girniy.ru 1

Біздің таңдауымыз - сапа


28-наурыз күні қазақ облыстық драма театрында 2012-жылы өңіріміздегі үздіктер қатарынан танылған кәсіпорындар анықталды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне «Халық таңдауы» дипломы табысталып, халық сұранысына сай қызмет пен тауар түрлерін шығарушылар марапатталды.


«Премиум-класс» маркетингтік компаниясы бес жылдан бері Орал, Ақтөбе, Ақтау және Атырау қалаларында жұмыс жасап келеді.

- Біздің басты мақсатымыз – үздіктерді іріктеу,- дейді компания басшысы Нұрлан Жәрдемғалиев, - бұл жұмыстар ең басты тұтынушы – халықтың қатысуымен жүргізіледі. «Нанды қай дүкеннен сатып аласыз?», «Қай дәріханаға жиі барасыз?», «Қай банктен депозит аштыңыз?» - осы және өзге де сұрақтар халықтың жергілікті қызмет көрсету саласына пікірі мен көзқарасын білу үшін қойылады. Сауалнама жүргізілетін жергілікті азаматтар – түрлі буын өкілдері, әлбетте, олардың мамандықтары да, өмірге деген көзқарастары мен қажеттіліктері де түрліше. Сондықтан, әлеуметтік сұраныс пен қажеттілікті айқындаудың ең оңтайлы жолы осы. Бұл сыннан сүрінбей өткен компаниялар қазір де халық ықыласына бөленіп отыр.

Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Мұрат Мұқаев осындай шаралардың тиімділігін баса айтты:

- Қазір қалада шағын және орта бизнес өркендеп келеді. 2012-жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 84 жоба мақұлданды. Қала мен облыстағы кәсіпорындар 7,3млрд тг көлемінде көмек ретінде несие алды. Ал бұл 2011-жылғы көрсеткіштен екі есеге артық. Біздің есебімізше, қалада 36 мың адам (немесе жергілікті халықтың еңбекке бейім 31%) шағын бизнес саласында еңбек етіп жүр. Бұл Қазақстан бойынша ең жақсы көрсеткіш болып саналады. Мемлекет кәсіпкерлерді мүмкіндігінше қолдап, көмек көрсетіп келеді. Жергілікті тауарөндірушілерге демеу көрсетіп, «Сапалы қызмет», «Сапалы өнім» секілді шараларды ұйымдастырады. Сонымен қатар, ресми шаралардан бөлек, түрлі байқау, көрме, жәрмеңкелер де бәсекелестікті қалыптастырып, тауар мен қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді.


«Халық таңдауы» - дипломымен марапатталған мекемелердің ішінде оралдықтар үшін жақсы таныс «Halyk Bank» АҚ, «Информбиржа news» газеті, «Вавилон» радио-таксиі, «Желаевский нан», «ТІЛЕК» автомектебі, «Имановские полуфабрикаты» ЖШС, «БАТЫС АРНА» ЖШС, «Халық-Казахинстрах» АҚ БҚОФ қашан да биіктен көрініп келеді. Ал халықаралық ғылым-ағарту орталығы «APTECH» компьютерлік технологиялар мен шет тілдерге оқыту ісі жөнінен алда көрінсе, «Этуаль» сұлулық салоны, «ЛИСТИНГ» жылжымайтын мүлік орталығы, үнемдеудің үлгілі мысалына айналған «NORMEL» қондырғысын Қазақстан нарығында ұсынушы «АВЭК» АҚБ ресми дилері - «БатысСнабКомплект» пен «Мир Света» ЖШС - «Таиском» ЖШС айта кетуге болады.

Кәсіпорын өкілдері өздерінің тауарларын жаңа бір қырынан жарқырата көрсетті. Салтанат салонының басшысы Юлия Храмова слайдта той көйлектерінің эксклюзивті үлгілерін ұсынды. Ең үздік той салоны «Империя» тігіншілерінің қолынан шыққан бұйымдар көпшілік көңілін жаулап алды. «Веселый щелкунчик» шемішкілері де жарнамаға мұқтаж емес. «Премиум-класс» қызметкерлері жүргізген сауалнамада өз таңдауын осы шемішкіге арнаған қалалықтар бос уақытын бос өткізбейтінін жеткізді. «КиТ» ЖК директоры Жаслан Бисенғалиев қалалықтарды тосын жаңалығымен қуантты, кәсіпорын ақ шемішкі өндірісін жолға қоймақ. Ал «Домашний сервис» осымен бесінші жыл қатарынан үздіктер қатарында.

«Талап» АҚ «үздік дәріханалар желісі» және «үздік стоматологиялық емхана» бойынша «Халық таңдауы» байқауының екі бірдей аталымын жеңіп алды.

- Бас ауырып, балтыр сыздағанда отбасымызбен «Талап» дәріханасын таңдаймыз, өйткені, дәрігер тағайындаған дәрінің небір түрі осы жерден табылады, мұндағы мамандар кішіпейіл, қашан барсаң да жылы шыраймен қызмет көрсетеді. Әрі дисконтты карта саясаты қалтаға қолайлы...

Осылай өрбіген тілектер «Талап» АҚ Дәріхана қызметінің басшыларының ел үшін атқарып жатқан еңбегінің қайтарымы десек болғандай..