


53. Лагерьдің жұмыс түрі, мазмұны, әдіс-тәсілдері, жұмыс тәртібі (лагерьде болу мерзімінің ұзақтығын қоса алғанда) және балалардың лагерьде болу шарттары, лагерьді басқару ұйымның жарғысында анықталады.

54. Лагерьдің штаттық қызметтеріне 18 жасқа толғандар қабылданады. Жұмысқа қабылдау кезінде денсаулығы туралы қорытынды талап етіледі. Лагерьдің әрбір қызметкері еңбек шартымен, ішкі тәртіп ережелерімен, өзінің лауазымдық міндеттерімен, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі ережелерімен танысуы қажет.

55. Лагерьдің қызметкерлері оларға жүктелген міндеттердің аясында балалардың денсаулығы мен өмірі үшін жауапты.

56. Лагерьде барлық балаларды дене тәрбиесі мен спорт, туризм, табиғатты қорғау жұмыстарына тарту, қоршаған орта туралы білімдерін кеңейту, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, қоғамдық пайдалы еңбек ұйымдастыру, дұрыс тамақтану, таза ауада болу, сауықтыру, мәдени шараларды ұйымдастыру, экскурсия, жорықтар, саяхаттар, ойындар, үйірме, секция, клуб, студия, шығармашылық шеберханаларда сабақ өткізу үшін қажетті жағдай жасайды.

57. Лагерь әкімшілігі балалардың еңбегі мен демалыс тәртібіне қолайлы жағдай тудыруды, ата-аналардың тілегін, балалардың жас ерекшеліктері мен белгіленген санитарлық-гигиеналық норманы ескере отырып, сабақ кестесін жасайды және бекітеді.

58. Лагерьде балалардың (оның ішінде мүгедек балалар), ата-аналардың (өзге де заңды өкілдерінің) бос уақыты мен бірлескен демалысы үшін қажетті жағдай жасалады.

59. Лагерьде сауықтыру және оқу процесіне қатысушылар балалар, медициналық және педагог қызметкерлер, білім алушылардың ата-аналары (кәмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдері) болып табылады.

60. Лагерьге балаларды қабылдау тәртібі құрылтайшымен белгіленеді және ұйымның жарғысында бекітіледі.

61. Лагерьге балаларды қабылдау кезінде баланың денсаулық жағдайы туралы дәрігердің қорытындысы қажет.

5. Білім беру процесіне қатысушылар



62. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының білім беру процесіне қатысушылар балалар, педагог қызметкерлер, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналары (кәмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдері) болып табылады.

63. Білім алушылардың, ата-аналардың (кәмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдерінің), қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері қосымша білім беру ұйымының жарғысымен және білім беру саласындағы заңнамалық актілерімен белгіленеді.

64. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары балаларды қабылдау кезінде оларды және ата-аналарды (өзге де заңды өкілдерді) жарғысымен, білім беру процесін реттейтін басқа да құжаттармен таныстыруға міндетті.

65. Спорттық, туристік, хореографиялық бірлестіктерге қабылдау кезінде баланың денсаулық жағдайы туралы дәрігердің қорытындысы қажет.

Мүгедек балалармен тұрғылықты жерінде жеке жұмыс жүргізіледі.

66. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері лауазымдарының біліктілік сипаттамаларына сәйкес тиісті бейіні бойынша арнайы педагогтік немесе кәсіптік білімі бар адамдар педагогтік қызметпен айналысуға жіберіледі.

67. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметкері мен әкімшілігінің қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі, оның шарттары қайшы келмеуі тиіс.


6. Білім беру ұйымын басқару


68. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы тиісті білім беру ұйымы қызметінің үлгілік ережесіне және ұйымның жарғысына сәйкес жеке дара, алқалы қағидаттарында жүзеге асырылады.

69. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын алқалы басқару нысаны педагогикалық кеңес, жалпы жиналыс және басқа да нысандар болып табылады.

70. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарына тікелей басшылықты, тиісті аттестаттаудан өткен, директор жүзеге асырады.


71. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының басшысын қызметке Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы тиісті білім беру ұйымы қызметінің үлгілік ережесіне, ұйымның жарғысына сәйкес құрылтайшы тағайындайды және одан босатады.

72. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:

1) білім алушыларының, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

3) білім алушыларының және қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен қауіпсіздігі, еңбек және техника қауіпсіздігі нормаларының сақталуы;

4) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын мақсатты пайдаланбағаны;

5) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартында көзделген талаптарды бұзғаны үшін жауапты.





7. Халықаралық қызмет


73. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасының негізінде жүзеге асырылады.

74. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, басқа министрліктердің, ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың желісі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша халықаралық қызметтерге қатысуға құқылы.

75. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметкерлерді және білім алушыларды шетелге жіберу үшін (тәжірибе алмасу, түрлі іс-шараларға, конференцияларға, конкурстарға, байқауларға, олимпиадаларға, фестивальдарға және т.б. қатысу мақсатында) іріктеу және даярлау жұмыстарын жүргізеді.

76. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім беру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша шетелдік білім беру ұйымдарымен тікелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екі жақтан және көп жақты шарттар жасасуға құқылы.


8. Қорытынды ережелер


77. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


_________________________________________