girniy.ru 1




Аудан әкімі Б.Т.Жанақовтың

2012 жылы орындалған жұмыстар

және 2013 жылы атқарылатын істер жөнінде

аудан тұрғындары алдындағы есебінің ТЕЗИСТЕРІ

Есепті жылы аудан көлемінде 152,4 мың гектар жерге егістік егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда егістік көлемі 10,3 пайызға артты. Нөлдік технологияны пайдалану арқылы 8180 га жер өңделіп, 2011 жылмен салыстырғанда оның көлемі 34 %-ға өсті. Дәнді дақылдардың 1 гектарына орташа түсімділігі 10,0 центнерді құрады. Барлығы 33 940 тонна дәнді дақылдар, 22237,8 тонна майлы дақылдар, 57248,5 тонна картоп, 67355 тонна көкөніс және бақша өнімдері өндірілді. 227,9 тонна шөп дайындалды.

Есепті жылда мал шаруашылығы бойынша 15 306 тонна ет, 66 796 тонна сүт, 15 825,0 мың жұмыртқа өндіріліп, 510 тонна жүн қырқылды.

2011 жылмен салыстырғанда ірі қара малы 3,1 %-ға (оның ішінде аналық сиыр малы 2,3 %-ға), қой мен ешкі –1,9 %-ға, жылқы 3,4 %-ға, шошқа 0,8 %-ға және құстар 1,7 %-ға көбейді.

Мемлекет тарапынан ауданның мал шаруашылығы саласына тиісті жеңілдіктер көрсетіліп отыр. Сойып өткізген ет өнімдері үшін 28 млн 800 мың теңге, өткізілген биязы жүн үшін 1 млн 155 мың теңге, сүт үшін 1 млн.730 мың теңге аудан шаруа қожалықтарына төленіп берілді. Аусыл індетінен жойылған мал иелеріне республикалық бюджет есебінен 205 593,5 мың теңге өтемақы төленді.

Ауданда 29 мал соятын пункттер мен алаңдар, «Швабские колбаски» кәсіпорны және 15 мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Ірілендіру жұмыстарының нәтижесінде, шаруа қожалықтар саны 2578-ге азайып, 2386 қалды.

Өнеркәсіп. 2012 жылы аудан көлемінде 3 млрд 273 млн. 100 мың теңгенің өнеркәсіп өнімдері (жұмыстар, қызметтер) өндірілді. «Швабские колбаски» серіктестігі 276 тонна шұжық, «Мадина» ЖШС-і 50 мың тонна көмір, 246 тонна өсімдік майы, 2364 тонна ұн және 864 тонна нан және нан өнімдері өндірілді.


Инвестиция және құрылыс. Негізгі капиталға жұмсалатын инвестицияның көлемі 7 млрд 168 млн. 600 мың теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 491 млн 200 мың теңгеге көбейді.

Құрылыс жұмыстары 2011 жылы басталған апатты жағдайдағы 13 мектептің 5-і есепті жылы пайдалануға берілді. Қалған 8 мектептің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталуға тиіс.

Аудан орталығындағы су бұрқағы іске қосылып, балалардың суға түсетін бассейні бар 2-ші саябақтың құрылыс жұмыстары басталды.

Аудан орталығында тарихи өлкетану мұражайы күрделі жөндеуден өткізіліп, іске қосылды.

Үржар ауылындағы спорт модулінің құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, аудан тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. «Спутник» кинотеатры күрделі жөндеуден өткізіліп, онда олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі орналасты. Үржар және Мақаншы ауылдарында хоккей қораптары іске қосылды.

Жолдар. Жергілікті маңызы бар жолдарға 2012 жылы 190 400 мың теңге қаржы бөлініп, соның ішінде: қысқы күтіп ұстауға - 40 587 мың теңге және ағымды жөндеу жұмыстарына 149 813 мың теңге жұмсалды.

2012 жылы республикалық маңызы бар «Таскескен-Бақты» автомобиль жолына 1 720 100 мың теңге бөлініп, 15 шақырым автокөлік жолы қайта жаңғыртылып, 4 көпір жөндеуден өткізілді.

Облыстық маңызы бар «Мақаншы-Жалаңашкөл» автожолының 10-40 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 239,0 млн. теңге бөлініп, межеленген жұмыстар атқарылды.

Үржар ауылындағы 7 көшеге және Ақжар ауылындағы 1 көшеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2012 жылы Мақаншы, Қабанбай, Таскескен тірек ауылдарының көшелерін жөндеу, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 185 058 мың теңге бөлініп, Қабанбай ауылында 4 жоба, Мақаншы ауылында 6 жоба және Таскескен ауылы бойынша 4 жоба іске асты.

Кәсіпкерлік. Есепті жылы 14 сауда дүкені, 16 наубайхана, 16 дәріхана, 21 ветеринарлық аптека, 2 май тарту цехы, 8 халыққа қызмет көрсету орталығы жаңадан іске қосылды.


Ауылдық округтердің қатысуымен тұрақты түрде, әр жексенбі сайын 40 жәрмеңке өткізіліп, 63 242,3 мың теңгеге базар бағасынан 20-30 % төмен бағада ауылшаруашылық тауарлары саудаланды.

2012 жылы ауданға 1514 тонна әлеуметтік ұн әкелініп, оның 554 тоннасы наубайханаларға бөлінсе, 960 тоннасы сауда нүктелері арқылы 1 қабы 2750 теңгеден аудан тұрғындарына саудаланды.

Бюджет. 2012 жылдың қорытындысы бойынша бюджетінің ішкі табысының жоспары 106,3 %-ға орындалып, бюджеттің шығыс бөлігі 99,2 пайызға игерілді.

Білім беру. Ауданда 52 мектеп, «Үржар колледжі», 1 музыка, 1 спорт мектебі, балалар үйі, 19 балабақша жұмыс істейді. 52 мектепте 164 толық және қысқа күнді шағын орталықтар ұйымдастырылып оған 3571 бала қамтылды.

1290 бала мектеп бітіріп, оның 1260 оқушысы (98,7 %) ҰБТ-ға қатысты. Аудан бойынша 4 пәннен орта балл 52,7 құрады. Мектеп түлектерінің ішінен 6 оқушы «Алтын белгі» және 5 оқушы «Ерекше аттестат » иегері аталды.

4 821 бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтану, соның ішінде 20 грамм бал және 200 грамм сүт беру ұйымдастырылды.

Алакөл жағалауындағы «Үржарайым» демалыс балалар лагерінде, есепті жылы 2500 баланың демалуына тиісті жағдайлар жасалды, оның ішінде 1865 тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін демалды.

Мектептердің материалдық базасын нығайтуға 2012 жылы 85 млн 896 мың теңге қаржы бөлініп, 2011 жылмен салыстырғанда бөлінген қаржы 1,8 есеге көбейді.

2012 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 9 мектептің жылу қазандықтары және Үржар колледжінің жатаханасы жөндеуден өткізілді.

Денсаулық сақтау. Екі медициналық бірлестік құрамындағы ауданның емдеу мекемелерінде 133 дәрігер және 459 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді.

2012 жылы ауданның медициналық бірлестігіне 6 жас маман дәрігерлер жұмысқа қабылданды. Жас мамандарға «Дипломммен ауылға» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алуға 12 872 мың теңге көлемінде бюджеттік несиелер беріліп, тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді. Барлық жас мамандарға 792,8 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленді.


Облыстық бюджет есебінен 17,9 млн теңге қаржы бөлініп, Үржар аудандық орталық ауруханасының және Таскескен ауылдық ауруханасының жылу қазандықтары күрделі жөндеуден өткізілді.

Әлеуметтік сала, жұмыспен қамту. 2011 жылмен салыстырғанда 2012 жылы жұмыссыздардың саны 2,8 %-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 57,7 %-ға, және балалар жәрдемақысын алушылар саны 17,4 %-ға азайды. 521 адам жұмысқа орналастырылып, 603 адам төлемді қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұның барлығы аудан экономикасының әлеуметтік тұрғыдан дамуының және халықтың тұрмыс деңгейінің көтерілгенінің айғағы.

Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 149 адам қайта даярлау курстарынан өтті. Ауылды жерде кәсіпкерлікті дамыту үшін 48 адамның 19 жобасына 124,0 млн. теңге шағын несие беріліп, бөлінген несиеге 512 бас ірі қара, 1110 бас қой және 155 ара ұясы сатып алынды.

Мәдениет. 2012 жылы аудандағы мәдениет нысандарының материалдық техникалық базаларын нығайту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 25 орындық автобус, көркем сурет шеберханасына арналған ғимарат және жеке меншік иесінен Сегізбай ауылындағы бұрынғы клуб ғимараты сатып алынып, заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізілуде.

Спорт. Ауданда денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында 80-нен астам ірі жарыстар мен турнирлер өткізілді. Аудан әкімінің жүлдесі үшін спорттың 20 түрінен V-ші аудандық, халықтық спорт ойындарынан спартакиада ұйымдастырылды.

Құқық бұзушылық. Есептік кезеңде Үржар ауданының аумағында 360 жалпы қылмыстық іс тіркеліп, 2011 жылмен салыстырғанда 22 қылмысқа көбейді. Тіркелген қылмыстардың 58,3 пайызы ашылып, 2011 жылмен салыстырғанда қылмыстардың ашылуы 5,8 пайызға төмендеді.

Көші-қон және демографиялық жағдай. Есепті жылы 1396 сәби дүниеге келіп, 761 адам қайтыс болды, Нәтижесінде табиғи өсімі 635 адам құрады.

Есептік жылы ауданнан 2298 адам көшіп кетіп, 811 адам көшіп келген. Көші-қон есебінен аудан тұрғындары 1487 адамға азайды.


2013 жылға межеленген жұмыстар. 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім беру бағдарламасына көшуге сәйкес, Үржар ауылындағы 320 орындық мектеп және 140 орындық бала-бақша құрылыстарын бастау үшін республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді.

Бестерек, Барқытбел, Көктерек, Қарабұта ауылдарында дәрігерлік амбулатория ғимараттарының және Үржар ауылында тұрмыстық қатты қалдықтар жинау полигонының құрылыс жұмыстарын бастауға бюджеттен тиісті қаржы қарастырылды.

Алтыншоқы ауылындағы 2 кезектегі су құбырын жаңғырту жұмыстарын бастау үшін республикалық және облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді.

«Өңірді дамыту» бағдарламасы шеңберінде, білім нысандарын ағымды жөндеу және ауылдық елді мекендердің көшелерін жөндеу және жарықтандыру жұмыстарына республикалық бюджеті есебінен 68,4 млн. теңге бөлінді.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының 4 бағыты бойынша 2013 жылы тірек ауылдарының әлеуметтік-мәдени нысандарын жөндеуге республикалық бюджет есебінен 170,6 млн. теңге (2011 жылмен салыстырғанда өсуі 2,9 есе) қаржы қарастырылды.

«Қолжетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, 2 пәтерлі 12 тұрғын үй құрылысының жұмыс жобасы дайындалып, тиісті құзырлы мекемелердің келісімдерін алып, мемлекеттік сараптамалардан өткізілді.

Қаратұма ауылында дәрігерлік амбулатория мен әкімдік ғимараты, Бақты ауылында 320 орындық, Қызыл Ту және Барқытбел ауылдарында 130 орындық, Сегізбай ауылында 80 орындық мектеп құрылысы мен Мақаншы ауылында 140 орындық бала бақша құрылысын бастау үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалу үстінде.

2013 жылы республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп, Қабанбай ауылдық округіне қарасты Алакөл көлі жағалауын бекіту жұмыстары жалғастырылатын болады.

Есепті жылы орындалған жұмыстар мен қатар, алда атқарар істер өте ауқымды. Алдымызда тұрған міндет - ауданның әлеуметтік экономикалық даму бағдарламасы шеңберінде межеленген көрсеткіштерді орындау, бюджет қаражатын тиімді пайдалана отырып, бірінші кезекте орындалатын жұмыстарға бағыттау арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын толықтай қамтамасыз ету. Осы бағытта алдымызға қойылған міндеттер мен, межеленген жоспарлар орындалады деп сеніммен айта аламын.


Үржар ауданының әкімі Б.Жанақов