https://electroinfo.net

girniy.ru 1

Аудан әкімі Т.Мүсәпірбековтың «Туған жерге тағзым»

акциясында сөйлеген сөзі.

03.06.2011


Құрметті жерлестер, қонақтар!

Қадірменді ата жұртын аңсап келген іскер азаматтар!


Көгінде көк байрағы желбіреген қазақ елі өз тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсанында тұр. Бүгінде әр аймақ, аудан, ауыл, әр ұжым, ел азаматтары, барша халық осынау мерейлі мерекені лайықты қарсы алу жолында жұмыла еңбек етуде. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңындағы бағалы бастамалар, жарқын істер, қайырымдылық акциялары кеңінен қанат жайып, ел тынысына тың серпін беруде.

Міне, осындай бүкілхалықтық өрлеу кезінде, жаздың алғашқы күндерінде сіздермен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бас қосып отырмыз.

Халқымызда:

Туған жер еш нәрсе жоқ, сенен ыстық,

Себебі, сенде туып,сенен ұштық, - деген қанатты сөз бар.

Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен - алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды.

Ал сіздердің туған жерлеріңіз – ұлылар мекені. Ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, ғұлама Мұхтар дүниеге келген қасиетті, киелі Шынғыстау өңірі.

Бұл – баршамызға ерекше мақтаныш, мерей.

Туған жердің туын биіктетіп, ел құрметіне бөленген, жүрегі жомарт, жаны жайсаң жерлестер! Туған жерге қош келдіңіздер!

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: «Елім дейтін ұл болмаса, ұлым дейтін ел қайдан болсын» - деп, ұрпаққа ұлағат қалдырған еді. Осынау аталы сөзде айтылғандай «Туған жерге тағзым» акциясына шақыру алысымен бірден хабарласып, туған жерді көркейтуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге дереу қол ұштарын беріп, көмектесуге ат салысып жатқан азаматтар аз емес. Бұл көңілге қуаныш ұялатады. Қашанда өнегелі бастамалары, игілікті істерімен халық құрметіне бөленіп жүрген азаматтарға ел атынан алғысымыз шексіз.


Осы орайда, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, Шәкәрім атындағы Семей университетінің ректоры, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Ерлан Сыдықовтың Қарауыл ауылында қонақ үй салуға демеушілік жасап отырғандығын үлкен ризашылықпен айтамыз.

Ұзақ жылдар шаруашылық басқарып, іскерліктері, ұйымдастыру қабілеттерімен республикаға танылған, ауданымыздың құрметті азаматтары, қадірлі ағаларымыз Сайлау Кошкин мен Амантай Мұқатаевтар мерейтой қарсаңында ақын Көкбай Жанатайұлының медресесі мен кесенесін толықтай күрделі жөндеуден өткізуді қолға алуда.

Курчатов қаласындағы «Дегелең тас» кәсіпорнының директоры Владимир Ковалёв Қарауыл ауылындағы орталық аланды, сахнаны толықтай қайта жөндеп, жабдықтап ретке келтірмек.

Таяуда мектеп бітірушілердің соңғы қонырау салтанатында Саржал ауылындағы Ш.Тоғжігітов атындағы орта мектепті 1991 жылы бітірген түлектер алтын ұя мектебіне «Газель» автокөлігін сыйлады. Осындай игілікті істер жалғаса берері сөзсіз.

Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының тікелей бастамасымен ұйымдастырылып, халықтан қолдау тапқан «Туған жерге тағзым» акциясына белсене қатысып, халық қамын ойлайтын, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүдделі азаматтардың қатары арта түсетіндігіне сенімдіміз.

Енді ауданда соңғы жылдары атқарылған жұмыстармен және елдің бүгінгі тыныс-тіршілігіне назар аударайық.

Аудан экономикасының негізгі саласы мал шаруашылығында мал басы барлық түліктен өсіп, мал тұқымын асылдандыру жұмысы жылдан жылға жақсарып келеді. Бүгінде асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны 30-ға жетті.

Қасқабұлақ, Көкбай, Құндызды ауылдарының мәдениет үйлері қайтадан күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

Архат ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория, аудан бойынша 12 тұрғын үй салынды.

Аудан орталығында З.Белібаев атындағы Женіс аланы толықтай қайта жасалды. Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатылып, гүлзарлар жасалды. Балалардың ойын алаңы пайдалануға берілді.


Биыл Медеу ауылындағы клуб үйі қайта жөнделуде. Қарауылдағы «Арман» кинотеатры қайта күрделі жөндеуден өтіп «Жастар үйі» болады. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталмақ.

Саржал ауылында су құбыры тартылуда. Жоба құны 208 млн. 872 мың теңге.

Қарауыл ауылында қатты тұрмыстық қалдық полигоны салынуда. Жоба құны 55 млн. 200 мың теңге.

Қарауыл гимназиясының жанынан құны 63 млн. 100 мың теңге тұратын спорт залы салынуда.

Аудандағы орталық емхана мен Көкбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығында құны 5 млн. 714 мың теңге тұратын спорт алаңы салынуда.

Аудан орталығы Қарауыл ауылының бас жоспары әзірленуде, оған 16 млн. 731 мың теңге қаралған.

Сондай–ақ, Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы аясында өтетін «20 жарқын іс» жобаларына сәйкес біршама жұмыстар істелуде.

Қарауыл ауылында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған алаң, ескерткіш салынуда.

Жаңадан «Ана мен бала» гүлзары жасайды. М.Әуезов, үш ақын ескерткіштері қайта жөнделді. Аудан орталығына қаладан кіре берісте ағаштар отырғызылып, саябақ жасалды.

Қарауыл ауылында екі көше жарықтандырылып, Саржал ауылында тұрмысы төмен отбасыларының үйіне демеушілікпен су құбыры тартылады.

Көкбай ауылында демеуші арқылы мектепке қажетті парталар жасалып, беріледі.

Сондай-ақ, бюджет қаржысы мен демеушілер арқылы біршама жұмыстар атқарылғанымен, ауданның қазіргі жағдайы алаңдатарлық дәрежеде.

Абай елі – қазақтың рухани Меккесі дейміз. Жидебайдағы Абай мұражайы мен Абай–Шәкәрім мемориалдық кешенінің қазіргі жағдайы еш сын көтермейді. 1995 жылғы Абайдың 150 жылдық мерейтойынан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүрмегендіктен мұражай да, кесене де тозып кеткен. Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата кесенелерімен салыстыруға мүлде келмейді.

Аудан орталығындағы әлеуметтік ғимараттар, тұрғын үйлер кеңестік кезеңде салынған. Қайта жанартылып, әрленбеген. Сырт келбеттері жұтаң. Аудан орталығында, ауылдарда қазіргі заман талабына сай салынған қонақ үйі, тойхана, ресторан, дәмханалар жоқ.


Халықтың негізгі күн көрісі – төрт түлік мал өнімі. Осы мал өнімдерін өндейтін шағын цехтар, кәсіпорындар қажет. Малдың терісі, жүні пайдаға аспай, өнделмей, шіріп жатыр.

590-ға жуық шаруа қожалықтары бар. Қожалық жетекшілерінің көбі Семейде тұратын кәсіпкерлер. Осы қожалық жетекшілері мәселеге мән беріп, аудан халқының табысты болуына, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп ойлаймыз.

Ардақты ағайын! Ауыл әкімдері, мекеме басшылары!

Өз мекемелерініздің ғимараттарын, тұрғын үйлеріңізді көркейтуге, абаттандыруға айрықша маңыз берулеріңіз қажет. Қай салада болмасын атқарылатын жұмыстарға тың серпіліс қажет.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» деген. Бар ауыртпалық ел азаматтарына түспей ме?!

Сіздерді осындай күрделі кезеңде аудан халқына демеу болып, ауыртпалықты бірге көтерісуге дайын, қиындыққа арқа тосар, нар тұлғалы, кең пейілді азаматтар деп білеміз.

«Қайда жүрсең, атамекен,

Көкейіңде жатады екен - деп, ақын жырлағандай, әрдайым жүректерініздің түкпірінде жататын, шет жүргенде сағынатын, тіпті түтініде ыстық болып көрінетін туған жерді көркейтуге, абаттандыруға, гүлдендіруге Шыңғыстаудың және барша еліміздің өздеріңіздей аяулы перзенттері патриоттық құлшыныспен үлес қосады деп сенемін.

Қашанда бірге болайық! Баршанызға мықты денсаулық, жанұялық бақыт, алдағы мақсатты істеріңізге табыс тілеймін.