girniy.ru 1


Қысқаша әдіснамалық түсініктемелер


«Жеке кәсiпкерлiк туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы N 124-111 Заңына сәйкес заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны 50 адамнан аспайтын дара кәсiпкерлер және кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны 50 адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерiнiң орташа жылдық құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 60000 еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

«Жеке кәсiпкерлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жекелеген қызмет түрлерін жүргізетін (акцизделетiн өнiмдi өндiрудi және (немесе) көтерме сатуы, ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметтi, радиоактивтi материалдардың айналымымен байланысты қызметтi, аудиторлық қызметтi) дара кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып таныла алмайды.

Жеке тұлға – Қазақстан Республикасының азаматы, басқа мемлекеттің азаматы, сондай-ақ азаматтығы жоқ адам.

Заңды тұлға – меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында оқшау мүлкі бар және осы мүлікке өзінің міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді сатып ала алатын және жүзеге асыра алатын, сотта талап қоюшы және жауап беруші бола алатын ұйым. Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуы тиіс.

Шағын кәсіпкерлік кәсіпорны – заңды тұлға түріндегі шағын кәсіпкерлік субъектісі.

Шағын кәсіпкерліктің жұмыс істейтін кәсіпорны – экономикалық қызметті жүзеге асыратын немесе әлуетті жүзеге асыра алатын шағын кәсіпкерлік кәсіпорны.

Шағын кәсіпкерліктің белсенді кәсіпорны – экономикалық қызметті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік кәсіпорны.

Шағын кәсіпкерлік кәсіпорнының мөлшері – кәсіпорында жылына орта есеппен жұмыспен қамтылғандар санымен байланысты ұғым. Кәсіпорын мөлшерлілігінің ведомстволық сыныптауышына (КМС) сәйкес сыныпталады.


Жеке кәсіпкерлер – жеке тұлғалардың табыс алуға бағытталған, олардың өз меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан, олардың тәуекелімен және олардың мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі.

Жеке кәсіпкерлердің мемлекеттік тіркелуін салық органдары жүзеге асырады.

Шаруа (фермер) қожалығы деп жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға, сондай-ақ осы өнімді өңдеуге және өткізуге тікелей байланысты адамдардың отбасылық-еңбек бірлестігі танылады.

Экономикалық қызмет түрі – онда жабдық, жұмыс күші, өндірістік процестер, ақпарат желілері және өнім бірігетін қызмет, бұл біртекті өнім (тауар, қызмет) жасауға алып келеді. Экономикалық қызмет түрі шығынмен, өндіріс процесімен және өндірілген өніммен сипатталады. Шағын кәсіпкерліктің әрбір тіркелген субъектісіне экономикалық қызметтің қосылған құнның ең жоғары өсімін қамтамасыз ететін, яғни негізгі болып табылатын түрі беріледі. Қызмет түрі ЭҚЖС мемлекеттік сыныптауышына сәйкес анықталады.

Шығарған өнімдер барлық шығарылған өнім мен көрсетілген қызметтердің өндірушінің бағасымен көрсетілетін құны.

Қызметкерлердің тізімдік саны – азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыстарды орындайтын адамдардан басқа жеке еңбек шарты бойынша, оның жасалу мерзіміне қарамастан жұмысқа қабылданған адамдар саны.

Жұмысты азаматтық-құқықтық шарт бойынша орындайтын адамдарға (яғни ұйымның тізімдік құрамында болмайтындар) ұйымның ішкі тәртібіне бағынбай жүзеге асырылатын, белгілі бір жұмысты (біржолғы, арнаулы шаруашылық, жұмыстың нақты бір көлемін орындау үшін) орындау мерзіміне ғана шарт немесе келісім-шарт бойынша қабылданған адамдар жатады.

Қызметті қоса атқарушылық – қызметкердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында басқа тұрақты төленетін жұмысты орындауы.