girniy.ru 1

Қайда жұмыс істеген қауіпті?


2010 жылы облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында 647 адам жарақаттан зардап шекті және уақытша еңбек ету қабілетін жоғалтты, бұл 2009 жылға қарағанда 240 адамға немесе 59%-ға көп. 1000 жұмыс істеушіге шаққанда өндірістік жарақат деңгейі 1,8 адамды құрады (2009 жылы – 1,1 адам). Өткен жылы барлық зардап шеккендердің 89 пайызы жеке меншік кәсіпорындар мен ұйымдарда, 10 адам мемлекеттік және 1 пайызға жуығы өзге мемлекеттердің меншігіндегі кәсіпорындарда жұмыс істеген.

Зардап шеккендердің жалпы санынан ең көбі, яғни 295 адам немесе 45,6%-ы - кен өндіру өнеркәсібіне, 154 адам (23,8%) – өңдеу өнеркәсібіне, 76 адам (11,7%) құрылыс саласына келеді.

2010 жылы өндірістегі жарақаттан 35 адам, 2009 жылы 19 адам қайтыс болды. Олардың әрбір үшіншісі Өскемен қаласының, әрбір алтыншысы - Бородулиха ауданының, әрбір жетіншісі Семей қаласының кәсіпорындарында еңбек еткен. Қайтыс болғандардың көпшілігі - 27 адам – жеке меншік кәсіпорындарда және 8-і мемлекеттік кәсіпорындарда еңбек етті.

Жазатайым оқиғалардың орын алу себептерінің ішінен зардап шегушінің өзінің абайсыздығын (99 адам), қауіпсіздік ережелері мен еңбекті қорғауды бұзуды (55),өндірістегі жұмыстың нашар ұйымдастырылуын (33), жол қозғалысы ережелерін бұзуды (32), еңбек тәртібі мен өндірістік тәртіпті бұзуды (9) атап өткен жөн.

68 адам құлаудан; 51 адам қозғалыстағы, шашылып ұшқан және айналып тұрған заттардың әсерінен; 50 адам заттардың, материалдардың сынуы, құлауы және жердің опырылуынан; 44 адам жол-көлік оқиғаларынан; 39 адам биіктен құлау нәтижесінде жарақат алған. Жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шегушілер көбінесе жабық сынық алады. 2010 жылы зардап шеккендердің жалпы санынан 111 адам дәл осындай жарақат алса, 45-і – жеңіл-желпі жарақаттанды, 37-сі – шайқалу мен ішкі органдарын жарақаттады, 25-і – ашық сынық, 24 адам ашық жарақат (кесіп, жыртып, жаншып алу) алды.

Өндірістегі жазатайым оқиғадан зардап шеккендердің жартысынан астамы кен өндіру, күрделі тау-кен өндірісі, құрылыс-монтаж және жөндеу-құрылыс саласының жұмыскерлері болса, әрбір сегізіншісі - білікті жұмыскер. Сондай-ақ жыл ішінде барлық деңгейдегі 2 басшы, біліктілігі жоғары және орта деңгейдегі 4 маман, қызмет көрсету, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және сауда саласының 2 қызметкері зардап шекті.

Еңбекке жарамсыздық парағы бойынша, басқа жұмысқа ауыстыру кезінде бұрынғы жалақысына дейінгі қосымша төлем, бір жолғы жәрдемақы, зардап шегушіге залалды өтеу бойынша төлем түріндегі жазатайым оқиғалардың материалдық салдары жыл ішінде 191,5 млн. теңгені құрады немесе бір зардап шегушіге орташа алғанда 296 мың теңгеден келді.