girniy.ru 1


«ҒЫЛЫМ ӘЛЕМІН АШАМЫЗ» VII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫ


07.04.2011

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ Б.Т. ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ «ҒЫЛЫМ ӘЛЕМІН АШАМЫЗ» VII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ АШЫЛУЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ. АСТАНА Қ., НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТ, 2011 ЖЫЛҒЫ 7-8 СӘУІР

Б.Т. Жұмағұлов
ҚР Білім және ғылым министрі
 «Ғылым әлемін ашамыз» VII Халықаралық оқушылар
 конференциясының ашылуында сөйлеген сөзі.
 Астана қ., Назарбаев Университет, 2011 жылғы 7-8 сәуір

     Құрметті конференцияға қатысушылар!

Бүкіл әлемнің назары Қазақстанға ауған тағы бір тарихи сәт – 3 сәуірде Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы өтті.

Халықтың мақсат-мүддесі бір жерден шығып, еліміз ертеңі үшін тамаша таңдау жасады.

Елбасымыздың жеңісі – бірлігіміздің, болшағымыздың жеңісі!

Баршамыздың ұлы жеңісіміз құтты болсын!

Бүгін сіздермен Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы аясында және адамның ғарышқа алғаш қадам басуының 50 жылдығы қарсаңында кездесіп отырғаныма қуаныштымын.

Адамзат баласы үшінші мыңжылдыққа аяқ басты.

Бұл – ғарыш кеңістігін, жер қойнауын терең зерттеп, озық ғылыми жетістіктерді адамзат өз игілігіне пайдаланып отырған кезең.

Елімізде экономиканың қай саласы болмасын, күрделі мәселелерді шешуде ғарыштық қызметтің маңызы зор.

Өздеріңізге белгілі, жаhандық мәселелер, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бәрі де ғарыштық құралдарды қолдану арқылы шешілуде.

Қазіргі уақытта ғарыш саласы адамзат алдындағы ең басты әрі ғылыми зерттеулерді көп қажет ететін салаға айналған.

Әлемдегі ғылымның өркендеуі ғарыш саласына жаңа міндеттер қойып, мүлде басқаша тәсілдерді талап етуде.

Бүгінгі күні космос әлеміне терең бойлап, қыр-сырын меңгеру үшін ғарыштық технологиялар, астрофизика, Космос және Жер туралы ғылым саласындағы зерттеулерге өздеріндей жас зерттеушілерді тарту – басты мақсатымыздың бірі.


Құрметті жас ғалым-ізденушілер!

Осы конференция жұмысы ғылым саласындағы зерттеулеріңізге ерекше серпін береді деген сенімдеміз.

Бүгінгі ғылыми бас қосу – білімдеріңізді одна әрі тереңдете түсіп, таланттарыңызды әр қырынан ашады деп білемін.

Біз, өз тарапымыздан жас таланттардың әрбір жаңа бастамасы мен ұшқыр ойларына, ғылыми зерттеулеріне барынша қолдау көрсететін боламыз.

Қымбатты жеткіншектер, отандық ғылымның болашағы – Сіздердің қолдарыңызда.

Ғылым жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!