girniy.ru 1

Экспедитор қызметтерін ұсыну ережесін бекіту туралы

Көлік және коммуникациялар министрінің 2004 жылғы 28 шілдедегі № 296-І бұйрығы

(2011.20.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен тақырыбы өгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)

 

«Темір жол көлiгi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 16) тармақшасына сәйкес бұйырамын:

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен 1-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)

1. Қоса беріліп отырған Экспедитор қызметтерін ұсыну ережесі бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлігінің Темір жол көлiгi комитетi (Н.Т.Байдәулетов) осы бұйрықты мемлекеттік тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігіне ұсынуды қамтамасыз етсiн.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар бiрiншi вице-министрi Ю.И.Лавриненкоға жүктелсiн.

4. Осы бұйрық мемлекеттік тiркелген күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

 

 

Министр

«Экспедиторлардың темір

жол көлігінде қызмет ету

ережесін бекіту туралы»

Қазақстан Республикасы

Көлiк және коммуникациялар

министрінің 2004 жылғы

28 шілдедегі № 296-І

бұйрығымен бекітілген

 

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен тақырыбы өгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)


Экспедитор қызметтерін ұсыну

ережесi

 

 

1. Жалпы ережелер

 

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен 1-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)

1. Осы Экспедитор қызметтерін ұсыну ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзірленген және экспедитордың қызметтерді ұсыну тәртібін белгілейді және экспедиторлық қызметтерді тұтынушы экспедиторларға, тасымалдаушылар мен клиенттерге қолданылады.

2. Ережеде мынадай түсiнiктер қолданылады:

1) темір жол көлiгіндегі экспедиторлық қызмет - тасымалдауға байланысты қызмет көрсетулерге сұранысты қанағаттандыруға бағытталған қызмет;

2) экспедиторлық құжаттар - клиенттiң құқықтары мен мiндеттерiн экспедиторға тапсырғанын растайтын құжаттар, сондай-ақ халықаралық құжаттар, соның iшiнде Халықаралық Экспедиторлық қауымдастықтар федерациясы қабылдаған, Халықаралық Сауда-өнеркәсiп палатасы таныған құжаттар.

Осы Ережеде қолданылатын өзге түсiнiктер Қазақстан Республикасының темір жол көлiгi саласындағы заңнамамен анықталған ұғымдарда пайдаланылады.

2. Экспедитор мен клиенттiң өзара қарым-қатынасы

3. Экспедитор мен клиенттiң қарым-қатынастары жазбаша нысанда жасасатын көлiктiк экспедиция шартының ережелерi негiзiнде құрылады.

4. Темір жол көлiгіндегі экспедиторлық қызмет мынадай қызметтердi көрсету арқылы жүзеге асырылады:

1) клиент атынан немесе өзiнiң атынан тасымалдау шартын жасасу;

2) жүк тасымалын жөнелту орнынан жеткiзу орнына дейiн ұйымдастыру;

3) көлiктiк темір жол жүкқұжатын және (немесе) тасымалдау құжаттарының жинағын, соның iшiнде бiрыңғай халықаралық тасымалдау құжаттарын ресiмдеу;


4) жүктi басқа мекен-жайға жiберуге өтiнiмдi ресiмдеу;

5) жүктi тасымалдауға беру;

6) жүктi қабылдау;

7) жүктi клиенттiң қоймасынан темір жол станциясына дейiн және темір жол станциясынан клиенттiң қоймасына дейiн жеткiзу;

8) темір жол станциясында және клиенттiң қоймаларында жүктi тиеудi (түсiрудi), қайта тиеудi ұйымдастыру;

9) жүктi сорттау;

10) жөнелтулердi жинақтау (жүктi шоғырландыру/тарату);

11) жүктi таңбалау, қайта таңбалау, орау;

12) көлiктiк ыдыс пен орамды жөндеу;

13) жүктiң жөнелтiлуi, қозғалысы (соның iшiнде жүктiң шекарадан өтуi), келуi және берiлуi туралы, сондай-ақ жүк аудару пункттерiнде жүктiң басқа көлiк құралдарына қайта тиелуi туралы клиенттерге хабарлау;

14) жүктiң жол бойымен қозғалысын бақылау;

15) клиенттердi алмалы-салмалы жабдықтармен және жүктi тасымалдауға қажеттi контейнерлермен қамтамасыз ету;

16) клиенттер мен тасымалдаушыға бекіту-пломбылау құрылғыларын беру;

17) тасымалдау төлемдерiн, алымдар мен айыппұлды, тиеу-түсiру, қоймалық және өзге жұмыстарды есептеу және төлеу;

18) коммерциялық актiге қол қою;

19) коммерциялық актiлер және өзге құжаттардың негiзiнде талап-арыздарды ресiмдеу;

20) жүктi тиеу және бекітудiң техникалық шарттарын әзiрлеу және тасымалдаушымен келiсу;

21) жүктердi сақтау, қоймалау;

22) жүкке жол бойында iлесiп жүру және/немесе күзетудi ұйымдастыру;

23) жеткiзу мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн жоғалған жүктi iздеу;

24) жүктi тасымалдау саласындағы консультациялық қызметтер көрсету;

25) кедендiк құжаттарды ресiмдеу;

26) жүктi тасымалдауға байланысты өзге қызметтер көрсету.

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен 5-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)


5. Егер көліктік экспедиция шартында өзгеше көзделмесе, экспедитор клиенттің нұсқауларынан, ол клиенттен іс жағдайлары бойынша осындай ауытқуға келісімін сұрай алмағанда немесе өз сұрауына тәулік ішінде жауап алмағанда ауытқиды.

Егер клиенттің нұсқаулары дәл емес, толық емес немесе дәйекті емес немесе шартқа сәйкес емес болса және экспедитордың іс жағдайлары бойынша клиенттің нұсқауларын нақтылауға мүмкіндігі болмаса, экспедитор клиенттің мүдделері тұрғысында іс-қимыл жасайды.

6. Егер шартта өзгесi көзделмесе, экспедитор клиенттiң мүдделерi тұрғысынан, өз пайымдауынша, тасымалдың көлiгiн және маршрутын, жүктi тасымалдау тәртібін, сондай-ақ экспедиторлық қызметтердiң көрсетiлу тәртібін таңдайды немесе өзгертедi.

7. Экспедитор клиент тапсырған құжаттардың, сондай-ақ жүктiң қасиеттерi туралы ақпараттың, оны тасымалдау жағдайлары мен экспедитордың көлiктiк экспедиция шартында көзделген мiндеттемелерiн орындауы үшiн қажет өзге ақпараттың шынайылығын тексередi.

8. Көлiк экспедициясы шартының талаптарымен экспедитордың клиент атынан үшiншi тұлғалармен шарт жасасуы, сондай-ақ клиент атынан көлiк экспедициясы шартын орындауға байланысты басқа да мiндеттердi орындауы көзделген жағдайда клиент экспедиторға сенiмхат бередi.

Көлiк экспедициясының шартын орындау бойынша немесе оны орындағанға дейiн көлiк экспедициясы шартын тоқтату кезiнде экспедитор қолдану мерзiмi өтпеген сенiмхатты клиентке қайтарады.

9. Экспедитор клиент атынан оның берген сенiмхаты негiзiнде экспедитор жасаған шарттардың түпнұсқаларын клиентке ұсынады.

10. Егер көлiк экспедициясы шартынан экспедитор өз мiндеттерiн жеке орындауға тиiстiлiгi туындамаса, экспедитор өз мiндеттерiн орындауға басқа тұлғаларды тарта алады.

11. Көлiктiк экспедиция шартында жүктердiң жүйелi тасымалдарымен байланысты экспедиторлық қызмет көрсету көзделуi мүмкiн.

12. Халықаралық қатынаста тасымалдарды ұйымдастыру барысында көлiктiк экспедиция шартына қосымша ретiнде экспедиторлық құжаттар қолданылуы мүмкiн.


3. Экспедитор мен тасымалдаушының өзара қарым-қатынасы

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен 13-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)

13. Экспедиторлық қызметті жүзеге асыру үшін экспедитор тасымалдаушымен тасымалдарды ұйымдастыру туралы шарт жасалады.

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен 14-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)

14. Экспедитор тасымалдаушымен қарым-қатынаста:

1) тасымалдаушыға тиесілі барлық тасымалдау төлемдері мен алымдарының уақытында және толық төленуін ақшамен қамтамасыз етеді;

2) тасымалдау құжаттарына төлеушi туралы деректердi енгiзудi қамтамасыз етедi;

3) жүкке және тасымалдау құжаттарына қойылатын тасымалдаушының талаптарының орындалуын қамтамасыз етедi;

4) жүкке және iлеспе құжаттарға кедендiк органдар, фитосанитарлық, карантиндiк, шекаралық және өзге де бақылау тарапынан қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз етедi;

5) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тасымалдау туралы шартта өзгесi көзделмесе, тасымалдарды ұйымдастыру туралы шартты орындамау немесе тиiстi орындамауы салдарынан тасымалдаушыға келтiрiлген шығындарды өтейдi.

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен 15-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)

15. Тасымалдаушы экспедитормен қарым-қатынаста:

1) егер шартта өзгесi көзделмесе, тасымалдау төлемi мен алымын алғанға дейiн жүктi тасымалдауға қабылдамайды;

2) мемлекеттік органдардың (кеден, шекара, фитосанитарлық және басқаларының) бақылауымен жүктi кедергiсiз тасымалдау үшiн қажеттi құжаттарды ресiмдегенге дейiн тасымалдауға жүк қабылдамайды;

3) экспедитор баратын станциясында, ал транзиттiк тасымал кезiнде жүру жолында тасымалдау төлемдерi мен алымдарын төлемеген жағдайда жүктi ұстап қалады;

4) жүктi тасымалдау кезiнде кедергiлер туындаған жағдайда экспедиторды хабардар етедi;

5) экспедиторды Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің (халықаралық шарттарға сәйкес) темір жол көлігімен жүк тасымалдарын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерінің өзгеруі туралы, соның ішінде тасымалдардың тарифтері мен шарттарының өзгеруі туралы, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан темір жол станциясының ашылуы, жабылуы және қайта аталуы туралы хабардар етеді;

6) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта өзгесi көзделмесе, тасымалдарды ұйымдастыру туралы шартты орындамау немесе тиесiлi орындамау салдарынан экспедиторға келтiрiлген шығындарды өтейдi.

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен 16-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)

16. Тасымалдарды ұйымдастыру туралы шарт жасасу үшін экспедитор тасымалдаушыға мыналарды ұсынады:

1) тасымалдаушының атына өтінішті;

2) жеке тұлғалар үшін - жеке куәліктің, жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелерді;

3) заңды тұлғалар үшін - жарғының, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмелерді.

ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің 2011.20.06. № 379 бұйрығымен 17-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара)

17. Осы Ереженің 16-тармағында белгіленген барлық құжаттар бар болған кезде, тасымалдаушы күнтізбелік жиырма күн ішінде, тасымалдарды ұйымдастыру туралы шартқа қол қояды..