girniy.ru 1

Аудармашылар семинары

Өткен аптада Павлодар облысындағы «Достық» үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің бағдарламасы бойынша «Ілеспе аударма жұмысын ұйымдастыру мәселелері» атты республикалық ғылыми – практикалық семинар өтті. Павлодарда бас қосқан семинарға ҚР Парламентінің ілеспе аудармашылары, ғалымдар, және тілдерді дамыту басқармалары мен облыстың әр аудандарының мамандары қатысты. Семинарға Шарбақты ауданының аудармашылары да қатысты.

Семинарды Қазақстан республикасының мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерден кіріспе сөзбен ашты. Комитет төрағасы кіріспе сөзінде Мемлекет Басшысының жарлығымен және осы жарлықты жүзеге асыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, осы уақытқа дейін 23 орталық және 16 жергілікті атқарушы органдар іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірген. Республика бойынша мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жалпы саны 93-ке жетсе, олардың 64-і жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бұл мемлекеттік тілге қатысты шараларды қаржыландыруға назар аудара бастағанын көрсетеді.

Тілге қатысты шаралар мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Алдағы жоспарлар туралы айтсақ, 2011 жылы 120 – ға жуық орталықтардың жұмысын ұйымдастыру жоспарлауда. Конференцияда мемлекеттік тілдің үстемдік құрып келе жатқаны анық байқалса да, іс жүзінде әлі шешімін табар мәселелердің де жеткілікті екендігін ашық айтылды. Бұл орайда мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілде іс жүргізуге байланысты әлі де болса, немқұрайдылық пен көз алдаушылықтың бар екендігін атап айтты. Іс жүргізудегі негізгі міндеттің барлығын мекемелердегі мемлекеттік тілді дамыту немесе аударма бөліміне, болмаса штаттағы 1-2 аудармашыға жүктеп қойып, іс жүргізудің бәрін мемлекеттік тілде 100 пайызға орындап жатырмыз деп мәліметтер мен ақпараттар беретіндердің әлі де бар екендігі шындыққа сәйкес келеді. Мұны ешкім жоққа шығара алмас. Мемлекеттік тілге көштік, іс-шаралар мен жиындар мемлекеттік тілде өтеді деп жатқанымызбен, соның бәрі басқа ұлттарға түсінікті болу үшін орыс тіліне және орыс тілінен қазақ тіліне жазбаша немесе ілеспе аудару мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.


Аударма – халықтың рухани қызметінің, мәдени өмірінің бір саласы, халықтар арасындағы үзілмейтін үрдістің бірі. Еуропа зиялы қауымының бүгінгі дәуірді «аударма ғасыры» деп атауының да өзіндік мәні бар. Себебі ой-санасы жоғары қауым бұл арнаны жер бетіндегі күллі ұлттар мен ұлыстардың келісім мен татулығын, бейбіт қарым-қатынастарын қалыптастыруға сүйену бола алатын басты тіректердің бірі болып саналады. Міне, бұл пікірлердің барлығын Тіл комитетінің төрағасы кеңінен атап өтті.

Комитет төрағасынан соң облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымов өңірдің тілдік ахуалы жөнінде баяндады. Басқарма бастығы да аударманың маңыздылығына тоқтала келе кемшіліктерді атады. Яғни, жазбаша аударма жақсы дамыған болса да, ілеспе аударма мәселесі өзге елдермен салыстырғанда кенже қалып отырған жайы бар.

Ұлт та ұлттың рухы да ең әуелі тіл арқылы танылады. Көп ұлтты аймақта ілеспе аударма мәселесі әліде болса толық қолданысқа енген жоқ. Сондықтан білікті аудармашылар қажет. Басқарма төрағасының сөзіне назар аударсақ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтымен бірлесе отырып, оқу орнының жанындағы «Тіл білімі» ғылыми зерттеу орталығында 12 маман ілеспе аудармашылар курсында оқып білімін жетілдірген. Сондай-ақ оларға соңғы үлгідегі компьютерлер мен курсқа қажетті бағдарламалар және техникалық құралдармен жабдықталған лингафон кабинеті бөлінген. Осындай шаралар алдыңғы жылдарда да түрлі бағыттарда жалғасын табады.

Конференцияға қатысқан Қазақстан Республикасының парламенті Сенаты редакциялық – баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Камал Әлпейісова ілеспе аударманың қазіргі жағдайына тоқталып, бұл жұмысты теориялық және практикалық тұрғыдағы дамыту басты мақсат деп атап өтті. Ол ілеспе аудармашылардың даярлау ісін қолға алу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі деді. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар Қамал Әлпейісова ілеспе аударманың қиындықтары мен аударма ісіне байланысты өзінің тәжірибесін ортаға салып, семинарға қатысушылардың сұрақтарына мұқият жауап беріп отырды. Өзінің шақырылуы бойынша ілеспе аудармасына курстар өткізетінін айта кетті.


Семинарға қатысқан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының доктары, профессор Жантас Жақып аударма ұлттық реалия мәселесі жайлы айтса, Бекмұрат Құрманов Атырау облысы дамыту жөніндегі басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры ілеспе аударма жұмысын ұйымдастыру мәселелері жайлы баяндады. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, аударма теориясы және практикасы кафедрасының аға оқытушысы Гүлзира Кенжетаева аудару тәсілдері, көркем аударма мәтіннің тілдік деңгейін зерттеуде мәдениет аралық факторы алғашқы орындардың біріне қойылу керектігі жайлы түсініктемелерді бере мәлімдеді. Павлодар облыстық «Ана тілі» оқу - әдістемелік орталығының директоры Жолдыбай Жәминов ілеспе аударма жасайтын мамандар даярлау мәселесі түрлі семинар-тренингтер, курс, практикумдар өткізу бойынша тәжірибе мол екендігін мәлімдеді. Яғни, 2007 жылдан бастап «Ана тілі» орталығы мемлекеттік тілді тегін оқыту үрдісін жүргізіліп келеді.

Семинар барысында қазақ тілінің грамматикалық негіздерімен таныстырып, ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және сауатты жаза білу туралы айтылды. Сонымен қатар заманауй ілеспе жүргізу қордырғылары мен оларды қолдану жолдары көрсетілді.

Қадыс Жазира.


Конкурс

Түркі жазуларына арналды

Аудандық орталық кітапханада мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам» түркі жазуы күніне арналған әдеби - композициялық кеш өтті.

Кеш Сәбит Мұхановтың «Әркімнің туған тілі – туған шеше, оған бала міндетті мың сан есе»,- деген сөзімен бастады. Түркі халықтарының тарихи мұралары, мәдениет және тіл тұрғысынан алғанда аса құнды қазына екенін бағалай білу керек. Түркі халықтарының тасқа қашалып жазылған ескерткіштері ғасырлар тереңінен сыр шертетін жәдігер болып саналады. Сондықтан конкурстың мақсаты түркі жазуларымен қатар мақал-мәтелдермен жұмбақтарға арналды.

Сайысқа ауданның әр мекемелерінен аудармашылар қатысып, біліктіліктері мен тілге деген шеберліктерін көрсетті. Сайыс соңынан қазылар алқасы өз шешімін жариялады. Нәтижесіне тоқталсақ, бірінші орынды жер қатынастар бөлімінің жетекші маманы Ләззат Женсікбаева, екінші орынды көлік және автомобиль жолдары бөлімінің аудармашысы Нұрбану Оспанова, үшінші орынды Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Әйгерім Абылқайырова иеленді.

Ұстаздар бас қосты

Облыс әкімі білім беру саласы қызметкерлерінің «Білім сапасы Қазақстанның орнықты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің шарты ретінде» деген ұранмен өткен тамыз конференциясына қатысты.

Кеңестің басты тақырыбы - білім берудің бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселесін талқылауға мектеп мұғалімдері, мектеп алды ұйым тәрбиешілері мен әдіскерлері, кәсіптік лицейлер мен колледждердің оқытушылары, ата-аналар және қамқоршылық кеңес басшылары, сондай-ақ әлеуметтік серіктестер қатысты. Үздік оқу орындарының базасында өткізілген кіші педагогикалық конференцияларға мектептер мен мектеп алды ұйымдардың, балалар үйлері мен интернаттардың, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің 700 директоры қатысты, деп хабарлады білім беру басқармасының бастығы Гүлайым Буханова. Секциялық отырыстарда ұстаздар жаңа оқу жылында пәндерді оқытудың ерекшеліктерін талқылады.

Конференция соңында облыстың үздік ұстаздарын облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің наградаларымен марапаттау салтанатты рәсімі өтті.


Акцияны қолдады

«Мектепке жол» атты республикалық акция Абай атындағы орта мектебінде жалғасын тапты.

Қазіргі кезде тұрмыстық деңгейі әр түрлі отбасылар көп. Олардың ішінде қаржының тапшылығынан және тағы басқа әлеуметтік жағдайларға қатысты сабаққа балалардың бара алмай қалатын кездері де болады. Сондықтан Абай орта мектебінің мұғалімдері акцияны өткізуде осы жағына назар аударды. Әрі бұл іске жомарт адамдарды көбірек тартты. Атап айтқанда , Сейтахметов Қанат, Қарашашов Темірболат, Макишева Шолпан, Айтқұлова Қалимаш, Жұмабеков Медіғат, Әмірова Қабира, Әміренова Қалима және ата-аналар Сейтахметова Зоя , Исекеева Зоя, Омаров Қанат, Жәкішева Гүлнар ізгі шараға қол ұшын созды.



«Назар аударыңыздар - балалар!»

Павлодар облысында «Назар аударыңыздар - балалар!» операциясы басталады.

Бұл шара балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған. Мектептерде жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбына арналған дәрістер және «Үздік мұғалім», «Жол қозғалысы қауіпсіздігін білетін үздік сынып», «Үздік мектеп» конкурстары өтеді. Жол инспекторлары оқушылар мен ересектердің, көлік жүргізушілерінің арасында балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөніндегі ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Ағымдағы жылдың 7 айында облыс жолдарында 183 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оларда 34 адам қаза тапқан, 238 адам жарақат алған. Ересектердің кінәсінен 26 жол-көлік оқиғасы орын алып, осының салдарынан 2 бала мерт болды, 28 бала жараланды.

Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі жүргізушілердің бейқамдығы мен бейберекеттігінің салдарынан болып отыр. Барлық оқиғалардың 92,8 пайызы олардың кінәсінен жасалған.

Соңғы жылдардың талдауы жол-көлік оқиғаларының шілде-тамыз айларында артатынын көрсетіп отыр. Бұл демалысқа шығумен және демалыс орындарына автокөлікпен барумен байланысты. Жалпы алғанда акцияға жүргізушілермен қатар ата-аналар және оқушылардың да назар аударғаны жөн.


Баға нарыққа сәйкес

Азық-түлiк келiсiмшарт корпорациясы биыл диқандардан, 3 млн. тонна астық сатып алмақ. Бидай құны халықаралық нарықтағы жағдайды ескере отырып белгіленді. Корпорация астықтың әр тоннасын 24 мың 750 теңгеден сатып алады.

Әлемдік астық бағасы, бидай экспортының 70 пайыз үлесін құрайтын Канада, Австралия, АҚШ, Аргентина, Ресей секілді елдердің өніміне сай анықталады. Қазір қара теңіз айлағында бидайдың орташа бағасы 170 АҚШ долларын құрайды. Баға соңғы айда 14 долларға арзандады. Былтыр астық бағасы 275 долларды құраған еді. Биыл сыртқы нарықтағы Қазақстанның басты бәсекелестері Украина мен Ресейде астық шамалы болады деген болжам бар. Ал, елімізде жағдай керісінше, диқандар 17 млн тонна өнім алуды күтіп отыр. Сондықтан экспорт көлемі де артып, 7 млн тоннаға жетпек. Азық-түлiк келiсiм шарт корпорациясы белгілеген баға ішкі нарықтағы ұннан пісірілетін өнімдер құнын тұрақты ұстауға, елдің азық- түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер етпек. Бұл жөнінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК сатып алу басқармасының бастығы Сейіт Жұмабеков: -Бағаны 24750 теңгеде ұстаймыз. Бұл шаруашылықтардың рентабельностін көтереді. Бұл баға басқа астық компаниялары ұсынған бағадан жоғары. Және осы 3 млн тонна шаруа қожалықтарының келер жылы өз жерлерін ұлғайтуға жақсы әсер етеді,- деп атады.



Жаңа нұсқа таныстырылды

Астанада «электрондық Үкімет» порталының жаңа нұсқасы таныстырылды.

Жыл соңына дейін портал бетінде Қаржы, Ауыл шаруашылығы мен Әділет министрліктерінің және салық комитетінің электрондық қызметтерін жайғастыру көзделіп отыр. Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағамбетовтің айтуынша, «Электрондық Үкімет» бағдарламасының бірінші кезеңінде мемлекеттік органдар тек ақпараттық қызметтер ұсынып келді. Ал бағдарламаның екінші кезеңінде ел Үкіметі «1 терезе» қағидаты бойынша электрондық қызметтер ұсынуды қолға алды. Бүгін агенттікте алғашқы боп Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, құқықтық статистика жөніндегі комитет пен бас прокуратураның жаңа қызметтері таныстырылды. Ақпараттандыру және байланыс агенттігі азаматтарға қажетті электрондық қызметтерін ұсынатын мемлекеттік органдар қатарын көбейтуді жоспарлап отыр. Ерлан Дүрмағамбетовтың айтуынша, портал тек қана интернет арқылы ақпарат алу емес, бұл мемлекеттік органдарға бармай, шенеунікпен араласпай, интернет арқылы мемлекеттік органға электронды түрде, он-лайн түрінде анықтама жіберу, әртүрлі өтініштер толтыру, ақпарат, салық төлемдерін төлеу бағытында жұмыс істейтін болады. Жаңа нұсқа интернетті қолданушыларға тиімді болады деп күтілуде.

Қазақстан ұлттық телеарнасы


Ата Заң–

Қазақстан дамуының іргетасы

Әрбір мемлекетте жазылған да, жазылмағанда конститутциялар бар. Біздің еліміздегі елеулі өзгерістердің бірі 1995 жылдың 30 тамызы күні бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған тоғыз бөлім, тоқсан сегіз баптан тұратын бүгінгі қолданыстағы Конститутцияның дүниеге келуі. Әдетте, конститутцияда мынадай үш түрлі мәселе бекітіледі: мемлекеттік және қоғамдық құрылыс, адамның не азаматтың құқықтық мәртебесі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметтік жүйесі. Осы Ата Заңымыз қабылданған он екі жыл ішінде құқықтық мемлекеттің негізі қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Олай болса, Ата Заңының маңызының да, мәнінің де еліміздің әрбір азаматы үшін өте зор екендігі айтпаса да түсінікті шығар.


Тәуелсіз Қазақстанның Конститутциясы өркениетті елдер заңының көшіне ілескен. Зайырлы, құқықтық мемлекетке айналуды көздеген елдің ең басты байлығы-адам, әрі маңызды қағидасы-әр адамның құқы мен бостандығын қорғау. Оның еркін өмір сүруіне, жетілуіне ешқандай шектеу жоқ. Қазақстанда дініне, түріне қарамастан барлық адамдарға тең құқық берілген. Міне, бұл саяси тұрақтылықтың алтын діңгегіне айналды. Ата заң кешегі өтпелі сәттерде, нарық кезеңінде елдің бірлігін сақтап, ұлыстардың ұюына ұйытқы бола алды. Осы аралыққа дейін заман талабына сай екі мәрте жаңарып, толықты.

Енді бірнеше күннен кейін республика жұртшылығы Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 14 жыл толу мерекесін тойлайды. Осы уақытта еліміз үшін құқықтық, зайырлы қоғам құруда көптеген заңдар қабылданды. Реформалар жүргізілді. Мемлекетіміз демократиялық дамудың жаңа сатысына көтерілді. Оған соңғы жылдары болған саяси реформалар дәлел. Сондықтан да аталған мерекенің орны әр Қазақстан азаматы үшін ерекше және әрбір Қазақстан азаматы тәуелсіз мемлекетіміздің беделін асыру үшін Конституцияны құрметтегені жөн. Халықтың еркіндігі көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, қазіргі кезде басты міндет - жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген құрметін арттыру.

Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңіреді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүние жүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді.     Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімділік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатыңда еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды.


Соңғы кезде болған үлкен жаңалықтың бірі, ол – Ата Заңымызға өзгертулер мен түзетулердің енгізілуі. Маңызы ерекше бұл оқиға біздің қоғамымыздың дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде ел тарихына енді. Конституцияға енгізілген осы тарихи маңызды өзгерістер мен толықтырулар еліміздің бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен егемендік кезеңінде жүргізілген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалардың нәтижесіне сүйене отырып, Қазақстанның ішкі дамуын одан әрі жетілдіре түсетін батыл қадам болғаны сөзсіз.

Осыған орай, біз Тәуелсіз Қазақстанның тарихи-құкыктық дамуын зерттеп жүрген ғалым, тарих ғылымының кандидаты, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институты мемлекет теориясы мен тарихын зерттеу бөлімінің бастығы Жамаладен Ибрагимовтың пікірін білген едік:

– Тәуелсіз мемлекеттің ең негізгі тұғыры – қоғамның, сол мемлекеттегі негізгі ұлттың биік рухы, жігері, мемлекетшілдік санасы. Тарихта мемлекеттің қалыптасуының да сан қырлы жолдары, себептері, негіздері бар. Біздің мемлекетіміз Тәуелсіздігінің орнауы да бір ғана бағытта емес, көптеген тарихи белестерден, күрделі, шиеленісті күрестерден кейін болғаны баршамызға мәлім.

Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі қолданылып жүрген Ата заңы бірнеше кезеңдерге сәйкес дамыған саяси үдерістердің заңды қорытындысы болып табылады. 1995 жылғы Конституция Қазақстандағы саяси өзгерістердің жүргізілуіне ерекше серпін берді. Егеменді еліміздің экономикалық жетістіктері, әр қазақстандықтың әл-ауқатының нығаюы Қазақстанның жариялы дамуының мықты іргетасын қалайды. Бүкіл әлемнің алдында өзінің дербестігімен, халықаралық саясаттағы рөлімен көзге түскен Қазақстан өзінің саяси-құқықтық дамуында егеменді ел Конституциясы негізінде жаңа заңнамалық жүйені қалыптастырды.

Кеңес одағы құлап, тоталитарлық жүйе күйрегеннен кейін әлем дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, тез арада сан алуан саяси жүйе негізделіп, әр мемлекет онда өз орнын анықтауы керек болды. Жаңа негізделген мемлекеттің экономикалық және саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік билік құрылымының негізгі бағыттарына қатысты мәселелерін шешу өте маңызды еді. Қысқа мерзімде нарық экономикасына бейімделген жариялы, тәуелсіз мемлекет құру мәселесі күн тәртібіңде тұрды. Тәуелсіз мемлекеттің барлық қоғамдық өмірін қамтыған реформалар құқықтық жүйеге өз ықпалын тигізді. Заңгер ғалымдар, мемлекеттанушылар алдында конституционализм және мемлекеттіліктің жаңа негіздерін түбегейлі өзгерістер жасау арқылы қалыптастыру міндеті қойылды. 1993 жылы 28-қантарда Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданып, бұл саяси құжат өтпелі кезеңде үлкен міндеттерді атқарды. Алғашқы Конституция республика егемендігінің қалыптасуын ресми түрде аяқтап, әлемдік қауымдастықта Қазақстанның жаңа тәуелсіз мемлекет мәртебесін заңдастырды.


Алайда, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы ішкі ресурстарының жоқтығынан, ең басты саяси миссияны, яғни халықаралық және жаһандық өзгерістер қарсаңыңда тұрған сан-қырлы қоғамды біріктіре алмауы мүмкін еді.

Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық дамуын жеделдету үшін, қысқа мерзімде қазақ қоғамының стратегиялық даму мақсаттарына бағытталған Конституцияны негіздеу үшін сараптамалық-консультативтік кеңес құрылды. Нәтижесінде 1995 жылы 30-тамызда бүкіләлемдік конституциялық құқық шығармашылығының ең озық үлгілеріне сүйенген, адам құқықтары мен еркіндіктерін қорғауда, сыйлауда және тануда әлемдік қауымдастық кепілдіктеріне негізделген жаңа тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы қабылдаңды.

1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында алатын орны өте зор. Өйткені, ол еліміздің Тәуелсіздігін бекітті, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет құрылысының негізін қалады. Тәуелсіз еліміздің Ата заңының қабылдануымен мемлекетке барлық салалардың құқықтық реттелуінің динамикалық үдерісі басталды.

2007 жылы қабылданған Конституциялық өзгерістер бойынша азаматтық қоғамда демократияландыру мен дамытудың маңыздылығын күшейту мақсатында Парламенттің рөлін арттыру, Президент міндеттерінің бірқатарын Парламентке беріп, оның өкілеттігін кеңейту, билік органдарының өкілеттігі мен жауапкершілігін бөлу, оларды теңестіру, шынайы демократияны дамыту жолында саяси партиялардың рөлін күшейту, халықтың саяси белсенділігін арттыру үшін Парламентке партиялық тізіммен сайланатын депутаттар санын арттыру және тағы басқа мәселелер алға қойылды.

Біздің ойымызша, бұл Ата заңға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстандағы демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы деп қабылдау керек.

Жалпы алғанда, Елбасы ұсынып отырған саяси жаңғыру шаралары, салмақты да сындарлы саясатпен, байыппен жүргізілген демократиялық өзгерістер Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын жүзеге асыру жолындағы қарышты қадам деп білеміз. Осындай Конституциялық реформалар елімізді демократияландыруға оң әсерін тигізетініне күмәніміз жоқ. Сондықтан да Ата Заңымызға енгізілген өзгерістерді қазақстандық даму моделін халықаралық стандарттарға жеткізу жолындағы нық қадам деп айтуға болады.



ЗЕКЕТ

Исламның бес парызының бірі - зекет. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) зекетті Исламның шаңырағы деп атаған. Мұсылманның бұл парызы һижра жыл санауының екінші жылынан, яғни 624 жылдан кең етек алды. Субхана Алла тағала дәулетті адамдарға кедей-мүсәпірлерге көмектесуді парыз еткен. Құран кәрімнің «әл-Мүіминун» сүресінің 1-4 аяттарында «Бос әңгімеден бойын аулақ ұстайтын, зекет беретін, намазда момын иман келтіргендер бақытты» делінген. Шариғат заңы бойынша зекетті мына адамдарға береді:

1.    Пақыр  адам, яғни бар тапқан - таянғаны, мал-мүлкі, табысы бір жылда өзін-өзі асырауға жетпейтін мұсылман адам.

2.   Мүсәпір адам, яғни ештеңесі жоқ сіңірі шыққан кедей.

3.   Жұмысшылар,  оларға   кеңсе қызметкерлері, хат тасушылар, зекетті жинаушылар       жатады.

4.  Ислам  дінін   қабыл  алуға   ниет білдірген адам.

5.  Еркіндікке жіберілген құл. (Алайда, бұл топтағы адамдар құлдық дәуір кезінде өмір сүрген.)

6.  Қарызданушы, яғни қарызын өтеуге шамасы жетпейтін мұсылман адам. Егер қарыз алған адам бар ақшасын  ішімдікке, не  мұсылманға  тән  емес  істерге  салса, онда ол адамға зекет берілмейді.

7.  Алла жолында күрескен жауынгер.

8.  Туған жеріне қайтуға пұлы жоқ жат елдік мұсылман адам.

Зекет пітір зекеті және байлық зекеті болып екі үлкен топқа бөлінеді. Ал байлық зекеті іштей бес түрге бөлінеді: күміс пен  алтыннан   алынатын   зекет, егін өнімдерінен алынатын зекет, сауда саттық тауарларынан алынатын зекет, малдан алынатын  зекет   және қазба-байлықтан алынатын зекет.  Айт  күні  әрбір  мұсылман  пітір  зекетін беруге міндетті. Мұсылман пітір зекетін өзі үшін, қарт әке-шешесі үшін, әйелі мен кішкентай балалары үшін, үй қызметкерлері мен күтушілері үшін береді.  Пітір зекетін Рамадан айының соңғы күні кешінен келесі күні айт намазы басталғанға дейін берген абзал болады. Пітір зекетін кез-келген мүсәпір, тақыр кедей мұсылманға береді. Байлықтан алынатын зекеттің мөлшерін нысаб дейді. Алтын мен күмістен алынатын нысаб тек қана асыл тастарға қатысты емес, сол сияқты ол бағалы қағаздарға, ақшаға да қатысты. Алтын мен күміс құнының 2,5 пайызы зекет мөлшері -нысаб болып саналады.


Егін өнімдерінен алынатын зекет әр елде әртүрлі.  Мысалы, Мағриб елінде жиырмаға жуық дәнді-дақылдардан зекет алынады. Олар: бидай, арпа, сәлт (қабығы жоқ арпа), тары, темекі, күріш, бұршақ тұқымдастардың жеті түрі - (хуммус) түрік бұршағы, полба (Арабияда өсетін бір қауыздың ішінде екі дәні бар бидайдың түрі),   ірі   бұршақ,   үрме   бұршақ,   қасқыр бұршақ, шабындықта өсетін ұсақ бұршақ, бәсила (жас бұршақ). Сонымен қатар төрт түрлі майлы өсімдік: зәйтун, күнжіт, жабайы запыран, қызыл шәлғам және жемістің екі түрі: құрма мен жүзім.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «егін өнімдерінен зекет алғанда әрбір дәнді, әрбір жемісті өлшеудің қажеті жоқ, олардың салмағы бес уасықка жетсе болды»- деген екен. Уасық - сусымалы заттардың салмақ өлшемі, ол алпыс сағадан тұрады. Бір сағада төрт мүдд бар, ал бір мүдд 18,7 литрге тең.

Сонда бес уасық дегеніміз 4500 литр (кг). Міне, егін өнімдерінің әрбір 4500 кг-нан зекет беру керек. Зекет мөлшері, яғни нысаб екі жағдайға байланысты болады:  Егер егін өнімдері жауын,  бұлақ, өзен суларымен  қоректеніп өссе, онда бұл өнімнің оннан бір бөлігі зекет мөлшері болып  саналады.  Сонда әрбір 4500 кг-ның 450 кг-ын нысабқа береді. Ал егер егін өнімдері шелекпен, не су диірмені арқылы суландырылса, онда оның бөлігі  жиырмадан   бір   бөлігі нысабқа жатады. Сондай-ақ мұсылмандар малынан да зекет берген. Жалпы алғанда, зекет - дүние тазалығы.


Елдегі елеулі жаңалықтар

Ішімдікке шектеу

Алдағы уақытта 21 жасқа толмаған жасөспірімге ішімдік түрлері сатылмайтын болды.

Бұл мәліметті Ішкі істер департаментінде өткен брифингте мәлім болды. Заң осыдан 8 күн бұрын, яғни тамыздың 21-нен бастап күшіне енді. Осы орайда мұндай қадамға барудың басты себептері жастардың ішімдікке деген құмарлығының алдын алу болса, екіншіден қылмыстық оқиғаларды азайтуға негізделген. Мәліметтерге назар аударсақ, орын алып жатқан қылмыстарға арақтың да әсері көп. Мұны қылмыстың мән-жайын зерттеген болжамдар анық көрсетеді.


21 жасқа толмаған жас өспірімдерге ішімдік сатуды шектеу Әкімшілік кодекс арқылы жүзеге асырылады. Арнайы бап енгізілді. Заңға сәйкес алдағы кезде алкоголь ішімдіктерін түнгі 11-ден таңғы 8-ге дейін тек супермаркеттерде, ал демалыс және мейрам күндері ірі сауда орындары мен мейрамхана, дәмханаларда ғана сатуға рұқсат етіледі. Ал, дүңгіршектер мен дүкендерде ішімдіктерді сатуға мүлдем тыйым салынды.


Дін ілімдері оқытылады

Бұған дейін хабарланғандай, міндетті факультативті сабақ ретінде орта білім бағдарламасына жаңа пән – дін ілімі қосылды. Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен дінтану сабағы мектептерде жаңа оқу жылынан бастап өткізіледі.

Білім министрлігінің ресми өкілі мұны «Мақсатымыз - өскелең ұрпаққа түрлі діндер мен конфессиялардың тарихын насихаттап, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыру» деп түсіндірген. Атап өтерлігі жаңа пән жоғарғы сыныптарда, яғни 10 мен 11-ші сыныптарда өтетін болады. Сабақты тарих, мәдениеттану пәндерінің мұғалімдері жүргізеді деп күтілуде. Ұстаздардың өздері біліктілікті жетілдіру курстарында қайта даярлаудан өткен. Мектеп бағдарламасына жетілдіру жұмысының қолға алынғанына бар-жоғы жарты жылдан астам уақыт өткен. Дегенмен, дінтану пәніне қажет әзірге оқулықтар мен әдістемелік кітаптар дайын емес. Алдағы кезде олқылықтардың орны толады. Ең бастысы жастардың рухани дүние танымына аз да болса сәуле түсіретін шара қолға алынатын болды.